БЕЛГІЛІ ТҰЛҒАЛАР: ТҰНҒАН СЫР

  • 02.10.2019
  • 148 рет оқылды
  • 0

Құлтөлеу МҰҚАШ,

жазушы

Заңғар суреткер Ғабит Мүсірепов жазбалары

Нақтырақ айтқанда, Ғабеңнің қойын дәптерлеріне түскен кейбір інжу-маржан ойлары төңірегінде сөз қозғамақпыз. Өзі, осынау құсни-хаттарды оқи отырып, бір сәт таңғажайып тылсым дүниеге кезіккендей, жазушының жұмбақ жан қалтарыстарына бойлай түскендей күй кешесіз.
«Тылсым дүние, жұмбақ жан қалтарысы» демекші, Мүсіреповтің жазу машығы немесе оның шығармашылық лабораториясы өзіндік бір жатқан құпия әлемдей елестейтіні де рас. Мәселен, Ғабит ағаның ғұмыр бойы қарындашпен жазғаны белгілі. Жазуға кірісерде оның бір будасын күнібұрын ұштап, алдын ала қағазы мен өшіргішін сайлап алатынын өзі де кейбір сұхбатта арагідік айтқан. Қарындаштарын даярлау үстінде ақ параққа мөлдірете түсіретін ойларын да қоса ұштап отыратынын жеткізген. Алайда бұдан әрірекке баспай, жазу зертханасын толықтай аша да қоймаған адам.
Орайы келгенде айта кетейік, Ғабеңмен жақынырақ араласқан кісілердің айтуынша, суреткер көбіне темекісін тартып, үстелді айналып, түрегеліп жүріп жазған. Ортада жататын парақтарға қоса тілдей қылып кесіп бір буда қағаз дайындап алады. Ойға оралған сөйлемдерді, негізінен, соған түсіреді де, онысын үстел үстіндегі әлгі параққа желімдей бастайды. Былайша айтқанда кәдімгіше «монтаждайды».

Бұ кісінің сөз саптауға, сөйлем құрылымына аса жіті қараған, өте талғампаз шебер екені мәлім. Мысалы, жазушы: «Сөйлем сөзден құралады. Сөйлемнің құрамына кіретін әрбір сөздің өзі тұлғалы болуы керек. Сонда, сөйлем тартымды болып шығады. Көркем әдебиетте сөз тұлғалы болуымен бірге теңемелі, бейнелеулі болсын. Әр сөз тұлғалы, әрі бейнелі болса, көркемдік содан туады» деген. Қысқасы, осыншалықты сұлу сөйлемдер әбден желімделіп біткен кезде олақ сойған малдың терісіндей алба-жұлба бірдеңе болып шығады. Одан мұндағы арабша харіппен, яғни төте жазумен түсірілген жазу әдеміленіп қайта көшіріледі. Бұл жазба машинкаға тапсырылады. Ал, қасапқа түскен мал терісіне ұқсайтын манағы «шоқпытты» Ғабең күресінге апарып өз қолымен өртейді. Әбден жанып біткенше қадалып қарап тұрады.
Ғабит аға өмірінің соңына қарай қарындашпен тақтайдай тегіс тасқа жазатын болған. Бұл да өшіріп жазуға ыңғайлы. Ол табақтай «үстел» тас қазір Ғабит Мүсіреповтің мемориалдық мұражай үйінде тұр. 1996 жылы ақын, зерттеуші Сәрсенбі Дәуітов «Жалын» баспасынан Ғабит Мүсіреповтің өмір туралы, адамның болмыс-қасиеті туралы, қазақ халқы туралы, қазақтың ұлттық қадір-қасиеті туралы, тарих, әдебиет туралы, өзі жөнінде, өзінің өмірге құштарлығы, әйелге деген махаббаты жайында жазылған толғаныстары мен хаттары қамтылған «Ой-сезім сәттері» аталатын жинақ құрастырып шығарды. Таралымы екі мың дана. Біз де осынау дүние мен мұражай үйінде сақталған жазушының маржан ойларын үзіп-жұлып алып, оқырман олжасына айналдыруға талаптанамыз. Бұлардың ұрпаққа ғибрат боларлықтай шын мәніндегі халық қазынасы екені де анық.
Сонымен, Ғабең қойын дәптерінен алынған ой-үзіктері бүй дейді:

ЕСКІ ДӘПТЕРІМНЕН

…Бір қазақ ең кемі екі ақыл айтып кетеді. Өз қарабасы сол екі ақылдың біреуін орындап жүрген болса әлдеқашан адам болып кетер еді.
***
­– «Ұлпан» не жайындағы повесть? – деп сұрады Снегин.
– «Ұлпан» менің монологым, – дедім оған.
– «Ұлпанның» идеялық тақы-рыбы неде? – деп сұрады менің зерттеушілерімнің бірі.
– Адамның жаны мен жүрегінің ізгілігінде, – дедім мен. Екеуі де түсіне алмады-ау деймін. Өйткені, әлі ешнәрсе жазған жоқ.
***
Қазақ деген ел – бостандық, азаттықты сүйетін, даланы, таза ауаны, таза суды, таза көгалды сүйетін халық. Бұл кезінде ол бұзылмаған ел, бұзыла білмейтін ел емес, бір бұзылса, аяқ-қолын жинай алмай кетуі мүмкін.
Сонша кең дүниеде жүріп, сонша тазалық дүниесінде жүріп ол елдің жан-жүрегі таза болмаса, таңдануға болар еді. Жоқ, ол кезде ол асқан ақ көңіл, мырза, сенгіш ел.
Отаршыл төрелер үркіте келгенде қазақ қандай айла етерін біле алмай абыржып қалады да, барлық адамгершілік табиғатынан жаңылады.
***
Адам баласы бірдемеге сенбей, арқа сүйемей тұра алмайды. Сол сенімнің аты – Дін. Ең арғысы саяси сенім дегеніміздің өзі халықтың басым көпшілігі үшін дін. Қадір-қасиет жағынан қарағанда діннен төменірек, сенімділігі болса, табанды-тұрақты емес нәрсе.
Менің атам Кежімбай Мүсіреп баласы бес уақыт намазды қалдырмай оқиды. Отырып-тұруын, оқитын дұғаларының бірін қалдырмай оқиды. Мен молдадан үш жыл оқығаннан кейін атамның оқитын дұғаларын тексерсем, бір дұға білмейді екен. Жығылып-тұрудың бес уақыт намазда қанша екенін біледі, неше рет қол жайып, иек сипағанды біледі. Бірақ, бір дұға түгіл, бір ауыз арабша сөз білмейді.
Дегенмен, атам намаз оқығанда мен атамның түсіне ылғи қарайтын әдетім болды. Намаз үстінде атам керемет ажарланып кетеді. Атамның мұндай ажарлы, мұндай мейірімді, мұндай таза кескінін мен күнделікті бір көрген емеспін. Ол Құдайға шын жалынып тұр. Күнделікті қандай күнә жасап алғанын мойнына алып, енді кешірім сұрайды. Соған бет алғанда-ақ ол тазаланып, ажарланып кетеді.
***
Абайдың философиялық ойларының ең тереңі, әрі философияға қосқан жаңалығы мынау екі жолда болу керек:
Кірленген көңіл өз ішін,
Тұра алмас әсте жуынбай.
Саналы адам біреуге жәбір-жапа көрсетіп, өз көңіліне өзі дақ салған болса, ол сол дақты жақсылық істеу арқылы кешірмей тыншыға алмайды, көңілі дауаланбайды дейді.
Абай тұсындағы қазақ істеген жәбіріне арқаланбаса, қайғырған емес қой. Абайға дейінгі қазақ одан әрі есіре берген. Абайдан бергі қазақ олардан да әрі кетер ме екен, қайтер екен?
Әрбір үлкенді-кішілі өзгеріс-құбылыстың сырт көрінісі бар, ішкі сыры бар.
Ешбір құбылысты көзіңмен түгел көре алмайсың! Оның мәні сырт көрінісінде емес, екінші оның өзі өзгеріс – құбылыс болғандықтан ол бір ғана хал емес, аз мерзімдегі көп өзгеріс. Оның басталуы мен аяқталуының арасында әлденеше түрлі хал бар.
Ойға алмақ түсетіні де осыдан. Көзің көргенді ойың ғана түгел таниды.
Жаны аласаны үлкейткенмен ол өспейді.
***
Кеңес Үкіметі орнағаннан кейін ел зиялыларының бірі Большевиктер партиясын қолдап, екіншілері Алашордашылар жағына шығып, қақ жарылғаны белгілі. Екі жақтың да көксегені халық мүддесі болатын. Бірақ, сұмдық болғанда қызыл империя жендеттері сонау 1937 жыл қарсаңында басталған нәубетте екі жақтың да сорпа бетіне шығар көптеген арыстарын баудай түсіріп, қырып жіберді. Қандас бауырды «Өкпеге қиса да, өлімге қимаған» демекші, осынау қарсыластардың идеялық жағынан қаншалықты дұшпан болғанымен, жеме-жемге келгенде бір-бірін ажалға қимағаны аңғарылады. Айталық, басын қатерге тіге отырып: «Бейімбет жау болса, мен де жаумын!» қасқайып шығатын Ғабит Мүсіреповтің қойын дәптеріне түскен Мағжан Жұмабаев туралы ойлары осы сөзіміздің бір дәлеліндей.
Ғабең кезінде Мағжан ақынның тағдыры туралы толғана келіп былай депті:
1. Заман алдында ақын тұр, ақын алдында заманы тұр.
Ақынын түсінбесе заманға сын, заманын түсінбесе ақынға сын.
Бірін-бірі түсіне алмаса, екеуіне де айтарым жоқ.
2. Трагедиялық кризис тұсына кездессе, қоғамдық белгілі жағдайда қалыптасқан сана-сезімнің ақыны көпке дейін көндіге алмауы, қарсылық білдіруі мүмкін.
Бұл мінез ақынды ақтамайды да, қараламайды да, тек түсіндіреді.
***
Ақын-жазушыларын жазалап, соттап, айдатып, атқызып жіберетін өкіметі болған елдің маңдайындағы соры бес елі ғой. Ақын-жазушыларын жәбірлеген өкімет адамдары ше? Әне, халқының жауы солар, солар, солар! Халқының жүрек отын сөндіріп, ой жарығын өшіріп тастаған хайуандарға рақым болмау керек.
***
Талай тағдырды тәлкекке салуымен бірге тұтастай халықтың тыныс-тіршілігіне де кері ықпалын тигізген заманалардың сұрапыл кезеңдері туралы осылайша ой толғап өткен суреткер енді бір сәт жүрдек қалам қуатын әдетінше елдің өнері мен әдебиетіне қатысты философиялық тұжырымдарына бағыттайды. Мысалы:
Қай халықтың болса да мәдениет, көркем сөз, көркем өнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге жүз талант көптік етпейді, он талант аздық етпейді.
***
Дауылда… желде орманның жайқалу теңселуі тұтасқан бір ырғағын таппаса көп құлайды. Дұрысы – бірге бір ырғақ тапқанша көбірек құлайды. Үй ішінің демалыс-тынысы да осы қатарға жатады. Үй тірлігінің бір ырғағы табылмаса, керексіз кикілжің көбейе беріп, аяғында апатқа дейін апарады.
Әр түрлі ызыңдар да, қозғалыстар да солай. Ырғағы, үндестігі, бояулары келіспеген істің бәрі де берекесіз болады.
***
Әйелің серігім деуге жарамаса, тек қана балаларың болғандықтан, сол байланысқа ілігіп, сонымен-ақ тең жардың орнында болғысы келсе, бұдан асқан қасірет қайсы?
***
Адам деген бір ғана мінез, бір ғана бағыт, бір ғана қасиет емес. Ол – қатал, ол – мейірімді, ол айбынды, ол көркем, ол – суық. Яғни барлық адам баласында бар ерекшеліктер бір адамның басынан да табыла береді.
Сондықтан, бір адам туралы екі адамның ойы бір жерден шықпайды. Екеуі бір адамның екі кезеңіне кездескен. Көбінесе осылай, адамның бір мінезінің өзі әр көргенінде бір реңде бола бермейді.
Бір суға екі рет шомылуға болмайды дегендей, адамның басты мінезінің өзі де бір қалыпта ғана көрінбейді.
***
Кейбір ақылды деген адамдар орны жоғары болса да өзінен төмен адамдарға еліктейтіні болады. Атқа отырысынан бастап, насыбай атысына дейін.
***
Жер – ата-бабаңның еңбегі сіңген жер. Өмірлік тәжірибемен қалдырған жер. Қысы мен жазы, жазғытұрым, күзі қалай өтетіні таныс жер. Панасы қандай, бары не, жоғы не – белгілі жер. Туған жер! Күлі таныс, желі таныс, суығы таныс жер. Еліңнің қуаныш-қайғысына ортақ жер!
***
Болған мен боладының арасы жақын ба, болды мен боладының арасы жақын ба? Талапсыз үміт – бос үміт, талантсыз өнер – бос өнер.
***
Адамға ақша әбден байығанда көбірек керек болады.
Жұмсауыңа ақшаның аз кететіні де осы кез.
***
Шығыс өмірі – ұзақ өмір! Бірақ әртүрлі кезеңдері әр түрлі өтеді. Жастық шағы тез өтеді, кәрілік дәуірі тым ұзақ. Тезбе-тез қартайып алады да, жасай береді. Даналығы да, кертартпалығы да осында. Кәрі адам ендігі жастар қатарына кіре алмайды да, баяғыны көксейді. Көпті көрген дана болады. Қартайып кетсе бала болады.
***
Таң атса ұсақ жұлдыздар азайып, өңкей ірілері ғана қалғандай болады. Осы кезде көл жағасында болсаң аспанда қалған баданадай-баданадай жұлдыздар жаңа ғана көлге шомылып шыққандай тым хош, таза, көңілді, үлкенірек сезіледі.
Көлге қарасаң, әлі бірталай жұлдыз суда шомылып жатқандай көрінеді.
***
Қазақ ойы, қазақ ақылы, қазақ сезімі, қысқарақ айтқанда, туған еліміздің сана-сезімі топас емес, тотыққан деуге келіңкірейді. Тіршілік жағдайы оңынан келіп қалғанда Абай, Сүйінбай, Ыбырай, Шоқан, Жамбыл, Құрманғазы, Дина сияқты ой-сезім даналары топас ойлы елден шықпаса керек!
Бірқалыпты жағдайда өткен ұзақ ғасырларда ізденіс, жаңа бірдеңеге ұшырасып сергу, қызыну болмаған соң, енжар тартпасқа амал жоқ.
Ой да бара-бара жалқауланбақ, енжарланбақ. Сезім де сол. Қайралған қылыш көп ұсталғаннан кейін топас болып қалады. Қайрасаң қайтадан өткір болмай ма?! Сол қайрау ғасырлар бойында болмаған күнде ол топырыш саналады. Адам баласы адам болғаннан бастап ұжмақта тұра берсе дүниедегі ең топас хайуан сол болар еді.
***
Туған елімді, туған жерімді жамандай алмаймын, бірақ жаным ашығандықтан ашынған сөз ауызға түседі.
***
Жұртқа жұмыс істеуді үйретуден гөрі, жұмыс істеуіне бөгет жасамауды үйрену керек.
***
Баяғыны көксей берген елде бүгінгі өмірге үйлесе алмаушылық болады. Баяғының құрметтісін құрметтей білмеген елде болашақ та жоқ.
Көксеу мен құрмет – екі текті түсінік.
***
Бақыт, Қуаныш дегендердің жыртық-тесіктісі, қолға тұрмас жылжымалысы болады. Әсіресе, бақытым деп, қуанышым деп қолдан жасап алған бірдеңеге далаңдасаң опық жейсің, өкініші қалмайды.
***
Шерхан Мұртаза Ғабеңе қатысты айтылған бір сөзінде: «Әйелге деген… Әрине, сүйген әйелге деген құштарлық сезім әркімге Ғабеңдегідей бұйырса, дүн-дүние ғажайып сиқырлы әуенге бөленіп тұрар еді. Амал не, жұрттың бәріне ондай ұлы сезім бұйыра бермеген. Дүние сондықтан да, көбінесе жабырқау» деген екен. Айтса айтқандай-ақ, расында да, сұлулыққа құштар суреткер Ғабит аға нені жазса да іске соншама ыстық жүрекпен, зор сүйіспеншілікпен кірісетін сияқтанады. Кейде Мүсірепов шығармаларының нағыз ісмер қылқалам шеберінің қолынан шыққан туындыдай мөлдіреп тұруының бір сыры осында ма деген де ой келеді. Тіпті, оның әдебиетке қатысты қарапайым ой тіркестерінен де осы қасиеті айқын көрінеді.
Ендеше қойын дәптердегі жазбаларға кезек берейік.

Кейбір ойлар
Ай мен Күн айқайламай-ақ шығады ғой.
***
Құс жоғары ұшқанмен, ойы жоғары емес, әрине.
***
Құранды кім жазса да ақын жазғанға ұқсайды. Өйткені, оның ішіндегі терең философиялық ой, құдіретті саз, ғажап ұйқастар осының дәлелі болмақ.
Сын туралы
Табысқа қуанып, кемдікке ренжіп отырар болса!
Шығарма сыры
Шығарма тек қана мазмұн, тек қана түр емес, ол мазмұн астары. Ол түр астары, теңеу астары. Яғни, астарлы ой, астарлы бояулар, әндер, суреттер, дыбыстар, сыбырлар. Шығарма сыншылар үшін жазылмайды, кітап оқушылар үшін жазылады. Мазмұн неғұрлым эмоция арқылы берілсе, кітап соғұрлым бағалы. Тура айтылған мазмұн қанша салмақты болса да, көркемдік берілмесе, ол шығарма – өтірік, әдебиетке қосылмайды.
Көркем шығармада желі бар, қазық бар, түйін бар, төбе бар, ойпат бар, тағысын тағылар. Желінің қазықтары, желі өн бойына тұп-тура болмай, жоғары-төмен, оңға-соңға бұрылып отырады. Қазықтар жерге қағылады, яғни желі керекті бір түйінге соға қайтады. Шығарма ауырту керек, емдеу керек, қуанту керек, ренжіту керек, шығарманың бояулары ақ пен қара ғана емес, қызылы да, көгі де, сарысы да бар. Көкарай кемпірқосағын осылай атау керек.
Стиль – жанды сөздердің логикалық құрамы. Бұған ой да кіреді, үн де кіреді, ритм де кіреді, идеяңның тұспалдамасы да кіреді, теңеу де кіреді, дыбыс ырғағы да кіреді, тағы басқалары.
Бес кітап шығарғанымен авторы жазушы болмауы мүмкін, әр түрлі атақ берілгенмен артист те бола алмайсың. Ленин сыйлығын алғанымен жазушы емес адамдар аз емес (Олар Леонид Ильич Брежневтен басталады).
***
Тым жарқырақ өмірсіз нәрсе. Найзағайдан асар жарқыл бар ма, бірақ ондағы өмір қайсы? Атақ та сол.
***
Көркем әдебиет деген – ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдіреті болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ. Көркем сөздің сұлулығы сағымдай құлпырмасын, өзендей толқысын!..
***
Алданбайық, жазылған түгіл басылғаның бәрі де әдебиет емес, барлық дөңгелек тұяқты жүйрік болмайтыны сияқты.
***
Тақырып кейде таудан құлардай, кейде өрге ұшырардай ойлантады. Енді бір тақырыптар жорғалауды, аяңдауды, жортақылануды керек етеді.
Жазушының өзін табуы осы жүрістің сырын табуда сияқты.
***
Жазушы жақсы дүние жасауы керек. Әділет, көркемдік, ой, сезім дүниесі.
***
Жерге себілгеннің бәрі өсіп шыға бермейді, ойға сепкенің өспей қалмайды.
Себу ғана, егу ғана арман емес, еге білу арман.
***
Өлең өндірісін қойып, шын мағынасында поэзия жазар едім.
***
Сезім ойдан бұрын туады, әрине. Сондықтан, сезімі күшті елдерде ой да терең бола беруі қатар түсе алмайды. Біздің елдің сезімін берудің орнына ойын терең береміз деп бүлдіріп алып жүрмелік. Әдебиет өзі де сезімнің саласымен келуі керек қой.
***
Ұмытшақтық молайып келеді. Кейде тіпті ұмытпасты ұмытасың. Таңертеңгіні кешке дейін ұмытып кетесің.
Жалғыз ұмытпасың жазу-сызу айналасында. Бір қызығы, кейбір ұмытқандарың жазу үстінде әлденелерге жаңғырығып келіп, қайта есіңе түседі. Тегінде, әр өнердің, әр кәсіптің өз «жаңғырығы» бар сияқты. Сондықтан, нағыз қартайған адамдар да өз кәсібін ұмытпауға тиіс, яғни, өз «шеберлігі» қолы қалтырағанша сақталатын болар?!
Сонда да кейбір керекті нәрселер, ойға келгендер ұмытылмас үшін анда-санда қағазға түсіріп қоюды дұрыс көрдім.
Қаңтар, 1970 жыл.
***
Жазушы дүниежүзілік шекарада, жалпы адам баласына ортақ армандардың шегінде болуы керек!
***
– Сәкеңнің балалары, Кәкеңнің балалары әкелерінің жазғандарын қазақша оқи ала ма?
– Жоқ, жоқ, жоқ!
***
Ойлап отырғаны басқа, айтқаны одан басқа, сөзі бір басқа, ісі бір басқа адам болады. Жазушы мінездің осы жағын терең ұғынуы керек, көрсете білуі керек!
***
Елің үшін мақтан, елің үшін қайғыр. Елің бес жылда емес, бір жылдың ішінде шаруашылық жағынан бұрынғы ондаған жылдардың бағдарында өседі. Адам да солай өседі. Әдебиет бұлай өсе алмайды. Дегенмен, оқушының өсуін еске алмаған жазушы амалсыз кейіндеп қала береді.
***
1. Еңбек пен талантты қарсы қойып сорлап жүрміз.
2. Талапты талант деп сорлап жүрміз.
3. Шын талант шын еңбексіз отыра алмайды.
***
Уақыт әлдененің ескіргенін, әлдененің піскенін айта отырады.
Ұтылыс ескіргенді ескірмеді деуде, туарды тумайды деуде. Ал, туғанды туған жоқ десең бітті халің!
Мәдениет бірыңғай емес, әр бояулы болу керек.
***
Әңгіме шіркін қыстыгүні оқысаң жылытқандай етпесе, жаздыгүні оқысаң самалдай тимесе, жаяу келе жатсаң қанат бермесе, жылап отырсаң күлдірмесе, есерленіп отырсаң, есіңді жидырмаса жазып керегі жоқ.
Сөнген үміт оянсын, әлсіреген адамға күш бітсін. Әңгіме сонда ғана әңгіме. Сен айтқан ой оқушыны әр түрлі жайда кездестіреді. Оқушы деген бүгінгі де адам, ертеңгі де адам.
Тарихты жасау дәуірі бар, жазу дәуірі бар. Жасаушы қателесіп, жазушы түзеймін деп әуреленбесе керек!

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.