ДЕНСАУЛЫҚ МӘДЕНИЕТІ

  • 29.09.2019
  • 65 рет оқылды
  • 0

«Жас-Ай» Халықаралық медицина орталығының бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, академик Жасан Зекейұлымен сұхбат

– Мархабатты Жасан Зекейұлы мырза! Көзі ашық, сауаты бар жұрттың бірқатары денсаулық мәдениетін қалыптастыруға келгенде немқұрайдылық танытады. Бұл құбылыстың себептері қандай екен? Сізден осы туралы көзқарасыңызды елімізге мәшһүр медицина маманы ретінде білсек.
– Денсаулық сақтау мәдениетін қалыптастыруға келгенде немкеттілік танытатыны рас. Адам психологиялық тұрғыдан оған зер салсақ, қарама-қайшылықтан тұрады емес пе. Бейнелеп айтсақ, адам организмінде жақсылыққа ыңғайлап ұмтылдыратын жасушалар болады, ізгі ниеттің жүзеге асырылуына дем беретін періштелер болады. Енді, осы организмде періште амалдарын жоққа шығаратын, адамды азғындыққа итермелейтін ібілістің болатынына таң қалмаңыз. Біразымыз жанымызды (өзімізді өзіміз) «азапқа» салып, қинағанды қалаймыз, қайта жайма-шуақ жағдайда, тамаққа тойып алып, рахатқа батып, жата бергенді ұнатамыз.
– Денсаулық бар. Еш жерім ауырмайды. Сондықтан, амандық, саулық туралы сөз қозғаудың қанша қажеті бар, – деп жүре береміз. Осындайлар аз ба, көп пе білмедім. Әйтеуір, бұлар бар ғой, өкінішке қарай. Барды бағалап, жоқты бар қылатын біздегі пейіл қытымыр, сараңдау.
Дәрігерлік қызметімнің бір парасы – іс-сапар. Лондон, Люцерн (Швейцария), Токио, Пекин, Тянцзин, Куала-Лумпур қалаларына дәрігерлік ресми іс-сапармен барып тұрамын. Аталған дамыған елдерде денсаулыққа айрықша мән, маңыз беріледі. Шетелдіктер негізінен өз бойынан бір кішкене кінарат табылса, ұзын-ырғасы таңнан кешке дейін созылған кезекке тұрып, үлкен бір мықты маманға баруға ынталы. Мына тәмсілді білетін боларсыз: қытайлар ауруға 3 күн қалғанда дәрігер қабылдауына келеді, ал, қазақтар өлуге бір күн қалғанда ғана дәрігерге жүгінеді. Осы әдеттен арылуымыз керек. Денсаулықтың қандай маңызды құндылық екенін мойындаған сәттен бастап денсаулық мәдениетін қалыптастыруға арналған нақты шаралар да басталады. Әрқайсысымыз бұған әрине атсалысуға тиістіміз.
– Қазір АҚШ, Еуропадағы медицина мамандары тек дәстүрлі медицина ауруларды емдейтін амалдарымен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар комплементарлық медицинаның науқастарды сауықтыру тәсілдеріне ден қойып жүргендерінен хабардармыз. Комплементарлық медицина дәстүрлі медицинаға қарағанда қандай ерекшеліктерімен науқастардың сеніміне ие болып жүр?
– Комплементарлық медицина науқастар сеніміне ие болып жүруінің себептері мыналар болар. Аурулардың 70-80% ота жасатуға пейілді емес. Оларды түсінуге болады. Ота дегеніміз – кесіп, алып тастау. Мұндағы басты құрал – пышақ. Алынып тасталған органның қызметін басқа орган орындай алмайды. Бұл бір. Енді, заманауи медицина ішуге, қолдануға ұсынған дәрі-дәрмек өзіңіз шағымданған орган ауруын жазып береді, күмәнданбаңыз. Есесіне басқа бір орган ауруын (жоқ «дүниені») бар қылып, өзіңізге сыйлап береді. Осылайша, бір ауру екінші аурумен алмастырылды. Оған дәрігер кінәлі емес. Кінәлі не? Химиялық жолмен әзірленген, кері әсері бар дәрі-дәрмек.
Комплементарлық медицинаға қандай ем түрлері жатады. Ол – ине терапиясы, емдік қасиеті бар, кері әсері жоқ шөп, фитобөшкедегі бу, отпен оңалту, шөппен қыздыру, нүктелі уқалау (массаж), денені табиғи таспен қыздыру, жыланның уы және 80 түрлі емдік шөптер негізіндегі май жағу, қан алу, табиғат аясындағы сейіл, серуен. Осы емдеу түрлерінің қай-қайсысы да адам денесіндегі табиғи энергия көздерін ашады, организмге еш залал келтірмейді, кері әсері мүлдем жоқ. Алынатын ем түрлері қолжетімді. Мұндай ем шараларымен Сізге қызмет етіп, жәрдемін беретін мамандар бұл салада ұзақ мерзім бойы міндеттерін абыройлы атқарып жүр. Ешкімге кесел келтірген жоқ. Осыдан барып бұларға емделуші жұрт сенеді.
– Өзіңіз басшылық етіп отырған «Жас-Ай» медицина орталығы негізінен дәстүрлі тәсілдермен, акупунктура, алтын инемен ауруларды емдейтін Орталық емес пе? Осы Орталық туралы қысқаша мағлұмат берсеңіз.
– «Жас-Ай» медицина орталығы 2004 жылы өз жұмысын бастады. Содан бері көптеген науқасқа тегін ем көрсетілді, сал ауруына шалдыққан балаларды, инсультпен ауырған, науқас бел-омыртқа ауруымен ауырғандарды аяқтарынан тік тұрғызды.
Орталық мынадай аурулар түрін емдейді: 1. Жүйке жүйесінің ауруларын; 2. Жүрек-қан тамыр ауруларын; 3. Асқазан-ішек ауруларын; 4. Несеп-жыныс жүйесінің ауруларын; 5. Гинекологиялық ауруларын; 6. Буын ауруларын; 7. Тыныс алу жүйесінің ауруларын; 8. Тері ауруларын; 9. Эндокриндік ауруларды; 10. Көз ауруларын.
Сонымен қатар темекі тарту, ішімдікке салыну, есту қабілетінің төмендеуі, отадан кейінгі хирургиялық асқынулар.
2016 жылы Еуропа медициналық қауымдастығының (Брюссель, Бельгия) және ОКСФОРД Академиялық Одағының (Лондон, Ұлыбритания) шешімімен «Жас-Ай» медицина орталығы Халықаралық үздік клиника атағына ие болды. «Жас-Ай» медицина орталығы өз бөлімшелерін Астанада, 2016ж., Шымкентте 2018ж. ашты. Бұл филиалдар өз міндеттерін абыройлы атқарып келе жатыр.
Ауруларды сауықтыру үрдісінде мынадай ем түрлері қолданылады: 1. Ине салу; 2. Пульт қою; 3. Банкі қою (Хассы); 4. Шөппен қыздыру; 5. Денені табиғи таспен қыздыру (Каудиян); 6. Аяқ массажының аппараттары (Зывишин); 7. 80 түрлі емдік шөптері бар, жылан уы бар май жағу терапиясы; 8. Отпен оңалту; 9. Емдік қасиеттері бар шөптерден әзірленген дәрі-дәрмектерді қолдану; 10. Омыртқа, мойын, бел созу аппараты (Аппарат ТМ-400); 11. Косметология; 12. Арықтату емі; 13. Фитобөшкеде дамылдау; 14. Қан алу (Хиджама); 15. Уқалау (массаж); 16. Тұз буымен шахтада тыныстау.
– Осы аталған ем түрлерінің денсаулыққа тигізер пайдасына тоқталсаңыз.
– Ине емі – химиялық зақым келтірмейтін, ағзаны жасуша деңгейінде сауықтыратын, механикалық табиғи амал.

Ине терапиясы

Бүкіл елімізге мәлім болғанындай орталық ауруларды инемен емдейді. Ине денедегі айрықша нүктелерге қойылады. Ине ағзадағы қуат жүйесін реттейді. Нәтижесінде зат алмасу үрдісі қалпына келеді. Организмнің қорғаныс қабілеті (иммунитет) жетіледі. Инфекцияға деген қарсылық қуат алады.

Пульт қою

Нервтерді тітіркендіреді, бұлшық еттердің серпімділігін арттырады, қан айналымын ретке келтіреді. Клеткаларды (жасушаларды)жасартады.

Шөппен қыздыру

Емдік қасиеті бар шөптерден әзірленген «сигарамен» әр ине қыздырылады. Нәтижесінде денедегі суық сыртқа шығады. Жүйке жүйесі қалпына келеді.

Банка қою

Қан айналысын жақсартады. Қысым жоғары деңгейін түсіреді. Адамдағы газ алмасуын жақсартады. Ісінуді қайтарады, бойдағы жел-құзды айдайды.

Қан алу (Хиджама)

Жыл маусымының ауысуына қарай адам қан құрамы өзгеріске ұшырайды, жаңғырады. Сондықтан да, денедегі артық арам қанды алып тастау керек. Бұл үрдіс қадағаланбаса, денсаулыққа қауіп төнеді. Қан алудың (хиджама жасау) шабақтама, тілеу, теңгерме, сору – т.б. әдістері қолданыста.

Аяққа арналған аппарат

Табанға берілетін жылу қуаты арқылы ондағы биологиялық нүктелерді белсенділендіреді.

Физиоем

Магниттік қыздыру арқылы қан айналымын жақсартады. Тері регенерациясын оңалтады. Жаралардың тез жазылуына дем береді.

Емдік массаж (Нүктелі уқалау)

Массаж биологиялық белсенді нүктелеріне тиімді әсерін тигізеді. Уқаланған нүктенің температурасы көтеріледі. Нүктелі массаж инемен емдеу әдісіне ұқсас, нерв ұштарын тітіркендіреді.

Бет күтімі (Косметология)

Беттегі қажетті нүктелерге ине салу әжімді кетіреді. Жастар бет терісінің серпімділігін арттырады, мерзімінен бұрын қатпар түсудің алдын алады. Ажарлану мақсатымен бетке ине салудың ағзаға деген ешқандай кері әсері жоқ.

Омыртқа созу ТМ-400 аппараты

Омыртқа араларындағы қысылған жүйкені босатып, оның қызметін қалпына келтіреді.

СПА немесе булау

SPA(СПА) – теңіз суы, жылы минералды немесе тұщы су, теңіз балдырлары, дәрілік өсімдіктер мен шипалы балшықпен емдеу элементтерінен құралған кешенді сауықтыру тәсілі.

Фитобөшке

Ағаштан жасалған шағын монша. Ол үздік фармацевт болып табылады. Бөшке ішіне емдік шөп пен хош иісті майлар қосылған бу жіберілетіндіктен дене рахаттанады, еркін дем аласыз.

Емдік май

«Жас-Ай» орталығындағы денені қыздыратын май бірнеше түрлі шөп сығындысынан әзірленеді.

Отпен емдеу

Денедегі залалды қалдықтарды тысқа шығарады.

Тұзды бу шахтасы

Тыныс алу жүйесіне микротұздар түсу барысында қабынуға қарсы (антибактериалды) әсер етеді.

– «Классикалық және компле-ментарлық медицина. Жасыл технологиялар. Назарымызда Қазақстан» тақырыбына арналған 2018 жылғы 14, 15, 16 маусымда Астанада Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің, Еуропа медициналық қауымдастығының президенті Винченцо Костиглиолоның қатысуымен Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны өткізіпсіздер. Осы шара және оның көздеген мақсаты туралы айтып өтсеңіз.
– «The Best Medical Practice»жобасы шеңберінде «Классикалық және комплементарлық медицина. Жасыл технологиялар. Назарымызда Қазақстан» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық конференция 2018 жылы өтті. Ұйымдастырушылар: «Жас-Ай» Шығыс медицина орталығы (Қазақстан), Еуропа медициналық қауымдастығы (Брюссель, Бельгия), Сауықтыру практикасы мамандарының Халықаралық қауымдастығы (Москва, Россия), Еуропа бизнес қауымдастығы (Лондон, Ұлыбритания).
Күн тәртібі: медицинадағы менеджмент, емдеудің инновациялық тәсілдері, технологиялары саласындағы озық практикалардың тұсаукесері, Қазақстандағы Шығыс медицинасы таңдаулы орталығының жұмысымен танысу, Еуропа медициналық қауымдастығы қызметінің «The Best Medical Practice» жобасының тұсаукесері.
Конференция мақсаты:
– Медицинадағы және медициналық туризмдегі бірлесу (кооперация);
– Қазақстан комплементарлық медицинасының мол мүмкіншіліктерімен және осы саладағы тиімді серіктестік жағдайларымен танысу;
– Медициналық туризм мамандарымен, олар арқылы емдеудің озық практикаларымен және емдеудің мүмкіндіктерімен барлық Қазақстан азаматтарын таныстыру;
– Конференция жұмысын белгілі қоғам қайраткері, дипломат, профессор Әділ Ахметов жүргізіп отырды (модератор).
– Қазақстан мен Еуропа медициналық қауымдастығы (ЕМҚ, Брюссель, Бельгия) арасындағы өзаратиімді арақатынас, байланыстар туралы пікіріңізді білсек.
– 2017 жылғы 3 шілдеде Еуропа медициналық қауымдастығының президенті (Брюссель, Бельгия) профессор Винченцо Костиглиолоның және Еуропа бизнес ассамблеясының президенті (Лондон, Ұлыбритания), Халықаралық Сократ Комитетінің төрағасы, профессор Джон Неттиннің шақыруымен Люцерн қаласына (Швейцария) ресми дәрігерлік сапармен барып, олардың емдеу практикасымен таныстым. 2018 жылғы 14, 15, 16 маусымда Астанада профессор Винченцо Костиглиоло бастаған Еуропа дәрігерлері келіп «Жас-Ай» медицина орталығының жұмыс тәжрибесімен танысты. 2018 жылғы 21-22 қарашада Лондонда (Ұлыбритания) Еуропа медициналық қауымдастығының шақыруымен «Acute and General Medicine» халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатыстым. Осы Конференция шешімімен Еуропа медициналық қауымдастығының Қазақстандағы ресми өкілі болып тағайындалдым.
– Сізді осы ағымдағы жылдың 17 наурызында Қоғамдық марапаттар және атақтар бойынша Москвадағы (Россия) Халықаралық Комитеті өз шешімімен «Еуроазиялық Мемлекеттер Одағының Құрметті азаматы» деген орденімен және «Еуроазия Мемлекеттер Одағының Құрметті Емшісі» Озаттық белгісімен марапаттады дегенді құлақ шалып еді…
– Иә, биылғы 2019 жылғы 17 наурызда Қоғамдық наградалар мен атақтар бойынша Халықаралық ұйымдастыру Комитеті өз шешімімен жұмысымыздағы қол жеткен жетістігімізді, денсаулық саласындағы табысымызды, кәсіпқой ретіндегі табысымызды Еуразиялық экономикалық Одағының мүшесі, республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан, қолдан келген үлесімізді ескеріп «Еуразиялық мемлекеттер одағының Құрметті азаматы» деген қоғамдық мойындаудың жоғары орденімен және «Еуразия мемлекеттер одағының Құрметті емшісі» деген жоғары озаттық белгісімен марапаттады.
– «Жас-Ай» медицина орталығының жекешеленген емдеу мекемесі екенін ел біледі. Сізбен бәсекелестікке түсіп жүрген жеке меншіктегі емдеу мекемелері толып жатыр ғой, ілінген жарнама тақтайлардан көз сүрінеді. Олар туралы жарнамалардан бізде ақпар жоқтың қасы.
– Жекешеленген медицина орталық-тарының стандартқа сай болып жүргендері аз. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауында болып, білімі, білігі, тәжірибесі қойылатын талаптарға сәйкес қызмет атқарып жүрген орталықтар некен-саяқ. Халыққа тигізіп жатқан пайдасы жоқ, орманда күзгі жаңбырдан кейін қаптайтын саңырауқұлақтар тәрізді медицина орталықтары өте көп. Осы күрмеуі шешілмеген мәселе алаңдатады-ақ. Бұлармен қоян-қолтық жұмыс жасап, оларды қолға алып, мамандар білім-білігін аттестациялаудан өткізетін кез келген сияқты.
– Асылдың бәрі алыста демеймін, алайда Түркия еліндегі әріптестеріңізбен қарым-қатынастарыңызға сәл де болса кідірсек…
– Халқымыз айтқан емес пе:
Оқусыз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.
Білім ауысады,
Ырыс жұғысады, – деп.
Түркиядағы әріптестермен қарым-қатынасымыз жылдар бойы үзілмеген. Жылма-жыл арнайы шақыруымен медицинадағы алуан-түрлі көкейтесті мәселелерді шешуге арналған конференция, конгресс, симпозиумдарға барып тұрамыз. Осы жуырда ғана 24 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау (ДДҰ) ұйымының қолдауымен «Дәстүрлі және комплементарлы медицина» атаулы конгрес жұмысына «Жас-Ай» орталығы атынан (Шымкент бөлімшесі) Марат Өтемісұлы екеуіміз қатыстық. Бұл әлемдік деңгейде өткерілген конгресс жұмысы Бүкілдүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы өкілінің сөзімен басталды. 2500-ден астам делегат келді. 100 секция белсенді түрде жұмыс істеді. Конгресс жұмысына Түркия елінің бірінші ханымы Әмина Ердоған қатысты. Әлем медицина тарихына әл -Фараби, Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Өтейбойдақ Тілеуғабылұлы сияқты ғұлама ғалымдардың іргелі еңбектері, олардан кейінгі ғалымдардың әлемдік медицинаның дамуына қосқан сүбелі үлесі денсаулық сақтау саласының келешекте де дамуына дем береді. Өткен 2018 жылғы 14, 15, 16 маусымда «Жас-Ай» медицина орталығы Астанада 18 шет елден келген атақты ғалымдар мен дәрігерлердің қатысуымен «Классикалық медицина және комплементарлық медицина. Жасыл технологиялар. Назарымызда Қазақстан» тақырыбына өткізген ауқымды шара мына біз қатысып отырған конгресс тақырыбына, идеясына үндес екендігіне қандай қуандық десеңізші.
Реті келіп тұрған соң айта кетейін. Стамбулда халықаралық стандартқа сай келетін гемодиализ және МРТ аппараттарын жасайтын компания президентімен әрі осы зауыт жұмысымен де таныстым. 25 сәуір күні түстен кейін Стамбулдағы медицина университеті профессорларымен ресми кездесу рәсімінде болдық, дәстүрлі және комплементарлы медицинаға байланысты ой ортақтастырылды. Өзара тиімді теңқұқылы ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Сөйтіп, көркем Стамбул қаласында біраз игі істердің басы қайырылды.
– Жасан Зекейұлы, «Ақиқат» журналы оқырмандарына қандай айтар тілегіңіз бар.
– Алдымен, оқырмандар қауымы ғана емес, бүткіл Қазақ елі аман болсын. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқанындай, Президент сайлау науқанын үлкен ұйымшылдықпен өткіздік, өстіп ел бірлігін әлемге таныта білдік. Әр қазақ азаматы өз таңдауын жасады. Мәңгі қазақ елінде денсаулық мәдениетін қалыптастыруға әр қазақ азаматы атсалысып келе жатқан сыңайлы. Денсаулықтың, амандықтың зор құндылық екенін ұмытпайықшы.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Жасан Зекейұлы, өзіңізге және ұжымыңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз.

Әңгімелескен
Сейітзада Әсембек, мәдениеттанушы

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.