ЕР ЕДІГЕНІҢ АСЫЛ СҮЙЕГІ ҚАЙ ЖЕРДЕ?

  • 02.10.2019
  • 58 рет оқылды
  • 0

Өз заманының аса белгілі, ықпалды тұлғасы Ер Едіге жайлы еңбектер аз жазылған жоқ. Шоқан Уәлиханов ел аузынан Едіге туралы аңыздарды жазып алады. Осы нұсқаны 1905 жылы ғалым П.М. Мелиоранский Санкт-Петербург қаласына ала келіп, жеке кітап етіп шығарады. Арада жиырма екі жыл өткенде, яғни, 1927 жылы академик Қаныш Сәтбаев ел аузынан жазып алған Едіге туралы жырларды өзі алғысөз жазып, Мәскеу қаласында бастырады. Осы ерлігі үшін ол ұлтшыл атанып, 1950 жылы қуғынға ұшырағанын айта кеткенді мақұл көріп отырмыз.

Міне, осы қуғыннан соң Едіге туралы еңбектер жарты ғасыр бойы тұншығып жатты. 1989 жылы «Қазақ халық әдебиеті» көп томдығының батырлық жырларға арналған топтамасында Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» циклі бойынша «Едіге» жыры бесінші томда жарияланды. Қ.Сәтбаев жариялаған нұсқа 1995 жылы «Ер Едіге» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шықты. 1996 жылы О.Нұрмағамбетованың құрастыруымен «Едіге батыр» жинағы жарық көрді. Оған академик Рахманқұл Бердібаев алғысөз жазды.
Кезінде жырдың дәстүрлі нұсқаларын Ш.Уәлиханов, П.М. Мелиоранский, Г.Н. Потанин, В.В. Радлов, И.Н. Березин, А.Белаев, Н.И. Васеловский, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов секілді ғалымдар мен жазушылар зерттеп, жоғары бағалаған. Академик В.М. Жирмунскийдің айтуынша, «Ер Едіге» жырының орыс тіліне аударылған 30 нұсқасы бар екен. Десек те, Едіге батыр жөніндегі алғашқы сөз Сыпыра жыраудың аузынан тарағанын ұмытпауымыз керек. Ол шамамен ХІV-ХV ғасырларда өмір сүрген қазақ ақыны. Сыпыра жырау «Едіге би» эпикалық жырының авторы ретінде тарихта есімі қалды. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыздан-ауызға тараған осы жырдың бірнеше нұсқасы бар. Оның бергі жағында Ш.Уәлиханов нұсқасындағы «Едіге жыры», Қ.Сәтбаев нұсқасындағы «Ер Едіге», Ә.Диваев нұсқасындағы «Мырза Едіге», Мәшһүр Жүсіп нұсқасындағы «Ер Едіге», Мұрын жырау Сеңгірбекұлының нұсқасындағы «Едіге», Нартуған нұсқасындағы «Мәулімнияз-Едіге» жырлары пайда болды. Қарақалпақ жырауларында «Едіге батыр эпосы» деген нұсқа тағы бар. Әрине, осы нұсқалардың қай-қайсысында да Едігенің ерліктері, елді ұйыстырудағы ерен еңбектері, өмірлік мұраты мен асқақ рухы, тапқырлығы мен мырзалығы көрсетіледі. Әу баста Едігенің бабасы Баба Түкті Шашты Әзиздің перінің қызына үйленетін тарихы ел аузында кеңінен тарап кеткендіктен болар, жыршы-жыраулар батырды сөз еткенде осы нұсқаны үнемі жадыларында ұстайды. Сондықтан, жырдағы тарихи оқиғалар эпостық-ертегілік сарында болып келеді. Жыраулар өз жандарынан қосып, қиял-ғажайып әңгімелерді сіңістіре келе жырды әсірелеп те жібереді. Осындай сарындар барлық жыршыға тән. Ал, тарихта Едіге батырдың Алтын Орданың зұлым ханы Тоқтамыспен текетіресіп өткені таңбаланады. Бұдан бөлек Едіге батырдың Литва мен Польшаны билеп тұрған, батыс тарихшылары адамзат тарихындағы ұлы қолбасшылардың бірі деп санайтын Витовтты талқандағанын ұмытпауымыз керек. Литва мен Польша ХІV ғасырдың аяғында әбден күшейіп, Батыс және Оңтүстік орыс жерлерін, Украина мен Белоруссияны дәргейіне қаратқан еді. Литва, Польша, Мажарстан, Швеция жан-жақтан төніп, Ресейді қайтарымсыз бөліп алу қарсаңында тұрған екен. «Мәскеудің шаруасы шешіліп тұр» деп есептеген Витовт төрт жылғы мұқият дайындықтан соң, алты мемлекеттің әскерін біріктіріп, оған қоса немістің Тевтон орденді рыцарларын бастап келіп, Алтын Ордаға тұтқиылдан тап береді. Едіге осы алапат шайқаста өзінің ержүректілігі, тапқырлығы, қолбасшылық асқан талантының арқасында олардың ту-талақайын шығарып, түре қуады. Осы ретте Мәскеу Едігенің 1399 жылғы 12 тамыздағы Борсықтыдағы ұлы жеңісінің нәтижесінде аман қалғанын тарихшылар куәландырады. Едіге мұнан соң 1408 жылы Мәскеуге, Литва билеген Киевке шабуыл жасауда, Хорезмді қорғауда өзінің сайыпқыран қолбасшы екенін дәлелдеген батыр. Тарихшылар сонымен бірге Едігенің Алтын Ордада ислам дінінің біржола орнығуына зор ықпал еткенін жазып қалдырған.
Міне, осындай ұлы қолбасшының, ел бірлігін ойлаған дананың асыл сүйегі қай жерде жерленген? Осы күнге дейін нақты жауабы жоқ осы сауалға тарихшылар мен ғалымдар әртүрлі дерек келтіріп жүр. Академик В.М.Жирмунский Едіге Тоқтамыстың баласы Қадірбердімен болған ұрыста өлді деген қорытынды жасайды. Мұны дәлелдеуге араб тарихшысы әл-Айнидің (Элайнидің) дерегін келтіреді. Қадырғали Жалайыр Қадірберді хан Қырым әскерімен келіп, Еділ дариясын кешіп өтіп Едіге бимен соғысқанын жазады. Осы соғыста Едіге би жараланады. Қадірберді де ауыр соққы алса керек. «Екі жақ әскері бірін-бірі аямай кескіледі. Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын) ұстап тұр еді. Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтірді. Қадірберді хан да сол жарақатынан кейін бірнеше күннен соң опат болды» деп жазады Қадырғали Жалайыр («Шежірелер жинағы». Алматы. «Қазақстан». 1997 ж.115 б.).
Философия ғылымының докторы, профессор Бекежан Ахан мен филология ғылымының докторы Жұбаназар Асанның «Қазақ әдебиеті» газетінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 38 санында жарияланған мақаласында Қадырғали Жалайырдың деректері негізінде Едігенің сүйегі Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында жатыр деген қорытындыға келеді. Бұған 1869 жылғы патшалық Ресей оқымыстылары жасаған «Атлас Оренбургского края» деп аталатын құпия картада «Могила Едиге» деген таңбаның бар екенін алға тартады. Сонымен бірге 1904 жылы Ресей тарихшы-картографтары сызған «Карта Темирского уезда Уралской области» деген картада да Едігенің моласы таңбаланғанын айтыпты. Тіпті, 1983 жылы кеңес үкіметі тұсында ғарыштан түсірілген картада да Едігенің моласы бар екен. Ғалымдар сондай-ақ Ортаңғы Бөрте деген жерден Ұлытаудың арасы екі мың шақырым жер екенін айта келіп, Едігенің сүйегі Ұлытауға жеткізілгеніне күмән келтіреді. Біз де осы байламға тоқтайық десек, академик А.И. Шренкпен бірге болған сапарында Шоқан Уәлиханов: «Ұлытау шыңдарының бірінен маңғыт ордасының негізін салушы Едігенің моласын таптық. Оның моласы – тас үйіндісі. Оның ғұзыры өзі орналасқан тау қиясының биіктігімен сәтті ұштасып тұр» деп жазғанын қайда қоямыз?
Филология ғылымының докторы, профессор Б.Нұрдәулетованың «Айқын» газетінің 2016 жылғы 15 шілдедегі №104 санында жарияланған «Маңғыстаудағы Едіге қай Едіге?» атты мақаласында «Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеден оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде Қарауылкүмбет биігі деп аталатын аласа таулар сілемі бар…Қарауылкүмбет биігіндегі қойылымдықтардың ортасында тұрған жартылай қираған кесене біздің назарымызды ерекше аударды. Маңдайшасында араб графикасымен таңбаланған мүк басып, көмескілене бастаған жазулар бар. Ғимараттың қасбетіндегі таңбалардан «…Едіге» деген жазуды оқыдық» делінеді. Кейін анықталғандай, бейіттегі жазуда «башар басби, баһадыр болды» деген анықтауыш та барлығы расталған. Мұнан соң автор М.Көпеевтің сөзін келтіре отырып, Едігенің Ұлытауға жерленгенін айтады. Бұл жер «Ақ мешіт әулие» атанып кеткенін де көрсетеді. Ал, жазушы Ә.Сарай Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағындағы» дерек негізінде «Едіге 63 жасында Елек суының іргесінде Үшбөртеде опат болды. Оны лешкербасы Хажы Мұхаммед оғлан (сібірлік Көшім ханның баласы) әке-бабаларының әруақ орны Құмкент, Баба Түкті Шашты Әзиз жанына жеткізе алмай,Ұлытауға жерледі» деп көрсеткен («Маңғыстаудағы Едіге қай Едіге?») Жалпы, тарихта төрт Едіге өткен екен. Соның бірі ХІV ғасырда өмір сүрген қолбасшы Едіге Таңашұлы. Екіншісі – Ноғай ұлысының биі, өзімізге танымал Едіге. Үшіншісі – ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында өмір сүрген Арғынның Қаржас руынан шыққан саясаткер Едіге. Төртіншісі – Ақсақ Темірмен жақын туыс, барлас руынан шыққан жауынгер Едіге. Жоғарыдағы Б.Нұрдәулетованың жазуынша, Маңғыстауда Баба Түкті Шашты Әзиз – екі адам, бірі (Баба) – әкесі, екіншісі (Әзіз) – қызы. Жергілікті халық екі бейітті де кие тұтып, басына түнейді екен.
Жазушы Кәмел Жүністегінің «Едіге» атты тарихи романында Едігенің баласы Нұралы әкесінің қас жауы Тоқтамысты найзамен түйреп өлтіреді («Нұр-Астана» баспасы. 2012 жыл. 347 бет). Ал, Едігенің өзі 1419 жылы Ұлытау жерінде Тоқтамыстың кіші баласы Қадірбердімен өткен жекпе-жекте алған жарақатынан қайтыс болады. Осылай Едігенің денесі Ұлытау шыңына қойылады. Бұған дәлел ретінде жазушы осында Едіге тауы бар екенін айтады. Баянауылдың қазағы, көзі тірісінде-ақ әулие атанған қаламгер Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Бұл аманат орны. Бұнда Едіге батырдың денесі бір жыл сақталған. Себебі, таудың басы салқын болады, мүрде бұзылмайды. Бұнда ол өз өсиетімен туып-өскен топырағы Құмкентке, Жылыбұлақ жағасына, Баба Түкті Шашты Әзиздің қасына жерлеу үшін апара жатқанда аманат есебінде тұрған, бұл да мола есепті. Ал, Едіге батырдың сүйегі Құмкентте» деп жазады. Мәшһүр Жүсіптің осы сөзіне ұйимыз. Өйткені, оның балалары, немере-шөберелері ұлысты билеген азаматтар болған. Олардың әке аманатын орындамаулары мүмкін емес. Сондықтан, әке денесін ұлы баба жанына әкеліп қайта жерлеуі бек мүмкін емес пе? Осы жерде сонау Балқантаудың баурайында бақилық болған Қаз дауысты Қазыбек бидің денесі алты ай қыстан соң Түркістанға әкелініп, Қ.А.Иассауи кесенесі маңына жерленуін еске аламыз. Бұл жолғы рет те осы ізбен атқарылған шығар. Тағы да, Едігенің Ұлытаудағы моласы туралы. Орыстардың адамның басы десе екіленіп кететін әдеті. Мәселен, Кенесарының басын Санкт-Петербургтегі Эрмитажға қойғанын тарих куәландырады. 1941 жылы орыстар атақты жиһангез Әмір Темірдің моласын ашып, басын Мәскеуге жөнелтті. Сол сияқты, 1950 жылдары Мәскеудің үш ғалымы келіп, Едіге батырдың моласын тінтуі жан түршіктіреді. Ұлы бидің сүйегін қорлатқысы келмеген жергілікті екі ақсақал: «Мынау Едіге жатқан жер» деп ғалымдарды жаңылыстырған. Соның өзінде Едігенің жанында жатқан мәйіт арада бес ғасыр өтсе де бұзылмаған деседі көнекөз қариялар. Қалай дегенде де, ұлы бабасы Баба Түкті Шашты Әзиздің Меккеде, Алтын Ордада, Маңғыстау облысындағы Үштаған-Сазды деген жерде және Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылында моласы кездесетіні сияқты, Едіге батырдың да үш моласы бар екенін жұртшылық біледі. Бұл жолы бейіттердің қосарланып келуін сопылардың іс-әрекеттерімен байланыстыруға болмас.
ХІХ ғасырда өмір сүрген татар оқымыстысы Ибрагим Халфин «Едігенің бабалары Сирия мен Иракты, Бағдат пен Дамаскіні билеген» деп жазып қалдырған. Сол секілді Едігенің Әмір Темірдің қол астындағы Хорезм жерін оншақты жыл билегенін көне тарих жоққа шығармайды. Оған парсы жақтағы Керменені билегенін қосыңыз. Өзі қолдан құрған ноғайлы ұлысын басқарады. Ұлы би ретінде Алтын Орда мемлекетінің тізгінін он бес жылдай ұстайды. Ал, Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылының батыс бөлігінде, Жылыбұлақ жағасында, қарт Қаратаудың етегінде Баба Түкті Шашты Әзиздің жаңадан салынған кесенесі сонадайдан мен мұндалайды. Сол кесененің жанында қызыл кірпішпен қоршалған бір бейіт бар. Бейіт жанындағы тұғыртаста «Едіге батыр» деген жазу бар. Сонымен қатар, Жылыбұлақтың төменгі сағасын жергілікті тұрғындар күні бүгінге дейін «Едігенің майлы жұрты» деп атайды. Сонда бұл не? Кездейсоқтық па әлде тарихи шындық па? Ғалымдар осы мәселеге түпкілікті шешім айтса, біз Ер Едігенің асыл сүйегін Түркістан мен Ақтөбе облыстары мен Ұлытаудан іздеп неміз бар?

Сабырбек ДӘНІҚҰЛҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.