АЙДАБОЛ БОЗҚОЗЫ БАТЫР

  • 02.10.2019
  • 72 рет оқылды
  • 0

Қырықбай Аллаберген,

тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Айдабол бидің сегіз баласының бірі Бозқозы батыр. Ол туралы аңыз-әңгімелер баршылық. Бірінде ел-жұртын сыртқы жаудан қорғаған қаһарлы батыр, екіншісінде өз туған інілеріне күн көрсетпеген озбыр, қанішер, үшіншісінде кем-кетіктің қамын ойлап, Айдабол әкесінің жолын қуған би ретінде көрсетіледі.
Ертеде жоңғар шапқыншылығына дейін Сүйіндік елі, оның ішінде Құлболды әулиеден тараған төрт ру Сырдария мен Ұлытаудың арасында көшіп жүріпті. Қыс қыстауы Түркістан, Ташкент аймағы болса, жаз жайлауы Сырдария, Шу бойы мен Ұлытау аралығы болыпты. Кезінде Айдаболдың 8 ұлына ешкімнің тісі батып, қарсы шыға алмапты. Барлығы батыр, сөзге жүйрік-шешен би болыпты. Олардың осыншама өлкені иеленіп, емін-еркін көшіп жүруі де соған байланысты болар. Айдаболдың өзі, кейін кенже баласы Тайкелтердің де Ташкент қаласын басқарып тұруы осыны растайды. Ал, Шыршық, Сыр және Шу өзендерінің бойындағы және Ұлытау маңындағы Айдабол мен оның балалары және ұрпақтарына қатысты тарихи атаулар мен аңыз-әңгімелердің сақталуы да өткен тарихтың куәгер мұрағаты іспеттес. Осы кезең XVIII ғасырда Бозқозыны елді сыртқы жаудан қорғап қана қоймай, халықтың жанашыры ретіндегі ақылшысы, басшысы ретінде көрсетеді. Оның кері жағынан көрсететін ауызекі аңыз інілері Тайкелтір мен Қожакелдіге байланысты айтылады. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Тайкелтір» дастанында және сол дастанның ізімен әңгіме ретінде жазылған марқұм Нұғыман Баяндиннің Алматыдан 2012 жылы ұрпақтары шығарған «Тайкелтір» повесінде кездеседі. Мұнда қос автор да, әсіресе, соңғы автор Бозқозыны сотқар, басбұзар, қанішер ретінде көрсетуге тырысқан. Әрине, тарихта олай болмаған. Егер, Бозқозы ондай болса, қазір Тайкелтерден де, Қожакелдіден де ұрпақ болмас еді ғой. Бозқозы өшіксе оларды жоқ қылып, жібереді емес пе? Керісінше, Тайкелтірдің би болып, Қожакелдінің батыр атануы Айдабол балаларының ауызбірлігінде болды деп пайымдауымызға болады. Ал, ағайын арасындағы келіспеушілік, алауыздық қашанда болған. Оған тарих куә. Мәшһүр Жүсіптің өзі ол деректерді жазғанда үнемі осыдан бәленбай ғасыр өтіп кеткен оқиға кезінде олардың қасында біреу жүріп пе, мен тек қана естігенімді жазып отырмын деп ақталып алмай ма? Міне, бұл нағыз адал ғалымның, білгір ғалымның сөзі. Әйтпесе, көзбен көргенін емес, құлақпен естігенін ғана, әсіресе, қазіргі заманда өтірікті шындай, шындықты өтіріктей жазатындар көбейіп кетті. Әйтпесе, шындығында осыдан 3 ғасыр бұрын болған оқиғалардың басы-қасында кім жүріпті дейсіз. Сондықтан, ғалымдар мен жазушылардың мақсат-міндеті ағайындардың басын ажырату емес, қайта қосу болу керек. Болашақ ұрпағымыз тату-тәтті болсын десек біз осыны істеуіміз керек. Қазақтың игі жақсылары Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер, Бұқар жыраулардан бастап, осындай бір-ақ мақсатта жұмыс істеген. Ал, халықтың бірлігін, тыныштығын бұзатын Қодар мен Бекежандар қашанда болған. Және де бола береді. Бірақ, оларға игі жақсылар үнемі жолдарын көрсетіп отырған. Бұл арада біздің мақсатымыз біреулердің алдында ақталу емес, қайта халықтың арасынан шыққан Бозқозы сияқты батыр ұлдарымызбен мақтану. Оған деректі, дерексіз дәйектеріміз де баршылық. Енді, сол өткен ғасырлардың куәсі боларлықтай үзік-үзік пайымдауларымызды назарларыңызға ұсынсақ. Алдымен Шайқым ақсақал жинаған шежіреде: Айдаболдың 3 әйелі, 8 ұлы болғандығы, екінші әйелінен: Қарақозы, Бозқозы, Аққозы туғандығы айтылып, осы 5 қозы балалары бір жұрт болып, 4 қозы бөлініп, Бозқозы ұрпақтарын ішкі «Шұбарға» (Жұпар) түсіріп жібергендігін:
Аққозы, қара қозы бір туысқан,
Малқозы, Жанқозымен енші алысқан.
Әлеумет осылайша біздің көрдің,
Бозқозы арада болған, – деп көрсетіледі.
Аңыз-әңгімелерде Айдабол би мен оның балаларының, әсіресе, Бозқозының мінез-құлқы, түр-сипаты «…Айдабол қара торы, атжақты, кең маңдайлы, еңгезердей денелі кісі». Ол жасында батыр болған. Әкесі Құлболды батырдың көк сауытын үстіне киіп алып, басына қорғасын құйған бесбатпан шоқпарын қарнына іліп, қайың безінен жасалған садағын қолына алып, кешегі қазақ-қалмақ жаугершілігінде талай рет қамал бұзып, көзге түскен-ді. Оның қақпақтай жауырыны, жуан білектері, құшақ жетпес кеудесі, шүйдесі мен тұтас біткен сұңғақ мойыны биік бойына жарасып тұр. Үйде отырған адамдардың қайсысынан да шоқтығы биік. Жас кезінде сымбатты, сұлу, жұмыр денесімен әдемі қара торы келбетімен топ алдында да асқақ бір төбе көзге түсетін. Қазір қартайса да қомақты әрі айбынды.
…Бұдан туған бес қозы да осал емес. Шетінен алып денелі, әлді, «Сен тұр, мен атайын» өңшең манат. Бұлардың ішіндегі пішінсізі – Бозқозы. Оның дене бітімі бөлек. Отырғанда күшіген тәрізді. Басы қара қазандай. Күржік мойын, шүйдесі де сүзеген бұқаның шүйдесіндей. Жауырыны қақпақтай. Тұтас кеуде, бұжыр бет, адамзаттың зоры. Бұны көрген балуан да, батыр да беттемей, жекпе-жектен тайып шыға беретін. Ал, қолына түскенді оңдырмайтын. Ашуы келсе өлтіре салуы оған түк емес. Сөзге жоқ. Жауға, жылқыға шапқанда дауысы күркіреп, қозыкөш жерге жетеді. Сондықтан, оның денесіне қарап жұрт «батыр» дейтін. Бұған ол мәз болып, арам күшін мақтан тұтатын. Бұл Бозқозыға берген ғалым Нұғыман Баяндиннің сипаттамасы. Қара жер хабар бермесін, Нұғыман ағамыз осыдан үш ғасыр бұрын құдды бір Бозқозының қасында жүріп, суретке түсіріп, мінез-құлқын зерттеген адам сияқты. Әйтеуір неге екені белгісіз, ғалым, жазушы «Тайкелтір» повесінде Бозқозы туралы бір жылы сөз айтпайды…
Біз бұл арада қандай да бір жағдай болмасын Айдабол бабамыздың ұрпағы, аты қалың елге мағлұм марқұм ғалым ағамызды айыптағалы отырғанымыз жоқ. Қайта ұлы бабасы Тайкелтір би туралы повесть жазып, кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие боларлық мұра қалдырып кеткеніне ризамыз. Алайда, ол кісі бұл шығармасын көзі тірі кезінде неге өзі шығармады екен? Арада талай жылдар салып, ағамыз о дүниелік болғаннан соң ұрпақтары қайдан алып, қандай мақсатпен жариялады екен деген сұрақ төңірегінде тоқтала беретіндігіміз шындық. Күні кешеге дейін халық арасында Бозқозыдан ұрпақ жоқ, себебі, ол қалмақтармен айқаста қаза болды. Үйленіп үлгерген жоқ еді, – деп келді. Ал, жоғарыда аталған повесте: «Түн ішінде жалғыз кеткен Бозқозы Үшқоңырдың басында аттарды қаңтарып қойып, емін-еркін ойнап жүрген бір топ жастарды көрді. Ол ең алдымен атқа келіп, ақбозға ер салып, айылын тартып, асықпай-саспай мініп алып, ойнап жүрген балаларға жақындады. Анандай тұрып, жалғыз баласы Қабылбекті айғайлап шақырды. Зәресі ұшқан балалардың арасынан Қабылбек әкесінің алдынан жүгіріп шыға беріп еді, рақымсыз Бозқозы ақбоз үстінде шіреніп тұрып, садақпен тартып жіберді. Ол етпектеп барып, сүріне құлады. Онымен батырдың жұмысы болмай, ат басын алып, жауының соңына түсті.
Жастар жүгіріп келіп, Қабылбекті көтеріп көріп еді, ол денесін билей алмады. Жүректен кірген садақ оғының ұшы арқадан шығыпты. Қабылбек тіл тартуға шамасы келмей, сол арада дүние салды. Оның сүйегін жастар ауылға әкелді. Бозқозының бұл ісіне Мақпал мен Айдабол бас болып, жұрт қатты налыды. Жаппай түңіліп, қарғыс айтты», – делініп Бозқозының Қабылбек деген баласы болғандығын, оны әкесі өз қолымен өлтіргенін жазады. Әрине, бұл жазушының қиялынан қосқан әсіреулері шығар. Әйтсе де, ол Бозқозының баласының болғанын, яғни, үйленгенін айтып отыр ғой.
Бозқозының ұрпақтары болғандығын тарих ғылымдарының докторы, професссор Мақсат Алпысбес өзінің «Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары» деген еңбегінде: «Бөкенбай батыр Бозқозыұлы. XVII ғасырдың 2 жартысы – XVIII ғасыр». Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Арғын Қыпшақ қолын басқарған сардар. Бөгенбай Баянбайұлы батырдың жасағында жүрген бұл Бөкенбай әз Тәуке заманында 1760 жылы қазақ, қарақалпақ, ноғайдың біріккен қолын басқарып, ордабасы сайланған мыңбасы. Батырдың ерлігіне «Бозқозы Бөкенбай» атты қиссаны Дәстем сал ақын Қарабасұһлы арнаған. Бозқозыдан ұрпақ бар. Салық Шериязданұлының дерегі бойынша Дәстем салдың «Бозқозыұлы Бөкенбай» атты тарихи дастаны осыған куә. «Бөкенбай есімімен Баянауылдағы Мәшһүр Жүсіп жерленген Ескелді бейітінің сыртындағы Бөкенбай биігі аталған» деген деректі беруші А.Әділханұлы ақсақал. Дастанда:
Сүйіндік Арғынның Бөкенбайы,
Бозқозы ердің баласы.
Қазақты жаудан қорғаған,
Келгенше батыр шамасы, – делінеді.
Осындай деректерге сүйеніп мен де 2005 жылы шыққан «Баласымын халқымның артқан сенім» атты жыр жинағыма енген. «Қалмаққырған» өлеңімде Бозқозы батырдың баласы Бөкенбай ер, батыр туралы:
Тау ішінде тас қорым орны жатыр,
Бұл арада жерленген талай батыр.
Жоңғарлармен соғысып айлар, жылдар,
Демалуға аз ғана тіккен шатыр.
Тәуке ханның сарбазы Қалқаман бар,
Туған одан атақты Бұқар жырау.
Малайсары, Сүйіндік, ер Олжабай,
Талай батыр осында қатар жатыр.
Жау жүрек Шоқпар менен Шотана да,
Бөкенбай қарт, жас батыр Жасыбай да.
Сарыарқадан жапырып, жауды қуған,
Жалаңтөс кезек беріп қаруына… – деп әңгіме қозғаппын. Ал, осы кітапты жазу барысында Айдаболұлы Бозқозы туралы және оның балалары мен немере-шөберелері: Бөкенбай Бозқозыұлы, Көшет Бөкенбайұлы және Нартайлақ Көшетұлы туралы біраз тың жайларға қанығып, мәселенің байыбына қаныққандай болдым. Ендеше, осы қолымызда бар аз-маз деректерге жан бітіріп көрелік.
Алдымен, 1903 жылы Воронеж қаласынан басылып шыққан «Материалы по Киргизскому землепользованию. Экспедиция по исследованию степных областей. Семипалатинская область. Павлодарский уезд» деген кітаптың 4-ші томының сегізінші бетіндегі мына бір сөйлеміне назар аударалық. Онда: «Наймановские роды Айдаболы и Бозкозы, населяющие 7-8 ст. Алкагульской волости, пришли на Иртыш в одно время с соседями Басентиновцами и поселившись на Иртыш. Летом вместе кочевали со своими родами. Айгыржальскими киргизами Семипалатинского уезда, летовавшими до воведения «ВР Пол 1862 года» на Аккуль-Жайылма, то есть, в нынешней Аккульской волости, после 1868 года связь родов Айдаболы и Бозкозы с родичами Семипалатинского уезда порвалось. В первое время роды Айдаболы и Бозкозы думали переселиться в Айгыржальскую волсть. Но, однако, намерение эти остались в области мечтаний…» деп жазылып, бұл екі рудың бір атаның балалары екенін айтады. Сондай-ақ, бұл арада орыс зерттеушілерінің Айдабол Бозқозыны найман руынан деп екіге бөліп, қателесіп отырғанын байқауға болады. Оның үстіне Айдабол мен Бозқозының найманның қай атасынан екендігі де көрсетілмейді. Егер, Бәсентиіндердің бір бөлігі мұнда жоңғар шапқыншылығынан кейін Баянауылдан кеп қоныстанғанын еске алсақ, онда бұлардың айтып отырған Айдаболы, Бозқозылары да Бәсентиіндермен бірге еріп келген деп болжам жасауға болады. Бұған мысал ретінде осы кітаптан алынған «Айтуар Жарылғапов, би, Бозқозы Буранайман болысында тұрады. 40 жаста, дөрекі, қыңыр және өр кеуде адам. Аса дәулетті руы Айдабол. 1847 жылдан бастап болыс қызметінде. Жаз жайлауы Ақкөл Жайылмада. Қыстау мекені Ертіс өзенінің сол жақ жағасында. 250 шақырым солтүстік-шығыс бағытында» деген деректі келтіруге болады. Ал қазіргінің мысалы мынадай: Павлодар ауданының «Жертұмсық» деген ауылында ерлі-зайыпты таныстарымыз Әлібек пен Света атты Бозқозылар тұрады. Солардың аузынан сен Айдаболдың Бозқозысың, мен найманның Бозқозысымын деген сөздерін талай естіп жүрміз.
Сарыжомарттан таратылатын Бура найманның Айдабол Бозқозылары туралы марқұм Тілеке Жеңістің «Ертіс-Баянауыл өңірі» шежіресінде де бірталай деректер келтіріледі. Солардай қайсібірі мыналар: «Бура руларының бас-аяғы Ертіс өзенінің екі жағалауын ала жарыса созылып жатыр. Басы Павлодардың Май ауданының Семей жақ шетінен басталса, Бозқозы, Жәуетай, ескіше Айғыржал болысы», аяғы үлкен Нарынға тіреледі. 1844 жылғы дерек бойынша Баянауыл округінің жерінде бура наймандар екі болыс ел болған. Атап айтқанда, Бозқозы-Бура найман болысының қыстаулары Ертістің оң жағалауында Чернорецк форпосты мен редутының аралығында болған. Жазда Бозқозылар Батысқа, Бекесор арқылы Ақкөл Жайылмаға қарай, дуаннан 225 шақырым жерге көшеді екен. Бозқозы Бура найман болысында 8 ауыл, 491 үй, 3427 жан болыпты.
Жәуетай – Бура найман болысының қыстаулары Баянауылдан 136 шақырым қашықтықтағы Мергенсор деп аталатын жерде орналасқан. Жазда Жәуетайлар Солтүстік жаққа Түндік өзеніне Бестау, Алтыбай, Қызылмөр деп аталатын жайлауларға көшеді екен. Бұл болыстың құрамында 11 ауыл, 815 түтін, 5714 жан болған.
…Әйгілі академик Әлкей Марғұлан студент кезінде Алтай өлкесін аралап, ел аузынан шежіре жинап, сол бойынша «Найманы» деген еңбек шығарған. Ол еңбекте Бура мен Көкжарлыны Сарыжомарттан таратады.
Буранайман-Сарғалдақ-Сырмақ-Жарымбет-Алатау-Құлатау. Құлатау-Достық-Сырдақ-Сұрша-Шеге. Сұрша – Құдайберді. Құдайберді-Айдаболым. Құдайберді-Бозқозы. Айдабол-Бәйеке- Байқотан-Қырбас. Бозқозы-Ақан-Қарақозы-Малқозы.
… Алтыбай, Алқакөл, Ақсу болыстары. Бұл болыстар Бәсентиіннің ішіндегі Апай, Бөрі, Күшік, Көлденең, Сатыпалды сияқты ру тармақтарының қоныстары. Мысалы, Апай жұртының XVII ғасырдан бергі ата қонысы – қазіргі Павлодар қаласы тұрған жер. Ол кезде бұл қаланың орнында қазақтардан басқа жұрттың, мысалы, орыстардың мекенжайлары да, өздері де болмағаны тарихи деректерден белгілі. Көлденең, Сатыпалды тармақтары XVII ғасырдың аяғында көшіп келіп, Баянаула тауының шығыс жақ бөктеріне қоныстанса да кейін Сүйіндіктердің қалың көші келген соң олар Ертіс бойындағы туыстарына келіп қосылады.
… Бұл болыстар да Бәсентиінмен ежелден көршілес, қоныстас Найман тайпасына жататын Шоқай, Айдаболым, Бозқозы аталарының ұрпақтары. Барлығы 1500-ге жуық адам. Алты старшын ел болған. Бұлар жазда іргелес Семей уезіне қарайтын Айғыржал болысындағы ағайындарымен бірге көшіп қонатын. Бірақ, 1862 жылдан бастап Айдаболым Бозқозының Семей уезіндегі туыстарымен байланыстары үзіліп қалды.
Осылай мен Айдаболдың Бозқозысы туралы материалдар жинауға кірістім.
Екінші олжам Баянауыл ақсақалдары аузынан естіген «Көшет батыр туралы аңыз» болды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Бозқозы батырдың баласы Көшет батырдың 60-тан асқан кезі екен. Ол кезде Ақбет тауының баурайын жайлап отырады. 100 жылдан асқан соғыста жау Баянауылға сан қайтара келіп, жаугершілік жүргізгені мәлім. Сондай бір атыс-шабыс кезінде Олжабай батыр мен оның жиені Бәсентиін Жасыбай батыр Көшет ағаларына келіп, енді жаудың бетін қайтармаса болмайды. Қайта-қайта шауып елдің берекесін алды. Біз ата жаудың көзін құртамыз. Сіз қартайдыңыз, әйтсе де, күн батыстан жау келетін болса, бетін қайтаруға шамаңыз келеді. Батыр емессіз бе деп ағаларын Баянтаудың батыс жағын қорғауға қалдырады. Ақыры екі батыр жеңіске жетіп, қалмақтарды Ертістен асыра қуып тастап, мол олжамен елге оралады. Ырду-дырдумен жүріп, батыр ағаларын ұмытып кетеді. Түскен олжадан да бөліспейді. Бұған қатты өкпелеген Көшет батыр екі інісіне: «Сендер жауды қуып жүргенде мен де босқа жатпап едім. Ту желкелеріңнен келген қалмақтың қолын екі рет кері қайтардым. Ал, сендер болсаңдар сол жақсылықты білмей, олжадан бөліспек түгіл рахмет айтып, сәлемдесуге де жарамадыңдар», – деп бір түннің ішінде қырық үй руластарын тік көтеріп, Шұбартаудағы Сарыжомарт найман нағашыларына көшіп, сіңісіп кеткен көрінеді. Кейін оның баласы Нартайлақ та батыр болып, найманның қолбастар бір сардарына айналыпты.
Бірде ауылға барғанымда туған ағам Кәрімжан Алдабергенов: «Қырықбай, бала кезіңде есіңде болар, Қаржас Ыңқаш Ташмағанбетов деген көрші ақсақал болды. Сол жарықтық мынау сенің Көшет батыр бабаң туралы халық аузында қалған өлең жолдары деп өз қолымен жазып берген дерегі еді» деп төрт бүктеліп, сарғыш тартқан жазулары өшіп, жыртылуға айналған бір бет қағазды ұсынды. Оның мазмұны мынау:
Көшет батыр
Ата жұрты Ақбеттау баурайында,
Сол ара қыстауы, жайлауы да.
Сүйіндіктің төрт ұлына сыйлы болған,
Құлболды, Жанболды, Жолболды, Қаржасына.
Жырау жырлап, ақындар арнау жазды,
Тарихын Баянауыл белден қазды.
Тек қана Көшет батыр ұмытылды,
Өкпелеген Олжабай мен Жасыбайға.
Қалмақтың олжасынан қалыс қалып,
Қоныстанған елінен алыс барып,
Найманның Айдаболы, Бозқозы деп,
Сіңіпті нағашыға туыс болып.
Ақбет тау Шұбартаумен егіз дейді,
Төрт қозы бір қозысыз кеміс дейді.
Баянда Көшет батыр асуы бар,
Туысты өкпелеген кім іздейді?!
Сөйтіп жүргенде біреулер маған осы Павлодар қаласында Бура найман шежіресін жазған Мұсайып Сыздықов деген кісі тұрады. Айдабол Бозқозылардың тарихын бір білсе, сол шежіреші ағаң біледі деп жөн сілтеді. Бұны естіген Бақытбек деген балдызым, мен мына «Каспий банкте» күзетші болып істейтін бір жігітті білемін. Аузынан Мұсайып ақсақалды тастамайды. Бура найман шежіресін жазған ағам деп мақтап отырады. Хабарлассаңыз, мынау соткасы деп нөмірін берді. Қолма-қол хабарласып, ертеңінде жолықтық. Қырықтардың шамасындағы әңгімешіл жан екен. Өзім Бозқозының жиені боламын. Анам Бозқозы. Айдабол Жәбәтайдың қарындасын алған екен. Бозқозы екеуі дос болыпты. Негізі, Сұрша мен Бозқозы бір кісі дейді. Бозқозылар тығыз орналасқан жер ана Курчатовқа қарама қарсы жатқан Майский селосы, яғни, Семиерка ауылы. Сондай-ақ, олар Лебяжі мен Май ауданында көп. Ертеректе Болат Сапарғалиев деген кісі Май ауданының әкімшілігінде істепті. Қазір жоқ. Қайтыс болған. Өте білгір, шежіреші адам болыпты. Қолында мол тарих болған деседі. Ал, Мұсайып ағай мына тұрған Затонда тұрады деп үй адресі мен телефонын қоса берді.
Алайда, Мұсайып ағамен кездесу оңайға соққан жоқ. Алғаш сөйлескенімізде, Семейден енді ғана келіп, демалып жатқандығын айтты. Айдабол Бозқозы туралы сұрағыма ол жағынан хабарым бар. Ретін тауып бір жолығайық. Сонда, білетінімнің бәрін айтып беремін деді. Араға уақыт салып, екінші рет хабарласқанымда Омбыға жол жүріп бара жатырмын. Ресейдің қазақтары туралы жазып жүр едім. Айтпақшы, «Жұлдыз» журналының 2011 жылғы екі санында мақалам жарияланған. Оқысаң болады.
Ал, Айдаболым Бозқозылар туралы 2006 жылы шыққан «Тоғыз таңбалы найман, Бура шежіресінде» бірсыдырғы жазылған. Павлодар облыстық кітапханасынан алып танысуыңа болады. Сөйтіп, мен кітапханадан осы шежіренің 1, 2 томын алып оқуға кірістім. Іздегенім, әрине, Айдабол Бозқозылар.
Кітаптың екінші томының 27-бетінде Қалихан Алтынбаевтың «Бура атасын таратуы: Аралда, Қара, Баспан (абыз), Бозқозы, Сұрша, Жәуетай, Таңатар, Құттық, Байсары, Боғай, Құттық, Алаберді, Қарақұл», – деп беріліп, оған мынадай «Көкпектінің айтыскер ақыны Қалихан ағамыз Бура атасын төмендегідей таратыпты». «Сұрша деген Бозқозының қосалқы аты екен» – депті. Жазып кеткен қолжазбасында, Жәуетай Арғынға жиен болады екен» – деген сөздер де оқыдым. Еш адам тап басып жоғары атаны тарата алмаған соң, Көкпекті өңірінің жобасын да келтіріп кеткенді жөн көрдім. Біздің кітап Павлодар өңірінде таралған жобамен құрылған», – деп ескертпе жазылыпты. Бұл бір. Екіншіден, осы кітаптың 222 бетінде Сұршаны (Бозқозы) Бура, Құлатау, Сырдақтан алып келіп, Сұрша (Бозқозы) – Ақкісі – Тоқпақ – Құдайберді – Айдаболым – Бозқозы – Байеке – Байқотан – Қырбаз деп таратады. Осы екі деректен Арғынның Айдабол Бозқозысы мен найманның Айдаболым Бозқозысының арасында қандай да бір байланыс бар деген ойымыз салмақтана түскендей болды. Үшіншіден, шежіренің 241-бетінде «Кәрімбай қажы 1916 жылғы Патша үкіметінің соғысқа солдат алу жарлығына қарсы болып, Найманның Жәуетай, Бозқозы руларын Оязға пара беріп, алып қалады. 500 қазақ жігіті «Қаражыра», «Айғыржал» көмір шахталарына қара жұмысқа алынады. Ол туралы Ахметшәріп дастан жазған» деген жалғыз дерек бар. Бұл жерде Жәуетайдың Бозқозыдан таралатынын айтсақ, тағы да әрі-сәрі күйде қаласың. Төртіншіден, осы «Бура шежіренің» 303-бетінде тағы да «Ақирек – Аршалыдан шыққан Бозқозылар жазда Шідерті бойын жайлап, күздің аяғына таман Шідерті, Приозерное селолары арқылы жүріп отырып, Ертіс жағасына түсіп, қыстайды да, жаз шыға Шідертіге тартып, содан әрі Атақонысқа барады екен. Қазіргі Қызылжар, Сарышығанақ, Қараоба, Әуелбек ауылдарында тұрып қалған жұрт – Бозқозы атадан қалғандары…» делінеді. Бұл жерде әңгіме Шідерті өзені туралы болмақ. Шідерті (Сарыапан) өзенінің басын Қушоқы төбесінен алып, Ақтоғай ауданындағы Шығанақ көліне 502 шақырым ағып барып құятындығы белгілі. Өзеннің 113 шақырымы Қарағанды облысына, қалған 389 шақырымы Павлодар облысына қарасты. Тарихқа сенсек, Шідерті өзенінің негізгі бөлігін Бесмейрам ұрпақтары жайлаған. Оның ішінде Арғынның Айдаболынан тарайтын Бозқозылар да бар.
Бұдан басқа кітапта «Бура атасы Өскемен уезінің Шар және Сұлусары болыстарын түгелдей дерлік, Нарын, Күршім, Үркер және Қалба болыстарының біраз бөлігін алып жатыр. Сонымен қатар, Бураның Жәуетай, Босқозы, Қондыбай аталары Семей уезінің Айғыржал, Семейтау, Кеңтүбек, Делбігетей болыстарында тұрғанын осы кітапта басылған Щербина материалдарынан көруге болады… Павлодар уезінің Баянауыл, Алтыбай, Алқакөл, Тереңкөл болыстарында басқа рулардың Бура аталары да мекендеген. Бұлар жаз жайлауға Айғыржал болысындағы туыстарына көшетін еді. Бірақ, патша үкіметінің 1868 жылғы жарлығынан кейін Ақкөл-Жайылмаға қарай жайлауға шығатын болды. Сөйтіп, 1868 жылдан кейін Айдаболым мен Бозқозылардың Семей жақтағы туыстарымен ара қатынасы үзіліп қалды. Алғашқы кезде олар Айғыржал болысына түбегейлі көшіп барамыз ба деген ойда еді. Кейін келе ол ойлары қиял түріне айналды» деген жолдар бар.
Мұсайып ағамызбен, осылай шығармаларымен біраз танысып барып, үшінші рет дегенде Затон базарының қасындағы үйіне барып жолықтық. Есікті зайыбы Тоқан жеңгеміз ашты. Ол кісіні мен пединституттан білетін болып шықтым. Ағамыз төргі үйінегі кабинетінде жұмыс істеп отыр екен. Мені өте жақсы қарсы алды. Әңгімеміз жарасып, біраз жайдың басын қайтардық. Шежіреші ретінде тарихтан хабары көп болып шықты. Тек, наймандардың ғана емес, Арғындардың да ұлы және кіші жүздің аталарын жатқа таратып отырды. Айдаболым Бозқозы туралы айтқанда ол атаның таралу тарихын еш жерден кездестірмегенін және дөп басып ешкім айтып бере алмағандығын көлденең тартты. Олардың кейінгі ұрпақтары Жәбетайдан бастап, толық шежіре болғанымен, Бозқозы мен Айдаболым туралы нақты деректердің болмауы және олардың ел ішінде кірме аталуы өзің айтып отырған мәселелерге сәйкес келетін сияқты деген тоқтамын айтты. Бірақ, біздің басты мақсатымыз, Бура найманнан таратылатын Айдаболым Бозқозыларды Арғынның Айдабол Бозқозысы деп төрткүл дүниеге жар салу емес, тек қана тарихи деректердің сәйкестігіне мән беру болып табылады.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.