ЖІБЕК ЖОЛЫ

  • 29.09.2019
  • 44 рет оқылды
  • 0

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев атап айтқандай, Ұлы дала тарихының ең бір үлкен, мәнді де мағыналы беті, бұл – Ұлы Жібек жолы. Соңғы жылдары ол туралы жазбаған не тарихшы не жорналшы жоқ сияқты. Бәрі жарыса жазуда. Олардың бірі оның тарихын жазса, екіншісі адамзат өркениетіне қосқан үлесін жазып, әйтеуір мақтауын келтіруде. Бірақ, сол жазғыштардың бір де біреуі сол Жібек жолының не бастауына, не оның ашылу мақсатына мойын бұрмай қойды ғой. «Жібек жолы». Жібекті кім өндіреді? Ол Қытай. Яғни, Жібек жолы Қытайға тиісті. Оны ашқан да, онда сауда жасаған да Қытай. Тіпті, осы Жібек жолының көмегімен бүкіл дүниежүзіне өзінің мәдениетін таратқан да Қытай болып шығады. Ал, шындығында да солай ма?
Жібек жолы жайлы көптеген тарихи деректер бар. Солардың барлығы Жібек жолын Қытайға алып барып қояды. Бұл қазір қалыптасқан, балталасаң да бұзылмайтын қағидаға айналды. Осыдан оншақты жыл бұрын Алматыдағы «ҚАЗақпарат» баспасы Қытайдағы белгілі қазақ қаламгері, Қытай мемлекеттік жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қытай қазақтарына байланысты жиырмадан астам тарихи еңбектің авторы Зейнолла Сәніктің «Тұғырыл хан. Демежан батыр» деген тарихи-эсселер, ғылыми-зерттеулерінің жинағын жарыққа шығарған болатын. Сол еңбектің «Жібек жолы (Қазақтың сауда тарихынан)» деген бөлімінде мынандай жазулар бар:
– «Ұлы Жібек жолының» алғашқы сілемі «Дала Жібек жолынан» Қытай ғалымдарының жазуларынша оның негізін салғандар Хуанхе мен Сыр дариясы аралығында жасаған көшпенділер екен. Бұл біздің жыл санауымыздан бұрынғы Х ғасырға тура келеді. Сонан кейінгі оның ресми хатқа түсуінде біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІІІ-ІІ ғасырдағы әйгілі жиһангез саяхатшы Жаң Чиянның Хан елінің батыс өңіріндегі сақ-үйсін, һұн, ұлы иүздер еліне жасаған сапарының айрықша ролінің болғанын атау керек. Сонан тартып хан елі мен үйсін елінің қарым-қатынасы күшейіп, құда жұрағат болып, Нәнді би заманынан Әнді би заманына дейін, яғни, дәуірімізден бұрынғы 177 жылдан 11 жылға дейін ол өзінің тығыз достық белгісін тарихи жазба дерекке түсіріп кеткен… Сонымен бірге, әлемге әйгілі осы Жібек жолының негізін хан елі мен сақ, үйсін елі, сондай-ақ, батыс өңірінде жасап отырған халықтар бірлесіп салған деген қорытынды шығаруымызға мүмкіндік жасайды»…
Бұл жолдардан қандай қорытынды жасауға болады? Ұлы Жібек жолы өзінің бастауы біздің дәуірімізге дейінгі Х ғасырда жатса, Ұлы Жібек жолының хатқа түскен уақыты біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырларда жатыр. Оны хатқа түсіріп жүрген Қытай елінің әйгілі саяхатшысы Жаң Чян екен.
Өзінің осы еңбегінде үлкен ғалым Зейнолла Сәнік бауырымыз Ұлы Жібек жолының толып жатқан сілемдері, оның жолындағы ежелгі Алмалы қаласы, Орта Азия мен Түркия, Иран, Ирак, Грекия, Рим империясының қалалары туралы жазады. Ал, қазіргі Қазақстан жерінде Ұлы Жібек жолының сілемдері Алтай мен Жетісу арқылы өтіп, Сыр, Каспий, жеріне барып тірелетінін баяндайды. Бұл жолдардың барлығы, әрине, бірден салынбаған, біртіндеп, бірінен соң бірі пайда болғанын айтса, Жібек жолының сілемдері жеткен жерде үлкен сауда орталықтары пайда болып, өмірдің қыза түскендігін жазады. Қала болған жерде түрлі базарлар болатыны заңды. Біртіндеп, қала тұрғындары нені сатуға болады, қандай тауар өтімді, нені саудаға алып шығуға болады, сол заттарды өздерінің қолымен жасап, қаладағы сауданың көрігін қыздыра түскен. Сауда болған жерде еңбек бәсекесі, еңбек жарысы болуы сөзсіз. Бәсекелестен озу, одан да әдемі, оның өнімінен де өтімді тауар шығару, яғни, еңбек бәсекесіне түсу бұл адам табиғатында бар қасиет, ең мықты қасиет. Яғни, сауда адамзат баласының өркениетке қарай жылжуының негізгі де, бастаушы күші. Сауда жүрген жерде неше түрлі жаңалықтар өмірге келіп, жаңа тауарлар, өнімдер, жаңа технологиялар пайда болып, өркениетті алға қарай жылжытып отырады. Өнім жақсарса, пайданың да артары сөзсіз. Алар пайда артқан сайын, қалтаға түсер пұл да артады. Тоқетерін айтқанда, сауда адам баласының алға қарай жылжуына жол ашты. Жаңадан салынған қалаларға неше түрлі шеберлер жиналып, не бір ғимараттар салды. Түрлі керек-жарақты жасап, елді өздерінің өнімдерімен қызықтыра түсері де заңды. Дүниежүзіндегі сол сауданың басында кімдер тұрды. Әрине, біздің бабаларымыз. Өйткені, олар дүниежүзінде бірінші болып қытайлықтарға өздерінің тауарларын алып барып ұсынды.
Біртіндеп өсіп, бүкіл Еуропа мен Азияның халқын өзіне қаратқан Жібек жолының даңқы артып, ол жайында түрлі саяхатшылар, қолдарына қалам ұстаған көзі ашық жандар жаза бастайды. Солардың бірі, арабтың әйгілі саяхатшысы Максиди заманында мынынай жазу қалдырған екен: «Тараз – бай, бақшасы көп, даңқы шыққан, бекінісі күшті шаһар. Оның үйлері үйме-жүйме, тығыз салынған, төрт дарбазасы бар. Шаһар маңында халқы көп елді мекендер орналасқан. Шаһар дарбазасының түбінен өзен ағып жатыр. Шаһардың бір бөлігі өзеннің арғы бетіне орналасқан. Өзен үстінен жол өтеді. Мешіт хан базарының ортасында салынған (З.Сәнік. Тұғырыл хан. Демежан батыр. Алматы. «ҚАЗақпарат». 2005. 216 бет). Саяхатшының осы жазбаларының өзінен-ақ сол кездегі Тараз жайлы бірталай дерек алуға болады. Ол заманда бұл маңда Тараздан басқа да көптеген (жүзден астам) қалалар болған. Оларға жеткен Ұлы Жібек жолы шығыс пен батыстағы қалаларды бірімен – бірін жалғап, Жібек жолы арқылы сауда-саттық қана емес, мәдениет пен өнер, өндіріс, ғылым, тағы да басқа жаңалықтар тарап отырған. Осылайша Ұлы Жібек жолы Азия мен Еуропа өркениеті мен мәдениетінің қайнаған ортасы болған. Осы Ұлы Жібек жолын бастаушылардың бірі біздің бабаларымыз болғанын қашанда да мақтан етуіміз керек.
Ұлы Жібек жолы жайлы ерекше ескерте кететін бір жай, бұл – Жібек жолының басында Ұлы дала ұландарының бұған дейін қолға үйреткен, мініп көлік еткен, айналаны сол көлікпен аралаған – жылқы малы тұрғанын ұмытпау керек. Ол заманда көлігің болмаса еш жерге бара алмайсың. Жаяу адамның сағатына үш-төрт километрлік жылдамдығымен дүние жүзін аралауы тіпті де мүмкін емес. Көлігі жоқ ел – ол мешел ел. Ол заманда қытайлықтар да сондай болған. Сондықтан да, ел бұл жолды әу баста «Ат-Жібек жолы» деп атаған. Жібек жолы бідің бабаларымыздың аттарының тұяғымен салынған. Бұл жай З. Сәнікте де бар. Солай бола тұра, тек біз ғой, өзіміздікін біреуге беріп қойып, аузымыз ашылып отыратын. Бүгінге дейін біздің бабаларымыз ашқан талай жаңалықтарымызды басқалар иеленіп кетті емес пе?
Біздің бабаларымыз атқа мініп, ең алғаш Қытайға барғанда ең бірінші алғандары шай болған. Содан кейін барып қой, бабаларымыздың көңілдері жібекке ауып, алып барған жылқыларын жібекке айырбастап жүргендері. Ол заманда – осыдан бірнеше мың жыл бұрын дүниежүзінде сауда-саттық деген болды ма екен? Қытай еліне сауда жасаймын деп барып жүрген біздің бабаларымыз болса, олардың мініп келген аттарына қызығып, айырбасқа не алсаң да ал, тек бізге мына аттарыңды қалдырыңдар деп жүргендер қытайлықтар болғаны ғой. Сонда, дүниежүзіндегі сауданың басында тұрғандар біздің бабаларымыз бен қытайлықтар. Дұрысырағы, біздің бабаларымыз. Себебі, жат елге барып, біздерде мынадай, мынадай бар деп, тауарларын көрсетіп жүргендер сақ-үйсін халықтарының өкілдері. Бүгінде сол шындықты айтып, дүниежүзіндегі сауданың басында тұрғандар біздің бабаларымыз десек, кім сенер екен? Ол кезде ешкімде ақша (пұл) жоқ. Ал, өздерінің аялап өсірген тұлпарларын сақ-үйсіндер өте қымбат бағалаған. Ол жайында Зейнолла Сәнік марза былай жазады: «Сонау қиыр батыстан» ағылып келген тұлпарлардың құны жоғары бағаланған. Жарамды бір аттың құны «40 топ торғын» екендігі «Қос Таң патшалығы тарихы» деген жазба деректің «Тағамдар» тарауына түсірілген. Ақын Бай Жүйидің «Теріскейдегі тау жолдары» деген өлеңінде:
Елу топ торғын қолма – қол,
Айырбасталды бір атқа.
Аттар келіп дүбінтіп,
Торғын кетті жыраққа.
Қиын екен ат бабы,
Баға алмадық малданып.
Талайы өлді тыриып,
Көрсек те талай қарманып …
«Бұл өлеңдерде аттардың қайдан, қалай келгендігі, қалай саудаланғандығы, бұрыннан ат көрмеген халықтың қандай қиындыққа тап болғандығы өте анық айтылған», – дейді Зейнолла Сәнік бауырымыз. Ұлы даладан келген аттарды өздері бағып, мал қыла алмай жүрсе де, ол жақтың ақындары аттардың сымбатына қарап, тіпті оларға (жылқыларға) арнап талай өлең де шығарған екен. Солардың бірі Ду-Фу деген ақын былайша жазыпты:
Ферғана-Худың аттары, сымбатына адам тойғандай,
Неткен әсем сүйегі, қылышпен қиып қойғандай.
Құлақтары біздиген, бейне қамыс кескендей.
Төрт тұяғы лыпылдап, самал жел болып ескендей…
Жаңалық қашанда кімге болса да таңсық. Елмен елді жалғай бастағанына көп болмаған Жібек жолы маңайдағы халықтың барлығына таңсық болған. Содан болар, олар жолды жөнге келтіріп, қажет болғанда жолдағы тастарды алып, ой менен қыраттарды тегістеп, жүруге ыңғайлы етіп отырған. Түйелер мен аттарға тауар артқан керуеннің тоқтайтын, керуеншілердің дем алатын жерлерін дайындап, оларға жағдай жасап отырған. Келе-келе олар – керуен қай елден келеді, керуенді кімдер алып келеді, қандай тауар алып келеді, соның барлығын алдын ала білу үшін керуеншілердің ер-тоқымдарына арнап ою-өрнек дайындап, арнайы жолаушаларына сол ою-өрнекті салып отырған. Сол ою-өрнекке қарап, керуеншілерді қарсы алып, оларға сол белгілеріне сай құрмет те көрсететін болған. Дала халқы – біздің бабаларымыз көп жағдайда ол жолаушыларға, болмаса ер-тоқымдарына өз елдерінің, ру-тайпаларының таңбаларын да түсіретін болған. Бұл жайындағы әңгімені Зейнолла Сәнік бауырымыз былайша жалғастырады: – «Жібек жолының белгілері біздің тұрмысымызға да сіңіп кеткен. Қазақтың ою-өрнектеріндегі құстаңдай – шешендікті, құсмұрын – бақыттылықты, итқұйрық – ауыл арақатынасты, қошқармүйіз – әл-ауқаттылықты, омыртқа – қайраттылықты, ерлікті, қолтық ою – меймандостықты білдіреді. Ал, осы сияқты текемет, сырмақ, түс киіз, от киіздерге көп ойылатын байырғы оюлардың бірі – түйетабан. Ол алыс сапар белгісін білдіреді. Бұрынғы заманда керуеншілердің шапанына, осы түйетабан оюы салынған» (З. Сәнік. Тұғырыл хан. Демежан батыр. 229 б.).
Осылайша біз, қазақтың ою-өрнегінің де пайда болуына Ұлы Жібек жолының әсері болғанына көзіміз жетіп отыр. Яғни, қазақтың ою-өрнегі жазудың пайда болуынан біраз бұрын қолданысқа енгенін көреміз. Жазу демекші, жазудан анағұрлым бұрын пайда болған өрнектердің бір түрі, бұл Қостанай жерінде, ұлы таудың солтүстік жақ бетінде жатқан қорымдағы құлыптастарға салынған өрнектер.
Бүл құлыптастардың астарында кімдер жатқандығын, тастар қашан қойылып, олардың беттеріндегі мына өрнектердің қашан салынғандары белгісіз. Бірақ, менің көзім жетіп отырғаны, бұл құлыптастардың заманы тіпті әріде жатыр, тіпті жазудың жоқ кезінде пайда болғаны, бұл өрнектер салынған технология бүгінгі біздің қол жеткен технологиямыздан әлде қашан бұрын жасалған. Олай дейтінім, мына өрнектер алдымен тасқа қашалып салынған да, сол қашалған жерге, электр сваркасы сияқты етіп, сол тастың құмы жапсырылған. Құмның таспен біріккені соншалықты, оны тастан (бөліп алу мүмкін емес) айыра алмайсың. Ондай технологияға біз әлі жеткен жоқпыз. Мүмкін, осы технологиямен Египеттегі пирамидалар салынған болар. Мүмкін… Енді, оны анықтау біздің ғалымдарымыздың міндеті болар деп ойлаймын. Егер, ғалымдарымыз осы құлыптастар құпиясын таяу жылдары ашатын болса, бүкіл дүниежүзі Египет пирамидаларының да құпияларын ашулары мүмкін. Бұл жаңалық біздің бабаларымызды – біздің бабаларымыздың ой-қуаттарын, тапқан, өмірге әкелген жаңалықтарының, құмды илеп, тасқа жапсыратын технологияларының көмегімен ғылымның тіпті жаңа биігіне көтеруі әбден мүмкін. Басқалар ие болып кетпей тұрғанда, осы жаңалықтарды ұстап қалалық, ағайын.

Қуанышбай Орманов

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.