БІЛІМ – КҮШ

  • 29.09.2019
  • 43 рет оқылды
  • 0

Брайан Трейси – жеке және кәсіби даму саласындағы шешендік өнерінің шыңына шыққан ең мықты кеңес берушілердің бірі. Оның орыс және ағылшын тіліндегі нұсқаларынан біршама қысқартылып аударылған «Достижение максимума: 12 принципов» деген кітабының бір бөлігін ұсынамыз.

Даналыққа жеткен адам және ақылға ие болған адам бақытты! Өйткені, оған ие болу күмісті сатып алғаннан артық және одан келетін пайда алтыннан гөрі көбірек болды. Ол асыл тастардан қымбат және сен қалағанның ішінде ештеңе де онымен теңесе алмайды.
(Тәмсілдер) (3:13-15)
Бүгінгі өмір – бәйге сынды, ал, сіз оның қатысушысыз. Жалғыз ғана сұрақ бар – сіз бұл жарыста жеңесіз бе немесе жеңілесіз бе? Бұл көбінесе өзіңізге байланысты. Сізде айтарлықтай артықшылық бар – көптеген адамдар бұл жарысқа қатысатынын білмейді де. Олар қазіргі әлемде бәсекелестіктің қаншалықты дамығанын білмей және жеңудің қаншалықты маңызды екенін түсінбей, ағыс бойымен жүзе береді.
Шығыс Африкада Серенгети жазығында қарақұйрық оянады. Ол, егер, аман қалғысы келсе, осы күні ең жүйрік деген арыстаннан жылдам жүгіруі керек екенін біледі. Одан кейін арыстан оянады. Ол да аш қалғысы келмесе, ең ұшқыр қарақұйрықтан жылдам жүгіруге тиіс екенін біледі. Бұл мысалдан түйілетін ой – күн көтерілген кезде сіз өзіңізді қарақұйрықтың немесе арыстаның орнына қоясыз ба, бәрібір сізге асығу керек.

Ақпарат ғасыры

Ауыл шаруашылығы ғасырының ресми түрде шамамен 1815 жылы басталған индустриялық ғасырмен ауыстырылуы үшін адамға 6 мың жыл қажет болды. 1950 жылға қарай дамыған елдердегі жұмысшылардың көбі өнеркәсіпте жұмыс істеді. Бірақ 1960 жылға қарай, яғни 150 жылға жетпей, өнеркәсіп ғасыры аяқталды. Біз қызметтер көрсету ғасырына ендік. Көптеген адамдар өнеркәсіп өндірісінен гөрі әртүрлі қызметтер көрсетумен айналыса бастады. 20 жыл өткен соң, 1980 жылдардың соңына қарай, халықтың жұмыспен қамтылуы тұрғысынан қызметтер көрсету ғасыры ақпарат ғасырымен ауысты. Қазіргі кезде кез келген басқа салаға қарағанда ақпаратты жасау және өңдеу саласында басым көп адамдар жұмыс істейді. Ал, енді, XXI ғасырдың басынан бастап біз коммуникация ғасырына ендік. Барған сайын көптеген адамдар ақпарат, идеялар, ойын-сауық, жаңалықтар жасаумен және алмасумен айналысады.
Ойлап көріңізші! Ауыл шаруашылығы ғасырынан өту үшін бізге 6 мың жыл қажет болды; өнеркәсіп ғасыры 150 жыл созылды, 20 жыл ішінде біз қызметтер көрсету ғасырын бастан өткердік, ақпараттық ғасыр тағы 20 жыл созылды, міне, біз коммуникация ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Біз бұлшық ет күшінен ақыл күшіне дейінгі жолдан өттік. Бұрын біздің назарымызға заттарды өндіру мен оларды жылжыту болды, енді біз идеялар мен білімді әзірлеу мен таратуға ден қойдық. Бұдан былай және алдағы уақытта сіздің жұмысыңыздың зияткерлік құрамдас бөлігі және сіздің білім алмасу іскерлігіңіз көп жағдайда сіз айналысатын істің құндылығын, табатын ақшаның көлемін және жалпы өміріңіздің сапасын айқындайтын болады.

Құнның басты көзі

Мор заңына сәйкес, компьютерлердің өнімділігі әрбір 18 ай сайын екі есе ұлғаяды. Сонымен қатар, ақпаратты өңдеудің өзіндік құны тең жартысына төмендейді. Тиімділік қандай керемет өскен! Егер, автокөліктердің өзіндік құны мен тиімділігі ақпаратты өңдеу жылдамдығы сияқты пропорцияда өзгерсе, онда су жаңа «Лексус» бүгін 2 доллар тұрып, 300 шақырым жолға 1 литр бензин жұмсап, сағатына 800 км жылдамдықпен жүрер еді. Су жаңа «Лексус» компьютерлік жүйелердің кезінде Айға ұшқан өз заманының ең тамаша ғарыш зымыраны «Аполло-13» – тегіден де көбірек санымен жабдықталған.
Қазіргі заманғы автомобильдің бағасында электроника, білім және ақпараттық жүйелердің құны ол жасалған болаттың құнына қарағанда көбірек үлесті құрайды. Біз ақпараттық ғасырға ендік, онда құнның басты көзі біздің қоғамның ең маңызды институттарының басым бөлігі абдырап, сасып қалғандықтан, қажетінше дами алмаған білім болып шықты. Біздің заманымыздың басты сынақтары мен мүмкіндіктерінің бірі осы болып табылады.

Компания қанша тұрады?

Бір досымның фирмасы бар, оның сату көлемі бес жыл ішінде 1 миллионнан 10 миллион долларға дейін ұлғайды және осы уақыт ішінде пайдасы үш есе өсті. Осыдан кейін банк компанияны несиелеу желісінен бас тартты және оны тәуекел деңгейі жоғары ұйымдардың тізіміне енгізді. Неліктен? Өйткені, бұл компания өз капиталын – жылжымайтын мүліктің, жиһаздың, машиналардың, компьютерлердің және т.б. құнын ұлғайтпастан, сату көлемін күрт арттырды. Банкте бұл фирманың басты капиталы оның қызметкерлерінің білімі болғанын, ал, білімнің көмегімен материалдық ресурстарға қаражат салмай, қосымша құнды шексіз арттыруға болатынын түсінбеді.
Қаржы институттары қазіргі кезде технологиялық өзгерістер нәтижесінде құны 100 миллион доллар болатын зауыт моральдық тұрғыдан ескіріп, қандай да бір жыл ішінде бәсекеге қабілетсіз болатын жағдайларға жиі тап болады. Бүгінгі күні банктер несиені қамтамасыз етуді талап еткенде, оларға компанияның ең құнды ресурстары – оның қызметкерлерінің басындағы білім екенін түсіндіру мүмкін емес және оны ақшамен өлшеу де өте қиын. Ғимарат құны ертең барлық материалдық мүлікпен бірге құлап қалуы немесе жанып кетуі мүмкін, ал, білім қалады және адамға басқа үй-жайды жалдау жеткілікті, сөйтіп, өз ісін бірнеше сағаттан кейін жалғастыра алады.
Бірнеше жыл бұрын, егер, кәсіпорын жанып кетсе, бұл бизнестің соңы болар еді. Оны ешкім қалпына келтірмес еді. Ал, бұл кәсіпорын бүкіл қаланы жұмыспен қамтамасыз етер еді ғой. Енді, бақытымызға қарай, бәрі де басқаша.

Жеңімпаз бәрін алады

«Жеңімпаз бәрін де алады» тұжырымдамасы – XX ғасырда туған ең маңызды идеялардың бірі. Бұл білім мен қабілеттіліктегі ең аз деген артықшылық алынған нәтижелерде үлкен айырмашылықты қамтамасыз етуі мүмкін дегенді білдіреді. Оған мысал міне. Егер, ат бәйгеде бірінші болып келсе, мәреге жеткендегі ара қашықтық азғантай болса да, екінші келгенге қарағанда он есе көп алады. Бұл бірінші жылқы екіншісінен он есе жылдам жүгірді дегенді білдіреді ме? Мүмкін, екі есе жылдам? Он пайызға тезірек? Жоқ. Ол екіншісінен сәл ғана озды, бірақ бұл «сәл» ол үшін үлкен жүлдеге айналды.
Компания нарықты жаулап алған кезде, ол өз бәсекелестерінен сәл ғана жақсы жұмыс істегені айқындалады, бірақ нарықтың 100 пайызын алу үшін оған сол жеткілікті болды. Ол басқаларға қарағанда 100 пайызға жақсы жұмыс істеді ме? Жоқ, сәл жақсырақ жұмыс істеді және жеңіске жетті, ал, жеңімпаз бәрін алады.
Сіздің бәсекелестеріңізде жоқ білімнің болар-болмас қана түйіршігі басым артықшылыққа ие болу үшін жеткілікті болуы мүмкін. Бір директор маған жақында былай деді: «Біздің тұрақты бәсекелестік артықшылығымыздың бірден-бір нақты көзі – оқу және іс жүзінде жаңа идеяларды тез қолдана білу».

Жұмысты сақтаудың өмір бойы кепілдігі

Бүгінде еңбек нарығының тұрақ-сыздығы туралы көп айтылады. Адамдарды жақсы уақытта да және құлдырау кезеңінде де мыңдап жұмыстан шығарған. Бұл жаппай жұмыстан босату үрдісі әлі белгісіз ұзақ уақыт сақталады. Біздің білім мен ақпарат ғасырына көшумен байланысты қарқынды өзгерістер жаңа тауарлар мен қызметтердің пайда болуына алып келеді және көптеген тауарлар мен қызметтерді тозып, ескіргендер қатарына қосады. Сұраныстың осындай тез өзгеруі кезінде адамдар тұтынушыларға бүгін керек заттарды шығару үшін бір жұмыс орнынан екіншісіне көшуге мәжбүр.
Адам білімінің жалпы сомасы әр екі-үш жыл сайын екі есе артады. Бұл, егер әр түрлі елдерде адамзат тарихында жинақталған барлық білімді жинақтап, бір жерге үйсе, онда үш жылдан кейін осы жиынтықтың жанында тағы бір сондай немесе одан да үлкенірегі пайда болады деген сөз.
Білім экспонент бойынша өседі. Білімнің әрбір жаңа легі бұрын алынған біліммен біріктіріліп, қайта ажырайды, сөйтіп, білімнің жаңа массивін тудырады. Жылдамдық өсе түседі. XXI ғасырдың басында кейбір салалардағы білім жиынтығы жыл сайын екі есе артатын болады. Егер, бұған жеке көзқараспен қарайтын болсақ, онда сіз әрбір екі-үш жыл сайын өз білімдеріңіздің көлемін екі есеге арттыра түсуіңіз керек. Егер сіздің жеке біліміңіз сіздің қызмет саласындағы жалпы білім сомасы өсе түсетін жылдамдықтан кемірек жылдамдықпен өсетін болса, сізге борттың сыртында болу қаупі айтарлықтай-ақ төніп тұр.
Қазіргі жұмыстан босатудың басты себебі – компаниялар білім мен дағдылардың жаңа формаларын қажет етеді, оларға білімнің жаңа, неғұрлым мамандандырылған салаларын жақсы меңгерген адамдар қажет. Бір компанияларда жаппай жұмыстан босату болып жатқан кезде екінші компаниялар басқа лауазымдарда басқа жұмыс түрлерін орындау үшін басқа білім деңгейі бар мыңдаған адамдарды жалдауда.

Ақпаратты күрделендіру заңы

Ақпаратты күрделендіру заңы табыстың орташа статистикалық адамға қарағанда сіздің әлдеқайда көп нәрсеге қол жеткізуіңізге көмектесетін маңызды факторын түсіндіреді. Бұл заң: «Кез келген ұжымда аса маңызды ақпаратты игеретін, өңдейтін және қолданатын адам уақыт өте келе басқалардың барлығынан басым болады» дейді. Басқаша айтқанда, ақпаратты күрделендіру заңы Сіздің ұйымыңыздың нақты қажеттіліктеріне қатысты біліміңіз бен тәжірибеңіз көп болған сайын, соғұрлым сіздің ұжымыңызға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге және табысқа жетуге көмектесетін болады. Билік, жағдай, ықпал және бедел өзі білім алатын, содан кейін білімді жалпыға ортақ игілікке барынша тиімді пайдаланатын адамға тартылады.
Білім мен тәжірибе сізге жаңа жағдайларда таныс белгілерді ажыратып-тануға мүмкіндік береді. Көп қайталанатын сюжеттер мен үрдістерді сіз қаншалықты көруге қабілетті болсаңыз, соғұрлым жылдам шешім қабылдауға және белгіленген жағдайларда әрекет етуге болады. Мұндай қабілеті бар адам кез келген ұйымда жоғары бағаланады және мансаптық сатымен тез көтеріледі. Оның пайымдаулары мен үлесі өте жоғары бағаланады және басқа адамдар мен бүкіл компания жұмысының нәтижелеріне үлкен әсер етеді.

Алға шығып, алда болыңыз

Компанияның ең үздік сатушысы жыл сайын үздік сатушы болып қала береді. Неге осылай болады? Өйткені, ол көптеген апта, ай және жыл бойы тәжірибелі және талапшыл сатып алушыларға көбірек өнімдер мен қызметтерді сата отырып, білім жинайды. Бүкіл жарыс бойы кейінгілерден қара үзіп кетуді арттыра түсетін жүгірушілер сияқты, бұл сатушы өз бәсекелестерінен озып, көбінесе одан да күрделі және әрқилы-түрлі жағдайларда өзіне белгілі үрдістерді анықтай отырып, одан әрі қарай жылжиды. Бұл оған ықтимал мәмілені тез анықтауға мүмкіндік береді. Ол мәміле жасау үшін не істеу керек және не айту керек екенін бірден түсінеді. Нәтижесінде ол барған сайын көбірек сатады.
Әрбір жаңа сатумен ол қосымша тәжірибе алады. Үлкен тәжірибе, өз кезегінде, одан да көп, одан да жеңіл және жылдам сатуға мүмкіндік береді. Сіз, бәлкім, «Ештеңе де тап табыс сияқты табыс әкелмейді» деген сөз естіген боларсыз. Бәсекелестікпен байланысты кез келген қызмет саласында осылай болады.

Ұдайы өзімдікі жөн деп ойламаңыз

Сіздің қызмет саласындағы білім жиынтығы бұрын ешқашан болмағандай қарқынмен өсіп келеді және сіздің жеке білім қорыңыз да тап осындай жылдамдықпен ескіреді. Егер сіз яхтаға мініп, бір-екі жылға Жер шарын аралайтын саяхатқа барсаңыз, онда қайтып оралғаннан кейін сіз өмір бойы жинаған және сіздің жалақыңызды және атқаратын лауазымыңызды ақтаған барлық білімнің 30, 40, тіпті 50 процентінің қазірдің өзінде ешқандай мағынасы жоқтығын және пайда әкелмейтінін көресіз. Мүмкін, сондықтан, сізге бәрін де қайта бастау керек болады. Сіздің кәсіпорныңыздың өзі немесе тіпті сала да өз қызметін тоқтатуы мүмкін.
Әр түрлі салаларда білім әртүрлі жылдамдықпен ескіреді. Мысалы, тарихшының немесе кітапханашының білімі 10, 20 жылдан кейін немесе одан да көп жыл бойы ескірмейді. Қор нарығы, баға, нарық динамикасы, есеп ставкасы, экономикалық жағдайлар және т.б. сол сияқты салалардағы білім бірнеше күн ішінде, сондай-ақ бірнеше сағатта ескіруі мүмкін. Бір елеулі саяси немесе экономикалық оқиға сайлаушылардың көңіл-күйлеріне қатты әсер ететіні соншама, бұл сайлаудың күтілетін нәтижесіне қатысты барлық жинақталған білім бір сәтте ескіруі және мүлдем жаңа сценарий тудыруы мүмкін.

Болашақ – білімді адамдардікі

Егер, табысқа жеткіңіз келсе, болашақ білімді және құзыретті адамдарға тиесілі екенін әрқашан есте сақтаңыз. Ол ізгі ниетті, адал немесе жай ғана өр мақсатты адамдарға емес, істей алатын нәрселерді өте жақсы істейтіндерге тиесілі. Болашақ нәтижеге қалай жетуді білетін және күн сайын өз білімін толықтырып, жаңартып отыратын адамдарға тиесілі. Байдың баи түсетіні, ал, кедейлердің кедейлене түсетіні туралы ескі тәмсіл бар. Бүгін, алайда, бұл кімде көп және кім аз мүлік барлар арасындағы дау емес. Бұл көп білетін адамдар мен аз білетін адамдар арасындағы сайыс. Америкада үнемі өз білімі мен дағдыларын арттырып отыратындар мен мұны жасамайтындар арасында айырмашылығы айтарлықтай байқалады.
Жылдам алға жылжу үшін, әсіресе, қаржы саласында ілгерілеу үшін, сіз мынаны есте сақтауыңыз керек: көбірек табыс табу үшін, көбірек оқу керек. Қазіргі білім мен біліктілік деңгейімен сіз алысқа ұзай алмайсыз. Сізді ішіңізде көзге көрінбейтін бір шыны төбе тежейді. Егер сіз табысыңызды көбейтіп, табыс табу қабілетіңізді күшейткіңіз келсе, сіз жаңа ақпаратты, жаңа идеяларды білуіңіз, жұмыста қолдана алатын жаңа дағдыларды меңгеруіңіз, компанияңыз және тұтынушылар үшін қосымша құн жасауыңыз керек.

Білім – күш

Білім – күш деп жиі айтады, бірақ факті сол, қолдануға болатын білім ғана күш болып табылады. Бүгінгі экономикада оның көмегімен құндылықтар жасап, олар үшін біреулер ақша төлеуге дайын білімді ғана күш деп санауға болады.
Қандай да бір білімнің құндылығын қалай айқындауға болады? Оп-оңай. Құнды білім сіздің қоршаған ортаңызға қызықты нәтижелер алу қабілетіңізді арттырады. Пайдасыз білім мұндайды бермейді. Университеттерде сіздерге негізінен дұрыс, бірақ біреулер ақша төлеуге дайын құндылықтарға айналуы мүмкін емес болғандықтан, нақты әлемде мүлдем пайдасыз деректерді өте көп береді.
Жоғары оқу орындарының түлектері көбінесе үш немесе төрт жыл бойғы уақыттарын өздерінен басқа ешкімді қызықтырмайтын пәндерді оқуға жұмсағанын анықтаған кезде таң қалдырады. Бірде-бір жұмыс беруші оларға археология немесе антропология саласында алған ғылыми дәрежесі үшін ақша төлеуге дайын емес. Міне, түлектердің 80%-і колледжді бітіргеннен кейін екі жыл ішінде алған мамандығына сәйкес келмейтін жұмысқа орналасатыны сондықтан. Сөйтіп, олар шынымен де басқа адамдарға пайдалы жұмыс іздеуге мәжбүр болады.

Әрбір есікті ашыңыз

Жоғарыда айтқанымдай, мен саналы өмірімді басқалардың алдында қандай да бір артықшылықтарсыз бастадым. Жоқ, дегенмен, бір артықшылығым болды: кітап оқуға деген махаббат. Мен бала кезімде оқығанды жақсы көрдім және ересек болғанымда да оқып, білім алуды жалғастырдым. Жылдар өте мен, өзім сияқты, нөлден бастауға тура келген әрбір табысты америкалық үздіксіз оқуы мен өзін-өзі жетілдіру арқылы өзін шыңдап, жоғары қарай жол салғанын байқадым.
Ең маңызды және жігерлендіруші ережелердің бірі: сіз қойылған мақсатқа жету үшін қажет болса, кез келген нәрсені үйрене аласыз дейді. Бұл табыстың ең үлкен принциптерінің бірі. Бұл сіздің әлеуетті жетістіктеріңіз іс жүзінде ештеңемен шектелмейді дегенді білдіреді. Егер, сіз өз мақсатыңызды көз алдыңызға анық елестете алсаңыз, сіз оған жету үшін қандай білім қажет екенін түсіне аласыз. Сіз өзіңізге қажеттіні оқыған кезіңізде, содан кейін оқығаныңызды іс жүзінде қолданғаныңызда, мақсатты іске асыру сөзсіз орындалады.
Тек қана ойлап қараңызшы! Сіз табысқа жетсем деген ыстық ықыластан басқа ештеңеңіз болмай тұрып бастай аласыз, содан кейін оқу және өзін-өзі жетілдіру процесінде сіз алдыңызға қойған кез келген мақсатқа жету үшін қажетті барлық білімді ала аласыз.

Сіз тақыр жерден – нөлден бастай аласыз

Бүгін қолында жүгі, кеденде мәлімдейтін ештеңесі болмаса да басқа елден эмигрант Америкаға 100 миллион доллар айналымы бар бизнес құруға бел буып, келе алады. Ол бар болғаны өз ақылының күшіне ғана сеніп, ал, қалғанын сол жерде табамын деп келе алады. Жақында, мен Силикон алқабына жақын Пало-Альтода, бір топ бизнесменмен түскі ас іштім. Менімен қатар отырған қытайлық 15 жыл бұрын Тайваннан Стэнфорд университетіне оқуға келгенін айтты. Оны аяқтаған соң, ол Америкада қалам деп шешеді. Сонда мен одан қазір немен айналысып жүргенін сұрадым. Ол электроникамен деді. Әрине, менің ойыма бірден тұрмыстық электроника келді. Мен ол табысы аз теледидар және стереоаппаратурамен айналысады деп шештім. Мен істің қалай алға жылжып жатқанын сұрағанда, ол өз кәсіпорнының айтарлықтай табысты дамып келе жатқанын, бірақ болашақта одан да жақсы нәтижелерге қол жеткізуге үміттенетінін айтты. Мен оның бизнесінің қаншалықты үлкен екенін сыпайы түрде сұрадым. Оның айтуынша, жақында олар 1 миллиард доллар көлемінде пайда тауып, кәсіпорында 2 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейтінін айтты. Оның «электрондық бизнесі» АҚШ-та және басқа да елдерде аса ірі компьютер жасаушыларды аналық платалармен және басқа да жинақталымдармен жабдықтайтын компьютер өндірісі болып шықты. Ол өзінің Тайваньнан шыққан компаньонымен бірге компанияның ортақ меншік иесі еді. Америкадағы 15 жыл өмірінде олар білім алды, өз ісін бастады және тұрақты оқуының, дағдыларын ұштаудың, табандылықтың арқасында, бір ғана ақыл-ойдың күшімен миллиардтаған табысы бар корпорацияны құрды. Сондай-ақ, гаражда кіші шебер болып жұмыс істеп жүрген кезде бастарына келген идеяларды іске асырудан бастап, «Apple Computer» корпорациясын құрған Стив Джобс пен Стив Вознякпен де сондай оқиға болған.
Билл Гейтстің «Microsoft» компаниясы – XX ғасырдағы ең керемет іскерлік табыстың символы – оған және Алленнің басына университетте оқыған кезде келген идеядан басталды. Тек білім күші Билл Гейтске әлемдегі «өздігінен болған» ең бай миллиардер болуға мүмкіндік берді.

Ғұлама болу міндетті емес

Тек қана бір нәрсені ескеріңіз, ақпарат ғасырында табысқа жету үшін компьютерді егжей-тегжейлі білетін және Стэнфорд немесе Гарвардтың түлегі болу керек деп ойламаңыз. Ұлттық байлықтың тоқсан пайызын бұрынғыша қарапайым сатып алушыларға ең қарапайым өнімдер мен қызмет көрсететін әдеттегі кәсіпорындар құрайды. Баю үшін сізге қажеті бір-ақ нәрсе, ол – идея, ең болмағанда 10 пайызы жаңа идея. Біздің экономиканың бір тірегі болу үшін сізге бар болғаны жаңа білімнің бір легі, жаңа ой және оны нарықтық жағдайда қолдану қабілеті қажет.

Аударған
Мырзагелді КЕМЕЛ

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.