Абай ілімін рухани жаңғыруда қолдану

  • 16.08.2019
  • 1216 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Досым ОМАРОВ,
философ, абайтанушы,
теолог-ғалым

Істің сәтті болуы үшін әуелі оның мән-мәнісін біліп алу керек екені белгілі. Рухани жаңғыру туралы да осыны айтуға болады. Рухани жаңғыру дегеніміз – адамның бүкіл болмысын өзгерту. Адам өмірі осыған арналған, сондықтан бұл маңызды мәселеге жауапты қараған дұрыс. Абай қалдырған мол мұра рухани жаңғырудың негізін береді, сондықтан одан бұл маңызды мәселенің шешімін толық табуға болады. 
«Рухани жаңғырудың» мәнін атауының өзі көрсетіп тұрғандай: рухани жаңғыру дегеніміз – рухты жаңғырту. Өкінішке қарай осы қарапайым түсінік іс жүзінде бұрмаланып, мүлде басқа мән алып жүр. Оның себебі, рух деген ұғымның өте терең мағыналы болуында. Рух – қолмен ұстап білетін заттық әлемге жатпайтын құпия түсінік. Әркім біле бермейтін терең сыры бар. Қазақ тілінде «ұлттың рухы», «рухын көтеру», «рухтың қалыптасуы» тәрізді сөз тіркестері кездеседі. Бірақ, бұлардың барлығы рухтың сыртқы көрінісін, оның салдарын ғана бейнелейтін, дегенмен ішкі мәнін аша алмайтын жалпылама сөздер.

Бұл ішкі мәнді түсінбейтін кейбір ғалымдардың өздері рухты абстракциялық түсінік деп ұғады. Ол рух абстракция емес, оның нақты мәні бар. Әр құбылыстың сыры мен сымбаты болады және олардың айырмашылығы үлкен. Бұл туралы Абай былай деп жазады:
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат, – дейді Абай. Бұл даналық сөздің маңызын аңғару керек. Сыр мен сымбатты айыра білмесек, онда тек сыртқы сымбатына елігіп, ішкі сырынан айрыламыз. Сыртқы көрініспен рухани жаңғыру мүмкін емес. Ол ішкі мәнге байланысты. Ішкі мән сыртқы көріністің себебі. Сыртқы көрініс ішкі мәннің жетілуіне және бұзылмай сақталуына арналған күзетші ғана. Ішкі мән мен сыртқы көрініс өзара байланысты.
Рухтың ішкі мәнін түсініп алмай ешкім де рухани жаңғыра алмайды. Өмір осыны көрсетіп отыр. Елімізде рухани жаң­ғыруға бағытталған бұрын-соң­ды қанша жобалар, жақсы бас­талған іс-әрекеттер болды. Бірақ, бұл жобалардың ішкі мәні кезінде ашылмағандықтан олар­дың барлығы да орындалмай, аяқсыз қалды, не болмаса толық өз нәтижесін бере алмады. Мысалы, бірер жыл бұрын халықтың рухани ахуалын көтеру үшін көптеген шаралар жасалды. Олардың қатарында: мектепте өзін-өзі тану, валеология, дінтану, абай­­тану пәндері енгізіліп, жас­тарды мектеп қабырғасынан тәрбиелеу талпыныстары өріс алып еді. Бірақ, бұлардың бі­реуі де өз мақсатына жете алмады. Себебі неде? Себебі, бұл­ пәндердің рухани негізде екен­дігінде. Ал, рухани жұтаған қо­ғам бұл пәндердің маңызын түсінбеді, дұрыс қабылдамады. Нәтижесінде бұл пәндердің тиімділігі өз деңгейінде болған жоқ. Тіпті, Абайдың рухани мұрасы жүйеленген оқу құ­рал­ы шығарылып, мектептер­де оқытыла бас­талып еді. Өкініш­ке қарай, Абайды тек қана ақын ретінде қабылдайтын әдебиет­ші­лер қауымы қарсы болып, данышпанның ойшылды­ғын қамтитын құрал оқу жүйесінен алынып тасталды. Кезінде мектеп мұғалімдері қуана қабыл­даған абайтану пәні алынып тас­талып, содан бері, міне, он бес жылдан артық уақыт өтсе де, абайтану саласы тоқырауға түс­ті. Ал, Абайсыз қазақтың рухани жаңғыруы мүмкін бе? Осы аталған шаралардың ең болмаса біреуін дұрыс түсініп, іске асырған жағдайда халықтың рухани ахуалы жаңғырудың жаңа белесіне көтерілер еді. Бірақ, елдегі рухани мешеулік бұл мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік бермеді.
Бүгінгі күндері тағдырдың беріп отырған рухани жаңғыру тәрізді тағы бір сыйлығын қолдан шығарып алу қаупі тұр. Оның белгісі де көріне басталды. Мысалы, теледидарды ашатын болсақ рухани жаңғыру үшін көптеген шараларды атайды. Оның ішін­де тарихымызға үңілу; бір кезде жабылған кітапханаларды, музейлерді қалпына келтіру; үгіт-насихат жұмыстарын жақ­сарту; халықтың әлеуметтік жағ­дайын көтеру тәрізді ұсы­ныс­тар­ды көреміз. Рухани жаңғыру дегеніміз осы деп түсінеді. Бірақ, бұлар рухани жаңғырудың мәні емес. Оның салдары, сыртқы көрінісі ғана. Әрине, бұлардың барлығы да керекті істер, бірақ ішкі мәнін түсінбеген жағдайда, Абай сөзімен айтқанда, олар тартымды бермес жеміс. Егер, ха­лықтың рухани болмысы кө­теріліп, қажеттілік тумаса, әліп­биді өзгертуге жұмсалған қаражат өз нәтижесін бермей, кітапханалар, музейлер қанша көбейсе де алдағы күндері баратын адам болмай, жасалған бар­лық іс-әрекет нәтижесіз болады. Осылай бұрынғы қателігімізді қайталаймыз. Бір кездегі Ресей­дің премьер-министрі В.Чер­номырдиннің сөзімен айтқанда «жақсы болсын деп едік, бірақ бәрі бұрынғыша…» болып шы­ға­ды. Себебі, әлі де істің ішкі мәні ашылмай, тек сыртқы көрінісіне ғана көңіл бөлініп жүр. Рухани жаңғыруда да оның ішкі мәнін түсінудің маңызы өте үлкен. Рухани жаңғырудың ішкі мәні – адамның адами қасиет­терін өсіру. Әсіресе, рухани жаңғыруда оның ішкі мәнін түсінудің маңызы үлкен. Бұған ізденіс керек. Рухани жаңғырудың мәнін Абай ілімінен табуға болады. Данышпан ілімі бойынша рухани жаңғырудың ішкі мәні – адамның адами қасиеттерін өсіру.
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі, –
дейді Абай. Рухани жаңғыру­дың ішкі мәні – жүректің көзін ашу. Жүрек көзі ашылса хақтың сәулесі түсіп, адам болмысы өзгереді. Фәни әлемнің әсерімен адамның іші кірленіп, нәпсінің ықпалына түседі. Күнәлі істерге барып, ар-ұятынан айрылады. Қайтадан адам қалпына келу үшін ол іштегі кірді қашыруы керек. Сол кезде оның кеудесі ашылып, хикметке толады. Хик­метке толу дегеніміз – жан дү­ниенің тазарып, сана-сезім­нің өсуі. Жан тазарғанда ұят оянып, рухани сәуле адам болмысын жаңғыртады. Осылай іштегі кір кетіп, жүрек көзі ашылады. Хик­мет кеуде рухани білім мен адами қасиеттерге ие. Адамның ой жүйесі өзгеріп, қайрат шың­далып, дұрыс ойлауға, дұрыс сөй­леуге, дұрыс әрекет етуге мүм­кіндік туады. Осындай адам­­дар ғана жетілген, қайғы-қасірет құрсауынан шыққан, ба­қытты қоғам орната алады.
Ойлау жүйесін өзгертіп, рухани жаңғыру жолына түсу үшін адам әуелі өзінің болмысын түсініп алуы керек.
Адам болмысы туралы Абай көп жазады. Ол қырық үшінші сөзінде «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» деп түсіндіреді.
Данышпан өзінің бұл тұжырымын «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» атты өлеңінде кеңітіп, анықтап айтып, ұғындырып береді.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Абай осылай адамның негізгі болмысы мәңгілікті жан, ал, тән болса, ол уақытша берілген құрал екенін түсіндіреді. Жан мәңгілікті болғандықтан, адамның негізгі құндылығы тәні емес, оның жаны. Жан тәннен жоғары тұр. Жан мен тәнннің құмарлығы екі бөлек, тіпті қарама-қарсы, бір-бірімен үнемі күресте. Адам өмірі оның қандай құмарлыққа берілуіне, яғни ниетіне байланысты. Абай жетінші қара сөзінде адамның жан құмары мен тән құмарының айырмашылығын түсіндіреді. Жан құмары мен тән құмарының күресі жақсы мен жаманның, әділет пен зұлымдықтың күресін білдіреді. Бұл күрес үздік­сіз бол­ғандықтан, өмірдегі әді­лет­­тілік пен зұлымдықтың кү­ресі де үздіксіз. Қай жағының күш алуына байланысты өмір кө­рінісі ауысып, алмасып отырады. Тән ­құмары жеңгенде адам ар-­ұя­тынан айырылып хай­уан­ деңгейіне құлдыраса, ал жан­ құмары жеңгенде тазарып, періште деңгейіне көтерілуі мүм­кін. Тән құмары жеңген адам­дар басым болғанда бүкіл қо­ғам құлдырау жолына түседі. Рухани жаңғыруы үшін адам тән құмарын жеңіп, жан құ­марына берілуі керек. Жан құ­марына берілгенде жүректің көзі ашылып, адам жетілудің жа­ңа деңгейіне көтеріледі. Абай осылай рухани жаңғы­рудың негізін береді. Рухани жаңғырудың негізі – өзіміздің тән ғана емес, жан екенімізді білуімізде. Сонда жан құ­марына ұм­тылып тән құмарын жеңе аламыз. Осылай рухани болмысты тазар­тып, жүрек көзін ашуға мүм­кіндік туады. Адам өзінің мәңгілікті жан екенін білетін болса, онда тән қызығына берілмей, нәпсісіне берік болып, көп­теген жарам­сыз істерден, күнәлардан аулақ болар еді. Бірақ рухани надан­дық әсерінен көпшілік қауым жан емес, тән құмарына, яғни «менікіне» ұмтылады. Бұл – бар­лық зардаптың себебі. Нәп­сі адамның жүрегін былғап, өмір­дің қызығынан айырады. Соны­мен бірге ол қабірден әрі өткенде керек қасиеттерді жояды. Абай ол қасиеттерді «Әділет пен арлылық, махаббатпен – Үш жолдасың қабірден әрі өткенде» деп көрсетеді. Бұлар – адами қасиет­тердің негізі. Рухани жаң­­ғыру осыларды қалпына кел­­тіреді. Адамның негізгі болмысы ру­хани – жан. Ендеше, рухани жаңғыру дегеніміз – өзінің жан екенін түсініп, сезінуі. Ру­хани жаңғырудың мақсаты – жан­ның өзінің алғашқы қасиетін қабыл­дау. Ол қасиеттер, рухани сөзбен айтқанда – мәңгілік, толық білім және ләззат. Қарапайым тілмен айтқанда – адамның мақсаты – ғұмыры ұзақ болып, ақыл-есі мол, бақытты өмір сүру. Рухани жаң­ғыру осыған жеткізеді.
Исламның ұлы данышпаны Руми тән құмары басқарғанда адам хайуаннан да төмен құлдырайтынын, ал жан құмары басқарғанда – періштеден де жоғары көтеріліп кететінін жазады. Адам тән құмары басқарғанда нәпсіге беріліп, құлдырау жолына түседі. Жан құмары басқарғанда – адам рухани жетілу жолына түседі. Жан тазарып, жүрек көзі ашылғанда жоғары мақсатқа жетуге жол ашылады. Адамның жетілуіне жағдай жасалса – бүкіл қоғам жетілген елдер қатарына ілігеді. Осындай қоғам ғана мәңгілік ел болуға мүмкіндік алады.
Рухани жаңғыру – тек адамның ғана үлесі. Ал, табиғат сансыз көп жан иелерінен құралады. Шәкәрім пікірі бойынша бүкіл табиғат өлі емес, тірі, яғни оның барлық бөліктерінде де жан бар, өмір бар. Ол «Ғаламда не бар болса, бәрі жанды» дейді. Жандылар үлкен екі топқа бөлінеді. Бірі – тау-тас, өсімдіктер тәрізді жылжымайтын болса, екіншілері – хайуанаттар, құстар, адамдар тәрізді қозғалатындар. Қозғалатындар – суда, жерде, ауада өмір сүретіндер болып бөлінеді. Олардың арасында адамдардың ерекше орны бар. Адамдардың жаны да ерекше. Жер бетіндегі жан иелерінің көпшілігі эволюция барысында біртіндеп жетіледі. Олардың арасында адам ғана рухани жаңғыра алады, бірақ олар өте азғана бөлігі. Адам өмірі өте маңызды. Адам өмірі – бүкіл болмыс нәтижесі десек артық болмайды. Рухани жаңғыруларына байланысты олардың санасы да түрлі деңгейлерде. Адамдардың арасында Құдайға сенетін имандылар, сенбейтін имансыздар да бар. Имандылар арасында Құдайға сөз жүзінде ғана сеніп, ал іс жүзінде тек қана өз қамын ойлайтын мұнафиқтар (Абай сөзі) бар. Өзінің пайдасы үшін олар түрлі күнәлі істерден де тайынбайды. Ал Құдайға шын беріліп, толық сенетіндердің арасында рухани жетілудің шыңына жеткендер көп емес. Себебі, олардың арасында ақиқат білімді іздеп, тек қана алға ұмтылатындар өте аз. Ал, білімге ұмтылған мұндай мыңдаған адамның арасында Құдайды шын танығандар бірен-саран ғана. Оларды Абай «толық адам» деп атайды. Олардың арасында Ұлы Жаратушыға толық беріліп, тек қана соның ризашылығы үшін өмір сүретін әулие адамдар, тіпті, аз. Мұндай жандарда Құдайдан басқа ниет-ой болмайды. Олар бұл фәни әлем ықпалынан толық шығып, босанғандар. Оларға қоршаған орта мен қоғам әсер ете алмайды, тіпті қоғамнан бөлек те өмір сүре береді. Сондықтан, олар өте сабырлы, жан тыныштығына толық бөленген адамдар. Мұндай биік шыңға тек қана рухани жаңғырудың шын мәніне жеткендер ғана көтеріле алады.
Рухани жолға түспегендер – жүрек тыныштығынан айырылып, фәни өмірдің салдарымен алысып, оны жеңеміз деп жүргендер. Өмір – Жаратушының бір көрінісі. Сондықтан, оны жеңу мүмкін емес. Ендеше мұндай арпалыс өмір шын бақытқа жеткізе ала ма?
Міне, осылай адам өмірінің маңызын түсінеміз. Ол біріншіден – өте сирек кезесетін өмір түрі, сондықтан өкініште қалмас үшін оны дұрыс пайдалана білу керек. Екіншіден – өте құнды сыйлық, себебі тек қана адам деңгейінде ғана рухани жаңғыру арқылы Абай көрсеткен өмірдің түпкі мақсатына жетуге болады. Сондықтан, өмірдің әр сәтін бағалай біл! Бірақ адамзат қоғамы рухани надандық салдарынан сана-сезімі түрлі деңгейде тұратын адамдардан құралатындықтан, жанға тыныштық бермейтін, сорпасы қайнаған қазан тәрізді. Одан шығу жолы – рухани жаңғыру.
Рухани жаңғыру және адам саулығы. Ежелгі медицина адамның тән саулығын ғана емес, сонымен бірге оның психикасының, яғни нәзік болмысының саулығын да көздеген. Жалпы, алғашқы медицина адамды біртұтас дүние ретінде қарастырған, себебі – Абай көрсеткендей, адам тұтас әлем. Медицинаның негізін салған ұлы данышпандардың бірі Ибн Сина (батыс елдерінше Авиценна, 980-1037 жж.) еңбектері де бұған дәлел. Бірақ уақыт өзгерді. Адамдар да өзгерді. Адам мен болмыс өмірінің үйлесiмдiлiгi бұзылып, бүкіл адамзат өмірiне қауіп төнді. Медицина ақыл саулығын психологияға беріп, өзіне тән саулығын ғана қалдырды. Ал жан саулығы мүлде ұмытылды – тіпті діни оқу орындарының өзінде де жан туралы нақты дерек айтылмайды. Осылай медицина кең ауқымын тарылтып, қазіргі кезде адамның тән саулығын да өз дәрежесінде сақтай алмайтын дәрежеге жетті. Өйткені аурудың түпкі себебін емес, оның салдарын (симптомын) ғана қарастырады. Психология да тығырыққа тірелді. Мұны бұл саладағы ғалымдардың өздері мойындап отыр. Қисық ой жүйенің әсерінен пайда болатын инсульт, инфаркт тәрізді бұрын сирек кездесетін ауру түрлері кеңінен етек алды. Осылай адам саулығын зерттейтін ғылым әр салаға бөлініп, бастары қосылмай және жан саулығын ұмытқандықтан өздері тығырыққа тіреле бастады. Бұл – біздің елде ғана емес, бүкіл әлемдік құбылыс.
Адам саулығы төмендеп, өмір талабы жаңа ғылым тудырды. Бұл – салауатты өмір салттары, яғни, валеология ғылымы. Валеология – денi сау адамдардың денсаулығын қалыптастыру, сақтау және нығайту жөнiндегi iлiм. Нақтылап айтқанда, валеология міндеті – адамның дұрыс өмір салты, яғни салауатты өмір салты. Салауатты өмір сүру үшін адам әуелі өзін-өзі танып, сонан кейін үйлесімді өмір сүру жолына түсуі керек.
Саулықты қалыптастырғаннан басқа валеологияның келесi екі мақсаттары – оны сақтау және нығайту. Саулықты сақтау белгiлi бiр реттегiш тәртiптердi қабылдау арқылы орындалса, ал оны нығайту – адам сана-сезімін өсіріп, өзін-өзі жетiлдіру арқылы болады. Бұл – салауатты өмір жолы. Ал, салауатты өмірдiң дәрежесi әуелi материалдық сатыдан басталып, әрі қарай рухани сатыға дейін көтерiле береді. Рухани сатыда саулықтың ең жоғарғы кемеліне жетуге болады. Салауатты өмір адамның ойы мен сөзiн оның iс-әрекетiмен оңтайландырып, болмыс сипатымен үйлестіреді. Өкінішке қарай, рухани жұтаған қоғамда мұндай тіршілік өте сирек кездеседі. Біздің елде де бұл маңызды ғылым саласы өз топырағын таба алмай, тұраңдап қалды. Әуелде оқу жүйесіне енгізіліп, үлкен ынтамен қабылданған салауатты өмір салты бүгінгі күндері тағы ұмытылды. Себебі оның рухани негізі берілмеді.
Адам саулығын қайта жөнге келтіру рухани жаңғыру барысында ғана болмақ. Рухани жаңғыруда әуелі жан саулығы пайда болады. Жан саулығы ой жүйені дұрыстап, тән саулығына жеткізеді. Бұл жүйелі ілімді Абай мұрасынан толық табамыз. Данышпан бабамыздың тағлымы бойынша рухани жаңғыру үшін ең әуелі адам өзін-өзі тануы керек екені белгілі. Енді сол білімді жүзеге асырудың жолын іздеуіміз керек. Бұл жолдың бағыты адамның саулығын сақтау ғылымы, яғни валеология бағытымен сәйкес. Себебі, адамның өмірi бүкiл космос тiршiлiгiмен үйлесiмдi болғанда ғана оның саулығы мінсіз болмақ. Яғни, бұл – Абайдың «Сен де бiр кiрпiш дүниеге, кетiгiн тап та, бар, қалан» деген қағидасын өз мәнiнде дұрыс түсініп, толық орындау керек деген сөз. Ол үшін әркім өзінің болмысын, бүкіл әлемдегі алатын орны мен міндетін, ол міндетті жүзеге асыру жолын, сонымен бірге, ең бастысы – Түпкі Иені тани білуі керек. Сонда ғана адам өмірдің негізгі мақсатына жете алады. Сонымен бірге, мінсіз өмір берген оның саулығы да мінсіз болады. Осылай жоғары мақсатқа жету жолы мен мінсіз саулық, салауатты өмір жолдары, бір-бірімен үйлесіп, біртұтас болып жатқанын көреміз. Ол жол – болмыс заңдылықтарын бұзбай үйлесімді өмір сүру, яғни, имандылық жолы. Сонымен, адамның саулығы дегеніміз – оның тән саулығы ғана емес, сонымен қатар оның психикасының, яғни нәзік болмысының да саулығы. Ал одан жоғары рухани саулық тұр. Рухани саулық дегеніміз – жан тазалығы. Осылай адам саулығы – тән саулығы, психика саулығы (ақыл саулығы) және жан саулығы болып үш деңгейге бөлінеді. Міне, адам осы үш болмысын түгел тазартқанда мінсіз саулыққа жетеді.
Бүгiнгi күндерi адамзат үйлесiмдi өмірден алыстап кеткендіктен, шын мәнiнде, қоғамда жоғары дәрежедегi сау адам сирек кездеседі. Осылай адамдар нағыз саулықтан айырылып, бүгiнгi күндері қоғамда түрлі аурулар жайылып кетті. Ендігі міндет – рухани жаңғырудың ішкі мәніне үңіліп, оны дұрыс іске асыру арқылы жоғалған саулықты қайта қалпына келтіріп, қоғамды реттеу. Абай iлiмi бұл мәселенi шешудiң негiзiн береді.
Абай ілімі бойынша жан саулығы барлығынан жоғары тұр. Сондықтан әуелі жан саулығын ойлау керек. Жан саулығы іштегі кірді қашырады. Жүрек тазарып көзі ашылса, оған Хақтықтың сәуелесі түсіп, адамның кеудесі хикметке толады. Сол кезде адамның барлық адамгершілік қасиеттерге ие болуына мүмкіндік туады. Рухани жаңғыру дегеніміз осы, яғни рухани жаңғыру дегеніміз – адамның рухани болмысын жетілдіру. Рухани болмыс оның барлық адами қасиеттерін құрайтындықтан, ол барлық себептердің себебі. Рухани болмыс жаңғырса, адамның заттық болмысы да жетіледі. Жаңғырған жан тәнді сауықтырып, адам болмысы толық жаңғырады. Осылай Абай ілімі бойынша медицинаның негізгі мақсаты мен ол мақсатқа жету жолын көре аламыз. Медицина ғылымы тек қана ауруды емдеу емес, оның негізгі себебі мен салдарын да зерттеуі керек. Ал негізгі себеп жан саулығында жатыр. Сонда ол өмірден бөлінбей, адам тіршілігін толық қамти алады. Саулықты қалыптастырудың негiзгi шарты – адам өмірi мен бүкiл әлем өмірiнiң, яғни макрокосм мен микрокосм өмірiнің үйлесiмділігінде. Үйлесімді өмір рухани жаңғыруға жол ашады.
Рухани жаңғыру саулықтың жоғары деңгейіне жетуге, ең болмаса соған жақындауға мүмкіндік береді. Денi сау адамдардың саулығын қалыптастыру дегенiмiз осы. Бұл мәселе, әрине, бүкiл қоғам, әрi кетсе адамзат деңгейiнде шешiлуi керек екенi түсiнiктi. Абай iлiмi бұл мәселенi шешудiң негiзiн береді. Оған Абайдың берген адам өмірiнiң мақсаты және болмыс негiздерi туралы iлiмiн қарастырғанда көзiмiз жетеді.
Абай iлiмi рухани жаңғыру аясында осылай бастарын қоса алмай жүрген медицина, валеология және психология ғылымдарының басын қосып, оларды бір салаға түсіруге мүмкіндік береді. Сонымен, рухани жаңғыру дегеніміз – жанды тазарту арқылы жүрек көзін ашу. Жүрек көзі ашылғанда ойлау жүйеміз тазарып, тән саулығына қол жеткізуге болады. Адам осылай жан саулығы, ой саулығы және тән саулығына жетеді. Тұғыры биік Мәңгілік ел тек қана осындай адамдардан құралмақ. Бірақ, рухани жаңғыру оңай шаруа емес. Тәнді жетілдіру қан­дай қиын екенін білеміз, ал жанды жетілдіру одан да күр­делі, мол күш-қайратты керек қы­латын, эволюциялық көп дең­гейлі құбылыс. Абай ілімін рухани жаңғыру үшін қолдану жолдарын «Абай ілімі және рухани жаңғыру» атты шығармада толығымен жазғанбыз.

Алдыңғы «
Келесі »