МӨР – ТАРИХ ТАҢБАСЫ

  • 16.08.2019
  • 81 рет оқылды
  • 0

Арнұр ҚАРЫМСАҚОВ,

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, «Орталық мемлекеттік архив» РММ
директоры

Әр мемлекеттің елдігі мен дербестігін танытатын өзіндік таңбасы болады. Қазыналы тарих қойнауына көз жүгіртсек, қазақ елінің де төл таңбасы, байрағы мен мөрі болғаны мәлім. Мөр – сыртқы және ішкі билікте дербестікті айқындайтын құнды құжат, елдікті айшықтайтын куәлік, заңды күші басым белгі. Жалпы, қазақ ғылымында тарихшылар мен этнограф ғалымдар мөрдің мән-мағынасы мен шығу тарихын, қолдану аясы мен заңды қуатын түбегейлі зерттей қойған жоқ. Тарихтың түкпірінде мөрге қатысты тың деректер тұнып тұр.

Әйтсе де, мөрдің шығу тарихына үңілсек, біздің заманымызға дейінгі кезеңнің өзінде маңызды рөл атқарып келгені жайлы зерттеулерде кездеседі. Қазақ тарихында мөрлер темір дәуірінен бастау алып, сақ тайпалары қолданғаны жайлы деректер бар. Есік қорғанында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында «Алтын адам» мәйітінің оң қолынан алтын жүзік мөр табылған. Дөңгелек пішінді алтын жүзіктің бетіне адамның суреті бейнеленіпті.
Ал, «Алтын шежіреде» Шыңғыс ханның мөрі болғаны, оның алқызыл яшмадан жасалып, бетінде «Құдай тағала аспанда, хақан жердегі құдірет. Адамзат билеушісінің мөрі» деген жазу жазылғаны жайлы мәліметтер көп. Көршілес Ресей еліндегі алғашқы мөрлер Х ғасырда пайда болды деседі. Жалпы, мөр құжаттың түпнұсқалығын айғақтау мақсатында қойылып отырған.
Қазақ хандары мен билерінің, батырлары мен старшиналарының мөрі туралы орыс ғалымы М.П.Вяткин біраз деректер жинақтаған. Оның айтуынша, қазақ хандары арасында мөрді алғаш пайдаланған – Әз-Тәуке хан. Қазақ даласында мөрді қолдану аясы ХVІ ғасырдан бастап кеңінен көрініс бере бастайды.
Ел ішіндегі тәртіпті әділдікпен реттеп отырған билер түрлі дау-жанжал, қақтығыс пен кикілжіңдерді ауызекі тілде ғана тізгіндеп қоймай, арнайы мөрлік таңбамен растап, жазбаша түрде бекітіп келген. Кейін келе, XVIII ғасырдың басында көршілес Ресеймен қарым-қатынас барысында ішкі және сыртқы саяси-әлеуметтік мәселелерді құжат жүзінде бекітіп отырған. Бүгінде түрлі құжаттардан қазақ хандарының мөрлерін кездестіруге болады.
Зерттеу еңбектері саусақпен санарлық қана болғандықтан, тарихтың осы бір тұсында мөрге қатысты екіұдай пікір байқалады. XVIII ғасырда Ресейдің патша өкіметімен өзара дипломатиялық байланыстың тығыз орнағаны мәлім. Зерттеушілердің бір легі қазақ хандары мен билеріне, батырлары мен сұлтандарына Патшалық губернаторлар мөр жасатып бергенін алға тартады. Яғни, қазақтың хан, сұлтан, би лауазымындағыларға Патша өкіметі арнайы мөр жасатып беріп отырған. Ал, қазақтардың өзі жасатқан мөрді Патша Губернаторлығы мойындамаған көрінеді.
Енді бір пікір бойынша, қазақта атақ-дәрежені халық ұсынып отырған. Әлдебір шайқаста ерлігімен көзге түсіп, жауды жапсыра жеңгендерге «Батыр» деген атақ беріліп, соған сай мөр жасатқан. Сұлтандық дәрежеге көтерілген сәтте мөрді де ауыстырып отырған. Би, хан, сұлтан, батырлардың мөрлері көлемі жағынан да, сыртқы пішін, бедері жағынан да өзгешеленіп отырған. Жалпы, ешбір мөр өзгесіне ұқсамайтын, даралықпен ерекшелініп тұрған.
Осы мөрлердiң түп нұсқасын зерделей қарасақ, патша әкiмшiлiгi мөрлердiң қандай болып жасалуына мән берiп отырған деген қорытындыға итермелейдi. Бұл турасында ғалым М. П. Вяткин мөр туралы жазбасында былай дейді: “…Мөрдiң бедерi қағазға қара бояумен түсiрiлiп отырған, жазу мөрдiң табанына ойып салынғандықтан, оның басқанда түскен бедерi тiптi айқын болмай көмескi болып түсiп отырған. Әсiресе, диаграфиялық белгiлерiн айыру қиын. Мөрлердiң үлгiсi миндаль сияқты сопақ, дөңгелек, шаршы және сегiз қырлы келедi. Миндаль сияқты мөрлердi қашан да болса сұлтандар мен қожалар ұстаған, тек ерекше жағдай ретiнде ғана бұл мөрлерге бидiң ғана немесе мырзаның аты ғана жазылған. Мөрлердi басуда белгiлi тәртiп қолданылған. Ең алдымен миндаль сияқты мөрлер, одан кейiн сопақ, оның артынан дөңгелек және көп қырлы мөрлер басылып отырған. Мөрдiң табанындағы жазулар бiркелкi мөр иесiнiң аты, оның тегi, (әкесiнiң аты) дәрежесi (хан, сұлтан, би т.т.)бейнеленген. Хиджра жылы көрсетiлген мөр сирек кездеседi». Мөрлерді бояуда күйе мен түрлі түсті бояуды пайдаланған. Көбіне қара түсті, қызыл немесе көк түсті қолданған. Бір айта кетерлігі, хандар мен сұлтандардың, сондай-ақ, батырлардың әрбір жазған хаттары «жазғандарымды куәландыру үшін мөрімді бастым» деген сөзбен аяқталып отырған.
Осы тұста айта кетерлігі, ел арасында «Құранды ер» деген сөз тіркесі қалыптасқан. Бұл сөз – мөрсіз ердің болмайтынын меңзеген. «Құранды ер» атауының да өзіндік мәні бар. Себебі, мөрдегі таңба араб әрпімен жазылып қана қоймай, көбінің жиегіне «Алла» деген жазу таңбаланған. Жаратушының есімі түскен мөрді қасиетті деп бағалап, кие тұтып, көзінің қарашығындай қорып, сақтап та келген. Ел ішінде «Мөрді сақтаушы», «мөрді алып жүруші», «мөр таңбасын салушы» деп аталатын қызмет атауының шығуы да осының дәлелі болса керек. Бұл мөрді иеленудің өзі оның иесінің қазақ қоғамында ресми тұрғыда беделді екенін айқындайды. Сонымен қатар, қазақ хандары мен сұлтандарының арнаулы мөрлері ерекшелігімен және өзіндік қолөнерлік безендірілуімен ішкі орталарда ғана емес, қазақ хандығының өзге мемлекеттер арасындағы халықаралық қарым-қатынасында да зор символдық сипатқа ие болған. Сонымен қатар, ру тайпаларының таңбасын да мөр деп қабылдаған. Саяси қарым-қатынас барысында мөрдің орнына қолтаңба қою үрдісі де жақсы қалыптасқан.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архив қорында сақтаулы құжаттардан заңды күшін растау мақсатында бармағын сияға матырып, басқан таңбаларын, сонымен қатар доғал, дөңгелек, тіпті сүйір бұрышты таңбаны мөр орнына қойғандарын да байқаймыз.

Қазақтың хан-сұлтандары мен батыр-билерінің, бай-манаптардың мөрлері бармағына ықшамдалып, жүзік түрінде болса, кейін келе Патша үкіметі әзірлеп ұсынған мөрлер алқа түрінде жасалып, мойынға тағылатын болған.
Бұл туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архив қорында бар. Атап айтқанда, «Болыстық басқару қызметіндегі міндетін атқару барысында алып жүруге арналған таңбаны дайындау туралы» құжатында (Ішкі істер Министрлігінің (Аймақтық Генерал-губернатор мырзаға) 1891 жыл, 125 нөмірінде) кеңінен мәлімденген. (ҚР МСМ ОМА Ф.64. Оп.1.)


Бұл құжатта Патша үкіметі қазақ-тың старшиналарын өздері тағайындап, лауазымына сай алқа мөрін тарту ететіні жайлы айтылған.
«1891 жылдың 25 наурызында Ұлы мәртебелім бекіткен аймақтық облыстарды басқару құжаттамасында, соның ішінде Ақмола, Семей, Орал, Торғай қоғамдық басқару лауазымындағы тұлғаларға, ауыл старшинасына, село старшинасына және халық сотына міндетті қызметін атқару үшін айрықша төсбелгі берілсін. Мөрлік белгілер ашық түсті мыстан жасалып, бір жақтауына елтаңба мен «Болыстық басқарушы», «Ауыл старшинасы», «Село старшинасы» және «Халық соты» деген жазу жазылсын» делінген. (ҚР МСМ ОМА Ф.64. оп.1. Д.530)

Сонау XVI ғасырдан бастап күні бүгінге дейін келіп жеткен Қазақ тарихындағы мөрлердің ерекшеліктері мен тарихи тізбегі жайлы деректер ҚР МСМ Орталық архив қорында кеңінен сақталуда.
Хандық дәуірден Кенесары хан, Жәңгір хан, Бөкей хан, Есім хан, Әбілқайыр ханның мөрлері күні бүгінге келіп жетті десек, сол мөрлермен бекітілген түпнұсқалық құжаттар, саяси мәні орасан мәліметтердің дені ҚР МСМ Орталық мемлекеттік архив қорында бар.
Мөр тақырыбының зерттелу аясы тар болғандықтан, тарихтан сыр шертетін талай құжаттар әлі күнге архив сөрелерінде жабулы жатыр. Соның ішінде, архивтегі бірнеше ханның мөрлері туралы мәліметті жария етуді жөн көрдік. Архивте Кенесары ханның хаттары мен мөрі басылған көптеген құжаттар сақталған.
Кенесары Қасымұлының Орынбор Әскери комиссиясы генерал-майоры Г.Ф.Генске жазған хаты (25 маусым 1842 жыл) бар. (ҚР МСМ АМА Ф.4. Оп.1. д.2232)


Кенесары ханның мөрінде есімі, әулеттік тегі, Абылай ханның немересі және Орта жүздің сұлтаны Қасымның үлкен ұлы делініп, мөрдің көлемі, қай жылы әзірленгені жайлы мәлімет берілген. Әйтсе де, бұл мөрдің Патша үкіметі тарапынан қолдауға ие болмағаны жайлы да айтылады. Дәл осы іспетті өзге де мөрлерде аты-жөні, тегі, билік құрған уақыты мен мөрінің көлемі жайлы жазбаны барлық хандардың мөрлерінен аңғаруға болады.

Кене-сары бен Касым

(Оренбургскому военному Губернатору генерал-адъютанту графу В.А.Перовскому (05.06.1836 ж) ҚР МСМ ОМА. Ф. И-4. Оп.1. Д.2009. 21-21 об, 27 об).

Есімі, тегі, Абылай ханның немересі екені жайлы және Орта жүз сұлтаны Қасымның ұлы екені туралы жазылған. Сондай-ақ, хандық дәрежесі бұқар әмірлігімен бекітілгені (1841-1847), әйтсе де, Патша үкіметі тарапынан мойындалмағаны туралы. Мөрдің көлемі 2,5-1,7 см, 1841-1845 жылдар аралығы көрсетілген.
(Патшалық колониалдық әкім-шілігінің Орынбор мен Сібір өлкесі мен қазақ билеріне жазған хаты)
Собственное имя и династийное происхождение внука Аблай хана и старшего сына султана Среднего жуза Касыма (ум.1840), хана разных родоплеменных подразделении казахов трех жузов Кенесары (1841-1847), ханский титул которого был утвержден бухарским эмиром, но не получил признания у царского правительства. 1841-1845 гг. 2,5-1,7 см. 8отт.)

Вали хан бен Аблай хан

(ҚР МСМ ОМА Ф. И-374. Оп.1. Д331. Л 16)

Есімі жазылған, Ресей мен Цин империясының тарапынан қолдау алып, Абылайханның заңды мұрагері болып табылатыны, Орта жүздің ханы дәрежесіндегі (1781-1821жж.) тұңғыш ұлы екені, сонымен қатар әулет шежіресі көрсетілген.

Кенже бинг Пир Али хан

(ҚР МСМ ОМА Ф И-4. Оп.1. Д 1273 л. 11об)


Есімі, әулеттік тегі, Пирали ханның қызы, Арынғазы ханның бәйбішесінен тарағаны туралы, орыс іс-құжаттарында «Жакши» немесе «Якши» деп көрсетілгені айтылады. 1822-1844 жж. 2,5-2,0 см. 1 отт
(Оренбор әскери губернаторы, генерал-лейтенант П.К.Эссенге хаты)

Шир-Гази хан ибн Айчувак хан

(ҚР МСМ ОМА Ф И-4. Оп.1. Д.416а)

Өз есімі, Ресей тағы мақұлдаған әлеуметтік дәрежесі мен әулеттік тегі, Айчувак ханның ұлы екені жайлы, және өзінің үлкен ағасы Жантөре ханның хандық мұрагері екендігі, кіші жүздің ханы Ширгазы екені айтылған. (1812-1824). Кейін 1812-1824 жж. 2,5-2 см. 5 отт.
(Орталық Ресей үкіметі мен Орынбор әкімшілігінің жергілікті шенеуніктеріне жазған хаттардан)

Губайдулла хан

(ҚР МСМ ОМА Ф И-345. Оп.1. Д.352. л15-16 об)


Орта жүздің арғын тайпасының Атығай руынан таралған Хандық бөлімшенің ханы (1822-1824), Ресей патшалығы тарапынан қолдауға ие болмаған, Вали ханның екінші ұлы, Абылайханның немересі (1871-1821).

Ер-Мухаммад-султан Тавакул Ала-Аллахи

(ҚР МСМ ОМА Ф И-4. Оп.1. Д-3642. Л.36)

Есімі, жаңа әлеуметтік дәрежесі мен («Аллаға тәуекел еттім») деген таңбасы бар Ермухаммед султан 1853-1864 гг. 3,5-2,5 см. 2 отт.
(Орынбор әскери губернаторы В.А.Превскийға жазылған хаттардан)

Убайдуллах хан мен Уали хан
(ҚР МСМ ОМА. Ф. И-374. п.1. Д.5211. 4 арт. бет)

«Сібір қырғыздары» облысының бастығы полковник Е.А.Клейстке жазылған хаттардан (22.02.1850 ж)

Ер-Мұхаммед хан ибн Қасым хан би-махи
Султан Гали Тунганчинға (16.02.1852 ж) (ҚР МСМ ОМА. Ф. И-4. Оп.1. Д.416а. 18 арт.)

Бұдан өзге де мөр жайлы деректер жетіп артылады. Бәлкім, күні ертең ғалымдардың зерттеу нысанына айналып, әлі талай беті ашылмаған тың дүниелер жарыққа шығар.Мұны уақыт еншісіне қалдырайық. Әйтсе де, қазақ хандығынан сыр шертетін мөрлер – тарихтың таңбасындай, құнды жәдігерлер екенін ескерген абзал. Мөр – елдіктің айнасы, ұлттың келбеті.
Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев өзiнiң бiр сөзiнде: «Мемлекеттiк рәмiздер – халқымыздың рухын, ұлттың салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмiтiн, арман-тiлегiн жеткiзетiн ерекше құнды белгiлер», – деген едi. Олай болса, архив қойнауында сақтаулы құнды құжаттарымыздың жарыққа шығар сәті де келіп жетті. Өткені жоқ ұлттың бүгіні жоқ, тарихымызды жаңғыртайық!

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.