ӨШПЕС ТҰЛҒА

  • 16.08.2019
  • 135 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының
кандидаты

Түркістан, 1680; Қарақұм, 1710; Ордабасы, 1726; Бұланты, 1727; Аңырақай, 1730; Ырғыз-Мәнітөбе, 10.10.1731; Ор қамалы, 05.1748; Торғай өзені алқабы, 1.08.1948.

Тарихи миниатюра

«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман деп аталған бейбіт кезеңнің соңына қарай, 1680 жылы қазақ тағына Тәуке хан отырды. Жоңғар хандығы 1635 жылы құрылғаннан-ақ Қазақ хандығының жеріне көз алартқан болатын. Сонда, оның үздіксіз шапқыншылығына қарсы Салқам Жәңгір  қорғаныс ісін ұйымдастырып, қазақ мемлекеттігін жойылудан аман сақтап қалған еді. Ол  1652 жылғы cоғыста Галдамба нойонмен жекпе-жекте қаза тапты. Қазақ елі басшылығына XVI ғасырдағы «Есім ханның ескі жолы» белгілеген меритократиялық тәртіпке сәйкес, мұрагерлік жолмен емес, халық алдындағы беделіне орай, хан болуға лайықты тұлға ретінде Батыр сұлтан таңдалды. Ол Жәңгір ханныңқұзырындағы әскери қызметімен, ерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ұстамды ақылымен көзге түсіп, ел аузына ілігіп жүрген сұлтан болатын. Ол да Жәнібек ханның ұрпағы-тын. Жәнібектің кіші ұлы Өсеке сұлтаннан тараған буын өкілі, Бөлекей сұлтанның ұлы еді. Реті келгенде айта кеткен жөн, араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, Өсеке тармағына жататын,  Бөлекейден тараған тағы бір кезекті жошылық сұлтан Әбілқайыр да хан болады. Ол Шыңғыс–Жошы әулеті ішіндегі хан тағына отырған Әбілқайыр атты екінші адам еді. Тарихта «Көшпенді өзбек хандығы», «Әбілқайыр хандығы» аталған XV ғасырдағы мемлекеттік құрылым әміршісін сол себеппен Бірінші Әбілқайыр деп, ал XVIІІ ғасырда тарихи аренаға этностық қазақ атымен шыққан мемлекеттік бірліктің тағдырын осы шағын әңгімеге арқау еткен қайраткерін Екінші Әбілқайыр деуге әбден болады.

Батыр ханның тұсында едәуір уақыт бойы,Тәуке хан билікке келгенге дейін созылған тыныштық,«қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнады. Сол кезеңде Қазақ жеріне терістігіндегі агрессияшыл көршілер тараптарынан ірі шапқыншылық жасалған жоқ. Қазақ хандығының іргесі қалана бастаған шақта Орыс мемлекетінің оңтүстігінде казактар қауымы (казачество) аталған әлеуметтік топ пайда болған.  Олар әуелде билікке бағынбай қашып жүргендерден құралған-ды. Одан,  тез қатары көбейіп,  Еділ бойында қарақшылықпен шұғылданған да, көп ұзамай патшалықтың шекарасын түркілердің жер-суын басып алу жолымен кеңейтудің алғы шебіне шыққан.Казактар қатарында әуелде түркілер көп болған, сол себепті де олардың өз аталымын қазақтардан алғаны даусыз. «Қазақ» сөзі, тарихшылардың айтуынша, алтынордалықтар соққан теңгелерде бедерленген, әйгілі «Моңғолдың құпия шежіресінде» жазылған, яғни қазақтар мемлекеттілігін ертеден келе жатқан көне түркілік атауын жалау ету арқылы жаңа сапалық белеске көтерген. Ал, «еркін адам» ретінде түзілген орыс казактары көп ұзамай агрессияшыл патшалықтың оң қолына айналып, қазақтарды жаулау шараларының бел ортасында жүрді.  Казактар тоғыз жол торабында тұрған үлкен сауда орталығы, ноғайлар мен қазақтардың астанасы болған Сарайшық шаһарын 1580 жылы мүлдем қиратып, тонап кетті.  1582 жылы Сібір хандығын жоюға жол ашып берді. Сол 80-ші жылдары Жайық бойын жаулап ала бастады. 1584 жылы Жайық пен Шаған өзендері арасындағы түбекке Жайық қалашығы (қазіргі Орал) салынды. 1591 жылы патша билігін мойындайтындықтары жөнінде казактар қауымы ресми ант беріп, жаңа жерлерді жаулап алу науқандарының алғы шебінде, патшалықтың негізгі соққы беретін күші сипатындағы қызметінде жүрді. Патшалық соларды алға сала отырып, Сібірге, Қиыр Шығысқа сұғынуды сәтімен жүзеге асырды. Қосып алған ұлан-ғайыр жер-суын игеруге көшті. (Қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздігі қарсаңында, 1991 жылы, Орал казактары Ресей патшасына қызмет ете бастағандарының 400-жылдығын тойлауға тырысты, алайда қазақ жерін отарлауда казачество атқарған рөл саналарында сайрап тұрған қазақ ұлттық қозғалысы мүшелерінің қатаң қарсылығы нәтижесінде  тойлай алмағаны белгілі).  1640 жылы Жайықтың теңізге құяр тұсына Гурьев қалашығы салынып, балық аулау кәсіпшілігі қолға алынды.Осы кезеңдегі Батыр хан басқарған Қазақ хандығының орыс патшалығымен қарым-қатынастары негізінен сауда-айырбас байланыстарын дамыту сипатында өрбіді. Қазақ жері арқылы орыс көпестерінің керуендері Орта Азия елдеріне жиі өте бастады. Сөйтіп қазақ жеріне терістігіндегі агрессияшыл көршілер тараптарынан ірі шапқыншылық жасалған жоқ. Бұл жылдары оңтүстіктегі Бұхар хандығында аштархандықтар әулетінің өкілдері  Нәдірмұхаммед хан (1642–1645) мен оның ұлы Абдалазиз ханның (1645–1680) билігі жалғасып жатқан. Олармен қазақхандығының қарым-қатынастары да белгілі дәрежеде достық рәуіште дамыды.

Жоңғар хандығымен қарым-қатынас та аса еленбейтін ұсақ қақтығыстармен шектеліп, екі ел негізінен бейбіт қатар өмір сүріп келе жатты. Мұның басты себебі жоңғар ішіндегі тақталасының өршіп тұрғанында еді.  Ердени Батыр қонтайшының үлкен ұлдары Цецен тайшы мен Цзотба батыр 1670 жылыСенге қонтайшыны өлтіреді де, билік Цецен ханға көшеді. Сонда  қонтайшыныңінісі Галдан тақ үшін күреспекке бел буады. Ол жастайынан ойраттың әліпби жасаған ғалымы және ағартушысы, көрнекті саяси қайраткер Зая-Пандитаның батасын алып, Тибетте оқыған, буддизм ілімі соңына түскен, ғылыми дәреже алған діндар еді. Лхасадағы ұлы діни ұстаз Далай-лама  оған Зая-Пандитаның ісін жалғастырушы ретінде қарап, таққа отырған ағасы Сенгенің жанында діни қызмет атқару үшін Жоңғарияға қайтарған болатын. Мұнда келгелі Галдан аз уақытта буддалық үш храм салып, үш монастырь мектебін ашқан еді. Енді ол Тибеттегі Далай-ламадан өзінің діни мәртебесінен босануына рұқсат сұрайды. Далай-лама оның дін таратушылық қызметі әмірші лауазымына қол жеткізген жағдайда мүлдем пәрменді болады деп санағандықтан, өтінішін қабыл алып,  тікелей діни міндеттерінен азат етеді. Пұрсат берілгендіктен, Галдан жоңғар тағына отыру жолындағы күресті бастап кетеді. Кезінде ағасы Сенгенің таққа отыруына көмектескен Алашан ойраттарының әміршісі Очирту-Цеценмен бірлесе қимылдап, жасақ жияды. Цецен ханның әскерімен шайқасып, жеңіске жетеді. Цеценді өлтіреді, Цзотбаны елден қуады. Өзіне қарсы шыққан інілері – Сенгенің ұлдары Соном-Рабдан мен Цэван-Рабданды жеңеді. Алғашқысы уланып өледі, екіншісі Еділ бойындағы нағашысына – Қалмақ хандығының әміршісі Аюкеге қашады. Бірақ ішкі қарсылықтар толастамайды. Дегенмен 1677 жылы Галдан қонтайшы барлық қарсыластарын жеңіп (кейбірі қаза табады, біреулері Қытайға қашады), өзінің барлық ойрат иеліктеріндегі басты әміршілік мәртебесін баршасына мойындатады. Осы оқиғаға байланысты, Далай-лама оған сол жылы хан мәртебесін береді. Сонда Галдан хан өзінің алға қойған мақсаттарына сәйкес, 1640 жылғы «Далалық заңдар жинағына» толықтырулар жасайды. Ішкі саяси жағдайды осылайша біршама ретке келтіреді. Содан соң  Ресеймен сауда және дипломатиялық қатынастарын дамытады. Сосын көрші елдерге көз аларта бастайды. Шығыс Түркістанға (Моғолстанға) 1679 жылдан бірнеше әскери жорық жасап, ақыры оны Жоңғарияға толық қосып алады. Сол жағдайды – буддизм дінін ұстанатын ойраттардың «дінсіздерді» (мұсылмандарды) бағындырғанын ескеріп, Далай-лама оны Бошогту (яғни «Шапағатқа бөленген») деген атақпен марапаттайды. Осылай күшейіп алған, Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, жерін кеңейткен, орталық билікті нығайтқан Галдан Бошогту хан енді қазақ еліне шапқыншылық жасауға дайындалады…

 Бұл Қазақ хандығының әміршісі болып Жәңгір ханның ұлы Тәуке сайланғанкезд еді. Әкесі ел билеген шақта елшілік қызметтер атқарған, әрі алғашқы әскери ерліктерімен де көрінген Тәуке сұлтан Болат ханның құзырында да ел игілігі үшін еңбек етіп, әр салада көзге түскен, жұрт ықыласына бөленген болатын. Ол нағыз кемеліне келген, ақыл-ойы толысқан, өмірлік тәжірибесі мол, ерекше қасиеттерге ие сұлтан-тын. Ақылдылығы мен шешендігі, кемеңгерлігі мен данышпандығы оны билеуші әулет өкілдері арасында  айрықша беделді етіп тұрған. Салқам Жәңгірдің тікелей ұрпағы болуы, әрі мемлекеттік істерге жастайынан араласып келе жатқандығы оның қазақ тағын иеленуі мүмкін екендігіне күдік қалдырмайтын. Болат хан дүние салғаннан кейін ел ағалары оны бірден ақ киізге отырғызып, көкке көтерді. Сонымен, Тәуке хан қазақ елінің билігіне Тибеттегі буддашы дінбасының шешімімен «шапағатқа бөленген тағдыр иесі» атанған Галдан Бошогту соғыс ашар қарсаңда келді. Тәуке хан мемлекет ішінде орнығып қалған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» алаңсыз жақсы дәуірді жалғастыруға тиіс еді, бірақ мамыражай тыныштықты жоңғар әміршісі Галдан Бошогту хан бұзды… Ол бұл жолы қалың әскерімен қазақ еліне тұтқиылдан бас салмаған. Алдымен  қазақтың жаңа ханына қояр шартын елшісі арқылы жеткізген…Ал шарты мүлдем тосын естілген еді. Жоңғарлардың жайылым үшін жортуылдап жүретіні бесенеден белгілі болғанмен, бұл жолы Галдан қонтайшының елшісі аузымен Тәуке ханға қойылған талапта ол мүлдем ауызға алынбаған. Елші әуелі Қазақ ханынан Жоңғар әміршісінің лауазымын өйтіп төмендетпеуін және таңданбауын сұрады, сосын Жоңғарияның билеушісі  қонтайшы мәртебесінен өсіріліп хан атанған, қатардағы көп ханның бірі емес – тәңір шапағатына бөленген  хан – Бошокту хан – атағын Тибет мемлекетінің астанасы қасиетті Лхаса (тибетшеден аударғанда – «Құдайлар орыны») шаһарында отырған Далай-ламадан алған әмірші екенін айтты. Міне, осы Галдан Бошокту (Қалдан Бошоқтұ), әлем бойынша аса зор оқымысты Зия-Пандитаның шәкірті және оның ісін жалғастырушы   Бошокту хан қазақ елінің енді ғана сайланған билеушісі Тәуке ханға арнайы сәлем жолдап отыр. Мәселе мынада. Зия-Пандита ұстаздың атсалысуымен осыдан қырық жыл бұрын қабылданған «Ики Цааджин Бичик – Ұлы Заңдар Кодексі»  барлық ойрат хандықтарының мемлекеттік діні етіп Будда иланымын бекіткен. Аталмыш «Далалық заңдар жинағында»  осынау қағидатты тұжырымдауға бас-көз болған Зия-Пандита 1462 жылы дүние салған. Сүйегі тиісті рәсіммен өртелгеннен кейін, арнайы бояуға араластырылған күлімен Галдан және өзге де монахтар қасиетті тантра мәтіндерін жазған. Соларды ұстаздың арнайы соғылған мүсіні ішіне салып, Галдан Жоңғарияға алып келген. Содан бері барша жұрт оған ұлы ұстаз ісін бірден-бір жалғастырушы ретінде қараған. Міне сол атақты Зия-Пандитаның шәкірті, күллі ойрат иеліктерінің әміршісі Галдан Бошокту хан былтырлары Цааджин Бичикті толықтырды. Будда дінін бұдан былай тек ойраттар ғана емес, Төрт ойрат конфедерациясына кіретін барлық өзге хандықтарда да ұстанатын болады.  Галдан-Бошокту хан күні кеше Моғолстанды тізе бүктірді. Бүгінде бұрынғы Моғолстан жоқ, ол Жоңғарияның ажырамас бір бөлігі, ондағы билеушілер Буддаға бақұл. Тәуке хан да сол жолмен жүрсін. Буддаға сыйынсын. Сонда, баршасы ойраттың айдаһар бейнеленген қара туы астында кезінде Ұлы Шыңғыс хан түзген аумақты байырғы мәртебесінде қайта жаңғыртып, жалғанды жалпағынан баса дәуірлейтін болады…

Хан ордасында жоңғар елшісін қабылдау рәсіміне қатысып отырған барша ел ағалары шектерін тартты. Демдерін іштеріне алып, Тәуке ханға қарады. Сонда ол қазақ тағы биігінен бәрінің көкейінен шығатын сөз айтты. Ойрат Қалданның талабы Ұлы Шыңғыс ханның жолын бұрмалағанын көрсетеді деді. Елшісі оған мынаны жеткізсін – өзінен бұрынғы ізашарлары секілді, қазақ хандығының жаңа әміршісі Тәуке хан жаһанды дірілдеткен Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы болып табылады. Ал оның ұлы бабасы  Шыңғыс қаһан әлемнің жартысын жаулап алғанменен, ондағы ел-жұрттардың жан-дүниесіне зорлық жасамаған. Ол өзі сыйынатын көк тәңіріне табынуды ешкімге  тықпаламаған. Сондай тәртіпті жиһангер ұлдары мен немерелеріне де өсиет еткен. Ойраттар Шыңғыс әскерінің аса ержүрек, жауынгер қанаты болғанмен, ұлы қаһанның күшінің сырын ұқпаған екен. Елші қожайынына айта барсын, оның қойып отырғаны – ешқашан орындалмайтын және сол талапкердің өзін орға жығатын жөнсіз шарт. Қазаққа мұсылмандықты Мұхаммед пайғамбардың алғашқы жаушылары жеткізген. Бұдан пәлен ғасыр ілгеріде оны Қарахан әулеті, одан кейін Алтын Орда билеушілері мемлекеттік дін ретінде қабылдаған. Мұсылман иланымының ұлы уағызшысы Қожа Ахметтің осынау бас ордадан қол созым жерде тұрған кесенесін халықтың қастерлеп сақтайтыны сондай, бүгінде онда қазақтың күллі хандары мен игі жақсылары тыншыған. Жоңғар ханы қисынсыз талабын қайтып алсын, ондай орынсыз шарттар емес, достық қарым-қатынастар елдерімізді дәулет пен бақытқа кенелтеді…

Елші жоңғардың Шапағатты  ханының шартын қабыл алмауы Қазақ ханы тарапынан жіберілген үлкен қателік деп санайды екен. Дегенмен  ол қазақ ханының әлі де ойлануын, шартты қабылдамаудың арты жаман боларын бажайлауын қалайды. Тағы бір парықтасын, Бошоқтұ хан оған өте бейбіт жолды ұсынып отыр. Егер бұл кері қағу Тәуке ханның бекем байламы болса – онда амал жоқ, солай айтып барады. Енді қазақ ханы өзіне өзі өкпелесін… Алайда бұл шарт қазақ үшін мүлдем жат. Қазақ ханы ордасында отырған күллі халық өкілдері атынан айтып отыр, мұндай шарт жарамсыз, сондықтан да үзілді-кесілді қабыл алынбайды.Мұндай кесімді сөзді естісімен, елші кері аттанып кетті. Ал Тәуке хан қабылдауға қатысқан сұлтандар, батырлар мен билерді жоңғарлардың жаңа агрессиясына қарсы тұруға аялдамай әзірленуге шақырды. Ел ішінен сарбаздар шақырылды, әскер жасақталып, қорғанысқа дайындық басталды. Ал Галдан Бошокту елшісі оралған соң көп ұзатпай, жоңғардың қазаққа қарсы аса ауқымды соғыс қимылдарын жаңғыртты.  Арнайы дайындықпен жорыққа шыққан бес қаруы сай жоңғарларға қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Басқыншы Шу өзенінен өтті, Жетісу мен оңтүстік өлкеге басып кірді.  Тарихта «Сайрам соғысы» деп аталған 1680–1684 жылдарғы шайқастар басталды. Қазақ әскерінің жан аямай көрсеткен қатты қарсылығына қарамай ілгерілеп, Сайрамсу мен Ақсу өзендері аралығындағы қорғаны биік, ірі де әсем шаһарды – ислам дінін таратушылардың уағыздарын алыс 8-ші ғасырда-ақ елти тыңдаған, керуен жолдары торабында жатқан сауда және қолөнершілер орталығы Сайрам қаласын басып алды. Басқа да қалаларға кірді. Басқыншыларға қарсы көтерілген халықты жуасыту үшін 1684 жылы жазалаушы жасақ жіберіп, Сайрамды мүлдем қаусатты, талан-таражға түсірді, бірқатар тұрғындарын Жоңғария мен Шығыс Түркістанға айдап әкетті. 1686 жылы Тянь-Шань қырғыздарын бағындырып, Ферғана алқабына өтті. Әрдайым қатты қарсылыққа ұшырағанмен, жеңіске жетіп отырды. (Шайқастардың бірінде Тәуке ханның ұлын қолға түсіріп, Жоңғарияға алып кетті. Артынша оны Лхасаға жөнелтті. Ыңғайы, Қалдан Бошоқтұ Тәукеге жолдаған алғашқы шартын оның баласының санасына Будда ілімін дарыту арқылы орындатқысы келген болуы керек).

Галдан хан 1688 жылы Шығыс Моңғолияны, халхаларды бағындыруға аттанды.Шеруіне қазақ жеріндегі басып алған қалаларынан гарнизондарын ала кетті. Алайда шығыста жеңіске жете алмады. Өйткені халхалар ойраттардан гөрі манчжурлармен одақтасқанды артық көрген, сөйтіп, Цин империясынан көмек сұраған. Боғдыхан Цин армиясын Шығыс Моңғолияға кіргізді. Ол халхаларды саны аз манчжурлардың алып Қытайдағы үстемдігін орнықтыра түсуге пайдаланғысы келген-тін. Содан, Галдан Бошокту 1890 жылы іс жүзінде цин-қытай  әскерімен соғысты. Жеңді. Жеңілген қытай императоры ойраттарды Цин әулетінің аса қатерлі жауы санап, жаңа шайқасқа әзірленді. Осы кезде Галдан Бошоктудың немере інісі Жоңғарияның орталық бөлігін өзіне қаратып, ағасының жолын кесіп тастаған. Хандығында інісінің бүлік шығарғанын естіген Бошоқтұ хан тез терістікке қарай шегінді. Алайда оны жүз мың жауынгері бар манчжур армиясы қуып жетіп, Бейжиңге тақау ауданда үлкен ұрыс салды. Төрт күн шайқаста екі жақ та жеңісе алмады. Сосын, өзінен бес есе көп әскермен табан тіресе соғысып, әскери өнерге әбден машықтанғанын танытқан ойраттар бір түнде шептерінен көтерілді де, солтүстікке қарай  кетті. Олардың жаужүректігін мойындаған  қытай әскері соңынан қумады. Келесі 1691 жылы халхалар Цин империясының бодандығына өтті.  Осы біріккен қос от ортасында Галдан Бошокту оларға қарсы тағы алты жыл соғысты. Ақыры, ең соңғы заманауи қару-жарақпен – артиллериямен қаруланған цин-қытай  әскерінен 1696 жылы жеңілді. Барар жер, басар тауы қалмағандықтан (алдында – халха–манчжур–қытай, артында, орталықта – іс жүзінде билікте бүлікшіл немере інісі отырған), 1697 жылғы наурызда у ішіп өлді…

Қазақ жеріне терістік-батыстан қалмақхандығының билеушісі  Аюке «Сайрам соғысы» кезінде шабуылдаған болатын. Қазақ сарбаздары оған ойдағыдай тойтарыс берді. Жағдай біршама тыншыған шақта жоңғарлардың әскери қимылдары халха бағытына ауды. Сол кезеңді Тәуке хан ұтымды пайдаланды. Елдің бірлігін, қорғаныс қабілетін арттыратын шаралар жасады. Қазақтардың «Алты-алаш» атауымен белгілі алты бөліктен тұратын федерациясын (алты алаш одағын) дүниеге әкеліп, ел бірлігінің, сырт дұшпанға жұмыла қарсы тұрудың сол шақтағы оңтайлы түрін жүзеге асырды. Федерацияға басында Төле би тұрған Ұлы жүз, Қазыбек би басқаратын Орта жүз, Әйтеке би билейтін Кіші жүз, Қоқым би қоластындағы қырғыздар, Сасық би басқаратын қарақалпақтар мен  жеке бір топ ретіндегі қият, қатаған, үз және басқалар кірді. Алты алаш одағы іс жүзінде жоңғарлардың шабуылынан қорғануды мақсат еткен қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарының әскери-саяси одағы еді. Осы одақтың өкілдері – халықтың белгілі билері мен бас адамдары Тәуке хан ордасы маңындағы Күлтөбеде бас қосып,  әдет-ғұрып заңдарын жетілдіруді қолға алды. Сонау Шыңғыс ханның «Ясасынан» бастау алып, Қасым ханның «Қасқа жолымен», Есім ханның «Ескі жолымен» жалғасқан заңнамаларды жетілдірді. Ел аузында «Күлтөбеде күнде жиын» деген тіркеспен айшықталған заңгерлер құрылтайы оң нәтижесін беріп, олар жасаған «Жеті жарғы» заңдар жинағы хандықтың әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-тіршілігін және құқықтық санасын дамытты.  Халық тату-тәтті ғұмыр кешті. Тәуке хан Әз Тәуке атанды.

Ұзамай күрделі саяси жағдай орын алып, ел басқару ісіне жаңа реформа қажеттігі аныққа айналды… Елдегі ішкі жағдайды біршама реттеп алғаннан кейін, Тәуке хан жоңғарлар ұстап әкеткен ұлын босатып алуға әрекеттенген болатын.Далай-Лама оның тілегіне құлақ асып, баласын Тибеттен еліне қайтарған. Қасына бес жүз адам ілестірді. Тәуке хан оларды өз діндерін уағыздау мақсатымен жіберілген буддашылар ретінде тұтқындады. Ал оларды басқарып келе жатқан нойонды өлімге бұйырды. Осы жәйт жоңғарлардың қазақ хандығына тағы да бір жойқын шапқыншылық жасауына сылтау болды…  Бұл кездеГалдан Бошокту ханның көзі тірісінде көтеріліс жасап билікке келген Сенге ұлы Цэван Рабдан Жоңғарияның ресми әміршісіне айналған-тын. Содан 26 жыл ілгеріде оны тақтан үміткер деп қуғындаған ағасы Галдан, әкесінің туған інісі  Галдан, қанша Шапағатты (Бошоқтұ) атанса да, Моңғолияны Шыңғыс хан секілді біріктіре алмады. Оның халха жеріндегі жеңілісінен кейін  Цин империясы шығыс Моңғолияны мүлдем жұтып қойды. Бұдан былай халханың тайпалық әкімшілік бірліктері манчжурлар өкіметінен талап түсісімен, Ұлы дала жүйесіндегідей тәртіппен әр он отбасынан бір жауынгерді күллі жарағымен цин-қытай әскері қатарына жіберіп, барлық шығынын көтеретін болды. Ал тәуелсіз ойраттар жерден, адамнан, материалдық игіліктен айрылып, қатты зардап шекті. Осындай жағдайда Цэван Рабдан қонтайшының алдына ауыр міндет тартылған – оған хандықты қайта жаңғыртып, нығайту керек еді.

Цин империясымен соғыс кезінде Шығыс Түркістан мен Жетісу Жоңғарияға ауылшаруашылық, қолөнер өнімдерімен жіберіп тұру жөніндегі келісімшартпен көзделген міндеттерін бұзған, сондықтан ойраттардың жаңа әміршісіне бұл аймақтардағы саяси үстемдігін қайта қалпына келтіру қажеттігі туды. Сол себепті,  мемлекетіндегі ішкі жағдайды ретке келтірісімен,  қонтайшы 1698 жылы Шығыс Түркістанға қайта басып кірді. Бір жыл ішінде Қашқар, Жаркент секілді маңызды саяси орталықтарды бағындырып, өлкені екінші мәрте жаулап алды.  Сосын Еміл өзеніндегі ордасын жаңа орынға – Іле өзеніне, Құлжа қаласы аймағына ауыстырды. Ескі орданы Солтүстік-Шығыс Жоңғарияны басқаратын немере ағасына қалдырды. Хандықтың қуаты біртіндеп арта түсті. (1700 жылы қытай бодандығын қабылдағысы келмеген екі тайшымен он мың хошоуыт Жоңғарияға келді. 1701 жылы Еділ бойынан қазақ даласын кесіп өтетін Үлкен қалмақ жолымен Аюке ханның ұлдарының бірі, әкесімен ұрсысып қалғандықтан, өз ұлысын – 15–20 мың шаңырақты, яғни 60 мың жанды – көшіріп әкелді. Цеван Рабдан ұлысты ойрат өңірінде қалдырып, ұлын кешірім берген әкесіне қайтарған). Сондықтан қонтайшы Шығыс Түркістанға жасаған басқыншылық жорығын сол жылы-ақ қазақ хандығына қарай ұластырды.

Тәуке хан қосындары жақсы қаруланған дұшпанның жан-жақтан лек-легімен анталап ұмтылған күштерін тоқтата алмады. Жанқиярлықпен  соғысты, бірақ әбден қалжырады.  Шапқыншылық соғыстар үдей келе,  қазақтар біртіндеп Жетісудағы, Тарбағатайдағы, Ертіс бойындағы жайылымдарынан айрылды.  Ал Жоңғар әміршісі өзінің Қазақ хандығына қарсы соғыс ашқаны мәжбүрліктен болғанын айтып, үлкен көршілері (Қытай, Ресей) алдында ақталып жатты:   соғыстың басталуына «Далай-ламаның өкілдерін өлтірген», «Еділден  Жоңғарияға сапар шеккен Аюке ханның қызын (Цеван Рабдан қонтайшының қалыңдығын) тонаған», «Ресейден оралып келе жатқан жоңғар саудагерлерінің керуенін талан-таражға түсірген» «сатқын» Тәуке хан айыпты деп, цин императоры мен орыс патшасына елшіліктер жіберді. Мәскеуге адалдығын шегелеп көрсетті, адалдығына дәлел ретінде қазақ тұтқынынан босатылған орыстарды еліне қайтарғандығын хабарлады. Әрине мұнысы жәй ғана алдаусырату еді, мұндай ірі әскери жорықтар жоңғарлар тарапынан қазақ еліне дүркін-дүркін жасалып тұрған. Ал елдегі күйзелісті күшейте түскен ұсақ қақтығыстарда есеп жоқ-тын.

Қазақ елінің терістігін де тыныш деуге келмейтін еді. Бұл кезде Еділдегі Қалмақ хандығының күш-қуаты артып, шырқау биікке көтерілген. Тақта хандық мәртебені Тибеттегі Далай-ламадан алған Аюке отырған. Ол өз еліндегі жекелеген билеушілердің дербестенушілік пиғылдары мен әрекеттерін жеңіп,  Ресейге жартылай тәуелді мемлекет құрып алды.  Қалмақ хандығының басты міндеті орыс мемлекетінің оңтүстік шекарасын көшпенділерден, соның ішінде қазақтардан қорғау болатын. 1697 жылы I Петр патша Аюке ханға Ресейдің шығысын күзетуді ресми түрде міндеттеді. Қалмақтар Ресейдің  көптеген басқыншылық жорықтарына белсене қатысты. I Петрдің қолдауы арқасында заманауи қарулармен жабдықталған қалмақтың жауынгер жасақтары орыс армиясымен бірлесе соғысып, қазақтардың аралас-құралас туысы ноғайларды тас-талқан етті, атамекенінен қуды. Башқұрттарды да туып-өскен ежелгі жер-суынан ығыстыруға тырысты, Кавказ елдеріне де шабуылдар жасады, Ресейдің өзге соғыстарына да атсалысты. Әрәдік қазақ еліне де шабуыл жасап тұрды, біраз жер-суын басып алды. Ал қазақтар  қалмақ хандығы иеленіп алғанөздерінің мал жайылымдарына шығуға тырысатын.Осындай себептермен осынау қос көшпенді көрші ел арасында қақтығыстар мен кезек шабуылдар да жиі-жиі орын алып тұрды. Әр сондай оқиға бір-бірінен мал барымталап, тұтқындар алуға, шайқастар кезінде ауылдарды ойрандауға, халықты қырып-жоюға ұласатын. Қысқасы, солтүстік-батыс жақ мазасыз еді. Және бұл қауіпті мазасыздықты Еділ қалмақтарының алыста жатқантуысы Жоңғар хандығынан әлдеқайда жақын, тап желкесіндегі қожасы болып отырған орыс мемлекеті астыртын үдетіп келе жатқан.

Көшім хандығын жоюға жол салып бергелі казак-орыстар қауымы (казачество) қанатын жая түскен. Ертістің бойына, Тобыл өзенінің сағасына таман, Сібір (Көшім) хандығы астанасының орнына 1587 жылы салынған Тобольск қаласы Жайық өзені мен Тынық мұхитқа дейін созылған Сібір губерниясының орталығына айналған. Тәуке хан оны орыс мемлекетінің Ібір-Сібірдегі басты әскери, саяси, әкімшілік және шіркеулік-діни кіндік қаласы деп білетін, кей елшіліктерін сонда жіберетін. (Патшалықтың шекарасын кеңейтіп, көшпенділер ішіне батыл сұғынып қана қоймай, қорғана да алу үшін және жаңа жерге тістесе бекуін нығайта түсу үшін Петр патша Ертіс бойын түгел игеруге кіріскен. Ол 1716 жылы Ертіске Ом өзені құятын жерде Омбы, Ертіс бойына 1718 жылы Семей, 1720 жылы Ертіс пен Үлбі өзендерінің құйылысына Өскемен қамалдарын салдырды). Жалпы, Тәуке хан I Петр басқарған орыс мемлекетімен жүргізген саясатында  екі жақты байланыстарға, негізінен сауда және шекаралық істерге көңіл бөлді.  Орыс патшалығының Шығыс елдеріне баратын сауда жолдарының бір тармағы қазақ елі арқылы өтетіндіктен, қажет келіссөздер жүргізілді. Сауда керуендерінің қауіпсіздігіне кепілдік беру, тауарларға салынатын баж салығының көлемі мен мөлшерін белгілеу, сондай-ақ екі ел  шекарасы аймағындағы тұрғындар арасында ұшырасып қалатын әртүрлі дау-дамайлар, ірілі-ұсақты жанжалдар мен қақтығыстар өзара елшіліктер алмасу арқылы шешімін тауып тұрды. Тарихшылар Тәуке ханның елшілері Ресей мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы байланыстарды дамытуға белсенді түрде атсалысты деп қорытады. XVII ғасырдың соңында Тәуке хан орыс патшалығымен тең дәрежелі деңгейде қарым-қатынас жасады деп санайды. Егер әлдебір себептермен қазақ елшілігі Ресейде ұсталса немесе олардың жұмысына қандай да бір бөгет жасалса, Қазақ хандығы аумағындағы орыс елшілеріне де дәл сондай көзқарас көрсетілген. Бірде, шекаралық кикілжіңдерге байланысты, Тәуке ханның елшілері Ресейде тұтқынға алынды. Сонда Тәуке хан І Петрге хатында: «Ұрылар үшін елшіні қамауға алу дегенді Адам атадан бері осы уақытқа дейін ешбір құлақ естіп, көз көрмеген еді», – деген сөздермен реніш білдірген. Тәуелсіз қазақ хандығы әміршісінің орыс патшасына тең дәрежеде көрсеткен табандылығы арқасында қазақ елшілері босатылып, мәселе бейбіт жолмен  шешілді. Тәуке хан Ресей мемлекетімен ғана емес, өзге де көрші елдермен, әсіресе Бұхараны билеп отырған аштархандық әулетпен жүргізген қарым-қатынастарында екі арадағы даулы мәселелерді бейбіт түрде шешуге және сол елдермен бейбіт байланыстарын дамытуға зор мән беріп, күш салып келе жатқан.Мұндай бейбіт қарым-қатынасты Жоңғар хандығымен жасау мүмкін болмай қалды.  Өйткені Цеван Рабдан қонтайшының мақсаты өзінің «Өмірдің берік те мықты билеушісі, қожайыны» сипатты мағына білдіретін есіміне сай, қазақ елінің ұлан-ғайыр аумағын өзіне бағындырып алу, сөйтіп, ойрат конфедерациясының шеткі бір пұшпағына – Еділ бойындағы қалмақ хандығының шекарасына шығу арқылы Шыңғыс хан тәрізді зор империя құру еді. Тәуке хан ойраттардың бір кездері қазаққа жақын халық болғанын жақсы білетін. Қазақтың кей руы өз атасын ойраттан бастайтын, жұрттың  едәуір бөлігінің этникалық түрі де сол ежелгі дұшпанына қатты ұқсайтын. Екі этносты да көшпенділер өркениеті біріктіретін, өмір салты ұқсас, тілдері де соншалықты алшақ емес, бейбіт жылдарда қара да, ақсүйек те қыз алысып, қыз берісіп жататын. Тәукенің өзі де ойратқа жиен еді, оның анасы ойраттың хошоуыт тайпасының әміршісі Күнделен тайшының қызы болатын. Алайда сондай туыстық тамырларға қарамастан, жауласа келген ойратпен енді қазақтың бірігуі мүмкін болмай қалған. Себебі, жер-суға таласу өз алдына,  оларды дін бөліп тұрған. Кезінде Галдан Бошокту мұсылман қазаққа өз иланымын – будда дінін шарт қойып таңғысы келсе, Цеван Рабдан мәселені бірден соғысып шешуге ұмтылды. Оның әскерлері қазақ сарбаздарының қорғаныс мақсатында жанкештілікпен жүргізген күрестерін еңсеріп, Жетісудың бір бөлігін басып алды, алдыңғы шептегі қосындары Сарысу өзеніне жетті.

Осындай саяси ахуал Тәуке ханды қатты ойландырды. Бұған дейін де ол елдің бірлігі мен тыныштығын ойлап, едәуір реформа жүрізген. Үш жүздің тыныс-тіршілігін әйгілі билер мен белгілі рубасы, ақсақалдар, өзінің бас адамдардан тағайындаған өкілдері және барша жұрт мойындаған, өмірде басшылыққа алған «Жеті жарғы»  арқылы реттеп отырған. Алайда жағдай күрделі күйге түскен еді. Ұлан-ғайыр Дала төсін мекендейтін халқын, бейбіт өмірден қол үзіп, соғыс жағдайында күйзеліп жатқан елін қорғау, айналасындағы қатер төндіре қоршаған жауға қарсы тұруды ұйымдастыру ісін Түркістандағы ордасынан басқару қиын болып бара жатқан. Содан да қарт Тәуке, дана Тәуке, жұрты әспеттеген Әз Тәуке жалпақ елді басқару мәселесіне уақыт талабына сай жаңа реформа жасау қажеттігін қапысыз ұққан. Оның жоғары дәрежеде түзген саяси ойымен оның оң нәтижесі мыналарға саятын…   Тәуке хан, жалпы, таққа отырған бетте душар болған жоңғар шапқыншылығының бетін қайтарысымен, мемлекеттің ішкі мәселесіне қатты назар аударған болатын. Ондаған жылдарға созылған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш заманда босаңсып, бытыраңқы күйге түскен қазақ қоғамын қайта тұтастыруға күш салған.Осы орайда ол мемлекетті, мемлекеттің құрылымын нығайту жолдарын қарастырды. Тыныш заманда ұмыт қалған тәртіпті – Есім хан дәуірінде енгізіліп, бертінгі кезеңде жайына қалған реформаны жаңғыртты. Хандықтың жүздерге бөлінген мемлекеттік құрылымының буындарын  басқару ісіне әр түрлі әлеуметтік топтан шыққан дарынды, ақылды адамдарды тартты. Билер кеңесінің жұмысын жандандырды. Жоғарғы өкімет баспалдағында ғана емес, жүздерді басқару буындарында да жұмыс істеуге тиіс кеңестерге жұртшылық арасынан танымал билер мен өзге де бас адамдардың таңдаулы өкілдері сайлануын, олардың  елдегі қалыптасқан ахуалды жіті саралап, әр мәселеде әділ шешім жасауын талап етті. Есім хан реформасының мәні осында – халық өкілдерін билікке тартуда, олардың алқалық шешімдеріне басымдық беруде жатқан. Билер кеңесінің келісімінсіз хан жеке-дара шешім жасауға хақылы емес-тін, яғни хан билігі заңи тұрғыда шектеулі келетін. Тәуке хан осы қағидаға назар аударды. Билер кеңесінің ел басқаруда, сот төрелігін құруда шешім шығаратын, билік жасайтын ауқымын кеңейтті.

Жалпақ елдің оңтүстік қиырына орналасқан астана Түркістан шаһарында шығарылған шешім хандық жайылып жатқан ұлан-ғайыр аумақтың бар түкпіріне дер кезінде жете бермейтін, оның қалтқысыз орындалуы да мүмкін болмайтын. Бұл аныққа айналған. Жоңғар хандығының Қара Ертіс яки Урга (Құлжа) жағынан шығып лек-легімен төгілген  әскерлерінің шабуылдары өтіндегі өңірде отырып, алыс Еділдегі оның ағайыны Қалмақ хандығымен шектесетін аймақта әрәдік бұрқ ете түсетін  қақтығыстарға байланысты жедел шараларды ойластыру да, жүзеге асыруды басқару да қиын еді. Не керек, шалғай өлкелерде  жағдайға қарай жедел түрде қажет шешімді жасайтын да, оны орындайтын да жергілікті өкімет болуы қажеттігін уақыт алға тартып тұрған. Демек, хандықтың жергілікті жерлердегі толық өкілетті уәкілі болып табылатын атқарушы билік буыны жасалуы тиіс. Қазіргі басқыншылық шабуылдар салдарынан аяқ астынан орнай қалатын ауыр саяси жағдайды тез талдап, қажет шешімді жедел қорытып шығара алатын билер кеңесі мен оны жүзеге асыратын ықпалды  атқарушы тұлға болуы өте-мөте керек-ақ. Хандықтың мемлекеттік құрылымында тап осындай буынның жоқтығы әбден қартайған, бірақ тиісінше даналығы кемеліне келген Әз Тәукеге қатты сезіліп тұрған.«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуірде әр ру-тайпа өз тіршілігімен, өз атамекендерінде бейбіт күн кешіп, ел арасында өзара қызықты, думанды қарым-қатынас жасаған еркіндік ахуалда бақытты өмір сүріп жатқан еді. Кешегі күндері елге жау тигенде, байырғы әдетімен, хан ордасынан жаушы жеткізген жарлыққа орай тез сарбаз шығарып, ортақ ту астына біріге алды. Бұл солай, әйткенмен, жер шалғайлығын ескере қоймаған өкімет құрылымындағы билік әлсіздігі сыр беріп-ақ тұрған. Кіндік биліктің әмірі жергілікті жерлерге жеткенше жер шалғайлығынан ескіруі әм әлсіреуі  қазіргі толассыз жаугершілік тұсында еріксіз көзге ұратын. Дұшпан шабуылдаған өлкелерде халықты  шұғыл қорғанысқа жұмылдыра алатындай ықпалды тұлға жетпейтіні анық еді. Әр өңірде сондай ықпалды да беделді тұлғаның болуы аса тиімді, сондайларды тауып, жер-жердегі тиісті өкіметтік билікке тағайындау керек. Бұлар әскери іске, қолбасшылыққа тумысынан бейім сұлтандар ішінен табылады, осы жаугершілік кезеңде көзге түсіп жүргендердің лайықтыларын билікке тартуға әбден болады. Есім хан салған ескі жолмен – ел құрметіне бөленгендерден таңдау жолымен, яғни меритократиялық тәртіппен алыс жатқан аймақтарға, нақтылап келгенде әр жүзге хан сайлау – қазіргі өмір талабы болып отыр. Олар алып қазақ елі тұрғысынан қарағанда – орталықтағы ұлы ханға (қаһанға) бағынышты хандар болуға керек. Іс жүзінде осылай, жүздік хандар институтын қалыптастырып, нығайту арқылы Қазақ хандығының біртұтастығы мен қуатын арттыруға болады. Қарт Тәукенің бұл ойға бекем тоқтауына жоңғарлардың XVIII ғасыр басындағы жаңа шапқыншылықтары мен ел жаппай тартып жатқан қайғы-қасірет, күйзеліс себеп болды. Пайымдарын ордасындағы хан кеңесіне жиналғандарға, ең алдымен Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерге баян етті. Сосын, Шыңғыс ханның үлкен империяны төрт баласына бөліп беріп басқару тәсілінің мәнін, Жошы Ұлысы керегесін кеңейтіп Ұлығ Ұлыс (Алтын Орда) болған кезде де Қарақорымға тәуелділігін мойындап тұрған тәртіпті ортаға салып, бәрі бірге парықтасқан. Алтын Орда өз мемлекеттік құрылымында кіші ұлыстар мен ордаларды империя ретіндеті тұрпаты ыдырағанға дейін-ақ бой көтертіп, солардың билеушілері арқылы бүкіл елді  басқару  әдісін қолданған, мұны баршасы мойындайды. Алыс заманды қоя тұрғанда, күні бүгін қазақ елін аласапыранға түсірген жоңғарлардың өзінің мемлекеті бірнеше хандықтан тұрады. Терістіктегі көрші, Еділдің төменгі ағысын иеленіп алған Қалмақ хандығы да, шынтуайтында, сол жоңғар мемлекетінің құрамына кіреді. Мұны  бәрі білетін. Жоңғар хандығының іс жүзінде алыс-алыс жатқан дербес хандықтар төбесіндегі хандық екенін, яғни ойраттардың конфедерациялық өкіметі екенін, сондай құрылымы болуының арқасында жоңғарлар жалпақ қазақ елін жан-жақтан қысуды ойларындағыдай жүзеге асырып тұрғанын пайымға салып, тереңнен ой толғасқан.

Орасан зор алқапқа жайылған жер-су төсінде қилы елмен шектесіп, небір оқиғаны бастан кешіп жатқан Қазақ хандығы басшылығының әр қиырда күнбе-күн туып жатқан мәселелерді жедел шеше алатындай  мүмкіндікке қол жеткізуді қарастыруын өмірдің өзі алға тартты. Қазіргі таңда шығысы мен оңтүстігінен шекараны бұзып-жарып тап-тап беріп жүрген жоңғарлардың дүлей шапқыншылығынан да, терістігі мен батысынан күнбе-күн қауіп төндіріп тұрған қалмақ, казак және өзге жұрттың жортуылдарынан да қорғану мәселесі күн тәртібінен түспейтін. Дұшпандық шабуылдарға  жедел және дер кезінде қарсылық көрсетуді ұйымдастыра білу хандықтың құрылымында ескерілуге керек. Бүгінгі жағдайда айшылық алысқа созылған шартарапты Тәуке ханның Түркістандағы ордасынан жедел басқарып, уақтылы тиімді шешім қабылдап отыру мүмкін емес.  Осы уақытқа дейін Тәуке хан сенім артып келген, күллі ел басын иетін осынау үш әйгілі би де, жер-жердегі өзге бас адамдар да бұл шаруаны орындай алмайды. Үш өлкеге хандық мәртебесі бар үш әмірші қою қажет. Шұғыл әрекет ететін жағдайларда елдік мүддені қорғауға батыл шыға алулары үшін…Ордасында бас қосып отырған игі жақсыларға аян, Тәуке хан өзінен бұрынғы хандар тұсында, әсіресе «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай бейбітшілік кезеңдегі қамсыздық туғызған босбелбеулік пен ішкі тартыстар салдарынан ыдырай бастаған үш жүзді қайта біріктірді. Жеке-жеке ұлыстарды билеген сұлтандардың орталықтан бөлектенуіне тежеу салды. Қазақ хандығының ішкі бірлігін бекемдеуге барлық шараларды қолданып, оны едәуір күшейтті. Бүгінгі таңдағы жағдайда енді, әр жүздің өз ханын сайлау арқылы, бірлікті одан сайын нығайтуға болады. Бұл – қажеттілік,  мұны өмірдің өзі талап етіп отыр. Қысқасы, күшті армиясы бар жоңғар конфедерациясы үлгісімен қазақ та хандығын конфедерация сипатында дамытуға тиіс. Сонда әр тараптан тиісетін дұшпандарға қарсы жедел шара жасау мүмкіндігі артады. Елдің тыныс-тіршілігін, тұрмысын жақсартып, қорғаныс қабілетін, уақыт талабына жауап бере алатындай қауқарын арттыру жолы осы. Тәуке ханның бұл ұсынысы кеңеске қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды. Қазақтың үш жүзіне үш хан сайлау қажеттігін мойындау сол кездегі ел ағаларының қоғамдық-саяси ойының ең биік шыңы, саяси шығармашылықта танытқан аса көреген және дұрыс  қорытындысы еді. (Болашақта оның хандықтың бөлшектенуі ретінде қарастырылуы және шынымен де іс жүзінде сондай көрініске түсуі  сол кездегі қилы пиғылды іс адамдарының өресі тар іс-әрекеттерінен және бертіндегі түрлі дәрежедегі ойшылдардың жағдайды жан-жақты ескермей ой қорытуынан туындаған мәселе).  Содан екі ғасыр ілгеріде Тәуке ханның бабасы Қасым хан күшті мемлекет құра білген-тін. Ол сырт елден келген қонақтарға қазақтардың, яғни өздерінің кең даланы жайлаған сахара перзенті екенін, қолдарында не сирек кездесетін заттардың, не қымбат бұйымдардың, не қандай да бір тауарлардың жоқтығын айтатын. Жұрттың басты байлығы жылқы екенін, жылқының еті мен терісі әрі таңдаулы ас, әрі ыңғайлы киім, ал сүті, яғни қымыз – аса сүйкімді де жағымды сусын, мал сүтінен жасалатын құрт, ірімшік, айран сынды  қилы өнім теңдессіз тағам қызметін атқаратынын, көңіл көтеретін орыны – мал мен жылқы табындарының жайылымы, сүйсініп қарайтыны – бәйге, көкпар көріністері екенін әңгімелейтін. Содан бері қазақтың өмір салтына пәлендей өзгеріс енген жоқ, бірақ соны сақтау, қорғау мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Тәуке елдің ішкі бірлігін жақсарту мақсатымен  Кіші жүз бен Орта жүздегі жеке-жеке әлсіздік танытатын ұсақ руларды топтастырып, күшті бірліктер (Жетіру, Уақ-Керей) құрды. Енді, міне, әр аймақта мәселені жедел қарастырып, тиісті шешімге келе алатын және сот билігін жүргізе алатын билер кеңесін меритократиялық тәсілмен сайлатуды тапсырды. Аз уақытта Төле би – Ұлы жүз, Қазыбек би – Орта жүз, Әйтеке би Кіші жүз ішінде лайықты ел ағаларынан билер кеңесін жасақтауды жүзеге асырды. Жүздердегі билер кеңесі ел ішіндегі өзге де белгілі тұлғалар қатысқан жиындарда елдік мүдде жолындағы күрестерде көзге ілініп, аймақтарында ел ризашылығына бөленіп  жүрген сұлтандар арасынан хан лауазымына лайықтарды іріктеді. Осылай, Тәуке хан билейтін Қазақ хандығында VIII ғасырдың алғашқы жылдарында үш кіші хан – Ұлы жүзде Абдолла, Орта жүзде Қайып, Кіші жүзде Әбілқайыр пайда болды. Тарихта бұл жағдайды біртұтас қазақ хандығының өмір сүруін тоқтатқаны, қазақ хандығының үш жеке хандыққа ыдырағаны деп түсіндіріледі. Патша заманында да, совет заманында да, қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де осы ой жаппай орнықтырылған. Әлі күнгі сол қалпында, сол ескірген және жаңартылуы күні бүгінге дейін қолға алынбаған ахуалда қалып, қайта қаралмай тұр.

Біз бұл бөліністі қазақ хандығының тұтастығын, бірлігі мен қуатын арттыруға бағытталған іс-шарасы деп білеміз. Жоғарыда айтылған себептерге байланысты солай ойлаймыз. Шара Тәуке ханның көзі тірісінде жүзеге асырылды. Ол іс жүзінде бас хан, ұлы хан, қаһан саналды, ал жаңадан аймақтық таққа отырған үш хан (Ташкенттегі Абдолла, Арқадағы Қайып, Қарақұмдағы Әбілқайыр) дербестігі бар, бірақ ірі мәселелерде жалпықазақ мүддесін көздейтін шешімдерді басшылыққа алатын, бас билеуші Тәуке ханға қарасты әміршілер болып саналды. Бұл заман талабынан туған қажеттілік болатын. Оны бабаларымыздың саяси ой толғауының заманына сай кемелдене дамуы мүмкін етті. Осы шешімнің арқасында батыс өлкедемаңызды қорғаныс шарасы жасалды. Тәуке хан елдің батыс өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін батыл шешімшығаруға тектен-тек бекінбеген еді. Оның түпкі себебі сол, орыс мемлекетінің жүргізген соғыстарына белсене қатысу арқылы патша сеніміне әбден кірген, тиісінше, патшалықтың  қамқорлығы арқасында Қалмақ хандығын күшейтіп, қуатты, жақсы ұйымдастырылған әскер жасақтап  алған Аюке хан Қазақ хандығының терістігіндегі бітіспес жауына айналған болатын. Қалмақ хандығының әміршісі шапшаң да оралымды жасақтарымен әуелде қазақтардан еріксіз айырылған ноғайларға жортуылдатып, олардың Кубаньдағы ауылдарын, ауылдардағы қазандарын (шаңырақтарын)  шауып кетіп жүрді.  (Қалмақтар орыс әскерлерімен бірлесіп қаншама қырып-жойғанменен, ноғайлар әлі де патшалық ықпалына толық түсе қоймаған еді). Одан Қазақ хандығына – Петр патшаның қолы жетпеген тәуелсіз елге  тұрақты жорық жасап тұруды әдетке айналдырды. Бәлкім мұнысы өзінің оңтүстіктегі конфедеративтік қожайыны (немесе сюзерені) Жоңғар хандығымен оның Шыңғыс хан заманындағыдай алып империя құруды көздейтін басты мақсатына бірлесіп жету  орайында қимыл үйлестіру жөнінен келісіп алғандығынан шығар. Қалай болғанда да, ол жортуылдарымен қазақ жеріне терең сұғынып, Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауын мекендейтін жұртты, түрікмендерді де шапты. Арал маңындағы елді, қарақалпақтар мен өзбектерді де шапқыншылыққа ұшыратты. Тіпті Хиуа хандығына дейін шабуылдап барып  жүрді. Не керек, Еділ қалмақтары да, олардың оңтүстіктегі қатыгез туыстары жоңғарлар секілді, тіпті солармен бірдей дәрежеде қазақ еліне қатер төндіріп тұрған. Тәуке хан осыны айқын ұқты. Сондықтан да аталмыш шешім жасауға бел буғанды.

 

Алдыңғы «
Келесі »