Ағылшын тілін деңгейлеп оқыту технологиясы арқылы оқытудың тиімділігі

  • 16.08.2019
  • 63 рет оқылды
  • 0

ХХІ ғасыр табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен дамыту мақсатында аттауымыз үлкен үміттің басты нышаны болып табылады. Қазіргі уақытта  әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өзгерістердің әсерінен қоғамда  ағылшын тілінің рөлі жоғарылады.

Ағылшын тілі – жаңару тілі. Ол қарапайым оқу пәнінен заманауи  білім беру жүйесінің негізгі элементіне айналды. Сол себепті де, ағылшын тілін жетік меңгеру, ол тілде жақсы сөйлей білу  керек. Осыған орай қазіргі заманға сай ағылшын тілін тиімді үйретуге мүмкіндік беретін көптеген әдістер пайда болды. Заман талабына сай шетел тілін жаңа технологиялармен оқыту қазіргі күннің басты талаптарының бірі. Оқу – тәрбие саласының барлық сатысында  жас жеткіншектерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру біздің міндетіміз. Оқу үрдісінің тиімділігін арттырудағы басты мақсатымыз   әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдай білу, оқушыларға бірыңғай талап қою, дидактикалық білім мен тәлім-тәрбие беру, ой-өрісін дамыту, білімнің мазмұнын дәл, тиянақты анықтау және өз бетімен оқи білуге, білім алуға үйрету. Бүгінгі таңда ағылшын тілін оқыту үлкен шығармашылық ізденіс пен біліктілікті талап етеді. Оқытушы педагогикалық заңдылықтарды неғұрлым жақсы білсе, оқу технологиясының талаптары соғұрлым нақты орындалады.  Оқыту технологиясының қай түрі болса да, ол игеруге тиімді, оқытушы мен білім алушының арасында қарым-қатынас орнатуға икемді болуы тиіс.
Қазіргі әрбір ізденімпаз оқытушының міндеті оқушының белсенділігін, іскерлігін дамыту. Осыған орай, оқушылардың танымдық белсенділігін арттырудың тиімді жолдарының бірі өзіндік жұмыс пен өздігінен білім алу жұмысын ұйымдастырудың педагогикалық және әдістемелік тәсілдерін қазіргі заман талаптарына сәйкес жетілдіру болып табылады.
Мен «деңгейлеп оқыту» техно-логиясын ағылшын тілі пәнінде қолданамын. Мұндағы мақсатым – өз бетімен дами алатын, әртүрлі қиындықтарға төзе білетін, белсенді, білімді оқушы тәрбиелеу. Сонымен қатар, осы технология оқушының да, мұғалімнің де белсенді шығармашылық қызметін дамытуға бағыттайды.
Деңгейлеп оқыту технологиясы – оқушыларға сапалы  білім беруді жетілдірудің бір жолы. Оның негізгі мақсаты: әр оқушының  қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарап оқыту мен білім деңгейінің  ерекшелігіне қарай оқуға  бейімдеу.
Бұл технологияның негізгі ерекшелігі:
Озат оқушылар өздерінің қабілеті мен икемділігін одан әрі бекіте түседі.
Әлсіздер оқуға ниет білдіріп, сенімсіздіктен арылады.
Оқушылардың оқуға деген ынтасы артады.
Осы деңгейлеп оқыту технологиясы бойынша сабағымда мен төмендегі бағыттарда  жұмыс жасаймын:
– ұжыммен жұмыс;
– топпен жұмыс;
– жеке оқушымен жұмыс;
– дарынды оқушыға көңіл бөлу.
Оқушы бір-екі адаммен немесе топ-пен қарым-қатынасқа түсу арқылы диалогты, монологты, сұраққа-жауап  және тағы басқаларды  меңгере келіп, жұптық, топтық, ұжымдық қатынастарға үйренеді. Сонымен бірге деңгейлік тапсырмалар оқушылардың әртүрлі білім дәрежесіне сай ұсынылады. Оқушылар деңгейлік тапсырмаларды орындағанда оқытушы тек бақылаушы-кеңесші.
Деңгейлеп оқыту технологиясының оқушыларға тиімділігі:
• Топ оқушыларының барлығы деңгейлік тапсырма орындайды;
• Білім көрсеткіші нақты және сапалы болады;
• Оқушы өз білімін өзі бағалап, білім деңгейін дамыта алады;
• Оқушылардың оқуға ынтасы мен пәнге қызығушылығы артады;
• Оқушы белсенділігі  оянады;
• Оқушының өздігінен жұмыс істеуі мен жауапкершілігі  артады;
• Оқушы мен мұғалім арасын-да  ынтымақтастық қарым-қатынас орнайды.
Сабақ  кезінде оқушылар  өздігінен еңбектенуге, шығармашылықпен ізденуге, қорытынды жасауға машықтанады. Оқытушы тапсырманы орындау барысында  жіберілген қателер мен кемшіліктерді уақытында анықтап түзетуге мүмкіндік беру керек, білімі нашарларға көмек беріп, қабілеттілермен жұмыс ұйымдастырып отыру арқылы ағылшын тілі пәніне деген оқушының қызығушылығын, белсендігін арттырады. Тақырыпты толық меңгере алмаған оқушылармен қосымша сабақтар, сыныптан тыс жұмыстар жүргізіліп отыру  керек.
Деңгейлеп оқыту технологиясында жұмыс міндетті үш деңгейлік  және қосымша шығармашылық деңгей талаптарынан тұрады. Оның басты мақсаты – топта оқушыларды «қабілетті», «қабілетсіз» деген жіктерге бөлуді  болдырмау. Бұл технология бойынша сабақта барлық оқушы тапсырманы  І  деңгейден бастап орындайды.
І деңгейдегі тапсырмалар жаттап алуға лайықталған, меңгерген білімін өзгертпей қайталап, пысықтауына мүмкіндік беретін болуы тиіс және тапсырмалар өмірмен байланысты болуы керек. Менің осы деңгейде алатын әдіс-тәсілдерім: сұрақ-жауап, аудармасын жұмысы, сын жұмысы-диалог. Аудармасын жұмысында өткен тақырып бойынша сөйлемдерді қазақ тілінде оқимын, ал оқушылар сол сөйлемдерді ағылшын тілінде жазады. Сын жұмысы – диалог әдісімде сұрақтарды оқимын, оқушылар жауабын жазады.
ІІ деңгейдегі тапсырмалар өтіп кеткен материалдарды реттеуге, жүйелеуге берілген, өзгертілген, яғни бұрынғы тапсырмаларға ұқсас, бірақ оларды орындау үшін алғашқы алған білім түрлендіріліп пайдаланылуы қажет. Бұл тапсырмаларға логикалық есептер, әртүрлі ребустар, сөзжұмбақтар жатады. Осы деңгейдегі тапсырманы орындауға «Көру сын жұмысы» әдісін аламын, яғни өткен тақырыпқа байланысты сөйлемдер сәл өзгертіліп оқылып, тақтаға ілінеді. Оқу, аудару, жеке және хормен қайталап, есте сақтап, сосын өшіріледі де, сөйлем дәптерге жазылады. Ең соңында сөйлем түгел тақтаға ілінеді. Оқушы өз-өзін тексереді. Көру сын жұмыс есте сақтауға жағдай жасап, орфографиялық байқағыштықты дамытады.
ІІІ деңгейдегі тапсырмалар-ға танымдық іздену түріндегі тапсыр-малар беріледі де, оны орындау барысында оқушылар жаңа тақырып бойынша меңгерген алғашқы қарапайым білімдерінен заңдылықтар шығарады. Бұл деңгейде әр түрлі схемалар мен семантикалық схемаларды, сызба кестелер мен Венн диаграммасын пайдалануға болады.
IV деңгейдегі тапсырмалар – шығармашылық деңгейдегі тапсырмалар. Оқушылардың жинаған өмір тәжірибесі мен қалыптастырған ұғым, түсінік-терінің, қиялы мен белсенді ой еңбегінің нәтижесінде жаңаша, бұған дейін болмаған, белгілі бір дәрежеде жеке басының икемділігін байқататын дүние жасап шығаруға негізделген. Бұл деңгейге жататын тапсырмалар: олимпиадалық жұмыстар, берілген тақырыпқа өз бетінше рефераттар жасау, баяндамалар дайындау, тақырыптық тест тапсырмаларын дайындау, яғни, бұл тапсырмалар оқушылардың біліктілігі мен дағдысын қалыптастыру және оны бағалау деңгейі болады.
Міне, осы деңгейге жеткен оқу-шыларға ситуациялық жағдайлар мен проблемалық сұрақтар беріп отырамын. Өз тәжірибемнен байқағаным: бұл деңгейде шығармашылықпен жұмыс істей алатын оқушы дараланып шығады.
Мысалы, «Health problems» тақырыбын өткен кезде деңгейлік тапсырмаларды беруге болады:
І деңгей – оқушылық.
«Health farm» мәтінін оқып, аудару.
ІІ деңгей – алгоритмдік. Ағылшын сөздерді қазақ тіліне аудару:
1. Patient a) кеңес беру
2. Suggest b) сырқат адам
3. Surgery c) көмей
4. Swallow d) хирургия
5. Examine e) тамақ ауру
6. Sore throat f) тексеру
7. Cough g) тіс ауру
8. Toothache h) жөтел
ІІІ деңгей – эвристикалық. Сұрақтарға жауап беру. There are five types of food a person should eat. What do you think are they?
Do you eat them all? Do you know any Kazakh and Russian proverbs about health?
Сабақ барысында дидактикалық ойындар пайдалану, ойын элементтерін енгізу оқушының ойлануына, сөйлеуге, ойын жинақтап айтуына, жеке және топпен жұмыс істеуіне көп көмегін тигізеді.
IV деңгей – шығармашылық. «What should you do to keep fit?» тақырыбында кеңес беру.
«Looking for the sun» тақырыбы бойынша оқушылардың білімдерін шыңдау мақсатында деңгейлік тапсырмалар берілді.
What was is yesterday? It was
IV деңгей – жыл мезгілдерінің суреттері бойынша оқушыларға шағын әңгіме құрату.
Көбінесе оқушылар 1-2 деңгейдің тапсырмаларын толыққа жуық орындайды, ал озат оқушылар алға шығады. Сабақтың соңында барлық оқушы бағаланды, бағалауды мониторинг жүйесі бойынша сызып, үлгерімін шығарып отырамыз. Өзіндік жұмыстар оқушылардың практикалық біліктерін, дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Сонымен қатар бұл жұмыстар негізінен оқушылардың білім, білік дағдыларының деңгейін бағалауға негізделген.
Қоғамның дамуы білім беру саласынан үнемі алда болды, тіпті бұл алшақтық кейбір кездерде ондаған жылдармен өлшенді. Күн сайын адамға көптеген ақпарат тасқыны келеді. Ал, оқу мазмұны мен оқыту әдістері ескі сарында қалып қоюда. Сондықтан, білім берудегі әлеуметтік қажеттілік пен ол қажеттілікті қанағаттандырудың арасындағы қарама-қайшылық білім беру саласының дағдарысына әкеліп соғуда. Сол себепті мектеп мұғалімдерінің әдістемелік шығармашылығын дамытуды педагог-мамандардың біліктілігін жетілдіру жүйесінде ұйымдастыруды олардың кәсіби құзыреттілігі негізінде жүзеге асыру қажеттігі туындайды.
Оқушылардың өз бетімен жұмысын қалыптастыру оқушының пәнге деген қызығушылығынан және қажеттілігінен туындайды. Өз білімін көтеру жекеленген оқушылардың өз бетімен жұмыс істеу дағдысын дамытып, шығармашылық белсенділігін арттырады. Оқушылар оқыту барысында білім алады, ал содан соң оны қолдану арқылы шығармашылыққа бет бұрады. Ағылшын тілі сабағында оқушылардың шығармашылығын қалыптастыру үшін сабақта жаңа технология әдістерін пайдаланған тиімді.
Ағылшын тілі пәнін деңгейлеп оқытудың негізгі мақсаты арнайы педагогикалық әдістер мен тәсілдерді жүйелі түрде пайдаланып оқушылардың шығармашылық ойлауын, ғылыми көзқарасы мен белсенділігін қалыптастыру, өз бетімен білім алу дағдыларын дамыту болып табылады. Деңгейлеп оқыту технологиясын қолдану нәтижесінде мынандай игі істерге қол жеткізгенімді айта кеткім келеді:
• Деңгейлеп оқытуда білім игерудің үш деңгейі де қарастырылды;
• Оқушылар сабақ үстінде бірнеше деңгейде жұмыс жүргізді;
• Оқушылардың жұмыстары әділ бағаланды;
• Дарынды оқушыларды анықтап, олармен тұрақты және жүйелі жұмыс істеу мүмкіндігі  орнады.

Қаламқас Тәңірбергенова,
Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі, тілдер кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымының магистрі

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.