ТҮРКІСТАН ТАНЫМАСТАЙ ТҮЛЕМЕК

  • 16.08.2019
  • 82 рет оқылды
  • 0

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның құрметті журналисі

Рухани астанаға қарапайым тұрғындар бірден сезінетіндей, қонақтардың көзі қуанардай оң өзгерістер ауадай қажет. Өзгеріс болғанда, ең әуелі, қаланы жасыл желекке бөлеп, ағын суды молайтып, микроклиматты жақсарту қажет. Түркістанның аптап ыстығы мен аңызақ желінде жанға сая болатын биік ағашты, қою көлеңкелі, салқын орындарды көбейтпей болмайды. Әрі бұл биліктің өзі ғана істейтін жұмыс емес. Қала бәрімізге ортақ болса, оны таза ұстау, көгалдандыру мен көркейту де баршаға ортақ міндет.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің киелі шаһардың қарияларымен кездесуінде осындай келелі әңгімелер айтылды. Бұл басқосу Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай ұйымдастырылғанымен, кездесуде қала тұрғындарын мазалаған мәселелер де талқыланды. Өңір басшысы алдымен қала инфрақұрылымын дамыту, көгалдандыру мен тарихи орындарды абаттандыруға тоқталды.
Өмірзақ Шөкеев ақсақалдармен әңгіме барысында рухани астанаға оң өзгерістер қажет екенін айтты. Атап айтқанда, жаңа облыс орталығының тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылым мәселелеріне, қаланың халықаралық туристік оазис ретінде қалыптасуына ерекше назар аударылады. Сондықтан, жергілікті билік органдарының қарапайым адамдармен тіл табысып, бірлесе жұмыс істеуі қажет. Мәселен, Түркістандағы жаңа тұрғын үй алаптары маңын суару және көгалдандыру секілді мәселелерде жергілікті тұрғындардың қолдауына арқа сүйеуге болады. Бүгінде көне шаһарда ақсақалдар алқасы жергілікті өзін-өзі басқарудың өзіндік жүйесін қалыптастырған. Олар қаланы сегіз шаруашылық ауданға бөліп, ұршықша иіріп отыр. Әр ауданның өз учаскесі бар, ол учаскелердің құрамына жеке тұрғын үйлер кіреді. Болашақта қала халқына пайдасы тиетін, жұмысын енді ғана бастаған бұл жүйеге қолдау қажет. Сонда ғана оның тиімділігі арта түспек. Өйткені, кейбір аудандар мен учаскелер жақсы жұмыс істеп жатса, өзгелерінің жұмысы орта деңгейде. Сондықтан да әкімдік тарапынан жан-жақты көмек керек.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтардың өз аулаларына жасыл желек егіп, көшелерді қоқыстан тазарту жөніндегі бастамасын жоғары бағалады. Бірақ, ағын су мол болмайынша жас көшеттің саялы ағашқа айналуы қиын-ақ. Сол себепті тұрғындардың игі бастамасына жауап ретінде әкімдік қала ішінде каналдар мен арықтар қаздыруды бастамақ. Сонда, тұрғындар да қаланы көгалдандыруға көбірек үлес қосады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, билік пен бұқара осылай тізе қосып әрекет еткен жағдайда Түркістанның аз уақытта-ақ жасыл қалаға айналуы қиын емес. Ауқымды жоба арқылы Түркістанды суландыру жөніндегі ең алдымен, қаланың микроклиматы өзгереді. Киелі қалада ағын су мол болса жасыл желек пен күн ыстықта қорған болар ағаштар да көп өседі. Құстар мен сәнді гүлдер де қаланың көркін ашады.
Бүгінде Түркістанда Тұңғыш Президент саябағы, қалалық ойын-сауық саябағы, желілік парк, арбат салынуда. Бұл саябақтардың жалпы ауданы 100 гектарға жетеді. Қаланың болашақта көгалдануы рухани астананың, қала маңының жаңа микроклиматын қалыптастыруға, құс атаулының көбеюіне негіз болады. Мұнан бөлек, тарихи қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін бас жоспарды ескере отырып, Түркістанның айналасындағы 7 мың 700 гектар аумақта «Жасыл белдеу» отырғызылуда. Бүгінгі таңда 90 мыңнан астам түрлі ағаш отырғызылып, 300 гектар аумақта тәлімбақ құрылса, жыл соңына дейін Түркістан аумағын 1,5 мың гектарға көгалдандыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, облыстың аудан-қалаларында 2019 жылдан 2021 жылға дейін 2 991,5 гектар жер абаттандырылып, көгалдандырылады. Мысалы,биылғы көктемде облыс орталықтарында және Түркістан қаласында жалпы ауданы 703 гектарға 395 мың көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін 1 028 гектар аумақта тағы 470 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Жыл басынан Түркістан қаласына кіре берісте жол бойында 18 мыңнан астам павловния, боз арша, терек және сириялық раушан бұталары отырғызылды. Облыс әкімдігі қаланы сумен қамтамасыз етумен қатар, түрлі өсімдіктердің көшеттерін де сыйға тартты. Сонымен қатар, кәсіби тұрғыда қызығушылық танытқан барлық жергілікті тұрғындарды көгалдандыру өнеріне тегін оқыту басталады, қазір арнайы анықтамалықтар дайындалып, оқулықтар шығарылған.
Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және Түркістанның жаңа микроклиматын қалыптастыруға ынталандыру мақсатында облыс әкімі қаланы таза ұстап, көгалдандыруда өзгелерге үлгі болған тұрғындар мен аудандарға арнайы сыйақы тағайындалатынына кепілдік берді. Осы ізгі істі өңір басшысы облыстың өзге аймақтарына да үлгі ретінде ұсынуды жоспарлап отыр. Түркістандық ақсақалдардың бастамасымен облыс орталығында «тұрмысы төмен жандарға арналған дүкен» өз жұмысын бастаған. Аталған дүкен қайырымды жандардың арқасында мұқтаж тұрғындарды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Жақында ашылған дүкен тұрмысы төмен 300 отбасыға қарайласып отыр.

АЗЫҚ-ТҮЛIК, ЖАСЫЛ БЕЛДЕУЛЕР ЕКI КЕЗЕҢМЕН ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Түркістан облысын дамытуға Үкімет ерекше маңыз беріп отыр. Осы мақсатта облыс орталығында азық-түлік пен жасыл белдеулерді қалыптастыру, диқандарды ағын сумен қамтамасыз ету, Түркістан қаласын көгалдандыру және абаттандыру үшін серпінді жобалар іске асырылуда.
Жоғарыда аталған жобалар аясында өңір басшысының бастамасымен үкіметтік деңгейде екі қаулы қабылданған болатын. Біріншіден, ҚР Үкіметінің қаулысымен 5 су нысаны және ҚР Қаржы министрлігі бұйрығымен «Қараспан» су торабы облыстық меншікке өтті. Нәтижесінде, Түркістан облысы, Ордабасы, Отырар, Бәйдібек аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 78,8 мың гектар суармалы жері ағын сумен тұрақты және уақтылы қамтамасыз етіледі. Жоғарыда аталған су нысандарын тиімді пайдалану, қорғау, күтіп ұстау, дамыту мақсатында облыс әкімінің қаулысымен «Бөген арнасы» мемлекеттік мекемесі құрылды. Бүгінгі күннің өзінде жалпы құны 29,4 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталды. Олар: Түркістан магистральды каналына Сырдария өзенінен машиналық әдіспен су беру құрылысын жүргізу арқылы қосымша 80 млн. текше метр ағын су жеткізу, Түркістан магистральды каналын бетонмен қаптау жұмыстарын жүргізу арқылы қосымша 60 млн. текше метр ағын суды үнемдеу, «Кеңсай–Қосқорған-2» су қоймасын салып, 15 млн. текше метр ағын су жинау және Арыс–Түркістан массивінде жарамсыз болып қалған 145 дана тік ұңғыманы қайта қалпына келтіре отырып, 34,7 млн. текше метр қосымша ағын сумен қамтамасыз ету жобалары. Қазіргі таңда осылар бойынша облыстық бюджеттен жобалық-сметалық және техника-негіздемелік құжаттар әзірлеуге қаржы қарастырылуда.
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде шаруаларға жеткізілетін ағын су көлемі 196 млн. текше метрге ұлғайып, қосымша 1500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Екіншіден, «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі жоспары» Үкімет тарапынан бекітіліп, облыс орталығын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласы аумағынан радиусы 15 шақырымдық азық-түлік және жасыл белдеулерін қалыптастыру жобалары іске асырылуда. Белдеу «ақылды технологияларды» қолдана отырып, ғалымдардың сүйемелдеуімен 2 кезең бойынша құрылады. Атап айтқанда, 1-кезеңде – Түркістан–Шымкент бағытында 1 мың гектар алқап өңделеді. Оның жұмыстары қазірден басталып кетті. 2-кезеңде жұмыстар 2020 жылға қарай Түркістан–Шымкент, Түркістан–Отырар, Түркістан–Кентау, Түркістан–Қызылорда бағыттарында 10 мың гектар алқапта жүргізіледі.
Бұған қоса, осы бастама аясында жалпы құны 46,1 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 25 млрд. теңгесі кешенді жоспарға сай бөлінген қаражат болса, 11,5 млрд. теңгесі жергілікті бюджет субсидиясы, ал, қалған 9,5 млрд. теңгесі жеке инвестициялар.

ӨҢIРДIҢ ДАМУЫ ТӨРТ БАҒЫТТА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

– Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, жалпы түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі тапсырмаға сәйкес, осы бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан аса маңызды 5 қаулы қабылданды. Бұл – тарихта болмаған жағдай. Оның ең маңыздысы – «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары». Сонымен бірге, өзге қаулылар да Түркістан үшін аса маңызды. Облысымызға мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп отыр, – дейді облыс әкімі.
Ел Үкіметі тарапынан жоғарыда аталған қаулыдан бөлек «Түркістан қаласын салу шеңберінде жұмыстар және көрсетілетін қызметтер сатып алынатын тұлғаларды айқындау» жөніндегі қаулы да маңызға ие. Сондай-ақ, «TURKISTAN» еркін экономикалық аймағы мен әкімшілік-іскерлік орталығын, Түркістан қаласын дамыту көзделген қаулылар облысты өркендетуге оң әсерін тигізетіні анық.
Үкімет қабылдаған қаулыларға сәйкес, облыста барлық сала бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, идеология, өндіріс, индустриалды аймақтарды дамыту жолында үлкен жоспарлар жүзеге асырылады. Мәселен, туризм саласында экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік маршрут әзірленген. Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің құрылысы барысында 1900 жұмыс орны ашылса, бұл кешен іске қосылғанда 400 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жылына келетін туристер саны да арта түспек. Сондай-ақ, «Зияратшылар орталығы» ғимаратын қайта құрылымдап, оны «Ұлы Жібек жолы» ұлттық қолөнер шеберлері орталығы» етіп қайта жасақтау жұмысы қолға алынбақ. Орталық дәстүрлі қолөнердің барлық түрлерін, атап айтқанда, керамика, тоқыма, ағаш және былғарымен жұмыс, сондай-ақ, зергерлік бұйымдар мен қола құю түрлерін ұсынады. Орталықта қолөнершілер үшін дуальді білім беру орталығы ашылады.
Өңірде инфрақұрылым жақсарады. Барлық аудан, қалаларда ауызсу, газбен қамту, сапалы жарық мәселелері бойынша тиянақты жұмыстар атқарылады. Газ мәселесі шешімін тауып келеді. Екі айда 30 елді мекенге газ тартылып, 45 мың адам «көгілдір отынды» пайдалана бастады. Бұл жұмыс ары қарай жалғасын тауып, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 48 елді мекенге газ тартылады. Жыл соңына дейін орталықтандырылған сумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 97,2 пайызға, ал, ауылдық елді мекендерде 80,4 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр.
Түркістан қаласын дамыту, құрылыс нысандарын талапқа сай жүргізу жұмыстары да жоспарға сай атқарылады. Биылдың өзінде бірнеше ірі нысан пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталық пен мәдени-тарихи орталықта бұрын қолданылмаған инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Жаңадан салынып жатқан нысандарды жылумен қамтамасыз ету және оның сапалық көрсеткішін арттыруды қамтамасыз ету бойынша тиімсіз және ескі шешімдердің орнына жаңа технологиялар қолданылды.
Абаттандыру алаңы 100 гектардан аса аумақты алды. Облыс орталығын көгалдандыру болашақта қаладағы микроклиматқа оң әсер ететін болады. 2019-2021 жылдары аралығында Түркістан қаласы аумағының шығыс бөлігіне желден қорғау және қолайлы мироклимат қалыптастыру үшін 7700 гектар алқапқа ағаш көшеттері отырғызылып, жасыл аймаққа айналады. Қазірдің өзінде 90 мың түп көшет отырғызылды. Бұдан бөлек облыс орталығында каналдар жүргізу, құдықшалар қазу, жасыл желекті суару, жол салу ісі бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылады.
Биыл Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, көне шаһарға облыс орталығы мәртебесін бергеніне 1 жыл толды. Осы орайда Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, идеологиялық дамуының төрт бағыты айқындалып отыр.
Идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сай – осы қалаға келген адам күллі қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс. Келген туристер өңірімізде орналасқан киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттайды. Екіншіден, Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы болуы – басты назарда. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әлемде теңдесі жоқ сәулет туындысы. Ғажайып ғимаратта ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттік құрылыс тәжірибесінің іздері сайрап жатыр. Кесененің құрылысында түркі өркениетінің нақыштары мен ою-өрнектері, көне замандардағы сәулет және бейнелеу өнер туындысы көрініс тапқан. Тарих қойнауында қалған, көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін барлық жағдай жасалмақ. Үшіншіден, Түркістан заманында тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда орталығы болған. Бүгін де бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігі дайындалады. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу тетігі мәдениет, өркениет, сауда, сәулет, қолөнер, музыка сияқты салаларды қайта жаңғыртудан басталады. Кеше тарихи Ұлы Жібек жолы да осы Түркістаннан өткен болса, бүгін де сол жолды жаңғырту көзделуде. Төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – жалпы түркі руханияты кеңістігінде өзіндік ілім қалыптастырып, исламдық құндылықтар негізіндегі ар түзейтін ғылымның моральдық-этикалық арнасы мен үлгісін көрсетіп кеткен тарихи тұлға. Ясауидің артына қалдырған өшпес мұрасы оның еңбектерінде жатыр. Осы мақсатта Қожа Ахмет Ясауидің Түркия, Өзбекстан, Иран, Индонезия және Еуропа елдеріндегі шәкірттерінің басын қосатын симпозиум ұйымдастырылмақ.
Ел Үкіметі тарапынан бөлінген әрбір тиын ел игілігі үшін жұмсалып, жұмыстардың сапалы әрі уақтылы орындалуы басты назарда болмақ. Қазақстанның қуатты аймақтарының бірі-Түркістан өңірінде, облыс орталығында атқарылар іс ауқымды. Жаңа Қазақстанның жаңа келбетін көргісі келетін шетелдік туристер Түркістанға ағылатын күн де таяу.

АРЫСТАҒЫ АЛАПАТ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ

Апат айтып келмейді. 24 маусым күні таңғы сағат 9:20 шамасында Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында күшті жарылыс болып, салдарынан өрт шықты. Снарядтар ысқырып келіп, бейбіт тұрғындардың үстіне құлап жатты. Көптеген үйлерге едәуір зақым келді. Үш адам қайтыс болды. Ауруханаларға түскендер көп еді. Осындай аласапыранда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арысқа ұшып келіп, жағдаймен егжей-тегжейлі танысты. Қауіптен қорықпай Арыс қаласын аралап көрді. Апат салдарын жою жөнінде тиісті мекемелерге тапсырмалар берді. Мұнан соң ауруханаға түскендерге арнайы келіп, көңілдерін сұрады. Мемлекет басшысының өзі қастарында жүргендіктен, тұрғындар тыныштана бастады.
Кейін анықталғандай, Арыста 104 көпқабатты үй, 7 мыңнан астам жеке тұрғын үй зақымдалған екен. Олар бір ай мерзім ішінде қайта қалпына келтірілетін болды. Мұнан бөлек қаланың әрбір тұрғынына 100 мың теңгеден жәрдемақы төленеді. Бұл жөнінде Арыс қаласына жағдаймен танысу мақсатында арнайы келген ҚР Премьер-министр» Асқар Мамин мәлімдеді. Жалпы, 55 мыңнан астам тұрғынға 100 мың теңгеден жәрдемақы төленбек. Сонымен бірге, аз қамтылған және көп балалы 650 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген. Бүгінде Премьер-министр апта сайын қалаға келіп, жағдайды өз бақылауына алып отыр. Арыс қаласын қалпына келтіру, тұрғындарға жағдай жасау жөнінде республикамыздың барлық облыстары атсалысуда. Қазір қала 17 секторға бөлінген. Әр сектордың жұмысы күнделікті бақыланып, штаб отырысында талқыланады. Инженерлік инфрақұрылым, электрмен жабдықтау және байланыс желілері ҚР Үкіметінің материалдық резерві есебінен жаңартылуда. 4 мыңнан астам оқушы жазғы демалысқа жіберілді.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев оқиға орын алған күннен бастап Арыс қаласында жүр. Барлық жағдайды бақылап, күнделікті штаб отырысын өткізеді. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің бастамасымен Арыс қаласының орталық алаңында ауыл шаруашылығы саласы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған 50-ге тарта тауарөндіруші өз өнімдерін әкелді. Олар қала тұрғындарына өнімдерін базар нарқынан 30 пайызға төмен бағада ұсынды. Жәрмеңкеде халыққа 24,4 тонна сүт, 41 тонна бақша, 22,5 тонна ет және ет өнімдері, 54,4 тонна көкөніс, 16,7 тонна жеміс-жидек, 2 тонна әсел, 5 тонна балық саудаланды. Осындай жәрмеңке екінші мәрте өткізілді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаровтың айтуынша, Арыс қаласында тіркелген 346 кәсіпкерлік нысанның 258-і, яғни 78 пайызы зақымданған. 253 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бесеуі толығымен қайта салынады. Апат орын алған күннен бастап, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі жанашыр ағайындар «Арыс, біз біргеміз!» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, азық-түлік, киім-кешекті тау қылып үйіп тастады.
Бүгінде 754 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір 3040 жеке және көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауқымды іске 190 құрылыс компаниясы, 5 мыңға жуық құрылысшы мен 207 арнайы техника жұмылдырылған. Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша 66 денсаулық сақтау, білім, спорт нысандарында жұмыс қызу жүргізіліп жатыр. Қаланы қалпыны келтіру жұмыстарына еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялар, ірі бизнес өкілдері белсенді үлес қосуда. Асқар Мамин негізгі жұмыстарды 1 тамызға дейін бітіру жөнінде нақты тапсырма берді.
Бүгінде қалада қалыпты өмір ырғағы бар. Әрине, бұл қуатты Қазақстанның, ел ауызбіршілігінің арқасы. Қойма қою түтінге оранғанда айналадағы ағайын бірі сусынын алып шығып, бірі көлігімен балаларды қауіпсіз жерге ала қашып, бірі қарттарға қарайласып, тағы бірі өртті сөндіруге жанталасып, нағыз ерліктің, елдіктің ерен үлгісін көрсетті. Елдік осындайда сыналады. Ерлік осындайда көрінеді. Біз ел екенімізді де, ер екенімізді де басқа күн туғанда таныта алдық. Ал, осындай ырыс-ынтымағы жарасқан елде өмір сүру қандай бақытты!

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.