ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ ҚОРҒАНЫ

  • 16.08.2019
  • 53 рет оқылды
  • 0

Бiр дауыл сапырды да өрт теңiзiн,
Теңселтiп темiр топан дүние жүзiн.
Бетiне туған жердiң өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген iзiн.
Қасым Аманжолов

Заманымыздың ұлы батыры Б.Момышұлының өзіндік болмысын айшықтай түсетін өз қолынан шыққан шығармаларын бүгінгі өскелең ұрпаққа таныту – баршамыздың жауапты ісіміз болып отыр. Батыр болмысын тану, оны зерделеу ісі еліміздің жоғары әскери оқу орындарының алға қойған кезек күттірмес міндеттері. Бүгінде батыр таныған әскери білім берудегі методологиялық әскери білік нұсқалары қала берді шетел әскери білім беру орталықтарында да оқытылып отырғанынан хабардар болып жүрміз.

Батыр ағамыздың өмірбаянына көз жіберсек, алдымен ауыл, одан соң, қаладағы арнайы финанстық білім беру орнындағы білімімен талай ғылыми негіздегі дүниелерді жасағанына көзіміз жетіп отыр. Әсте өмір тәжірибесі мен таным дүниесінің молдығы, сондай-ақ, өскен ортасының тәлім-тәрбиесі мен әр істі шынайы ниетпен игеруі батыр болмысының таным табиғатын кеңейтіп, адами тұлғасының зор бейнесін қалыптастыруына негіз болғандай.
Батыр ағамыздың таным дүниесіндегі өзіндік болмысы өз шығармаларында анық көрініс тапқан. Таным болмысы Батыр танымында адамның қоғамдық бейнесімен астасып, адам ­ ­– қоғамның бір бөлшегі, сондықтан ол кісі адам психологиясы сол ортаның адамдық қатынасында танылатынын бірінші орынға шығарып, зерделеп деректейді. Әсіресе, соғыс жағдайында жауынгерлік өмірдің қатаң да қысылтаяң кезеңінде адам жанының шындығы мен көлеңкесі қалай өрбитінін, шындықтың жүзінде кім қалып танылатынын батыр ағамыз өз шығармаларында дәлелдей түскен.
Соғыс жағдайында күндегі болған оқиғалар мен адамның жандүниесіндегі түрлі мінез табиғатын айнытпай қағазға түсіру арқылы қан төгістегі соғыс психологиясын деректей отырып, оны Баукеңнің өз тұрғысынан алдымен адам-азамат ретінде таразылап, баға беруін – адам жанының күрделі болмысына терең үңілуі дер едік. Ол кісі адам жанына үңілу ­– әр командирдің адамдық болмысы екенін де бірінші орынға қояды.
Командир мен сарбаз арасындағы қарым-қатынастың бастау табуы мен өрбуіне, әскери өмірдегі сан түрлі жағдаяттардың қарым-қатынасқа әсерін, сарбаздың өсу, толығу, өз бетінше қарекет ету жайларына өз дерегінен мысалдар келтіру арқылы дәйек жасайды. Қоғамдағы адамдар арасындағы қатынастың адамдық мінез бен ұлттық ерекшелігін де есепке ала отырып, сарбаз табиғатын терең таразылау, дер кезінде шындық тамырын басу арқылы оқ пен оттың ортасындағы адамның жан дүниесін көрсетеді.
Б.Момышұлының шығармалары өмірдің нақты шындығынан алынып, деректік белгіден шынайы шығармаға айналған адам танымын кеңейтер, ой артар дүниелер. Әскери педагогикаға құрылған жалаң дидактикадан аулақ, қайта нағыз шындық дәлдігіне негізделген, көз алдыңа бүткіл соғыс картинасын әкелер сюжеттерді нанымды түрде бейнелеген батыр шығармашылығындағы қайрат, жігер, намыс жандүниеңді батылдыққа, намысқа баулиды. Жауынгерлік жорық жылдарының сюжеттерін батыр оқ пен оттың ортасында жүріп, жау шабуылынан бір сәт тыныс алған минуттарында қойын дәптеріне түсірген жазбаларын деректеп, көркем шығарма тіліне шебер айналдырған.
Көзбен көріп, көңілге түйгендерін жадынан шығармай, соғыстағы өзі бастан кешкен қоян-қолтық ұрыстарда талай рет жаумен бетпе-бет келгендегі сарбаз жандүниесін, өмір мен өлім арасындағы жанталасты, ерлік пен елдікті, адамға тән болмысты, командир мен сарбаздың өзара қарым-қатынасын, соғыстағы ерлер психологиясын, жауынгер қауымының шайқас даласындағы өмірін, басқыншылардан жер мен елді қорғаудағы жан алысып жан берісер қиян-кескі ұрыстарды күнбе-күнгі күнделікке түсіруі арқылы Ұлы Отан соғысының дүрбелеңін, соғыстың апат екенін келешек ұрпаққа шынайы жеткізе білді. Бұл батыр танымынан өз өмірінің бір сәті де текке кетпегенінің айғағы, біртуар талантты тұлғаға тән ерекшелігі.
Батырдың өз сөзімен айтқанда: «Тағдыр мені адамзаттың жантүршігерлік қайғы-қасіретінің куәгері болуға жазса да, ақ қағаздың бетіне болат қаламсаптың ұшымен қисынды сөзді маржандай етіп тізе алатындай өнерім болмаса да, жай себеппен, менің қолым жауға сілтер қылыштың сабын ұстауға, пистолеттің шүріппесі мен жауынгер атының тізгінін ұстауға үйренген қолыма – қаламсап та, уставтың өктем бұйрығына үйреніп қалған тілім де ырық берер емес, бірақ та сараңдардың санатында ( өлер алдында бар байлығын босқа далаға шашқан Қарымбай сияқты) қалмас үшін, өлгендердің рухы, зардап шеккен, адал солдаттарымның алдында – үн-түнсіз қалмауды, бастан кешкендерді тілсіз қағаз бетіне түсіруді өзіме парыз санаймын, өйткені ол: «ерлік елеусіз қалмасын, олжа елге, атақ ерге – сауға» деген әділеттік қағидасын еске салатын, шындық оқиға куәгерінің тілі болсын» деген сөзі орасан қанқұйлы зор майданды бастан кешірген батыр парызы еді.
Батыр шығармашылығын қайталап оқыған сайын таным дүниесінің көкжиегі жаңа ұғымдар ұстанымы жағынан кеңейе түсетіні тағы бар. Оның ішінде адам нені білу керек, нені ескеру керек, қиын жағдайларда адамды адам ететін тек адалдық пен шындық екенін шын мәнісінде іс жүзінде болған жайларды дерек ете отырып нанымды суреттеді. Деректі дүниелерін дер кезінде күнделік етіп түзді.
Батыр ағаның прагматиктігі ой жүйесінің қайдан, қалай пайда болғанын өз айтқанындай «темірді қызған кезінде соққанынан» аңдаймыз. «Бір күннің тарихы» әңгімесінде «…бұл әңгімемді ұрыс біте салысымен жаздым. Дәл қызып тұрған кезде жаздым. Суыған кезде менің қаламым балға ғой, темір де суып қалған, суық балғам суық темірді өз еркінше илей алмас еді. Титімдей әңгімеден Төлеген – ерліктің символы болып қалды…»
Бауыржан ағамыздың күнделіктері мен қолжазбалары шындық дүниесінің арнасы. Өзі айтқандай, «Антон Павлович Чехов тарантасқа мініп, бес-алты ай жол жүріп Сахалинге барған. Александр Сергеевич Пушкин Орал облысына дейін келген. Мұны айту себебім, жазушылық еңбек нағыз зерттеушілік, барлаушылық еңбек…».
Міне, айтар ойының түпқазығы шындық дүниемен астасып жатқаны жазушы Бауыржан Момышұлының биік парасат иесі екенін таныта түседі. Жазу жұмысы ақ бетті толтырудан тұрмайтындығын, ол елге таралатынын, одан оқушы жұрт ой түйетінін, тәлім-тәрбие алатынын методологиялық тұрғыдан таразылаушы. Күрескерлік философияның тізгінін ұстаным еткен Бауыржан Момышұлының әскери өмірі мен әдеби өмірі бірімен бірі ұштасып жатқан терең тағылымды өмір.
Бауыржан Момышұлы жөнінде жазылған әдеби шығармалар мен естеліктер тұлға танымын айшықтай түседі. Бар өмірін бауыржантануға арнаған белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбай ағаның «Мен – халқымның Бауыржанымын» атты кітабы қазақ жұртшылығына батыр ағамыздың тұлғалық қалпын одан сайын терең әрі нанымды ете түскен шығарма болды. Тәуелсіздік жылдарының құнарлы әрі ұлт үшін қызмет етер бұл еңбек бізге де біраз дүниенің басын нақтылап ашып берді. Мәселенің үлкен-кішісі болмайтыны тәрізді, ондағы адамдық, шындық дереккөзінің желісіне құрылған батыр аға тұлғасы әр әңгімеден көрініс тапқан. Мұны оқырман терең сезінері анық.
Бауыржан Момышұлының танымдық бағытында алдымен адам тұрады. Қарым-қатынастағы адам орнының қоғамдағы рөлін биік парасат тұрғысынан таратуы басты мәселе болып танылады. Адамның нақты әрекеті деректі, яғни, шындық дүниеде оның адами болмысы болып табылатынына батыр ағамыз ерекше мән берген. Қоғам адамдардың қарым-қатынасынан тұратын байланыстық сипаты зор дүние, оған қалай болсын солай қарай салмау қажеттегін әр қадамымен, әрбір ісімен ескертеді. Адам тіршілігіндегі байланыс жайдан жай туа салмайтындығын, оның ішкі-сыртқы мазмұны терең және ол мейлінше мәдениетті орындалуы қажеттігін бірінші орынға қояды. Екіншіден, қарым-қатынастың ұлттық қыры сақталуы маңызды мәдени бірлік екендігі және оның бұлтартпайтын қағида-ереже екенін әрдайым батыр прагматикасының негізі болып көрініс табуында жатқандай. Қарым-қатынас мәдениеті қан майданда да сақталу қажеттігі және өмір мен өлім тайталасында оны ердің ері ғана көрсете алатындығы тағы да батыр бойынан тұтас табылып жатады. Өмірдің өзі байланыстан тұрады және ол өте нәзік әрі оның мейлінше гармония табуы батыр шындығының методологиялық діңгегі. Адамдар арасындағы қатынастың шешімді жол табуы тағы да батыр прагматикасының биіктігі.
Қоғамда жақсы-жаман қатар жүреді, бірақ, жақсы әрдайым таза болып, ол кеш те болса өз орнын табатынын ертерек тануы ­- батыр прагматикасының терең тамырлы екенін айшықтай түскендей. Батыр ойының жүйелі нақты өрбуінің өзі ой пішімінің дұрыс үлгіленіп, қысқа, нақты сөзбен өріліп, нысанаға дәл тиюінде жатыр. Әскери қызмет ортасы дәлдікті қажет ететіні өз шығармаларында кеңірек көрініс тапты. Сондықтан, ой бағытының да нысанасын дәл табуға құрылуы прагматикалық шеберлігінде екені даусыз. Белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбай аға: «Мен Баукеңмен жиырма бір жылдан астам уақыт сыйласып, сырластым. Сонда әр жолыққан сайын рухани байып, ол кісінің табиғатынан ойшыл екеніне көзім жете түсетін. Тіпті, күнделікті қарапайым тыныс-тіршілігінің өзінен де ойшылдығы байқалып тұратын» дейді.
Ойшылдық, ой бағушылық және жан-жақты білімдарлық түрлі өнер атаулыны игеруде, оны озық үлгіде орындау қабілетін иеленуде зор еңбекқорлық жатыр. Жастайынан өзге ұлттың өкілі меңгере алатын сана мен ниет менде де болу керек, неге маған оны меңгермеске деген талпынушылық бірте-бірте дағдыға сіңіп, қабілеті мен табандылығы нәтижесінде азаматтық тұлғаның қалыптасуы биік мақсаттарға ұласып, адами болмысты ең басты нысан етіп қоюы, оны өз өміріндегі қызметте жүзеге асыруы батыр танымындағы семантикалық бірлікте екені даусыз.
Ой жүйріктігі өз болмысында негізгі мотивациялық шешім табуы да батырдың терең ойшыл екенін байқатады. Ой екпіні сөзбен және оның ішінде семиотикалық жақтан қырланған сөзбен астасып барып көрініс тапқанда батыр ағамыздың шешендігі мен жүректілігі қатар түсіп, тыңдаушысын еліттіретіні айқын. Талант қарымы ойлы, таңдаулы шығармалардың тууына әкелді. Өзі бастан кешіргендерін бүкпесіз, деректік бояуын сақтап беруі танымның жанды қалпы нанымды шығуына жол бастады. От пен оққа оранған майдан төсіндегі сарбаздың жан аямас жаумен алысқан ерлігіне ден қойған батыр ағамыз қарапайым ауыл адамы Әкімгерейдің түр-тұлғасынан адалдықты, адамдықты, ең бастысы он алты рет жараланған сарбаз бойында әлі де бір оқ денесін қарып жүрсе де, мойынсынбай, оны ауыр көрмей, жаумен бет-бет кеп алысып жүргенін көз тасада қалдырмай, жеке отырып әңгімелесуі батыр ағамыздың адами болмысының биік екенін танытады. Талай шайқасты бастан кешіріп, өнбойында он алты жараның ізі қалған Әкімгерей көреген полк командирі Бауыржан Момышұлының кісі танитын талантының бір көрінісі еді. Өзі жүрген ортада батыр көзінен ештеңе таса қалмайтыны Момышұлы ағамыздың терең білімдарлығы мен тамыршыдай психолог екендігінде. Батыр ағамыздың өзі айтқандай: «Командирдің ой толғағы ауыр толғақ. Жеңіл толғақтан терең ой тумайды». Адам төзгісіз шайқастарды басынан кешіріп жүргенде өз басын шаршағандыққа, босаңдыққа бергізбей, керісінше күн сайын сол күнгі шайқасты қайта ой елегінен өткізіп, әсіресе, сарбаздарының қиян-кескі арпалысын қайта ойға салып, таразылауы, жүректілік пен азаматтыққа тән ерлікті мәңгілік еске қалатындай қағаз бетіне түсіруі ойшылдығы мен еңбекқорлығын танытады. Әрқашан өзіне сын көзбен қараған аға қаламынан: «…ақындық алдымен мида, одан кейін ойда, жүректе. Ұйқасқа құл болғандар ақын емес» – деген ойлары кімді болса да сақтандырады. Мәселені дұрыс ойлап, дұрыс пішіп, оны іске асыру Момышұлы ойының терең методологиялық негізі. Бала жастан көргені мен қолы жеткен деректі шынайы дүниенің болмысын көкірек көзіне ерте сіңіре білген батыр дүниетанымы шындық өмірде іске шынайылығымен шыңдалып іске асырылған. Қысылтаяң кезде командирдің ақылы, парасаты, терең дүниетанымы әрқашан жол тауып, жеңіске бастайтыны анық. Осы тұрғыдан алғанда жорық жылдарында өз өмірінен алған тәжірибені дер кезінде іске асыру батыр ағаның алғыр ойлылығының бір парасы.
Батыс Ресей мен Еуропа жері орман- тоғайлы, сулы-нулы болуы небір шайқастарда осы жерлерден соғыс техникасын аман сақтап өтуде жол бастаған командирдің іскерлігі, әскерді ұйымдастыру шеберлігі алға шығады. Бірде өзеннен зеңбіректерді суға батырмай алып өтуіндегі тапқырлығы, яғни, алдымен судан өту үшін кішігірім өткел жасап алу, ол өткелді жасау үшін материал қажеттігі, оны орман шетінде бос қалған деревняның қираған үйлерінің тақтайларын пайдалану арқылы жасатуы – батыр ағамыздың бала жасынан көргені мен түйгені мол, оны қажет жерде тиімді пайдалана білуі – іскерлікті танытатын тапқыр ойлылығында жатыр. Өзеннен өткен әскердің талай зеңбірегі суға батып кетсе, жалғыз Момышұлының құрамындағы бірде-бір зеңбірек суға кетпей жағалауға шығуында ауыл баласының үлкен танымы бар. Не істі қолына алса да, сол іске мазмұнмен қарау батыр танымының ең басты методологиясы.
Бауыржан Момышұлы жайындағы шығармаларды оқыған сайын адам өзін өзі айнаға қарап түзегендей қалыпқа келе бастайды. Көп жағдайда көзтанымы терең, екінің бірінде бола бермейтін мінез қалпында алдымен тазалық көрініс табады. Тазалық ұғымы адамды адам ететін басты дәйек. Жан тазалығы, тән тазалығы, ой тазалығы, істің шынайы орындалуындағы тазалық атаулының барлығы – жазушы Мамытбек Қалдыбай ағаның Бауыржан ағамыздың бейнесі сомдалған « Мен халқымның Бауыржанымын» атты кітабында жан-жақты көрініс тапқан.­
Батырдың ойлылығы – тапқырлық пен шеберлікті танытатын негізгі діңгегі. Әсіресе, әскери қолбасшыға стратегиялық тереңдік, қарсыластың соғыс күші мен тактикалық әдіс-тәсілін тануда ойлылық, түрлі әдіс- амалдардың әрекеттік шамасы мен соғыс техникасының ату траекториясының басымдылығын өлшеп пішу – соғыс өнерін игеруге аса қажет. Міне, осы орайда оның ойшылдығы сұрапыл соғыста әр қимылдың қалай орындалуына, әр взводтың шамасына сәйкестендіріп пішіп, алдын ала ой тізгінімен тарамдап таразылауы солдаттарының шығынға ұшырамай жеңіске жетуіне себепкер болды. Жау психологиясын зерттеу, рекогносировкалық дайындық жұмыстарына барынша жіті қарап, қорытынды жасау сияқты әскери жауынгерлік талаптар үрдісінен дұрыс шешімге келіп, оны жоғары басшылық алдында дәлелдеу – өз позициясына бекем тұрарлық қабілет қарымдылығы мен ер мінезділігінің пәрменділігінде жатқандай.
Батыр жазушының «Қанмен жазылған кітап» шығармасында Москваны қорғау кезіндегі таптырмас әдісі кімді болса да тебірентіп, тамсандыратын ойлылық пен жігерлілік екені даусыз. «Дивизиямыздың екінші батальоны сіздер боласыздар, – маған қарап алып, білесіз бе, мен сіздердің батальондарыңызды қатерге тігіп отырмын, жиырмасына дейін 235,1 белгіде Горюны, Матренино шептерінде жауды ұстап тұрыңыздар…» деген бұйрықты алған Бауыржан Момышұлы 120 жауынгермен 600 неміс басқыншысына қарсы тұруға бел байлады.
Құрсанған жау алда, арқада Москва. «Неміс қояр емес қой. Не көрінеді деп сұрадым Филимоновтан.
– Иә, қояр емес. Бізді атқылап, атқылап күлімізді көкке ұшырып, ойы шамамда, тапа өлігіміздің үстіне келмек қой деймін, – деді.
– Жау әскері көріне ме?
– Орман шетіне бес-алты жүздей жиналып жатыр, жаяу әскерін шығынға ұшыратқысы келмегені ғой.
– Олай болса, тап соның ойындағысындай болсын. …Ротаны бет- бетімен бытыратып, үрейлене, жоғары көпірге қарата қашыңдар деп бұйрық бергін, – деп ем, Филимонов таң қалып:\
– Не деп тұрсыз, жолдас комбат?- деді.
– Солай. Жаңылыс есіттім деп тұрсын ба? Менің бұйрығым солай , барғын, – дедім. Жүз жиырма жігіт орындарынан тұра салып, алды-артына қарамай, бет-бетімен тым-тырақай, станцияны тастап зытып берді. Демнің арасында зеңбіректер атуын тоқтатты. …Бес сағат есінен таныта атқылағанннан кейін станцияны қорғап жатқан қызыл әскер қашып кетті, ешқандай қауіп жоқ, – деп ойлады білем, сор маңдай жау командирі станцияға ене салысымен-ақ солдаттарын елді тонауға қуып, үй-үйге таратып жіберді. Кейбіреулері тауықты, кейбіреулері шошқаны қуып, ұстай алмай жүр. Ақыры қыстақтың шет-шетіне қарауыл қоюды да ұмытты. Бәрі тап нағашысының үйіне келгендей бейғам. Отыз-қырық минут өткеннен кейін, қызыл тұмсық болып, оңай олжаның қызығына батты-ау деген кезде, көпір астындағы жүз жиырма жігітті қырықтан үш топқа бөлдім. Оларға Филимонов, Хабиболла Рахимов, Жолмұхамбет Бозжанов бастық болып тағайындалды. …Ура деп дауыстарыңмен барынша айқайлап, шабуыл жасап тисіңдер! – … Барыңдар, жолдарың болсын, тәуекелге бел байладым, – деп жарлық еттім».
Жағадан алып, шабуылын үдетіп, бастырмалатып келген жауының алдында осындай айла-амалды іс жүзіне асырған командир Бауыржан ағамыздың ерлігі кімді болса да жігерлендіріп, жеңіске бастайтын рух екенін танытады. Осы шайқас Ұлы Отан соғысы тарихында Ұлы шайқас беттері болып, батырдың өз сөзімен айтқанда, «қанмен жазылып» ұрпақтан ұрпаққа жеткен патриотизмнің мәңгілік символы болып тарады. Егер, ұлтымыздың арға-бергі тарихына бойлап қарасақ, сонау қазақ хандығының қалдыптасу кезеңдері мен тіпті одан да әрі түркілік тайпалық кезеңдерден келе жатқан ел қорғау тарихында батырлығымен көзге түскен тұлғалардың ерлігі екі үлкен болмысты алдымызға әкеледі. Жауға атойлап шапқан батырларымыздың барлығы қол бастаған, сонымен қатар, суырып салмалық өнері бар, сөз бастап, елді бірлікке ұйыстырған жыраулар болғаны анық. Осы ретте Қазтуған, Доспамбет, Үмбетей, Тәтіқара, Ақтамберді сияқты қол бастаған, елін қорғаған батырлар галереясының заңды жалғастырушысы Бауыржан Момышұлы дер едік.
Сұрапыл соғыста ел үшін жанын қиған ерлердің ерлігі мен азаматтық ниеттерін ұмыт қалдырмай ұрпаққа ұран еткізуге қалам тартқан Бауыржан Момышұлы шығармалары ерлік пен елдіктің, ұйысқан ұлттық болмыстың мазмұнын мейлінше танытқан шығармалар. Ұлт болашағы үшін мәңгілік сарқылмас білімнің бастауы.
Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романында өзінің тайгадағы әскери қызметі кезіндегі сарбаз Макаровқа жүргізген тәрбиесі кімге болса да үлгі. Жастайынан жетімдер үйінде болып, одан тағдырдың тәлкегімен түрмеде отырып, абақтыдан соң әскери борышын өтеуге кіріскен сарбаз Макаровты жанына ертіп, ресторанға апарады.
Үсті-басын реттемей кірлеу болып келген әрі әскери тәртіп бойынша кіші командирлердің талабына илікпей жүрген Макаров ресторанда өзінен-өзі ұялып, қуыстанып, қысылады. Ертеңінде Макаров тап-тұйнақтай таза, көрікті жігіт болып шыға келеді. Шығыс философы Конфуций: «Егер, заң арқылы басқарсаң, жазалау арқылы реттесең, халық аяғын тартады, бірақ, ұятты сезінбейді. Егер, ізгілік арқылы басқарсаң, оны дәстүрге айналдырсаң, халық ұялып қана қоймайды, көндігуге тырысады», – дейді. Міне, осындай жоғары философиялық қағиданы жанына білік еткен батыр аға талай сарбазды тура жолға салды. Жарылған снаряд, бораған оқтың арасында жүріп өзіне таныс солдаттарының ерлігін әсте естен шығармай, олар туралы көп ойланып, гильза қуысына зеңбіректің майы құйылып, жасалған жарық түбінде сыз блиндажда ер Төлеген, қарлы боранда соңғы демі қалғанша, жаумен арпалысып жанын қиған Алешин, 316-шы атқыштар дивизиясының дарынды қолбасшысы генерал И.Панфилов жөніндегі естеліктері дәптер бетіне жазылған болатын. Бұл рух дүниесіне деген батыр көңілінің биіктігі болса керек. Кейін осы жазғандары «Москва үшін шайқас» романының өзекті арнасына арқау болды. Бала жасынан білсем, үйренсем, қалайда осы істі игерсем деген талабы таудай талантты тудырды. Халқының ғана батыры емес, әлем тәнті болған Бауыржан аға дүниетанымы кең арналы әрі терең тұңғиық, кәусар бұлақтай таза шындықтың мөлдірі. Батыр болмысына жастайынан үңілген әрі жанында жүріп талай қиын-қыстау кезеңнің тарихи шежіресін өз аузынан есітіп оны әдеби дүние еткен жазушы Мамытбек Қалдыбай ағамыз батыр ағаның ғибратты әңгімелерінен ой түйіп, Баукең ойын былай жеткізеді: «Адам рухын шыңдау үшін әруақытта үмітсіздіктен, уайымшылдықтан аулақ болуы керек. Өз өзіне сенімсіздікпен қарап, сарыуайымға берілген жан рухын әлсіретеді, берекесіздікке ұрынады. Тіршілік дүниесіне сенімі азайған адамда ешқандай рухани құдырет болмайды».
Б.Момышұлы соғысқа дейін арнайы журналист не болмаса филологиялық білім алмаса да, санасы мен жан дүниесіне ата-ана, туған ауыл берген тәлім-тәрбие туған жерден қиыр шетте жүрсе де, оны өз ана тілінен алыстата алмады. Қиыр Шығыста, ну ормандағы әскери тәртіп қызметінде де, қырғын шайқаста да бірауық өзі сүйсініп оқыған Абай өлеңдеріне, қарасөздеріне тоқталып, салқын сабырмен ой қорытатыны да, ұлы ойшылдар дүниетанымына терең бойлауы да батыр дүниетанымының біліктілігі. Ормандай өзге ұлттың арасында жүріп, өзгелердей туған тілді ұмытып қалдым деген қазақ ұғымына жат жасанды қағидалардан аулақ болды. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деген батыр сөзі қашанда ұлт танымын түлететін қазақ тілінің болмысын таныған ұлының тілі болып мәңгі жаңғыратынын ерте сезсе керек. Б.Момышұлының тілтанымдық тағылымы дегенде біз тек өз афоризмдерін ғана тілге тиек етуді мақсат тұтпадық. Тілтаным табиғаты ойтаным, дүниетаным мәселелерімен біте қайнасып жатқан үрдісі кең, танымы терең, маңызы адамзат үшін қызмет ететін мәңгілік мәселе.
Б.Момышұлының соғыстан кейінгі жылдары жоғары әскери оқу орнында жас офицерлерге дәріс оқып, әскери педагогика саласында қызмет еткенін баршамыз білеміз. Өз басынан өткен соғыс өнерін әйгілеуде батыр тағы да көрегендік таныта білді. Қай салада болмасын белгілі бір мамандықтың өз терминологиясы әрқашан сол кәсіптің мазмұнын нақтылай түседі. Әскери соғыс, шабуыл, қорғаныс сияқты майдан даласының толып жатқан күрделі мазмұнында сандаған әскери терминологияның мәнін түсіндіруде батыр атамыздың тағы да айшықты таңбасы болып, анадайдан мен мұндалап көрініс тапқанын байқаймыз. Бір қарағанда ұрыс пен шайқас сөздері бір сияқты. Кей жағдайда тілде синоним сөздер қатарына да енуі бар.
Осы екі сөздің екі түрлі ұғым екенін былайша таратады. «Ұрыс – тактикалық ұғым, шайқас – оперативтік-тактикалық ұғым. Олар өздерінің уақыт, кеңістік жағынан өрістеуі, міндеттернің аумағы, мақсаттарының сипаты, масштабы тартылатын күш пен қару-жарақтарының құрамы жағынан әр түрлі» – деп түсінік беріп, әскери мазмұндардың ережесін негіздейді. Әскери майдан даласының болмысын өз басынан кешірген батыр әскери оқуды меңгеруші жас офицердің санасына қысқа әрі нұсқа түрде нақты білікті ұсынады. Мысалы, батыр аға «тірек пункті» дегенді былайша түсіндіреді: «Орыс әскери тілінде «ключ», «стержень» деген термин бар, немесе қазақша айтсақ, «тіреу», «бақан» – қазақтың киіз үйі – «бақанға» – «тіреуге» сүйеніп тұрады, егер оны алып тастаса, онда киіз желден құлап қалады. Кез келген үй тіреусіз болмайды. Бауыржан Момышұлы дүниетанымында өз алдына ерекше орын алатын таным табиғатының бірі – қазақ тілінің ұлт тілі, ол сандаған ғасырлар қойнауынан келе жатқан баба тіл, таза тіл.
Баукеңнің «Поэзия демекші, менің көңілім толмайтын бір жай бар, күні бүгінге дейін сөздеріміздің төркініне, қайдан шыққанына түсінбестен сорлап жүрміз… Сөз, тіл, мақал-мәтел, әрі беріден кейін эпос, поэма дегеннің бәрі – халық творчествосы. Осындай ақылды ақын, философиялық пікірі бар халқымыз болмаса, бізден қалам ұстайтын бір адам шықпас еді» деуінде терең мән бар. Бұдан шығатын қорытынды – адам болам десең ойыңды түзе, одан соң білім ал, осы жолда әр сөздің мән-мағынасын біл. Ол сөздің мән-мағынасын халық өзі талай ғасыр бойы жасап, ұстамды етіп атадан балаға мирас еткен осы ұлы дүниені көзқарашығындай сақта. Адамды тілінен тану Момышұлының сөз қадірлер қасиеті. Көбіне дұрыс сөз қолданысын «аталы сөз» – пәрменді сөз, мән-мазмұны әбден қырланып кімге болса да түсінікті тілді жоғары бағалаған. Мінбе сөзі мен жазу тілінің нұсқалық парасын дәл тани білген. Қағазға қарап жөн сөз айтып тұрмын дегендерді сынға алып, оны өз мәдениеті тұрғысынан таразылап, өзінен кіші інілеріне сөз қолданысының функционалдық табиғатына ерекше мән беріп тігісін жазып айтуы барша жұртқа сабақ, мәдениет.
Ұлт мәдениетіне ерекше зер салған батыр аға қай қиырда жүрсе де, өз ана тілін ұлт ұстанымы ретінде жоғары бағалап, қазақ тілінің «шүршіттеніп» бара жатқанына налып, оны сол 1944 жылдың өзінде қазақ тілі – қазақ ұлтының тілі, оны таза сақтау жүйесін бұзбай, сөз арасына өзге тілді араластырып сөйлеу мәдениетті кісінің ісі емес екенін баспасөзде жариялаған болатын. Ғасырлар қойнауынан қырланып әбден тілге оралымды мазмұнды бірлікте сіңген қазақ сөзінің пәрменділігі әлі де талай ұрпаққа мирас болатындығын ұлт жанашыры болып, баспасөзде өз тұрғысынан талдау жасап танытты. Бұл да батырдың күрескерлік рухының белгісі, ұлт мәдениетіне деген жанашырлығы, келешек ұрпаққа қалар мұраның дұрыс сақталуына деген азаматтық позициясы.
«Сөз сөйлеу үшін адам бір нәрсе білу керек. Бір нәрсе білген адам сөйлей алады, білмеген адам сөйлей алмайды. Түсінігі таяз неме жұртқа не айтады? Айтқандары тыңдаушының ұйықтап жатқан ойын оятататын, ізгі ниеттерге, ізгі қасиеттерге тәрбиелейтін болу керек. Ондай сөзді өмірді көрген, ақылды, парасатты адам ғана айта алады».
Айтар ойы тұрақты сөз тіркесіне айналған Б. Момышұлы афоризмдерінде алдымен адам, адамның ақылдылығы, ойшылдығы, қоғамдағы басты рөлі, қарым-қатынас аясы және қоғамдағы жеке адам ретіндегі атқарар ісі бірінші тұрады. Б.Момышұлының шығармалары, жүріп өткен өмір жолы ұлттық күрескерлік философияның ой танымдық бірліктері мен мазмұны семантикалық ішкі бөлшектерінің тамыр қағысы.
Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының өмірі – адамгершілік, шынайылық, шыншылдық, турашылдық, кісілік, еңбекқорлық, білімдарлық, нәзік психологиялық құбылысты(ньюанс), қарым-қатынас мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүріміздің орындалу сипатын, ұлттық колориті мол, адамдық прагматикадан қоғамдық прагматикаға дейінгі сан алуан құбылыстың тәртібін қағида еткен ұлтымыздың бірегей күрескерлік танымы.

Биғат ТАМАЕВА,
Құрлық әскерлері әскери институты, Мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.