«ЖАН-ДҮНИЕМДІ ТҮСІНЕТІН АДАМ ЖОҚ»

  • 16.08.2019
  • 95 рет оқылды
  • 0

АҚ ӘЖЕНІҢ ӘҢГІМЕСІ

Жасы жүзге жуықтаған әжеміз болушы еді. Оны «ақ әже» деп атайтынбыз. Алдына отырғызып алып нешетүрлі әңгіме айтқанда елітіп ұйқтап қалатынбыз. Мінезі жібектей жан болғаннан соң ба, ақ әжеге қояр сауалымыз да таусылмайды. Бірде еркелеп отырып:
–Ақ әже, атама қалай күйеуге шықтыңыз?-деп сұрай қалдық.
Әуелі әжеміз әжімдері тереңдей түсіп, езу тартты. Сосын:
– Әдіремқалғыр, осы аталарыңа көрмей-білмей-ақ қосылғанбыз,- деді.
– Сонда қалай?-деп шу еттік өңшең шуылдақтар.
– Солай! Әке шешем: «Енді бойжеттің. Тұрмысқа шығасың» деді. Сосын, айттырып келген адамдардың атына мінгестіріп жіберді. Кімге тұрмысқа шығамын? Аты кім? Мінезі қандай? Бай ма, кедей ме? Сұрағаным жоқ. Келін болып түскен соң бір-ақ білдім. Осы аталарың екен. Құдайға шүкір, тәп-тәуір түтін түтеттік. Балалардың барлығы ержетті. Бүгінде бәрі атқа мініп жүр. Олардан сендер тудыңдар,- деп әжем ұршығын иіре бастады.
Сөйтіп, біз балалар «үйлену» дегеннің осылай «оп-оңай» болатынын әжемізден есітіп, аңтарылып едік.
Бұл-ана сүті әлі таңдайымыздан кетпеген балғын шақтағы әңгіме.

ҚҰДАЙ САЛДЫ, БІЗ КӨНДІК

Бірде көршіміз Ерболат тап біздің апайды алып қашып келді. Біздің Роза апай! Сұсты да сұлу ұстазымыз! Ескіліктің шырмауынан бойы да, ойы да азат өркениет өлшеміндегі мұғаліміміз. Енді қайтер екен? Қайран Ерболат көкеміздің көзіне көк шыбын үймелетіп, итжеккенге айдаттырып жібермесе болғаны. Бұған себеп әдемі апайымыздың қалада әп-әйдік жігіті бар деп әркімдерден еститінбіз. Милиция шақыртса, қолдарына темір кісен салып, тас түрмеге тоғытатын шығар деп түршіккенбіз.
– Ойбай, қыз көнбей жатыр екен! –деген суыт сөз соғыстан жеткен қаралы хабардан да зәрлі естілді.
Әп-әдемі апайымызды да қимаймыз. Ішіп алса, бүкіл ауылды табанынан тік тұрғызатын Ерболат ағамызды да жамандыққа жығып бергіміз жоқ. Осылай екіұдай күйде жүргенде Ерболат көкемнің есігі алдында шаттық күйі ойнала бастады. Артынша беташар өтті.
– Ақылды қыз екен. «Құдай салды, біз көндік» деп илікті-ау ақыры. Басына ақ орамалды өзім салдым,- деп ақ әжем желпініп келді.
Сол Роза апайымыздың, бүгінде жеңешеміздің тоғыз ұл-қызы бар.
– Ағаларыңды адам қылдым ғой,-дейді бізге назданып.
Онысы рас енді. Жеңешемізді жақсы көреміз. Бұдан «Махаббат жоқ. Алып қашып та үйлене беруге болады» деп үгіт жүргізгелі отырғанымыз жоқ. Әрине, сүйіп қосылғанға не жетеді? Осы оқиғаны айттырып отырған белгілі демограф-ғалым Мақаш Тәтімов ағамыздың бұрынырақта жазған: «Елімізде 350 мың кәрі қыз бар. Бұл-350 мың ақталмаған үміт. Нақтылап айтсақ, туылмай қалған бала» деген жанайқайы. Кім біледі, біздің Роза апайымыз да іс-тәжірибеден өтіп болып, дипломын алған соң аспирантураға оқимын деп талпынса, одан әрі кандидаттық, докторлық қорғаймын деп ұмтылса, директор ағайымыз айтпақшы, әбден-ақ қолынан келетін еді. Осы апай-ұстазымыз облыстық, республикалық талай конференция, педоқуларда топ жарды. Ерболат көкемнің қызғаныңқырап қалаға еріп барып жүргені болмаса, бәрі де жарасымды әрі мақтаныш еді. Егер «карьера» қуып кеткенде бар ғой, біздің тоғыз туыс дүние есігін ашар ма, ашпас па еді деп ойлаймын бүгінде.

ШЫМКЕНТПЕН ҚҰДА БОЛМАЙМЫН

…Жуырда Нұр-Сұлтан қаласына жолым түсті. ҚазМУ-де бірге оқыған курстасыммен ойда-жоқта ұшырасып қалдым. Университеттің соңғы курсында оқитын қызы бар екен.
– Сыралғы дос едік, енді құда болайық,-дедім ойымда ешнәрсе жоқ аңқылдақ көңіліммен.
– Ойбай, Шымкент жаққа беретін жайымыз жоқ,- деп ол шошып кетті.
– Е, неменеге шошисың? Әлде мені қомсынып тұрсың ба?
– Жо-ға! Сені білемін ғой. Бірақ Шымкент жақтың салт-дәстүрі жаман дейді ғой. Басынан орамал, үстінен ұзын көйлегі түспейтін көрінеді. Бұған қоса ерте тұрғызып сиыр саудырады, тезек тергізеді екен. Сосын сендерде әлі де қыз алып қашу тиылмаған дей ме, немене? Сонда біз қай жақпен құда боламыз? Жоқ, өкпелеме, қызымды Шымкентке бере алмаймын,-деп курстасым күрсінді.
Мен бұл күрсінісін қызының Оңтүстік өңірінің жігітімен танысып қалды ма деген қауіп-қатерінен екенін анық аңғардым. Енді оған ата-баба салт-дәстүрін ұстану керек екенін түсіндіру артық болатын. Әрине, қыз алып қашудан басқаны. Солай, мен астаналық курстасыммен құйрық-бауыр жескен құда бола алмадым.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев танымал баспасөз құралдары өкілдеріне берген сұхбатында жастар арасындағы ажырасудың көп екеніне алаңдаушылық білдірген еді. Иә, әрбір отбасы – жас мемлекетіміздің негізгі ұстыны. Үлкен үйдің әрбір уығы осылай шытынай берсе, шаңырақ ортасына түспей ме? Ал, ана бір жылдары қырғыз депутаты Айнұр Алтыбаева мен заңгер Тұрсынбек Ақұн аттандап шыға келгені елдің есінде шығар. Олар Қырғызстан билігіне қыз алып қашқан жүгенсіздіктерді қойдай көгендеп, түрмеге тоғыту керектігі жөнінде төтесінен мәселе қойды. Бұл біздің Мәжілістегі депутат әйелдердің құлақтарына да майдай жаққан шығар, әлде, маңызды мәселе ретінде көтеретін проблема таппай сарсылып отырды ма, ұлардай шулап, қыз алып қашатын қазақ жігіттерін қылмыскерлер қатарына қосып-ақ жібергені. Құдай сақтап, кейіннен осы Заң қабылданбай қалды-ау шамасы. Әйтпесе, екі жақ өзара келісіп, амалсыз қызды алып қашып үйленіп жатқан отбасылық жағдайлары жұтаңдау жігіттер шеттерінен абақтыға айдалып жатар ма еді? Бізде мұндайларды тиісті орындарға қаз-қалпында жеткізе қоятындар әлі де баршылық қой.

«ЖАН-ДҮНИЕМДІ ТҮСІНЕТІН АДАМ ЖОҚ»

Таныс бір құдаша қыз бар еді. Қыз болғанда қандай! Құлпырып тұр. Жоғары оқу орынын ойдағыдай бітірді. Қызметке тұрды. Сөйтіп жүргенде уақыт оздырып алды.
Жақындығын пайдаланып әрі жаным ашығандықтан «Құдаша қыз, болады біздің қашан тамашамыз?» деп сыр суыртпақтамаймын ба? Ол тұнжыр көздерін төңкеріп, маған таңырқай қарайды. Осы көзқарасынан «соны да білмейсіз бе?» деген сыр аңғарамын. Сол сырының құлыпын өзі ашты.
– Бүгінгінің жігіттері тым ұсақталып кеткен. Олардың ойлағаны пайда ғана. Сені пайдаланып қалғысы келіп тұрады. Одан арғысына көз жүгіртпейді. Тек бүгінгі күнмен өмір сүреді. Ертеңі не болады? Қалай өмір сүреді? Отбасын қалай асырайды? Бұған бастарын ауыртпайды. Ал, кей жігіттер бар, байлықпен сатып алмайтын дүние болмайды деп ойлайды. Осы сенімдерінің көлеңкесінде өмір сүреді. Тағы бірі қулық-сұмдығын ішіне бүгіп, сені сазға отырғызып кеткесі келіп тұрады. Осылардан жеріп біттім. Қысқасы, жан-дүниемді түсінетін адам кезіктірмедім. Енді өкпемді кімге барып айтамын? Шешем ғой: «Қашаңғы жалғыз жүресің? Көзі соқыр, мұрыны пұшық болса да біреудің етегінен ұста» деп ауылға барған сайын құлағымның құрыш етін жейді. Не ақыл айтасыз?,-деп барлық ауыртпалықты мойыныма артып қойды.
Содан бері құдашаны көрсем, тағы бір қақпанына түсіп қаламын ба деп қорқатын болдым.

«АЛЫП ҚАШАТЫН ЖІГІТТЕРДІ КҮТІП ЖҮРМІН»

Сол құдашаны тағы бірде көшеде кезіктіріп қалдым. Ымырт үйіріліп қалған кез еді. Алдымнан шыға келген соң бұлтара алмадым. Сөзден ұтылмас үшін алдын орадым.
– Иә, кештетіп қайдан жүрсің?
Ол сыңғырлап күлді. Күлкісі кешкі тымықта тұнық судың бетіне тас түскенде пайда болатын иірімдей шеңберленіп, жайылып бара жатты.
– Неге күлдің?
– Аңқаусыз-ау, құда бала. Алып қашатын жігіт пайда бола кете ме деп осылай кештетіп көше кезетін болғанбыз. Қазіргінің жігіттері шетінен су жүрек. Дап-дайын қызды алып қашуды да білмейді,- деді жұмбақ жымиып.
Оның нені меңзеп тұрғанын түсіне қойдым.
Әттең! Бойдақ емеспін, әйтпесе, құдаша қыздың асылы ғой, өзім-ақ алып қашар едім. Ернімді тістеген күйі одан алыстай бердім.

САЛЫҚ БОЙДАҚ САНЫН АЗАЙТА МА?!

Тағы да демограф Мақаш Тәтімов ағаның сөзі ойға оралады. Ол: «1952-1953 жылдардағы Сталиннің кезіндегіндей, бойдақ салығын салу керек!» деген-ді. Бойдақ салығынан қорқып, қыздар ертерек тұрмыс құрып кетсе барлық мәселе өзінен өзі шешіле салмайды ма? Ал, тұрмысқа шықпай, оң жақта отырыңқырап қалса ше? Онсыз да жалақысы жартымсыз қарындастарымызды жүнжітіп алмаймыз ба? Осылай деп сол кездің өзінде шырылдаған екенбіз. Құдай сақтап, бойдақ салығы деген заң қабылданған жоқ.
Кәрі қыздарды түгелдей теріс ағашқа мінгізіп жіберуден аулақпыз. Саны бар, сапасы жоқ еркектердің де көп екенін жасыруға болмас. Олар маскүнемдер, қаңғыбастар, аурулар, қызтекелер. Алдап кетер жылпостар да жетерлік. Әрине, ер-азаматқа тән қадір-қасиеті аз шалбарлылар туралы кейінірек нақтылай жатармыз.
Есіме тағы да Ақ әжем түсіп отыр. Бірде оның немересін көрші ауылдың жігіті ұрлап әкетті. Сапарбек көкемнің үйі кәдімгідей дүрлікті. Әңгімеге Ақ әжем килікті.
– Әй, тұқымың көбейгір, ол қандай жігіт болды екен менің алтын немеремді алып қашатын,- деп қатуланған болып сөз бастады да, жиналған жәмиғатқа басу айтты.
– «Бірінші бақ – бақ» деген, қарағым. Барып ел-жұртты шулатпаңдар. Егер барған жері жақсы болса, қызды қалдырып кетіңдер. «Қайтып келген қыз» деген жақсы ат емес,-деп қарындастың соңынан қуып барушыларға тоқтам айтты.
«Қырамын да жоямын» деп отырған Сапарбек көкемнің басы салбырады да қалды. Кейіннен Ақ әжем сол күйеубаласын жақсы көріп кетті.
Бойжеткендерге басу айтып, жөн-жоба көрсетіп отыратын, үлкендерді сабырлылыққа шақыратын Ақ әжемдей қариялар азайып кеткен бе әлде жастарымызды уыстан шығарып алдық па, білмеймін, бүгінде отырып қалған да, оң босағада балалы болғандар да көбейді. Қыздың алтын тақ елі, тәрбие деген бар екенін ұмытты.
Ал, әлдекімнің демеуімен депутат болған тәтейлер «гендерлік саясат» деп дүрлігіп жүр…

МАМАН ПІКІРЛЕРІ

Құрманай СӘДУАҚАСОВА,
Психолог:
– Кей қыздар тұрмысқа ертерек шыға алмай, өздерін кәрілер қатарына қосып қояды да, сол шеңберден шыға алмай қалады. Екінші тобы отбасылық өмірге психологиялық жағынан дайын емеспін деп санайды. Үшіншілер – алғашқы кездестірген адамын ұмыта алмайтындар. Төртіншілер – өздерін жете бағалай алмайды, бұлар томаға-тұйық жүреді. Бесіншілер – өздерін өзгелерден жоғары санайтындар. Алтыншылар – қызметінің тығыздығын қалқан ететіндер. Бұлардың ешқайсысы оларға бала бола алмайды.
Сәуле АХМЕТЖАНОВА,
Акушер-дәрігер:
– Медицинада жасы 27-ден асқандар кәрі қыз саналады. Олар көбінесе бірінші баласын операция арқылы дүниеге әкеледі. Негізінен, қыз бала 18 бен 20 жастың арасында тұрмысқа шықса, жүктілік кезеңі жеңіл өтеді.
Күләй ЖАНДАРБЕКОВА,
Акушер-дәрігер:
– Ерте тұрмысқа шықпаған қыздардың ағзасында өзгерістер болады. Сосын түрлі ауруларға шалдығады. Бізде кей қыздар қырық жасқа жуықтағанда барып тұрмыс құрады. Тәжірибеде әрбір 1000 кәрі қыздың әрі кеткенде 150-ге жуығы ғана балалы болу бақытына ие.

Сабырбек ДӘНІҚҰЛҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.