ҚАЗАҚ САХНАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ГЕРОЙ ЖАСАУ ҮШІН КҮРЕС

  • 16.08.2019
  • 38 рет оқылды
  • 0

(Әбділда Тәжібаевтың театр зерттеушілік қыры)

Аманкелді МҰҚАН,

театртанушы

Қазақтың көрнекті ақыны, драматург, әдебиет, театр зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбділда Тәжібаевтың туғанына (1909-1998) биыл 110 жыл толды.

Ә.Тәжібаевтың қазақ-кеңес әдебиеті мен өнерінің қалыптасу, даму кезінде өмір сүруі және барлық шығармашылық үдерістің бел ортасында болуы оны қазақ театрының дамуының күрделі кезеңдерінен шет қалдырмады. Ұлт драматургиясын жасауға белсенді араласып, оған азық болар пьесалар жазуда біраз тер төкті.Үлкен шеберлікті талап етер күрделі жанр ерекшелігін игеруде отандық және әлемдік драматургтердің үздік туындыларын зерделеп, сахнаға арналған өзіндік көркем шығарма жазуға барын салды. Драматургия саласында М.Әуезовпен бірігіп жазған «Ақ қайың» деп аталатын тұңғыш пьесасынан кейін қазақ театрларының репертуарына олжа салған көптеген пьесалары дүниеге келді. 1964 жылы жарыққа шыққан ақынның «Жүректілер» атты пьесалар жинағына: «Майра», «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер», «Қыз бен солдат», «Монологтар» сияқты драмалары мен «Той боларда», «Дубай Шубаевич» секілді комедиялары енді. Оның «Көтерілген күмбез», «Жомарттың кілемі», «Біз де қазақпыз» («Халқым туралы аңыз») атты аңыздық желіге құрылған пьесалары кезінде кеңестік идеологиялық қыспаққа ұшырады. Бұл бұрынғы Одақ көлемінде БК(б)П ОК-нің «Драмалық театрлардың репертуары және оны жақсарту шаралары туралы» қаулысына сәйкес (26.8.1946) жүргізілген кезекті жазалау науқаны болатын. Ұлттық тақырыпты көтерген қаламгер қуғындалды, халқының рухани мұрасын әспеттегені үшін жапа шекті.
Театр – автор арасында болған осындай тығыз қарым-қатынас Ә.Тәжібаевқа қазақ драматургиясы жайлы келелі ой түюге, театр мен орындаушылар шығармашылығы жайлы театрсыншылық тұрғыда қалам тербетті. Оған ақындығына қоса біраз жылдар Қазақ ҚСР Ғылым академиясы жүйесіндегі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға сеп болды. Ол 1945-1948 жылдары Тіл және әдебиет институты аталған ғылыми мекеменің Жамбылтану бөлімінің меңгерушісі, кейін араға жылдар салып 1962-1984 жылдар аралығында ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Театртану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Осы жылдары ғалымның қаламынан шыққан қазақ әдебиетінің поэзиясы мен прозасынан бөлек драматургия жанрындағы жылт еткен жаңалыққа сергек қараған суреткерлік һәм сыншылық көзқарасы бір ізділікпен даму үстінде көрініс береді. Сол еңбектің нәтижесінде оның қаламынан шыққан «Өмір және поэзия» (1960), «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» (1971) атты монографиялық жұмысын аяқтады.«Қазақ театрының тарихы» (1-2 тт., 1975, 1978) атты академиялық зерттеу еңбекті құрастыруға қатысып, басылымның редакциялық жұмысын басқарды. «Жылдар, ойлар» (1976), «Жаданның хаттары» (1980), «Хаттар сөйлегенде» (1980), «Өмір мен ерлік» (1985) атты сын, эссе, прозалық кітаптарыңда әдебиет пен өнерге қатысты тұщымды пікірлерге қалдырды. Біз бұл кітаптарда жарияланған Әбділда – театр зерттеушісінің «Бүгінгі қазақ драматургиясы», «Жасарған пьеса, жаңарған спектакль», «Мемлекеттік драма театры туралы бір-екі сөз», т.б. мақалаларынан заманауи театр мәселесіне белсенді араласқанын көреміз. Сондай бір драматургияға арналған көлемді мақаласының аясында Әбділда ақынның драматургтік, театрсыншылық қырын танимыз.
Біз ақынның Әдебиет және өнер институтына екінші мәрте жұмысқа келуі және драматургия мен театр өнерін зерттеуіне бет бұруына байланысты дерекке тоқтала кеткенді жөн көрдік. Бұл ресми анықтамалық дерекпен ақынның өзі айтқан дерегі арасында алшақтық бар болып көрінген бір фактіні анықтап өткеніміз жөн секілді. Өзінің: «Ғабит Мүсірепов те маған аға болған» атты естелігінде ақын: «Ғабит бірінші, мен екінші хатшы болып сайланған жылы Ғабең көп айларды Мәскеуде, Европа, Азия елдеріндегі жиналыстарда өткізіп жүрді. Мен мұнда қарап жатпай, қазақ драматургиясы туралы бір пленум, қазақ балалар әдебиеті туралы екінші пленум өткіздім» – дейді. Сөз тасыған біреулердің бұл істелінген жұмыстар жайлы Ғ.Мүсіреповке дұрыс ақпарат бермеуі, екеуінің арасындағы суысуға алып келеді. Екеуара әңгіменің қандай тонмен өткендігі жайлы: «Ол Әбеке деген соң мен Ғабеке дедім. Мен сол күні 1960 жылы Орталық Партия комитетінің жәрдемімен Академияның әдебиет және өнер институтына ауыстым, әдебиеттің ғылыми жұмысына қоса жегіліп кеттім. Бұл да екеуміздің бір келісім таппай қалған жылымыз еді» – дейді. Демек, Ақынның өзі жазып қалдырған жылды дереккөзге айналдыруымыз орынды және кейбір анықтамалық дереккөздерде жазылғандай ол бірден институттың бөлім меңгерушілігіне тағайындалған жоқ.
Ә.Тәжібаевтың Әдебиет және өнер институтына келуі, қазақ драматургиясының табиғатын зерттеу үшін докторлық тақырып алып жазуға байланысты ойының пайда болуы жайын біз «Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы» атты профессор Тұрсынбек Кәкішевтің естелік мақаласынан табамыз. Институт қабырғасындағы Ә.Тәжібаевпен алғашқы кездесулерінен дерек бере отырып Т.Кәкішев өзінің «Қазақ әдебиеті сынының тууы» деген зерттеу еңбегін бөлімде талқылап, жаңаша көзқарастағы әдебиеттегі сын жанры жайлы зерттеуін: «Әбекең «мен де оқып танысайыншы. Октябрге дейін сын жанры туды, дүниеге келеді дегеннің өзі қызық екен» деп он баспа табақтық қолжазбамды үйіне алып кетті. 3-4 күннен кейін бөлімде қайта кездестік.
– Әй, Тұрсынбек, сенің жұмысыңды оқи бастадым. Мынау «Халықтық эстетика» деген тарауың маған қатты ой салып, мазамды алып жүр. Мен де драматургия жайында бірдеме жазсам ба жүр едім. Соған түрткі салып жүрсің ау тегі, – деп аяқ жағын тарамдатпады. Талай жерде
әңгіме үстінде айтып жүр дегенді естідім. 1969 жылы «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» деген еңбегі жарық көріп, оның бірінші «Алтын құндақ» деген тарауында менің кітап болып шықпағы былай тұрсын, әлі дау-дамайдан арыла алмай жүрген монографияма сілтеме жасағаны бар» – дейді. Институтқа аға ғылыми қызметкер болып келгеннен кейін араға біраз жылдар салып барып ол «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» атты докторлық диссертациясын қорғайды және сол жылдан Театр және кино бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Сол кездегі Одақтың Бас хатшысы Н.Хрущев Кеңестер Одағында социализм толық жеңіске жеткенін 1959 жылы кезектен тыс ХХІ партия съезінің трибунасынан жариялады. Онымен қоймай бұл жеңімпаз идея өз төңірегіндегі басқа елдерге де тарап халықаралық кеңістікте социалистік лагердің құрылғаны мәлім болды. Съезде қабылданған 7 жылдық жоспарға сай елімізде дамыған социализмді құру кезеңі басталып 20 жылдан кейін Кеңестер Одағының халқы коммунизмге аяқ басатынын межелеген. «Американы қуып жетіп, басып озатын» ұран да осы съезде Н.Хрущевтің аузымен айтылды. Бұл ХХ съезден кейінгі елдің жаңа бағыт ұстанған, өмірді, өнер мен мәдениетті жаңаша пайымдауға бет бұрған кездегі елдің халі болатын. Өзгерген заман, адам, замандастар бейнесі, заманауи драматургия мен театр үшін маңызды тақырып болды. Осыдан кейін іле-шала өткен ҚЖО басқармасының 1960 жылы ІІ пленумында Ә.Тәжібаев жасаған «Бүгінгі қазақ драматургиясы» атты баяндамасында қоғамдық-саяси мәні бар осындай мәселелерге назар аудара отырып қазақ театры мен драматургиясының тынысына толымды баға береді, әрі қарай дамуына бағыт сілтейді. Театрмен белсенді жұмыс жасаған драматург қазақ әдебиеті, қазақ драматургиясы, театры, жалпы қазақ руханиятының бел ортасында жүрген ол театрдың тәжірибесі мен теориясын, драматургияның қыр-сырын терең біліп, олардың арасындағы байланыс негізін ашып, үйлесімін дөп басып берген суреткер екендігін анық көрсетті.
Ә.Тәжібаевтың сан алуан шығар-машылық қырларының ірі саласы – драматургия. Драматургияның теориясы мен тарихы, тәжірибесін қатар алып жүрді.Көптеген пьесалары еліміздің сахналарында қойылып ол қазақ театрымен өте тығыз шығармашылық байланыста болды. Оның алғашқы драматургтік қадамы тәжірибелі қаламгер М.Әуезовпен бірге 1938 жылы жазған «Ақ қайың» пьесасы болды. 30-ға енді толатын Әбділданың жаңа сала – драматургиядағы алғашқы бет алысына баға берген М.Әуезовтің пікірі зерттеушілер үшін құнды. Ол: «Мен Әбділдамен драматургияда аз уақыт бірге қосылып жазып көрдім. Соны, жаңа жанрда алғаш жазғаны сол болса да, осы бірге істескен еңбек үстінде Әбділданың шалым-орамын, талант-тәжірибесін толық танып, шын бағаладым» – дейді. Бұл еңбегі сол жылы елімізде жарияланған пьесалар бәйгесінде 2 орынды иеленеді. Осыдан кейін Ә.Тәжібаев өзге автормен, жеке дара да пьесалар жазып қазақ театр сахнасында жиі қойылатын авторларға айналады. Өнертану докторы, театртанушы ұстазымыз Бағыбек Құндақбайұлы «Ақын драматургиясы» атты мақаласында осы шығармашылық қырын саралай келе: «Драматургия саласындағы мол еңбектің нәтижесінде оннан астам пьесалар жазылып, театр репертуарын жасауға үлкен еңбек сіңіріп кеткен жазушы-драматург. Ақын пьесаларының дені бүгінгі күн тақырыбына арналған. Олардың ішінде «Жалғыз ағаш орман емес», «Көңілдестер» өмір болмысының актуалды мәселелерін көтеріп, ымыраға келмейтін жаңа мен ескінің, жақсылық пен жамандықтың, адамгершілік пен зұлымдықтың тартысына құрылған» – деген пікір білдіре отырып драматургтің маңызды бір қырына тоқталады. Ол өз заманының жыршысы болуы. Әрине, драматургтің тарихи тақырыпқа да барып сәтті шығармалар жазғанын жақсы білеміз. Соның ішінде замандастарды театр сахнасына алып шығуда көп еңбектенген. Тақырып демекші, кеңестік дәуірдің гүлдеген өмірін, еңбек адамының жеңістерін жырлайтын бұл кезең жайлы «Қазақ әдебиетінен» келген Жарасқан Әбдірашевке берген сұхбаты бар. Сұхбатта әдебиет пен театрда қаулап көтеріліп жатқан «…тракторшы, шопан, дәрігер, диқан, тағы сол сияқты тақырыптарға қалай қарайсыз? – деген сұрағына ақын Ә.Тәжібаев: «Мәселе – мамандықта емес, ең әуелі адамдықты, адамның асыл қасиеттерін көтеруде, оны жамандықтың шаң-тозаңынан таза ұстау үшін табандылықпен күресуде, сол жолда рухани күштілікпен тіресуде» – деген кесімді жауап береді. Ақынның бұл пайымы шығармашылықпен айналысамын деген бүгіннің де суреткері үшін темірқазық ой боларына иманымыз кәміл.
Қаламгердің ұлт театры мен драматургиясы жайлы жазған докторлық ғылыми зерттеу жұмысы өзінше бір төбе. Т.Кәкішұлының пайымдауынша, Ә.Тәжібаевтың ғылымға қосқан үлесінің бір парасы драматургиядағы ұлттық салт-дәстүрдің молынан көрініс беруін ашуы. «…қазақ өміріндегі театрлық көріністерді өзіміздің ауыз әдебиетіміздің үлгілерінен, тұрмыс-тірлікте көп кездесетін көріністерден (қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана т.б.) қазақ театрының ғана емес, драматургиясының элементтерін мол тауып, ғылымға жаңалық қосқан-ды» – дейді.Әр кездері жазылып жарияланған драматургия мен театр туралы ойлары да арнайы, бөлек зерттеуді қажет етеді. Бұл еңбектер жазылып арада өткен 60 жылда өзінің құндылығын жоғалта қоймаған. Ақын-драматургтің замандасы болған ұлттың біртуар тұлғалары – қаламгерлер пьесалары жайлы терең талдауды біз осы мақала мысалынананық көреміз. Онда кешегі мен бүгінгі драматургия арасындағы өзгешеліктер, кейіпкерлердің ойлауы мен сөйлеуі, қазақ авторларының эволюциялық даму үстіндегі ізденістері кеңінен сөз болады. Бүгінгі ХХІ ғасыр драматургиясында да біз осындай өзгерістердің ізін, кеше жазылған пьесаны қоюға қиналған режиссердің бүгінгі кейпін көреміз. Уақыт көшіне ілесу, заманның тынысын тамыршыдай дөп басып жаза білу, әр кезде де қиын шаруа болған. Бұл ортаға салып талқылауды қажет ететін тақырыпты Ә.Тәжібаев осы мәселелерді дер кезінде көтеріп, қазақ театрының азығы болған драматургия жайлы келелі сөз қозғайды.
Ол кәсіби драматург, білікті сыншы, сырлы сөзден өрнек салған талантты ақын ретінде қазақ театрына керекті тақырыпты, замандас кейіпкер келбетін көргісі келеді. Өзінің 1958 жылғы жазған «Мемлекеттік драма театры туралы бір-екі сөз» атты мақаласында драматургия мен театр жайлы ойына анық көз жеткіземіз. Ол: «Драматургиямыз бен театрымыздың өмірі – егіздің өмірі сияқты. Біріне-бірін қосақтамай сөйлеп те, жазып та көрген емеспіз. Мұның себебі түсінікті: пьеса алдымен театр үшін жазылады, біз көп пьесалардың журналдарда басылғанын, кітап болып шыққанын оқымастан бұрын, оларды театрлардан көреміз. Сондықтан, жазушылар туралы да, қоюшылар туралы да пікіріміз бір желіге құрылады. Бұл театр мен драматургия тарихында қашаннан келе жатқан салт. Әдебиет пен театр сахнасының қосындысы спектакль боп аталған соң, оны бірлестіріп әңгімелеу әбден заңды» – дейді. Ол әдебиет пен театр өнерін, мәтін мен оның сахнада ойналатын нұсқасын бөліп-жармайды. Екі ірі саланың бірлігін, ертеден қалыптасқан үрдістің ажырамас ұғым екендігін қарастырады.Осыдан келіп оның шығармаларының, ондағы жанр ерекшеліктерінің бірі-екіншісімен астасып, өзара ықпалдасып жатуы заңдылық болса керек.
Ә.Тәжібаев «Жасарған пьеса, жаңарған спектакль» атты мақаласында М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасының жаңа редакциялық нұсқасының тұсаукесерінен кейінгі пікірімен білдіреді. Соңғы жасалған редакциялық нұсқанының жетістіктерін айта келе автор пьесаның финалдық сахнасына сыни көзқарасын білдіргенде: «Мен Мұқаң пьесасына барынша әділ болуға тырыстым. Бірақ, ең соңғы картинасына күдіксіз қарай алмағанымды да жасырмаймын. Әрине онда жақсы тіл, ақындық ойлар жоқ емес, Абыздың ақырғы монологындағы оптимистік рухқа да сүйсінеміз. Әйтсе де тау тағысындай жүректі де білекті геройлардың қол, аяғын нәрестемен бұғаулау, жыламсақтыққа түсіру, өлімнен қорықпаса да оған ақырғы демдеріне дейін қарсыластырмау, бұл шығарманың міні деп білемін… Өз ойымша Мұқаң пьеса финалын сабыла іздеп, сарқыла қуанып тапқан демеймін» – деп қорытады. Бүгінгі таңда «Еңлік-Кебек» трагедиясы М.Әуезовтің осы соңғы түзетулерімен қолданыста. Жоғарыда айтылған Ә.Тәжібаевтің трагедияның соңғы сахнасындағы редакциялық ескертулеріне келсек, Есенді жеңген Кебектей батырға, Абыздай тау тұлғаға нәрестені құшақтатып, «қол, аяғын нәрестемен бұғаулау, жыламсақтыққа түсіру, ақырғы демдеріне дейін қарсыластырмау», жарқын өмірге, келешекке үлкен оптимистік көзқарапен қарайтын суреткердің өзіндік ұстанымының беріктігін, драматургтің трагедия финалындағы шешіммен келісе алмайтындығын көреміз. Бұл сол кездің тұлғаларына тән сыншылдық, көрген кемшілігін дәлелді айта алатын турашылдығын көрсетсе керек.
Қазақтың классик драматургтері, замандас қаламгерлер М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пен «Дос, бедел досын» және Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысы» мен «Сен қайтер едің» пьесаларын салыстыра отырып көркемдік деңгейін саралайды. Алдымен «пьеса поэзиялық дәрежеге жетпей тұрып сахналық та құнды шығарма бола алмайтынына» назар аударады. Екі бағыттағы ескілік кейіпкерлері мен замандас жастарды сипаттауда алғашқы Еңлік пен Ақтоқтыда бар романтикалық, поэтикалық үн театр өнерінің қай кезде де негізі болып қала беретіндігіне баса көрсетеді. Екі автор да аталмыш шығармаларында жалындаған жастардың өмірін суреттейді, екеуінде де жас шамасында сәйкестік бар. Бірақ, автор: «…Кешегі алыс заман Ақтоқтысы жақынымыздай, сырласымыздай, ал бүгінгі өз қыздарымыздың құрбысы Ақбота сондай алыс, сондай жат. Себебі Ақтоқты поэзиядан туған бейне, ал Ақбота поэзияға айналып үлгермеген кездейсоқтардың бірі, күнде естіліп, артынша ұмытқа айналатын көп хабарларымыздың бірі» – дейді. Айтса, айтқандай-ақ. Бүгінгі күні де бұл драматургтер үшін өзекті мәселе, өзекті тақырып. Қоғамның келбетін ашатын замандастар бейнесін сомдаудағы драматургтер тарапынан беріліп жатқан сипаттамалар, оларды сомдаудағы бейнелік штрихтардың жұтаңдығы. Автор пьесаның көркем жазылуы мен сахнаға қойылуы, пьесаның оқылуы барысындағы адамдардың бойындағы «қасиеттері жүйке мен мидан, олардың терең сезімдері арқылы туып жатқан жоқтығын» баса көрсетеді. Драманың табиғатын тереңнен білгендіктен Ә.Тәжібаев замандастарының шығармаларындағы жіберілген кемшіліктерді барынша ашып көрсетеді.
Сахнаға сол дәуірдің замандастар образын әкелу мәселесі өзекті болып, оны әр суреткер өзінше түсініп, өзінше шешкенін қазақ театр тарихынан жақсыбілеміз. Күрделі тақырыпты автор мен театр оңайлықпен игерген жоқ. Талай айтыс-тартыстар туып, қызу пікірталастарға жалғасты. Оның астарында ресми кеңестік идеологияның таптық көзқарастары мен ұстанымдарға бағындырылған қақтығыстары жүріп жатты. Ә.Тәжібаевтың жоғарыда келтірілген ойын жалғайтын дерекке мысалды біз Сәбит Мұқановтың 1941 жылы 29 мамырда Мұхтарға Мәскеу қаласынан жолдаған хатынан да көреміз. Онда ол өзінің М.Әуезовке деген іштегі өкпе-назын ашық айта келе драматург пьесаларындағы осы мәселеге деген өзінің ойын былай білдіреді: «Менің есептеуім бойынша, совет өкіметін мойындағаннан кейін (1932-1941 жж. түсінік М.А.) Советтік Қазақстанның өмірінен алынып жазылған оншақты пьесаң бар екен. Айтшы, сонда осының ішінде көркемдігі жағынан «Қаракөзбен», не «Еңлік-Кебекпен» теңдесетін біреуі бар ма? («Еңлік-Кебек» туралы пікірім жоғары. Мен оны бұл арада сенің совет дәуіріне дейінгі әдеби қайраткерлігіңнің тұсында жазылған шығарма деп бағалаймын).
Турасын айтқанда, совет тақырыбы туралы ізденістеріңнің кезінде сен өзіңе де, қазақ әдебиетіне де абырой әпермейтін бір пьесадан кейін бір пьесаны жаздың» – дейді. М.Әуезовтің драматургиядағы 1941 жылға дейінгі жазған дүниелерін С.Мұқанов «қазақ әдебиетіне де абырой әпермейтін» туындылар қатарына жатқызады. Мұнда Сәбиттің Мұхтарға тілін батыра отырып айтқаны әрине біржақты, қатты айтылған пікір десекте, жазылған, сахнаға қойылған Мұхтар шығармаларының көрерменнің ықыласына алдыңғы туындылары секілді іліге қоймағандығын баса айтқандығын көреміз. Біздіңше, М.Әуезов 2 жылға жуық түрмеде отырып шыққаннан кейін сол кезге дейінгі жазғандарынан баз кешіп, бұдан әрі қарай кеңестік өмірді жырлайтын «дұрыс» шығармалар жазуға отырады. Бұл жүйе алдында өзінің жаңарған, кеңестік жүйе суреткері екендігін дәлелдеуге жасаған әрекеті болды.
Ә.Тәжібаев өзінің драматургия жайлы ойын сабақтай келе: «Жаман пьесаны жақсы театр көтере алмайды, сондықтан театрларымызға жарамды пьеса керек десек, сол жарамды деген пьесамыз ең алдымен әдебиеттік шығарма болуға тиіс» – дейді. Бұл тілегін ол өз замандастары М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, Қ.Сатыбалдин, М.Ақынжановқа және өзі – Ә.Тәжібаевқа да қарата, атын атап, түсін түстеп айтады. Ол «сан түрлі адамдары жөнінде көркем әдебиеттің құнды қазынасын байыта түсерліктей, тілге орамды, жүрекке жылы, оқушыны еліктіре аларлықтай пьесалар жазған жоқпыз» – деп, өзгелер мен өзінің кемшіліктерін де мойындайды.
Оқиғаны баяндауда сол кездегі кино өнерінің камераның көмегімен фильм жасаудағы соны әдіс-тәсілдерін, сахна өнеріне тигізіп жатқан мол ықпалы мен мүмкіншілігін, проза жанрының сипаттау, баяндау құралдарының мол мүмкіндіктерін айта келе, драматургиямен салыстыра қарап, автор, таза драматургия жанрының әрқашанда өзіндік деңгейі сол күйінде ешқандай қоспасыз-ақ керемет көркем туынды жасауға мүмкіндік беретініне сенімі нық екендігіне білдіреді. Ол: «Біз сахнаға киноны да, баяндаушыны да алып шықпаймыз. Екеуінің де драматургияға керегі жоқ; драматургия кеше де, бүгін де, ертең де өз құралдарымен ғана, яғни, диалогімен, монологімен ғана күшті. …Егер ең қымбатымыз, ең асылымыз адам дейтініміз рас болса, егер адамды ашу, адамды сүю, адамды көркейту мұратымыз дейтініміз рас болса, Шекспир драматургиясы бізге мәңгі жолдас, мәңгі дос» – деп, әлемдік классик авторды мысалға ала отырып, қазақ қаламгер-драматургтеріне жазу шеберлігін ұштауда, көркемдік биікке көтерілуде Шекспирді иық теңестіретін меже, нақтылы нысана ретінде үлгі етеді.
Драматургия табиғаты ширақ өрілген оқиға желісіне, кесек кейіпкерлер галереясына, олардың арасындағы қызу қақтығыстарға құрылады. Қақтығыс, тартыс болмаса оқиғаның өрбуі, сахнадағы әрекеттің алға қарай жылжуы қиын да күрделі шаруа. Қоғамда бұған дейін болып келген тартыссыздық теориясы сахналық шығарманың бойындағы қуатын алып әлжуаз, болбыр баяндаулар мен қолдан жасалған идея мен шындық үшін күреске толы шығармалармен толған кеңестік-қазақ театр сахнасына жаңа дем, соны серпіліс әкелетін өткір драматургиялық коллизияға негізделген шығарма қажеттігін автор жақсы сезінеді және дәл сол кезде әріптестерінен талап етеді. «Иә, аты, атағы зор, әрі үлкен, әрі салмақты беделге айналған, даңқ құмар, шен құмар, ақша құмарлармен беттесу қиын. Оларды мақтай берсең, қостай берсең ғана жағасың, ал күдікжасасаң, мінін айтсаң біткенің: зор беделдің өсегі де қуатты, зеңбірекше аямай соғады да, шалқаңнан түсіреді. Ал, оның жарамсақтары құдіретті мәртебеге қошемет көрсетіп, қол соғады. Әдетте біз әділдік жеңеді, адал еңбек өзіне лайықты қасиетті орнын алады дейміз. Ол дұрыс. Біздің міндет – сол әділдіктің жеңгенін, адал еңбектің өз орнын алғанын, Сальерилердің қалай әшкереленгенін, құлағанын көрсету ғой. Ендеше, қазіргі бар, кейін де көпке дейін бола беретін конфликтілерді жұқартпауымыз, жасырмауымыз керек» – деген автор, театрдың шикзаты болып саналатын кесек драматургияның келбетін ашатын табиғатынан ауытқымауды, әр шығарманың қызу тартысқа құрылған табиғатын жеңілдетпеуді талап етеді.
Өзімен замандас драматургтардың комедия жазудағы мәселенің байыбын бір жақты ашу, «ақ немесе қара» деген бояумен көрініс берген ортақ кемшіліктерінбағалай келе ол: «Біз жарамсыз мінездерді, жат құлықтарды аламыз да, әбден жамандаймыз. Бірақ, солардың неліктен жаман болғанын түсіндірмейміз, көрсетпейміз» – деп, ол өзінің «Жалғыз ағаш орман емес» комедиясындағы жіберген «әттеген-айына» тоқталып талдайды. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің екінші декадасына барған бұл спектакль сахнаға қойылуы барысында қаншалықты авторлық, режиссерлік дайындық сүзгісінен өткен болатын. Ақын-драматургтің сөз саптауынан өзі көтерген ортақ мәселедегі авторлық көзқарасын, приципшілдігін анық көреміз. Оқиға кейіпкерінің ішінен белгілі әрекетке баруын, оның «…көптеген себептердің ең күрделілерін тереңнен іздеп таппай, жаңашылдарға қарсы, саналы түрде көнбейтін, нақты себебін таппай «өмірден артта қалды» деген абстракциялық формулаға оңай сүйене салсақ штамптан құтыла алмаймыз. Штамп бар жерде ой тереңдігі жоқ, автордың ақындық қанаты да кең жазылмайды» – деген қорытынды жасайды. Әбділда – сыншы, Әбділда – драматург шығармасындағы артық-кем тұстардың түп-төркініне өнерде ауысып кетуі оңай, жеңіл жасалатын таптаурындық, штамп секілді жаңалық іздеуден шаршап, сергектік қалғыған тұста жіберілетін қателіктердің бетін ашып береді. Мұндай мойындаулар осы ұрпақтың басында болған «сын және өзін-өзі сынау» үлгісінде жазылып шыққан және орынды ескертпелерімен құнды. Біздің бүгінгі таңда айтылған сынға ер тоқымын бауырына салып асау аттай мөңкитін өнер қайраткерлерінің жалаңаштанған нәзік психикасының жанында бұл ұрпақтың жаны сірі. Талай қиындықтар тезіне шыдас берген, талай өткір сынды басынан өткізген құрыштай шыныққан аға ұрпақтың өкілі екендігін көреміз.
Автордың сол кездегі жаңа қарқынмен дами бастаған қазақтың комедия жанрына қалам тербеген драматургтер пьесаларына берген бағасы мен сыни көзқарстары да бүгінгі күні өзінің өзектілігін жоғалтпаған. Қалың қазақ көрермендерінің арасында үлкен қызығушылық тудырған Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясына тоқтала келе: «…көркемөнердің күресетіні қылмыстың өзі ғана емес, оның шықан тегі, асқынған себебі,: біз әрбір бұзықтықтың, терістіктің тамырын балталау үшін, ең алдымен оның философиясын әшкерелеуіміз керек.Қалтай пьесасының да осы жағы жетпей жатыр» – дейді. «Біздің пьесаларымыздағы иллюстрациялық элементтер драманың тіліне де әлсіздік, көпсөзділік элементтерін кіргізеді. Сәтті табылған драмалық ситуациядағы характерлердің өзара қатты қақтығысулары диалогтан от жылтылдатып, шоқ шашыратады ғой. Ал, драманың өзі емес, оған сипаттама, кепілдік ретінде қосылған материалдарда ондай күшті болмайды» – деген ой қорытады. Сыншы атап өтетін әрбір шығарманың негізгі түп қазық – идеясын тауып алып сол төңіректе шиырлатып тереңнен қазу керектігіне назар аудартады.
Автор Садықбек Адамбековтың «Күн мен көлеңке» комедиясын жіліктей шағып талдай келе, «Тұман сияқтылардың да өз әрекеттеріне лайық өмір сүру қағидасы үлкейтіңкіреп айтқанда философия болуға тиіс. Өйтпейінше сахнадағы өмірдің заңдылығы көрінбей, логикалық сенімділігі жетпей жатады… Сатиралық комедияға жағымды геройларды алған екенсіз, оларға қызмет істеу керек. Оларға көреген көз, аңғарғыш зейін, естігіш құлақ, сезімтал жан, төзімпаз сабыр, айтар тіл, қорытқыш ой беру керек. Тұмандар осындай адамдардың ішінде өмір сүре алсын, соларға айла-тәсілін қарсы жұмсай алсын. Оқиға сонда қызады, пьеса сонда қызық болады. Біз бұзақы, теріс адамдармен қатар жарқыраған өмірді, өмір жасаушы шеберлерді көрер едік» – деген комедия жанрының табиғатын терең түсінген, «Той боларда», «Дубай Шубаевич» секілді комедия жазған драматургтің салиқалы ойын оқимыз. Әдебиеттің драматургия жанрымен 40 жылға жуық тұрақты айналысқан оның бұлай айтуға әбден құқығы бар. Себебі, Ә.Тәжібаевтың комедиялық пьесаларымен соғыстан кейінгі жылдарда қазақ театрында жаңа серпілістер бастау алады. Жоғарыда аттары аталған қазақ комедиографтарының шығармашылықтарына жол ашқан да Ә.Тәжібаевтың шығармалары болғаны анық.
Ақын-драматург өзінің белгілі «Монологтар» сахналық поэмасының кейіпкерлері қазақтың танымал тұлғалары, әрқайсысы тарих пен тағдыр шырмауында сергелдеңмен артында ұмытылмастай із тастап, автордың замндасы ретінде үн көтерді. Әбділда бұл туындысында өзін толғандырған өзекті мәселені Күләштің аузына салады. Қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітованың монологінің өн бойында осы замандастар образы, бүгінгі күннің кейіпкерлері өз деңгейінде көтерілмегені сөз болады. Күләш замандасының, танымал әнші-актрисасының көкейіндегі үн, асқақ арман болып тыңдармандарға бет бұрады.
Күләш:
«Дегенменен бір арман бар,
Бүгінгі апа, сіңілілерді
Көрсете алмай келемін.
Таппай жүрмін композитор, ақынның
Жас ғашықтар сырын айтқан өлеңін. ….
Баяным да, Ақтоқтым да ардақтым.
Мейлі олардың бас-басына арнаулы
Ескірмейтін ескерткіштер орнатсын.
Құттықтаймын, қуанамын мен бұған
Әйтсе-дағы бүгінгі қыз арманым.
Қараңдаршы, тұр ғой міне алдымда
Жарастықтың жалтылындай сандығым!» – деген сөздер.
Күләштің опера сахнасында жасаған алдыңғы лек классикаға айналған образдар галереясынан бөлек толымды жұмысының әлі де болса көңілі толмайтынын бейнелі береді. Сахна саңлағының арманы мен аңсары ауған замандас бейнесінің қанша сұраса да әліге дейін көңілінен шықпай жатқанын баса көрсетеді. Бұл жоғарыда жазылған сыни мақаладағы ғалым-зерттеуші Ә.Тәжібаевтың поэзиядағы ақын-драматург Ә.Тәжібаевқа айтқан, бірінің ойын екіншісі толықтырған көрінісі. Мұнда, драматургия жайлы жоғары трибунадан айтқан сыни пікірлерінің жалғасын, көтерер тақырыптарының, замандас кейіпкерлерді сомдаудағы шығармашылық еркіндіктің тапшылығын айқындай түседі. Біздің ойымызша, бұл тақырып, өмірі де шығармашылығы да, өлімі де аңызға айналған Күләш атты қазақ сахнасының феноменіне, «чудосына» (Ғ.Мүсіреповтің анықтамасы – М.А.) айналған талантты өнерпаздың көркемдік келбетін сахнадан замандастарының бейнесін жоғары деңгейде талантты етіп сомдай алатын тұлға – актрисаның ашылмай кеткен шеберлік қырлары, толық іске аспаған шығармашылық шабыттың іштегі тұнған мұңы секілді бейнелі берілген.
Ә.Тәжібаев театр өнерін дамытуға, оның драматургиясының өсуіне кәсіби театр сынының орны жоғары екендігіне мән береді. Театрдың теориялық мәселелеріне байланысты театр тарихы мен театр сынының орны зор екендігін жақсы сезінеді. Оларды зерттеуші ғалымдардың аздығы қынжылтады. Театр шығармашылығы сыни көзқарассыз тоқырауға ұшырайтынын, әділ де салмақты болуы керектігін баса көрсетеді. Ол: «Театр мен драматургиямыздың мамандалған зерттеушілері мен айналып болған жолдастарымыз жеткілікті емес. Драматургиямыздың дамуына бұл да үлкен бөгеттің бірі. Сын драматургияның проблемалық мәселелерін көтере білетін, аз тәжірибеміздің өзін мол қорыта білетін, шеберлік жайында ғылыми, дәлелді кеңес айта алатын өзге елдердегі озық драмашылдардың жақысы үлгілерін ұғындыра алатын, ешкімнен сескенбейтін, үлкен беделдер алдында майысып, қайыспайтын, өкпелесіп қалған жолдастарын қауып түсуге құмартпайтын болуы керек. Жасырмайық, бізде мұндай драматургия және театр сыны әлі жоқтың қасы» – деп ой қорытады. Біз ғалымның бұл ойын бүгінгі қазақ драматургиясының, театрының хал-жайына назар аудара отырып келтіргіміз келеді. Драматургияны, театрды зерттеп жазатын, сыншы пікірінің қажеттігін баса көрсеткен автордың осындай өзекті ойы бүгін де күн тәртібінен алынған жоқ. Алып тастауға болмайды. Себебі біз Ә.Тәжібаевтың осы ойы арқылы қазақ драматургиясы мен театры, театр сынына, жалпы ұлт театрының келешегіне назар аударғымыз келеді. Театрының жарқын болашағы оның жасаған спектакльдерін тек қана жылы сөз, сыпыра мақтаудан тұрмақ емес. Сындарлы ой, салмақты сын айтып, оның оң бағытын көре біліп, орнымен айтатын білікті мамандардың көзқарасы қажет.
Ойымызды қорыта келгенде, қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі, ұлт поэзиясының,театрының қоржынына көптеген сүбелі шығармаларымен олжа салған Әбділда Тәжібаевтың өзге де шығармашылық, ғылыми-зерттеушілік қырлары келер ұрпақтың назарында болары анық. Уақыт талабына сай жаңа герой жасау жолында үлкен күш-жігер жұмсап сахнаға алып шыққан замандастар бейнесі, оны жасау жолындағы Ә.Тәжібаевтың театр мен драматургиядағы ізденістерін сараптап, ақын-драматургтің ғылыми-зерттеушілік келбетіне назар аудардық. Бұл және бұдан басқа да қырлары әлі де болса тереңірек қазуды, ауқымын кеңейтіп зерттеуді қажет етеді. Ол зерттеулер келешектің үлесінде.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.