ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА немесе туған жерге тағзым

  • 16.08.2019
  • 72 рет оқылды
  • 0

Айтмұхамбет ҚАСЫМОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Кеңестік 40-армияның әскери бөлімдері Ауғанстан аумағына 1979 жылғы 25-желтоқсанда кірді. Ең соңғы әскери құрама Ауғанстан аумағынан 1989 жылғы 15-ақпанда шығарылды.
Сол соғыстағы он жылдың ішінде 15 мыңға жуық кеңестік жауынгер қаза тауып, алты мыңнан аса сарбаз мүгедек болып, 200-дей әскери осы күнге дейін хабарсыз кеткендер санатында.

Құрамында шаруашылықтың әр саласымен айналысатын жиырмадан астам құрылымдық бірліктері, сондай-ақ, Қазақстанның біраз қалалары мен Египет, Қытай, Израиль, Индия, Ресей мемлекеттерінде өкілдіктері бар «ҚМ компаниялар тобының» Бас директоры, Ауғанстан соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің, «Парыз-2009» Президент сыйлығының иегері, ел экономикасын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Қазақстан даңқы» орденімен, экономика саласында екі жақты тиімді қарым-қатынасты нығайтқаны үшін Ресей Федерациясының «Достастық жұлдызы», Европа Бизнес ассамблеясының «Виктория Ханшайымы» ордендерімен, Францияның SEIN ассоциациясының Алтын медалімен марапатталған, есімі елімізге танымал тұлға – шығысқазақстандық кәсіпкер Қайрат Мусинге арнайы жолығып, қалың оқырманға жақынырақ таныстыру үшін емен-жарқын әңгімеге тартқан едік.

– Қайрат Маратұлы, әңгімемізді ең алдымен туған жер, туған ел, өскен ортаңыздан бастағанымыз дұрыс болар.
– Балалық шаққа саяхат жасайық деп отырсыз ғой, ол да жөн екен. 1960 жылғы шіліңгір шілдеде Ұлан ауданының Тасөткел деген шағын ауылында, Марат пен Мәрзия Мусиндердің қарапайым отбасында дүниеге келіппін. Мектепке кіргенше Батқолда атам мен Дина апамыздың қолында өстім. Ауылымыздың жанынан Тасөткел өзені ағып жататын, Нұржау деген тауымыз бар еді. Балалық көзқарас, балалық пәк сезім мен сағыныш дегеніңіз ерекше есте қалады ғой. Бүкіл ауылдың балалары жаз бойы жағасынан шықпайтын сол күркіреп жататын Тасөткелге жетер өзен, басына ентіге шығатын Нұржаудан биік тау әлемде жоқ сияқты көрінуші еді. Сол кезде жердің жәннатындай болған ауылымыз қазір жоқ, бірақ, балалық сағыныш дегеніңіз өшпейді екен көңілден. Кейінірек, сол ауданның Шымқора ауылына көшіп келіп, мектепті сол жерде бітірдім. Бұл ауыл қазір Ұлан ауылы деп аталады, қазақтың біртуар ғалымы Сәрсен Аманжоловтың, ақын-жазушылар Тұрғазы Нұқаев, Мүсілім Құмарбеков, Серік Ғабдуллин ағаларымыз өсіп-өнген, көптеген спортшылар шыққан киелі де қасиетті мекен. Мектепте мінезім ұяңдау болды, бірақ, сабағым «төрт» пен «бес», өзім класымыздың старостасы болдым, жоғарғы кластарда бокспен айналыса бастадым. Ол кезде милицияның беделі мықты еді ғой, төрт-бес ұл сол милицияның мектебіне оқуға жиналып, бір жолдасымыз құжаттарын дайындап үлгіре алмағандықтан «за солидарность» деп, қалғанымыз да бармадық. Бір жыл ауылдағы құрылыс цехында жұмыс істеп, келесі жылы Қарағандыдағы Жоғарғы милиция мектебіне емтихан тапсырып, диктанттан «өте алмадым». Сол жолы, біздің облыстан барған жиырма екі баланың біреуі ғана қабылданып, қалғанымыз қайтып келдік. Бұл дүниеде әділетсіздік дегеннің болатынын сол жолы алғаш рет байқадым…
Қайтып келген соң Өскемендегі құрылыс-жол институтының дайындық курсына оқуға түсіп, 1979 жылғы мамырда әскери борышымды өтеуге аттандым.
– Қайрат Маратұлы, сіздің бүгінгі күні «орынсыз, қате соғыс болды» делініп жүрген, қаншама өрімдей жасты қыршынынан қиған Ауған соғысына қатысқаныңызды, онда көрсеткен батылдығыңыз бен ерлігіңіз үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен, оның ішінде Ауғанстан Президентінің Жарлығымен «Жауынгер-интернационалистке Ауғанстан халқының ризалығы» медалімен марапатталғаныңыздан, қазір «Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде көптеген өнегелі істер атқарып жүргендігіңізден хабардармыз. Соны өзіңіз кеңірек таратып айтып берсеңіз.
– Оқу оқып жүріп, өз өтінішіммен әскерге кеткенімді әкем құптамаған еді. «Қайтып келген соң оқимын» деп мен де болмадым. Ол кезде жігіт үшін Отан алдындағы әскери борышыңды өтеу – парыз ғана емес, мақтаныш сияқты болатын. Уақытында Армияға бармай жүрсең, «е-е, мынаның денсаулығында бір кінарат бар-ау» деп барлығы сені мүсіркейтін сияқты көрінетін. Және әскер көрмегеніңе қыздардан да ұялатынсың. Өзгені қайдам, өзімді әскери қызметке жетелеген, бір жағы, осындай намыс сезімдері болды. Ол кездегі бейбіт заманда соғыстың ортасына түсемін деген ой өңім түгіл түсіме де кірген жоқ қой. Сонымен, Алматының 70-разъезіндегі бізді жарты жылдан соң Термезге, одан 1980 жылғы 4-қаңтарда шекарадан асырып, Кабул, Джелалабад арқылы Асадабад деген қалаға алып келді. 40-армия, 66-бригаданың 2-дербес батальонында, Пәкстанға жақын шекарада орналастық. Ол соғыстың орынды, я болмаса орынсыз екендігін ол кезде кім пайымдап жатыпты, біздің міндет – әскери ант қабылдап, Отан алдындағы перзенттік міндетіңді өтеу болатын. Осы Асадабадта алты айдай оқу-жаттығу өткізіп, бізді соғыс ісіне үйретіп, дайындады. Екі жылдай бүгінгі Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың қарамағында болып, көп нәрсені үйрендім, ол кісі біздің батальонның командирі, әскери тәсілдерді жетік меңгерген, ержүрек басшы болды.Бақытжан ағамыз сарбаздарға жергілікті жердің тарихын, елінің салт-дәстүрі мен дінін сыйлауды үйретіп, жергілікті халықпен тіл табысудың да ролін түсіндіріп отыратын. Мен батальонның материалдық жабдықтаушысы, командирдің орынбасары бола жүріп, елу бес рет азық-түлік, жанармай, оқ-дәрі жеткізуге шығыппын. Тау жолында талай рет дұшмандардың шабуылына ұшырап, көлігіміз неше мәрте минаға ұрынып, қаншама майдандас достарымнан айрылдым. Қорықпадық дегендердікі өтірік. Шабуылдан соң көлігіміздің қапталындағы қаптаған оқ іздері, аяқ-қолын мина жұлып кеткен жап-жас жігіттердің жан ұшырған айқайлары көз алдыма келгенде әлі күнге дейін арқам мұздайды. Марқұмдардың әрқайсысы бір-бір шаңыраққа иелік етіп, ертеңгі күні ұрпақ сүйер азаматтар еді ғой деп жүрегім қан жылайды. Ол соғыстың қасіреті, жүрекке салған жарасы өзіміз тірі тұрғанда ұмытылмайды ғой.
Жаңа өзің атап өткен «Ауған соғысы ардагерлерінің» бірлестігі 2009 жылғы 9-қаңтарда, Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылуының 20 жылдығына орай құрылған болатын. Ол ұйымымыздың қызметінің басты мақсаты – соғыста қаза болған жауынгерлерді есте сақтау, сол марқұмдардың, мүгедек болып оралғандар мен соғыс ардагерлерінің заңды құқықтарын қорғап, оларға қолдан келгенше көмек көрсету, солардың өмір жолы арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. Осы мақсатта 2015 жылғы 20-шілдеде Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде «Туған жерге – тағзым!» акциясы аясында менің демеушілігіммен Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысында қаза болған боздақтарға, соғыс ардагерлеріне арналған саябақ ашылды. Оның ішінде Ұлан жерінен шыққан Кеңес Одағының он батырына орнатылған кеуде мүсіндері мен қаза болған жауынгерлерге бағышталып «Тырналар» ескерткіші орнатылды. Екі соғыстың да хабаршысы ретіндегі мойындарын көкке созған, қанаттары жаралы, бір ақ, бір қара тырнаның арасында азаматын жоқтаған, ұлынан айрылып, қайғыдан қабырғасы қайысқан Ана бейнесі орнатылған. Бұл салтанатқа Халық Қаһарманы, Қарулы Күштер ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант, менің Ауған соғысындағы командирім Бақытжан Ертаев ағамыз, генерал-лейтенант, Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов, жерлесіміз, сенатор Сергей Плотников, ардагер ұстаз Жеңіс Құлсейітов, жазушы Сәдібек Түгел, белгілі спортшы Жанәділ Атаев, басқа да лауазымды құрметті қонақтар қатысты. Бұл жоба Қасым Қайсенов кентінің әкімі, менің туған ағам Думанай Маратұлы Мусин екеуіміздің арамыздағы келісім-шарт негізінде іске асырылды. Осы арада айта кеткен орынды болар, бұл саябағымыз 2011 жылы 200 миллион теңгеден аса қаржыға, Бұхара жақтан тас әкелдіріп, Өзбекстаннан қыш қашайтын арнайы шеберлер алдырып, Шығыстың архитектуралық үлгісімен салынған 400 орындық зәулім мешіттің жанынан орын тепті. Ол мешітті де туған ауданыма кезінде мен салдырған едім.Мұндай шаралардың барлығы бір жағынан шейіт болған боздақтарға, ата-баба рухына деген құрмет болса, екінші жағынан өзімізді өкшелеп келе жатқан жас ұрпақты имандылыққа үйіру, өз еліне, өзінің ұшқан ұясына деген сүйіспеншілікке баулу, қайырымдылықтың өнегесін көрсету деп есептеймін.
– Қайрат Маратұлы, бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстанымыздың маңдайалды кәсіпорындарының біріне айналып, алыс-жақын бірқатар шетелдерге де танылып, көптеген марапаттарға ие болып отырған компанияңыздың ең алғашқы қадамдарына және болашақ жоспарларына тоқталып өтсеңіз.
– Әскерден кейін құрылыс-жол институтындағы оқуымды жалғастырып, 1986 жылы жол қозғалысын ұйымдастыру факультетін бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шықтым. Осы арада, бірден айта кетейін, бертінірек, компания кеңейе бастаған кезде Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің мемлекеттік және муниципалдық басқару факультетін, одан бертінірек, компаниямыз ауыл шаруашылығымен қосымша айналыса бастағанда Риддердің агротехникалық колледжін бітірдім. Сонымен, қазір менде үш диплом бар. Мен мұны мақтан үшін айтып отырған жоқпын, бұлардың барлығы да қызметіме қажет болған соң оқыдым. Қол астыңдағы мамандарға ақыл айтып, бағыт-бағдар беру үшін сол саланы алдымен өзің жақсы білуің тиіс деп есептеймін. Мен бастық екенмін деп албаты айқайлай беруден жұмысың өзің ойлағандай жүре қоймайды, сондықтан да бұл оқулардың барлығының да менің жұмысымның алға жылжуына тигізген пайдасы аз болған жоқ.
Жә, сонымен, мен соңғы курста осы қаланың Әния деген аруына үйленіп, дипломмен қатар екеуміз тұңғышымыз Мәдиді көтеріп, 1986 жылы еңбек жолына қадам бастық. Оқу бітірген 50 түлектің көпшілігі сол кездері атағы дүрілдеп тұрған Өскемен халықаралық көлік-экспедиция кәсіпорнына жұмысқа барғысы келді, ал, олар бір ғана адамды қабылдайды екен. Аталған жалғыз орынға менің орналасуыма ең алдымен Ауған соғысында болғаным, одан соң отбасылы болғаным және оқуды үздік бітіргенімнің көп көмегі тиді. Сол мекемеде мен жол қозғалысы қауіпсіздігі инженері және техникалық қауіпсіздік инженері болып үш жыл қызмет істедім, өндірістік тәжірибе жинақтап, ұжымда жұмыс істеу жағынан біраз ысылдым. Бұдан кейін, «Өскеменснаб» мекемесінде жеті жылдай қызмет істедім. Одақ ыдырап, экономика құлдырап, көпшілік ала дорбаларын арқалап сауданы жағалай бастағанда, 1993 жылы мен де базарға кеттім. Ол кезде екінші ұлымыз Дамир да дүниеге келген болатын. Әнияның мамандығы қаржыгер еді, ол да менің шешімімді қолдады. Сонымен, Орталық базардың директоры, Өскемендегі алғашқы кәсіпкерлердің бірі, ол жағынан тәжірибесі мол Қазыкен Мұхамадиев ағаның шақыруымен сол кісінің орынбасарлығына орналастым. Кәсіпкерліктегі ең алғашқы қадамым сол базардан жалға орын алып, «Мәди» фирмасын құрып, ет сатудан басталды. Саудаң тиімді болуы үшін өзіңнің малың болуы керек екен, содан мал өсіре бастадық. Жұмыс жүріп, ақша құрала бастаған соң, өзіміз жеке базар ашып, оған «Дина» деп қызымыздың есімін бердік. Кейінірек, банк арқылы ғимаратымен қоса баспахананы сатып алып, газет шығарып, кітап басу ісін жолға қойдық, қаланың орталығынан «Заңғар» сауда үйін аштық. Оның барлығын тәптіштеп қайтеміз, осылай-осылай біртіндеп кеңейіп, қанатымыз қатая түсті. Қазір компания құрамында жиырмадан аса құрылымдық серіктестер бар, оларда мың жарымнан аса адам еңбек етуде. Кәсіпорындарымыздың барлығында өз еңбеккерлерімізге де, сырттан келетіндерге де барынша қолайлы жағдайлар жасауға тырысамыз. Мәселен, «Дина» толайым-сауда кешенінде теміржол кіретін тұйық алаң, бірнеше көкөніс қоймалары, ет павильоны, ветеринарлық лабораториясы, техникалық қызмет көрсету станциясы, асхана, дәмханалар, әрқайсысы 60 орындық екі қонақүй бар. Саудамен Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Ресей сияқты көптеген шетелдерден келетін болғандықтан, осы базардың ішінен шетел азаматтарын тіркеуге алатын көші-қон қызметінің, қалааралық телефон байланысының бөлімшелерін ашып қойдық.
Компания құрамына енетін «Қанжар» серіктестігі Қазақстандағы ең алғашқы жылжымалы мал сою кешені болып табылады. Барлық стандарт талаптарына сай келетін, финляндиялық заманауи қондырғылармен жабдықталған бұл кешен елді мекендерді аралай жүріп, малды сойып, етін тұтынушыға дейін жеткізіп береді.
Бұл айтып отырғаным – оқырман біздің кейбір кәсіпорындарымыздың жұмыс ауқымымен таныссын дегенім ғой. Ал енді өзіңіз сұраған алдағы жоспарлар жайлы, оны да қысқарта айтайын. Біздің «EX-TA»серіктестігі – баспа ісі мен полиграфия саласы бойынша өңірдегі көшбасшы кәсіпорын. Газет басу мен әдеби кітаптар шығарумен қоса, енді мектеп бағдарламасына сай оқу құралдарын басып шығару, облыстағы туризмді дамыту мәселелерін қарастырып жатыр. Өзім де бір тиімді ұсынысты депутаттардың талқылауына жолдадым. Жақын арада Ресей Ямал-Ненец округінен Қытайға газ құбырын тарту жұмысын бастамақ. Сол құбырдың Риддер маңынан өтетін тұсынан бір жергілікті тармағын Риддер арқылы Өскеменге тартуға әбден болар еді. Бұл мәселе шешімін табар болса біздің өңірге экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімді болары сөзсіз. Орайы келіп жатса бұл шаруаға атсалысу да біздің келешек жоспарымызда бар.
– Еңбегіңіздің мемлекет пен халық арасында бағалануы қалай? Марапаттарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Мен еткен еңбегімді ешқашан бұлдамаймын, оны біреуге міндетсімеймін, өзім үшін істеймін. Әрине, еңбегім бағаланып жатса, әркім сияқты, менің де мерейім көтеріліп қалады. Ал енді менің негізгі марапаттарым туралы сұхбатымыздың басында өзіңіз айтып өттіңіз ғой. Одан өзге Елбасының Алғыс хаты, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» медалі, «Тіл жанашыры» төсбелгісі, Республика Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары жетістіктері үшін» төсбелгісі, әр деңгейдегі Құрмет грамоталары сияқты марапаттар аз емес. Ол марапаттар жалғыз менің ғана емес, компанияның құрылымдық серіктестіктерінің, бүкіл ұжымымыздың еңбегіне берілген баға деп білемін, сондықтан өзіммен бірге осы кәсіпкерліктің қызығын да, шыжығын да бөлісіп, бірлесе еңбек етіп келе жатқан сенімді серіктеріме алғыс айтамын. Ал мен үшін ең үлкен марапат – халықтың алғысы мен ақ тілегі. Сондай аса құнды марапатты мен өз жерлестерімнің 2006 жылы «Ұлан ауданына сіңірген ерекше зор еңбегі үшін» төсбелгісімен наградтап, «Ұлан ауданының Құрметті азаматы» атағын беруі деп есептеймін. Менің қоғамдық жұмыстарым көп болды, әлі де аз емес. 2002-2007 жылдары облыстық мәслихаттың екінші, үшінші шақырылымының депутаты болып сайландым. 2002 жылдан бері Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ (бұрынғы өзім бітірген құрылыс-жол институты) түлектері ассоциациясының президентімін, «Бабамыз батыр Қабанбай» қоғамдық қорының жетекшісімін. Міне, осындай қоғамдық жұмыстарды атқара жүріп, көп шарулардың оң шешілуіне ықпал етіп, көп адамдардың әлеуметтік мәселелеріне қол ұшын беріп, қамқорлық жасадым. Оның барлығын жіпке тізудің қажеті бола қоймас. Сол адамдардың алғысы мен ақ баталары менің жұмысымның өрлеуіне шапағаты тиген болар деп ойлаймын. Мен мемлекеттің де, халықтың да еңбегімді лайықты бағалап жүргендеріне разымын, ешкімге ешқандай өкпе-ренішім жоқ.
– Қайрат Маратұлы, жаңа «Бабамыз батыр Қабанбай» қоғамдық қорының жетекшісі екеніңізді айтып қалдыңыз ғой…
– Сұрақтың астарын түсіндім, бұл қағаз жүзіндегі лауазым немесе санда бар, сапада жоқ ұйым емес. Бұл қоғамдық ұйымның соңғы бір атқарған жұмысы – Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында республикалық деңгейде өткізілген Кетбұқа ноян мен Төлегетай бабамыздың рухтарын еске алып, ас берілуі – тәлімі мен тағылымы мол іс-шара болды. Бұл шараға Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов, «Төлегетай» халықаралық қорының президенті Жекен Қалиев, Қазақ-Американ еркін университетінің ректоры, академик Ережеп Мәмбетқазиев, ақын-жазушылар Жүрсін Ерман, Роллан Сейсенбаев, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулетов, Жезқазғаннан «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Талдықорғаннан «Нақ бірлік» қоғамдық қорының президенті Аманғазы Шегіров, Түркістанның Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әбдіғаппар Шаймерденов,Түркістанның Құрметті азаматы Мақсұт Атамбаев, Шыңжан университетінің профессоры, Қытайдың жеті дүркін чемпионы болған әйгілі палуан Айдархан Қабдоллаұлы сияқты жан-жақтан құрметті қонақтар жиналды. Тойға жиналған көп қауым алдымен Халифа Алтай атындағы облыстық мешітте ел бірлігі, жер тұтастығы үшін ат үстінде жүріп арпалысқан бабалаларымызды еске ала отырып, бүгінгі тәуелсіз еліміздің баянды тірлігі мен ұрпақтың бақытты болашағын тілеп құран-қатым түсірді, құрбандыққа ақ түйе шалынып, Кетбұқа ноян мен Төлегетай бабаны еске алу батасына қатысты.Шара бұдан әрі «Жекпе-жек» сарайындағы түйе палуандар арасындағы қазақ күресімен ұласып, Меновное кентінде аламан бәйге, көкпармен жалғасты. Әр ауданнан арнайы киіз үйлер тігіліп, әнші, бишілердің өнерлерін тамашалады. Жұртшылық бірінші орын үшін күрескен «Қазақ барыстары» Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың айқасына тәнті болды. Нағыз барыстардың, арыстардың айқасында екі бүк, бір жартылай жеңіспен бас жүлдеге тігілген темір тұлпар Мұхиттың тақымына бұйырды. Мұндағы жарыстардың жүргізілуін өз қолдарына алған жерлестеріміз, бүгінгі күні есімдері елімізге кеңінен танымал, Қазақстандағы ұлттық спорт ойындарын биік деңгейге көтеріп жүрген жазушы, кәсіпкер, атбегі Сәдібек Түгел мен Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Талғат Мәзбаев, ұландық ақтаңгер ақын Аслан Ғафуровтар халықтың делебесін қоздырып, көңілдерін көтеріп, қай жарысты болсын жандырып жіберді.
Бұдан бөлек С. Аманжолов атындағы университетте өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда тарихшы ғалымдар Кетбұқа мен Төлегетай тағылымдарын таразылаған баяндамалар жасады. Көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, Жошының қазасына байланысты шығарған оның бүгінге дейін жеткен «Ақсақ құлан» күйі туралы, ХІІ ғасырда Египеттің он бірінші сұлтаны болған Кетбұқа бабамыз туралы көптеген тың деректер айтылды конференцияда. Іс-шара аясында қаламы ұшқыр ақындарды республикалық мүшәйраға шақырған болатынбыз. Сайыс қоржынына түскен 35 туындының ішінен жезқазғандық ақын Ғазиз Ештанаевтың «Кетбұқаның соңғы күйі» деп атаған лирикалық поэмасыбас бәйгеге ие болды.
Ғазиз ақынның бұл поэмасын қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман «қазақ поэзиясының соңғы жылдардағы айтулы олжасы» деп жоғары бағалады. Ғалымдар мен ақындардың сөздерінің әсері ме, сол іс-шара кезінде кереметтей толқыдым. Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған Үкіметтік делегация құрамында Египет еліне барған іссапарым есіме түсіп, бағзы замандарда Алтайдан келіп осында билік құрған Кетбұқа бабамыздың аруағына деген перзенттік сыйластығым бір сәт көзіме жас болып үйірілді. Бүкіл ғаламға белгілі Александрия кітапханасын көргенде «біздің бабаларымыз туралы да осында талай сыр, беймәлім мағлұматтар жатқан шығар, әттең соларға қазақ ғалымдарының қолдары жетсе ғой…»деген ойлар да мазалаған еді сол жолы…
Жә, сезімге еріңкіреп кеттік пе. Сонымен, жұртшылықтың көңілінен шыққан, Найман ұлысының ғана мүддесі үшін емес, Қазақ мемлекетінің тұтастығын, ұлттық қасиеттерді қастерлеуге деген адалдығын паш еткен бұл шараны жалғыз өзім өткіздім деп айта алмаймын. Төраға ретінде мен ұйымдастырдым, әр ауданнан тағайындалған Жанарбек Білімбаев, Ержан Ақтанов, Марат Мұзапаров, Сержан Омарбеков, Сейілжан Сайлаубаев, Съезхан Жүзенов, Бәделхан Кәмелханұлы, Мұқан Ағзамов, Жұмабек Жәпішев, Ербол Абдықалықов сынды, басқа да көптеген кәсіпкер азаматтар іс-шара аясында өткізілген барлық шараларға демеушілік жасап, өз үлестерін қосты. Ол үзеңгілес әріптестеріме, әрине, алғыстан басқа айтарым жоқ, көпшіліктің қолдауы адамға осындай кезде керек қой. Зырян, Зайсан, Ұлан, Тарбағатай аудандарының әкімдері Айбек Каримов, Серік Зайнулдин, Дәулет Батырбаев, Ділдабек Оразбаев сынды азаматтар үлкен қолдау жасады, Зайсан ауданынан келген ауыл әкімі Талғат Дүйсенбаев, Ұлан аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Болат Мамырбаев сынды жігіттер сол жиынның бел ортасында жүріп, көп көмек жасады.
Шынайы ынта-пейілдерімен істесе қоғамдық бірлестіктер де ел игілігі жолында, еліміздің дамуы жолында, жастарды отансүйгіштікке баулуда, рухани құндылықтарды насихаттауда айтарлықтай жұмыстар атқара алады.2016 жылдың 12-қаңтары күні Алматы қаласында «Ұлы дала Қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы ұйымдастырған Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына, Алматы қаласының 1000 жылдығына, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, «Ұлы көштің» 25 жылдығына арналған «Ұлы дала елі – Ұлттық руханияттың мекені» атты патриоттық мәдени іс-шара жоғары деңгейде өткізілді. Жиынның басты мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлы дала елі туралы айтқан ұлағатты бастамаларына қолдау көрсету, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, оларды насихаттау, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу болды. Міне, сол жиында еліміздің әр өңіріндегі қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер басшыларымен бірге біздің «Бабамыз батыр Қабанбай» қоғамдық қорының да осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарын бағалап, мені де «Ұлы дала қырандары» медалімен марапаттады.
Былтыр халық мені халықаралық «Кетбұқа – Төлегетай» қорының президенті етіп сайлаған еді. Бұл бағытта біраз шаруалар атқарып жатырмыз. Жуықта ғана Жезқазған қаласында Жошы әскерінде мыңбасы болған, Шыңғыс қағанатының белді бір мемлекеттік қайраткері болған Кетбұқа бабамызға үлкен ескерткіш орнатылды, соның ашылу салтанатынан оралдым. Сол Ұлытаудағы Жошы хан кесенесінің жанына да Кетбұқа ноянға арнайы құлпытас орнатылып, оның етегіне осыдан сегіз ғасыр бұрын өзі Құлағу әскерінде қолбасшы болып соғысқан, сол жақта мерт болған Израиль жерінен арнайы әкелінген топырақ қойылды. Бұл шаралардың ұйымдастыру жұмыстарына жүгірген «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық қорының төрағасы Төлеген Бүкіровтың еңбегі үлкен. Бұл орайда Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошановтың тікелей қолдауына үлкен алғыс айтамыз. Ол кісі өзі сөз сөйлеп, қатысып, осы шараның соңына дейін болды. Бұл ауқымды шараға Мұхтар Алтынбаев, Мұхамбет Көпей сынды қоғам қайраткерлерінің де қадірлі қонақтар ретінде қатысқандықтарын айтып өткеніміз орынды. «Қазақмыс» компаниясының қаржылай көмегіне ризалық білдіреміз.
– «Ақшаны табу үшін сәттілік, ұстап тұру үшін ақыл, көбейту үшін талант керек» дейді Шығыс даналығы. Келешекке тиімді жоспар құрып, алға қойған мақсатқа жету үшін басшының бойында қандай қасиеттер болуы керек? Өзіңіздің басқару тәсіліңіз қандай? Кәсіпкерліктің биігіне шыққан тұлға ретінде кәсіпкерлікке енді бет бұрған жастарға не айтар едіңіз.
– Мұны айтқан данышпан да өмірлік тәжірибеге сүйеніп айтқан болар, оны мен жоққа шығармаймын. Басшыға да, қосшыға да, жалпы адам баласына қандай қасиеттердің қажет, қандайларының жат екендігін ғұлама Абайдан асырып айтқан адам жоқ шығар:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
еріншек, бекер мал шашпақ –
бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым – ойлап қой –
Бес асыл іс,көнсеңіз, – демеді ме Абай атамыз. Бұл – алдына мақсат қойған әр адамға бағдаршамдай болып, жарқын жолға бастап тұрар үлкен философия, керемет даналық емес пе! Кейде басшы адамға ұстамдылық, бір сөзділік, намыс, жігер, орынды жерде қаталдық та керек. Мен негізінен компаниямыздың орта буын басшыларымен жұмыс істеймін, ал, олардың әрқайсысының мінез-құлқы, іскерлігі, орындаушылық қабілеттері әртүрлі. Сондықтан, мен бастық екенмін деп столды тоқпақтап, айқайлай бермей, әркімге әр қырынан келген дұрыс. Мен мүмкіндігінше тапсырманы ашық, нақты, түсінікті етіп қоя отырып, иландыру тәсілімен жұмысістегенді ұнатамын. Ал, енді, серіктестеріңмен, әріптестеріңмен, халықпен жұмыс істегенде ежіктемей, мәймөңкелемей, шыншыл болған абзал.Уәде бердің бе, оны қайткенде де орында. Қолыңнан келмесе уәде берме. Бірақ, себебін түсіндір. Ал, енді, тәуекелге бел буған жастарға айтарым – тегінде, ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді, талай әттеген-айлар біздің де бастан өткен. Бүгінгі күні баяғы біз бастаған кездегідей көзіңді жұмып кіріп кететіндей қарабайырлық жоқ қой. Сондықтан мақсатыңды айқындап, бизнес-жоспарыңды жасап, заңмен жақсылап танысып, содан соң намыс-жігеріңді жанып, батыл кірісіп кетулеріне әбден болады.
– Жалпы, өмір, тіршілік жолы үнемі даңғыл бола бермейді ғой. Өзіңізге кездескен қиындықтар болды ма, оларды қалай жеңдіңіз?
– Мана айтып кеттім ғой, жұмыс барысында қателіктер де, қиындықтар да аз болмайды, олардан тиісті сабақ алып, жеңуге, түзетуге тырысасың. Ал, енді, Алланың басыңа салған сынағына қолдан келер шараң болмайды екен. Тіршіліктегі қиындықтарды қойшы, ең үлкен қайғы – жақын адамдарыңның мезгілсіз қазасы. Біз отбасымызда үш ұл, бір қыз едік. 1975 жылы туған кенже бауырымыз Талғаттың мезгілсіз қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Қылар қайран жоқ. Жиырма жылдай тату-тәтті ғұмыр кешкен аяулы жарым, үш баламның анасы Әния Жамбылқызының да бұл фәниден ерте озуы отбасымыз үшін аса ауыр қайғы болды. Мамандығы қаржыгер болған Әния бір жағы менің кәсіпкерліктегі сенімді серігім, оң қолым, компанияның белді басшыларының бірі болған еді. Ол арамыздан кеткелі, міне, он үш жыл болды, көзден кетсе де, көңілден кетпейді. Сондықтан, осы Кенді Алтайда кәсіпкерлікпен шұғылданған алғашқы қазақ қыздарының бірі ретінде жыл сайын Әнияны еске алып, оның құрметіне кәсіпкерлер арасында спорттың әр түрінен облыстық спартакиада өткізіп келеміз. Жеңімпаз командаларға автокөлік, басқа да бағалы сыйлықтар тапсырылады. Жалпы, біздің компанияның өзінің спорт сарайы, өзінің спорт клубы бар. Бұрынғы Құрылысшылардың Мәдениет үйі ғимаратын сатып алып, спорт клубына лайықтап күрделі жөндеуден өткізгенбіз. Волейбол командамыз облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүреді. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға толық жағдай жасалған. Компанияда жастар да, спорт ардагерлері де аз емес. Өзім де кезінде бокстан спорт шеберлігіне кандидаттықты қорғап, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүретінмін. Жас кездегі машық есейгенде де қалмайды екен, қолым қалт еткен кездері спортзалға асығып тұрамын.
– Қайрат Маратұлы, сіз «Атымтай жомарттығыңызбен» ел көлемінде жақсы танымал болған адамсыз. Меценаттыққа, қайырымдылық шараларына қаншалықты көңіл бөлесіз? Көңіліңізге алмаңыз, бұл сауалды тек көпке үлгі болсын деген ниетпен ғана қойып отырмын.
– Оқасы жоқ. Қайырымдылық жаса-ғанның шарапаты Алладан қайтады. Сондықтан, қолыңнан келсе әлсізге көмек бергенің үлкен сауап болмақ.Талай игі шарадан кейін арнайы келіп, алғысын жаудырып, батасын беріп жатқан жандардың жылы лебіздері есімде. Оның үстіне адам біреуге жақсылық жасаған сайын рухани байып, көңілің марқайып жүреді.
Қай деңгейдегі болсын қайырымдылық іс-шараларынан біз ешқашан шет қалған емеспіз. Көмек сұраған ұйымдар мен ұжымдардың, жекелеген ұлттық өнер, спорт жанашырларының сөздерін жерге тастағаным жоқ. Шығыс өңіріндегі қазақ күресіне қолдау танытып, жас ақын-жазушылардың Өскеменде өткен республикалық мүшәйрасына қаржылай демеушілік көрсеттім. Елдің елдігі, ердің ерлігі ел басына күн туған қиын шақта көрінсе керек. Осыдан бес-алты жыл бұрын Тарбағатай ауданында су тасқыны болып, елді әбігерге түсіргенде біз де зардап шеккен тарбағатайлық ағайындарға көмектесіп, «Парыз» қорына қаржы аударып, тамақ, киім жөнелттік.Өскемендегі Қабанбай батырға ескерткіш орнатылғанда, үлкен мешіт-имандылық ордасы салынғанда қолдан келгенше атсалысып, аянып қалғамыз жоқ. Жаңа Қанай ауылында мектептің салынуына, Таврия, Сағыр ауылдарында көпір салуға, Макеевка селосына фельдшерлік-акушерлік пункт үшін ғимарат сатып алуға, Ұлан ауылдық мектебіне автобус алуға, Пролетарка, Қасым Қайсенов кенттерінің мектептеріне музықалық орталықтар алып беруге мұрындық болып, атсалыстық. Тұрмысы нашар, көп балалы бір отбасына қаладан пәтер сатып әперіп, ауылдан көшіріп әкелдік. Қызы сал ауруына ұшыраған Қасымовтар отбасына қаржылай көмек көрсеттік. Өзіңіз түсініп отырған боларсыз, мұның барлығы тек менің есімде қалғандары ғана. Сондықтан, қолымда барымды мүмкіндігінше көппен бөлісу мен үшін артықтық етіп көрген емес, керісінше, мейірімді сезінген жанның алғысы мен үшін үлкен мәртебе. Біреуге жақсылық жасаған адамға түбі ол жақсылығының қайтып келетініне мен, өз басым сенемін.
– Рахмет! Саясаткер болмасаңыз да, мемлекет жұмысына, ел ісіне араласып жүргендіктен тағы бір сұрақ қояйын деп отырмын. Дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін қазақтың не істегені жөн: неден қашып, неге ұмтылғаны дұрыс? Қалай ойлайсыз, мұның өзі орындалатын жоба ма? Еліміздің белді бір азаматы ретінде мемлекетіміздің бүгінгі жағдайында сізді нендей нәрселер толғандырады?
– Сұрағыңыз орынды, бірақ, көп ойларға жетелейтін күрделі сұрақ екен. «Жолаушының мақсаты – жету» дегендей, жеке дара емес, әлемдік қауымдастықта өмір сүріп отырған әрбір мемлекет ұзақ мерзімді жоспар бойынша тіршілік жасайды. Өзінің даму тарихында «мың өліп, мың тірілген» қазақ, кеңестік кезеңде де қисапсыз қасіретті басынан өткізген, демографиялық азшылықтың әсерінен ұлттық болмыс-бітімінен ажырай жаздаған біздің ел де Тәуелсіздіктің табалдырығынан аттаған соң Қытай, Малайзия, Түркия сияқты көптеген табысты елдер сияқты ұзақ мерзімді жоспар бойынша жұмыс жасауды қолға алды. Біздің ондай жоспарымыз – «Қазақстан – 2050». Оның басты мақсаты – ғаламдық бәсекеде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылу. Алғашқысы 2030 жылға дейін, келесісі 2050 жылға дейінгі жеті бесжылдыққа бөлінген осы жоспарға мұқият көңіл бөле отырып зерттеген адам оның орындалуының мүмкін екендігіне сенеді.Бұл – қазақ елінің, қазақ мемлекетінің гүлденуіне, өркендеуіне, әлемдегі алпауыт елдермениық теңестіріп, тең дәрежеде сөйлесе алуына жеткізетін ұзақ мерзімді сара жолы. Сондықтан ешқайсымыз одан тыс қалмай, ата буын – орта буын – немере буын араларын сабақтастыра отырып, бір күнгі ғана тіршілігімізді ғана емес, ұрпағымыздың болашағын баянды етуге арналған еліміздің сол жоспарын жүзеге асыруға атсалысуымыз керек. Ал енді дәл қазір мұның алдында тұрған кедергілер де аз емес. Сыбайлас жемқорлық, үлкен шенді алпауыттардың ел қазынасына қол салып, шетел асып қашып кетіп жатуы, немесе жегендері желкелерінен шығып, тұтылып жатуы, құрықталмай келе жатқан ұрлық, тонау, есірткі сияқты келеңсіз қылықтар, міне, осындай кедергілер қатарына жатады. Үкіметтің бір кезде зорлықпен «жекешелендіріп», енді шаруашылықтарды қайтадан ірілендіріп жатқан қателіктері, бір қайнауы ішіндегі бірқатар заңдарымыздың халық үшін дұрыс жұмыс істемеуі, асығыс қабылданып жатқан кейбір реформалар, мемлекттік тіліміздің өркендеуіне тиісті тілдік ортаның болмауы, билік басындағылардың қазақ тілінде сөйлемеуі, оған салғырт қарауы, ең жоғарғы деңгейдегі жиын, жиналыстардың мемлекеттік тілде емес, басынан аяғына дейін ресми тілде өтуі сияқты көптеген кемшіліктер, әрине, бұқара халықтың наразылығын туғызады, оппозиядағылардың осындай кемшіліктердің маздай бастаған шоғын одан сайын үрлей түсуіне жол береді. Әрине, орын алып отырған мұндай жағдайларға менің де көңілім толмайды, қатты толғандырады. Бірақ Қазақ елінің жарқын болашағына мен нық сенемін. Сондықтан «Қазақстан – 2050» стратегиясын іс жүзіне асыруға қолымнан келгенше үлес қосуды өзімнің азаматтық парызым деп санаймын.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.