ӨЗ ЖОЛЫ БАР АЗАМАТ (профессор Ә.Әбжаппаров туралы сөз)

  • 16.08.2019
  • 82 рет оқылды
  • 0

Әбдімүтәліп Әбжаппаров – 2005-2013 жылдары Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры болған техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық инженерлік академияның, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының және халықаралық Жоғары мектеп академиясының академигі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, бірнеше мәрте Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған Әбдімүтәліп Әбжаппарұлын Маңғыстауда құрмет тұтпайтын адам жоқ шығар, сірә! Қасиетті Маңғыстаудың әр жаны туысындай, әр жеткіншегі баласындай болып кеткен асыл ағаны киелі жер абыройға бөледі. «Мен басшымын» деп кеудесін керген жоқ, Маңғыстауға басын иген Әбекең тек құрметке бөленді. Ректор болған жылдарында елге өзінің дара қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде талай білім қуған жастарға білім нәрін беріп жатқан Ақтаудың көркіне көрік қосқан еңселі көк орда Әбдімүтәліп Әбжаппарұлының жылдар бойы ойында қордаланып, қасиетті жерде жүзеге асқан тамаша идеясы еді. «Осы ғимаратқа алыстан қарасақ, ағамыз қол бұлғап тұрғандай көрінеді», – дейді Әбекеңнің ректор болған тұсында осы университет ғимаратының салынуын өз көзімен көрген замандастары. Сол кезде игілігімізге жараған оқу орнының бас ғимараты да, жаңа заман талабына сай салынған бес жүз орындық жатақхана мен спорт кешені де, құрылысы енді басталған қызметкерлерге арналған тұрғын үй де, әрине, бұлар ешкімнің таласы жоқ, ағамыздың дара қолтаңбасы еді.

Енді, аз-кем шегініс жасап көрелік.
Ә.Әбжаппарұлы – Оңтүстік өңіріндегі Созақ топырағының тумасы. Сонда дүние есігін ашып, үлкен өмірге жолдама алған.
…Қазақстандағы 1929-1931 жылдары Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырылған үш жүзге жуық көтерілістің ең ірілерінің бірі 1930 жылғы Созақ көтерілісі деседі. 1928 жылдың тамызында Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің «Ауқатты байлардың мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару» жөніндегі қаулысы шыққаннан кейін Қазақ өлкелік партия комитетін басқарған Ф.Голощекин елді неғұрлым қысқа мерзім ішінде отырықшылыққа көшіруге бұйырады. Орталық биліктің жергілікті белсенділері халықтың қолындағы соңғы сауын малына дейін сыпырып алып, түрлі салықтармен мезі қылды, елдің ішерге асы қалмады. Ал, «колхозға бірікпейміз» дегендерді белсенділер қамап тастады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков: «Созақ көтерілісіне жергілікті белсенділердің жасы келген адамдарды апанға салып, қыс айларының қар аралас жаңбыр кезінде азаптауы түрткі болған», – дейді. Егер, 1930 жылдың басында орта шаруалардың үлкен тобын бай-құлақ деп айыптап, Созақ пен Шолаққорғанның жанында қазылған апанға салмаса, бұл көтеріліс басталмайтын да еді. Көтеріліс болған соң, оның басшысы ақ киізге салынып көтерілуі тиіс. 1930 жылдың ақпанында әр ауылдың наразы жұрты жиналып, атқа мінерлері бас қосып, қолдарына қару алған. Халық Тама руынан шыққан Сұлтанбек Шанақұлын хан көтеріп, көтеріліске жетекші етіп сайлапты.
Созақ көтерілісі туралы:
Хан сайладық қарадан, 
Азғантай ауыл Тамадан. 
Шанақтың ұлы Сұлтанбек,
Хан болып шықты арадан..,
– деп басталатын толғау халық арасында кең таралған. Сұлтанбек ханның арғы аталары, Теріскей елінде аса зор құрметке ие жандар болыпты. Халық хан көтерген Сұлтанбек Шанақұлы біздің кейіпкеріміз Әбдімүтәліп ағаның арғы аталары болып келеді. Сұлтанбек хан бастаған жігіттер азапталып, ауыр жағдайда отырған азаматтарды арашалап алу үшін аянбай күреседі. Созақ көтерілісі бостандыққа ұмтылған, әбден аяусыз қаналған, кеңестік жүйенің озбырлығын мейлінше тартқан халықтың наразылық үні еді. Көтерілісшілер Созақ абақтысында жатқандарды босатады. Ашынған наразы жұрт балта, айыр, орақпен қаруланып, қамбалар мен дүкендердегі азық-түлікті тонап, жұртқа таратып береді. Аудандық атқару комитетінің кеңселері өртеліп, байлар тізімі жойылады. Сұлтанбек Шанақұлы бастаған жасақтың жалпы саны екі мың адамнан асқан екен. Бірақ көп ұзамай зеңбірекпен мұздай қаруланған жазалау отрядтары келіп, шоқпар, білте-мылтықпен қаруланған көтерілісшілерді қоршап алып, қырып салған. Қайнар елді мекенінің жанындағы Дуана деген жерде лагерь болған дейді. Оның орны қазір де бар көрінеді. Милициялар көп дегенде көлемі үш метрдей ғана болатын кішкентай орларды жағалап, төбеден қадағалап, қарсы шыққандарын атып тастап отырған. Ол жерде балалар мен әйелдер де болған екен. Кейін олардан еш күдік болмаған соң сегіз айдан кейін босатып жіберген көрінеді. Осы тұста Әбтімүтәліп ағаның аталары елін тастап, басқа жаққа көшуге мәжбүр болса керек. «Үркіншілік» деп аталған бұл кезде сырт елдерге қалың қазақтың жарты миллионнан астамы ауып кеткені тарихтан белгілі. Көп ұзамай Қырғыз елінің Ош елді мекеніне қоныс тебеді. Әбдімүтәліп ағаның атасы Асқар кең пейілді, жайма шуақ адам болған. Қырғыздармен өз туысындай аралас-құралас болып кетеді. Қырғыз жұрты қырғыннан аман шыққан қазақ отбасыларына бауырмалдық танытып, тату-тәтті, берекелі күн кешеді.
Қырғызстанның Ош облысының шалғайдағы ауылында Асқар ата әулетінде отыз жыл зарыға күткен ұл дүниеге келеді. Тұңғыш немересіне азан шақырып, Анар әжесі Әбдімүтәліп деп ат қойып, бауырына салып, өз тәрбиесіне алады. Діни сауатты әжесі Мұхаммед Пайғамбардың атасының есімі немеремді қолдап, қолтығынан демей жүрсін, күш-қуат, жігер берсін деп ырымдап қойса керек. Ақ жаулықты асыл әженің ақ тілегі қабыл болып, немересі бала кезден зерек боп өседі. Әже тәрбиесін көрген қазақтың ұлы тұлғалары бәрімізге мәлім. Бүкіл халықтың данасы атанған Құнанбайұлы Абайды өсіріп, тағылымын берген Тобықтының анасы саналған Зере әже, қазақтың тұңғыш ғалымы, зерттеушісі Шоқан Уәлихановты тәрбиелеген Айғаным әже сияқты бала Мүтәшті дана Әбекең болып қалыптасуына зор ықпал еткен, өмірден көргені мен түйгені көп ел анасы атанған Анар әжесі еді. Анар Пәрімбетқызы айналасындағы жұртқа мұсылман дінін таратқан, имандылыққа иірген, сөзге шешен, өткір, Қожаның қызы екен. Әжесінің туған ағасы Әбен қожа да оңтүстік аймаққа белгілі, діни білімі терең, елді иманға ұйытуға көп еңбек сіңірген зайырлы адам болған. Әбекеңнің әкесі Әбжаппар да діни сауатты, ағаштан түйін түйген, өзінің жеке шеберханасы болған ұста екен. Тоқсанға келіп қайтыс болған, діни сауаты мол Анар әжесі ғұмыр бойы балалары мен немерелеріне дін тағылымдарын үйретуден жалықпай, Құран аяттары мен хадистерін құлақтарына құйып өсірген.
Қырғызстанның Ош облысының шалғайдағы ауылында бейбіт күн кешкен қазақ жұрты Атамекенін аңсамай тұра алмайды. Қырғызстанда тұрақтап, қоныс тепкен әулет Қазақстанда қаны тамған Сталиндік заман өткен соң, оның озбырлық саясаты да саябырсып, заманның беталысы түзеле бастаған 1954 жылы Атамекенге ат басын бұрыпты. Осылайша, Әбекең балалық шағында ата жұртының қасиетті топырағын басады. Сол жылы Қазақ жерімен қайта қауышқан Асқар атаның отбасы қонысқа қолайлы жер деп Түркістан жеріне көшіп келеді. Түркістандағы № 386 теміржол қазақ орта мектебіне барған бала Мүтәш алғырлығымен өз қатарластарынан озып тұратын еді. Мектепте химия пәнін ерекше сүйіп оқиды. Әдебиетті де керемет жақсы көрген екен. Мектепті медальға аяқтаған жас Алматыға келіп химия саласы бойынша оқуға тапсырып, сол кездегі В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетін 1972 жылы үздік бітіріп, инженер-металлург атанады. Одан кейін ғылымға бет бұрады. Ғалымның зерттеу жұмыстары негізінен Қазақстандағы төменгі сапалы сазтопырақты шикізатты кешенді өңдеу технологиясы мен физика-химиялық негізде жүйелі зерттеуге арналды. Бұл зерттеулер өз жемісін беріп, нәтижелері технологиялық үдерістердің тиімді режимдік жағдайларын ғылыми талдауға жол ашты. Ғылыми зерттеулерінің негізінде гидрохимиялық өңдеу кезінде қайталама шығынды төмендетуге арналған технологиялық тәртіп ұсынды. Әбдімүтәліп Әбжаппарұлының ғылыми зерттеулері соны сипатымен, тың тұжырымдарымен ғылыми ортаны елең еткізіп, тек Қазақстан мен ТМД елдері ғалымдарының ғана емес, шетелдік әріптестерінің де назарын аудара білді. 1988-1989 жылдары Германия Федеративтік республикасының екі бірдей жоғары оқу орнында – Клаусталь техникалық университеті мен Ахен қаласындағы Рейн-Вестфаль техникалық мектебінде машықтанудан өтіп, шетелдік әріптестерімен ғылыми тәжірибе алмасты. 1994-1995 жылдары Целли қаласындағы Төменгі Саксон Басқару академиясында білімін жетілдірді, басқару саласынан «Білім беру саласында персоналмен жұмыс жасау» тақырыбында диплом жұмысын неміс тілінде қорғап шықты. Шетелдің жетекші университеттерінде білімін толықтырып келген Әбекең енді бар қажыр-қайратын тәуелсіз елдің дамуына арнады.
Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы – көрнекті ғалым, қазақстандық қазіргі заманғы жоғары білім беру мен ғылымды ұйымдастырудың негізін салу мен дамытудың көрнекті өкілі ретінде танымал. Ол 1950 жылы 10 ақпанда Қырғызстанның Ош облысы Араван ауданында дүниеге келген. 1967 жылы Түркістан қаласында орта мектепті күміс медальмен тəмамдайды. 1972 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын үздік бітірген. Осы оқу орнының ғылыми зертханасында инженер, аға инженер болып қызмет жасап, кейін Ленинград тау-кенинститутының аспирантурасында оқиды. 1979 жылы техника ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алу үшін диссертациясын сəтті қорғап шығады. В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында қіші ғылыми қызметкерліктен бастап ғылыми-зерттеу зертханасы меңгерушісіне дейін түрлі сатылардан өткен. 1982-86 жылдар аралығында аталған оқу орнының металлургия факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, одан соң төрт жыл бойы металлургиялық үдерістерді физикалық-химиялық зерттеу кафедрасының доценті боп жұмысын жалғастырады. 1991 жылы Білім министрлігінің Жоғары білім жəне ғылым Бас басқармасына бас маман болып қызметке ауысады. ҚР Білім министрлігі Жоғары білім жəне ғылым Бас басқармасында: 1993-1995 жылдар аралығында – техникалық жəне технологиялық білім беру бөлімінің бастығы, 1996-1997 жылдары – мемлекеттік стандарттар мен білім беру бағдарламалары бөлімінің бастығы, кейін осы Бас басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Әбдімүтәліп аға – шет елде білімін тереңдетіп, халықаралық білім стандарттарын алғаш зерделеген ғалым-педегогтардың бірі. Ол Германияның Франкфурттағы Гете институтында неміс тілін игеріп сертификатын алған. 1997-1998 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Премьер Министрі Кеңсесінің сараптама-талдамалық бөлімінің кеңесшісі, қаржы-экономикалық сараптау бөлімінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Премьер Министрі Кеңсесінің экономикалық бөлімінің кеңесшісі сияқты жауапты қызметтерде болған. 1998 жылы техника ғылымдарының докторы ғылыми дəрежесін алу үшін диссертация қорғады. 1999-2001 жылдары ҚР БҒМ Жоғарғы жəне орта арнаулы білім беру департаментінің директоры, 2001-2005 жылдары С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарған. 2005-2013 жылдары – Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінің (кейін Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар жəне инжиниринг университеті) ректоры, 2013-2014 жылдары – Республикалық техникалық жəне кəсіби білімді дамыту жəне санат беру ғылыми-əдістемелік орталығы бас директорының міндетін атқарушы, 2014-2018 жылдары – Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры. 2018 жылдың қыркүйек айынан бері Қазақстандағы инженерлік білім ассоциациясының президенті қызметін атқаруда. «Жоғары білім беру саласындағы еңбектегі үздік жетістіктері үшін», «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР тәуелсіздігіне 15 жыл»,«ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған, «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері», Мемлекет басшысының Алғыс хаты, «ҚР инженерлікті дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Қазақстан ЖОО қауымдастығының А.Байтұрсынов атындағы күміс белгісі, «ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі», «Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигі» атақтары, «Астанаға 10 жыл», «Маңғыстау облысына 35 жыл» мерейтойлық төсбелгілері бар. 2010 жылы «Құрмет» орденімен, 2017 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Сондай-ақ 2017 жылы «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Ә.Әбжаппаров 2005 жылы Ақтау қаласындағы мемлекеттік университетке ректор болып келгеннен бастап, оқу орнында кең көлемдегі қайта құрулар жүзеге асырыла бастады. Университет дамуының жаңа кезеңі, заманауи талаптарға сай түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Білім ордасын оқу үдерісінің ұйымдастырылуы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігі жағынан да, сыртқы бейнесі мен материалдық-техникалық жарақтандырылуымен де әлемдік жетекші университеттерінің деңгейіне сәйкестендіруге арналған түбегейлі өзгерістер жасаудың стратегиялық міндеттері айқындалып, ауқымды шаралар қолға алынды. Университетті дамыту мен әлемдік стандарттарға сай қазіргі замандық жоғары оқу орны етіп қайта құру үшін 2006 жылы университет ректоры Ә.Ә.Әбжаппаровтың ұсынысымен, сол кездегі облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың басшылығымен «Қамқорлық кеңесі» құрылды. «Қамқорлық кеңесін» құрудағы мақсат – университеттің білім беру, ғылыми және ғылыми-өндірістік бағдарламаларды жүзеге асырудағы мақсатқа жетуіне ықпалдасу, өзекті мәселелерді шешуге көмек көрсету, оның отандық және шетелдік білім нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуіне ықпал жасау болды.Университет EURASHE-Еуразиялық Жоғары білім институттарының қауымдастығына, Еуразиялық университеттер ассоциациясына мүше болды, 2008 жылы қыркүйекте Болонья (Италья) қаласындағы Университеттердің Ұлы Хартиясына қосылды.
Ұзақ жылдар бойы Маңғыстаудағы осынау іргелі оқу орнының жеке ғимараттары болмағандықтан Ақтау қаласының әр жеріндегі әкімшілік ғимараты, мектеп, балабақша, жатақхана ғимараттары сияқты түрлі нысандарды пайдаланып келгені белгілі. «Ақтауда шетелдік үлгідегі университет қалашығы салынса» деген тілек-өтінішін талай мінбеден айтқан Әбекең ақырында арманына қол жеткізді. Бұл мәселе Әбекеңе дейін де талай келелі жиындарда сан рет айтылды да. Бірақ құр сөз күйінде қала берген еді. Ә.Әбжаппаров өзінің табандылығымен талай табалдырықты тоздырып, Ақтаудың жаңа шағын ауданынан елу төрт гектар жер алуға қол жеткізді. 2007 жылдың маусым айында Ақтау қаласының 32 шағын ауданында университет кампусының құрылысы басталды. 2009-2010 оқу жылын университет ұжымы жаңа оқу ғимаратында бастағанда ғажайып әлемге енгендей күй кешті.Жарық та жайлы аудиториялар, кең дәліз, атриум, мәжіліс залдары мен дәріс залдары, дәмхана мен асхана, кітапхана мен оқу залы – барлығы талапқа сай жабдықталып, білім алушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған.
Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін құру Тұжырымдамасы жасақталып, ол 2007 жылғы 21 маусымдағы Университет Ғылыми кеңесінің отырысында бекітілді. Тұжырымдамада Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетін құрудың саяси негіздемесі ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2005-2007 жылдардағы Қазақстан халқына Жолдаулары, Қазақстан республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Маңғыстау облысының 2006-2008 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясы көрсетілген. Университетте атқарылып жатқан игі шаралар оқу орнының жаңа халықаралық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік берді. Осы мәселелер іске асқаннан кейін университет басшылығы үкіметке облыс әкімінің қолдауымен, Білім және ғылым министрлігі атынан ұсыныс жасап, 2008 жылдың 26 мамыр күні Үкімет қаулысы қабылданды. Осы қаулыға орай, университет Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті деп аталатын болды. Оқу орны атауына «Каспий» сөзінің алынуы да тегіннен тегін емес. Бұл – бес мемлекетке ортақ Каспий теңізінің аты, оқу орнының халықаралық мәртебесін биіктетсе, Каспий маңы мемлекеттері арасында Каспий атын иеленген тұңғыш жоғары оқу орны екен.
Ректор болып тұрған жылдарында Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы әр білім алушының жағдайын біліп отырды. Студент жастармен жиі-жиі кездесіп, олардың ойларымен санасып, шешілмеген сұрақтары болса, дер кезінде шешіп отырды. Оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда белсенді студенттерге атаулы стипендиялар тағайындалды. Мәселен, Ш.Есенов, Қ.Сыдиықұлы, Г.Померанцев, Ә.Кекілбаев, М.Жолдасбеков, С.Зиманов және университет ректоры атындағы стипендиялардың студенттерге ай сайын үздіксіз берілуі – білім алушы жастардың білімге деген ынтасын одан әрі арттыра түсті. Сол жылдары жыл сайын өткізілетін халықаралық, республикалық пәндік олимпиадаларда университет студенттері жоғары нәтиже көрсетіп келді. Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы ректор болып тұрған тұста Ақтаудың көркі болған көк орда – жаңа ғимаратқа Елбасының өзі келіп, ақ батасын беруі тарихи оқиға саналады.
Оқу орнының халықаралық деңгейдегі шетелдік университеттермен байланыс өрісі кеңейе түсті. Әлемнің маңдай алды университеттері – Ресейдің Ломоносов атындағы ММУ (МГУ), Бауман атындағы ММЖТУ (МГВТУ), т.б., Польшаның Вроцлав, Познань университеттері, Германияның Вилдаудағы техникалық университеті, АҚШ-тың Луизиана штатындағы университеттер жүйесі, Түркия, Қытай, Иран, Әзербайжан, Дағыстан, Қалмақ, Корей университеттерімен халықаралық қатынастар жөніндегі келісім шарттар жасалынды және олармен тығыз байланыстар орнатылды. Білім алушылар білім алмасу бағдарламасы бойынша Германия, Польша, Қытай және Түркия, Ресей мен АҚШ, Үнді мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында, теңіз мамандығының студенттері Нидерландиядағы «Willem Barentsz» теңіз институтында оқып білім алды. шетелдерден келген белгілі ғалымдар келісім шарттар негізінде білім алушыларға дәрістер оқыды.
Әбекеңнің келуімен оқу орнында «Түлектер ассоциациясы» құрылып, қазірге дейін сапалы жұмыс істеуде. Оны құру да сол шетелдік тәжірибеге негізделді. Әр мезгіл сайын өткізілетін кездесулер барысында түлектер ассоциациясы оқу орнының бүгінгі таңдағы даму үрдісіне өз ұсыныс, тілектерін айтып жатады. Түлектер түгелге дерлік жұмысқа орналасып жатыр. Ол туралы ұдайы ақпарат алынып отырады. Түлектердің қызметке орналасу көрсеткіші бүгінде 90%-ды құрайды.
Тәжірибелі, көрген-түйгені мол басшы-ның демалыс сәттерін ұйымдастыруы да бөлек еді. Маңғыстаудың киелі жерлеріне, теңіз жағалауларына әріптестермен саяхаттар ұйымдастыратын. Ол саяхаттардың дем-алумен қатар, тағылымдылық тұстары мол еді. Өзіміз туып өскен туған жердің біз білмейтін құпия сырларына қаныға түсетін едік. Білім алушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін де «Студенттер жағажайы» аталып кеткен теңіз жағасындағы «Алина» кафесінде көңілді кештер, дискотекалар, мәнді шаралар жиі өтіп тұратын.
Қазір киелі өлке тұрғындары Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің жаңадан бой көтерген бас ғимаратын Маңғыстаудағы білім мен ғылымның Көк Ордасы деп атайды. Осынау «Көк Орданың» авторы, Маңғыстаудың мақтанышына айналған тұлғаға «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы» атағы да осындай ерен еңбегі үшін беріліп еді. Университетке Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы басшылық жасаған жылдарды замандастары мен әріптестері университеттің көркею кезеңі деп бағалайды. Оның Есенов университеті үшін атқарған игі істерін бір шағын мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Бұл кезеңді қысқаша былай сипаттауға болады: жоғары сапа, халықаралық тартымдылық, академиялық ұтқырлық, білім берудегі инновация, заманауи университет кешені.
Ол кісі басшы едім деп шіренбеді, адамдық болмысын жоғары қоя білетін жан болды. Университет басшысының ірілігі, көсіле сөйлейтін көсемдігі мен тауып сөйлейтін шешендігі, рухани тазалығы, ізгі қасиеттерге суарылған адами тұлғасы Елге тұтқа, текті, қайраткер азамат екенін танытты.Кейде жұмыс барысында әріптестеріне қатты айтатын жерлерде әдемі әзіл айта салады. Өте мәдениетті, байсалды, парасатты жанның орынды әзілдері базбіреулердің бақырып-шақырып ұрысқанынан әлдеқайда салмақты, әлдеқайда өткір еді. Елі үшін, болашақ ұрпақ үшін аянбай еңбек етіп, ел алғысын алу, халықтың қалаулысы болу – кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. 2013 жылы елмен қоштасарда Маңғыстау Әбекеңді, Әбекең Маңғыстауды қиған жоқ. Ел алғысын арқалап кеткен абзал азаматтың Маңғыстаудағы мемлекеттік оқу орнын басқара отырып, ұжым мәртебесін биікке көтеріп кеткені ел аузында аңызға айналды. Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ректорының кеңесшісі қызметінде жүрген Әбдімүтәліп Әбжаппарұлына, өмірлік серігі Алтынай Бекмырзақызына мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз.
Ұзақ жасай беріңіздер!..

Нағбду ҚАМАРОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий
мемлекеттік технологиялар
және инжиниринг
университетінің профессоры,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.