ХАЛЫҚ ТАҢДАУЫ – ТҰРАҚТЫ ДАМУ

  • 02.08.2019
  • 427 рет оқылды
  • Пікір жоқ

2019 жылдың 9 маусымында еліміздің Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткен болатын. Бұл орайда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау өте маңызды әрі қажетті қадам екендігін атап айтты. Атап өтерлігі, биылғы сайлау еліміз үшін үлкен жаңалық, тарихи оқиға болды. Саяси додаға қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер атынан тоғыз үміткер түсіп, сайлаушылар алдында өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, еркін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сайлау күні еліміздің болашағына бейжай қарамайтын азаматтар ерекше белсенділік танытып, әркім өз кандидатына дауыс берді. Міне, осы өте маңызды саяси бәсекеде сайлаушылардың көпшілік даусымен Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланды. 12 маусым күні Елордада жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев, Үкімет және Конституциялық Кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып, ресми түрде ант қабылдады. Ант берілгеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Президент куәлігін табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде мемлекет басшысы лауазымын иеленіп, Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісті. Ұлықтау шарасында жаңадан сайланған Мемлекет басшысы жұртшылыққа сөз арнап, ел дамуының алдағы кезеңіндегі маңызды міндеттерді белгілеп берді.

Қ.Тоқаев ең алдымен өзіне зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтты. «Бұл сайлау, шын мәнінде, демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында, нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Барлық саяси күш өкілдері қатысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода болды. «Сайлау – бұл қатысушылардың пікірі ғана жеңіске жететін жарыс» дейді. Расында, әділ пікір. Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі! Біз бір ел болып, халық болып Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі – Біз үшін өте маңызды! Өйткені, халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз» деді ол.
Ұлықтау рәсімінде Президент: «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым» деп атап көрсетті және оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермейтінін жеткізді. Отандастарын ашық және әділ жұмыс арқылы халқымыздың жарқын болашағы үшін бірге еңбек уге шақырды. Айта кетерлігі, Қ.Тоқаев сайлау науқаны барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағдарын жалғастыратынын айтқан болатын. «Себебі қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз» деді ол.
Сондай-ақ, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде #BIRGE жалпыхалықтық акциясы аясында ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді анықтауға байланысты Қазақстанның барлық аймақтарынан 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түскен болатын. Бұл ұсыныстар Қазақстан қоғамындағы өзекті мәселелерді айқын көрсетуімен құнды. Жолданған ұсыныс-тілектер мен ой-пікірлерге орай, оларды шешу жолдары нақтыланады. Оның ішінде, әлеуметтік әділеттілік, халықтың әл-ауқат деңгейі, қоршаған орта және т.б. аса өзекті мәселелер бар. Тұрғындар мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін, түрлі деңгейдегі мекемелерде кездесіп отырған сыбайлас жемқорлық көріністерін жоюды, табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтықты азайтуды бірінші кезекте талап етуде. Осыған орай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде ел дамуына қатысты он бағытқа баса мән беріп, ерекшелеп көрсетті.
Бірінші бағыт. Халықтың табысын арттыру. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін елде экономикалық өсімге тікелей байланысты. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. осыған орай, Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттер айқындалатынын жеткізді.
Екінші бағыт. Сыбайлас жемқорлықты жою. Бұл мәселе бұған дейін де күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Алайда, осы бағытта мемлекет тарапынан көптеген іс-шаралар жүргізілуіне қарамастан, жемқорлық деңгейі қоғамды алаңдатарлық деңгейде қалып отыр. Президент өз сөзінде күзге дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалатынын атап айтты. «Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз» деді Қ.Тоқаев. Бүгінгі таңда парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіріп отырғаны жасырын емес. Соның кесірінен кейде қарапайым азаматтардың заңды мүдделері мен конституциялық тапталады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, әрбір қатардағы азамат та сыбайлас жемқорлықтың таралмауына өз үлесін қоса алады. Айналасындағы заңсыз әрекеттердің жолын кесіп, кез келген мәселені парасыз шешуге дағдылану, заңды бірінші орынға қою – сыбайлас жемқорлықпен күрестің бір жолы. Бұл дерттің алдын алып, оның ұлғаюына жол бермеу үшін керек. Сондықтан, жемқорлық дертіне бүкіл қоғам болып атсалысып, қарсы жұмылу маңызды. Бұл орайда мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Үшінші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселесі бұған дейін «100 нақты қадам» бағдарламасының маңызды міндеттерінің бірі болып белгіленген. Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі аталмыш жоспарында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру мәселелері, яғни, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту, оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту, азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беру, Жоғарғы Сотта инвестициялық алқаны ұйымдастыру, арбитраждық орталық құру қарастырылғаны белгілі. Сот ісін жүргізу саласын реформалау мен сот органдарын жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралардың түпкі мақсаты – азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың тиімділігін арттыру. Отандық сот жүйесін одан әрі қарай жетілдіру, жергілікті соттардың рөлін арттыру, судьялардың тәуелсіздігін жоғарылату – басты назарда. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау арқылы адал, әділ, өз ісіне қалтқысыз берілген, заңдылықты сақтаудың озық үлгісін көрсеткен судьяларды қорғау, ал Судьялар әдебі кодексін, заң талаптарын бұзуға жол беретін судьяларға жауапкершілікті қатаңдату көзделеді. Қазіргі таңда елімізде сот реформасы аясында сот жүйесінің жұмыс сапасын арттыру бағытында көптеген игі іс-шаралар атқарылып жатыр. Мемлекет тарапынан судьялардың тәуелсіздігі мен судьялар қоғамдастығының беделін нығайтуға қатысты бірқатар жұмыстар іске асырылды. Заңдылық пен құқық қорғау саласында өркениет көшінен қалмау, сот жүйесіндегі өзекті мәселелерді уақытында шешу сот реформасының табысты жүзеге асырылуына тікелей байланысты екендігі анық. Сондықтан, Президенттің «Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу» деп атап өтуі тегін емес.
Төртінші бағыт. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Жалпы әлеуметтік мәселелердің арасында елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың бір бөлігі өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмай дағдаратын жағдайы кездеседі. Бұл құбылыс қоғамдағы өзгерістер салдарынан да пайда болады. Қазіргі жаңа технологиялардың қауырт қарқын алуы, нарықтағы жаңа үрдістерге байланысты кәсіптердің кейбір түрлері азаяды, не қысқарады‚ ал, басқа бір түрлері көбейетіні заңды. бұл жағдайда жұмысшы немесе қызметкер не өзінің кәсібіне (мамандығына) сұранымның жоқтығы салдарынан‚ не жұмыс алу үшін жеткілікті біліктілігінің жоқтығы, дағды-машықтарының жеткіліксіздігі салдарынан жұмыссыз қалады. Сондықтан, мемлекеттің әлеуметтік саясатына сәйкес, жұмыссыздарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, қайта даярлау‚ қосымша оқыптып, біліктілігін арттыру шаралары жүргізіледі. Осы тұрғыда, «Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен, келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет» деп атап көрсетті Қ.Тоқаев. Яғни, өз кезегінде әлеуметтік тұрақтылық пен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартудың кепілі екені сөзсіз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде, сондай-ақ, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағдары, «Рухани жаңғыру» құндылықтары, тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс, сыртқы саясат мәселелері және «Жастар – ел тірегі» арнаулы жобасы жөнінде сөз қозғалды. Ел Президентінің сөзінде қоғамдағы ең өзекті мәселелерге баса назар аударылғандығы көпшіліктің көкейінен шықты. Бұл он міндет қазақстандықтардың алдағы уақытта атқаратын істеріне нақты бағыт-бағдар береді. Сондай-ақ, Президент Қ.Тоқаев елдегі соңғы уақыттағы азаматтық қоғамның сұранысына сәйкес, «Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің» құрылатындығын айтты. Бұл кеңеске еліміздегі ең белсенді, қоғамшыл азаматтар тартылады және қарапайым халық пен ел Президентінің арасындағы алтын көпір болмақ. Басты мақсат – елдің бірлігін, ынтымағын нығайтуға үлес қосу.
«Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын» деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев. Ендігі кезекте Президент бас болып, бүкіл халық аталған міндеттерді жүзеге асыруға жұмылуы керек.

Дина ИМАМБАЕВА

Алдыңғы «
Келесі »