ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ – БАСТЫ БОРЫШЫМЫЗ

  • 02.08.2019
  • 417 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қайрат АЙТБАЕВ,

заң ғылымдарының докторы, полиция полковнигі, Білім беру саласының құрметті қызметкері

Жақында Елордада жаңадан сайланған ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан ­Назарбаев, Үкімет және Конституциялық Кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері және құрметті меймандар қатысты. Ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға қолын қойып, ресми түрде ант қабылдады. 

Онда жаңадан сайланған Мемлекет басшысы жұртшылыққа сөзін арнады. Ол сөз басында:
– «Аса қадірлі Елбасы! Құрметті отандастар! Ең алдымен, маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын! – дей келіп, – еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін! Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету» деді. Осының өзінен-ақ, ішкі істер органдары және қоғам арасындағы байланыстар сенімінің артуына деген Мемлекеттік және үкіметтік көзқарасты білуге болады емес пе? Шынында да, «Заңға сай адал қызмет ету әрбір қоғам мүшесі мен ішкі істер органдарының қызметінің басты міндеті болып қалса керек. Тағы бір ерекше жазып, айтатын жағдай Мемлекет басшысының ұлықтау шарасында сөйлеген сөзіндегі төменде келтіретін мәселелер ерекше назар аудартады. Президентіміз өз сөзінде бірнеше маңызды бағыттарға баса мән беруіміз керектігін алға тартады. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен ішкі істер органдарына қойылатын басты екі бағытты атап өтпеуге болмайды. Олар: «Екінші бағыт. Сыбайлас жемқорлықты жою. Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағыт­талған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қо­ғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз.
Үшінші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан, судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу». Міне, осынау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен ішкі істер органдарына бағытталғандай болған сөздің мән-мағынасында үлкен астар жатыр. Ол астар құқық қорғау органдарының Қазақстан қоғамымен түсіністікпен жұмыс істеуге бастайтын бірден-бір көз.
Иә, сөйтіп, Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау шарасындағы сөзінде, Қазақстандағы құқық қорғау органдарының бүгінгі міндеті қашанда да халық сенімін ақтауы болуы керектігін баса атап өтті. Күні кешеге дейін әртүрлі өткізіліп жатқан іс-шаралар мен реформалардың ішкі істер органындағы оң өзгерістерге жақсы әсерін тигізіп жатқанымен де, кейбір тұстағы кездесіп қалатын кетік-кемшіліктер оған деген азаматтардың сеніміне аз да болса селкеу түсіріп қалатыны байқалып қалатын еді. Сол кездесетін кейбір селкеуліктерді жою үшін шақырған Президент сөзі осы уақытта ішкі істер органдарына жақсы дем беріп отыр. Сарапшылардың айтып-жазуы бойынша, Қазақстан қоғамының басым көпшілігіне ішкі істер органы туралы кейбір мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желідегі пікірлер жан-жақты ықпалын тигізуде. Міне, соның әсерінен қоғам мен полиция қызметкерлері арасындағы түсіністікке ши жүгіртіп, олар көпшілік көңілін алаңдатып жүргендігін ешкімнен жасыра алмаймыз. Бұл, яғни, қоғам мен Қазақстан полициясы арасындағы байланысты жақсартуға және күшейтуге бірден-бір себеп болатын жағдай. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі кейбір ішкі істер органдарының атына айтылып жатқан ой мен пікірлердің артық түсіп жатқан жайлары барын ешкімнен де жасыруға болмайды. Қазіргі жақсылық пен кетік-кемшіліктің қатар өріліп жүрген кезеңі кезінде, Қазақстан қоғамының мүшелерінің көзқарасы біржақты болуы тиіс емес. Әйтпесе, ішкі істер органдарының қызметкерлері өздерінің барлық қадір-қасиеттерінше жақсы еңбек етіп жатқаны бесенеден белгілі жағдай. Сондықтан да, анда-санда болса да кездесіп қалатын кемшілікпен бірге жетістікті де көре білу екі жаққа бірдей қансіңді қасиет болуы тиіс. Мұндайда ықпал ететін тағы бір жағдай, ол ел-жұртымыздың әлеуметтік жағдайы. Әлеуметтік жағдай әлсіз болған тұстан, оған кінәлілерді іздеу кең етек алады да көзқарастар қайшылығын тудырады. Ендеше, Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желілер авторлары ішкі істер органы туралы жазғанда, барынша шынайылық пен шындыққа жүгінгені жөн. Қаралау оңай, ал, оны қайтадан ақтап алу қиын. Осы тұста, екі жақты қателікке ұрынбау басты міндет. Міне, сонда ғана ішкі істер органдары мен Қазақстан қоғамы арасындағы байланыста бір-біріне деген сенім артады.
Соған қарамай, Қазақстан Рес-публикасы Ішкі істер министрлігі өзінің жұмысын атқарудағы басты міндет халық сенімінен шығу деп түсінеді. Оның негізі адам құқығын халықаралық және ұлттық қалыпта сақтау болып саналады. Азаматтардың конституциялық құқы сақталған тұстан ішкі істер органдары мен қоғам арасындағы түсінік арта түседі. Соңғы жылдардағы көрсеткіштерге қарасақ, азаматтардың құқығын қорғау жақсы жолға қойылып, оның бұзылуы азайып келеді. Мысалы, 2013 жылы және 2014 жылдары 185-175 факт кемістік ретінде көрсетілсе, ол соңғы жылдары барынша азайған. Оның негізі төмендегідей істер атқару арқылы өзінің оң көрсеткішін көрсетіп отыр.
– Жедел профилактикалық іс-шаралардың жақсы ұйымдастырылуына бүкіл ішкі істер органы тартылуы;
– әрбір іс-әрекетті кейінге қалдырмай, жедел тексеру жүргізу;
– бүкіл елімізде біртұтас сенім телефоны (Coll-center) болып, оған 1402 арқылы хабарласуға болатындығы;
– ішкі істер органдарына жеке тұлғалардан түскен өтініштер мен арыздар дер кезінде қаралып, оның қорытындысын шығарып отыру және жазылған өтініштер мен арыздарды салатын пошталық орындардың қолжетімді жерлерде тұруы;
– барлық полиция қызметкерлерін даярлайтын жоғары оқу орындарында адам құқығын қорғау туралы сабақтар жүргізіліп, арнаулы курстар жұмыс істеуі;
– азаматтардың конституциялық құқығы туралы фактілердің үкімі жұмыс орындарында бүкіл ұжымның қатысуымен жариялануы;
– тәртіп бұзуға орын бермеу үшін күнделікті бейнебақылау жүйесі кеңінен пайдаланылады.
Сонымен бірге, Қазақстан Рес-публикасы Ішкі істер министрлігі халықаралық институттар ЕҚЫО, Еуроодақ, Халықаралық еңбек және көші-қон ұйымы секілді басты-басты ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Адам құқығы жөніндегі қоғамдық қоры, Қазақстан Адвокаттар одағы және Дағдарыстар одағымен де тығыз байланыс орнатылған. Ішкі істер органдарының бөлімшелері қашан да құқық қорғау бейүкіметтік құқық қорғау органдарымен де байланыс жасап, олармен тығыз араласып отырады. Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен бекітілген 2015-2025 жылдар аралығындағы жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын іске асыруды бақылау да қатаң қолға алынған. Міне, бұл шараның өзі де оң жемісін бергендіктен, қоғам мен ішкі істер органдары арасындағы байланыс нығайып келеді. Ішкі істер органдарына қызметкерлерді іріктеу де басты мәселелердің бірі екені анық, міне, осы тұста да елеулі жұмыстар атқарылуда. Кейбір бөлімшелерде өз қауіпсіздігін ретке келтіретін «ДСБ» ақпараттық-жүйесінің жұмыс істеуі де ондағы кездесетін кейбір іс-әрекеттердің оң атқарылуына жақсы себепкер болып отыр. Сонымен бірге, ішкі істер органдарында жыл сайын әлеуметтік-психологиялық зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары шығарылып отырады.
«Қоғамдық кеңестер» туралы Заңға сай, Ұлт жоспары 31 қадамын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігінде Қоғамдық кеңес құрылды. Оның құрамына халықаралық және республикалық қоғамдық бірлестіктер, құқық қорғаушылар (азаматтық қоғамның он екі мүшесі бар) кірді. Кеңес құрамында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі дайындаған нормативтік құқықтық актілер және азаматтардың міндеттері мен еркіндігі, құқығына байланысты істер органдары атқаратын комиссия құрылған. 2017 жылы оның төрт отырысы өтіп, 3 қоғамдық тыңдау болды. Онда, әртүрлі мәселелер талқыланып қаралды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері бірігіп, «Қабылдау жолы» атты республикалық акция өткізді. Оған ішкі істер органдарының ардагерлері, сонымен бірге, мемлекеттік органдар өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары тартылды. Акцияның мақсаты қоғам және ішкі істер органдарының бір-біріне деген сенімін арттырып, бірге жұмыс істеуіне шақыратын, әрі ұйымдастыратын іс-әрекеттер. Сондай-ақ, полиция және офицерлер құрамымен де жұмыс істеу жолға қойылып жатыр. 2017 жылы 13473 жиын өткізілді. Бүгінгі күндері оның саны да, сапасы да артып отыр. Мұндай шаралар қоғам мен ішкі істер органдарының байланысын күшейте түседі. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдар ескеріліп, ондағы кейбір сын-ескертпелерге мониторинг жүргізіледі. Жемқорлыққа қарсы күрес жұмысы ішкі істер органдары жүйесінде Қазақстан Республикасы Министрлер тарапынан барынша қадағалауға алынған. Ол өзінің жемісін беруде. Соның жан-жақты орындалуы арқасында қоғамдағы және ішкі істер органдарындағы кейбір келеңсіз жайларға жол берілмей, олардың арасындағы байланыс күшейе түсуде.
Жалпы, бүгінгі күндері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі атқарып отырған оң істердің барлығы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында өткен инаугурациялық сөзінен бастау алып, жалғасып жатқандығын ерекше атап өткеніміз жөн. Президентіміздің бұл сөзі ішкі істер органдары мен Қазақстан қоғамы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, олардың бір-біріне деген сенімін арттыра түсетіні анық.

Алдыңғы «
Келесі »