Жасөспірімдер бұзақылығы: алдын алу шаралары

  • 02.08.2019
  • 91 рет оқылды
  • 1

Қазақстанда 2019 жыл жастар жылы деп жарияланды. Осыған орай, мемлекетімізде жастар мәселесіне ерекше назар аударылып, олардың қызығушылықтарын, мүдделік талап-тілектер мен құндылықтық көзқарастарын есепке ала отырып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту, жұмыспен қамтылуын оңтайландыру жұмыстары қолға алынуда. Осындай берекелі іс-әрекеттердің қатарында жасөспірімдер арасында орын алып отырған бұзақылық қылықтардың туындау себептерін, салдарын, түрлерін және алдын алу шараларын анықтауға айрықша көңіл аударылып отыр. Оған себеп – соңғы жылдары қылмыстық ақпараттар ағымында жасөспірімдер арасында бұзақылық қылықтар етек жайып бара жатқандығы көзге айрықша ілігуде. Осыған байланысты, мақалада жастар арасында жүргізілген нақты – социологиялық зерттеу мәліметтері негізге алына отырып, жасөспірімдер бұзақылығының алдын алу, сондай-ақ жастар арасындағы қылмыстылықты ауыздықтау үшін не істелуі және қалай істелуі керектігі екшеленеді.

Ақпараттық-статистикалық мәліметтер

Түркістан қаласында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу… туралы мәжіліс өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімінің басшылары, ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция және прокуратура өкілдері қатысты [Оңтүстік Қазақстан, 29 қаңтар 2019]. Бұл мәжілістің өтуіне әлеуметтік желілерде таралған мынадай хабарлар себепші болды.
Қаңтардың 21-і күні интернетте түркістандық мектеп оқушыларының үш балаға әлімжеттік жасап, оларды ұрып-соғып, «темекімен күйдіреміз» деп қорқытып, еңбектетіп жатқаны бейнеленген видео тараған. Қаңтардың 25-і күні Түркістан қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде таралған оқушылар арасындағы әлімжеттік туралы екінші видеоның «Түркістандағы спорт кешендерінің бірінде түсірілгенін» растады. Видеода бір жасөспірімнің екі оқушыға күш көрсетіп, «айтқанын қайталауға» әмір беріп тұрғаны түсірілген. Видеода оқиға орнында оны қолдап тұрған тағы бірнеше жасөспірімнің дауысы естіледі. Бұл әрекеттер әлеуметтік желілерде көптеген қолданушының ашу-ызасын тудырды. Ертеңінде ішкі істер министрлігінің өкілі төбелеске қатысушылардың бәрін анықтағандарын жариялады.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика жөніндегі және арнайы есеп комитетінің мәліметтері бойынша, 2018 жылы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің 87389 құқық бұзушылығы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2017 жылы есепке алынған 86655 құқық бұзушылық фактісінен 0,8% жоғары. Ал, 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында есепке алынған 1241 қылмыстың 2,5% жасөспірімдер жасаған. Кәмелетке толмағандар қылмыстылығы Ақтөбе облысында 74% (2018 жылы бұл көрсеткіш 127-ге жетіп бірақ тоқтаған-ды), Атырау облысында 72% (47-ден 81-ге дейін), Оңтүстік Қазақстанда -15,2%, Батыс Қазақстанда-10,3%, Қызылорда облысында-7,6%, Маңғыстау облысында-6,3% өскен.
Жасөспірімдік қылмыста, әсіресе, басқаны өлтіру фактісінің орын алуы қатты алаңдатуда. Мысалы, жасөспірімдердің басқаны өлтіру фактісі 2018 жылы 62,2% көрсетсе, оның 17-сі аса қатыгездікпен топтасып өлтіру болған. Мұндай көріністер Ақмола облысында – 5, Оңтүстік Қазақстанда – 4, Алматы облысында-3, Алматыда – 3, Астанада, Шығыс Қазақстанда, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай облыстарында – 1 рет орын алған. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара қаласындағы орта мектептің кәмелеттік жасқа толмаған 2 оқушысы ерегісіп, төбелескен. Төбелес үстінде жасөспірім Б. кәмелет жасына толмаған Н. пышақтаған. Н. алған жарақатынан қайтыс болған.
2019 жылдың өткен 6-айында, деп мәлімдеген Үкімет үйінің баспасөз орталығында өткізілген мәжілісте ІІМ әкімшіліктік полиция комитеті басшысының орынбасары, – кәмелетке толмаған жасөспірімдер тарапынан жасалған 700 қылмыс тіркелген. Осының алдын алу үшін барлық мүмкіндіктер пайдалануда. Қазақстанда кәмелетке толмағандар үшін арнайы құрылған 19 қамқорлық кеңесі жұмыс істейді. Өткен жарты жыл ішінде бұл кеңесте 3700 кәмелетке толмаған жасөспірімге көмек көрсетілді. Кеңес жанында отбасыларға жәрдем беру орталығы жұмыс істейді. Олардың міндеті – бұзақылық қылықтарға бой алдырған жасөспірімдердің ата-аналарын тәлімді тәрбие, құқықтық білім беру, психологиялық жәрдем көрсету негіздерімен қаруландыру. Осындай жұмыстармен қатар, жаңа оқу жылы басталғалы бері «Жасөспірім» атты профилактикалық жедел жәрдем шарасы қолға алынып, табысты жұмыстануда. Сонымен қатар, 2500 сауда орталығында жасөспірімдерге арақ-шарап сату жолы кесілді. 600 түнде жұмыс істейтін ойын-сауық орындарына кәмелетке толмаған балаларды кіргізгендері үшін әкімшілік жаза қолданып, айыппұл салынды. Осылардың бәрін ескере келіп, Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмаған жасөспірімдердің бұзақылық қылықтарын тыйдыру үшін талқылау, ұйымдастыру-тәжірибелік шараларды әзірлеу үшін Білім және ғылым министрлігіне, Үкімет жанындағы Жасөспірімдер істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысын шұғыл шақыру туралы ұсыныс түсірді.
Министрліктің бұл жанайқайын түсінуге болады. Себебі Түркістан қаласында қатарластарына әлімжеттік жасаған жасөспірімдердің әрекеті әлеуметтік желіде тарап, жұрттың ашу-ызасын тудырған оқиғаның «ыстығы» басылмай жатып-ақ, Қызылорда қаласында мектеп дәретханасында болған оқушылар арасындағы бейнетаспаға түсірілген оқиға жария болды. Кейін олардың аты-жөндері анықталып, балалар 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін екендігі хабарланды. Ақтөбе облысында да оқушылар арасындағы төбелес жиілеген. Шалқар қаласында жасөспірімдер мұз айдынында сөзге келіп қалғаннан кейінгі оқиғадан соң, олардың бірі ауруханада көз жұмды. Оған дейін дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта болған төбелестен кейін, бір оқушы пышақ жарақатын алған-ды. Қарағанды облысында пиццерияда орын бермегені үшін құрдастарын соққыға жыққан бірнеше жасөспірімнің есімі анықталды. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы мәлім болған мұндай оқиғалар жұртты алаңдатуда. Осындайда «кінәлі» жасөспірімдердің ата-аналары, білім саласы қызметкерлері, құқық қорғаушылар қазақы тәлім-тәрбиенің өзегі «біреудің обалына қалма» деген сонау бала жастан санаға құйдырылатын дәстүрді ұмытып, бала тәрбиесін бетімен жібергеніне қынжыласыз. Бүгінде қазақ баласы тыйым дегенді білмей өсіп келеді. Осының бәрі айналып келгенде, ұлттық мінез-болмысымызды жоғалтып алғанымыздың кесірі. Дәстүрлі наным-сенімге мойынсұнбаған соң, көргенсіздікке бой алдырып, татулықты қатулықпен ірітіп жүрміз. Баяғы бауырмал көңіл, қазақы қайырымдылық ада болған. Өзекті өртейтін осындай ойлар көңілге тыным бермейді, жүректі ауыртады.

Зерттеу нәтижелері

Мынау, ел тыныш, тоқшылық заманда жасөспірім бойында өзін басқалардан артық сезіндіретін өзімшіл астамшылық, агрессиялық долы сезім қайдан,қалайша туындайды?
Жасөспірімдер арасында орын алатын жағымсыз қылықтар, ғылымда, девианттық мінез-құлықты қылықтар деп аталады. Бұл қоғамда қабылданған нормалардан ауытқушылық, оларды бұзу, бұзақылық жасау, қылмыстық әрекеттерге бой алдыру, ішімдікке, темекі шегуге, т.с.с. әуестік. Уақтылы ауыздықталмаса, мұндай қылықтар бара-бара өзімшілдікке, өз артықшылығын білдіріп, қыр көрсетулерге немесе күш қолдануға апарып ұрындырады. Агрессивті мінез-құлықтың орнығуына септігін тигізеді. Басқаларды менсінбеу, жеккөру, жақтырмаушылық сезімдерін туындатып, басқаларды тілдеуге, дөрекі күш қолдануға, ойына келген жағымсыз қылықтарды жасауға әдеттендіреді. Бұзақы топ лидерінің ықпалымен басқаларды ұрып-соғу үшін ойдан шығарылған себепті сылтау етіп, төбелес бастатады. Ойланбай пышақ сілтетеді. Ақырында мұндай өзімшілдік қылықтар опық жегізеді. Заң алдында жауаптануға апарып соқтырады. Демек, агрессивті мінез-құлықтың туындауына жағдай тудырмау, психикалық ауытқушылықтың алдын алу, баланың қиялында туындайтын шиеленісті оқиғаларды дер кезінде басу, баланы қоршаған ортаға үнемі ізгілендіріп отыру, жағымды өмір сүру ортасын қалыптастыру қоғамдық тәрбиенің, мектептік оқытудың, отбасылық тәлімнің, тәртіп сақтау органдарының қасиетті борышы.
2018-2019 оқу жылы бойынша Түркістан облысының жергілікті тәртіп сақтау мекемелерінің есебінде тұрған кәмелетке толмағандардың 3,2% жалпы білім беретін мектеп оқушылары болса, кәсіптік колледждерде оқитындары 4,5 %, оқымайтындар 2,3 % көрсеткіштерді көрсетті. Кәмелетке толмай, қылмысты атанғандар 6 % болса, солардың ішінде тек бастауыш білімі барлары 4 % құрады. Жалпы соңғы жылдары жасөспірімдер арасында үйден жиі кетіп қалу, бұзақылық қылықтар көрсетулерімен қатар ұсақ ұрлық жасау қылмыстары да орын алған. Дей тұрғанмен, 1993-1997 жылдар аралығындағы жоқшылық кезеңімен салыстырғанда кәмелетке толмаған жасөспірімдер қылмыстылығы көп төмендеген.
Мысалы, 1993-1997 жылдары аралығында кәмелетке толмағандар қылмыстылығы ішінде тоңау 29-31%, қарақшылық шабуыл 4-6%, бұзақылық қылықтар 35-37 % көрсетсе, бұл көрсеткіштер 2018 жылы 5 есеге төмендеген. Ал, есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тасымалдау 0 % дейін жоғалған. Дегенмен, ұрлау мақсатынсыз көлікті мініп кетіп, қалтарыска тастап кету әдеттері бар-жоғы 15-17 % ғана азайған.
Қылмыстық статистикалық көрсет-кіштердің кемуіндегі немесе өсуіндегі көріністенетін кемістіктерді жергілікті тәртіп сақтау органдарының оперативтік талдауларындағы мәліметтерімен толық-тыруға болады. Мұндай оперативтік талдауларда кәмелетке томағандар қылмысының себептері, нақты көрінісі, жасалған орны, динамикасы жан-жақты көріністенеді. Сондықтан да болар, оперативтік құжаттарды парақтау криминологиялық зерттеулердің ең сенімді әдісі ретінде бағаланады. Ал, мұндай құжаттарды кәмелетке тол-мағандарға қатысты зерделегенде кішігірім бұзақылық жасаған, ұсақ ұрлық немесе басқалай да жағымсыз қылық көрсететіндердің біршама болып қалатындығын байқауға болады. Осыған орай, майда қылмыстық әрекеттерімен көзге түскен жасөспірімдермен сұх-баттасу барысында анықталғандай, оларды қылмыс жасауға итермелеген жағдай жоқшылық, ата-аналарының ішімдікке үйірлігі және кезбелік топ құрамындағы ересектеулердің айдап салуы.
Зерттеу нәтижелерімізге қарағанда, кейбір жасөспірімдердің ата-анасымен татулықтары сын көтермейді. Ата-ана-ларын балаларының немен айналысып жүргені қызықтырмайды. Қызығушылық талаптарынан бейхабар. Не оқып, не оқымай жүргендерінен де хабарсыз. Өйткені, ата-аналары ішімдікке бой алдырған. Сұралған жасөспірімдердің бірқатарының әкелері жоқ. Шешелерімен ажырасып кеткен. Біршамасы шешесімен тұрғанымен, өкіл әкелерімен қарым-қатынастары нашар. Бұлар көбінесе әжелеріне, не басқа туыстарына жақын жүргенді қалайды.
Көбіне-көп үйішілік дау-дамай қаражат көзінің тапшылығынан болатын көрінеді. Осыдан туындайтын тұрмыс жағдайының төмендігі жасөспірімдерді кезбелікке, ұсақ ұрлық жасауға, тек қылмыс жасауға үйір топтардың ықпалына түсуге итермелейді.
Тек жасөспірімдер емес, жалпы жастар арасында орын алып келе жатқан қылмыстық әрекеттердің ішкі механизмін түсіну мақсатымен қылмыстық топтарға қатысушы немесе оларға еліктеушілер арасында Түркістан қаласы мен оның айналасындағы ауыл балалары арасында социологиялық зерттеулер жүргізіледі. Зерттеу сауалнамасының сұрақтарына 52 респондент жауап қайтарды. Сұраққа жауап қайтарғандардың дені қала жастары. Электронды-есептеу машинесіне дұрыс толтырылған 50 анкета салынды. Алынған мәліметтер жастар арасында кеңінен тараған бұзақылық қылықтардың, жасалған ұрлықтың, зорлық-зомбылықтың, күш көрсетудің, т.с.с. пайда болуы мен дамуы себептерін анықтауға септесті.Сауалнама сұрақтары дискотека, клуб, кафелерде көп жүретін жасөспірімдер арасында таратылды. Жауап беруші респонденттердің араларында сенімділік туындаған кезде ғана анкеталар толтырыла бастады. Олардың 53,4% мектеп оқушылары,10,3% мектеп бітіріп кеткендер, бірақ әзірге еш жерде жұмыс істемейді, 12,3 % колледждерде оқиды, 24 % әр жерлерде уақытша жұмыс жасайтындар. Жалпы сұралғандардың 85,3 % Түркістан қаласының тұрғылықты тұрғындары, 10,5% ауылдық жерлерден келгендер, 4,2 % оралмандар. Сұралған респонденттердің 85,3 өз үйлерінде, 3,4% жатақханаларда тұрады, қалғандары қала айналасындағы ауыл, село тұрғындары, қалаға қатынап, не жұмыс істейді, не оқиды, тіпті болмаса, жәй қыдыруға, ойын-сауыққа келеді.
Адамгершілік-құқықтық мәселелер сұралғандардың ойында қарама-қайшы пікірлерге толы. Сауалнама сұрақтарына жауап қайтарғандардың «ақшаның қайдан келетініне мән бермей, әйтеуір болса болды» дегендері – 44 % құрады, екінші орында адамгершілікті өз пікірлеріне аз да болса арқау еткендер, яғни, «өзіңе ыңғайсыз жағдайды, екінші адамға жасама» дегендер – 41 % құраса, үшінші орындағы «әркім өз қалауынша өмір сүруге тиіс» деген жауапты мансұқ тұтқандар 39% дауыс жинақтады. «Біздің заманымызда күшің болмаса, еш нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес» деп есептейтін қол күшті мықтылар төртінші орынды қанағат тұтты – 28%. Тұтас алғанда, барлық сұралғандардың 17 % заңды білу және құрметтеу өз құқығыңды қорғау үшін қажет деген пікір ұстанып, заң талаптарына құрметтеушілік сезімдерін білдірді. 31 % заң талаптарын орындауға асықпаймыз деген пікірлер айтты. Ауыл жастары арасында Қылмыстық кодекс пен істеген залалды істер үшін жауапкершілік берулері керектігін түсінетіндері де шамалы болды. Олардың 44 % Қылмыстық кодекс баптарынан аз-маз хабардармыз десе, 38 % ешнәрсе білмейміз деген жауаптар қайтарды.
Мектеп оқушыларын бос уақытты ұйымдастыру мәселесінің төмендігі аландатады. Сауалнама сұрақтарына тартылған мектеп оқушылары – жас өспірімдердің 21,8 % бос уақыт өткізуге болатын орындардың аздығын (жоқ-тығын) белгілеген. Сондықтан, олар дискотека, түнгі ойын-сауық орындарын жағалауға мәжбүрлі. Сонымен қатар, сұралған жасөспірімдердің 31,3% ертеңгі күндерінің жарықтығына сенімсіздік білдірген. Сондай-ақ, өзекті мәселелер ретінде оқушы жасөспірімдер арасында аздап болсада ішімдік ішудің, темекі шегудің (11,2%) бар екендігін тілдеріне тиек еткен. Сұралған мектеп оқушылары жасөспірімдердің жартысынан астамы оқуға қызықпаушылығының себептері ретінде оқыту әдістерінің біркелкілігін (тек репродуктивті әдіс қолданылатындығын, конструктивті сабаққа қызықтыру амалдарының жоқтығын), танымдық әрекеттерін дамытпайтындығын, оқыту-шылармен араларындағы жағымсыз қатынастарын, т.с.с. сызып көрсеткен. Оқуда артта қалушылық себебі олар үшін мұғалімдерінің жаман баға қоюға тым әуестіктері болып саналады. Ал, колледждерде оқитындарды толған-дыратыны алып шығатын мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуға мүмкін-діктің болмауы. Себебі бітірушілер көп те, жұмыс орындары мүлдем жоқ. Колледждерге оқушылар жоспарсыз артық қабылданады. Берілетін мамандықтың өңірге қажеттілігі немесе қажетсіздігі ескерілмейді. Оның үстіне, жұмысқа тұрғызуға уәде беріп, жанашарлық танытатын ара делдалдықта жүретіндердің «жұмыс берушінің өтелім ақысы» деген парақорлық талабы және де бар. Ондай соманы ұстатуға көпшілігінің үй-тұрмыс жағдайы көтере бермейді.
Жұмыссыз жүргендерді толған-дыратын басты мәселе – жұмыс табудың қиындығы. Себебі, жұмыс орны аз. Жастардың басым көпшілігі тек үй шаруашылығымен (мал қүту, бау бақшасында жұмыстану) айналысады. Немесе базар жағалауға, біреулердің отынын жарып, жинап беруге, көмір сататындарды жағалап, көмір сатып алушылардың көмірін үйлеріне жеткізіп, сарайына кіргізіп беруге жалдануға тура келеді. Ал, жаз айларында өздеріне жаңа үй тұрғызушыларға жалданып тұрғызылып жатқан үйлерін тұрғызуда, сылауда, қора-қопсысын жөндеуде уақытша жұмыс істеп, қаражат табады. Бұл жауаптар әр жерде жалданып, уақытша жұмыс істеп, нәпахасын тауып жүрген 24 % жастардың сауалнама сұрағына қайтарған жауаптары.
Зерттеу нәтижесінде алынған мәлі-меттер бүгінгі таңда жастар арасында орын алып отырған оң (әлеуметтік, саяси, шығармашылық, мәдени, кәсіби белсенділік) құбылыстармен қатар, аздап болса да теріс әдеттердің бой көрсетіп қалатындығын көрсетеді.
Теріс қылықтардың, атап-атап айтқанда, жастардың қайсыбіреулерін бұзақылық жасауға итермелейтін ауытқулар көбіне, көп отбасылық тәлімділіктің аздығынан, көшенің, жүріс-тұрыс ортасының жағымсыз әсерінен, және де мектептік, қоғамдық тәрбиенің жеткіліксіздігінен, құқық қорғау органдарының тәртіп сақтаудағы жігерсіздіктерінен туындайды.
Отандық әлеуметтанушылардың зерт-теулеріне қарағанда, жасөспірімдердің 80%-дан астамы бос уақыттарын көшеде сандалумен немесе әлеуметтік желілер мен құрылғыларды қараумен өткізеді.
Әлеуметтік желілер бойынша жастар арасында танымал болып, алдыңғы орындарда тұрған «ВКонтакте» (70,1%), Instagram (42,5%), facebook (27,8%), Одноклассники (26,4%), т.т. Әрине, бұл желілердің пайдалылығымен қатар, зиянды жақтары да жетерлік. Жастар мен жасөспірімдердің өз өмірлеріне қол салуының көбеюі, бала психикасының бұзылуы, шынайы өмірден алшақтауы сияқты көптеген жағымсыз әрекеттер осындай желілердің қызметтенуінің жемісі. Жастар мен жасөспірімдердің же-лілерден күнұзақты жағымсыз жаңалық іздеуі олардың дұрыс әлеуметтенуіне теріс әсер етеді. Сондықтан, желілердің жұмыстануы бақылауға алынып, белгілі бір уақыттарда ғана қостырылуы реттелуі тиіс.
Жастардың қайсыбір топтарының, мысалы, жұмыссыз жүргендердің өз өмірлеріне қанағаттанбауы, ең алдымен, мүмкіндігі келгенше, жұмыс орындары көптеп ашылып, тұрақты ақылы жұмыспен қамтамасыз етілуіменен туындайды. Мұны да ескерген жөн. Әйтпесе, тамақ асырау қамы жұмыссыз жүрген жасөспірімдерді ұрлық жасауға итермелей түседі. Мұны сұралғандардың 58,2% қолдады. Ал, үйішілік жағдайдың нашарлығы ұл балаларды да, қыз балаларды да қаңғыбастылыққа (21,4%), өзіне өзі қол жұмсауға(7,3%), қайыр тілеуге (13,1%) итермелейді.
Сауалнама сұрақтарына қайтарылған жауаптар зерттеуге тартылған респондент жасөспірімдердің жауаптары. Дей тұрғанмен қайтарылған жауаптар Қазақстанның барлық географиялық аумақтық әкімшілік бөліктеріндегі жасөспірімдер өмірінің ең әлсіз жақтарын бейнелейтіндігі анық. Сондықтан, жасөспірімдер арасында аздап болса да орын алып келе жатқан бейәлеуметтік көріністердің алдын алып отыру үшін мемлекеттік деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүргізілетін шаралардың тиімділігін арттыра түсу қажет.

Оразбек Нұсқабаев,
социология ғылымдарының докторы, профессор
Азамат Алтынбек,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің
Заңтану және халықаралық қатынастар факультетінің 3-курс студенті

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. мақала ұнады өте жақсы жазылған

Пікірлерге тыйым салынады.