КИЕЛІ ҒИМАРАТТЫҢ ҚҰПИЯСЫН КІМ АШАР?

  • 02.08.2019
  • 62 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сапарғали ӘЛІБАЕВ,
журналист

Үш ғасырдан астам уақыт бойы Азияның орталық бөлігіндегі саяси оқиғалар барысында ықпалды күш ретінде танылып, Мауараннахрдың түркіленуіне және жалпы түркі халықтарының ислам дінін қабылдауында елеулі рөл атқарған Қарахандар династиясының Тараз қаласында қалдырған ізі де аз емес. Әрі соның ең бір көрнекті көрінісі ретінде, екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһардағы ежелгі тарихи және архитектуралық жәдігерлердің негізгісі болып табылатын Қарахан ата ескерткішін айтуға болады.

Десек те, ортағасырларға тән сәулет өнерінің өзіндік қайталанбас үлгісі болып есептелетін осынау, арка-свод-күмбез конструкциясы негізінде салынған ғажайып кесененің кімге арналғандығы және онда жерленген әруағына ел тәу еткен киелі, қасиетті әулиенің Қарахан әулеті ұрпақтарының қайсысы екендігі, өкінішке орай, әлі күнге дейін белгісіз. Рас, Қарахандар мемлекетінің тарихы мен ондағы билеуші династияның шығу тегін зерттеген Шаванн, Прицак, Бартольд, Малов, Ахмед Зәки Уәлиди Тоған және тағы да басқа ондаған шығыстанушы ғалымдардың ғылыми тұжырымдары, кейінгі кездегі көптеген зерттеушілердің сан қилы нұсқадағы болжам жасауларына негіз болуда. Әрі әуелі араб және парсы жиһангездерінің еңбектері мен қытай жазбаларынан там-тұмдап орыс тіліне тәржімаланған үзінділерде және шығыстанушы ғалымдардың шығармаларында келтірілген дерек-темелерге сүйеніп, болжамды ой айтпас бұрын, соңғы кездегі мерзімдік басылымдарда көтерілген кейбір мәселелерге қатысты өз пікірімізді білдіргенді қисынды санадық. Өйткені, жасыратыны жоқ, бағзы бір бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген бірқатар зерттеу мақалалардың мәтінінде Қарахан әулетінің қожаларға қатыстылығы жайлы болжамның айтылуы және біздің жыл санауымыздан кейінгі алғашқы мыңжылдықтың соңғы кезеңінде, екінші мыңжылдықтың бастапқы ғасырының бірінші ширегінде өмір сүрген, ал, кейінірек орталық Азиядағы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен халықтарының этногенезін құрайтын түркі тілдес тайпаларға сіңісті болған яғма тайпасының қазақтың ұлы жүзі құрамындағы жалайырлардың прототипі ретінде қарастырылуы, жұртшылық арасына жаңсақ ұғымның жайылып, орнығып-қалыптасуына белгілі бір деңгейде ықпал етіп отыр. Сондықтан, біз «Тараз қаласындағы Қарахан кесенесі кімге арналып тұрғызылды» деген сауалға жауап іздемей тұрып, ең алдымен, Қарахан әулетінің шыққан тегінің қожаларға арақатынасы және шығыстанушы ғалымдардың еңбектеріндегі яғма тайпасының қайдан шыққандығы жөніндегі кереғар көзқарастарға тоқталып өтелік.
Ақиқатқа жүгінсек, бұдан бірнеше ғасыр бұрын «Қожалар» деген атаумен қазақ этносының құрамына этникалық топ ретінде еніп, нақтылы кезеңде түбегейлі қазақыланған аталған қауымның түпкі шыққан тегі – араб, парсы, азербайжан ұлтынан шыққан мұсылман дінін уағыздаушы ислам миссионерлерінің ұрпақтары болып табылады.
Негізі, діни хикаялардың баяндауынша, қасиетті араб жерінде мұсылман халифатының іргетасын қалап, пайғам-бардың жасыл туын желбіреткен мемлекет қайраткері деңгейіндегі атақты төрт діни тұлға болған. Олардың алғашқысы Мұхаммед пайғамбардың Айша есімді әйелінің әкесі Әубәкір, екіншісі – пайғамбардың Қадиша деген әйелінің әкесі Омар ибн әл-Хаттан, үшіншісі – пайғамбардың Зейнеп деген қызын алған күйеу баласы Оспан ибн Аффас, ал, төртіншісі – пайғамбардың Фатима деген сүйікті қызының күйеуі Әли ибн Әбутәлік. Кейінгісін күллі түркі қауымы, соның ішінде, халқымыз да Әзірет Әлі деген атпен жақсы біледі. Міне, осы Әли ибн Әбутәлік Мұхаммед пайғамбардың (сғс) әкесі Абдуллахтың ағасы Әбутәліктің бел баласы, яғни, Алла елшісінің немерелес ағайыны болып келеді.
Асылы, пайғамбарымыз Мұхаммед (сғс) көзі тірісінде исі мұсылман қауымына үнемі төрт әйелдің жарқын бейнесін үлгі тұтып, өнеге етіп ұсынған екен. «Олар: Бибі Әсия, Мәрия, өз әйелі Хадиша және қызы Фатима» («Жас Алаш». №68. 2000 жыл).
Тарихи деректемелер халқымыз «Бибі Фатима» деп атап, айрықша қадірлеп-қастерлеген пайғамбарымыздың сүйікті қызы Фатиманың 632 жылы 26 жасында дүниеден өткендігін айғақтайды. Оның соңында Асан, Үсен есімді екі ұлы қалады. Әзірет Әлінің бұлардан бөлек Ханифа атты екінші әйелінен туған Мұхаммед-Ханафия есімді ұлы да болған. Шежіреші-тарихшы Еркебай Бүрлібаевтың «Қожалар» деп аталатын еңбегінде келтірілген дәйектемелерге сенсек, бүгінде Қазақ еліне бүтіндей сіңісіп, қожа атанған қалың қауым, осы Мұхаммед-Ханафия мен Үсеннің әулетінен тараған ұрпақ көрінеді. Ал, соңғы кездегі мерзімдік басылымдарда жарық көрген кейбір зерттеу мақалаларында қожаларға жұғыстылығы айтылған Қарахандар әулетіне келсек, олардың шығу тегі пайғамбар әулетіне емес, керісінше сол тұста көк тәңірісін жаратқан хақ ретінде танып, құлдық ұрған Қарлұқ, Шігіл, Яғма, Түрік, Ойғыр және тағы да басқа түркі тілдес тайпалардың бірінің билеушілер әулетіне жататындығы анық. Олай деуіміз, күні бүгінге дейін Қарахан әулетінің түркі тайпаларының қайсысынан шыққандығы жөнінде бірізділікке түсірілген ортақ тұжырым жоққа тән. Өйткені, ілгері кезеңдегі шығыстанушы- ғалымдар арасынан Ж.Дегинь қарахандарды – ойғырдан, Х.Пургстал – түркіменнен, В.Бартольд – яғмадан, Ф.Гренард – қарлұқтан, Сюэ-цзұнчжың – ойғырдан, Ахмет-Зәки-Тоған – түріктен тараған деген болжамдарын алға тартқан-ды. Бұл тенденция нақтылы кезеңде де жалғасын табуда. Әйтсе де, басы ашық бір мәселе, араб пен парсы жиһанкездерінің қалдырған еңбектері және қытай жазбалары, сондай-ақ, Еуропа мен Азияның шығыстану саласына маманданған ғалымдары Қарахан әулетінің түпкі тегіне келгенде, олардың түркі тілдес халықтардың бірінен шыққандығын бірауыздан мойындап айғақтайды.
Алайда, Қарахан әулетінің қожалармен байланыстылығын меңзеген авторлар бұл аргументтерге мойынұсынбай, шығыстану ғылымы мойындамайтын кейбір идеологиялық мақсатты діттеген жеке әулеттік қана мәні бар шежірелерді негізге алып, тілге тиек етуі де мүмкін. Егер, сондай зерттеушілер табыла қалғандай болса, оларға қарсы уәж ретінде араб, неміс тілдерін жетік білетін В. Бартольдтің Еуропаға жол сапары кезінде қолына түсіріп, терең зерттеген Мұхаммед Назымның бастыруында жарық көрген ХI-ші ғасырдағы парсы тарихшысы Абу Саид Абу-әл-Хайя ибн Заххақтың (Гардизидің) «Зайн-әл-ахбар» атты еңбегіндегі төмендегідей жолдарды (Жазбалар. 17 бет. Гардизи) келтіре кеткеніміз жөн. Онда түркі тектес әулеттен шыққан құл, кейін әскербасы, әмірші болған Себік-тегіннің ұлы, қазіргі Иран, Ауғанстан, Түркменстан, Хорезм жерінде Ғазнауидтер мемлекетін құрған құдіретті билеуші Махмұд сұлтанға жолығу үшін «1026 жылы ел астанасы – Ғазна қаласына мұсылман емес елдердің әміршілері: Қия-хан мен Богра-ханнан елшілер келгендігі», айтылады. «Титулдарына қарағанда, аталғандардың түркі хандарының Қарахан әулетінен болуы әбден ықтимал. Елшілер өз әміршілерінің атынан Махмұд сұлтанға бас иетіндіктерін және Ғазнауидтермен туыстық қарым-қатынас орнату ниеті барлықтарын білдіреді.

Махмұд сұлтан өз кезегінде елшілерді аса құрметпен қарсы алып қабылдайды. Дегенмен, олардың өтінішіне ықылас білдірмей: «Біз мұсылманбыз, сіздер – дінсіз кәпірсіздер. Сондықтан, сіздерге қыздарымыз бен қарындастарымызды әйелдікке бере алмаймыз. Бірақ, сіздер мұсылман дініне кіре қалсаңыздар, мәселенің өздеріңіздің игіліктеріңіздің пайдасына шешілуі де мүмкін», деп сырғытпа жауаппен шығарып салады. Ал, Гардизидің жазбаларының тағы бір нұсқасына сүйеніп, сілтеме жасаған ағылшынның белгілі шығыстанушы ғалымы Х.Раверти Махмұд ханға елші жіберген түркі хандарын Қарахан әулетіндегі Қадыр ханның жақын туыстары болып табылатындығын атап көрсеткен. Соған қарағанда, Қия-хан мен Богра-ханның кезінде Қарахан әулетінің кіші әміршісі, немере ағасы Оғұлшық ханды өлтіріп, тағын тартып алған және түркі билеушілері арасында алғашқылардың бірі болып мұсылман дінін қабылдаған Сатұқ Богра-хан биліктен тайдырған қарахандар әулетінің үлкен әміршісі Базыр Арслан-ханның ұрпақтары болуы да ықтимал. Бұл, әрине, өз алдына жеке әңгіме. Десек те, осы келтірілген деректемелердің өзі-ақ Қарахандар әулетінің түпкі шыққан тегінің көк Тәңірісін төбелеріне тақ тұтып, тек соған ғана сиынған ежелгі түркі тілдес тайпалардың билеушілерінің біріне жататындығын айқындаса керек. Олай болса, Қарахандар әулетінің өздерін мұсылман дінінің уағыздаушылары және Мұхаммед пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы болып табылатын Әли ибн-Әбутәліктің (Әзірет Әлінің) ұрпағы ретінде көрсететін, бүгінгі қазақ этносының этногенезін құрайтын түркі тайпаларына сіңісті болған «қожалар» атты «субэтносқа» еш қатыстылығы жоқ екендігін батыл айтуға болады.
Жалпы, Тараз қаласындағы Қарахан кесенесіне байланысты сөз қозғамас бұрын, басын ашып алатын екінші бір мәселе, Яғма тайпасының жай-жапсарына қатысты. Олардың тарих сахнасына шығу кезеңін қытайдың тарихи жазбалары Енисей қырғыздарының Ойғыр қағанатын талқандап, күйретілуіне себепші болған біздің жыл санауымыздан кейінгі 840 жылғы оқиғалармен байланыстырады. Мысалы, Қытайдағы «Жаңа Таң кітабы. Қарлықтар баянында» қырғыздардың шапқыншылығынан кейінгі қағанаттағы қалыптасқан жағдай туралы «Көп тайпалар алға ұмтылды. Сянцзинжы мен Пантэциньнің он бес тайпасы қарлыққа қарай қашты», деген дерек келтіріледі. Ал, «Ескі Таң кітабының Хуйци баянында» Ойғыр қағанатындағы ықпалды билеушілердің бірі «Пантэциньнің барған жерінде өзін қаған деп жариялағандығы», айтылады. Міне, осы деректемелерге сүйенген қытай тарихшысы Вэн Ляң Тао Ойғыр қағанаты күйреп, мемлекеттік құрылым ыдырағаннан кейін, қарлық еліне қарай үдере көшкен он бес тайпаның билеушісі Пантэцинь мұсылман әдебиеттерінде Білге күл «Қадыр қаған» деген атпен белгілі болған Қарахандар әулетінің негізін салушы болуы мүмкін деген болжам ұсынады.
Қытай жазбаларында «Яңмо», «Яңмы» деген дыбыстық атауларымен белгілі болған тайпалар туралы 1993 жылы Үрімшіде жарық көрген «Шин жиан» тарихи сөздігінде «…Әу баста Жоңғар ойпатының батыс солтүстігінде, Еміл өзенінің маңындағы халықтардың бәрі солай (яңмо) аталған. Кейін Балхаш көлінің батыс оңтүстігінен Памир мен Тәңіртаудың түстігіне дейін бытырап қоныстанды. Мұңғыл үстіртіне дейін кеткендер де бар. Ойғырларға сіңіп кеткендер де баршылық» деген мәтінде анықтама берілген. Белгілі «Диуани лұғат-ат-түріктің авторы Махмұд Қаш-қари «яңмоны» «яғма» деп жазады және олардың түрік тілінде сөйлейтіндігін, тұрмыс-салты да түріктермен бірдей екендігін айтады. Негізі, «яғма» сөзі – ертедегі және қазіргі Түркия түрікшесінде «тонау, талау, олжалау», деген мағынада қолданылатын көрінеді. Ендеше, о баста қытайдың «жаңа Таң кітабы. Қарлықтар баянында» айтылған он бес тайпаның ортақ атауы болмаған. Оларға «яғма» деген этнонимді бұған дейін Орта Азиядағы ықпалды күш – Самани мемлекетімен аңдысып, бірде жеңіліске ұшыраса да, келесі жолы басым түсіп, жауына дес бермей жатқан қарлұқтар мен осы кезеңде қарлұқтардан Шығыс Түркістанға ығысқан түргештер берген болуы мүмкін. Себебі, қырғыздардың төтеннен жасаған жойқын жорығынан кейін Ойғыр қағанаты талқандалып, мемлекет есебінде өмір сүруін тоқ-татқанымен, Алтайдан батысқа қарай ығысқан қағанаттың негізгі күші – он бес тайпаның жау жарағы сай болған, адам күші де сақталып қалынды. Сондықтан, олардың күтпеген жерден ту сыртынан түре тиюі, шығыстан қауіп-қатер күтпеген қарлықтардың жорық үстіндегі шапқыншы жасаққа жөнді қарсылық жасай алмауына себепші болған. Ал, өздері қырғыздардан жеңіліс тауып, ата қонысынан ауа көшкен елдің өзгені де аямасы, мүмкіндігі жеткенінше, құрбандықтарын талан-таражға салып, олжа түсіруге құлшынатындығы белгілі. Олай болса, «қапыда қалып, қанжығада кеткен» қарлықтардың оларды «яғма» деп атауы және қытай жазбаларында дыбыстық үндестігі бойынша түркі тіліндегі «яғманың» яңмо, яңмы болып жазылуы да заңды құбылыс.
Енді, осы «яғмалардың» кейбір зерттеу еңбектерінде айтылғандай жалайырларға арақатынасына келсек, жалайырлар тарихи еңбектерде тек Шыңғыс хан құрған түркі-моңғол империясының кезінен белгілі бола бастаған. Олардың қазіргі қазақ жеріне қоңырат, найман, керей, уақ, қатаған және басқа да түркі тілдес тайпалармен бірге келуі, Орта Азия және алдыңғы Азия елдеріне баруы, әуелі Шыңғыс ханның, кейін Ұлы қағанның кенже ұлы Төленің ортаншысы Құлағудың Азияның оңтүстік-батыс бөлігіне жасаған жойқын жорықтарымен сабақтасып жатады. Жалайырлардың Жошы және Шағатай ұлысына қарасты территорияларды жайлауы, ХV-ші ғасырдың бас кезінде Иран жерінде өзіндік мемлекеттік құрылым түзуі де осы Шыңғыс хан әулетінің жаулап алушылық іс-әрекеттерінің нәтижелерімен тығыз байланысты. Ал, мұның өзі шартты түрде «яғмалар» деген атаумен тарихта белгілі болып, кейін осы этнонимді иеленген онбес тайпаның қазақтың ұлы жүзі құрамындағы жалайырларға еш қатысы жоқтығын білдірсе керек.
Азия мен Еуропаның күллі түркі-танушылары арасында талас туғызып, әуелде «Қарахан әулеті», «Қаған әулеті», «Хан әулеті», «Афрасияб әулеті», «Табғаш әулеті» және басқа да атаулармен аталып келген «Яғма» тайпалар бірлестігінің билеушілер династиясы ұзақ жылғы текетірестен кейін шығыстанушы ғалымдар арасында орныққан қалыпты келісімге сәйкес, екінші мыңжылдықтың соңғы ғасырының екінші ширегінен бастап, Қарахан әулеті деп атала бастады. Дегенмен, әулеттің түркі тайпаларының қайсысына жататындығы әлі де болса тылсымы мол, шешімі табылмас жұмбақ болып тұрғандығы анық. Солай бола тұрса да, алғашқыда Жоңғар жазығы мен Тарым ойысына, соңынан Жетісу мен Шу, Талас өзендерінің сағаларындағы оазистерге баса-көктей енген «яғмалардың» ел басқаруы, өздері осыған дейін негізгі құрамы болып есептелініп келген Ойғыр қағанатындағы билік жүйесінен және олардан бұрынғы Ашина әулетіндегі билік жүргізу жүйесінен бүтіндей өзгешелігін ескерсек, Қарахан әулетінің қағанаттағы ықпалдылығына байланысты «оларды ойғырларға тән» деп есептеген қытай тарихшысы Вэй Ляң Таоның да жаңылыс кеткендігіне көз жеткізуге болады. Мысалы, қытайдың «Ескі Таң» және «Жаңа Таң» кітабындағы деректемелерге, сол сияқты тарихта «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен белгілі болған әйгілі тасқа қашалып түсірілген бітік жазбаларына сүйенген Л. Гумилев Ойғыр қағанатында үстемдік етуші тайпаның болмағандығын, тоғыз-оғыздарға (ойғырларға) қағанатқа бағынатын басмылдар мен шығыс қарлұқтардың және өзге де тайпалардың құқықтары мен міндеттері жағынан барынша теңестірілгендігін (Л. Гумилев. Көне түріктер. 332 бет), қағанат әміршісінің мұрагерлік құқы бар ақсүйектер арасынан сайланып қойылатындығын және IХ-Х-шы ғасырлардағы тұрғыластарының «яғмаларды» қарлұқтармен де, ойғырлармен де шатастырмағанын тілге тиек етеді. Олай болса, Қарахан әулетінің түпкі шығу тегі деп болжамдалынған «Яғма» тайпалар бірлестігінің билеушісі «Паңтэнцинь-Білге күл Қадыр қағанның» (Таным тармақтары. 232 бет) Ойғыр қағанатындағы беделді адамдардың бірі болуы үшін оның тоғыз-оғыздардан шығуы шарт емес-ті. Екіншіден, қытай жазбаларында қырғыздардың жүз мың адамдық атты армиясының тұтқиыл шабуылына ұшырап, ауыр соққыдан ыдыраған Ойғыр қағанатындағы тайпалардың үш бағытқа: батысқа – қарлұқтарға, оңтүстік шығысқа – қытайларға, шығысқа – моңғол үстіртіне қарай көше қашқандығы туралы айтылады. Ал, Ойғыр қағанатында дін тұтынуда кеңшілік орын алғандықтан христиан дінінің несториандық тармағы мен манихей және шаман дінінің кең тарағандығы белгілі. Сондықтан, елдің басынан бағы тайып, қанды қырғынға ұшырау қаупі туындағанда, қағанаттың құрамындағы тайпалардың өздерімен тілдес, діндес елдерге бас сауғалауды жөн санауы да ықтимал. Мұндай жағдайлар тарихта жиі кездескен. Мәселен, протестанттар жаппай қырғынға ұшыратылған Франциядағы Варфолемей түнінен кейін католиктерден бой тасалаған француз-гугеноттардың Британ аралдарындағы протестант-ағылшындардың қатарын толықтыруы, Тевтон ордені мен католиктік Польшаның қысымына мойынұсынғысы келмеген православия дініндегі шығыс славяндарының Мәскеу князьдігінің айналасына топтасып күшеюі және тарихта осы тақылеттес ондаған оқиғалардың орын алуы соның айғағы іспеттес. Ендеше, қырғыздардың шапқыншылығынан кейін «манихей» дінін тұтынатын тоғыз-оғыздардың қытайдың солтүстік батыс бөлігіндегі өздерімен ыңғайлас елге қарай бағыт түзеуі, батыстағы көршілері шартты түрде «яғмалар» деп атаған он бес тайпаның «шаман» дініндегі қарлұқтарды бетке алуы, ал, уақ, керейіт, найман (сегіз-оғыздар), қоңырат және басқа да бірқатар тайпалардың христиан дінінің «несториандық» бағыты үстемдік құра бастаған моңғол үстіртіне асып кетуі қалыпты құбылыс болса керек. Әйтеуір, қалай болғанда да, осы жоғарыда келтірілген қос аргумент «Қарахан әулеті» династиясының ойғырлардан емес, керісінше қарлұқтарды бағындырып, Шығыс Түркістан мен Жетісудағы және Орта Азиядағы түркілердің ықпалының күшеюіне себепші болған он бес тайпаның ішіндегі ең саны көп, қуаты күшті ықпалды бірінен шығуының қисындылығын аңғартады.
Бір атап өтетін жай, шығыстанушы- ғалымдардың Қарахан әулетінің генео-логиялық желісі жайлы кесімді пікірге келіп, нақтылы тұжырым жасай алмауы, әулеттің бастапқы кезеңіндегі билеушілері туралы жазылған тарихи еңбектердің жоқтығы салдарынан туындап отырған тенденция. Оны мына бір факторлардан-ақ айқын көруге болады. Мысалы, қытайдың тарихи жазбаларында Қарахан әулеті хақында өте аз айтылған. Ал, араб, парсы тарихшыларының деректемелерінде әулетке қатысты мәселелер белгілі бір оқиғаларға байланысты ғана қамтылынған. Сондықтан, ХIХ-ХХ ғасырдағы С.Малов, Х.Тургсталь, В.Бартольд, Ф.Гренард, М.Копрюлю және басқа да зерттеушілер ХI-ші ғасырда жазылып, кейінгі ұрпаққа жетпей жоғалған Абдалғаппардың «Қашғар тарихы» атты шығармасына сілтеме жасаған жетісулық ғалым Абулфазыл ибн Мұхаммедтің (Жамал Қаршидің) (1230-1315) «Мұхаммед ас- Сурах» деп аталатын кітабына «Қосымшадағы» түсіндірмелерге және Ибн әл-Асир, Гардизи, Утби, Бейхаки, Жүзжани сынды мұсылман тарихшыларының еңбектерінде келтірілген мәліметтерге ғана сүйеніп, болжам айтумен шектелуге мәжбүр болды. Әрі соның салдарынан кезінде Шығыс Түркістан, Қара Ертіс бойы, Жетісу аймағы, Талас, Шу, Сыр өзендерінің сағасы, Ферғана алабы және Мауараннахр сияқты ұлан-ғайыр иеліктерді қамтып, билік жүргізген династияның түпкі негізін қалаушы Білге күл Қадыр қағаннан мұсылман дініндегі Сатұқ Боғра (Абдалкәрімге) ханға дейінгі аралықтағы әулеттің үлкен бұтағы мен кіші бұтағына қатысты тұлғалардың есімдері, тағдырлары, өкінішке орай, әзірге шығыстану ғылымына беймәлім болып тұр. Әйтсе де, Қарахан әулеті тарих сахнасынан кетіп, Азияның орталық бөлігі Шыңғыс хан ұрпақтарының қолына көшкен ХIII-ші ғасырдың екінші ширегінде дүниеге келген Жамал Қаршидың жазбалары және IХ ғасырдың соңы, Х ғасырдың бас кезіндегі Қарахан әулеті билеушілерінің тұстасы, Ғазна әміршісі Махмұд сұлтанның сарайында қызмет еткен Бируни, Гардизи сынды көрнекті ғұламалардың еңбектері династияның мұсылман дінін қабылдағаннан кейінгі кезеңдері туралы біршама мәліметтер береді. Міне, осыған байланысты, біз қолда бар деректерге сүйеніп жазылған австриялық ғалым О.Прицактың «Қарахандар әулеті туралы» шығармасын және неміс текті Ресей шығыстанушысы, академик В.Бартольдтің «ХII ғасырға дейінгі Орта Азия» деп аталатын еңбегін негізге алып, Қарахан әулетінің билік жүргізген кезеңді үш кезеңге бөліп қарастырғанды жөн көрдік. Біріншісі – орнығу, қалыптасу кезеңі. Оған әулеттің екі бұтаққа бөлініп, кіші қағандықтың астанасының Тараз және Қашғар болып белгіленуі, Сатұқ Боғра (Абдалкәрім) ханның ислам дінін қабылдап, билікке жетуі және оның ұлы Арслан хан Мұса бен Абдалкәрімнің қағандықтың үлкен бұтағын талқандап, 200 мыңнан астам түркінің өз еріктерімен мұсылман дініне кіруіне себепші болуы, Қарш Боғра хан Әбу Хасан (Харұн) бен Сүлейменнің Мауараннахрға жорық жасап, уақытша болса да Бұхараны басып алуы сияқты оқиғалар орын алған 874-992 жылдар аралығы жатады. Екіншісі – күшею, қуаттану кезеңі. Бұл уақыт аралығына Сатұқ Боғра ханның шөбересі Насыр бен Әли Арслан іліктің Орта Азиядағы Саманилер үстемдігін жойып, Бұхараны түбегейлі басып алуы, Қадыр хан Жүсіп бен Хасанның Хотанды бағындырып, әулетке қарасты елдің шығыс шекарасын кеңейтуі секілді Қарахан әулеті үшін сәтті қадамдар жасалынған 996-1032 жылдардағы кезеңді жатқызуға болады. Үшіншісі – ыдырау, құлдырау, күйреу кезеңі. «Қарахан әулеті» үшін үлкен трагедиялық сәтсіздік болып табылатын бұл уақыт аралығы әулеттің Шығыс және Батыс Қарахандар әулеті болып екіге бөлінуі, әулеттің билік үшін өзара қырқысқа түсіп, селжұқтар империясынан және Батыс Лиау мемлекетінен көмек сұрауы, екіге жарылған Қарахан әулетіне қарасты елдің шығыстан келген қарақытайлар мен батыстан жылжыған селжұқтардың шабуылына ұшырап, қирап-күйреуі сияқты ішкі және сыртқы саяси тартысты дағдарысын қамтыған 1041-1211 жылдардағы қырғын-сүрең кезеңмен сипатталады. Дегенмен, Қарахан әулеті мемлекетінің қай кезеңінде де көп өзгеріске түсе қоймаған бір жай бар. Ол әулет билік жүргізген үш ғасырдан астам уақыттың басым бөлігінде, елдің шығыс жағының орталығы Балсағұн, Қашғар және Тараз қаласының болғандығы. Біздіңше, біздің заманымыздың үшінші мыңжылдығының алғашқы ғасырының бас кезінде 2000 жылдық торқалы тойын атап өткен көне шаһар мен оның тұрғындары үшін ең бастысы да Тараздың осы Қарахан әулеті мемлекеті астаналарының бірі болып табылатындығы болса керек.
Енді, осы Тараз қаласының орта шенінен орын алып, көп ғасырлар бойы исі мұсылман қауымы тәу етіп келген әрі әлденеше рет қайта тұрғызылған киелі, қасиетті Қарахан ата кесенесінде Қарахан әулеті ұрпақтарының қайсысы жатыр. Міне бұл сауалға жауап іздемес бұрын, ең әуелі шығыстанушы ғалымдардың еңбектері негізінде жасалған әулеттің Сатұқ Боғра ханнан тарайтын бұтағының болжамды генеологиялық кестесіне шолу жасап көрелік.
Ескере кететін бір жай, назарларыңызға ұсынылған генеологиялық кестені құрастыру кезінде біз селжұқтар мен қарақытайлардың қолжаулығы болып, солардың мүддесіне қызмет еткен ХII ғасырдың екінші жартысындағы қуыршақ қағандарды Арслан атауымен бергенді артық санадық. Сол сияқты, мақала оқыр-мандарын шатастырмас үшін Қарахан әулетінен тараған билеушілердің Арслан хан атанғанға дейінгі Боғра тегін, Арслан тегін, Боғра хан, Арслан ілік деген лауазымдарын және билік құрған жылдарын көрсетпей-ақ қойғанды жөн көрдік. Сондықтан, негізінен ұлы қаған атануы кестеде белгіленген Қарахан әулеті мемлекетінің билеушілері аталған саяси құрылымның қалыптасу, күшейіп-қуаттану және ыдырап-бөліну кезеңіндегі билік тізгінін қолына нық ұстаған немесе ел шетіне баса-көктеп кірген ата жауға ойдағыдай қарсылық көрсете білген әулеттің лайықты өкілдері болып табылады. Ал, осылардың арасында көзінің тірісінде-ақ тақуалық ерекшеліктерімен, әулие жандарға тән айрықша қасиеттерімен жұртшылықты имандай ұйытып, бақилық болғаннан кейінгі кезеңде де олардың жадында, ділінде бойтұмардай сақталып қалғаны қайсысы болды екен. Енді, соған тоқталайық.
Ашығын айтқан жөн, шығыстанушы ғалымдар О.Прицак пен В.Бартольдтың шығармаларымен және ХХ-шы ғасырдың бас кезіндегі Әулиеата, Ташкент қалаларындағы әуесқой өлкетанушылардың жазбаларымен танысып, ондағы айтылған кейбір ой-болжамдарды негізге алған бірқатар ориенталистер Қарахан ата кесенесінде Шамахмұд пен Шамансұр ханның бірінің жерленгендігі жайында пікір айтады. Әрі назар аударар бір жай, кесенені Шамахмұдтың бейітінің үстіне тұрғызылған деген болжамды алға тартушылар, оның Қарахан әулетінің қайсысына жататындығын тап басып, анықтап айта алғанымен, кесенені Шамансұрға телігісі келетіндер ол жайында ешқандай да дәйекті мәліметтер келтіре алмайды. Сондықтан да, біз оқырманның өз тарапынан ой түйіп, пікір тудыруына ойтүрткі болсын деген ниетпен, олардың соңғысы жайында қосымша деректер ұсынғанды қисынды санадық.
Өздеріңіз мақалада назарларыңызға ұсынылған «Қарахан әулеті» династиясының болжамды генеологиялық кестесінен байқап, пайымдағандарыңыздай, Сатұқ Боғра (Мұсылманша есімі Абдалкәрім) ханның үлкен ұлы Арслан хан Мұса бен Абдалкәрімнің мұрагері Арслан хан Әбілхасан Әли бен Мұсаның төрт ұлының екеуі – Ахмед пен Мансұр бірінен соң бірі ұлы қаған тағына отырып, билік жүргізу мәртебесіне ие болған. Міне, осылардың кейінгісі Арслан хан Мансұр бен Әлидің ел басқарудағы босбелбеулігін пайдаланып, оған бағынбай бас көтерген Сатұқ Боғра (Абдалкәрім) ханның Сүлеймен уаң бен Абдалкәрім деген екінші баласынан туған Қарш Боғра хан Әбухасан (Харұн) бен Сүлейменнің үлкен ұлы, Қашқар қаласының билеушісі Қадыр хан Жүсіп бен Хасан одан ұлы қаған атағын тартып алады. Осы кезеңнен бастап, Қарахан әулеті мемлекеті Шығыс және Батыс Қарахан әулеті болып, екі жарылғанға дейін Арслан (үлкен) хан атағы Сатұқ Боғра ханның кіші баласынан тарайтын Хасан тобындағы Қарахандардың еншісінде болып келді. Біздің айтарымыз, осындағы билігінен айрылып, мансұқталынған Арслан хан Мансұр бен Әли ел аузындағы Шамансұрдың прототипі болуы мүмкін. Бұл, әрине, әлі де болса, зерттеушілердің жан-жақты талдап-таразылап, дәйектеуін қажет ететін ой-пікір. Ал, енді, Шамахмұдқа келер болсақ, оның Сатұқ Боғра ханның Сүлеймен есімді екінші ұлынан тарайтын Хасан тобындағы Арслан хан Махмұд бен Жүсіп болып табылатындығын шығыстанушы-ғалымдар ілгеріде-ақ анықтап, дәлелдеп қойған-ды. Әрі академик В.Бартольдтің болжамды пікіріне сүйенген кейбір зерттеушілердің Қарахан ата кесенесін сол әміршінің есімімен байланыстырып келгендігі де ақиқат жай. Дегенмен, бұл пайымдаудың шындыққа қаншалықты жанасымдылығын түйсіну үшін, Арслан хан Махмұд бен Жүсіп жайлы қолда бар деректерді тағы да бір ой таразысына салып, қисындылығын саралап-сараптап көрелік.
Он үшінші ғасырда жазылған қаңлы тайпасынан шыққан ғұлама Жамал Қаршидың «Мұхаммед ас-Сурах» атты кітабына «Қосымшадағы» сілтемелерге және Х-ХII ғасырлардағы араб және парсы тарихшыларының еңбектеріне сүйенген О. Прицак пен В. Бартольдтің зерттеулері 1059-1075 жылдар аралығында Шығыс Қарахан әулетінің Арслан ханы болған Махмұд бен Жүсіптің, кезінде ұлы қағандықтың билігін Арслан хан Мансұр бен Әлиден тартып алған Қадыр хан Жүсіп бен Хасанның үшінші ұлы екендігін айғақтайды. Ол – өзінен гөрі мұрагерлік құқы жоғары бірге туған ағалары Сүлеймен мен Мұхаммедтің және олардан тараған ұрпақтың арасындағы тақ таласы әбден шегіне жетіп, титықтатқан сәтті бір сағатта билік басына келеді. Бұл – бұған дейін де басы піспей, үнемі өзара қақтығысып келген әулеттің аражігі мүлдем ашылып, бұрын шартты түрде болса да, біртұтас болып саналатын мемлекеттің Шығыс және Батыс Қарахан әулеті болып екіге бөлінген сәті еді.
Арслан хан Махмұд бен Жүсіп билік тұтқасын қолына ұстаған он алты жыл ішінде өзара алауыз болып, берекесі кеткен Хасан тобына қарасты Шығыс Қарахан әулетінің басын біріктіруге күш салып, дара билікті діттеген немере бауырларымен сан рет қарулы қақтығыстарға түседі. Сондай-ақ, өзінің орынбасар қағаны Боғра хан Хасан бен Сүлейменмен бірге жойқын жорықтар жасап, Батыс Қарахан әулетінің қарамағына өтіп кеткен бірқатар аймақтарды кері қайтарып алады. Соған орай, оған «Тоғұрыл Қарахан» деген лақап ат беріледі. Сөз жоқ, мұның барлығы да Арслан хан Махмұд бен Жүсіптің қолынан іс келетін қабілетті мемлекет басшысы, дарынды әскербасы екендігін білдіреді. Дегенмен, былайғы халықтың оны бойына ерекше қасиеттер дарыған аузы дуалы, киелі адам ретінде танып, әулие тұтуы үшін бұл жеткіліксіз. Өйткені, иудей, христиан және ислам дініндегілер пір тұтып, әруақтарын ерекше қадірлеп-қастерлейтін қасиетті әулиелердің барлығы да көзі тірісінде тақуалығымен аты шыққан, игілікті істің мүддесі үшін өзін-өзі өмірдегі қызық атаулыдан қағып, азап шегуге мәжбүрлеген немесе қуғын-сүргінде азап шегіп, қорлық көрген, тағдыры айрықша қалыптасқан жандар болып келеді. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ, мұсылман дініндегі суфизм ағымының негізін қалаған, пайғамбар жасына жетісімен жарық дүниеден баз кешкен Қожа Ахмет Иассауидің, болмаса баптардың атасы атанған Ысқақ баптың басынан өткен жайларды еске алсақ та жеткілікті. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Қарахан әулеті ұрпақтары арасынан Қарахан ата кесенесіне жерленген деп ұйғаруға лайықты тұлғалардың санатына Ферғана мен Мауараннахрда билік жүргізген, Батыс Қарахан әулетінің алғашқы Арслан хандарының бірі Табғаш хан Ибраһим бен Насырды жатқызуға болады.
Жалпы, Сатұқ Боғра ханның үлкен ұлынан тарайтын шөбересі, Мауараннахрды Самани әулетінің иелігінен тартып алып, мемлекеттің батыстағы шекарасын сонау Ғазнауидтер империясының шегіне дейін кеңейткен әйгілі Ілік хан Насыр бен Әлидің екінші ұлы Табғаш хан Ибраһим бен Насырдың билікке араласуы 1039 жылдардан басталады. Ол бұл кезеңде Боғра тегін деген лауазыммен Қашқардағы Боғра ханның атынан әмір жүргізіп, ұлы қағанға бойұсынудан бас тартқан Хасан тобының өкілі – Табғаш Боғра Қарахан Әли бен Хасанға қарсы күрес жүргізеді. Ақыры, оны Мауараннахрдан мүлдем ығыстырып, 1041-42 жылдары Бұхараға орнығады. Әрі осы 1041-1042 жылдары мемлекеттің билік тұтқасын ұстаған Қадыр хан Жүсіп бен Хасанның үлкен ұлы Арслан хан Сүлеймен бен Жүсіп пен екінші ұлы Боғра хан Мұхаммед бен Жүсіптің арасындағы қақтығысты пайдаланып, ағасы Мұхаммед екеуі иеліктерін олардан бөліп алады. Тарихта Батыс Қарахан әулеті деген атаумен белгілі болған мемлекеттік құрылымның ұлы қағаны болып, Үзкентті қоныстанған Арслан хан Мұхаммед бен Насыр, кіші қағаны болып Боғра хан Ибраһим бен Насыр билік жүргізе бастайды. Ал, 1045-1046 жылдардан бастап Ибраһим бен Насыр өзіне Табғаш хан деген лауазым алады. 1052 жылы ағасы қайтыс болған соң, ұлы қағандық еншісіне тиген Ибраһим бен Насыр ел астанасын Үзкенттен Самарқанға көшіреді. Шығыс Қарахан әулетіндегі алауыздықтың өз мүдделері үшін қандай тиімділік әкелетіндігін дер кезінде түйсініп, олардан көп күш жұмсамай-ақ Ферғана алабын және басқа да бірқатар аймақтарды тартып алады.
Табғаш хан Ибраһим бен Насыр Арслан хан болған жылдары Батыс Қарахан әулеті мемлекетінің экономикалық күш-қуаты артады, саяси жағдайы тұрақталынады, елде жаңа құрылыс нысандарын салу қолға алына бастайды. Бірақ, бізге қажеттісі оның бойындағы тақуалық қасиеттері мен дін-исламның қамқоршысы ретінде жасаған игі қадамдары болғандықтан, біз Ибраһим бен Насырдың мемлекет билеушісі тұрғысындағы артықшылықтары туралы көп сөз қозғағанды жөн көрмедік.
Тегінде, орта ғасырларда өмір сүрген Ауфи және Ибн әл Асир сынды мұсылман тарихшыларының келтірген деректемелеріне қарағанда, Қарахан әулеті ұрпақтарының арасында жеке басының қарама-қайшылығы жағынан Табғаш хан Ибраһим бен Насырға тең келетін жан болмағанға ұқсайды. Ол, бір жағынан, әмірші ретінде мемлекеттің мүддесі үшін қаталдық, шешімділілік, жігерлілік танытуы қажет болса, екінші жағынан, барлық ізгі ниетті адамдар сияқты, әділеттіліктің сақталуы және елдің тұрмыс жағдайының қалыпты болуы үшін күресуге, қайырымдылық шараларын жүзеге асыруға, керекті жерінде мейірбандылық таныта білуге, өзінің атына айтылған сындарды дұрыс қабылдауға және содан тиісті қорытынды шығаруға міндетті болады.
Бірде хан уәзірлерінің біріне бүлік шығармақшы болып жатқан екі қаланың тұрғындарын тәубасына келтіру үшін зорлық-зомбылық жасау, тонау, талау, кісі өлтіруден тайынбайтын ұры-қарылардан арнайы жасақ құрғысы келетінін және олардың қолын ешнәрседен де қақпайтынын айтып, соған қол ұшын беретін адамдарды іздеп табуға көмектесуін өтінеді. Кешікпей ондай адам табылып, біраз саудаласқаннан соң, ол үш жүз жанкештіден тұратын жасақты құрып та үлгереді. Артынша, Табғаш хан Ибраһим бен Насыр оларға «алдын-ала сый-сияпат көрсетемін» деген желеумен жеке-жеке шақыртып алдына келтіртеді де, сол арада оларды ұстатып, түгел өлім жазасына кесіп жібереді. Тарихшылардың айғақтауынша, осы оқиғадан кейін, қала ұры-қарылардан мүлдем тазарып, Самарқанда ұзақ жылдар бойы тұрғындардың қаржысы, мүлкі немесе малы қолды болған оқиғалар орын алмаған көрінеді.
Табғаш хан Ибраһим бен Насырдың әлеуметтік жағдайы төмен ел тұрғындарының мүддесін қалай қорғағандығы жөнінде тарихшылар төмендегідей дерек келтіреді. Бірде қасапшылар әміршіге келіп, «Егер, сіз базарда сатылатын еттің бағасын көтеруге рұқсат берсеңіз, біз қазынаға орасан зор көлемдегі қаржы – 1000 динар төлейміз», дейді. Хан рұқсатын береді. Қазына аталған ақшамен толығады. Қасапшылар еттің бағасын көтереді. Артынша, Табғаш хан Ибраһим бен Насыр етті көп мөлшерде сатып алған тұтынушылардың өлім жазасына кесілетіндігі жөнінде жарлық шығарып, жария етеді. Нәтижесінде, еті өтпей, зиян шеккен қасапшылар қазынаға тағы да 1000 динар төлеп, екі жарлықтың да күшін жойғызады. Сонда, Табғаш хан «Егер, 1000 динарға бола бағыныштыларымның мүддесін аяқасты етсем, онда менің ел ағасы болғандығым қайсы», деп күлген екен.
Түркі әлемі жайлы көптеген құнды мәліметтер жазып қалдырған Ибн әл-Асир Ибраһим бен Насырдың дін адамдарына деген ерекше ықыласы мен әпенделік қасиеттері жайлы мынандай бір дерек келтіріпті. Бір жолы Әзірет Әлінің тұқымынан шыққан Әбу Шұджа деген дінбасы ханға «Сен әмірші болуға лайық емессің», деп сын айтады. Оны жүрегіне жақындау қабылдап, өзінің қабілет-дарынына күмәнданған хан тақтан бас тартпақшы болады. Ақыры, амал жоқ, бір топ дінбасылар Әбу Шұджаның қателескенін, егер, Табғаш хан ұлы қаған атағынан бас тартатын болса, керісінше елдің жетім қалатындығын айтып, ханды райынан қайтарады.
Асылы, мемлекет деңгейіндегі жеке тұлғалардың бойында оның табиғатына біткен тақуалық, қайырымдылық, ізгілік сияқты қасиеттері мен билік мүддесінің талап-тілегі қарама-қайшы келсе, жас ұлғайған сайын алғашқысы бел алып, ондай жанның жұрт күтпеген тосын қадамдарға да барған кездері болған. Сол сияқты, Табғаш хан Ибраһим бен Насыр да өмірінің соңғы жылдарында күш-қуатының қалыпты болғандығына қарамастан, биліктен өз еркімен бас тартып, тақуалық жолға түседі.
Тарихи деректерді зейіндеп-зерделеген жан, Батыс Қарахан әулетінің Арслан ханы Табғаш хан Ибраһим бен Насырдың жалпы Қарахан әулетінен тарайтын өзге билеушілерден дараланып, мұсылман дініндегі қауымның жадында қалуының тағы бір себебін пайымдаған болар еді. Әрі оның өзі Мауараннахрдағы мұсылман дінінің екі тармағы: шииттер мен сүниттер ағымының арасындағы бәсеке-тартыстың қорытындыларынан барып туындайды.
Баршаға мәлім, ислам діні жанданып, қанатын кеңге жая бастаған VII-ші ғасырдың орта шенінде иудей дініндегі еврейлер оған тосқауыл қою үшін, әрқилы айла-шарғыларға бара бастайды. Мәселен, күні үшін мұсылмандықты қабылдап, дінге кірген ұлты еврей тігінші Абдулла ибн Саба Иудей 653-ші жылы шиизім идеясын ұсынып, оны насихаттауға кіріседі. Бұл жаңа ағым – шиизімді ислам дінін іштен ірітуші тәсіл ретінде таныған өзге де ықпалды мұсылман-иудейлердің тарапынан кең қолдау тауып, соның арқасында ғана, аз уақытта шииттердің сунниттерді Орта Азияға, Солтүстік Батыс Африкаға дейін ығыстырып тастауына мүмкіндік береді. Тек IХ-Х-шы ғасырларда Азияның орталық бөлігіндегі суннит-түріктердің алдыңғы Азия елдерін жаулап алуы ғана мұнда ислам дінінің суннит тармағының қайта орнығып, тамыр тартуына және шииттерді ығыстыра алуына себепші болады. Әйтсе де, онбірінші ғасырдың 40-50-інші жылдарының аралығында ислам дінінің шиизм ағымы Мауараннахр жерінде кенет жанданып, ықпал ету аясын кеңейте бастайды. Академик В.Бартольдтің куәландыруынша сол 1044-45 жылдардың тұсындағы Боғра хан (Ибраһим бен Насыр) бейтараптықпен қарап, шиит эмиссарларының қалың бұқараны фатималық халифа Мустансирге ант беруге уағыздап көндіруіне ерік беріп қояды. Сірә, содан екі-үш жыл бұрын ғана әулеттің Хасан тобынан тәуелсіздік алып, жеке мемлекет құрған Әли тобындағы билеушілер Шығыс Қарахан әулетімен болуы ықтимал қарулы қақтығыстар қарсаңында дін мәселесіне араласқысы келмеген болуы керек. Дегенмен, араға жыл-жыл жарым уақыт салып, Боғра хан суннит дініндегілердің жағына шығып, шиизм ағымының белсенді жақтаушыларын қуғын-сүргіндеп тоз-тозын шығарып жібереді. Оның «Табғаш хан Ибраһим Имад ад-дауля ва тадж ал-милла сейф халифат Аллах» атағын алуы да мұсылман дінінің суннизм ағымы алдында сіңірген осы еңбегінің нәтижесіне байланысты болуы керек.
Енді, осы Мауараннахрдағы Табғаш хан Ибраһим бен Насыр биліктен өз еркімен бас тартып, Алла жолына түскен соң, Шығыс Қарахан әулетінің иелігіндегі Тараз қаласына қалай келуі мүмкін. Міне, осы сауал алдарынан кесекөлденең шығып, оған жауап таппаған зерттеушілер Қарахан ата кесенесінің Табғаш хан Ибраһим бен Насырдың бейітінің басына тұрғызылуы ықтимал деген болжамды, ең болмаса, қаперіне де алуға батылы жетпеген сыңайлы. Алайда, Қарахан әулеті тарихында биліктен кеткен немесе кетірілген билеушілердің өз тобына жатпайтын хандардың иелігіне барып, бас сауғалауы, я болмаса мекен тұтып, қоныстанып қалып қою фактілері аз кездеспеген. Екінші бір дәлел, тұжырым (аргумент) Табғаш хан Ибраһим бен Насыр биліктен кеткеннен кейінгі кезеңде Шығыс Қарахан әулетінің Арслан ханы Махмұд бен Жүсіп өзінің орынбасар қағанымен бірлесіп, Батыс Қарахан әулетінің иелігіне жорық ұйымдастырады. Нәтижесінде, содан біраз жыл бұрын ішкі алауыздықтың зардабынан айырылып қалған біраз аймақты қайтарып алады. Міне, осы орайда, ауыз бірлігі күшті, тас-түйін отырған Батыс Қарахан әулетінің әміршісі Табғаш хан Ибраһим бен Насырдың ұлы Арслан хан Насыр бен Ибраһим тарыдай шашылып жүрген Шығыс Қарахан әулетінің ойдан-қырдан жиналған біріккен әскеріне неліктен лайықты қарсылық көрсете алмады, оның астарында нендей сыр жатыр деген сауалдың да туындауы даусыз. Бұл ретте, біздіңше, биліктен бас тартып, дін жолына түскен Ибраһим бен Насырдың исламды уағыздау үшін әлі де болса шаман дініндегі түркілер көшіп-қонып жүрген Шығыс Қарахан әулетіне қарасты иелікке келуі, әрі осында тұтқындалып, кепілдікке алынуы, ал, мұның өзі түптеп келгенде, әкесінің тағдырына алаңдаған Батыс Қарахан әулетінің әміршісі Арслан хан Насыр бен Ибраһимның Хасан тобынан жеңіліс тауып, олардың шарттарына көнуіне себепші болуы да ықтимал. Ал, кейін кепілдіктен азат етілген Табғаш хан Ибраһим бен Насырдың Таразда қайтыс болып, сонда жерленуі де шындықтан алыс кетпесе керек. Бұл болжамның ақиқатқа саятын тағы бір жері Қарахан әулеті біртұтас болып тұрған кезінде де, кейін бөле жарылғанында да Арслан хандардың дені Баласағұнға, Құзқалаға, Боғра хандар Қашқар қаласындағы Қарахандар зиратына жерленіп отырған. Сондықтан, Қадыр хан Жүсіп бен Хасан тақтан тайдырып, елден бездіріп жіберген Арслан хан Мансұр бен Әлидің немесе қашан өле-өлгенінше биліктен айрылмаған Арслан хан Махмұд бен Жүсіптің мемлекеттік билік жүйесі бойынша орынбасар қағанның еншісі болып саналатын Таразға жерленуі мүмкін емес.
Сонымен, қорыта айтқанда, ілгері-кейінгі замандардағы және нақтылы кезеңдегі зерттеушілердің Қарахан ата кесенесінде Қазақ жерінің Шу, Талас, Сырдария өзендерінің сағасындағы бөлігінде, Шығыс Түркістанда және Орта Азияда үш ғасырдан астам уақыт билік жүргізіп, аумақтың түркіленуіне және ондағы тұрғылықты халықтың ислам дінін қабылдауына айтарлықтай қомақты үлес қосқан Қарахан әулеті билеушілерінің қайсысы жатқандығы жөніндегі үш түрлі болжамын назарларыңызға ұсындық. Оның қайсысы қисынға сияды. Түптеп келгенде, киелі, қасиетті ғимараттың құпиясы ашыла ма, әлде сол тылсым жұмбақ күйінде қала бере ме? Ол жағын қадірлі оқырман өз көңілдеріңіздің таразысына қалдырдық.
Тараз қаласы.

Алдыңғы «
Келесі »