ШӘКӘРІМ – ӘЛЕМ ОЙЫНЫҢ АЛЫБЫ

  • 02.08.2019
  • 32 рет оқылды
  • 0

Аты аңызға айналған ғұлама ойшылымыз Шәкәрімді «күллі әлемнің Шәкәрімі» деу керек. Бірақ, бұлай айту ауызға жеңіл болғанымен де: «Хош, данышпандарыңыздың данышпандығы неде, кемел тұлға дегеніңізде, сахара ойшылының кемелдігі немен дәлелденбек?» деген сұрақ туары белгілі. Енді, сол дәлелдерді келтірейік.

Мәңгілік проблемаларды алдыға қойып, жауабын іздеген ойшылдар аз емес. Бірақ, олардың ақиқат шешімін тапқан, нақты жолын ұсынып, өз сөзін айтқандар санаулы ғана. Өйткені, Тәңірінің хикметін сезу, жан сырын танып білу тым сирек ғұлама ойшылдардың сыбағасы. Ол үшін: «Бастағы көз жан сырын байқамас. Хақиқатты дәл көруге жан көретін көз керек», ­ дейді Шәкәрім «Тура жолда қайғы тұрмас» өлеңінде. Дала данасы Шәкәрім анық көкірек көздің иесі. Сондықтан, орны әлем ой алыптары қатарынан екенін ойшыл өзі де жақсы білген. Соның бірі былай айтқаны:
Бас көзімен сенделуге,
Бізге рұқсат жоқ, шырақ!
Мұндағы «бізге» дегені көкірек көзі бар әулиелер деген мағынаны білдірсе керек-ті.
Шәкәрім тұлғасын толық көру үшін оның эволюциялық жетілу сатысын білу керек. Шәкәрімнің алғашқы ізденістері мен ой шыңына басқыштау реттілігіне келсек, әуелгі саты ислам діні болғаны, келешек ойшылдың хақиқатты дін аясынан іздегені күмәнсіз. Жасыратыны жоқ, мал баққан көшпелі өмір салты ислам дінінің дендеп орнығуына дес бермей келді. Айт айтпа, бұрынғы Тәңірлік наным-сенім үстемірек болды. Бірақ, ХІХ ғасырдың екінші жарымы мен ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде жаңаша көзқарастардың уақыты жеткен еді. Өйткені, отаршылдық қысым қос өкпеден қысқан қысылтаяң тұста Ресей мұсылмандарының зиялы қауымы, оның ішінде, қазақтың озық ойлылары, енжарлықты сілкіп тастап, исламға тәрбие жолы ғана емес, елдікті сақтап қалудың бір қаруы деп те қарай бастады. Сондықтан, осы кезде қазақ сахарасында шыққан кітаби ақындардың дені діншіл ақындар еді. Яғни, оларға дін насихатшылары болу қоса жүктелді.
«ХІХ ғасырдың аяғында қазақ сахарасында кітаби ақындар көп болған, – деп жазады Т.Әлімқұлов өзінің Абай шығармашылығына арналған белгілі кітабында. – Оңтүстік Сырда Майкөт, Молда Медеу, Базар жырау, Жылқыбай, Сауытбек, Балта, Шәді-төре, Мәнсұр, Санбай, Өтебақ, Садуақас, Айтбай, Құлыншақ, Ақберді, Ораз Молда, Омар Шораяқов сияқты хисса шығарып, жыр жазған ақындар бар-ды». Міне, осы аталған он алты ақын да діни тақырыпқа қисса шығарған екен. Енді, Ертіс өңіріне көз салсақ, Шәкәрім құралыптас Ә.Тәңірбергенов, Көкбай, А.Сабалұлы, Керекуде М.Жүсіп сынды көрнекті ақындар да діни бағыттан қағыс қалмаған екен. Қай-қайсы да мұсылман ғұламаларының жазғандарын көп оқып, дін-ислам қағидаларын өте жақсы білген және діни қиссалардың талайын жазған ақындар. Бір сөзбен айтқанда, 1880 жылдардан бастап, қазақ поэзиясында ағартушылық діни бағытпен астасып жатты. Демек, «бұл ерекшеліктен Шәкәрім аман болды, яғни, 40 жасқа дейін діншіл ақын болған жоқ» деп айта алмасақ керек.
«Абай жолы» эпопеясының ХІХ ғасырдың соңында Тобықты ішінде өткен оқиғаларды арқау еткен «Қастықта» тарауында М.Әуезов Шұбардың (Шәкәрімнің) мұсылман іліміне жетіктігін һәм молдалығын оқырманға былай деп жеткізеді: «Семейдің мешіт-медресесіндегі қазірет-халфелермен кездескенде, Шұбар өзінің мұсылманша көп оқығанын және мұсылман ғұламаларының кітаптарынан қол үзбей жүретін молдалығын да іске жаратады».
Діни догмат құрсауынан босай қалу бек қиын нәрсе. Біріншіден, бұл ретте жас ақынға қасындағы Абайдың ықпалы ерекше болғаны мәлім. Мәселен, ХХ ғасырдың басында Семейде Жақия қажының үйінде өткен бір мәжілісте Абай серігі Көкбайға мынадай бір ауыз әзіл өлеңін айтқан:
Тағат деген не тағат Хақ жолында,
Мәһам жандар ізденіп жүр соңында.
Хақтың жолын танымай қалтаң қағып,
Көт жуғанға мәз болған байғұс молда.
Абай шәкірттерін шын тағат пен хақиқатқа осылай да бұрып отырған.
Екіншіден, діншілдер мен пәншілдер жазғанын талапкер Шәкәрімнің өзі де көп қазбалаған. Бірақ, олардан өзін алаң қылған жаралыс сырларының жауабын, яғни, көңіл ашар ақиқатты, анықты таба алды ма?
Бір өлеңінде:
Не сыр бар дін деген жолда,
Кітап, тәпсір, қожа, молда… –
десе, тағы бірде:
Молдалардан дін сұрасаң,
Сандырақтап, сандалар.
Пәншілермен бас құрасаң,
Жан, Құдай жоқ дер тұра-ақ.
…Таза діннің шын негізін,
Ұстаған бір бенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ, –
деуіне қарағанда, жоқ, таба алмаған. Өз сөзіне жүгінсек, «Үш анық» атты трактатында: «Ескі дін молдалары, – деп жазады Шәкәрім, – қай дінде болса да жаралыс жолының сырына шорқақтығынан бұл туралы анықтап ұқтыра алмаған».
Шәкәрімнің өзі сарыла іздеген анықтарды діни ілімнен де, сол сияқты пәншіл ғалымдардан да таба алмауының бір себебі, діншілдер өздеріне дұрыс көрінген пәтуәлар, түсініктемелер және көзқарастар арқылы мұсылман жамағатты алдын-ала сызылған шеңберге қамап, ойлау еркінен айырса, ал, пәншілдер, керісінше, түп қайнар – Құран мен Сүннәдән алыстап кетіп, халықты өз білгендеріне бұрумен болды. «Нәтижеде, – дейді иасауитанушы ғалым Д. Кенжетай, – өте маңызды екі жағдай пайда болды. Біріншісі – еркін ойлайтын, зерттейтін, өндіретін мұсылманның орнын, дәстүршіл, еліктегіш, ұраншыл мұсылман басты. Екіншісі – факихтер, кәлламшылар, хадисшілер мен тафсиршілер өте жоғары беделге ие болды. Құран мен Сүннәнің орны исламдық танымда екінші сатыға түсті». Бір сөзбен айтқанда, діншілдер мен пәншілдер «анық нұры осы» деп насихаттаған дүниетанымдық ұстанымдарға Абай сияқты Шәкәрім де күдікпен қараған, яки, қанағаттана алмаған дейміз. Осыған қабат, Шәкәрімнің ойшыл ретінде қалыптасқан шағы позитивистік һәм ағартушылық ағымның, онан соң, материалистік ілімнің өрістеп тұрған уағына дөп келгенін есте ұстағанымыз жөн.
Шәкәрімнің мұрасын жарыққа шығару тілегінде 1969 жылы 3 желтоқсанда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, М.Базарбаев, Ы.Дүйсенбаев, С.Қирабаев, Ә.Нұрпейісов т.б. ақын, жазушылар қатысқан мәжіліс өтті. Осы мәжілісте С.Мұқанов былай дейді: «Шәкәрім бір қазаққа хат жазған жоқ, маған ғана бір хат жазған еді, сол хаты менде бар, сонда барлық пікірін жазған. Қандай принцип ұстанған, не істеп жатыр, шығармасы қашан жазылған, осылары бар. Осы хатта біраз мән бар. Хаты жазушылық жолының есебі сияқты».
Күрделі тақырыбымыздың кейбір аспектілерін Сәбеңнің «осы хатта біраз мән бар» деп көрсеткен түйіндер арқылы ашуға талпыналық. Оның бірі мынау: «Қырық бес жасымнан бергі өлең сөздерім философия жағына салынып: об отвлеченного вопроса объективная рассуждение болғандықтан, үкімет басуға рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба деп жібермей қалдым. Себебі: жан сыры, жаралыс сыры, дүниедегі тәмам шатақ діндер туралы жазылған», ­ деп ағынан жарылады кеңес өкіметіне өгей бала болып, «мұтыла» бастаған ойшыл ақын. Міне, «қырық бес жасымнан» деген өз сөзі сыншыл Шәкәрім діншіл Шәкәрімді ығыстырған уақыт 1903-1905 жылдарға сәйкес деп кесіп айтуға мүмкіндік берсе керек. Сондай-ақ, Абайдың философия мектебінен өткен Шәкәрімнің Толстойдың жаңашыл дүниетанымдық көзқарастарын құныға оқып, ындын сала тексеретіні де осы тұс. Сонымен діншіл, шариғатшыл, осыған қоса, бәлкім, жәдитшіл де Шәкәрімнің ғұрпы исламнан көңіл суыта бастаған, яғни, ноқтасыз ойдың адамына, сыншыл ақынға ауысу мезеті ХХ ғасырдың басы екенін көреміз. Осы тұста данышпанның данышпандығы неде деген мәселеге тағы бір көз тастайық: «Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс көрем, – дейді Шәкәрім қажы жаңағы С.Мұқановқа жолдаған хатында. – Бірақ, ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да бас ұрам. …Ақылым айтқан ақиқатты айтпай тұра алмаймын. Еріксізбін».
«Мұтылғанның өмірі» жырында ақын іздену жолын былай айтады:
Ноқтасыз оймен тексердім,
Бояулы діннен сескендім.
Дін шатағын көп көрдім,
Қатесін сынап тергенде.
…Ақылмен нанбай иман жоқ,
Ойлаудан ақыл тиған жоқ.
Талай дінді тексердім,
Ешбірі миға сиған жоқ.
Өз бетінше қарману, онан соң, Абайдың ізіне түсу, Толстойдан тәлім алу сияқты бел-белестерден өткен ақын 1903-1904 жылдары философияға бет бұрған дедік. Тұтастай алғанда, Шәкәрімнің ғылымды жинау, әлемдік әдебиетті меңгеру, өз сөзінше «перевод малтасын езген, әлемді оймен кезген» уағы 1912 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Сөйтіп, ойшылдың 30 жасынан 55 жасына дейінгі ұзақ кезеңді «ғылымды жинау» сатысы деп атасақ дұрыстық сияқты.
Хош, осыдан былайғы ойшылдық эволюциясы қалай өтті? Бізше ғұламаның әлем ой алыбы болып қалыптасуының мынадай үш сатысы бар: энциклопедист ғалым-философ (1913-1918), хакім (1919-1928) және әулие (1929-1931).
Шәкәрім, алдымен, энциклопедист ғалым-философ сатысына шыққан деуімізге «Үш анық» атты трактаты бұлтартпас дәлел. Яғни, дін мен философия ғылымының асылын оқып­тоқуға он бес жылдай уақытын сарп еткен ол ғұлама-ғалым деңгейіне көтеріледі. Бұл кезең 1918-1919 жылдармен тұйықталады. Онан кейінгі, яғни, екінші сатыға келсек, оған жасы алпыстан асқанда шыққаны шүбәсіз. Өйткені, С.Мұқановқа хатында айтқан «жан сыры, жаралыс сыры туралы» таза философиялық жырларының түгелі дерлік алпыстан кейінгі шығармалары. Сөйтіп, «жаңа рух биігіне, әлемдік философияның хакімдік шыңына өрлеген кезеңі 1919-1928 жылдар» дейміз. Ал, біз әулиелік деп атап отырған соңғы үшжылдық сатыға келер болсақ, оған Ілияс Жансүгіровтың жеке архив қорында сақталып, бүгінге жеткен «Иманым» деген 28 өлеңнен тұратын үлкен циклі дәлел. Бұл циклді ақынның өзі «70 жасымда жазғаным» деп көрсеткен.
Жапандағы Шақпақтың бөктерінде, жалғыз тамның іргесіндегі киелі Обалы биіктің басында отырып, жылдар бойы адамның болмысын ғана емес, хайуанаттар мен өсімдік әлеміне дейін терең ізерлеп, әрбірінен Құдайдың ісін көрген (мұны мұсылман ілімінде «тәфаккару фиғла иллаһи» дейді) Шәкәрімге тылсымның сырлары мысқылдап ашыла бастаған деу керек. Бұған, қайталап айтайық, «Иманым» жинағындағы сырлы сөздері дәлел. Тегінде бұл жинақ хакім Шәкерім ойшылдығының шыңы, «күллі әлемнің Шәкәрімі» деуге тірек етерлік ең қымбат бөлігі. Мұны, яғни, Тәңірінің ісін ойлану, жанды тану мен хақиқат-ар туралы өлеңдері барша адамзатқа ортақ шедевр ­ маржандар екенін Шәкәрімнің өзі де жақсы білгендіктен: «Мен осыны айтып отырғанымда, – дейді ол Сәбеңе хатының соңында, – адамшылық арым барша адам баласына пайдалы деп 30 жыл инемен құдық қазып тапқан хақиқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің деп еркімді билеп, «Жан сыры», «Жаралыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім». Ғұламаның сөзінен өзінің философиялық поэзиясында барша адам баласына пайдалы хақиқаттар тұнған деп есептегенін көріп отырмыз. Осымен, Шәкәрімнің ойшылдық эволюциясын үстіде сөз етілгендей, төрт сатылы жүйеге салу қажет деген байлам жасаймыз.
Ескерте кетелік, төрт саты біз ойдан құрап отырған жүйе емес. Біріншіден, оған ғұламаның төл шығармашылығы бұлтартпас дәлел. Екіншіден, адам баласының рухани өрлеуінің төрт сатылы екендігі ғасырлар бойғы тәжірибеден өтіп, уақыт сынында тексерілген ақиқаттың бірі. Бұл жерде сөз ортағасырлық сопылық ілімнен, мәселен, әулие Иассауи хикметінен көпке аян төрт саты: шариғат (ғылым жинау деген мағынаны білдіреді), тариқат (тақуалық тазару жолына түсу), мағрифат (Тәңіріні іздеу, оны тану) және хақиқат (Тәңірі дидарына жақындау) туралы болып отыр. Олар жаңа тексерілген Шәкәрімнің рухани сатыларымен дәлме-дәл беттеседі.
20-шы жылдардың басында ақын дін тақырыбына қайта оралады. Олар негізінен «Тау басындағы ой» атты 8 жырдан тұратын циклге енген. Қолжазбада автор бұл топтағы өлеңдерді 64 жаста (1922 жылы) жазғанын көрсеткен екен. Жалпы, сипаты схоластикалық діни таным-сенімді мінеу болып табылатын бұл жырларында ойшыл хакім қатты сын айтады, мысалға:
Бұл кездегі діндердің бәрі нашар,
Ешбірі түзу емес көңіл ашар, – деп. Баршаға аян, бұл кезде жер шарының алтыдан бір бөлігінде дінсіз қоғам салтанат құрып жатты. Сондықтан, жырдың астарынан егер де діннің негіздері мен хақиқаттары бұрмаланбай дұрыс жеткізіліп отырған болса, адамзат мұндай бейшара хәлге тап болмас еді деген емеурін айқын сезіледі. С.Мұқановқа хатында өзінің «Жан сыры», «Жаралыс сыры» жайында жазылған өлеңдерін «бұл кезде халыққа тарату лайықсыз» дейтіні де сол. Мұрнынан шаншылып «Құдайсыздар қоғамын» құрып жатқан атеистік орта ол жырларды қалай қабыл алсын! Тағы бір айтайық, әлемдік ұстаздар адамзатқа ортақ, олар белгілі бір мәдениет пен өркениет қалыбына сыймайды, сондай-ақ, қала-қалама, дін шеңберінің де оларға тарлық қылатыны екі бастан мәлім. Кемеңгер философ ақынымыз Шәкәрімнің де «діншіл ақын» да, сол сияқты «сопы ақын» да емесіне қажетті дәлелді өз сөздерінен керегінше таба аламыз. «Шәкәрімнің діні» деген келелі тақырыпты тауыса айту мүмкін емес. Сондықтан, ғұлама М.Әуезовтың мынадай пікірімен сөзімізді түйіндейік.
«Адамның жаратылысы мен өзінің тұтынған діні турасында Абайдың ең үлкен мән беретіні – адамдағы сыншы ақыл, терең ой ғана болады», – деп жазады М.Әуезов. Осы пайымын Мұхаң былайша үстемелей түседі: «Нәтижеде …бар нәрсенің тетігі ой дегенге келеді. Сөйтіп, оның діні – сыншыл ақылдың шартты діні болып шығады». Сан буын қазақ баласы естіп, санасына құйып өскен ғұламаның осынау дәлді де әдемі пікірі Шәкәрім Құдайбердіұлына да әділетті екені хақ. Өйткені, ұлы Абайды «діншіл ақын» я «сопы ақын» деп ешбір қазақ баласы әлі айтқан емес. Олай болса, Шәкәрімді ұлы ұстазынан бөлектеуге ешбір негіз жоқ. Сөйтіп, Шәкәрімнің діні де – сыншыл ақылдың шартты діні десек, «қажы аруағына қиянат жасағандық болмас» деген ойдамыз.
Ескертер бір жай, 45 жасында да, 60 асқанда да, Шәкәрім ислам дін тұтынушы хақ мұсылман болған. Ал, «сыншыл ақылдың шартты діні» деген түйінді сөздің мәнісі діннің ақиқатына, Абайша «діннің хақ мағрифатына» жеткен данышпан деген мағынаны білдірмек. Айталық, алыс көкжиектер биікке шыққан сайын ғана алақанға салғандай анық көрінеді емес пе. Немесе жақындауға еш мүмкіндік жоқ, тек алыста ала-құлаң қарайған нәрсені жай көзбен шолған қандай, дүрбі салып қараған қандай? Шәкәрім кейбір имамдармен міне, осы үшін, өз сөзінше «үш анық» үшін сайысқа түскен.

Ерлан ОМАРОВ,
Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің магистранты

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.