АЗАМАТ, ҚАЛАМГЕР, ҚАЙРАТКЕР

  • 02.08.2019
  • 36 рет оқылды
  • 0

Атам қазақтың: «Ісіне қарап кісіні таны, сөзіне қарап адамның өзін таны» деген қанатты сөзі бар. Сол айтпақшы, осыдан елу жылдай бұрын мерзімді басылымдардағы жазған жазбалары арқылы Марат Тоқашбаевтың журналистік қарым-қабілетін, жазушылық-публицистік ой-өресін тани бастаған болатынбыз. Сөйтіп, алдымен сөзін, кейіннен өзін білдік. Бұл өткен ғасырдың 70-жылдары еді. Ол тұста біздер Қазақ мемлекеттік университетінде оқитынбыз. Олар – журналистика факультетінде, біздер – филология факультетіндеміз. Оның жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, іс-әрекетінен орта мектептен кейін бірер жыл қызмет етіп, тәжірибе жинақтап келгенін, едәуір ысылғанын байқауға болатындай еді. Содан бері зымырап жарты ғасыр уақыт өте шығыпты.

Міне, солайша, алдымен салиқалы сөзімен, сарабдал ойларымен сырттай танысқан Марат Байділдаұлы бүгінде елге белгілі қаламгер, саңлақ саясаткер, қоғам қайраткері, тәжірибелі публицист ретінде 70 жасты еңсеріп отыр.

«…Журналистиканың дауылды да, жауынды жолдарымен зырлап жүріп, кезінде жер түбі сияқты көрінетін 70-ке қалай жеткенімді өзім де білмей қалыппын… Тіршілік орнында тұрмайды екен. Өмірдің толқыныстарын, қоғамның бұлқыныстарын көзбен көрдік. Армандаған азаттығымызға, тамсанған тәуелсіздігімізге қол жеткіздік» дейді өзі өмір жайлы толғанғанда. Осы жылдар арасында ол «Халық кеңесі», «Білім және еңбек», «Заң», «Қазақстан-Заман» секілді бірқатар басылымдар мен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында басшылық қызметтер атқарып, өзін іскер ұйымдастырушы, білікті басшы екендігін көрсете білді. Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі, профессор атанып, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығын алды. Қазіргі күнде ол республикалық қоғамдық-саяси «Президент және Халық» газетінің Бас редакторы, құрметті атақтар мен марапаттар жөніндегі Республикалық кеңестің төрағасы. Оның қаламынан 15 әдеби-көркем, танымдық-публицистикалық кітабы жарық көрді. Мәкең шығармашылығының тақырыптары да саналуан. Ол бүкіл өскелең өміріміздің барлық салаларын қамтиды. Атап айтқанда, қоғамдық-саяси, рухани-әлеуметтік, адамгершілік-имандылық мәселелері мен бүгінгі демократиялық жаңарулар, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, отбасылық құндылықтар секілді тақырыптар. Оның ел мен жердің, тіл мен діннің, әдебиет пен мәдениеттің тағдыры талқыға түскен кейбір принципті жайттарда өз ойын бүкпей айтып, оған дер кезінде үн қосып отыруының өзі оның азаматтық ұстанымының беріктігін, елжандылық сезімінің жоғарылығын, парасат пайымының биіктігін танытады. «…Өз басым пікірімді ешқашан бүгіп қалған емеспін. Айтатын жердің бәрінде, көпшілік ортасында, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде айтарымды айтып жүрмін. Сондай, соңғы екі-үш жылда жазылған посттардың өзі бір кітап болыпты» дейді қаламгер «Сөз-семсер» атты биыл жарық көрген кітабының алғы сөзінде.
Публицист-жазушы алған тақы-рыбындағы әрбір негізгі мәселені байыбына барып, мұқият зерттеген соң, қопара қазып жазады. Оған соңғы жылдары шыққан «Дәуір дүрсілі», «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары», «Сөз-семсер», «Бақыттың кілті» секілді іргелі кітаптарындағы жазбалар дәлел. Аталған еңбектердегі жарияланымдар көпжылдық тәжірибенің, зерделі зерттеулер мен жан-жақты ізденістердің, қажырлы еңбектің нәтижесі. Айталық, «ҚазАқпарат» баспасынан 2009 жылы жарық көрген «Дәуір дүрсілі» атты көлемді еңбегі публицист-қаламгердің ғасырлар тоғысында болған дүбірлі оқиғаларға өзіндік көзқарасы мен ой-толғамдарын білдіреді. Мұнда, әсіресе, Қазақстанның тәуелсіздік алған кезеңі, қазақ мемлекеттігінің қалыптасу жолдары үлкен тебіреніспен беріледі. Ширек ғасыр уақыттың тіршілік тынысын аңғартатын бұл туынды Қазақ елінің бодандықтан – бостандыққа, партиялық тоталитарлық жүйеден – демократиялық өзгерістерге аяқ басуын, ұлттық мемлекет құрудағы қиын да күрделі кезеңдерден өтуін жан-жақты баяндайтын кең құлашты публицистикалық шежіре-еңбек. Оның «Құлдық психологиядан – ұлттық санаға» деп аталатын алғашқы тарауында кеңестік кезеңдердегі коммунистік партияның жариялылық саясатының кезінде қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді сақтау, сана-сезімді ояту, қазақ халқының тарихын жаңаша қарастыру, қазақ тіліндегі балабақшалар мен мектептерді көбейту, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуді жетілдіру секілді жайттар сөз етіледі.
Кітаптың «Азаттық таңы алдында» деп аталатын тарауындағы бөлімдер «Егемендік екі айналып келмейді», «Референдум», «Еңсе көтерудің елдік нышандары», «Басқарудың президенттік формасы» секілді жиырмадан астам тақырыптармен берілген мақалаларды қамтиды. Бұл тараудағы әрбір мақала сол кезеңнің үнін, тіршілік жағдайын танытып тұр. Үшінші және төртінші тараулар «Тәуелсіздік – тынысым», «Демократиялық қоғаммен ұлттық мемлекеттікке!» деп аталған. Бұл тараулар да тақырыптарына сай өз міндеттерін, өз жүктерін көтеріп тұр деп айта аламыз. Мұнда, автор егемендік алған еліміздің алғашқы қадамдары, ұлттық мемлекет құрудың ерекшеліктері, ондағы Елбасы, Тұңғыш Президент – Н.Назарбаевтың ерен еңбегі жайлы толғаныстарын жазады. Ұсынылған мақалалардағы Президент резиденциясының «Ақорда» (1991 ж.), ел астанасының «Елорда» (1998 ж.), мемлекеттік рәміздеріміздегі гимннің «Әнұран» (1991 ж.), гербтің «Елтаңба» атаулары алғаш Мәкеңнің аузынан шығып, қаламынан туғанын бүгінде көпшілік жұрт біле бермеуі мүмкін. Сондай-ақ, мұнда бес рет қайта сайланып, ұзақ жылдар бойы Ресейдің Кемерово облысын басқарған қазақтың біртуар азаматы, РСФСР халық депутаты Аман Төлеевті (1991 ж.), мажарстандық тілші-ғалым Иштван Қоңыр Мандокиді (1984 ж.) қазақ оқырмандарымен тұңғыш таныстырған да журналист Марат Байділдаұлы екені осы кітаптағы мақалалардан аңғарылады.
Кітаптың «Жүрегім менің – Жер шары» атты бөліміндегі әлемде болып жатқан айтулы жаңалықтар мен халықаралық ынтымақтастық, ондағы Қазақстанның өзіндік орны, НАТО және Қазақстанның байланысы, Кавказдағы қақтығыс, шетелдегі қандас бауырлар тағдыры, бұрынғы Бүкілодақтық телевидениенің көрнекті өкілі, әйгілі халықаралық саяси шолушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фарид Сейфуль-Мүліковпен Таяу Шығыстағы қанды оқиғалар, Палестина мен Ливан халқының Израиль басқыншыларына қарсы әділетті күресі туралы болған әсерлі әңгімесі автордың сарабдал саясаткерлігін танытатын, оқырман назарын өзіне ерекше аударатын тартымды жарияланымдар. «Туған жердің тұлғалары» атты бөлімде қазақтың қадірменді ақсақалы Халифа Алтай, көрнекті журналист-жазушы, қазақ баспасөзінің ірі қайраткерлерінің бірі Сарбас Ақтаев, қазақ театр өнерінің әйгілі өкілі, атақты режиссер-ұстаз Асқар Тоқпанов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сәбит Жаданов, Нұрмұхамбет Әжіметов, еңбек ардагері, ұжымшар өндірісінің ірі ұйымдастырушысы Сағыныш Есбергенов, айтулы түрколог-ғалым Алтай Аманжолов, қазақ мұнайының атасы атанған даңқты мұнайшы Сафи Өтебаев сынды бірқатар елге белгілі азаматтар жайлы мазмұнды мақалалар, сыр-сұхбаттар орын алған. Бұл жинақ автордың 60 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық есебі іспетті деп атауға болады.
Жас ұрпақ тәрбиесі Марат Байділ-даұлының қалам тартқан негізгі тақырыптарынан саналады. Мәселен, мұның айғағы – «Астана Медиа Пресс» баспасынан 2007 жылы шыққан «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары» атты кітабы. Бұл еңбек халқымыздың ұлттық және имандылық құндылықтарына арналған. Онда имандылық иірімдері ел аузындағы тәмсілдер, өнегелі оқиғалар, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистері оқырманына түсінікті тілмен, нақтылы мысалдармен жеткізіледі. Кітаптың «Тәрбие – тал бесіктен» деп аталатын бірінші бөлімінде амандасу тәртібі, адалдық, патриотизм, ата-ананы құрметтеу, ана тілін қадірлеу, ата дініміздің артықшылықтары, имандылық, әділдік, шыншылдық, қайырымдылық, мейірімділік, кешірімділік, көмектесу, жанашырлық, сабырлы болу, алған қарызды уақытында қайтару, ынсап-қанағат ету, ақылдасудың пайдасы, кек сақтамау сияқты адамгершілік ізгі қасиеттер арнайы тақырыптармен әңгіме өзегіне айналған. Ал, кітаптың «Бүкіл әлем ізгіліктен нәр алған» деп аталған екінші тарауында ізеттілік, сөйлесе білу мәдениеті, рұқсат сұрау, кешікпеу, уәдеде тұру, кешірім сұрау, өсек айтпау, садақа беру сияқты имандылықтың қарапайым қағидалары тілге тиек етіледі. Үшінші бөлім «Қаперіңізде жүрсін» деген тақырыппен берілген. Мұнда автор күнделікті өмірдегі тамақтану тәртібі, «Айналайын» сөзінің мән-жайы, жүру-тұру, киіну мәдениеті мен ер балалардың сырға тағуы, қыз балалардың ашық-шашық кіндіктеріне сырға тағып жүруі сияқты мәселелерге мән беріліп, әр тақырыпқа қатысты халық даналығы мен ой маржандарына, пайғамбардың хадис-шарифтеріне назар аударылады.
Қаламгердің тек мерзімді басылымдарда ғана емес, «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жарияланған ой-тұжырымдары да оның шығармашылығынан ерекше орын алады. Сондай жазбалары, жоғарыда атағанымыздай жинақталып, «Сөз-семсер» деген атпен биыл «Астана Медиа Пресс» баспасынан жеке кітап болып жарыққа шығып отыр. Жинақта автордың қоғамдық өмірімізде болып жатқан аса маңызды оқиғалар мен кейбір елеулі құбылыстарға дер кезінде үн қосып, қоғамдық-саяси, мәдени-рухани мәселелерге ұлт мүддесі тұрғысынан өз пайым-пікірлерін білдіріп отырғанын байқаймыз. Мәселен, онда Қазақстанға АЭС салудың қажеті жоқтығын, жерлеу рәсімдеріндегі алалық, көпбалалы отбасыларға бірінші кезекте баспана беру, біздің қоғамымызда кездесетін әділетсіздік, білім, ғылым, құқық қорғау т.б. салалардағы көзбояушылық пен сыбайлас жемқорлық, қазақстандық киноның қойыртпақтары, еліміздің моноұлттылығы, біздегі зейнетақы мөлшерінің төмендігі, Білім министрлігі қызметіндегі былықтар мен бассыздықтар орынды сыналады. Осылармен қатар, Америкалық аборигендердің даналықтары, үнді философы Чанакьянның 15 қағидасы, өмірдің жаһандық заңдылықтары, ер адамға қатысты тиымдар, Димекеңнің ұлтының татар еместігі, Түркиядағы жорық мерекесі, Ресейдің ақпараттық экспанциясына тосқауыл қою, қазақ теңгесінің өмірге келуі, Париждегі қазақтар, Арафаттағы репортаж, исламға қарсы дұшпандық секілді алуан түрлі жазбалар қамтылған. Аталған жарияланымдар жеңіл оқылып, оқырманын жақсы ойларға, ізгі ниеттерге жетелейді.
М.Тоқашбаевтың еңбектерінің ішіндегі айрықша туындысы жан жары Раушан Каршаловамен бірге жазған «Бақыттың кілті» атты отбасылық құндылықтар, ұлттық әдет-ғұрып, халықтық салт-дәстүрлер жайлы кітабы (Алматы: «Астана Медиа Пресс» баспасы, 2019).
Отбасы – қазақ қоғамында қашан да қасиетті де қастерлі болған. Өйткені, отбасы қазақ мемлекеттігінің алтын тірегі. Отбасы мекем болса, қазақ қоғамы да берік болады. Оның негізі де мығым әрі мықты болады. Сондықтан, еңбекте ерлі-зайыпты өмірдің қарапайым қисын-қағидалары, ондағы имандылық иірімдері сөз етіліп, олар отбасылық бақыттың, ұрпақ тәрбиесі құндылықтарының үлгі-өнеге аларлық жарқын мысалдары арқылы бүгінгі жастар санасында, барша қазақ жұртында ізгі көзқарастар, орнықты ой-түйіндер қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда «Бақыттың кілті» кітабы отбасын құратын немесе құрған жастар үшін, ата-аналар қауымы мен жалпы оқырман көпшілік үшін пайдалы еңбек деуге болады. Кітап алғы сөзбен бірге кіріспе ретінде берілген ерлі-зайыпты авторлардың сұхбатымен ашылған. Онда, олардың отбасылық өмір туралы ой-толғамдары, бала тәрбиесі, ер-азаматтың, әйел адамның міндеттері мен тәртібі, ер адам мен әйелінің арасындағы сыйластық, ата-ананың орны, ұлттық салт пен ата-дәстүр үлгілері, ғашықтық, махаббат, түсіністік, рухани үйлесімділік сынды жайттарға ден қойылды. Ал, рухани үйлесімділік пендешіліктен биік болып, имандылық қағидаларын жоғары ұстай білгенде ғана болатыны ескертіледі. Бұл еңбек негізінен қазақ халқының өміршең әдет-ғұрыптарын, озық ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттайды. Бірінші бөлімде берілген «Отбасы кодексі» үйленген жас жұбайларға күнделікті өмірде пайдаланатындай бағдаршам секілді. Кодексте ерлі-зайыптылардың ортақ міндеттері, ер-адам мен әйел адамның әрқайсысына қатысты өмір сүру қағидалары ажыратылып беріледі.
Кітапта отбасы құрған қыз бен жігіт бір-біріне сүйіспеншілік пен адал пейіл танытуы, өз мәселелерін өздері шешіп үйренуі, отбасындағы жауапкершілік, адамгершілік, кешірімділік, қамқорлық, ер адамның міндеттері, отбасы берекесі – иманнан екендігі, жөніңді айтып кету, ерін сыйлаған әйел жайы, тапқанды ұқсата білу, әдептілік, туыстарға оң қабақ таныту, әйел – үйдің берекеті, ортақ игілікке жанашырлық, отбасылық мәселелерді ақылдасып шешу сияқты қарым-қатынас құндылықтары сараланады. «Шаңырақ шырайының шарттары» атты екінші бөлімде ерлі-зайыптылардың сөйлесу мәдениетінен бастап, әйелдің ерін құрметтеуі, бірін-бірі сыйласуы, мақтаншақтық, қызғаншақтық, ата-баба дәстүріндегі әкенің орны, күйеу таңдау, жанұядағы еркек пен әйелдің бір-біріне адалдығы, кіршіксіз тазалығы секілді т.б. моральдық-этикалық мәселелер қамтылады. Кітаптың «Дәстүрімізді дәріптесек» деп аталған үшінші бөлімінде атастыру, ақыл-шай, құдалық, қоржын, өлі-тірі апару, киіт кигізу, құйрық-бауыр асату, той киімі, сыңсу, отқа май құю, келін шай, тойбастар, сәлем салу, абысындар институты, ене мен келін институты, қайын атаның орны, ененің тәрбиесі, бесік той сияқты ұлттық игіліктеріміздің мән-мәнісі түсіндіріледі. Төртінші бөлім «Жат дәстүрді жолатпа!» деп аталған. Мұнда «арқан керу», стакан соғыстыру, «тентек» су қазақтың ата-дәстүрінде болмаған кірме дәстүрлер екені баяндалады. Соңғы бесінші бөлім – «Отбасылық өнеге». Бұл бөлімде есімдері елге белгілі, халқымыздың мақтанышына айналған көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиев, Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтан Сартаев, Қазақстан Журналистер академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаев сынды азаматтардың өнегелі отбасылық өмірлері жайлы сөз болады. Сондай-ақ, ислам дініндегі әйелдің мәртебесі, ата-ананың бала алдындағы міндеттері, баланың ата-анаға байланысты парыздары зерделеніп, үйленуге қатысты пайғамбар хадистерімен бірге «Ана өсиеті», «Әр нәрсе тегіне тартады», «Жәннаттағы сарай», «Үш насихат – бір дирхам», «Адамдық аты өшпесін», «Шынайы сенім», «Жеті жүз жылдық насихат» сынды тақырыптармен берілген терең мағыналы ғибратты діни әңгімелер келтіріледі. Бұл ретте әрбір тақырыптар Құран-кәрім сүрелері мен аяттарынан, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабаларынан, көрнекті дін ғұламаларынан бізге жеткен хадис-шарифтерімен бекітіліп дәлелденеді.
«Бақыттың кілті» кітабын оқи отырып, Марат Байділдаұлының шынайы ислам зерттеушісі екенін аңғармау мүмкін емес. Мұндай ғылыми ізденіске, зерделі шығармашылыққа тек сәт-сапар тілейсің. Жалпы, бұл кітап үлкенге де, кішіге де ой салатын, әсіресе, отбасы құратын жас жұбайлар үшін, ата-аналар мен ұстаздар қауымы, бүкіл оқырмандар жұртшылығы үшін аса қажетті еңбек деп айта аламыз.
Қорыта айтқанда, «Жетпіс – жеттің, пістің» демекші, Марат Байділдаұлы Тоқашбаевтың «Сөз-семсер», «Бақыттың кілті» кітаптарын оның «жетіп-піскен» 70 жылдық мерейтойы қарсаңындағы шығармашылық есебі ретінде оқырмандарына, қазақ қоғамына ұсынып отырған тарту-сыйы деп қабылдағанымыз абзал.

Бақтияр Сманов,
ҚР ҰҒА академигі, профессор

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.