Т. Драйзердің «Американдық трагедия» шығармасының орыс және қазақ тілдеріне аударылуы

  • 10.12.2012
  • 5966 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Американдық трагедия» романының ау­дарылу тарихын қарастырайық. Оның орыс­ша нұсқасы бірінші рет 1928 жылы З.Вершининаның тәржімалауымен шыққан. Бұл нұсқа С.С.Динамовтың басқаруымен басылған 1928-1933 жылдар аралығындағы 12 томдық шығармалар жинағына кірген еді. Сонымен қатар, бұл романды 1936 жылы Д.Горфинкель мен Л.Далгер де аударған. Келесі бір аударма нұсқасы 1950-1955 жылдары И.И.Анисимовтың аударуымен жарық көрген 12 томдық шығармалар жинағына енгізілген. Бұл тәржіманы З.Вершинина мен Н.Галь 1950 жылы жасаған еді /1,309/.
Т.Драйзердің досы Джон Роббин: «Теодор қолына қалам алса болды, ол шындықты жазады», – деп биік баға берген. Осы классик жазушының көптеген туындыларының ішінен «Американдық трагедия» шығармасы ғана қазақ тіліне аударылған. Кітаптың бірінші бөлімін 1960 жылы қазақ тіліне аударғандар – Ғ.Аққұлов пен Ф.Дінісламов, ал, екінші бөлімін 1962 жылы Т.Ысмайылов тәржі­малаған.
Сатылы аударма дегеніміз – көркем шығар­маның бір тілден екінші тілге, т.с.с. болып аударыла беруі. Алайда, көркем шығарма қай тілден аударылып отырса, аудармашы үшін сол нұсқа түпнұсқа міндетін атқарады. Осындай сатылы аударма жағдайында аударма туындының көркем талаптарға толық жауап бере алуы, бір жағынан, ол аударушы үшін түпнұсқа міндетін атқарып отырған аударма нұсқаның көркемдік қуатына да байланысты. Бұл – көркем шығарманы бір тілден екінші тілге аударушы қаламгер мен сол екінші тілдегі үшінші тілге аударушы дүниетанымдарының, сезімдерінің, шығармашылық даралықтарының үндесуі деген сөз. Алайда, бұл үндестікті шығар­машылық ұқсастықпен, әдеби ағым­мен шатастырмау керек. Бұл – дара-дара таланттардың бір-бірін түсінуі, ықыластануы деген сөз. Яғни, әр аудармашының өзіндік ерекшелігі болады. Мәселен, З.Вершинина мен Н.Галь романды орыс ұғымына сай аударса, Т.Аққұлов пен Ф.Дінісламовтар қазақтың ұлттық менталитетіне сәйкес тіркестерді қолдануға тырысты. Енді кітаптың бірінші бөлімін қарастырайық. Аудармашылардың тәжірибесі бар болса да, осынау классикалық туындыны қазақ тіліне тәржімалаған кезде, көптеген кемшіліктер жібергені байқалады. Автордың стилін сақтай отырып, аудармашылар кейде басы артық сөз қосып немесе кейбір келелі ойлар айтылған жерлерді қалдырып кеткен. Мәселен, Эйса Грифитстің 1-ші аяттан кейінгі айтқан уағызы, яғни, бір азат жол аударылмай, түсіп қалған. Түпнұсқада:-Все люди – грешники перед лицом господа! – провозгласил он. – Доколе они не покаялись, доколе не приняли Спасателя, его любовь и всепрощение, не видать им счастья, душевной чистоты и непорочности. Друзья мои! Если бы вы знали, какой мир и покой нисходят на того, кто всем сердцем постигает, что Христос жил и умер ради всех нас, что он сопровождает нас ежедневно и ежечасно, при свете и во мраке, на рассвете и на закате дня, дабы поддержать и укрепить нас для трудов и забот, вечно стоящих перед нами. Да, всех нас на каждом шагу подстерегают западни и ловушки! Но как утешительно сознание, что Христос всегда с нами, дабы советовать нам и помогать, ободрять нас, исцелять наши раны и облегчать наши муки! Благая мысль, кокой она дарит покой и довольство /3,23/.
Аудармашылар бір азат жолды қалдырып кеткен. Бұл, әрине, дұрыс емес. Кейбір кезде дәл осындай мәнге толы, мағыналы сөйлемдер мен азат жолдар шығарманың мазмұнын ашуға көмектеседі. Мүмкін, аудармашылардың мұны тәржімалағаны таза діндік тұрғыдан шығар. Бірақ, біз бұл азат жолдың мазмұнына үңіліп қарайтын болсақ, онда мынадай сөйлем бар: «Да, всех нас на каждом шагу подстерегают западни и ловушки!» Бұл сөйлемге назар аударсақ, онда оның шығарма мазмұнына әсері бар сияқты. Яғни, Клайд есімді кейіпкерге уағыз ретінде, оны алдын-ала болашақ жайлы ескертіп отырған ой ретінде қабылдауға болады.
Аударма бойында дәл осы сияқты олқылықтар көптеп кездеспесе де, өкінішке орай, кем емес. Келесі бір мысалға назар аударайық.
Түпнұсқа: The air was thick with misery /2,24/.
Орысша: Воздух был насыщен не­счас­тьем /3,37/.
Бұл сөйлем қазақша тәржімаланбаған. Сондай-ақ қазақша нұсқасында: Роберта ән салып жүріп: «Құтылмайтын сын сағатқа тап болып еді», – деген сөйлем түпнұсқа мен орысша нұсқасында жоқ. Аудармашылар мұны өз ойларынан қосқан.
Нақыл сөздердің аударылуына барлау жа­сайық. Түпнұсқа мен орысша нұсқасында беріл­ген 8 нақыл сөздің тек 4-уі ғана қазақ тіліне тәржі­маланған. Төмендегі мысал сөзбе-сөз тәсіл арқылы аударылған:
Түпнұсқа: «If ye’have faith as grain of mustard seed, ye shall say unto this mountain? Ramove hence to yonder place, on it shall move; and nothing shall be impossible to you» Matthew 17:20 /2, 15/
Орысша: «Если вы будите иметь веру с горчичное зерно и скажете горе сей: Перейди отсюда туда, – и она перейдет и ничего не будет невозможного для вас». От Матфея, 17,20 /3,27/
Қазақша: «Егер, көңілінде бұршақтың үлкен­дігіндей сенім болса, әне бір тұрған асқар тауға: Қозғал орныңнан десең – қозғалады ол, сөйтіп, сенің қолыңнан келмейтін нәрсе болмайды». Матфейден 17,20 /4,14/.
Т.Драйзер шығармасын аударудың ерекше­ліктерін сөз етуден бұрын, әрине, оның өз стилінің ерекшеліктерін қарастыру керек. Т.Драйзер – ұлы жазушы, роман жазудың үлкен шебері. Ол ерекше дарынды суреткер. Сондықтан да, шын­дықтың элементтерін кез-келген туындысында шығармашылық шеберлікпен әдемі құрастыра білді. Оның данышпандығы да, ең алдымен, осы шындықты нақ сол күйінде жаза білуі.
Ұлы жазушының шығармаларын өз үнімен, өз бояуымен, өзіне тән көрік-келбетімен жеткізе білу – зор жетістік.
Көркем аударманың ең қиын проблемасы – ұзақ күрделі құрмалас сөйлемдерді аудару. Әдебиеттің бірінші элементі сөз болғандықтан, көркем аудармада әрбір сөзге мән бермеске болмайды. Жазушының суреткерлік өнері де тек қана сөз арқылы ашылады. Көркем шығармадағы әрбір сөз бүтін денедегі табиғи мүше сияқты. Оның әрқайсысының алатын орны, атқаратын міндеті бар. Түпнұсқада белгілі бір мағыналық міндет атқармастан бос тұратын бірде-бір қысыр сөздің табылуы да мүмкін емес.
Белгілі теоретик М.Әуезов «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері» деген еңбегінде де құрмалас сөйлемдерді орынсыз бөлшектей беру дұрыс емес деп айтқан…
М.Әуезов: «Тек дәл аудару ғана үлкен жазу­шының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатын болады, бұл жөніндегі дәл аудару дегенді мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару деп түсінемін. Сондықтан да, сөйлемдер бөлшектенбеуі керек» /5,295/.
Ә.Сатыбалдиев өзінің «Рухани қазына» атты еңбегінде: «Кейбір аудармашылар күрделі сөйлемді құрғанда, түпнұсқаның ықпалынан бойын жаза алмай, қазақша сөйлемді теріс құрып қояды. Онда, не сөйлем мүшелері өзара байланыспай, қиыспай қалады, не жеке сөздердің мағынасы айқындалмай, көмескі тұрады, не болмаса, ішкі сөз тіркестері орысшаның ығымен керісінше тізіледі де, мағынасы бұлдыр, жаңылтпаш тақылетті бірдеңе болып шығады» /6,141/.
Түпнұсқа: And the glances drilled her like an invisible ray gor she was pleasing to look at and was growing more attractive hourly. And the moods in others awakened responsive moods in her, those rearranging chemises upon which all the morality or immorality of the world’s based /2,32/.
Орысша: И взгляды юношей пронизывали ее, как невидимые лучи, потому, что она была хорошо собою и с каждым часом становилась все привлекательнее. И влечение молодых людей пробуждало в ней отклик, вызывало те преобразующие и безнравственности мира /3,32/.
Қазақша: Бозбалалар назар аударғанда, көздері олардың өңменінен өтіп кете жаздайтын еді, өйткені, келбетті келген қыз күн санап көркейе берген де болатын, жастардың құлаған көңілі қыздың жүрегін қытықтап, бұл дүниедегі көргенділік пен көргенсіздіктің бәріне негіз болған бойдағы жалынды қуатты оятып та жіберді /4,20/.
Біріншіден, орысшасы мен қазақша нұсқалары да сөзбе-сөз аударылған. Екіншіден, қазақша нұсқасындағы сөйлемдердің құрылысы дұрыс емес.
Осыдан аз-ақ бұрын «диалект» деп шетқақпай болып жүрген көп сөздердің қазір тіл қазынасынан лайықты орын алып, тамаша қызмет атқарып жүргенін дәлелдейтін мысалдар көп-ақ. Мәселен:
Түпнұсқа: «There’s going to be another one of our monthly blow outs tomorrow night, Clyde, around at Frissell’s”, Ratterer had said to him /2,55/.
Орысша: – Завтра вечером мы устраиваем у Фриссела очередной кутеж, – сказал ему Ретерер /3,70/.
Қазақша: Ертең кешке біз Фрисселде отырып көңіл ашамыз, – деді оған Ретерер /4,62/.
Орысшасы да, қазақшасы да американ­дықтардың «blow out» слэнгін, орысша «кутеж», қазақша «көңіл ашамыз» деген жаргондар арқылы жақсы берген, яғни, кейіпкердің сөйлеу мәнерін жақсы жеткізген. Яғни, осы бір мысалдың өзінен-ақ біз диалектінің де аударма өнерінде маңызды рөл атқаратынын көреміз.
Слэнг – көбіне ауызекі тілде қолданылады. Сонымен қатар, ол қарапайым адамдар лексиконында жиі кездеседі.
Аударма өнері, аударма үлгілері, ең алдымен, әр дәуірдің жемісі болғандықтан да, әр кезеңде түрліше бой көрсетуі заңды. Сондықтан да, біздің келесі қарастыратын мәселеміз – «Американдық трагедия» романының екінші бөлімінің аудармасы. Оны қазақ тіліне трансформациялаған – Т.Ысмайылов. Осы орайда айтатынымыз, Т.Ысмайылов аударған бұл нұсқа алдыңғы Ғ.Аққұлов пен Ф.Дінісламовтар тәржімалаған нұсқаға қарағанда, едәуір сәтті. Т.Ысмайылов өзін шебер аудармашы, әрі қазақ тілінің қыр-сырын жете білетін маман ретінде танытты. Аударманың негізгі талаптары – көркемдік дәлдік, талант, таным өрісі десек, дәл осы қасиеттерді біз Т.Ысмайылов жасаған аудармадан оңай табамыз.
Түпнұсқа: … that by once more conducting himself as though he still entertained a lively sense of the problem that afflicted her and that he was willing, in case no other way was found, to eventually marry her… /2,422/.
Орысша: … нужно вести себя так, словно он по прежнему живо озабочен ее положением и, на худой конец, если не найдется другого выхода, даже готов на ней жениться /3,459/.
Қазақша: … ол бейне бір баяғысынша оның қамын қабағат ойлайтындай және жаман айтпай жақсы жоқ, тіпті оған үйленуге де әзір сықылды болып көрінбек /4,8/.
Түпнұсқадағы «in case» /в случае/, орысшасын­дағы «на худой конец» – қазақша аудармасында «жаман айтпай жақсы жоқ» деп өте сәтті аударылған. Бір жағынан, қазақ ұғымына сай, екінші жағынан, қазақ тілінде дайын идиома арқылы берген.
Идиомалардың – мақалдар мен мәтелдердің және басқа тұрақты сөз тіркестерінің аударылу принциптері қай әдебиетте болсын, көркем аударманың неғұрлым зерттелген саласы /6,165/.
Ағылшын мәтініндегі «every possibility» / «всеми возможностями» – аударманың екі нұсқасында да өте сәтті берілген. Мәселен, орысша нұсқасында – «всеми правдами и неправдами»,қазақшасында – «ақ, қараны ақтара төгіп», идиомалық сәйкестіктері әр халықтың өзіндік ерекшелігін бейнелесе, әрі баламалары да дәл табылған.
Аудармада өте шебер аударылған тіркестер де кездеседі.
Түпнұсқа: But at the same time early in May, when Roberta, because of various gestative sighs and ailments, was beginning to explain, as well as insist, to Clyde that by no stretch of the imagination or courage could she be expected to retain her position at the factory or work later than June first…/2, 423/.
Орысша: В начале мая Роберта, чувствуя себя плохо и опасаясь, как бы ее состояние не заметили окружающие, стала настойчиво внушать Клайду, что при самых героических усилиях она сможет оставаться на фабрике не дольше первого июня… /3, 454/.
Қазақша: Майдың басында Роберта бойы ауырлап және өзінің жайын айналасындағылар сезіп қала ма деп қауіптеніп, ең ерленгенде, фабрикада бірінші июньге дейін қала аламын дегенді айтып, Клайдтың құлақ етін жей берді /4, 9/.
Біріншіден, айтатынымыз, аудармашы ешбір стильдік қате жібермей, сөйлем құрылысын дәл сақтаған. Екіншіден, түпнұсқадағы «as well as insist, to Clyde» – орысшасында «настойчиво внушать Клайду» деп, ал, қазақшасында «Клайдтың құлақ етін жей берді» деп дәлме-дәл келтірген.
«Американдық трагедия» романы реалистік шығарма болғандықтан, оның өнбойында мақал-мәтелдер аз кездеседі. Мысалдарға көңіл бөлейік.
Түпнұсқа: «Oh, well, Fred, you mustn’t be too sure that I won’t one of these days. All good things come to him who waits, you know» /2,434/.
Орысша: – Откуда ты знаешь, может быть, я на днях выйду замуж. Счастье приходит к тому, кто умеет ждать /3,466/.
Қазақша: – Сен қайдан білесің, бәлкім, мен жуырда күйеуге шығармын, – дедім. – Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа /4,22/.
Берілген мақалдың баламаларын салыстырар болсақ, онда қазақша нұсқасы ұтымды табылған, ал орысша нұсқасы болса, жай сөйлем болып аударылған. Дұрысы: Терпение – добро /золото/.
Аудармашы Т.Ысмайыловтың жасаған аудармасы шебер аударма үлгісі деп айта аламыз.
Түпнұсқа: She was having preliminary pains – purely imaginary ones in her case /2,430/
Орысша: Она уже чувствует боли /чистейшая фантазия, плод перепуганного воображения/ /3,461/
Қазақша: Енді бойым ауырсынады дегенді шығарды. /тура ойдан шығарылған әңгіме, бұл қорыққанға қос көріндінің кері/ /4,17/
Бұл – мәтелдің өте сәтті табылған баламасы. Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеу /7,224/.
Т.Драйзердің «Американдық трагедия» романы реалистік туынды болғандықтан, ондағы образдар /адам образы/, соның ішінде, үй образы, табиғат көрінісі де шынайы, әрі жалаң берілген.
«Образ дегеніміз – эстетикалық мәні бар, ойдан шығару арқылы, әрі нақты, әрі жинақты жасалған адам өмірінің әсем суреті.» /7, 97/
Мәселен адам образының аудармасынан мысал келтірейік.
Түпнұсқа: In the office of the Country Coroner in the northeast corner of the building on Friday, July ninth, one Fred Heit, coroner, a large and broad – shouldered individual with a set of gray – brown whiskers such as might have graced a Mormon elder. His face was large and his hands and his feet also. And his girth was proportionate /2, 495/.
Орысша: Пятница, девятое июля, в здании суда в своем кабинете сидит следователь, некий Фред Хейт, – рослый, широкоплечий, с седеющей бородой, какою мог бы гордиться старейшина Мормонов. У него широкое лицо, огромные руки и ноги и соответствующих размеров туловище /3, 530/.
Қазақшасы: Сот үйіндегі өз кабинетінде бойшаң, кең иықты, мормондардың старейшинасы мақтан етерліктей – ақ сақалы бар Фред Хейт деген тергеуші отыр. Беті жап-жалпақ, аяқ-қолдары кесек біткен, тұлғасы да соған орай келген кісі /4, 93/.
Аударманың екі нұсқасы да сәтті ауда­рылған.
Аудармашы Т.Ысмайылов қаншалықты шебер аудармашы болғанымен, ол өзінің тапқырлығын мақал-мәтел тәржімалауда көрсете алмады. Мәселен, алдында келтірілген «мысықты өлтірудің әдісі көп» мысалы, сөзбе-сөз алынған балама. Сол сияқты мына бір мақал үлгісінің аудармасын қарастырайық:
Түпнұсқа: «It never rains but it pours» /2, 451/.
Орысша: «Пришла беда – отворяй ворота» /3, 484/.
Қазақша: «Пәле келсе – қақпаңды аш» /4, 42/.
Қазақша нұсқасы орыс тілінен сөзбе-сөз ауда­рылған. Аудармашы сәйкес болама таппаған. Т.Ысмайлов шығарманы аудару кезінде әр түрлі синонимдерді дұрыс, әрі шебер қолдана білген.
Түпнұсқа: And all his life he would have this with him now, – this thought! He would never be able to shone it off never, never, never /2, 529/.
Орысша: И всю жизнь его будет преследовать эта мысль. Никогда он не сможет от нее отделяться – никогда, никогда, никогда! /3, 567/
Қазақша: Оны ғұмыр бойы осы бір ой жегідей жемек. Бұл ойдан ол ешқашан да сейіле алмайды – ешқашан да, ешқашан да, ешқашан да! /4, 20/
Ол, яғни, «жегідей жемек», «сейіле алмайды» деген ұтымды синонимдерді өзара ұштастырған.
Біз «Американдық трагедия» романының қазақша нұсқасын талдаған сайын, аударма­шының сөзге бай, тілге жүйріктігін, мәндес сөздерді таңдап, саралап, қазақ тілінің мол қазынасынан тауып ала білуін тәржімашының таланты деп білеміз.
Иә, аудармашылық шеберлік білімді, тіл білушілікті талап етеді. Осы қасиеттерді бойына сіңірген Т.Ысмайылов шебер аударма үлгі­сін жасап шықты. 1960 жылдары аударма теориясы мен тәжірибесі әлі жетіле қоймаса да сол кездегі Т.Ысмайыловтың осы ұлы өнерге сіңген еңбегін теңдесі жоқ жетістік деп айтуға болады. Т.Ысмайыловтың бұл еңбегі – өзінің түпнұсқаға жақындығы және шебер жазылуымен құнды. Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Т.Ысмайылов сынды дарынды қаламгерлер кемде-кем. Және де, қазақ тіліне бірде-бір рет аударылмаған Т Драйзердің ұлы шығармасы «Американдық трагедияны» аудару – өте жауапты іс. Ал, осы істі тыңғылықты орындау бәрінің қолынан келе бермейді. Оны тек дарынды аудармашылар ғана орындай алады.
Айгерим МҰрзатаева,
аударма ісі магистрі

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Засурский Я.Н. Теодор Драйзер – М: Изд. Московского университета, 1977 г. – 319 стр.
2. Dreiser Theodore An American Tradegy – New York: 1962 г. -832p.
3. Т.Драйзер, Американская трагедия – М: Художественная литература, 1980 г. – 888 стр.
4. Т.Драйзер, Американдық трагедия – Алматы: Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1960 г. – 480 б.
5. Әуезов М. «Дворян ұясы» романының аудармасы туралы // Көркем аударма жайындағы ойлар – Алматы: Жазушы, 1983 ж.- T.14-376 б.
6. Сатыбалдиев Ә. Рухани қазына – Алматы: Мектеп, 1982 ж. -386 б.
7. Қабдолов З. Сөз өнері – Алматы: Мектеп, 1982 ж. – 386 б.

This article describes the translation of the novel of great American writer T.Dreiser “An American Tragedy” in Russian and Kazakh languages. Examples are compared in three languages.

Алдыңғы «
Келесі »