МӘҢГІ ЕЛДІҢ ҰЛТТЫҚ ҮЙЛЕСІМДІЛІГІ

  • 24.06.2019
  • 711 рет оқылды
  • 0

Жанұзақ ӘКІМ,

ғалым, Еуропа Жаратылыстану
ғылымдары академиясының академигі

Біздің дәуірімізге дейінгі VIII ғасырда Күлтегін мен Тоныкөктің кезінде пайда болып, он үш ғасыр бойы мүлдем ұмыт қалған «Мәңгі Ел» идеясын іске асыру Ұлы түрк қағанаттарының мұрагері Тәуелсіз Қазақстан мен Түрік республикаларының міндеті. Тұрар Рысқұловтың, «Орта Азия республикалары Қытай мен Ресейге көрші орналасқандықтан, олар тәуелсіздіктерін өзара мықты Одақ құру арқылы сақтай алады» дегені болашақта да маңызды бо-лып қалады.
Кезінде алашордалықтар екі мемлекет құрды:
– оның біріншісі Қазақ Автономиялық Республикасы;
– екіншісі Түркістан Республикасы.
1921 жылы құрылған Қазақ Автоно-миялық республикасы, 1936 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы, яғни, заң жүзінде дербес республика болып өзгерсе, ол 1991 жылы тәуелсіз Қазақстан Республикасы болды. Қазақстан Республикасы мемлекеттік институттарын дамытуда б.д.д. ІІ ғасырда Мөде қаған құрған ғұн мемлекетінен (ол мемлекеттің негізгі ұстанымы, «Жер мемлекеттің негізі») бастап, Құшан патшалығы (б.д.д. І ғ.- б.д.IVғ.), Аттила құрған Еуропадағы ғұн мемлекеті, «Мәңгі Ел» идеясын ұсынған Түркі қағанаттары, Дешт-Қыпшақ, Ақорда, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Ұлы моғол мемлекеті, Алашорда… барлығының тиімді жақтарын алуы керек. Заманауи мемлекет құруға талпынған алашордалықтардың еңбектерін, мысалы Ә.Бөкейхановтың ғылыми еңбектерін Кембридж универси-тетінде жоғары бағалап, М.Дулатовты Кемаль Ататүрк өзіне ұстаз санаса, М.Шо-қайдың күресін бүгінде Батыс пен Шығыс түгелдей мойындап, оған Парижде бюст қойылып, Петербордың құрметті адамы аталып, Қазақстанда да көше, мектеп аттары берілуде… Жер көлемі әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан, басқа түркі республикаларымен бірге жоғарыдағы мемлекеттердің мұрагері және солардың Мәңгі Ел идеясын жалғастырушы.
Мәңгі Ел идеясын іске асыру жолында түркі республикаларына ортақ тіл мен ақпараттық кеңістік және экономикалық Одақ құрудан бастау керектігі туралы Халықаралық Адам институтының 2013 жылғы бағдарлама-хатын Әзірбайжан, Қазақстан және Түркияның басшылары қолдады. 1992 жылы мүшелікке қа-былдарда Біріккен Ұлттар Ұйымы «…Қа-зақстан авторитарлық биліктегі ұлттық мемлекет» деген анықтама берді.
Тоталитарлық Кеңес Одағының ыдырауына негізгі себеп болған 1986-ның желтоқсаны немесе қазақ халқының азаттық көтерілісі алдымен қазақтың ұлттық санасын сілкінтіп, рухын оятып, көзін ашты, болашаққа сенім берді. Ол үш ғасыр бойы отарлық кездегі азаттық үшін болған 300-ден астам қозғалыстар мен көтерілістердің қорытындысы еді. Ғасырда бір болатын «Желтоқсан-1986-ны» жылдың бір күнінде еске алу емес, ол, мысалы, француздардың Бастилияны алған күн – Францияның ұлттық идеясына айналған символы сияқты әрқашан да мәңгі есте жүретін Ұлттың ұлы мейрамы болу керек.
Біз, Ұлт тағдырында шешуші рөл атқарған, ғасырда бір рет болатын осындай елеулі оқиғаларды құрметтеп, оларды бағалағанда ғана, азаттықтың құнын түсінген төрт құбыласы тең ел боламыз. Осы көтерілістің кезінде біз Мәскеуде аспирантурада болғанымызбен, ол, сол кездегі барлық исі қазақтың бодандық санадан арылуына ерекше әсер етті. Орталықтың, «Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаулысы қазақты қаралаумен қатар, керісінше, оның ұлттық санасын оятуда оң рөл атқарды. Басынан бақайына дейін коммунист болғандардың өздері «Мен кіммін? Тегім кім? Тарихым қандай?…» деген сұраққа жауап іздей бастады.
Мұрат Әуезов, Тимур және Мұрат Ғильманов т.б. ұйымдастыруымен 1963 жылы Мәскеуде құрылған қазақ жас-тарының атақты «Жас тұлпар» ұйымы оқыған жастардың санасын оятып, ұлттық зиялылардың қалыптасуында зор рөл атқарды. «Жас тұлпар» Алашордадан кейін-гі қазақ зиялыларының ХХ ғасырда қоғамға елеулі прогрессивтік серпін берген ұйым болды.
1987 жылдың қазанында М.О.Әуезов-тың 90 жылдығына арналған Мәскеуде өтетін шараның қарсаңында, сондағы 46 мыңдай қазақ студенттері мен аспи-ранттарынан екі қауымдастық құрылды. Оны құруда аспиранттар Қ.Тәжиев, А.Мырзахметов, Қ.Идрисов т.б. белсенділік танытты. Мәскеуде құ-рылған осы екі қауымдастықтың әлі күнге жұмыс істеп, уақытымен «Наурыз», «Тәуелсіздік күні» т.б. мейрамдарды өткізіп тұрғандары қуантады. Бұл қауымдастықтарды құрумен қатар, өзім үшін сол жылы қасиетті Құранды қазақшаға аударуға «Желтоқсан-1986-ның» тікелей әсері болды.
Жоғарыдағы аспиранттар Алматыға келгеннен кейін, Ө.Қожабергенов т.б. жастармен бірге 1989-1992 ж.ж. қаланың Наурызбай ауданының орталығы Тауса-малы, Ақжар т.б. жер аттары мен кө-шелерді түгелдей мемлекеттік тілге ауыстыруға және жаңадан қазақша орта мектеп, бала-бақша ашуға атсалысты. Бұл жұмыстардың іске асуына сол кездегі Қаскелең ауданының басшылары Мәриям Жүйріктаева, Аян Айтжанов, Мәдениет Қаркеновтер жақсы көмектесті.
1990 жылы республикалық «Азат» қозғалысының құрылуы қоғамдағы елеулі оқиға болды. Осы қозғалыстың құрылтай жиналысында ел қай бағытта даму керек, оның идеологиясы қандай болмақ, тәуелсіздік қалай баянды болады… т.б. қоғам алдында кезіндегі алашордалықтардың аяғына дейін жет-кізе алмай кеткен, ғасырларға созылған бабаларымыздың арманына айналған Ел азаттығы мәселелері тұрды. Сол кезде ол сұрақтарға бірден жауап табылмағанымен, әркім оны өзінше іздеуге кірісті. Сол жылы академиктер Ә.Қайдар, Ш.Сарыбай, Ө.Айтбаевтардың басшылығымен «Халықаралық қазақ тілі» қоғамының құрылуы да қоғамды елең еткізген оқиға болды. Осы қоғамның ашылу Құрылтайында елдегі ағайын оның атын «Ана тілі қоғамы» деп қояйық дегеннен аса алмады. Сол Құрылтайда Венгриядан келген ғалым, қыпшақ бауырымыз Иштван Қоңыр Мандоки, «Әр халықтың өзінің ана тілі бар. Қазақтың елінде, қазақ жеріндегі қоғамның аты да «Қазақ тілі қоғамы» болу керек» деген ұсынысы қабылданды.
Иштван Қоңырды елде, Халықтардың Ұлы көшімен қазақ даласынан б.д. IV-Vғғ. барып Венгрияда (Паннония) астанасын салып, Еуропадағы Ұлы ғұн мемлекетін құрған Еділ патша (Аттила) және ХІІІ ғ. Қотан ханмен барған қыпшақтың ұрпағы ретінде қабылдады. Қысқа өмірін түркі халықтарының тілі, тарихы, мәдениетін зерттеуге және ғұмырының әр сәтін қандастарының азаттығы жолындағы кү-реске арнаған Иштван Қоңырдың сегіз ғасырдан, яғни, 30-34 ұрпақтан кейін, әкесінің өсиетін орындап, ұлы сағынышты арқалап елге келгенін сол кезде, біздер толық түсіне алмадық. Оны ширек ға-сырдан кейін, Төлеген Айбергеновтің «Сағынышын» тыңдағанда түсіндік.
Бұл шағын поэмада ақын, бабалар арманы, өмірге, табиғат пен туған жер, оның қара тасына деген сағыныш… ғасырлар бойы қалғып кеткен сананы оятатын ерекше туынды, ұлы ақынның адамзатқа өсиет қылып қалдырған ұлы сағынышы… Ұлы ақынның уақыт пен кеңістік шеңберінен шығып кеткен осы сұңғыла жырында кванттық биология, кванттық сана мен психологияның сырларын «түсінудің кілті» жатқан үшінші мыңжылдықтың сыр сандығы екенін бүгінде екінің-бірі түсіне бермейді?! Себебі, ғасырлар бойы қалғыған сананы сілкінтіп, ар мен намысты болаттан соққан қылыштың жүзіндей қайрамай, Махамбеттің «Ұлы арманы» жолында күрес жолына түсу, осы ұлы сағыныштан басталады. Сағыныш-арман-күрес-азат-тық! Ұлы сағыныш болмай, азаттық келмейді. Бізге, оны іске асыру үшін:
…Тебінгіні терге шірітіп,
Терлігін майдай ерітіп,
…Ат үстінде күн көріп,
Ашаршылық шөл көріп,
…Найзасынан қан тамып,
…Қанды көбік түкіріп,
…Жолбарысша жорытып,
Бөрідейін жол жатып,
Жауырынына мұз қатып… – жүретін ерлер ғана тәуелсіздікті баянды етіп, азаттық таңын атырады!
1991 жылы казактар Жайық бойын-дағы Орынбор, Орал, Атырау облыстарын біріктіріп Автономиялық республика құруға кірісті. Мақсаттары біздің екі облысты Қарашығанақ, Теңіз т.б. мұнайгаз кен орындарымен Қазақстаннан бөліп алу. М.Горбачевтің кезінде осындай жолдармен Әзірбайжаннан Карабахты, Молдавиядан Днестр аймағы автономиялық республикасын бөліп алған еді. РФ-дың осындай саясаты Грузия мен Украинада жалғасуда. Казак-тардың жоспары бойынша 1991 жылы Днепрден Байкалға дейінгі «Үлкен шеңберінің» атамандары Оралда жина-лып «Патшаға қызмет еткендерінің 400 жылдығын атап өту» деген желеумен қылмыстарын іске асыру еді. Осы казак-тардың түркі-қыпшақтың тікелей ұрпағы екенін тарихи деректер мен соғыс кезінде жараланған казакка құйған славян т.б. халқы өкілдерінің қандары жарамай, тек қазақтың қанын құйғаннан кейін жазыл-ғаны, олардың тұқымдарының бір екенін көрсетті. Бірақ, отарлау саясатының қолшоқпарына айналып, тегі мен дінін ұмытып, адасқан казактармен жауласпай, олардың түбі бір түркінің ұрпағы екенін түсіндіру біздің міндет. «Қазақ пен казак бір туған. Тарихты білу керек…» деген М. Шолохов. Осындай, Ел әлі тәуелсіздігін жарияламаған (Қазақстан ҚСРО 15 республикасының ішінде соңы болып -16.12.1991ж. жариялады) сын сағатта, Жер мен Ел тұтастығын сақтауда «Азат» қозғалысы шешуші рөлді атқарды.
1991-дің мамырының басындағы бір отырыста Оралдағы жағдай туралы ақпарат жасалғаннан кейін, Оралда «Азаттың» филиалын құрып, жер тұтастығын сақтау үшін іс-шара қабылдау туралы шешім қабылданды. «Азаттың» тең төрағалары – М.Есенәлиев, С.Ақатай, М.Әуезов, М.Тәтішев, М.Шорманов т.б. ішінен, осы мәселеде Сәбетқазы ағамыз ерекше белсенділік танытып, соның табан-дылығының арқасында Қозғалыстың облыстық филиалы уақытында құрылды. Филиалдың төрағалығына елге сыйлы азамат, ғалым, әрі батыр ағамыз Аманжол Зейнуллинді ұсындым. Облыстағы бірнеше кандидаттың ішінен ол келісімін беріп, университеттегі декандық жұмы-сын тастап іске кірісіп кетті.
Сол төрт айдың ішінде қаладағы қандастарымыздың үлесін өсіру мақса-тында облыстағы көпбалалы аналар мен ардагерлерге қала маңынан тегін жер берудің нәтижесінде, сол кезде қаладағы қазақтың үлесі 30%-ға жетпесе, бүгінде 70%-ға жетті. Осы тәжірибе Қостанай, СҚО, Павлодар, ШҚО… іске асыру бүгінгі күннің міндеті.
Тамыздың бесі күні А.Зейнуллин звондап, ұйымдастыру мәселесінің мәз емес екенін, араларында бірлік жоқтығын айтып Оралға келуді өтінді. Ертеңіне барғасын жиналысқа қа-тысып, жағдайды білгеннен кейін облыстағы белсенділермен ақылдасып, республикалық штаб құруға шешім қабылдадық. 1991 жылы құрылған ол штаб Президентке, облыс бас-шылығына, Украина, Солтүстік Кавказ халықтарынан бастап Сахаға дейінгі Ресеймен шекаралас халықтарға те-леграммалар жіберіліп, оған Саха, Шешенстанның т.б. жерлерден қолдау хаттар келді. Сол жылы Оралдағы оқиға туралы біраз жазылды. Сол күні Оралға Тараз, Шымкенттен бастап, Батыс өңірден он мыңнан астам адам, 700-ден астам атты сарбаздар т.б. жиналды. Автономия құрмақшы болып келген 80-нен астам атаман бір сағаттың ішінде қаладан қашып шығып, келген іздерімен кері кетті. Бұл тарихи шара болды. «Орал оқиғасының» тарихи маңызы:
– Қазтуғанның, «Еділ үшін егестік, Қиғаш үшін қырылдық. Жайық үшін жандастық…» дейтін, XV ғасырдан бері күрделі мәселеге айналған Жайық өңірі мәселесі түпкілікті оң шешімін тауып, Қазақстан тұтастығын сақтап қалды;
– Қазақ қоғамы біріккен жағдайда шешілмейтін мәселе жоқ екенін көрсетті;
– «Азат» қозғалысы т.б. ұйымдас-тыруымен өткен «Орал оқиғасының», билік араласқан «Желтоқсан-1986» мен «Жаңаөзен-2012-ден» айырмашылығы, оның қантөгіссіз, бейбіт және оң шеші-луінде.
«Азат» қозғалысы одан кейін Алматы-дағы Ф.Дзержинскийдің, Павлодар облы-сындағы Ермактың ескерткіштерін алып, сол облыстағы Ермак ауданын Ақсу ауданына өзгерту т.б. республикалық шара-ларды атқарды.
1992-1993 ж.ж. «Невада-Семей» қозғалысы мен Қазақстан халық Конгресі партиясының ұйымдастыру тобында Тайсойғанда болған 16 жер асты атом бомбасы жарылысының материалдарын Атырау облыстық экология басқармасының эколог-маманы Черновадан қозғалыстың жұмысына пайдалануға алып, ол жарылыстар және Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнында да бір рет жерасты атом бомбасының жарылғаны қоғамға жария етілді. Жоғарыдағы бомба жарылған шахталар бұл күнде консервацияда. Сол кезде Семей атом полигоны жабылды, бірақ, Қазақстан үшін полигондар мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Семейдегі екі миллиондай атом бомбасынан зардап шеккен ел азаматтары өздерінің пособиелерін әлі күнге алған жоқ және алты облыстың территориясындағы Ресей әскери полигонына 90 жылға берілген он млн гектар жер қайтарылған жоқ. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан радиоактивті жанармай гептилмен «Сатана» ракеталары әлі күнге ұшуда.
1993 жылы көктемде О.Сүлейменов пен М.Шахановтың тең Төрағалығымен құрылған Қазақстан халық Конгресі партиясының ғұмыры ұзақ болмады. Ол партиядан басында М.Шаханов шығып кетті. О.Сүлейменов 1993 жылы қарашада Пленум өткізіп, оның негізгі мақсаты алда қабылданатын Конституцияға қос мемлекеттік тілді кіргізу болды. Партияның бұл ұсынысына ұйымдастыру Комитетінен А.Айталы екеуміз қарсы болып, «мемлекеттік тіл біреу – ол қазақ тілі, ал, осындай ұсыныспен Пленум өткізіп отырған партия жабылу керек» деген талап қойдық. Айтимова, Гуняшев-ортада… Ақыры сол Пленумнан кейін партия ыдырады.
1991-1993 ж.ж. Л.Н. Гумилевпен кездескенде, «қазақ тұтас ұлт болып қалыптасу үшін ру-тайпалық қатынастардан қалай арылу керек?», «Қазақстанды Ұлы дала мемлекеті деп атауға бола ма?», «Мәңгі Ел идеясы Қазақстанның идеологиясы бола алады ма?»… деген сұрақтар қойып, оған жартылай жауап алынды. Сол кезде біз, жастар Гумилевке, өмір бойы тоталитарлық жүйемен күресіп, түрмеде екі рет отырған, азаттық жолындағы күрескер (диссидент) және түркі халықтарының тарихын жүйелі зерттеген бірден-бір ұлы тұлға деп қарадық. Шындығында ол сондай тұлға.
Ол, сұрақтардың жауабын өзінің Ұлы далаға байланысты негізгі ой-тұжырымдары жазылған «Көне Русь және Ұлы дала» кітабынан іздеуді және сол кітапты қазақ тіліне аударуды ұсынды. Бұл кітаптың аты да Ұлы даланың Ресей немесе оның құрамындағы жер емес, бөлек ландшафт, Түркінің атамекені екенін көрсетіп тұрды. Ғасырлар бойы отарлық кезде ұлттың рухы пәс, ар мен намыс аяқасты болып және тоталитарлық жүйенің құрсауынан шығып, тәуелсіздігін жарияламаған Қазақстан үшін, сол кезде осының өзі үлкен сүйеніш болды. Ол кітап, сол кезде Евроцентризмге қарсы күресте де таптырмайтын құнды дүние болды.
Ұлы дала терминін 1950 жылдары алғаш рет көрнекті француз ойшылы, тарихшы Рене Груссе «Дала империялары» монографиясында жариялады. Ол, Солтүстік Америкадағы «Ұлы жазық» (Великая равнина) сияқты Евразиядағы Днепр мен Ертіс өзендері арасындағы, ұзындығы бес мың шақырым кеңістікті «Ұлы дала» деп атады. Бұл географиялық атау. Осы Ұлы даланың негізгі бөлігін алып жатқан Қазақ елін, Ұлы дала елі деп атауға болады ма? Оның бір жауабын 1960 жылдары ақын Қадыр Мырзалиев, «…Туған жердің тылсым сырын ұғып көр, Бұлтын оның, бұлт демей бір түбіт дер. Көріп тұрып мынау Ұлы даланы, Қалай кіші боламыз-ей, жігіттер» деген жолдар арқылы берген еді.
Балқантау (Балкан түбегі) мен Байкал-дың арасын бабаларымыз ғұн-түркілер көне дәуірден өз жерім десе және бұл аймақта тасқа қашап жазылған түркінің руникасынан көз алып жүру мүмкін екенін ескерсек, ол біздің бабамыздың ата қонысы. Сондықтан, көне ғұн мен Ұлы Түркі қағанаттарының мұрагері Қазақ жерінің бір атауы (географиялық тұрғыдан) «Ұлы дала елі» болуы заңды. Сол жылдары осы мәселелерге Кемел Ақышев, Ақселеу Сейдімбеков сияқты ғалым ағаларымыз қолдау білдірді.
Елбасының 2018 жылғы бағдарламасы «Ұлы даланың жеті қыры» аталуы, осы терминнің ресми мемлекет атауының бір баламасы болғанын көрсетті. Бұл бағдарлама Қазақстанның рухани жаңғыруында маңызды рөл атқарады деп күтілуде. 1865 жылы Данилевский жариялаған Еуразия идеясы, сол кезде крепоснойлық құқық (Крепостное право) жойылып (сол уақытқа дейін шаруалар құқықсыз құлдар болып келді), шаруалар, яғни, қарашекпенділер Патшалық Ресей империясының отарлау саясатын іске асырып, жаулап алған жерлерді игеру үшін шет аймақтарға көшуге мүмкіндік алды. Мысалы, генерал Колпаковский 1860-1870 жылдары бір миллиондай қарашекпендіні қазақ жеріне көшіріп әкелді. Еуразиялық идея осы отарлау саясатын ақтау үшін пайда болса, оны 1930 жылдары Ресей империясын қалпына келтіруді аңсаған шетелдегі орыс эмигранттары Трубецкой т.б. дамытып, мемлекеттік жүйе ретінде ұсынған жартылай шовинистік ілімге айналды. 1990-шы жылдары Дугин сияқты орыстың ұлтшылдары, сол кезде ыдыраған ҚСРО-ға балама ретінде ұсынды.
Мәңгі Ел идеясы. Б.д. VIII ғасырда Күлтегін мен Тоныкөктің кезінде пайда болып, он үш ғасыр бойы мүлдем ұмыт қалған «Мәңгі Ел» идеясы және оны елге қайтару туралы Л.Гумилевтің пікірін білгеннен кейін, сол саланың маманы тарихшы С.Г.Кляшторныйға ұсыныс жасадым. Бірақ, ол, «бұл идеяның Орта Азия мен Қазақстанға қатысы жоқ, ол Монғолия мен Қытайдағы Шығыс Түркістанда пайда болған» деуден танбады.Түркілердің тарихы тап сол айтқандай кедей емес еді.
Түркілер бес мың жылдық тари-хында 144 мемлекет құрып, б.д. ІІ мыңжылдығына дейін ең көп қалалар салған (кейбір деректерде 150-ден астам). Оның ішінде б.д.д. 2700 ж. Қытайдың алғашқы өркениетін жасап, мемлекетін құрған Ордостан (көне ғұндардың астанасы) барған Хуанди бастаған ғұндар (оны «Қытайдың Геродоты» Сым-Цянь да растады). Қытайдың алғашқы өркениеті Ордостың айналасындағы Қытайдың бес қаласынан (Гансу, Шенси…) шыққанын, сол жерде 17 жыл археологиялық қазба жүргізген ұлы француз Тьер де Шарден дәлелдесе, б.д. IVғ. үшпатшалықтың орнына пайда болған жаңа өркениеттегі құмыралардың орнаменттеріне дейін түркілердікі екенін жапон, фин ғалымдары дәлелдеді. «Өзара бөлініп қырқысып жатқан ұсақ феодалдық қоғамды Үн-дістан мемлекеті қылып біріктірген түркілер» дейді Р.Тагор. Тіпті, Англия жеріндегі «Бретон» деген сөзден бастап, 327 топономика (жер, су, елді мекендер) аттарының түбірі түркінікі екенін проф. Давыдов т.б. дәлелдеді. Ал, Венесуэланың астанасы Қарақас немесе Аргентина мен Бразилияның шекарасындағы, әлемдегі ең ірі сарқырама Викторияны жергілікті үндістердің «Су иесі» деп атауы және Айова штатындағы (АҚШ) адай тайпасы қоғам құрып, музей ашып, өздерінің сайттары арқылы әлемдегі адайларды іздестіруде (олар б.д.д. ІІІ-ІІ мың ж. Байкалдан кеткен дайлардың ұрпақтары) т.б. түркінің тілінің жойылмайтын мәңгі екенін көрсетеді.
Профессор Давыдов «бізге дейін-гі атланта, лемур нәсілдері түркі ті-лінде сөйлеген» деген пікір айтады. Чуваштардың бабалары амазонкалармен бір тілде сөйлеген сибурлар (Сібір сөзі содан шыққан) Үнді мұхитының түбінде жатқан өркениет – лемурлардың ұрпағы болып саналады. Мысалы, амазонкаларда кеңінен пайдаланған «албасты» сөзі тек чуваштарда ғана емес, қазақ т.б. түркі халықтарында кеңінен тараған. Амазонка патшайымының 15 жасар Танаис атты ұлы ғашық болған қызы қарамай кеткесін (амазонкаларда қосжынысты отбасын құрмаған) ерегесіп, суға батып кетеді. Ол судың аты күні кешеге дейін Танаис (Дон) болды. Одан тана тайпасы (кіші жүз, 12 ата байұлы) тарайды. 1970 жылдары Тур Хейердал Конгода (Орталық Африка) тана мен лақ (Кавказдағы аландар) тайпаларында болғанын жазады.
Әлемдегі Мәңгі қалалар – ол Самарқан, Исфахан, Рим. Ал, тарихта «Мәңгі Ел» идеясын тек түркілер ғана ойлап тапты. Ол, басқа бір халықта да, бір мемлекетте де болған жоқ. Қоғамдық ғылымда мәңгі елдің ұстанымы «Бір тіл. Бір дін. Бір идеология. Бір мемлекет», деп анықталады. 2014 жылы наурызда Елбасы, Қазақстан «Мәңгі Ел» идеясын іске асырады деп жариялады. Осы идеяның Концепциясын жасау мақсатында Халықаралық Адам институты мен «Алаш» ғылыми-зерттеу Орталығы (директоры Х.М. Ғабжәлелов) Ахмет Иассауи атындағы Халықаралық түрік-қазақ университетінде Түркология институтының қатысуымен конференция өткіздік.
2014 жылы желтоқсанда БҰҰ-дағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен про-фессор Х.М. Ғабжәлелов Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде (Нью-Йорк), «Қазақстан-Мәңгі Ел» атты ғылыми-конференция және көрме ұйымдастырды. Ол шараға 123 елдің Елшілері қатысып, АҚШ, Түркия, Үндістан т.б. елдердің Елшілері жазба түрде қолдауларын білдірді. Халықаралық Адам институты, «Алаш» ғылыми-зерттеу Орталығы және КОНКОРД (Франция) Академиясы ЮНЕСКО-ның Бас-штабында (Париж) ұйымдастырған «Қазақ хандығының 550 жылдығы» атты Халықаралық ғылыми конференцияда да Мәңгі Ел тақырыбы қозғалды.
Мәңгі Ел тақырыбы әлі де жан-жақты зерттеуді талап ететін үлкен тақырып. Ол үшін үлкен күрестер алда!
Өркениет мәселесі. А.Вебердің, «Орта Азиядан шыққан көшпенділер Қытай, Үндістан және Батысқа эпосты тарату арқылы адамзатқа, оның қайғысының мәнін түсіндірді» деген тезисінің қазақ халқы мен Қазақстанға қатысы бар ма?» деп қойған сұраққа проф. Кляшторныйдың берген жауабы мардымсыз болды. Бұл сұрақтың артында тұрған өркениет мәселесі немесе «Қазақ жерінде өркениет болды ма?» деген сұраққа толыққанды жауапты Гумилев, Кляшторныйлардан… ала-алмағасын, осы мәселелерді ғылыми-конференция ұйым-дастыру арқылы шешу ұйғарылды. Себебі, сол кезде Кеңестік мектептің ғалымдары ондай мәселені зерттемеген немесе білгендерін айтуға дайын емес еді.
ҚР Президенті жанындағы Мем-лекет Басқару Академиясының (Ұлт-тық Жоғарғы Мектеп) директоры Қ.Тақуов «Қазақстан мемлекеттілігінің эволюциясы» атты халықаралық ғылыми конференция өт-кізейік деген ұсынысымды (мен сол Академияның тыңдаушысымын) қолдап, ол 1996 жылы Алматыда өтті. Онда негізінен «Мәңгі Ел», «Ұлы дала», Қазақ идеясы, түркі және қазақ мәдениеті мен өркениеті, Қазақстандағы құқық (Н. Шәйкенов) т.б. мәселелер көтерілді. Бұл конференция алдымен жоғарыдағы идея, ұғым және терминдердің Қазақстандағы мемлекеттік идеологияны дамытуға қажеттілігін және оларды әлі де толық зерттеу керектігін көрсетті. Конференцияда профессорлар С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтановтың «Летопись 550-летий Казахского ханства» атты монографиясының тұсауы кесілді.
1997 жылы автордың «мәдениет» және «өркениетке» берген анықтамаларын Шыңғыс Айтматовтың қолдауы, бізге осы саланы жүйелі зерттеуге және түркі халықтарының өркениетін негіздеуге қамшы болды.
Әлем өркениетіндегі түркі халық-тарының проблемалары – ол әлі күнге зерттелмеген және шешімі табыл-маған күрделі мәселе. Тойнби мен О.Шпенглерлердің әлем халықтарының өркениеттері классификациясына түркі өркениеті кірмеген.
Автордың дәлелдеуі бойынша («Абай» сайты, қаңтар-ақпан, 2016ж.) б.д.д. VIII-IIIғғ. Буддизм, Дао ілімдері пайда болып, Ертедегі Грекияда заманауи ғылым мен философияның негіздері қаланып, адамзат алғашқы қауымдық кездегі мифтік танымдардан кетіп, өркениет жолына қадам басқан кезде (оны К.Ясперс «Белдеулік уақыт» (Осевое время) дейді.) түркі халықтары осы тарихи кезеңде «ұйықтап қалды». Оның негізгі бір себебі б.д.д. 2,5 мыңж-І мың ж. ортасына дейінгі жер бетіндегі климаттың өзгеруі болды. Сол кезде Сахара, Арабия түбегі және түркі халықтарының тарихи мекені Қарақұм, Қызылқұм, Гоби, Такламахан шөлді аймаққа айналып ол жердегі халықтар отырықшылықтан көшпенділікке көшті.Соның салдарынан түркі халықтары әлі күнге дейін алғашқы қауымнан қалған мифтік, ру-тайпалық санаға шырмалып шыға алмай келеді. Біз оны көптеген жағдайда ұлттық санадан гөрі, ру-тайпалық сананың алға шығып, ел мүддесі артқа қалып жататын істерден, ұлттық санадағы теңеулер мен таңбалардың (тотем) жылқы, бөрі, барс… т.б. зооморфты болуы, бұл қоғамдағы адамның орны мен құқығы, оның ішінде әйел-ананың рөлінің төмендігінен көреміз. Мемлекеттің орден-медальдарының өркениетті елдердегідей ұлттың ұлы тұлғаларының атында емес, Африка, Америка, Океанияның жабайы тайпаларындағыдай «Барыс», «Қыран» т.б. болып қалуда…
ХХ ғасырдағы археология мен тарихтағы жаңалықтар түркі халық-тарының алғаш рет жылқыны қолға үйретіп, қымыз алғанын (Ботай мәдениеті. Б.д.д.IV мыңж.), металды өңдеп экспортқа шығарғанын (Арқаим, Жезқазған т.б.) және өңдеу технологиясы әлі күнге түсініксіз «болатты» алған (б.д. І ғ.), Тәңір күнтізбесін (б.д.д. 1500 жыл) шығарғанын, шалбар мен қылышты ойлап тапқанын… дәлелдеді.
Егер, адамзат өркениетін он сатыдан тұрады деп есептесе, оның тоғызы металл өңдеу екені белгілі. Монтеськенің айтуы бойынша, түркілердің кемшілігі, олар өздері құрған мемлекеттер, олардың жеңістері мен жетістіктері туралы қолжазбалар қалдырмағанында.
ХХІ ғасыр әлем өркениетімен қатар, түркі халықтары алдында жаңа талап, жаңа міндет қойып, ұлт пен этностың бәсекелестігін жаһандану жағдайында сынайтын ұлы алаңға айналды. Оның негізгі мәселесінің бірегейі қоғамның өркениет жолына түсуі. Осы мәселені жан-жақты зерттеп-саралау мақсатында Халықаралық Адам институты әлем өркениеті тарихы сериясы бойынша «Әлем тарихындағы түркі өркениеті» жүз томдығын шығаруға кірісуде.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.