ҚАНАҒАТШЫЛДЫҚ – КІСІЛІК ҚАСИЕТ

  • 24.06.2019
  • 318 рет оқылды
  • 0

Үмбетқан Сәрсембин,
философия ғылымдарының
кандидаты

Адамның кісілік болмысына тән қасиеттердің бірі қанағатшылдық. Адам бойынан табылатын бұл қасиет неден білінеді? Жеке адамды зиялылықтың биігіне жетелейтін осы бір қасиеттің негізінде тәрбие, түсінік, өмірге биік зердемен қараудағы деңгей, имандылық (шынайы діни сауаттылық) сынды асыл қасиеттер (ақыл үлгілері) тұрады. Яғни, ұлттық мүдде ісіне келгенде, қоғамына қызмет етуде айналасына парасатты деңгейде қарым-қатынас жасайтын адамның бойында қашанда қанағатшылдық, кішіпейілділік, төзімділік қасиеттері жатыр.

Тарихтағы қазақ қоғамында қана-ғатшылдық туралы ұғым халықтың өмірлік ұстанымын, елдің болашағын айқындайтын түсінік, әлеуметтік құн-дылық болып саналған. Осы қасиетті иеленіп отыруда, әсіресе, дәріптеу, ұрпаққа насихаттау негізінде бабаларымыз ұлттың болмысын, мәдениетін, қоғамға қажет игіліктерді қалыптастыра білген. Қанағат, төзім және өзге де әдеп ережелері негізінде қалыптасып отырған (қазақтың тарихы мен мәдениетіндегі) әлеуметтік-мәдени құбылыстарды зерделейтін болсақ, бұдан ұлттық мүддеге қызмет ету мен ел басқарудағы ұлт зиялыларының ұстанымын да көреміз. Мәселен, билер даналығында «қазақ жолы қанағат» деген ұғым бар. Бұның мағынасы ел мақсатына елдік, ұлттық бірегейлік, ауыз біршілік, адамгершілік, еңбек пен білім, зиялыларының қоғам, тарих алдындағы ар-намысы арқылы жетеді дегенді білдіреді.
Халық пен жеке адамның тұлға-лануындағы ерекшелік алдыменен оның түсінігіне, мінезіне келіп тіреледі. Заман, уақыт өзгереді, бірақ, тұлғалық қасиеттер өзгермейді. Халықтың бойындағы тұлғалық қасиеттер оның мәдениетінің қалыптасуының бастапқы кезеңінде пайда болатын (қалыптасып отыратын) құндылықтар, бұл құндылықтар үнемі іштей ұлттық болмыстың құрылымын біріктіріп, сақтап отырады. Сондықтан да, әр ғасырдың шеңберінде пайда болып жататын жаңалықтар мен жаңа дүниелер ұлттың мәдениетінің шеңберіндегі рухани құндылықтарға бағынып отыруға тиіс. Бұны бағындыратын ұрпақтың рухани деңгейі. Әл-Фарабидің қайырымды қала басшысының қасиеттері туралы айтқан ойлары осы шындықты негіздейді. Ойшылдың айтуы бойынша, «тағамға, ішімдік ішуге, сұхбат құруға келгенде, қанағатшыл болуы керек, жаратылысынан сауық құмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт».
Қанағатшылдық тектілік қасиет. Елдің мүддесіне қызмет ететін ұрпақ алдыменен осы мінезімен көзге түседі және түсінігі, білімі арқылы қоғамға қажет игіліктерді бағындырып отырады, өзінің адамгершілігімен халықтың сенімінен шығады, қоғамына үлгі-өнеге беретін әсерді де қалдыра алады.
Қанағатсыздықтың түрі тойымсыздық, тойымсыздық қашанда (сатқындық, жемқорлық, парақорлық сынды) қоғамды күйрететін жаман әдеттердің ұйытқысы. «Алымды момын кедейге аударып бай болатын мырзалар көзі соқыр емес – дейді Әлихан Бөкейханов, – көңілі соқыр… Жұрттың момынын тонап алып болған байлықта қанша береке бар екен. Момындарды ғұмыр бойы жем қылып, пәленшекең қандай мықты деген «жақсы» қазақтың балаларын әкесі өлген күні қасындағы көршілері талап алып отырған жоқ па? Ал, адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, бұл жұртта береке бола ма?..». Әділеттілік, шынайы болу, қайырымдылық, қоғам өміріндегі ұлттық және азаматтық бірегейлік, ұрпақтың бойында кісілік талғамның болуы қашанда ұлт болашағы үшін ауадай қажет. Бұлардың барлығы да ұлттың мәдениетінің басты өнімі, жетістігі болып табылады. Егер, қоғамда бұндай қасиеттер болмаса (ұрпақтың жадында сақталып отырмаса), ел мәдениетінің тарихи кеңістігінде ұлттық құндылықтар жалғаспаған болар еді. Ұлттық құндылықтардың ұрпақтан- ұрпаққа жалғасуының негізінде ұлттық зерде, ұлттық ойлау жатыр. Ұлттық ойлауға қатысты Абай «өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлы боласың» дейді.
Қоғамның мінезі, әсіресе, әлеуметтік таным қоғамның болашағына тікелей әсер етіп отырады. Мәселен, ұлттық мүддеге қызмет етуде, уақыттың талабына сай мемлекеттің дамуына қажетті жаңа дүниелерді жасауда, іске асыруда жаңа игіліктерді жасаушы ұрпақтың қызметі кедергілерге, қайшылықтарға тап болуы мүмкін. Бұны жеңуде адамның мүмкіндігі оның тектілігі, білімі, ізденісі (еңбекқорлығы) арқылы көрінеді. Бұған қатысты Әлихан Бөкейханов былай деп жазып кеткен: «Бұрынғы кеңшілікте қазақ қошқарға сиынып та күнелтті, өтірікші, өсекші, құдай қарғағанды да болыс, би, ауылнай һәм елу басы қойды. О заман енді өтті. Жаңа заман адамнан ақыл, ұсталық, жаһитшілік күтеді. Қазақ жері тарылды, қазынаны күшті жалдап іздемегенге бәйге мүше жоқ.
Болыс, би, һәм елу басы болып мал табам деген қулардың заманы кейін қалды. Болыс, би, ауылнай һәм елу басы, патшалық алымша салған жұртқа қызметші, жұрт жалшысы. Жылқышы, қойшы жалдағанда, мынау жылқы, мынау қой баға біледі деп жалдай ма? Болыс, би, ауылнай һәм елу басыларды әр қайсысын өз орнында халыққа пайдалы деп сайлау керек.
Жұртқа ғаділ би пайдалы, көпке сүйенген, көп сөзін тыңдаған, билігін орнына салатын, арам жемейтін, іс білетін, халық үшін жаумен айтысатын болыс пайдалы». Зиялылық адамның бойда бар бар мүмкіндігін қоғам игілігіне жаратып, халқының мәдениетіне күш беруінде жатыр.
Адамның елге еткен ісінің бағасын беретін уақыт пен халық, нағыз зиялы адам тұлғалық мәртебедегі құр атақ үшін қоғамына қызмет етпейді, ертеңгі ұрпақтың алдындағы өзінің, қоғамының абыройы үшін ізденеді, шамасы жеткенше қоғамға пайда әкелуге, пайдасын тигізуге ұмтылады. Осы жолда көрінетін адамның рухани қасиеттері ұлттық болмыстың өзегіне айналып отырады. Осы тұста тағы да Әлихан Бөкейхановтың сөзін келтірсек: «…қазақ жұрт қызметшілерін түзетпесең, жұрт болып шаруаға айналып жарыспасаң, мұжыққа жер закон арқылы емес, тіршілік жарысы арқылы кетеді. Оралдағы башқұрт ағаңша жерді мұжыққа тиын-сиынға қызығып жалдап қойып, ақырында сол мұжықтың сиырын бағасың. Бұ күнгі болыс, би, ауылнай һәм елу басы ескі тондағы бит ғой, шаруа қылсаң жаз шығады; халық пайдасын қуған аға-іні болсаң ескі тонды сілкіп-сілкіп суға сал!».
Тұлғалық мәртебеге қол жеткізу адамның мақсаты болғанымен (адам бұны мақсат еткенімен), бұған кез келген адамның кез келген уақытта қолы жете бермейді. Көне дәуірдің өзінде ойшылдар айтып кеткендей, жеке адамнан бастап, халық, келер уақыт, яғни, бүкіл адамзаттың алдында уақыт деген ақылды нәрсе тұрады. Уақыттың тәжірибесімен өлшенген сәтте адамның еткен ісінің барлығы бірдей тұлғалықтың шартына сай келе бермеген. Қазақта уақытты «әділ сыншы» дейді.
Уақыт сынынан өтіп, қоғамының тарихи кеңістігінде өзіне лайықты орынды иленгенге дейін адам алдыменен оның ең ақылдық құбылыс екендігін ұғынуы тиіс. Яғни, қанағатшылдық мінездің рухын зерделеуде тарихтағы нағыз тұлғалардың, зиялылардың қажырлы еңбегіне қарап тектіліктің тәрбие, ақыл, мінез арқылы игілікке айналатын қасиет екендігін түсіну қиын емес. Осы қасиетті иеленіп, оның мәнін терең түсінгенде ғана адам өзге қасиеттерді де бойында біріктіре алады. Қанағатсыз адамның бойында рухани қасиеттер бірікпейді, керісінше одан қашықтап отырады.
Жаугершілік замандағы қазақтың тарихи өмірінде түрлі оқиғалар көп болған. Адам қолынан жасалған оқи-ғаларға төтеп беруде, қоғамға зиянды болып есептелетін нәрселерге қарсы тұруда қазақтың әр адамы алдыменен өзінің бойындағы рухани қасиеттерді біріктіре білген. Нысанбай жырау сомдаған Кенесары хан бейнесі, қазақтың хандарының заманындағы ұлттық рух осы шындықтың куәсі:
Кенеханның тұсында
Қарт бурадай жарадық.
Жауды жасқап, жапырып,
Жауған қардай борадық.
«Абылайлап» ат қойып,
Дұшпанның алдын орадық.
Кенекемнен айрылып,
Шіл боғындай тарадық.
Көрінгеннен қорғалап,
Кісі аузына қарадық.
Өзіміз шапқан Созақта
Сарттан ақыл сұрадық.
Кенесары кеткен соң,
Иесіз қалды тағымыз.
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан тайды бағымыз.
Бұлбұлдай сайрап жүр едік,
Байланды тіл мен жағымыз.
Азғанымыз емес пе,
Қойшыдан сынды сағымыз.
Артында қалған жетім ел,
Кетті елдік сәніміз.
Ақырында, әлеумет,
Осындай болды халіміз… Осылайша, қазақтың болмысы, оның ішінде атамекен болмысы, тарихи уақыт құбылыстары қазақ зиялыларының рухын шыңдап отырған.
Уақыттың ұрпаққа қояр талабы шеңберінде ханның баласы, байдың баласы деген ұғым болмаған, барлығы да ұлт ісіне бірдей жүрген. Тарих өмірдің талабына төзе білген, қиыншылықты ақыл, мінез арқылы жеңе білген адам ғана өзінің бойындағы мүмкіндігі арқылы өмірдегі орнын иеленіп отырған. Егер, бұны қолдан жіберіп алса, қайтадан оны рухы, ақыл-парасатымен өзіне қайтарып алады.
Кешегі өткен ғасырда қазақтану мәселесін көтеруде алаш зиялылары қазақ хандары мен батырларының тағылымын жүйелі түрде қоғамға насихаттаған. Алаш тағылымын насихаттауда оның тұлғаларының тектілігіне ерекше көңіл бөлген. Мәселен Мәшһүр Жүсіп Көпеев данамыз өз зерттеулерінде, бала күнінен ерекше көзге түскен Абылай ханның тектілігіне қатысты мынадай деректерді жазып кеткен: «Жиырмаға жетпеген жас Абылай хан қасында Оразаулық деген сарт жолдасы бар, Есіл бойында Атығай, Қарауыл деген елге келіп, Дәулеткелді байдың жылқысын бағып, жылқышы болып жүріпті.
– Атың кім – деп сұрағанға:
– Атым Сабалақ! – депті.
Бай бәйбішесіне айтыпты:
– Өзге жалшыдай көрме, мұны күте гөр! Бойында қасиеті бар екен.
«Қалайша?» – десең алты күн, алты түн аш жүрсе де өз қолымен бір ас құйып ішпейді. Және жарты аяқ ас ішсе де, сарқытын біреуге бермей, ішпейді. Және жерге бір отырмайды. Дәнеме таба алмаса, киімін шешіп, астына салып отырады екен…».
Мейлі бала, мейлі үлкен адам болсын, оның қоғам өмірінде, тарихи уақыт өрісінде кісілігін көрсететін қасиет қанағатшылдық. Өзі үшін емес, келешектің қамы үшін қанағатшыл, мейірімді, турашыл болу, биік мақсатқа жетуде уақытша өтпелі қиыншылыққа төзімділік таныту қашанда ұрпақтың жетістігі саналған.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.