ЫСТЫҚМҰРТ (ІСТІКМҰРТ) ТАРИХЫ: АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

  • 24.06.2019
  • 172 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қырықбай Алдабергенов,

тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы

  Еуразия ұлттық университетінің профессоры

Жуырда маған Екібастұз қаласынан Совет Келдібаев деген кісі хабарласты. Мен онымен былтыр күзде Баянауыл басына Шоң би бабамыздың белгі тасын қою кезінде танысқан болатынмын. «Қырықбай інім, біздер Алқұлға ата-бабаларымызға құлпытас қояйын деп едік. Соған «Жас Алаш» газетінің тілшісі Сайлау Байбосынға бір шумақ өлең жаздыртып алдым» деп сыдыртып оқып шықты. Сайлауды жақсы танимын. Өзіміздің Құлболды бабамыздың Күлігінің ұрпағы. Бүкіл Қазақстанға танымал мықты ақын. Бірақ, өлеңде «Сарыарқаның төсін жайлаған, Торайғыр мен Алқұлды мекендеген» деген жалпылама сөздерден басқа нақты адамды селт етерлік ештеңе жоқ екен. Оның сырын Советтен сұрағанымда, Шоң биден соң тағы біреулер шу шығарама деп жүрексіндім деген жауап алдым. Бұл пендешілік дегенді қойсаңшы. Ол әңгіменің шетпұшпағын мен де білемін. Өзім облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне «Қарадан шығып хан болған» атты мақала жазып, оқырманға мән-жайды түсіндіргем. Соған қарамастан, кейбіреулер Шоң бидің белгі тасы ол жерге тұруға лайық емес, одан да басқа аға сұлтандар болған деп Баянауыл ауданының алғашқы аға сұлтаны Шоң бидің белгі тасының ашылу салтанатына өздері түгіл басқаларды да қатыстырмай, кезінде бүкіл Сүйіндік баласын бір тудың астына жинаған асқар таудай азаматтың аруағының алдында бір білместік жасаған… Енді, міне, сондай келеңсіз жағдайлардан соң, ауыздары күйіп қалған ұрпақ өз мекендерінде, өздерінің кіндік қаны тамған жерлерінде, өз ата-бабаларының тегі мен руын көрсетіп құлпытас қоюға бір ағайынды екіге бөлетін біреулерден қорқып, ертең не болып қалар екен деп мазасызданып жүр.
Ағаның көңіл-күйін түсініп тұрсам да, оның мынадай шарасыздығына ыза болып, жасым кіші болса да, телефон арқылы біраз бұрқылдап алуыма тура келді.Бұныма оның берген жауабы «Бір-екі күннен соң өзіңмен арнайы кеп жолығам» болды. Ал, мен болсам, бар тіршілікті жиып қойып жұмыс кабинетімде сыр бүгіп, үнсіз жатқан мұрағаттың ішіне кірдім де кеттім. Ең алдымен қолға түскені Тілеке Жеңістің «Ертіс-Баянауыл өңірі» атты шежіресі болды. Онда: Айдабол-Жанқозы-Төлебай. Төлебайдан: Жолан, Едіге, Еламан, Елкелді, Малкелді, Жылкелді, Қойкелді, Ыстықмұрт, Телеу, Өтен деп көрсетіліпті.Бұдан басқа онша мардымды ештеңе таба алмадым. Екінші ақтарғаным Мәшһүр Жүсіптің 13 томдық шығармалар жинағы болды. Одан Ыстықмұрт руы туралы мынадай екі дерек шықты. Біріншісі, «Пәлі,Төлебайдың» заманында (ХVІІІ ғасыр) Ырғақты, Шөптемістен шыққан бір жігіттің аты «Төлебай» екен. Бай болып заманындағы қожаға нәзір, ниязды үсті-үстіне төпелеп бере бергендігінен, қожа «Істікмұрт» – деп атап, сонан «Істікмұрт» атанып кеткен. Екіншісі, жер бөліс туралы. Ертеде қазақтар арасында да жер дауы, жесір дауы көп болған. Мысалы, Қаржастар мен Қанжығалылар арасында. Бұл туралы Жамбыл Артықбаевтың «Баянауыл» кітабында болған істің мән-жайының тігісі тегістеліп «Ереймен оқиғасы Омбы мен Түркістан арасындағы қалың елді дүр сілкіндірген оқиға болды. Сол себептен, ел арасында бұл оқиғаға қатысты әңгіме көп. Әлі күнге сол қақтығыста өлген адамдардың аты да, құнға кеткен қаржастың қыстаулары да белгілі…» [178 б.], – деп қорытынды жасалады. Жоғарыдағы мәтінде «тігісі тегістеліп» деген сөздің мәнісі бұл оқиға Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында, Қалмұқан Исабаевтың «Шоң би» трилогиясында және Махсат Алпысбестің «Көне көктеу, байырғы Баянауыл байтағының тарихы» кітабында басқаша баяндалады. Бұл жерде айтайын дегеніміз тарихи оқиғаны әркім өз көрпесіне лайықтап, бұрмалап жаза берсе, шындықтың ауылы қайда қалады деген жәй.
Осындай бір Ыстықмұрт пен Сарылар арасындағы жер дауы туралы Мәшһүр Жүсіп те: « … Бір күні Сарыбидайықтан жер бөліп, Ыстықмұртқа беру үшін екі жақтан адамдар келіп, бұл атты адамдар Шомақтың үстіне шығады. Аттыларға Сарыбидайықтың көк шалғыны, оның шығыс жағындағы қыстаулар өте ұнайды. Олар Шомақ биігінен бидайыққа қарап тұрып:
Осы тұрған төбе басынан екі адам атымен анау көрініп тұрған Нұрбайдың (Ыстықмұрт) қыстауына қарай жүріп өтсін. Екі аттының ізі жер бөлігі болып қалсын. Шомақ жағы Ыстықмұрттікі болсын да, қалған солтүстік жағы Сарының жері болсын деп екі жақ келіседі. Сары жақтан Бәйтік, ал, Ыстықмұрт жақтан Мұстапаның Өгізбайы шығады.
Бұл екеуі төбеден түсіп келе жатқанда Өгізбай Бәйтікке бес сом ақша және бір әшпенке шай береді. – Үйге барған соң бір түйе, бір сиыр беремін, біз анау тұрған Аманжолдың (Көпештің әкесі) қыстауына бұрыла жүрейік дейді. Оған Бәйтік келіседі.
Сонымен, бұлардың жүрген ізімен белгі қойылып, Ыстықмұрт Сарыбидайықтан жерді молырақ алып қойған екен.
Бәйтікке Сарылар ренжіп: – Сен айтқанды орындамадың, ұрпақсыз да болма, біреуден артық көбеймессің! – деген екен», – деп жазған көрінеді.
Мұның өзі ол кезде жердің кім көрінгенге қалай болса солай таратылып беріле бермегендігін, жер үшін ағайын-туыстардың өз арасында да түсінбеушілік болып тұрғандығын көрсетеді. Ал, тарихтан бейхабар кейбіреулер болса қазір біздің ата-бабаларымыз бұл жерге аннан көшіп келіп, мұннан көшіп келіп орналаса берген, басқа рулар азғантай ғана жерін бөлісіп, мырзалық қылған деп сырттан тон пішіп, күпсініп отырады.
Бұдан соң, менің назарым патшалы Ресейдің шенеунігі, полковник дәрежесіндегі миссионер Бабковтың 1862 жылы жазған «Сібір облысы қазақтарының қыстаулары мен жайлаулары туралы мәлімет» деген еңбегіне ауды. Онда Айдабол руына жататын Ыстықмұрттардың қыстаулары: Шомақ, Бидайық, Алакөл, Келденадыр, ал, жайылымдары: Жаман Сарыоба, Қарғалы, Қоңырадыр, Сілеті, Шаңдыадыр, Майлықора, Қарасу, Мұздыбұлақ, Қарағайлышоқы, Нұралы Қарасуы екендігі айтылып, № 2-ші ауылды негізінен Ыстықмұрттың Сәмен, Моллахмет, Ботай, Жақып, Жүніс, Бұзаубай, Бәйімбет, Мұсабек, Нұғыман, Нұрбай, Аман, Аманжол, Жолдыбай сияқты ақсақалдары Жалғыз қайың, Жаман қыстау, Алқұл, Шомақ, Жаманадыр, Қарасу, Қожақонған, Шомақ-бидайық, Жалғыз шоқы, Қойтас, Сынтас, Тастышоқы секілді жерлерін мекендеп отырғандарына бір ғасыр болғандығын атап көрсеткен. Мұның өзі Ыстықмұрттардың да басқа да Айдабол ағайындарымен бірге Баянауыл жеріне бір мезгілде қоныс аударғандарын байқатады.
Ал, жоғарыда айтылған «Ыстықмұрт пен Сарылардың жер бөлісіне қатысып, қулық жасап, ағайынның наразылығын тудырған Мұстапаның Өгізбайына қатысты Омбы мұрағатында 1842 жылы: «Огузбай Мустафин старшина Акбеттавской волости» деп жазылған».
Ыстықмұрттар туралы тағы бір көңіл аударарлық мәліметтерді мен шежіреші Қабыкен Машраповтың қолжазбасынан таптым. Онда Төлебай батырдың екі әйел алғандығы туралы. Бірінші әйелі – сарт қызынан: Жоламан, Еламан, Едіге бидің туғандығы; екінші әйелі – қазақ қызынан Малкелді, Елкелді, Қойкелді, Жолан, Ыстықмұрттың туғандықтары айтылып, Ыстықмұрттан: Жақып қажы Бұқабайұлы, Жақия қажы Бұқабайұлы, Аман қажы Тастемірұлы, Қожан қажы, Смағұл қажы, Нұрбай қажылармен бірге: Жүніс молла Өгізбайұлы, Құбаш (Құбайдолла) молла Смағұлқожаұлы сияқты бір туар адамдардың шыққандықтарын әңгімелейді.
Енді, бір жазбасында, Қандықарасу, Алқұл, Жүністен Қайнаққа баратын қара жолдың бойында, Ащы өзенінің жарқабағында әлі күнге дейін мұрты бұзылмай тұрған «Ақмырза» қорымында Ыстықмұрт бабадан тарайтын Сатай, Құдыс, Ағанас, Тоғанастардың да жатқандарын сөз етеді. Осы бір аумағы атшаптырым жерді алып жатқан көне қорымда біздер де былтыр ғылыми-зерттеу экспедиция жұмысымен жүргенде барып, бәрін де өз көзімізбен көргенбіз. Сол жолы Ыстықмұрт руының ата-мекендері: Алқұл, Шомақ, Жүніс, Сарбидайық, Мұстапа, Садырбай, Ақши, Көпеш, Қойтас, Қарадыр, Өтеш, Жалғызқайыңда болып, Тастемірұлы Аман қажының басына дұға оқыған болатынбыз. Сондай-ақ, бертінде қайтыс болған Төбежан ақсақал (Жүніс молланың баласы Мағауяның ұлы) біздің әулеттен Бұқабай, Өгізбай, Жақып, Жақия атты төрт қажы шыққан деп олар туралы әңгіме айтып отыратын. Былтыр біздер Өлеңті бойын аралағанда «Жақия қажының аралында» болып, оның сол кезде 3 мың жылқы айдаған Сарының Лабасымен қатар көшіп, қонғандығынан хабардар болғанбыз. Сол жерде Лаба байдың зираты бар. Ал, Төбежан ақсақалдың туған атасы Жүніс молда болса Бұқарадағы Мірғарап медресесін бітіріп қана қоймай, сондағы жын-пері оқуы хосида ілімін де меңгерген. 1846 жылы туып, 1932 жылы қайтыс болған. Ақкелін, Баянауыл, Ақбеттау болыстарында бала оқытқан. Атақты Мәшһүр Жүсіптің ұстазы болған. Бұдан басқа Ыстықмұрттар туралы жергілікті тұрғындардың да қилы деректері бар. Оларды ғалым Мақсат Алпысбес 2010 жылы Қарағанды қаласынан шығарған «Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары» деген монографиясында жинақтап беріпті. Алғашқысы Сембаев Сапарғали деген кісінің дерегі. «Ыстықмұрт үш жүз үй болып Абыралы жағынан қаракесек ортасынан келген тәрізді. Ол жақта Бар қажы кезінде бес жүз үйі қалыпты. Баянауыл жаққа келер алдында негізінен Ертіс жағына қарай, тұрыппыз». Бұл, біріншіден, ешбір ғылыми негізге сүйенбей ауызекі түрде айтыла салған аңыз әңгіме. Олай деу себебіміз, Қаракесектің арғы-бергі шежіресінен ол айтып отырған Бар қажыны да, Ертіс бойында тұрыпты-мыс деген Ыстықмұрт руларын да (аталарын) кездестіре алмадық. Екіншіден, үш жүз үй болып келген кірмелерге аузын айға білеген Едіге, Шоң ұрпақтары өз жерлерінің үштен бір бөлігін алып жатқан құнарлы да тарихи аймағын ешбір себепсіз бостан-босқа бере салулары ақылға сиымсыз нәрсе. Үшіншіден, Қаракесек ортасынан келсе, бір атаның балалары (Сүйіндіктің ұрпақтары) бірін-бірі сыртқа теппес еді ғой. Ол жақта да Ыстықмұрттан бір белгі, із қалар еді-ау! Бірақ, ондай ештеңе жоқ. Екіншісі, марқұм Қожанов Бекеннің орыс тілінде көбігін көпірте жазған дерегі. Бұл кісі Сембаев Сапарғалиды шежіре тарату жағынан былай деп шаңына көміп кеткен. Ол «Ыстықмұрт относится к племени Аргын, группы момын, от его младшей жены «Тоқал арғын» из рода Тобықты, который когда-то споривший с родами переехал к роду Айдабол и жил среди Жангозы, где появился на свет мой дед Мустафа…», – деп соғады. Сонда, енді, Ыстықмұрттар Қаракесек емес, момын Арғын, әлде Тобықты болып кетті ме қалай? Екіншіден, Бекеннің атасы Мұстапа бертінде, ХІХ ғасырда өмір сүрген адам. Оған дейін Ыстықмұрттан: Құдыс, Сатай, Ақмырза, Ағанас, Тоғанастар болған. Бұл арада шежірешіміз тарихты ортан белінен басып, омырып тастаған. Үшіншісі, Жұмабай Ыдырысұлы дегеннің дерегі. Жұмабай да алдыңғы екеуінен асып түспесе, кем қалмаған. Ол Ыстықмұртты «Майкөменде бір ауылда төреден туыпты», – деп «Атың шықпаса жер өртенің керін жасап, ата-бабаларын төрелердің қатарына апарып бір-ақ қосыпты. Бұрындары мұндайларды атам қазақ «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым » деп атаған. Төртінші дерек Мәшһүр Жүсіптің Шөптемісі (Ыстықмұрт). Оны шежіреші: Қанжығалы – Ырғақты – Ақкиік – Шөптеміс деп таратып төмендегідей әңгіме айтады. «Шөптеміс Бошанның Байбөрі деген баласының қызы Таубикеден ойнастан туыпты. Шөптемістің әкесі Ырғақты Қанжығалы руынан Ақкиік деген кісі. Бошан ауылының жігіттері Ақкиікті де, баланы да өлтіреміз деп жанжал болғанда қыздың жеңгелері туған баланы шөптің арасына тығып жасырған екен. Сондықтан, баланың аты «Шөптеміс» болып атанып кетіпті. Жігіттер тінткенде жеңгелері «Шөпте емес» десе керек». Алайда, ел ішінде жүрген мұндай бірен-саран аңыз әңгімелерге қарап Айдаболдың Ыстықмұртын Қаракесек, Тобықты, Төре немесе Қанжығалылардың қатарына жатқызуға болмайды. Өйткені, олар орналасқан жер көлемі, соңында қалған бай тарихы, алты алашқа мәлім болған атақты адамдары олардың басқа жақтан ауып келген, 300 үйден тұрған кірме емес екендіктерін дәлелдейді. Оның үстіне шежіреде Шөптемістің Ыстықмұрт емес, керісінше Ыстықмұрттан туған бала екендігі айтылады. Егер, Ыстықмұрт – Шөптеміс болып ойнастан туған қыздың баласы болған күннің өзінде Тарақты мен Қаржас сияқты өз руластарының, Қанжығалылардың арасында дін аман, ойнап-күліп жүрмес пе еді? Арада сан ғасырлар өткенде біздер анадан едік, біздер мынадан едік деп Айдаболдан да асқан жақсы ата іздеп жүргендер мән-жайдың осы жағын да ойластырып көргендері жөн болар еді демекпіз.
Жоғарыда айтылған «Сүйіндік Айдабол бидің ұрпақтары» кітабында Ыстықмұрт руы: «Жанқозыдан – Абылай, Абылайдан – Ескелді, Ескелдіден – Істікмұрт деп таратып, Ыстықмұрт ұрпақтарын таратудың төмендегідей үш түрлі нұсқасын ұсынады. 1.Істікмұрттан – Құдыс, Сатай, Ақмырза, Ағанас, Тоғанас. 2.Істікмұрттан – Шөптеміс, Ағанас, Тоғанас, Төлебай, Базарбай, Базаркелді, Көсемқұл, Дербісәлі, Көкен, Малдыбай, Бекжан. 3.Істікмұрттан – Бибас, Қырбас, Сатай, Ақмырза, Нұрбай. Бұл арада бір түсінбестік бар. Біріншіден, Жанқозыдан – Абылай … Шындығында шежіре бойынша: Қосқұлақ, Төлебай, Сары, Лапақ, Баян. Бұл қай Абылай? Екіншіден, Абылайдан – Ескелді … Шежіреде Ескелді жоқ. Елкелді бар. Сондықтан, автордың бұл пайымдаулары дұрыс емес. Сондай-ақ, Ыстықмұрттың балаларын таратуда да кемшіліктер кеткен. Біздіңше, бұлардың тарихи шындыққа неғұрлым жақындауы – алғашқы, бірінші нұсқасы. Сөйтіп, Совет Келдібаев ата-бабаларына арналған құлпытасты Алқұлға емес «Ақмырза қорымына» қоятын болды. Себебі, Алқұл да Ыстықмұрттардың жері болып есептелгенімен, онда біріншіден, Төлебай бидің үлкен ұлы Қосқұлақтан тарайтын ұрпақтары, содан соң, Ыстықмұрттың бір тармағы болып келетін Сушылардың ғана айналасы жерленген. Ал, «Ақмырза қорымында» болса Ыстықмұрттан тараған Құдыс, Сатай, Ағанас, Тоғанастардың өздерімен қатар олардың үрім бұтақтары да жатыр.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» халқымыз «Бөлінгенді бөрі жейді», «Бірлік түбі – тірлік», «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді», – деп тегін айтпаған ғой. Бұрынғы кездердегідей қазіргі заманда да ру мен рудың, ағайын мен ағайынның арасына сенің атаң анадай болған, менің атам мынадай болған деп жік тудырып, намыс қоздыратындар табылып жатады. Сондықтан, бір атадан тарап, өніп-өскен туғандар: мен қаракесекпін, мен тобықтымын, мен қанжығалымын, мен төремін деп бір руды қырық жаққа бөлмей, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз мекендеп, құтты аймаққа айналған жер-суымызды, тау-тасымыз бен орман-көлімізді болашақ ұрпақтың қолына шашау шығармай тапсыру қамын ойластырғанымыз жөн болар.
Бұл әңгімемізді осымен доғаруға болар еді, егер, аяқ астынан бір тосын оқиға орын алмаса. Ойымызды жүйелеп, жазғанымызды аяқтап, енді, газет редакциясына апарып тапсырамыз ба деп отырғанымызда біздерге қайдан екені белгісіз (Майқайың әлде Екібастұз) Амантай Балтабаев деген біреу қоңырау шалып: «Біздер Айдабол емеспіз. Қаракесекпіз. Бізге арғы тарихтың қажеті шамалы. Бергісін біліп алсақ та жетеді. Ғалыммын деп біз білмейтін мұрағатыңды тықпалай берме. Біз сияқты шалдардан артық емессің», – деп тұтығып қалды
Бұған «Домбырам не дейді, мен не дейміннің» қалпына түсіп дал болып отырғанымда ол қайтадан хабарласып, енді: «Мен саған өтірік жазасың дегем жоқ. Әрбірден соң оларға бүйрегім бұрып, жаным ашитындай мен Ыстықмұрт та емеспін, жай ғана жиен-кереймін. Бірақ, шындық керек. Көзі тірі шалдардың айтуынша олар: Қаракесек, Қанжығалы не Төре. Әйтеуір, Айдабол емес. Екіншіден, Алқұлдың басында үй отыр.Жол бар. Жарық та тартылған. Сен бізге бөгет жасамай кітабыңа Ыстықмұрттарды Айдабол деп жаза бер. Сатып алып, оқимыз ғой. Советке құлпытасқа боларда-болмай «Ыстықмұрт Айдаболдан шыққан» деп жаздырыпсың ғой. Саған сол да жетеді.
Егер де, маған салса Ыстықмұртқа арғы баба емес, бергі ата да жетіп жатыр. Кім әкесін жанына байлап жүр дейсің. Ертең уақыт өте бәрі ұмытылады. Сен менімен таласпа, бәрі-бір менің айтқаным болады. Құлпытасты ат байласа тұрмайтын қайдағы бір «Ащының» жарқабағындағы «Ақмырза қорымына» емес, Жақып пен Жақия қажылар жатқан (сен өзі оларды білесің бе?), адам аяғы жететін «Алқұлға» қоямыз. Менің зарядкам бітті» деп ақталу ма, қыр көрсету ме, әлде үгіт-насихат тәсілі ме, әйтеуір бір түлкі бұлақ қулыққа көшті. Ал, мен болсам Ыстықмұрттың өзі емес, басқа бір атаның баласының бұл қылығының астарына бойлай алмай, ел, ру, ағайын арасына қандай да бір өз жеке басының пайдасы үшін сойқан салатындардың қандай болатындықтарына енді ғана көз жеткізгендей, яғни, бір сөзбен айтқанда, халқына сөзін жеткізе алмай қор болған қазіргінің Абайындай мүшкіл халге түстім.
Сөйтіп, араға екі-үш күн салып, жиеннің айтқаны болып, Ыстықмұрттарға арналған құлпытас, олардың қалың ата-бабалары жатқан «Ақмырза қорымына» емес, жиеннің нағашылары жатқан «Алқұлға» орнатылды деп естідік.

Алдыңғы «
Келесі »