ҚАЗАҚТАР МЕН САҚАЛАРДЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ

  • 24.06.2019
  • 254 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Арман СЕРІКҰЛЫ,
Р.Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, PhD докторанты

Қазақтар мен сақалар – жер жағынан бір-бірінен өте қашық орналасқан туыстар. Сонымен бірге, өмір сүруге арналған табиғи ортасы да әр алуан. Қазақтар қоңыражай белдеуде орналасса, сақалар сақылдаған сары аязда, өте суық солтүстікті мекендейді. Олардың қысқа мерзімді жазы да өте ыстық. Дегенмен, қазақтар мен сақалардың өмір салтында көптеген ұқсас белгілер бары анықталды.

Ас, тағам дәстүрлері

Сақалардың негізгі асы – бұғы мен жылқы еті, балық. Ал, қазақтардың да жылқы еті ең сүйікті асы екенін білеміз. Сақалар да қазақтар тәрізді етті көбіне асып жегенді ұнатады. Солтүстіктегі ағайындар моңғолдар тәрізді етті жартылай шикі етіп пісіреді. Көне дәуірлерде көшпелілер жылқы малын қасиетті мал ретінде құрбандық шалу рәсімдерінде қолданғанын этнографиялық және археологиялық материалдардан көреміз. Күні бүгінге дейін қазақтарда ең үлкен құрбандық малы ретінде жылқы малы аталады.
Көшпелі баспаналар: киіз үй және чум
Сақалардың көшпелі баспанасы чум деп аталады. Құрлысы киіз үймен салыстырғанда әлдеқайда қарапайым болып келеді. Сол чум да қазақтардың киіз үйі тәрізді есігі шығысқа бағытталып орналасады. Бұл сонау көне түріктерден бері үзілмей сақталып келе жатқан игі дәстүр болса керек.
Сақа баспанасының іші шартты түрде екі бөлікке бөлінді: сол жақ ерлер бөлігі болса, оң жақ әйелдер бөлігі саналды. Шығар есікке қарама-қарсы орын құрметті (кэтэқириин деп атайды) болып есептелді. Қазақтар да бұл құрметті орынды төр деп ерекшелейді.

Келінге, ұзатылатын қызға
байланысты дәстүрлер

Сақаларда мынандай қызықты дәстүр бар. Қалың мал ретінде берілген бұғыларды жас келін жас отауды күннің айналу ретімен үш рет айналдырып болған соң ғана арнайы қоршауға жеткізеді. Ал, қалыңдық өз керуенімен, малымен бірге күйеу жұртқа жеткенде, жігіттің үйін күнге қарсы бағытта үш рет айналып барып, есік алдына барып тоқтайды.
Сонымен бірге, туыстас екі халықта да кездесетін жеті атаға жетпей қыз алыспау дәстүрі күні бүгінге дейін орын алған. «Часто в качестве причины отказа выдвигали то обстоятельство, что между обеими семьями есть родство, не достигшее еще седьмого колена, следовательно, брак «по божьему закону» невозможен» дейді И.С. Гурвич.
Г.В. Ксенофонтовтың зерттеуінше, жас келін жаңа сойылған малдың қанын отқа құрбандық ретінде шашады. Сонымен бірге, негізі от культіне байланысты сақа келіндерінің маңдайына күлмен күйелеу дәстүрі барын көптеген зерттеушілер дәй-ектейді. Қазақ дәстүрінде жаңа түскен келін отқа май құйса, сақаларда саятшылықтан олжалы оралған аңшы арша ағашын, жылқы жал-құйрығын, бұғы майын отқа тастап, құрбандық рәсімін жасайды.
Үйінен ұзатылған қыз сақалардың дәстүрінде бұрылып артқа қарамауы тиіс. «Керуен қозғалғаннан кейін, ұзатылған қыз бұрылып, артына қарамау керек, олай еткен жағдайда қыз төркініне қайтып келеді» деп жазады этнограф Ш. Ж. Тохтабаева. Жас отбасы үшін бұл жақсы ырым емес. Екі елде де кездесетін бұл таңғажайып ұқсастыққа қайран қалмасқа лажыңыз жоқ.
Сақаларда да жас келін той кезінде үш қабат жаулықтың үстінен сәукеле тәрізді билік төбелі бас киім киеді. Бұл бас киімнің екі жағынан лента тәрізді мата түседі, мұны олар «күн» дейді. Оның қазақша мағынасы да – күн. Ал, тойды асаба емес, көпті көрген, салт-дәстүрден хабары мол қариялар басқарады. Тіпті, бір деректерде абыз, бақсылар басқаратыны туралы жазылған.
Бұдан өзге сақаларда келін қайын атасының көзінше басы ашық, аяғы жалаңаш отыруға тыйым салынған. Қазақта да қыз балалардың жаулықты болуы жас отауға келін болып түсуімен байланысты орын алған.
Сақалар мен қазақтарда да келін бәрінен ерте тұрып отауға от жағуға, тазалық жұмысымен айналысуға, тамақ әзірлеуге міндеттеледі. Сақаларда келін өз киімін күйеуінің киімінің үстіне, өз аяқ киімін күйеуінің аяқ киімінен жоғары қоюға тыйым салынды. Сонымен бірге, оған күйеуі мен ошақтың екі ортасынан өтуіне болмайды. Бұл ежелгі отты құрметтеу культімен байланысты дәстүр.

Балаға қатысты дәстүрлер

Қазақтар сәбидің арнайы дәстүрлі жатын төсегін «бесік» десе, сақалар «биһик» дейді. Олардағы «Һ» әрпі көбіне-көп біздің «с» әрпінің орнына қолданылатынын аңғару қиын емес. Мысалы, олар «кісі» деген сөзді де «киһи» деп айтып, жазады.
Сақалардың «Қырсық мінезді Кулун Куллустуур» жырында сөзіміздің дәлелі болатын мынандай жыр жолдары бар:

Қысқасы, «бесік» сөзі мен «биһик» сөзінің бір екендігіне көңіл иланса, оны қолдану дәстүрлерінде де ұқастықтар байқалады. Сақалар сәби тумай тұрып арнайы бесік жасамаған, тек нәресте дүниеге келген алғашқы екінші-үшінші күні бесік әзірлеу ісіне кіріскен. Кей жағдайда үлкендерінен қалған бесікті кейінгі балаларға да қолданған. Осындайда бесікті көшкен жұртта қалдырмайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып қолданылатын өз аталарымыз бен шешелеріміздің байырғы дәстүрлері елестейді.
Сақаларда жаңа туған сәбидің бесігінің астына пышақты қынымен бірге қою дәстүрі бар. Пышақ баланы түрлі жын-перілерден сақтайды, оларды шошытып жолатпайды деп сенеді. Бұл ырым қазақтарда бүгінге дейін сақталып келді. Қазақ дәстүрінен айнымаған кейбір отбасыларда осы күнге дейін бұл ырым сақталып келеді. «Жастық астына қорғаушы ретінде пышақ, баланың жоғары жағына қамшы ілетін болған» дейді Ш.Ж.Тохтабаева. Бұл туралы «В некоторых семьях к люльке мальчика привязывали деревянный нож, а в люльку клали маленький лучок и стрелу, к люльке девочки привязывали ножницы. Когда первый раз укладывали девочку в люльку, то иголкой указывали как класть, а когда мальчика, то ножом или стрелой» деп жазады И.С. Гурвич.
Қазақтар мен сақалардың дәстүрлі бала тәрбиелеу жүйесі де бір-бірінен аумайды. Сақа туыстарымыз да балаларды үлкен кісілерден алшақтатпай, еркін қарым-қатынаста тәрбиелейді. Қариялар баланың кез келген сұрағына жауап береді, мүмкіндігінше ешнәрсе жасырмайды, сөйтіп ерте бастан ұлттық танымын қалыптастыруға тырысып бағады. Балалармен қатал қарым-қатынас жасаған үлкендер дәстүр бойынша жазаланатын болған. Ата-аналар да шапа-лақпен бір салып жіберу, шынтақтан қасықпен ұру тәрізді жеңіл жазалар болмаса, қатты жазаламаған. Балаларды көбіне ырым-тыйымдар арқылы тәрбилеуге тырысады. Орманда айқайлауға, бөгде кісілермен тілдесуге, үлкен кісілердің, әсіресе, қария-лардың сөзін бөлуге тыйым айтылды. Қазақтар да балаларын, келіндерін, жалпы жасы кішілерін әдет-ғұрыптық нормалар арқылы тәрбиелеп отырған. Жазылмаған дала заңы үлкен мен кішінің орындарын белгілеп, ап-анық айқындап берген.

Жерлеу рәсімдері

Сақалар жаз мезгілінде марқұмды екі-үш күн ішінде жерлейді. Қайтыс болған кісіні әбден жуып, сосын барып таза киіммен киіндіреді. Қыстың күндері мәйіттер арангас деп аталатын аспалы табыттарға қойылып, биікке орнатылатын. Марқұм қайтыс болғаннан кейін, 40 күндігінде арнайы ас беру рәсімі өткізілетін, сонымен қатар, бір жылдығында қабір тұрғызылады. Қазақтарда да марқұм үш күнде жер қойнына тапсырылып, 40 күндік еске алу рәсімі өткізіледі. Қайтыс болған кісінің бір жылдық асы үлкен деңгейде аталады.
Сақаларда 1930-1940 жылдарға дейін марқұмның шанаға жегілетін немесе жеке міністегі бұғысын сой-ып, буын-буынымен бөлшектеп, сүйектерін зақымдамай жіліктейтін болған. Бұғының етін жегенше жеп, ал, желінбеген қалған бөлігін қабір қазуға көмектескен көршілерге берген. Құрбандық малының етін алған кісілер сүйектерді бүтін сақтауға міндеттелген. Ал, арнайы құрбандыққа шалынған бұғының бас сүйегі зират басына ілінетін еді. Қазақтарда да марқұмның сүйікті міністегі жылқысын құрбандыққа алдын ала тұлдап, бір жылдығына сою дәстүрі бар. Ол жылқының бас сүйегі мұндаға дейін марқұм зиратының басына қойылатын болған. Ал, қазақтардағы құрбандық малының сүйегін бүтін сақтау жайында қолымызда нақты дерек жоқ.
Солтүстіктегі атаулы туыстарымызда мәйітті аспалы табыт-қабірлерде сақтау рәсімі болған. Бағаналы ағаштардың басына қойылған табыт-қабірлерді қалың орман ішінен, өзен жағалауларынан кездестіруге болады. Бұл аспалы ағаш қабір – арангас деп аталады. Кейбір аймағында ғана арангастар мұрты бұзылмай сақталған. Сол қабірлердің көмегімен қайтыс болған кісілердің басы батысқа, аяғы шығысқа қаратылып жерленгені анықталған.
Атаулы мақалада біз қазақтар мен сақалардың салт-дәстүрлеріндегі кейбір ортақ белгілеріне ғана тоқталдық. Біздің бұл тараптағы зерттеуіміз әлі де жалғаса бермек. Ал, туыстас халықтардың байырғы дүниетаным мәселесі тіпті де өте ауқымды тақырып. Қазақтар мен сақалардың, өзге де туыстардың дүниетанымдық мәселелері де жүйелі зерттеулерді қажет етеді.

Алдыңғы «
Келесі »