ТАРИХИ ШЫНДЫҚ және ТАРИХИ БЕЙНЕЛЕР

  • 24.06.2019
  • 94 рет оқылды
  • 0

Еліміздің мәдени және әдеби қырынан дамуы оның әлемдік кеңістікте өзіндік маңыздылығын танытады. Халықтың, ұлттың мемлекет ретінде өсіп, дамуы үшін оның мәдени жағдайы ерекше рөл атқарады. Театрды халықтың шынайы өмірінің көркем көрінісі деп алсақ, онда драматургия саласын оның негізгі қозғаушы күші санаймыз. Міне, осындай ауыр әрі тарпаң жанрға соңғы 15-20 жылда қосылған қуаты мол талант иесі – Жолтай Әлмашұлы. Ол өзінің шығармашылық ғұмырын ең әуелі прозалық туындылар жазумен бастаған, бірқатар роман, әңгіме, хикаяттар жазған. Әсіресе, жазушының «Күлкі мен көз жасы» атты романы – айтары мол көлемді туындыларының бірі. Онда жазушы өткен ғасырдың ішіндегі ең алапат әрі азалы кезең – өткен ғасырдың орта тұсындағы ел басына түскен ашаршылықты, одан кейінгі кездегі жазықсыз өлім құшып, опат болған репрессия құрбандарын сөз етеді. Сондай-ақ жазушының «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ» романдары, алғашқы аталған кітапты толықтырып, үшеуінің жиынтығы – «Тар дүние» деген атпен трилогия болып 2016 жылы басылып шықты. Бұдан басқа повесть, әңгімелері баршылық. Соңғы жиырма жылда жазушы драматургия саласына ерекше ықыластанып, көңіл аудара бастады. Мұның да қаламгер шығармашылығы үшін өзіндік тарихи ерекшеліктері бар.

Драматург жөнінде жазушы Сұлтанәлі Балғабаев: «Мен Жолтай Әлмашұлын жазушы ретінде көптен бері танимын. Ол бірқатар роман, хикаят, әңгімелер жазып, 5-6 кітап шығарды. Әсіресе, «Күлкі мен көз жасы» деген роман-дилогиясы кесек туынды, айтары бар ойлы шығарма. Онда ХХ ғасыр ішіндегі ең азалы кезең – отызыншы жылдардағы ашаршылық пен отыз жетінші жылдардағы репрессия сұмдықтары көркем көрініс тапқан. Ал, соңғы 10-15 жылда ол прозамен қабат драматургияға да бет қойды» – деп пікір білдіреді.
Ж.Әлмашұлы әдебиет саласының орнықты заңдарын өзіне міндет етіп ұстанған. Сол себепті де, жазушы қашан да өте ұтымды, сұрыпталған дүниелер жазуды мақсат еткен. Жазушы не жазса да, қай тақырыпты қолға алып, қай тақырыпта ой қозғаса да, алдымен барлығын терең зерттеп, ондағы кейіпкерлер жүйесін жүйелі ұштастыра білген. Кейіпкерлердің басынан өтке-ретін оқиғаларын, өз болмысында іріктеуден өткізіп, қаламгерлік тұрғыдан анық пікірін тұжырымдап, қорытынды жасаудан бастаған. Аталғандардың барлығы драматургтің тарихи драма-ларды жазу барысында ең қажет ұстанымдары мен ережелері болып табылады.
Қаламгер «Үздік драматург кім?» –деген сауалға былайша жауап береді: «Бізде ауыз толтырып айтар драматургтер бар ма? Аллаға шүкір, қазір таланттар аз емес, әркім шама-шарқынша жазып-жариялап жатыр. Мәдениет министрлігі жыл сайын ұйымдастырып жатқан «Тәуелсіздік толғауы» атты жабық байқауы осының дәлелі болса керек. Алайда, ол сайыстан жеңіспен оралған драматургтер драмалары көп жағдайда сахнаға жол тартпай, орта тұста қалып қояды. Бұл жерде автордың қандай кінәсі бар? Біздер білетін, оқитын С.Балғабаев, Иран-Ғайып, Р.Отарбаев, Р.Мұқановалардың қоржынында бүгінгі күнге дейін сақтаулы драмалары сүрленіп шыққаны белгілі». Осы ретте біз сөз етіп отырған драматургтің «Сана дерті», «Абақты-ғұмыр» атты тарихи сарындағы драмаларын ерекше атап өткеніміз жөн. Ол аталмыш драмаларын Алаш қозғалысы мен алаш қайраткерлеріне арнайды. Атап айтсақ, Мағжан Жұмабаев, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожановтардың өмірлеріндегі ең шешуші сәттері шынайылықпен суреттеледі. «Қайраткер құпиясы» атты драмасы халқымыздың айтулы біртуар тумасы Ілияс Омаров өміріне арнаған. Яғни, бір сөзбен айтқанда, «ғұмырнамалық», тарихи-философиялық драма.
Сонымен қатар, қаламгердің «Дос-жүрек дос» атты драмасында қазақтың аса талантты жазушысы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы суреттелсе, «Мұңмен алысқан адам» атты тарихи-философиялық драмасында адамдар арасындағы сатқындық, түсініспеушілік сияқты жат мінездер сынға алынып, зардаптары сипатталады. Драматург мұнымен қабат Ұлы Отан соғысының зардаптары мен жеңістің қуанышын болашақ ұрпаққа дәріптеп-түсіндіру мақсатында «Жеңіс мерекесіндегі жеңіліс» атты драма-элегиясын жұрт-шылыққа ұсынды.
Жолтай Әлмашұлы драмаларының тақырыптары сан түрлі. Әсіресе, қазақ халқының табиғатына бұрыннан таныс, табиғат новелласында намыс, соғыс тақырыптары ерекше суреттеулер мен сюжеттер арқылы баяндалады. Оқырман санасында сақталуы да тез. Қаламгер драмаларында психологиялық шы-ғармалар да аз емес. Достық пен қастық атты екі ұғымның бір-біріне ан-тонимдік сыңарын салыстыра отырып, оның қоғамдық рөлін шығармасы арқылы аша түседі.
Қазіргі таңда көп сұраныста жүр-ген туындылар – ғұмырнамалық шығар-малар. Олар әдеби тұлға бейнесін ашудың ең ұтымды жолы. Жазушының «Қайраткердің құпиясы», «Сана дерті», «Сәкеннің соңғы сапары», т.б. шығармалары ғұмырнамалық жанр-да жазылған. Сонымен қатар, бұл шығармада жазушы фольклорлық жанр-ды да ұштастырады. Әпсанаға тән белгілер де аталған драмалар бойынан табылады.
Драматург Ж.Әлмашұлы драма-ларының қай-қайсысын алсақ та, әрқайсысының да оқырман санасына берер ықпалы өте зор. Барлығы да сахна мен көпшілікке арнайы лайықтап жазылған шығармалар. Режиссерге аса ауқымды өзгерістерді кіргізудің қажеті жоқ. Себебі, жазушы барлығын есепке ала отырып жазған. Сондықтан да, драматург драмаларының барлығы дерлік еліміздің бірқатар театрларында сахналанып жүр, сахналануға әзірленуде.

***

Әдебиеттің сипаты оның қадір-қасиетін сонау студенттік шақтан біліп, танып, оған өз еңбегін сіңіріп келе жатқан Жолтай Әлмашұлы өз драмаларының басым көпшілігінде тарихи шындықты алға тартады. Қаламгер шығармаларын бір деммен оқып шығу қиын. Себебі, онда әсерлі, серпінді сюжеттер өте көп. Ұлттық сарында жазылған драмалық шығармаларының өзі ұлттық стильге негізделген көріністерден құралады. Кейіпкерлер жүйесі де, ондағы олардың қызметі, атқаратын рөлі де сан түрлі.
Қазіргі қазақ драматургиясы жә-не драматург Жолтай Әлмашұлы жайлы айтқан пікірлер мен сыни көзқарастардың барлығы қаламгердің драматургия саласына жаңаша серпін мен жаңалықтар әкелгенін растайды. Драмалық шығар-маларға қызығатын, оны сүйіп оқитын оқырмандарға Жолтай Әлмашұлы шығар-маларымен тереңірек танысу абзал. Себебі, дра-матург қаламынан алтынға бергісіз, рухани азығы мол дүниелер туындады. Жазушының әр жылдарда «Жеті жебе», «Тірі жан», «Сталинмен бетпе-бет» сынды драмалық шығармалар кітаптары жарық көрген. Аталған еңбектерінің ішінде жазушының әр кездерде жазылған драмалары қамтылған. Шығармалар жинағының ерекшелігі мен тақырыптық көркемдіктеріне қарап, жазу-шының шын мәнінде дарын иесі екенін аңғарамыз. Оның драмаларының ең басты тұсы – қаһармандарын ерекшелеп көрсету. Мәселен, ұлттық драматургия саласында драма жанрының түрлері ретінде қарастырылатын комедия мен трагедия бір уақытта дүниеге келді. Олардың барлығы да ұлттық драма жанрының әлемдік кеңістіктегі болмысынан ха-бар береді. Сондықтан да, Жолтай Әлмашұлы қай жанрда қалам тербесе, сол жанрдың шоқтығын биікке көтеруге тырысқан. Қаһармандар бейнесін та-нытып ашу үшін оны қиындықтар мен ауыртпалықтар арқылы өрнектеп көрсетіп, одан құ-тылудың жолдарын бірлесе іздейді. Бұл көріністер шарықтау шегіне жетіп, шешілген тұста драмалық әрекеттің ширақтылық кейпі таныла бастайды. Яғни, шығарманың нақты қыз-ған тұсы осы жерде көрініс береді.
Жолтай Әлмашұлының драматургия саласына салған өзіндік ізі де осы жанр-лар негізінде өрбіді. Драмаларының тақырыптық және көркемдік ерекшелік-теріне назар аударсақ, қаламгер көбінесе тарихи-ғұмырнамалық сарын-ды алға тартқан. Себебі, тарихпен байланысты туындылардың тарихи-әлеуметтік көрінісі, ғұмыры ұзақ бо-лады. Оның драмаларының негізгі ерекшелігі – тартыстың жүйелілігі, әр нәрсенің басын бір шалу деген сияқты атүсті көзқарастардан аулақ болу. Кейіпкерлерді қажетті тұсында даралап алу, олардың тілдік ерекшеліктерін тартыс барысында өзгертіп отыру да қаламгер шығармаларында қатаң түрде орындалатын шарттардың бірі. Бүгінгі заманда, туындыларына заманауи, жаңа тақырыптар мен идеяларды арқау ету Жолтай Әлмашұлының өзге қаламдастарынан артықшылығын та-нытса керек.
Драматургтің драмалық шығарма-ларға деген қызығушылығы мен ықыласының артуы драмалардағы эф-фектілі сурет-теулерден басталған. Олардың адам мінез-құлқы мен бол-мысына тигізер әсері өте жоғары. Себебі, оның ең алдымен оқырман емес, жазушының өзі аңғаруы тиіс. Драма қаншалықты эффектілі, тартысты болған сайын, одан берілетін күш те соншалықты мол болады. Сахналанған тұста көрермендерге берілетін эмоция да дәл сондай сипатта болады. Ым, көзқарас, эмоция сияқты белгілер сахналатын драмалық туындылардың ең басты құбылысы болса керек. Бұл жөнінде көптеген сыншылар мен ғалымдар зерттеулер жүргізген. Атап өтсек, А.П.Чехов, А.Н.Островский, М.Горький, Г.Э.Лэссинг драмалық туын-дылардағы эмоцияның басымдылығын алға тартады. Тіпті, өз қаламдарынан шыққан драмаларға да осындай шарт-тылықтарды негіздеген. Олардың барлығын өзгермейтін, жанрға тән қағида деп түсінген. Мәселен, драматургтің «Қайраткердің құпиясы», («Қыл үстін-дегі тағдыр») атты ғұмырнамалық драмасына назар аударсақ, құрылымы жағынан шығарма болмысында әпсана жанрына тән белгілер де байқалады. Жалпы, бұл туындыда ХХ ғасырдың бас кезіндегі халық тіршілігі суреттеледі. Драмаға барлығы жеті кейіпкер қаты-сады. Ең басты рөлдегі кейіпкер – Ілияс Омаров. Шығарманың бар болмысы мен мәнін де үстейтін осы Ілияс. Ол кешегі өткен ғасырдың белгілі қайраткері, өлең жазатын қасиеті бар өнерлі тұлға, өнегелі тұлға. Келесі кейіпкер – Гүлшат Омарова. Ол Ілиястың асыл жары, өте сабырлы әрі білімді үй шаруасындағы әйел. Шығарманың дамуы барысында Ілиястың барлық қасиеттері Гүлшат арқылы тарқатылып отырады. Отбасылық даму үрдісі, кешегі комсомол қызметкері, өлең жазып, ән шығаратын, жалпы өнерді жан-тәнімен сүйетін Қабілеткер арқылы танытады. Сондай-ақ, Қабілеткердің жары, білікті де еңбекқор, кітапханашы – Хадиша бейнесі де назардан тыс қалмайды. Шығарманың тартысты бөлімін ашу мақсатында келесі кейіпкерлер де қатысады: Нұртас Оңдасынов – мемлекет және қоғам қайраткері, өнер жанашыры, Ілиястың әріптесі. Өзбекәлі Жәнібеков – қоғам қайраткері, мемлекеттік өнер академиясының қызметкері, ол да өнердің жанашыры. Қаламбай – Ілиястың танысы, құпия комитеттің қызметкері.
Драманың негізгі ерекшелігі де – қазақ қоғамына, жалпы қазақ ұлтының өсіп-өркендеуі үшін көп еңбек сіңірген қазақ зиялыларының атқарған еңбегін бүгінгі ұрпаққа таныту мақсатында жазылған шығарма десек қателеспейміз. Мұндағы ең басты сақталуы тиіс қағидалар да қарастырылған:
– Шығармада өнердің қасиеті мен құдіреті және сол өнерді ғұмырының соңына дейін қадірлеп өткен азамат-тардың ерліктері баяндалады. Соны негізге ала отырып, кейіпкер болмысын ашу мақсатында драма ішінде толғаныс-монологтар да орынды қолданылған;
– Шығарманың басты кейіпкері – Ілияс Омаров бейнесін, оның қоғамдық өмірге деген көзқарасы мен сұранысын, күтер үмітін аша түсу мақсатында сол кездегі әр алуан тарихи-әдеби және мәде-ни дерек-дәйектерді де қосып көрсетеді.
Осы аталған сипаттаулар драманың жалпы құрылымдық-мазмұндық бол-мысын танытуға септігін тигізері анық. Шығарма басталмай-ақ, ондағы алаш көсемдері мен жанашырлары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жү-сіпбек Аймауытов, Міржақып Дула-товтардың есімдері аталады. Олардың сол кездегі қазақ қоғамы, өнері мен мәдениеті, әдебиеті үшін атқарған орасан зор еңбектері елеусіз қалмайды. Кейініректе Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Мағ-жан Жұмабаев есімдері де назардан тыс қалмаған.
Шын мәнінде, Жолтай Әлмашұлының қазақ зиялыларының тарихи болмысын барынша шынайылықпен таныту мақ-сатында жазылған аталмыш драмалық туындысы өз тақырыбын ақтап шыға алған. Драманың басты мақсаты да – ХХ ғасырдың басындағы алаш қайраткерлерінің тағдырымен үстемдік орнатушы Ресей үкіметінің қулығына алданған қазақ азаматтарының қателігі.
Драманың басты кейіпкері – Ілияс Омаровтың өз қалауындағысын жүзеге асыра алмай, заманның тосқауылына еріксіз бағынуы, айналасындағыларға өзгеше көрінуі мүмкін. Себебі, қайраткердің мұндай әрекетін түсінбеген Қабілеткер де оны барынша жігерсіз, өтірікші, жасқаншақ деп қабылдайды. Тіпті, бір кейіпкердің аты – «Қабілеткер» деп аталуының тарихын да түсіндіріп өтеді. Шығармадағы кейіпкердің өз тілімен айтсақ: «Азан шақырып қойған есімім Қабен болатын. Оны кейінірек өзім өзгертіп алдым. Есейе келе бойымдағы қабілетті байқадым. Сосын ойладым: қазақ жақсы кісілерді қайраткер, бейнеткер, жұмыскер, ымырагер … деп айтпай ма! Отыра қалып, өз атымды Қабілеткер деп, өзгерттім. Қабілетім бар екенін де әйгілеп тұрған жоқ па…».
Қабілеткер аты затына сай азамат тұлғасында бейнеленеді. Қазақтың жасқаншақ, ұялшық қоғамынан жалығып, оған қарсы бір өзі әрекет жасауға шамасы жетпейтіндігін түсініп, іштей налыйды. Қабілеткер осындай жанына батқан ішкі күйзелісін үнемі әйелі Хадиша мен жан жолдасы Қаламбайға айтып, бөліседі.
Жалпы, Қабілеткердің өзі жоғарыда атап өткеніміздей ақын, тіпті, өзі шығарған өлеңдеріне ән жазып, компо-зиторлық қырын танытып жүргені тағы бар. Алайда, қанша тырысқанымен, оның әндерін де, өлеңдерін де ешбір радиодан, газет-журналдардан жария-ламай қояды. Осы сәтсіз тірлік Қабілеткердің жанына шоқтай батады. Екі сөзді бір-біріне байланыстыра алмақ түгіл, өлең жазу мүлдем қолдарынан келмейтін ақынсымақтарды асқақтатып, оларға ақын деген атақ беріп, мақтауын асыратын қоғамның алдамшы тірлігіне қарап, іштей құса болады. Отыра қалған жерінде осы мәселені көтеріп, өзіне қолдаушы іздейді.
Мен-мен деген қоғамның біраз алпауыттарын сынға алып, сол жай-лы мақалалар да жазады. Алайда, Қабі-леткердің дәл мұндай әрекеті әйелі Хадишаны өте қатты үрейлендіреді. Кітапханашы болып жұмыс істейтін Хадиша күйеуі Қабілеткердің сөзіне қарағанда, кітаптың сөзіне көбірек сенеді. Онысын өзі де шығарма бары-сында дәлелдейді. Сондықтан да, кейбір мәселелерге келгенде, Қабілеткер өз ойымен бір өзі алысады. Жалғыздықты басынан көп кешіреді. Осы аталған оқиғалардың барлығын драматург тек бір ғана көріністің ішіне сыйдырған. Жалпы алғанда, аталмыш драма бес көріністен тұрады. Олардың әрқайсысында жаңа оқиғалар баяндалады.
Жолтай Әлмашұлының тарихи драмалық шығармалары түрлі тақы-рыптардан сыр шертеді. Себебі, драма-тургтің драмалық туындылары арқылы айтар ойы мен жеткізері мол. Олардың қатарында «Ай астындағы алтын шаһар» атты драмасы бар. Драманың басты тақырыбы – ана тақырыбы. Себебі, бұл тақырып ешқашан да ескірмейтін, керісінше жаңаша үлгіде дәстүр жал-ғастығын дамытатын тақырып екені анық. Фольклорлық сарында жазылған бұл драманың ең негізі мақсаты – аналардың махаббаты мен болашаққа деген сенімділігін дәлелдеу. Драмада драматург барынша ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын айшықты түр-де танытуға тырысты. Драмада іс-әре-кеттер 10 қатысушы (кейіпкер) арқылы баяндалып, оқиғалар жүйелі түрде өрбиді. Атап өтсек, драмадағы ең басты кейіпкер – Балым-Ана. Жасы 80-ге келген кейуананың болашаққа деген қорқынышы, балалары мен келіндерінің өмірлерінің оңалуы, балаларының бақы-тын тілейтін ана мейірімі мен үрейі шығарманың бар болмысын танытады. Сондай-ақ, Балым-Ана – ескінің көзі, ескі мен жаңа дәуірді жалғастырушы, өзі сауатты, ақылды аналар кейпінде бейнеленеді.
Драмадағы басқа да кейіпкерлер мен олардың ерекшеліктеріне тоқталып өтсек:
– Нәзипа – Балым-Ананың ең жана-шыр құрбысы. Бір қолының мүкісі бар, жасы үлкен ана. Көпке жанашыр болғанымен, жеңіл өмір сүруді жаны қалайтын, пікірі ұшқары, мінез-құлқы тым жеңілтектеу кейіпкер. Сонысына сай шығармадағы болмысы да күлкілі әрекеттерге толы.
– Шәрипа – бұл да Балым-Ананың құрбыларының бірі. Шығармадағы кейіпкердің басты танытушы ерекшелігі – өмірінде сәби сүю бақытына ие бола алмаған кейуана бейнесі.
– Айман – Балым-Ананың кіші келіні, момын мінезді, тәрбиелі келіншек.
– Райхан – Балым-Ананың ортаншы келіні. Мінездік ерекшелігі – адуынды, шайпау. Ойындағысын жасырмай тіке айтатын қыры шығармадағы барша әлеуметтік, отбасылық мәселелерді шешуде ұтымды пайдаланылады.
– Майра – Балым-Ананың ең үлкен келіні. Өзге келіндер бейнесінен ерекшелігі – ол ғалым. Драмадағы білім-ділік, ағартушылық белгілері осы бейне арқылы танылады. Мүмкін, кейуананың үлкен келіні болғандықтан да осындай ерекше мамандыққа ие болуы шарттылық шығар.
– Нұрғаным – Балым-Ананың құрбысы Нәзипа ананың келіні. Драмадағы кейіпкер болмысы – оның нашар мінезімен ерекшеленеді. Яғни, қызғаншақ, өсекші, өтірікші сияқты қасиеттер Нұрғаным бойынан бірден табылады.
Сондай-ақ, Нұрхан мен Бозтай – 1941 жылы соғысқа аттанып, мүлде хабарсыз оралмай қалған солдаттар бейнесін сомдайды. Шығармада тек қана шағын, оқшау эпизодтар көріністерінде ғана бейнеленетін бұл образдарды «жанама образдар» десек те болатындай. Әйтсе де өзіне тән үлкен жүк көтеріп тұрғаны да шындық.
Жалпы, драманың мазмұны – үш түрлі мінездегі кемпір және олардың келіндері арасындағы қарым-қатынас; өткен мен болашақтың мәселесі; алдағы күнге деген күдік пен сенім мәселелерін қамтыған. Драматург Жолтай Әлмашұлы дәл мұндай өзекті мәселелерді текке қозғамаса керек. Себебі, аталып өткен көріністер бүгінгі заманның да, өткен дәуірдің де ешқашан ескірмейтін даулы мәселелері екені анық. Сондықтан да, драматург бұл шығармасын жаңаша үлгіде ұсынуға тырысты. Өз заманындағы данагөй аналарымыз бен ақжарқын келіндеріміздің бейнесі бүгінгі заманда неге өзгеріп барады деген сауалдардың төңірегінде ой өрбітеді.
Қаламгердің жазу ерекшелігі мен жазу дағдылары да өз өмірімен тығыз байланысты. Оны аңғару үшін ең алдымен жазушы шығармаларымен толықтай танысу қажет. Сонда ғана, қаламгерді жазушылық, драматургтік қырынан тани аламыз. Себебі, жазушы шығармаларының қай-қайсысы болсын, адам баласына ақиқатты танытуға, табиғатпен үйлесімділікті табуға, оны шексіз сүюге үйретеді. Адам бойындағы рухани қайырымдылық қасиеттерін дамытуға көмектеседі.
***
Қандай көркем туындыны алып қарасақ та, олардың әрқайсысының өзіндік жазылу тарихы, ондағы кейіпкерлердің бейнелену мақсаты болады. Сондай-ақ, әрқайсысының тарихи шеңбері белгілі бір кезең мен дәуірді қамтиды. Мәселен, әдебиетіміздегі кез келген туындының өз тарихы және ондағы кейіпкерлердің де тарихи тұлғалық ерекшелігі болады. Әдебиетімізде мұндай типтегі туындылар өте көп.
Жолтай Әлмашұлының драмалық шығармаларының басым көпшілігі тарихи тұлғалар бейнесін жан-жақты ашып, олардың ішкі әлеміне еніп, талдауды мұрат еткен. Әсіресе, «Мұңмен алысқан адам», «Абақты-ғұмыр», «Сана дерті», «Дос – жүрек дос», «Ай астындағы алтын шаһар», «Қайраткердің құпиясы» атты драмаларының барлығы дерлік тарихи тұлғалар бейнесін дәріптеуге арналған. Мәселен, драматургтің «Дос – жүрек дос» атты драмасы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовке арналған. Ондағы басты кеңістік – 1942 жылы еліміздің сол тұстағы астанасы – Алматы қаласында өтеді. Драмадағы басты мақсат – жазушы Мұхтар Әуезов пен ғалым әрі әдебиетші Бейсенбай Кенжебаев өмірі мен шығармашылық байланысы. Драматургтің басты көрсетпек, ашпақ идеясы – Мұхтар Әуезов пен Бейсенбай Кенжебаев арасындағы шығармашылық үндестік, достық, шынайы ықыластың маңыздылығы.
Шын мәнінде, мейлі қандай заман, қандай дәуір болсын ондағы достық күші – барша адамзат қасиетінің ең биік шыңы. Сондықтан да, бұл шығарманың айтпақ ойы тек әдебиетші қауым үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін де елеулі, маңызды деп есептеуге болады. Шығарманың ең басты 2 жүйесі бар:
– Әуезов – Кенжебаев – Әмірбаев;
– Шаңғытбаев – Сүмесінов – Кен-жебаев;
Аталған 2 жүйе байланысы шығар-маның ең басты қозғаушы күші болып табылады. Осы арада байланыс сақталмаған жағдайда, шығармадағы айтпақ ой да шашыраңқы болуы әбден мүмкін.
Шығарма барысында драматург Мұх-тар Әуезовтің шығармашылық бейнесін барынша әсерлі жеткізіп, жан-жақты ашуға тырысқан. М.Әуезовтің жұмыс пен үй арасындағы байланысы, шығармаға дайындығы, шығармашылыққа көзқа-расы шығарманың алғашқы бөлімінде-ақ ерекше толқыныспен суреттеледі. Драма-ның бастауында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын бастайын деген сәттегі жазушылық толқынысы, қиналысы өте әсерлі бейнеленеді.
«Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды» – деген алғашқы сөйлемінен-ақ, жазушы шығарманың енді ғана роман тіліне сай болғанын аңғарып, іштей қуанады. Осы бастаманың өзіне қанша қиналған жазушы Мұхтар Әуезов сөз түрлендіру әдісін өте ұтымды қолданған. Ұлтымызды әлемге танытқан ұлы туындыны жазу Мұхтар Әуезовке оңайға соққан жоқ. Бір ғана Абай бейнесінен 4 томдық еңбек жазу М.Әуезовті кейде қуантса, кейде сынға да алған тұстары бар. Расында да, біздер Абайды толықтай түсініп алмай, оған толықтай баға бере алмаймыз. Мұның өзін драматург Жолтай Әлмашұлы да түсінесе керек. Сол үшін де, драматург М.Әуезов бейнесін жоғары қойып, жоғары баға берген. Себебі, Абай поэзия әлемінен де, философиялық ой-толғаныстардан да алдыңғы кезектегі философ ақын. Мұның дәлелі, кезіндегі Ахмет Байтұрсынұлының: «Абай – қазақтың бас ақыны» – деген пікірінде жатыр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, дра-маның негізгі арқауы, Мұхтар мен Бейсенбайды байланыстыратын бір күш – әдебиет әлемі, яғни, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы. Шығарманың алғашқы көрінісінде-ақ, М.Әуезовтің «Абай жолы» романын жариялау үшін баспаға беруі, артынша редактордың авторға хабарласып, кітапты шығарудан бас тартқанын хабарлауы драмада өте әсерлі суреттеледі. Ал, сол тұста баспаның бас директоры әдебиеттанушы, ғалым Бейсенбай Кенжебаев болды. Осы кикілжіңді шешу үшін Бейсенбай Кенжебаевтің де сан түрлі қиындыққа тап болуы, шығармадағы ең тартысты сәттердің бірі.
– «Бейсеке, бұл не сөз! Мен… мен бүкіл ғұмырымды осы Абайға арнап келе жатқанымды өзің де жақсы білесің. Ал, мына романға барымды салғанымды тағы да білуге тиіссің. Бұл не әңгіме! Көркем әдебиет баспасы ең әуелі жақсы, шұрайлы шығармаларды басып шығаруы керек қой. Ұлт әдебиетін өсіргіміз келсе, алдымен көркемдік сапасына көңіл аударуымыз керек… Егер романнан елеулі кемшілік тауып жатса, мен тыңдар едім. Жөндеу керек болса, жөндер едім. Ал, бас-көз жоқ «алып кетіңіз» деген не сөз!.. Ойбай-ау, Абайды шығармасақ…».
Расында да, сол замандағы қи-сынсыз, миға қонбайтын түрлі сылтаулар мен жауабы жоқ саясаттың кесірі әдебиетіміздегі шоқтығы биік шығармалардың көпшілігін жарияламай тастады. Астарлы саясаттың әсері әдебиеттану саласына ерекше ықпал етті. М.Әуезовтің сонша еңбектенген тері, соғыс кезімен тұспа-тұс келіп, жазушының шығармашылығына біраз тосқауыл қойғаны рас. Бұл жөнінде Бейсенбай Кенжебаевтің пікіріне тоқтала кетелік:
– «Жоғарыда айтқандардың пікірі заң. Олардың айтқандарынан шығып кете алмаймыз. Таңертеңгі жиыннан бастықтың айтқаны мынау: «Қазір жағдай өте қиын. Соғыс кезі. Әрбір кітапқа тиын-тебен бөлудің өзі маңызды жұмысқа айналғалы тұр. Соғыс жағдайында май-дандағы жігіттерге рух беретін батырлық дастандар, ерлік кітаптарын көбірек басып шығару керек. Ал, мына «Абай» ескі заман, кешегі ғасыр туралы… Әзірге қоя тұрыңдар деді».
Шындығында да, жазушы көзқара-сымен санасу принципі жойылып, жа-рияланатын дүниелердің барлығын директордың бір өзі ғана шешетіні рас дүние екені тағы бір мәрте дәлел-денгендей.
«Абай жолы» романында сонымен қатар ру аралық қақтығыстар да орнап тұрады. Бір жағынан, бұл ру ішілік болмаса руластар арасындағы байланыс пен алшақтық дәрежесін көрсетуге қызмет атқаруы тиіс. Осы ретте Әбділда Тәжібаев мынадай теориялық ақпаратқа тоқталады: «Кездейсоқтық ешқандай қызмет атқар-маса, тарихи мистикалық характер алған болар еді».
М.Әуезовтің бағы мен сорына айналған «Абай жолы» роман-эпопея-сының жария-лануының өзі үлкен өзекті мәселеге айналды. Б.Кенжебаевқа бар ішкі шері мен мұңын бөліскен М.Әуезов шығарманы өз аузымен орыс тілінде жарыққа шығарсам ба екен деген ойға келеді. Қазақ халқының ғажайып романын алдымен орыстардың оқығаны дұрыс болмас деген шешімге келіп, қайтадан жоғары биліктен бұйрық күтеді. М.Әуезовтен бұрын бұл жайт Б.Кенжебаевты қатты толғандырады. Бұл туралы драма барысында баспа басшысының көзқарасы былайша сипатталады: «Еһ, шіркін! «Абайды» қалай жарыққа шығарсақ екен? Бұл мен үшін һәм, Мұқаң үшін ғана керек дүние емес, бұл ең бастысы, қазаққа керек. Абайды айта отырып қазақ тұрмысын, қазақ елінің тамаша табиғатын һәм қазақтың ұлы мінезін әлемге, барша елге паш етер едік. Сол үшін-ақ басты бәйгеге тігуге болады. Сол үшін-ақ… нар тәуекел деуге болар-р… Әттең… әттең, заманның түрі мынау. Қыл бұрау салғандай қылып ұстап тұр-ау, қайтейін-н… бұлай бұрсаң өгіз өліп, былай бұрсаң арба сынады. Қайтпек керек?.. Не етпек керек?.. Уа, дүние, не істеймін-н? Қайтейін енді-і…».
Шын мәнінде М.Әуезов – ұлт мүд-десі мен арманын жоғары қоятын жазушылардың бірі. Осы тұрғыдан «Ма-нас» туралы да жүргізген зерттеулері тағы бар. Бір сөзбен айтар болсақ, ешқашан өкіметтен жасқанып, қорқу дегенді білмеген. Дәл мұндай бірбеткейлігін дра-матург өте әсерлі жеткізе білген. Өйткені, жазушының жырлайтын тақырыбы таби-ғатына өте ұқсас болып келеді. Ал, дәл мына «Абай жолы» романы – ерліктің айқын үлгісі. М.Әуезовтің бұл романнан бөлек «Абай» драмасын жазған кездің өзінде де дәл осындай келеңсіздікке тап болғаны рас. Драмада драматург Мұхтардың ішкі толғаныстарын жинақы әрі әсерлі жеткізуге тырысады:
«Абай» драмасын жазып, сахналамақ болғанымда да осы қазақ… иә, дәлірек айтқанда, қазақ атын жамылған екіжүзді топас топ аяғымнан тартып, ілік іздеп, әбден әурелегeні рас, тіпті ең аяғы Орталық Комитетке дейін барып, сол жақта тағдыры шешіліп еді-ау. Бізде ер жоқ, жүректі жігіттер жоқ дейміз. Шын мәнінде олай емес. Жақсылар бар. Түсінігі мол азаматтар көп. Мен өзім «Абай» трагедиясының қойылуына да қамқорлық жасап, қол ұшын берген ер көңіл қазақ, Совнарком төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың үлкен қамқор көңілін ұсынғанын қалай ұмытайын. Осы Нұрекеңді барша жұрт тек мемлекеттік чиновник деп ойлайды. Ал, расында олай емес, Оңдасынов – өнерде де орны бар азамат. Ол ұлт әдебиеті мен мәдениетін қайсібір шалағай жазушылардан жоғары түсіне біледі. Жақында бір кездескенімде, ол кісі маған айтты: «Мұха, ұлттық киноны да дамытуымыз керек, сіз киносценарий жазыңыз», – деді».
Сөз жоқ, Абай ақынның ақындығын, ғұмырының қаншалықты қысқа болса да, елі мен жері үшін атқарған еңбегін тарих беттеріне түсірмеу, үлкен қасіреттің бірі болар еді. М.Әуезов осы олқылықтардың алдын алу мақсатында да романды жазған болар.
«Дос – жүрек дос»… неткен керемет сөз. Шынында да, достарының көп болғанына не жетсін. Ондай достар өмірде көп болмайды. Өте аз ғой. Сирек қой. Шығарманы оқу арқылы, ғылыми мақалалармен танысу арқылы шығарманың бар болмысы мен көзқарасын бойыңа сіңіресің. Сол сияқты, балаларға да жақын болу адамның қиялын жандандырады.
Ж.Әлмашұлы өз пьесаларына кейіп-кер еткен ұлтымыздың айтулы тұлғалары баршылық. Айталық, Т.Жүргенов 1934 жылы қазақ жазушыларының І съезін өткізуге тікелей ықпал еткен азаматтардың бірі болған. Ел ішіндегі талай-талай таланттардың көзін ашып, опера театрын қалыптастыру жолында өлшеусіз еңбек сіңірді. Атап өтсек, «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек», «Жал-быр» – бәрі де Жүргеновтің ерекше қамқорлығымен жарыққа шыққанын біле жүру ләзім. Тіпті, бүгінгі күнгі бірнеше жоғарғы оқу орындарының бәрі дерлік сол Т.Жүргеновтің араласуымен ашылғаны да ақиқат.
Расында да, өткенге көз жүгіртсек, Жүргеновті, Рысқұловты, Қожановты, Сапарбековті – қазақтың бар қаймағын өз қолымызбен ұстатып жіберген күндер елестеп кетері сөзсіз. Мұның барлығы да солақай саясаттың кінәсі! Ағалардың халық алдында еш кінәсі болмаса да, «халық жауы» деген атты жамылып кете барғаны – болашақ ұрпақты уайымдатары шындық.
Драматург Жолтай Әлмашұлы драмада қазақ қаламгерлерінің ғұмырын да аттап өтпей, зерттеусіз қалдырмады. Мәселен, әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов өмірден өтерден бірнеше ай бұрын Қазақ университетінде болып, жас таланттар аясында сөз сөйлейді. Сол сөз осы күнге дейін ауыздан-ауызға алынып, әлі айтылып жүр. Себебі, М.Әуезовтің қазақ халқы үшін істеген еңбегін қағазға сыйдыру мүмкін емес. Драматург, драмаларының барлығында тарихи деректерді алдыңғы кезекке шығарады. Мұның барлығы да тарихи кезеңдерді әдебиетпен салыстыру маңыздылығын дәлелдеу болса керек. Сондықтан да, тарихи шындық пен көркем шындық – бір-бірінен ажырамас түсініктер. Міне, сол үшін де тарихи тұрғыдан деректерге көз жүгіртсек, «халық жауы» болған боздақтарымыздың орта жасы тіпті қырыққа да жетпейді. Соғыстан кейінгі жылдары да қазақ қайраткерлерінің басынан әңгіртаяқ кете қойған жоқ. Нұртас Оңдасынов – 58 жасында қызметінен кетсе, ал, Ілияс Омаров – 58 жасында өмірден өтті. Кейіннен солардың ізінен Өзбекәлі Жәнібеков те өмірден өтеді. Бүгінгі қайраткерлердің шынайы бағасын келер ұрпақ береді. Жаңа заманның жастары бағалайды.
Қаламгер драматургиясы аз уақыт-тың ішінде-ақ қызықты әрі ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жетті. Драматургтің драматургия саласын-дағы мұндай құлшынысы қазақ даласындағы түрлі тақырыптарды сөз етіп, тарихи тұлғалар бейнесін тағы да бір жаңғыртқандай. Драмаларында суреттелетін тарихи тұлғалардың бейнесі тарихи және көркем кеңістікті қатар алып жүреді. Себебі, тарихта шын мәнінде болған, дәл сондай ауыртпалықтарды басынан кешкен тұлғалар бейнесі көркем туындыда да айна-қатесіз дәл солай суреттеледі. Бұл да болса драматургтің драмалық туындыларға деген арнайы стильдік және бейнелік көзқарасы болса керек.
Драмалық туындыларға қойылатын талаптар өте қатаң. Оны орындау әрбір драматург үшін өзгермес қағида іспеттес. Жолтай Әлмашұлы шығармаларында бұл белгілер мен ережелер жүйелі түрде сақталған. Драматургтің драмалық туындылары қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосатын озық шығармалардың қатарында.
Тарихи тақырыптар мен тарихи тұл-ғалар бейнесін суреттеуде драматург өте ұтымды әдістерді ұстанған. Соның әсерінен болар, драматург Жолтай Әлмашұлы әдебиетіміздегі ең танымал Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Омаров, Бейсенбай Кенжебаев, Қуандық Шаңғытбаев, Темірбек Жүргенов, Нұртас Оңдасынов, т.б. сынды қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығын көркем туынды-ларына арқау етеді. Сол себепті де, жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлы драмалары бүгінгі жаңа заманның озық туындыларының қатарында, алдыңғы шебінде деп зор сеніммен айта аламыз. Тарихты бұрмаламай, шы-найылықты бірінші орынға қоятын жазушыларымыздың шығармалары көбейсе екен деген ниеттеміз. Себебі, әдебиет пен тарих бір-бірінен ешқашан да ажырамайтын, тұтас әлем.
***
Тәуелсіздік алған тұстан бастап драматургия саласының да шығар-маларына ерекше жол ашыла бастады.Қазіргі қазақ драматургиясын әлемдік кеңістікте салыстыра отырып талдасақ, ұлтқа тән дәстүрлі көркемдік, болмаса шығармашылық өз дәрежесін дәлелдеп тұрады. Жазушы-драматург Жолтай Әл-машұлының драматургия саласындағы шығармаларының да шоқтығы биік. Жарыққа шыққан драмаларының бар-лығы тарихи тақырыпта және тарихи тұлғаларды дәріптеуге арналған. Оның 2008 жылғы жарық көрген «Tірі жан» атты еңбегіне енген драмаларының көпшілігi тарихи тaқырыптарды сөз етеді. Шығармаларының көркемдігі мен жүйелілігі оқырман назарын бір-ден аударары сөзсіз. Драматургтің жа-рық көрген жинағына көрнекті қазақ қаламгерлері – Әшірбек Сығай мен Дулат Исабеков қонымды пікірлерін білдіріп, Жолтай Әлмашұлының шығармашылық жолына табыс тілейді. Драматургтердің пікіріне қарасақ, қаламгер драма жанрын барынша жан-жақты игергені, бұл салада ерінбей, тынбай ізденіп келе жатқаны нақты айтылған.
Жолтай Әлмашұлы шығармашылық өмірінде не жазса да, қандай тақырыпты қолға алса да – ең алдымен барлығын анық зерттеп, кейіпкерлерінің көңіл-күйін, жан-дүниесін, басынан өткізген оқиғаларын ой-қиялынан сараптап, оларға жазушылық тұрғыдан нақты бір пайым, қорытынды жасап барып кіріседі. Мұндай қырағылық пен байқампаздық драматургтің тарихи тақырыпта жазылған драмаларынан айқын байқалады. Олардың қатарына драматургтің «Абақты-ғұмыр», «Сүю серті» және «Сана дерті» драмаларын жатқыза аламыз. Аталмыш драмалар осы уақытқа дейін Қызылорда және Түркістан драма театрында сахналанып, мол қошеметті иеленіп жүр. Бұл драмаларда драматург қоғамға белгілі Алаш қайраткерлері Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов өмірлерінің тарихи кезеңдері, атқарған ерен еңбектері және ғұмырының ең соңғы шешуші сәттері суреттеледі. Сондықтан да, қаламгер драматургиясына назар аударып, драмаларын оқу оқырманға мол тарихи білім берері сөзсіз.
Соңғы жылдарда Алаш қайрат-керлерінің өмір жолы, қайраткерлік қызметі мен ұрпағына қалдырған мол мұрасы жан-жақты зерттеліп, оны халыққа таныту ерекше жауапкершілікпен қолға алынды. Драматург Жолтай Әлмашұлы да бұл бағытта өзінің үлесін қосуда. Мысалы, «Нұрлы жүрек», «Сәкеннің соңғы сапары», «Сталинмен бетпе-бет», «Мұңмен алысқан адам» т.б. атты драмаларын айтуға болады.
Мысалы, драматургтің «Мұңмен алысқан адам» атты драмасында ХХ ғасырдың орта тұсындағы ұлтымыздың біраз азаматтары тағдырдың тәлкегімен туған жерінен, елінен амалсыз қоныс аударғаны суреттеледі. Францияның шағын қаласына көшіп барған Асан атты қарияның отбасының өмірі, ұл-қыздарының Франция жерінде дүниеге келіп, сонда ғұмыр кешуі тарихи тұрғыдан өте нақты, дәл мәліметтермен дәйектеле отырып суреттеледі. Туған жерді аңсаған қазақ ұрпағының Отанға, атамекенге деген сағынышы драмада өте әсерлі баяндалады. Ауқатты әулеттің ұрпағы бола тұра, туған жерден жат жерде ғұмыр кешіп, бөтен жерде ұрпақтарының дүние есігін ашуы ұзақ жылдар бойыАсан ақсақалдың кәрі жүрегіне қанжардай батады. Жолтай Әлмашұлының аталмыш драманы жазудағы басты мақсаты – кешегі кеңестік кезеңде лажсыз туған жерді тастап, жер ауып кеткен мыңдаған көңілі жаралы қазақ отбасының туған жерді аңсаған жан күйзелісін, ішкі мұң-шерін бір отбасы арқылы көрсету. Бұл да болса шерлі тарихта болған шынайы құбылыстарды драмасына арқау етіп, көркемдік шындықпен байланыстыра суреттеуі дрматургтің шеберлігі десек артық айтпағандығымыз болар еді.
Ж.Әлмашұлының «Сәкеннің соңғы сапары» («Фрустракция») атты драма-элегиясында қазақ тарихындағы көрнекті ақын, прозашы, драматург, мемлекет қайраткері, ағартушы-ұстаз, ғалым Сәкен Сейфуллиннің жазықсыз қамауға алынар алдындағы алаңжар көңіл-күйдегі хал-ахуалы бейнеленген. Тақырыбы – қазақ халқының ұлттық мәдениетіне зор үлес қосқан С.Сейфуллиннің тарихи тұлғасын даралай бағалау, идеясы – адамгершілік-имандылық жолындағы адал қызметтің бағаланбауына күйзелген адам жан ділі әлемінің қасірет шеккен жағдайын таныту. Психология ғы-лымының анықтамасы бойынша: «Фрус-тракция (от лат. frustratіo – обман, расстройство, разрушение планов) – психическое состояние человека, вызы-ваемое объективно непреодолимыми (или субъективно так воспринимаемыми) трудностями, возникающими на пути к достижению цели или к решению задачи; переживание неудачи. Фрустракцию можно рассматривать как одну из форм психологического стресса».
Аталған пьесаға осы психологиялық анықтама-атаудың тақырып болып қойылып, туынды кейіпкері С.Сей-фуллиннің, онымен тағдырлас қазақ зиялыларының жан әлемін аңғартқандай мағынаны байқатады. Қаламгерлік (ақын, прозашы, драматург, әдебиет зерттеушісі) және қоғамдық-әлеуметтік қайраткерлік-басшылық қыз-меттерімен халқына аянбай еңбек еткен адамдардың адал жолы арамдық, жаулық ретінде бағаланса, солар және жалпы халық қалай дағдармайды, қалай күйзелмейді?! Екі көріністі пьесаның Сәкеннен басқа кейіпкерлері (Садықбек Сапарбеков – обком хатшысы, партиялық және мемлекеттік басшылық қызметтегі зиялы адам, Тасжан – партиялық кеңес аппарат қызметкері, солақай саясат идеологы, мінезі тік жігіт; Ұланбек – партиялық кеңсе аппаратының идеологиялық қызметкері, мінезі жұмсақ жігіт) де өмір шындығына сай бейнеленген. Әсіресе, Сәкенді айрықша құрметтейтін Садықбек – қоғамды, мемлекетті басқарып отырған коммунистік партияның ең озық ойлы өкілдерінің көркем шындықпен жинақтала бейнеленуі. Ол пьесадағы монологтарымен де, Сәкенмен және аталған екі кейіпкермен диалогтарында да шыншыл ойлы, дарынды С. Сейфуллинді әділ бағалаушы халық ойын танытады. Онын диалогтарындағы Сәкен туралы бағалаулар – халық ықыласының көрінісі.
Пьесадағы С.Сейфуллиннің әдеби-драмалық тұрғыда бейнеленуі – туын-дының тақырыптық атауына орай психо-логиялық сипатымен көрінеді. Оның диалогтарынан арман еткен жақсы тұрмысты қоғамның қайшылықтарына күйінген, бюрократтардан, опасыздардан беті қайта бастағанда айтқан сөздері – оның ұлтын сүйген қайраткер, ойшыл тұлғасын даралай түскен. Пьесаның нысанына алынған кең ойлы кемеңгер жанның Алаш зиялылары (Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, т.б.), болашақ Қазақ Елінің болашақ Ел ордасы – Астанасы болатын атамекен, өзінің шығармашылығы және саналуан мәселелер туралы толғаныстары оның туындыларындағы ойларының негізінде берілген.
Шығарманың көркемдік шешімі – психологиялық дағдарыс көңіл-күйіндегі Сәкеннің жан әлемін ұрпақтарға аңғарту. Өзі және басқа да көрнекті қазақ қайрат-керлерінің жазықсыз жазаланатынын түйсінумен, түс көрумен сезінген жай-күйін автор өмір шындығы сипатына сай аңдатқан. Пьесаның идеялық, көркемдік шешімі – жақсылық, әділдік салтанат құратын қоғам, мемлекет болатынына сөнгендердің үміттері үзіліп, керісінше зұлымдық, жендеттік жазалаулар, тәркілеу, аштық, қуғын-сүргін орын алған кезеңге душар болғаны Сәкеннің пьесадағы монологымен де айқындала түскен:
«Фрустракция!.. Фрустракция!.. Қоғам, қазақ жұртының көңілі құлазып тұрған шақта біз қалай серпіліп, желпініп кете аламыз, бауырларым-ау!.. Елді, жерді тастап, қайда, қай жаққа барамыз, туғандар-ау! (күрсінеді)». Жазушы қазақ халқы үшін жан-тәнімен қызмет еткен дарынды, күрескер қайраткерлердің сергелдеңге түскен тағдырларын пьесаларының тақырып нысанына ала отырып, оқыр-мандарды-көрермендерді азаматтық-отаншылдық парызды сезіну, адалдықты сақтау ұлағатымен тәрбиелеу мұратын бағдарлаған. Жазушы-драматургтің бұ-лардан басқа пьесаларында да уақыт пен кеңістіктегі адамтану тұрғысындағы өзекті тақырыптар арқау етілген.
Қорыта келгенде, заманның шын-дығын, өмірдің шынайы көріністерін анық бейнелеп, суреттеу тек қана нағыз жазушылар мен ақындардың қолынан келеді.
Жазушы әрі драматург Жолтай Әлмашұлы туралы сөз қозғағанда, жазушының шығармашылық зерт-ханасы, жарияланған кітаптары, әдебиет және өнер туралы көзқарастары бірден назарға ілінді. Жазушы шығармаларын оқи отырып, ондағы шындық пен қиял жөніндегі байланыстың мәнін түсіну қиын емес. Себебі, ол тек қана шынайы нәрселерді жазуға тырысқанын байқаймыз. Ол – шындықты сүйетін шынайы қаламгер.

Әдемі Ибрайымова,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ-дың түлегі,
филолог-әдебиеттанушы

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.