Хаттар әлеміндегі әдебиет, тарих, сын мәселелері

  • 24.06.2019
  • 93 рет оқылды
  • 0

0Гүлзия Пірәлі,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы

Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ әдебиеттану ғылымы мен көркем сын жанрында табанды еңбек еткен тұлға. Көрнекті ғалымның ұлт руханиятын зерттеудегі  үздіксіз еңбегінің нәтижесінде 500-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектері мен әдеби көркем сын мақалалары жарық  көрген. Атап айтсақ, 1948 жылы Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы жарияланса, 1949 жылы профессор Қажым Жұмалиевтің редакциясымен  дайындалған «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» атты  екі тілдегі (қазақ-орыс) 6 томдық күрделі ұжымдық жинақтардың жариялануына жетекшілік жасады.  «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» атты күрделі еңбекте кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің тарихы  1917-1948 жылдар аралығындағы қазақ совет әдебиетінің туу, қалыптасу және  даму жолдарына және жеке шығармашылық тұлғалардың  туындыларына  шолулар жасалып, ұлттық сөз өнерінің кезеңдері айқындалады. Қазақ  әдебиетінің тарихы  үш кезеңге , (яғни,  1-кезең – 1917-1929 жылдар; 2- кезең – 1930-1941 жылдар; 3-кезең – 1941-1949 жылдар) бөлініп, қарастырылғанына да, кезеңдердің ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, дәуірленуіне де  М.Әуезовтің қосқан үлесі мол .

Ал, Қажым Жұмалиев болса көр-кем шығармаларынан бөлек, 200-ден аса сын-әдеби мақалалар мен орта мек-тептерге арнап «Әдебиет теориясы» (1938, 1939, 1940, 1942, 1960), 1941 жылы орта мектептің 8-9 кластарына арнап «Қазақ әдебиетінің» оқулықтарын жазған көрнекті ғалым. 1961 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының» 2-томының 1-ші кітабының редакцияларын басқарған. Сондай-ақ, «Махамбет Өтемісұлы» туралы (1938,1948,1951,1958,1962), «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (2-том,1960), «М.В.Ломоносов және орыс ғалымы»(1948) «Стиль-өнер ерек-шелігі» (1966), «ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1967), «Очерки истории казахской дореволюционной литературы» (1968) т.б сияқты қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиет теориясы, көркем сын саласындағы сүбелі еңбектері күні бүгінге дейін рухани сұраныста .
Әдебиетші-ғалым М.Атымовтың мәлім-деуінше: «Қазақ әдебиеті тарихының» үш томдығының (6 кітап) қайсысында болмасын Қ.Жұмалиев араласпаған тарау кемде-кем. 1960 жылы (жалпы редакциясын басқарған М.Әуезов) шыққан «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» тарихының (1-ші том, 1-ші кітап) «Ер Тарғын» та-рауын, 1961 жылы шыққан «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (2-ші том, 1-кітап) тарихының жалпы редакциясын басқарған және «ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті», «Бұқар жырау Қалқаманұлы», «Махамбет Өтемісұлы», «Шернияз Жа-рылғасұлы», «Алмажан Азаматқызы», тарауларын жазған, 1965 жылы шыққан «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті» (2-том, 2-ші кітап) тарихының редколлегия мүшесі және «Ығылман Шөреков» тарауын жазған. 1967 жылы шыққан «Қазақ совет әдебиеті тарихының» (3-том, 1-2-кітаптар) редколлегия мүшесі және 3-томның 2-ші кітабындағы «Тайыр Жароков» туралы тарауды жазған да Қ.Жұмалиев еді…» («Қажым Жұмалиев.100 жыл (1907-2007) «Белестерден биікке өрлеу. Путь к вершине».Алматы.2007.-460 бет. 73б).
Жұмалиев Қажым кезінде М.Әуезов шығармашылығы жайында мақалалар жазып, тығыз шығармашылық байла-ныста болған. Соның бірден-бір куә-гері – «Қазақ әдебиеті тарихының» 2-ші томына арнап жазған Қажым Жұмалиевтің тарауларына қатысты құнды ой-пікірлерге құрылған Мұхтар Әуезовтің хаттары. Қазақ әдебиеті та-рихының өзекті мәселелері сөз болған бұл эпистолярлық мұра М.Әуезовтің ұлттық әдебиеттану ғылымына қосқан қомақты үлесін айқындайды.

«М.Әуезов – Қ.Жұмалиевке
№ 137
Жолдас хажым!1

Қазақ әдебиеті тарихының екінші томына арнап жазған Махамбет, Шернияз, Ыбырай турасындағы еңбектеріңіз, жалпы алғанда, жаңа томның көрнекті, ірі бөлімдерінің бірі боп бағаланды. Көлем жағынан да, сапа жағынан да томға елеулі еңбек қосқан автордың алдыңғы қатардағы бірі деп бағалаймыз. Еткен еңбегіңізді осылай өз салмағымен, орнымен атаудың үстіне, енді осы бөлімдер және де армансыз бола түсу үшін әр тақырып туралы бірнеше тілек-талаптар айтпақшымыз. Ендігі сөзді сол әр бөлім (тақырып) турасындағы пікірлерге, ескертулерге арнайық.

Махамбет туралы

Жалпы, Махамбеттің өмірі мен мұралары туралы ең көп еңбек сіңірген автордың бірі – сіз екеніңізді жұртшылық біледі. 1948 жылы шығарған «Махамбет» атты кітаптағы тексеру мен өлеңдер жыйнағының топтамы бұл ақын турасындағы ең көрнекті, ең соңғы жинақы еңбек болатын. Одан кейін, сол кітаптан әрі қарай өсіре, асыра қосымша еңбек жазған зерттеуші болған жоқ. Бірақ мынау екінші томға бәріміз де, бұрынғы өзіміз тексеріп жүрген авторлар жайындағы зерттеулерге ғылымдық жағынан жаңалықтар қосып, молайта, тереңдете тексеруіміз қажет. Әдебиет тану ғылымына тарихтық сынға жұртшылық қойып отырған соңғы талаптар бойынша өскелең жаңалықтар қоса түсіп, тексеруіңіз шарт. Осы жағынан қарағанда, бұрынғы 1943 жылы басылған кітапты түгелімен қайта көшіріп беруіңіз, өсіре түспегеніңіз өте өкінішті жәй болған.», – деп автордың махамбеттанудағы еңбектерін жоғары бағалай келіп, әдебиет тарихына қойылатын ғылыми талап бойынша жеке шығармашылық тұлға шығармасын өзі өмір сүрген дәуірмен, қоғамдағы құбылыстармен кешенді түрде байланыстырып, кеңейтіп жазу керектігін ескертеді (Әуезов.М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 50-т.-Алматы. «Жібек жолы» баспа үйі,2011-472 бет- 313 -б). Мадақтай отырып, мәдениетті түрде бұрын жарияланған дүниенің көшірмесі емес, тарихи тұрғыдан талданған концептуалды тұжырымдардың, жаңа көзқарастардың қажеттілігін қаперге салады. Жаңа қоғаммен бірге өзгеріп отырған ғылыми зерттеушілік талаптардың өскендігін, әрбір тақырыпқа, әдеби тұлға шығармашылығына рухани мұра ретінде қарап, көркемдік құндылықтарды анықтап, талдап, кәсіби маман ретінде талдауды талап етеді. М.Әуезовтің тарау авторларына қойып отырған ғылыми ұсыныстары ұлттық құндылықтардың көркемдік қасиетін, тілдік құнарын, оқиғаны жеткізудегі ақындық шеберліктерін ғылыми тұрғыдан анықтап, айқындауға бағытталған. Эпистолярлық мұрадағы әдеби сынның, ғылыми талаптың өткірлігі онда көтеріліп отырған мәселенің өзектілігінен өрбіп отыр. Әріптестер арасындағы ақыл-кеңес, бағыт-бағдар бола тұра батыл ойлар, нақты ұсыныстар, талаптар мен тапсырмалар орын алған. Сын болғанымен жеке басқа тиісу жоқ. Тақырыпқа тікелей қатысты кемшіліктер айтылып, құнды пікірлер дәлелді дәйектелген. Әдетте Әуезов әдебиетке, ғылымға қатысты сыни пікірлерін осылай жеке авторларға жазған хаттары арқылы көңілдеріне тимейтіндей, көпшіліктің талқысына түсірмей, азғана авторлар арасындағы талқылау ретінде реттеп, өте сақтықпен әдептілікпен, әдемі жеткізіп отырған. Қандай мәселені де саясаттан сырт, таза теориялық, ғылыми, әдеби-көркемдік талап пен шарт шеңберінде қарастыруды, ұлттық жәдігерлеріміздің жалған жалаға жолығып, қолды болуынан қорғануды, осы мақсатта жалпы ғылыми орта, зиялы қауым асқан білімдарлықпен еңбек етуді астарлай ескертіп отыратыны әрбір эпистолярлық мұрасында мен мұндалап тұрады. Жастардың жазғандарына соншалықты жанашырлықпен қарай отырып, олардың оңай жолмен кетпеуіне, әрбір жазған жолдарына аса сақтықпен, жоғары жауапкершілікпен қарауды жүктеп, соған бағыттап отырады.
М.Әуезов одан әрі де әдеби сын пікірлерін жалғастырады: «…Ол кітаптағы үлкен көлемді кіріспенің соңғы бөлімі, тек сол жыйнақтың өзіне ғана арнаулы мақсаттан туған беттер еді. Онда алғаш жарияланып отырған өлеңдер мен жекеше арнаулы жыйнақ болғандықтан, кейбір түсіндіргіш – справка ретіндегі мәліметтерге орын беру заңды еді. Ал, екінші том сыяқты күрделі ғылымдық еңбекке ондағы деректердің көпшілігін қысқартып, сноска ретінде ғана берсе жетерлік болатын. Ал, мынау еңбектің соңғы бөлімінде Махамбеттің жаңа шығармаларына тексеру берудің орнына ғылымдық, зерттеушілік сапасы сәл, ұсақ түсінік справкаларға көп орын бергенсіз.
Жалпы алғанда, Махамбеттей ұлы ақынға екінші том көлемінде берілетін зерттеулер, әрине бұл уақытқа шейін жазылған мақалалардан және орта мектепке арналған оқу құралдарының көлемінен көп ілгері болу шарт. Жоғарыда аталған кітабыңызда сол талапқа тұрарлық елеулі жұмыстар, зерттеулер істелгені даусыз. Бірақ соның үстіне де, соңғы жылдар талабына сай келерлік өзіңіздің тың ойларыңызды, зерттеулеріңізді қоса түсу қажет.
Сол жөнде, орыс әдебиетінің ХІХ ғасырда болған классиктеріне арналып жазылып жүрген зерттеулердің тәжірибесін еске алсақ, әрбір ұлы жазушының да идеялық, саясаттық, көркемдік жағындағы кемшілік, қайшылықтары үнемі көрсетіліп отырады.
Осы тұрғыдан қарағанда, Махамбеттің де бір қайшылығы айрықша аталып өту керек. Онысы – жалпы орыс халқының қазақ тарихына етерлік пайдалы, жаңалық әсерін мүлде аңғармау, ойламау, түгелімен барлық Россиядан шыққан қазақ сахнасына арналған жаңа фактылардың барлығынан үрке қашу айқын болатын.
Өзіңіз шақтап атаған кейбір қайшылықтардың үстіне, осы жайды да қосымша етіп белгілі шығармалардың мағынасына, идеялық сарынына жалпы ориентациясына қарап отырып, нақтылап сынап, талдау жасауыңыз қажет деп білеміз. Ендігі нақтылы пікірлерді жеке-жеке бөліп айтайық.
І. Төртінші бетке дейін Махамбеттің өмірі туралы берілген деректер аз ғана. Бұл тұсқа, оның өмірбаяны емес, азырақ беттер бойында ақынның әдебиеттегі орны туралы аз кіріспе керек. Осы жәй өз еңбегіңізде жазылған. Ол 24-беттен 31-бетке дейін келетін жалпы әдебиеттік характеристика. Осы үзіндіні ең алдыңғы беттерге ауыстыру дұрыс сыяқты. Себебі, Махамбет ақын, ол туралы ақындық мінездеме әр кезеңде, ең алдымен, айқын бөлініп тұру керек. Ол біздің томның әдебиет тарихы арқылы әлеуметтік шындықтарды баяндайтын мақсатында да сай келеді.
2. 53-бетте Хивамен одақтасу қайшылық деп саналғанда, Махамбеттің осыған жалғас жалпы қайшылықтары ашыла түсу керек. Хиваға бойұрудың екінші жағы да бар. Ол – орыс жаңалығынан жоғарыда айтқандай, мүлде қашу болатын. Патшалық пен анық орыс халқы екіжар екенін аңғармауды атап беру керек. Оның шығармасынан бірде-бір кезде орыс халқына бейім сөз кездеспейтінін айқындау керек. «Түсінбеді» деп атау шарт. Бұл күйге келгенде, тіпті, Бұхар жырау да бірауық дұрыс түсінік көрсеткен еді ғой.
Махамбетте соның мүлде жоқтығы аталмасқа болмайды.
3. Махамбет шығармалары – екпін мен ереуілдің, алыс-тартыстың поэзиясы. Сол жәй оның қасиеті болса, кейде сыңаржақтығы да болады. Оның мұрасында қазақ өмірінің көтерілістен өзге жақтары көрінбейді. Бұл поэзия халықтық бір ғана импульстің поэзиясы. Өнер-үлгі, алдағы тарихтық бағыт адамгершілік, шаруа-кәсіп, салт пен заң, махаббат сыяқты тақырыптарға Махамбет шығармалар арнаған жоқ. Ғылымдық кең тексеруде осы жайлар мінеу ретінде болмаса да, шындықты ашу түрінде аталу керек.
4. Жанрын айтқанда, лирикалық- эпикалық түр сыяқты деу дұрыс емес. Оның жанры – историческая боевая хроника. Осы жәйын өзге көп көркем әдебиетте кездеспейтін, өзгеше ірі оригиналдық қасиеті деп, ірі бағалау шарт. Бұндай жанрда да ерекше жалынды лирика бола алатындығын ашу керек. «Лирикалық эпикалық жанрға ұқсайды» деу Махамбетті бұрынғы бір таныс, дағдылы жанрларға тартып, төмендететін сыяқты. Оның орнына, жоғарыда аталғандай өзгеше қасиетін өсіре таныту керек.
5. Тексерудің 31-бетінен бастап әр өлеңді тарих документімен салыстырғанда, жаңағы хроникалық ерекшелікпен байланыстыру қажет. Әйтпесе мынау бірнеше бет бойындағы тексерулер Махамбет өлеңдерін үнемі архив дерегінің қосымшасы етіп қойғандай. Осы тұста тексеру тек тарихпен үйлестікті ғана бақылап айыруға арналып кеткен. Әдебиеттік зерттеу үшін бұл аз да, қолайсыз.
6. Хронологиялық принцип бұл тексеруде дұрыс таратылған. Бірақ соңғы жаңа өлеңдерде осы жағы анықталмаған. Жалпы жаңа өлеңдер турасында, жоғарыда айтқандай, справка хабар көп те, әдебиеттік тексеру аз. Осы справкаларды 66-беттен бастап, өзгерту керек. Кімнен жазып алынғаны сноскада берілсін. Текстің өзінде жаңа өлеңнің бәрін, алдыңғы белгілі шығармаларша, молынан, әдебиеттік тұрғыдан талдау керек. Күдіктерді (Махамбеттікі ме, жоқ па дегендерді) жеке кітапта айтқансыз. Бұл жерде өте қысқа сноскамен ғана атау керек те, ғылымдық, әдебиеттік тексеруге күш салу қажет.
7. Жалпы тексеру туралы бір ескер-тетініміз – әр бөлімде, әсіресе өлеңдердің мазмұнын айтып беруде қайталау көбірек.
8. Машинисткадан соң қарап шық-пағандықтың салдарынан болу ке-рек: сөйлемдерде кей-кейде ұзақтық, ұғым-сыз шұбалаңдық байқалады. Күрделі сөй-лемдердің согласованиесі, байланыстары ойдағыдай шықпаған жерлері бар. Оларды әр беттердің, абзацтардың тұстарында нақтылап көрсеттік. Соларды өзіңіз түзеп шығуды ойларсыз.
9. Жалпы 66-беттен кейінгі бөлімде бұрынғы жыйнаққа арналып жазылған стиль, әдістерді өзгерту керек.
10. Қайталай беретін цитаталарды тың өлеңдермен ауыстыру дұрыс болар.
11. Барлық тексерудің ең соңында, бір-екі абзацпен, Махамбеттің қазақ әдебиетіндігі тарихтық орны туралы аз ғана қорытынды беру керек.
Осындағы айтылған ескертулерді ойланып, қарап өту кезеңінде Абай туралы жазылған еңбекті оқып шығуды сұраймын. Онда Абайдың әр шығармасындағы көркемдік, идеялық жөндегі кемшіліктер мен қайшылықтары бұрынғы тексерулерімізден көбірек және нақтылы түрде, анықтап айтылған сыяқты. Томның, біздің бәріміздің (автор коллективінің) алдына қойып отырған ғылымдық, идеялық жаңа талаптары аса зор және орыс әдебиет тарихының соңғы жылдарда жазылып жатқан үлгілеріне қарағанда аса жауапты, сол себепті, тексерулеріміз құрғақ мақтау сияқты апологетика дәрежесінде болмасын. Осыны ойлап, жоғарыдағы ескертулерді әдейі жолдастық және редакторлық талап ретінде жолдап отырмыз.», – деген пікірлерде қаншама құнды ғылыми ойлар, теориялық тұжырымдар берілген (Әуезов.М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 50-т.-Алматы. «Жібек жолы» баспа үйі,2011-472 бет- 313 -316 -бб).
Тарихи күрделі еңбекке арнайы жазылып отырған дүние болғандықтан, автордан асқан жауапкершілік талап етіледі. М.Әуезов бұл тақырыпты зерттеушіден артық зерделеп, арнайы қарастырғандай әрбір детальдарының дәлдікпен дәйектеліп, тереңнен тексеріліп, ғылыми-теориялық тұрғыдан талдануын талап етеді. Махамбет поэзиясының поэтикалық әлемін жанрға сай, ғылыми стильмен жазылуы да авторға үлкен сын. Алдында үлгі аларлық еңбектің барлығын ескертіп, тарауды концептуальды тұрғыдан қайта қарауға да кеңес береді.
Мұхтар Әуезовтің эпистолярлық мұра-сындағы мына мәтіндер Қажым Жұмалиевтің зерттеуіндегі кез-келгеннің қырағы көзіне түсе бермейтін, байқай бермейтін көптеген түйткілдерге назар аудартады. Ә.Марғұланның афоризмге айналып кеткен «білгесін айтамыз да» деген даналық сөзі осындайда ойға түседі. Жетекшінің білімдарлығын, қазақ әдебиетінің қай саласында да жүйрік озық ойлы маман екендігін осы мәтіндер дәлелдей түседі.

Шернияз туралы

Шернияз турасындағы тексеру Махамбет пен Ыбырай турасындағы көлемді, ғылымдық, толық тексерулерден төмен сыяқты. Қолжазбаның беттерінде, нақтылы орындарда жазылған пікірлерден басқа айрықша бөліп айтатын жеке-жеке жәйлар мыналар:
І. Бірінші бетте Шәйіпке көп ссылке жа-сау қажет емес. Оның жәйін сноскамен қысқа ғана атап өту керек.
2. Шернияздың өмірбаянын (2-бетте) бе-ре алмаудың себебін айтып келіп, барлық биографиялық мәліметтерді мотивировать етіп, автор өздігінен тізіп беру керек. Жалпы осы бөлім «Ақынның өмірі туралы деректер» деп аталса, дұрыс болар еді.
3. 11, 12, 13-беттердегі әр вариантты са-лыстыру бұл томға қажет емес. Бір вариантты ғана алып, соған сену керек те, соның өзін әдебиеттік тұрғыдан талдау қажет. Өзге варианттардың тек барлығын қысқа сөзбен ескерту жетеді.
4. 17-бетте Баймағамбетті мақтаған сөздерді автор зорлықпен теріс шешеді. Қайшылықты ашу орнына, өздігінен ұйғару жасайды. Ақынның өлеңінде «жақсы» әкім берген «жақсылық», ол әкелген «жақсы заман» айтылып отырған сыяқты. Осы анық мысқыл болса, соның ажуалық жөнін бұл беттегі жазылған тексерулерден әлдеқайда дәлелді етіп ашу қажет. Болмаса, ақынның амалсыздығынан, қорқақтығынан туған десе де, бұнысы анық қайшылығы деп ашып беру керек.
5. Өлендердегі (18-бет) «кәпірдің қор-жынына» деген сыяқты және 16-беттегі «тіл білмес жау» деген сыяқты Россияға аса жат қараған сөздер сырын ашпай, үндемей кету жөн емес. Бұның патшалыққа қарсы екенін ашу керек. Және жалпы Россия жаңалықтарын түсінбеушілік бар екенін де атау дұрыс. Бұндай сөздер мен жолдарды цитатадан өшіру үстіне, жаңағыдай түсінікті бере отыру шарт.
6. «Термені» (19-20-беттерде) «Шернияз-дікі ме, жоқ па?» деп болжалдау, бұл жерде керексіз.
7. Жәй ғана бір өлеңді (21-бетте) «ғылымдық мәні бар» деп автор асыра бағалайды. Дағдылы надандық көңілдің сәл дағдарысын «тамаша сөздер деп» дәріптеу дұрыс емес. Бұнда зерттеуші ойдың өзі де кішірейіп тайыздап кетеді.
8. Жалпы халық поэзиясын (23-бетте) суырыпсалма түрін бұл жерде шолу қажет емес. Бірінші томда жазылған.
9. «Сыртқы түріне мазмұны керісінше» деген (28-бетте) пікір айтылады. Осылай деудің орнына, сырты әдейі монтаны түрде айлалы тәсілмен құрылған десе, онда мазмұн мен түр арасында қайшылық бар деген методологиялық даулы пікір тумас еді. Сол жөнінде автор тереңірек зерттеу жүргізсе, қызық нәтиже және ғылымдық өнімді ой табар еді. Түрдің өзінде де екі ұдайлықты, немесе іштегі сыншыл мазмұнды тәсілмен танытатын, әдейі қолданған монтанылық (притворство) болуға әдбен мүмкін. Солай талдап, дәлелдегенде, Баймағамбетке айтылған мақтау сөз туралы да қызық қорытынды жасауға болар еді. Ал, бұнда солайша тереңдеп талдамағандықтан 29-бетте Баймағамбетті мақтаған сөзді де дәлелдеп жеткізе түспей тағы да зорлықпен әкеп, осы араға ұйғара салған тәрізді.

Ыбырай туралы

Жалпы алғанда, Ыбырай турасындағы тексерулер көп дау туғызбайды, маңызды еңбек. Бұның кейбір беттерінде жасалған ескертулер өз алдына. Оны автор ескерер. Солардан бөлек қысқаша бөліп айтылатын азын-аулақ ескертулер мыналар:
І. Алекторов сөзі (6-бетте) қазақша берілу керек.
2. Сыдықов сөзі (12 бетте) және де қа-зақша аударылу керек.
3. Маловты (21-бетте) құрметпен ата-ғанмен, оның елеулі пікірі айтылмаған. Сондықтан, оны атаудың қажеті жоқ.
4. Діншілдік туралы (20 бетте) дәлелдер сұйықтау, шет көзге шалағай, жеңіл көрінеді. Панисламизммен дауласуды бұдан әлдеқайда дәлелді деректерге сүйене отырып, салмақты айту керек. Және басқа бөлімдерде осы жәй дәлелдірек айтылған. Солардың аңғарымен дәлеліне сәйкес жазылмаса, мынау тұста саналған панисләмистік, пантуркистік фак-тілер еңбектің салмағын арзанға сайғандай болады.
5. Шоқанның сөзін (25-бетте) қазақшаға жақсылап аудару керек.
6. Ыбырайдың өмірбаяны 26-беттен басталады. Осыны орнын тауып, бұдан бұрынырақ бір жерге ауыстыру дұрыс сыяқты.
7. Ең жауапты мәселе – Ыбырайдың ақындығында да қайшылық жоқ емес. Әсіресе, «Араз бол кедей болсаң» деген сыяқты және басқа да кейбір өлеңдерінде ақын өзі қарсы болған исләмшілдікке кейде өзі қол артатыны бар. Мысалы:
«…Әюпті қырық жылдайын мың құрт жеді,
Әюп Нәби пәлеге сабыр етті…» – деген сыяқты, мұсылманның дін ұстаздары айтатын тағдырға бойсұну сарынында жазылған өсиеттері бар. Бұны, өз заманындағы оқушыларының ұғымына орайлап берген баж деп түсіндірумен қатар, Ыбырайдың қайшылығы есебінде атап өту керек.
8. Ақынның орыс классик әдебиетімен байланысын айтқанда «Сәуірде көтерілер рахмет туы» дейтін өлеңінде реалистік пейзаж тудырғанын ірі бағалау керек. Қазақ әдебиетінде Абайға анық үлгі беріп, жаңа стильдік жол бастаған Ыбырай болады. Оның осы бір өлеңінің өзі ірі тарихтық, мәдениеттік жаңа ағымды бастап еді. Ыбырай осы өлең үлгісімен өзінің Пушкин, Лермонтов сыяқты классиктер дәстүріне мол араласқанын танытқан болатын. Әсіресе, осы еңбек туралы толық сөз қажет болатын себебі, жалпы тексеруде Ыбырайдың қарасөз жағы көп аталып, поэзиялық мұрасы аз қамтылған. Соның орайына, аудармалармен қатар, осы өлеңге жекеше тексеру берілу керек.
9. Бөлімнің басын тек қана «Ыбырай Ал-тынсарин» деп атаса болды.
10. Менің авторлық, редакторлық істеріме көмек ретінде томның Абай турасындағы бөлімдерін оқып шығып пікір айтуды сұраймын.
Мынау хат тек өзіңізге ғана жазылған жолдастық ескертулер деп біліңіз. Бұл ресми рецензия емес. Мен қайтып келгенше бар мақаладағы кемшін жерлерді толықтырып, түзеп қоюға себепші болсын деген ниетпен тек өзіңізге ғана арнап жазып отырмын.
Сәлеммен Мұхтар» (Әуезов.М. Шығар-маларының елу томдық толық жинағы. 50-т.-Алматы. «Жібек жолы» баспа үйі,2011-472 бет- 317 -319 -бб).
Қандай әділетті баға, әділ сын, мәде-ниетті мін, асырып мақтау да, жермен жексен етіп сынау да жоқ. Сынның шынайы болуын талап ететін ғалым өзі де соған сәйкес сауатты да сыпайы сөйлейді. Үздік үлгіні өнеге етеді. Қандай ұқыптылық, жанашырлық, жауапкершілік десеңізші. Көлемі көп күрделі еңбектің әрбір бетін шұқшия оқып, оның арғы-бергі тарихынан тарамдап сөз тарата отырып, оның олқы тұстарына орынды сын айтып, кемшіліктерін қалай түзеудің тура жолдарын асықпай-аптықпай дәлелмен нанымды түрде жеткізе білудің өзі де үлкен кемеңгерлікті танытады. Баспасөздерге берілетін ресми резенция болмағандықтан ескертпелері де еркін, ашық айтылған. Ұлт құндылықтарына қаншалықты жанашырлық танытып, әрбір әдеби жәді-гердің тағдырына немкеттілікпен қа-рамайтын ғұлама ғалымның ғибраты қай кезеңдегі әдебиетшілерге де, жалпы ұлт зиялыларына үлгі-өнеге болса керек-ті.
Қазақ әдебиеті тарихының ірі өкіл-дерінің шығармашылықтары жөнін-дегі М.Әуезовтің ғылыми мәліметі мол пікірлерінің бір жолын да қысқартуға қимайсыз. Ол орынды айтылған бағыт-бағдарымен де бағалы. Мұндай әдеби деректері мен ғылыми ақпараттары мол, әдепті де әділ әдеби сыны мол мәтіндер қазақ сынында сирек кездесері хақ. Қазақ әдебиет тарихы мен әдебиеттану ғылымының көптеген келелі мәселелері мен өзекті жәйттері туралы жазылған Мұхтар Әуезовтің эпистолярлық мұралары тек мұхтартану саласы үшін ғана емес, жалпы ұлт руханиятының тарихын түгендеуде, кеңестік кезеңдегі әдеби үрдістің бағытын айқындау үшін де үлкен рөл атқарары айқын. Сондай-ақ, жазушының мұрағатында мұндай мазмұндағы мәтіндер, эпистолярлық мұралар, түрлі диссертациялық енбектерге, қолжазба кітаптарға, оқу-лықтарға, диплом жұмыстарға, т.б. жазған пікір, тілектері сақталған жаз-балар баршылық. Эпистолярлық мұра-ларымен бірге зерттелер бұл мұрағат материалдары да қазақ әдебиеттануы үшін маңызды ғылыми тың ақпараттар болып табылары хақ.
Тегінде бұл хат мәтіндеріндегі мазмұн мен мәліметтер, әдеби ақпараттар М.Әуезовтің қандай да бір ғылыми еңбек болсын, монографиялық зерттеулер болсын, тіпті шағын тараулар мен мақалалар болсын, оларға өзіне тән білімдарлықпен жан-жақты байыпты талдау, тереңнен таратып айтар салмақты сараптамалар жасайтын жақсы қасиетін ұқтырады. Әсіресе, әдебиет тарихы сияқты күрделі де кешенді, әрі ұжымдық дүниелер жасалып жатқанда оның әрбір сөзіне, тарихи деректеріне, әдеби мәліметтеріне бей-жай қарай алмайтын ой алыбының ұлттық құндылықтар мен рухани жәдігерлерге асқан жауапкершілікпен қарайтыны хақ. Сондықтан да, рухани серіктестері болсын, бауыр тұтқан шәкірттері болсын, әріден сыйласқан әріптесі болсын ақиқат алдындағы ақтығынан, әдебиет әлеміне деген әділдігінен айнымай, жеке бастың ұнату-ұнатпауынан жоғары тұратын ұлы мақсаттар жолына адал болды. Тұлғалық табиғатына тән тазалық пен талапшылдық Қ.Жұмалиевтің де тарауларындағы жетістіктерді жоғары бағалай отырып, кемшін түсіп жатқан тұстарға шынайы пейілмен, ақ адал ағалық, ұстаздық, жетекшілік жанашырлықпен дұрыс бағыт, көрегенділікпен кеңес береді, тақырыбын кеңінен қамтып, тереңдей зерттеуге зейін қоюды талап етеді. Әдебиет тарихының жазылуының өзі ұлт пен ұрпақ алдындағы, ар-ұждан алдындағы үлкен абырой, маман ретіндегі мерейлі мақсат, биік мұрат екендігін ескерте отырып, бұл жолда еш қателік жібермеуімізді, таза болуымызды қатаң талап етеді. М.Әуезовтің эпистолярлық мұраларындағы ғылыми принциптік, кәсіби маман, ұлы ұстаз, ғылыми жетекші ретіндегі тазалығы мен талапшылдығы кімді болса да тәнті етері сөзсіз. Егер де өзге емес, осы бір ғана ғалымға бір тақырып төңірегіндегі ғылыми ойларға, ондағы әрбір әдеби мәліметтердің генезисі мен зерттелу тарихына тоқталар болсақ, жан-жақты талдасақ, бірнеше тарауларға өзек болар сөз өнерінің қаншама құнды ойлары сөз болар еді, әрине. Алайда, ол өзге еңбектің еншісіндегі мәселе.
М.Әуезовтің Қ.Жұмалиевке жазған осы бір ғана хатының өзіне өзек болған өзекті мәселелер қазақ әдебиеттану ғылымы үшін қаншама құнды ойлар, әдеби фактілер, тарихи деректер беріп отыр. Олай болса Мұхтар Әуезовтің әлі де ғылыми айналымға енбеген эпистолярлық мұраларын, архивтік жазбаларын тереңдей зерттеу бүгінгі мамандардың міндеті деп ойлаймыз.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.