КӨСЕМСӨЗ – РУХАНИ ИДЕОЛОГИЯ

  • 24.06.2019
  • 114 рет оқылды
  • 0

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Молдахан Кәріпбайұлымен сұхбат

– Әбіш Кекілбайұлы күрделі, әрі тарихи тұлға екендігі баршамызға мәлім. Әбіш Кекілбайұлының көсем-сөзін ғылыми айналымға алғаш енгізіп, зерттеген Әбіштанушы ғалым ретінде ғылыми ізденісіңізде қандай қиыншылықтар болды?
– Рахмет. Әбіш шығармашылығының төңірегінде Ж. Дүйсенбаева «Ә. Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар және көркемдік жинақтау» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Сондай-ақ, С.Ғұбайдуллин «Әбіш Кекілбаев прозасының тілі», Н. Исина «Автор и герой в прозе А. Кекилбаева и С.Санбаева» тақырыбында, А.Бейсенбай «Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы окказионалдық қолданыстар» тақы-рыбында, А.Мәуленов «Қазіргі қазақ прозасындағы мифопоэтикалық сарындар» (Ә.Кекілбаев, Т.Әлімқұлов шығармалары негізінде) тақырыбында кандидаттық диссертацияларын қорғады. Ал, маған бүкіл шығармашылығындағы кемелдену кезеңдерін, дәуірнамалық көсемсөзгерлігін, стильдік ерекшелігін, өмірлік ұстанымын, журналистік әлеуметтік танымдылығы мен қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлігін қатар қарастыру бұйырды.
Мен Әбішті диссертация қорғаймын деп оқыған жоқпын. Бала кезімнен ру-хани танысым деп айта аламын. Қалың түлейдің ішінде мал бағып жүрген кез-дерімде «Жұлдыз», «Жалын» журналдарын күрзі етігімнің қонышына салып жүріп оқитынмын. Сол замандарда Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Ілияс Есенберлин, тағы басқа шоқтығы биік жазушылардың шығармаларына қызыға ден қойдым. Сенің, мына, сұрақтарың мені Әбіш шығармашылығына деген қызығушылығымды қайта оята бастады. Бұрын-соңды оқыған шығармаларыма қайта оралып, басқаша пікір-көзқарасым қалыптасты. Мектепте, университет бас-палдағында жүріп парақтаған жазушы-ғалымдардың еңбектеріне қайталап көңіл бөлгенімде, нені қарастыру қажеттілігін түсіндім. Ықылас-пейілім, ұғым-пайымым мүлдем өзгеріп сала берді. Өйткені, бастапқыда оны қызығушылықпен ғана оқыған болсаң, енді, мән-мағынасына барлау жасап, айтар ой желісінің қоғамдық, әлеуметтік сабақтастығын, стильдік ерекшелігін және ізденісі мен ой-тұжырымына үңіле түсесің. Себебі, біреулердің жан-тәнін салып жазған еңбектерін бағалап, саралау, біріншіден, өзіңе үлкен сын болса, екіншіден, сол мүмкіндікке қолың жеткеніне шүкіршілік етесің. Өзіңнің рухани шығармашылықтың әдеби де мәдени, ғылыми ортасына түскеніңді шын сезінесің. Алайда, жауапкершілік басып тұрады. «Қайталау – оқу анасы»- деп тегін айтылмаған екен. Кешегі оқығандарыңды енді әңгіме ретінде емес, ғылымға айналдырып қарастыру басқаша танымдылыққа тарта түседі. Бір қызығы Әбішті оқу – қиынның қиыны. Қуаныш Сұлтановтың «Әбекең – күрделінің күрделісі», – деген сөзі бар. Дәл айтқан. Өз басым Әбіштің бір сөйлемі бір беттің, айтары бір кітаптың салмағын ұстайды дей аламын. Құйындаған ойдың аласапыран көшкіні алай-дүлейіңді шығарып, әп-сәтте қалың тұман, ақ қардың құрсауына түсіреді. Сондықтан, мен өзіме түсінікті болу үшін оның сөйлемдеріне қарындашпен үтір, нүкте қойып отырып, бір бетін екі-үш рет қайталап оқығаннан кейін ғана тоқтамға келіп отырдым. Сол кезде менің есіме «Әбіштің көсемсөзгерлік шеберлігі» тақырыбындағы диссертациялық тақырыпты бекіткенде, «Молдахан тісің сынып қалмасын», деген әріптестерімнің әзілдері әрдайым орала берді.
Ал, бүгін ақын, өнертанушы, журналист әрі ғалым-ұстаз Сағатбек Медеубек мені «Әбіштанушы», – деп әзілдеп отырады. Әрине, рахмет, марқайып қаласың. Онысы еңбегімді бағалағаны ғой. Сондықтан, қиындығы болғанымен, белгілі бір мақсаттың орындалуын бақыт деп ойлаймын.
– «Кестелі сөз кемеңгері» атты мо-нографияңызда Әбіш Кекілбайұлы көсемсөзіндегі очерк, портреттік очерк, сұхбат сияқты жанрларды қа-растырып, көркем шығармаларына жан-жақты талдау жасапсыз. «Ә.Кекілбайұлы – энциклопедия» деп ғылыми тұжырымдамаларыңыз бен талдауларыңыз арқылы дәлелдеп, жұртшылыққа ұсындыңыз. Енді, осы игі бастаманың жалғасы ретінде басқа қандай іс-шаралар жүзеге асырылмақ? Оқулық қып шығару ойыңызда бар ма?
– Оқу құралы ретінде шығарылды. Әрі біраз жоғарғы оқу орындары тапсырыс арқылы қайталап бастырып алып жатты. «Әбіш Кекілбайұлы энциклопедиялық білім қорына айналған ғалым»,-деп жазыппын. Диссертацияны талдау процесінде «Бұл не деген сөз»,-деген сұрақ қойды бір профессор. Ал, Әбіш қалам тартпаған тақырып жоқ. Әбіш – ойшылдық дарыған тұлға. Шығармашылығындағы материалдық рухани және мәдени құндылықтардың бәрі адамзаттың игілігіндегі тұрмыстық, тарихи қозғалыс ретінде философиялық ортақ тұтастық тудырады. Мәселе оның көп жазғандығында емес, нені қалай жазғандығында. Әбіштің бойындағы туырласып жатқан кешегі мен бүгінгінің иін тірескен интеллектуалды ізденіс субьективтілігі, оның рухани прогрессивтілігін ашып тұр емес пе! Сағат Әшімбаев айтады: «Интеллектуальдық ізденіс деген өте күрделі ұғым. Ол суреткерлік пен ойшылдықты, философиялық ой толғаудағы жаңалықты, көзқарас пен дүниетанымдағы диалектикалық тереңдікті, осылардың табиғи бірлігін қамтиды»,-деп. Демек, Әбіштің кез келген еңбегінен осыны тануға болады. «Бір шөкім бұлт». Әбекең бұлттың жауар жаумасын айтып тұрған жоқ шығар. Адамзаттың басындағы қоғамдық фон, әулет пен нәубеттің, ақ пен қараның тақымдастығын бұлттың түсімен-ақ беріп тұрған жоқ па?! Шиырлап кеп тау мен тастың аталастығын – тарамдалған халықтың тұрмысынан, Батыс пен шығыстың аралығын – тарихи өмірден, адамзаттың пейілін – Адам ата мен Хауа ананың жұптастығынан іздеп қана қоймай, оның шежірелі шындығын тереңнен тартады. Прозалық заман сөзінің философиялық бірлігін, көркем оймен өрілген дәуірдің драмалық кезеңдерін сипаттаудағы жан сырының құйылымын, көңілге ой-сезімнің қоңырауымен таратып жібереді, шіркін.
– Монографияңызда ерекше бір назар аударарлық тұс бар. Ол «Әбішті тану –әлемді тану, Әбішті оқу – рухани дүниеңді кеңейту, Әбішті зерттеу – зердеңді зияттандыру, Әбіштің әлеуметтік дүниесі – ел мүддесі» депсіз. Осы пікіріңізді әрі қарай өрбітсеңіз.
– Әбішті оқыған сайын жаңара түсесің, жаңа түсініктер мен пайымдауларға жолы-ғасың. Әбіш мұрасы – тарихи шындық. Оның ұлылығын тану – ұлттық болмысыңды жоғалтпау деп білемін. Әбіштің прозалық шығармаларының өзінде лирикалық поэтика байқалып тұрады. «Көз жасы» еңбегінде ұлы сезімді ұлтарақтай сөзге сыйдырып, «Апа-ау, ана Сәбит бар ғой, әкем Жанқожа десем, шын әкеңнің атын айт деп кітабымды бермей қойды. Анасы отырған орнынан тырп ете алмай қалды. Басын жуып отырған екен. Қып -қызыл жүзін ұлынан төгілген қою қара шашы ғана жасырып тұрды.», – дейді.
Әбіш ащы болса да өмір шындығын бағалап отыр.Міне, «Бұл– тынышсыз дүниенің бейнесі». Көз алдыңда лирикалық сюжет тасымалданып тұрады. Әбіш ел рухымен өсіп-өніп, ел тағдырын жүрегіне байлаған – ғажап тұлға. Оның әлеуметшілдігі осы бір ауыз сөзбен ноқталанып тұр.
Рухани биік шоғырдың сөздеріне құлақ түрейікші: «Маңғыстау, бір жұлдызың ағып түсті»,- дейді А.Шамшадинова. Әбіштің рухани жарық сәулесі ұлтымызды нұрландырған дүниенің шындығы емес пе?!
Мырзатай Жолдасбеков «Өз басым Әбішті адам аяғы баспаған арал секілді күнде ашамын, ашқан сайын жаңа қырынан танимын», – дейді.
Расында, Әбішті оқысаң әлемді аралап, тарихи оқиғалардың ортасында жүргендей сезінесің. «Мен түнімен жазамын, күндіз сол оқиғалардың ортасында өзім жүргендей сезінемін»,-деген сөзі бар. Әбіштің алпауыт сөздерінің астарында асыл құндылықтар құндақталып жатқандай. Ол– елдік мұрат пен ұлттық бекзадалықтың белгісі еді. Әбіштің сөзінен бос саңылау таппайсың.
«Руханиятымыздың алып бәйтерегі», – дейді Ғ.Мұтанов. «Қарашаңырақтың әйгілі түлектерінің бірі болатын. …Әбіш ағаның баспасөз бетінде жарияланған көсемсөздері де өз дәуірінің шынайы шежіресін жасап кетті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әбіш Кекілбаевтың шығармалары зерттеліп, бір докторлық, бес кандидаттық диссертация қорғалды. …Ол кісінің өмірі мен шығармашылығы туралы «Өнегелі өмір» сериясы бойынша кітап шығару жоспарланған болатын. Абыз ағаның асыл мұрасы елімізбен бірге жасай береді»,-деп сөзін толғана сабақтаған болса, бүгінде сол «Өнегелі өмір» сериясын жарыққа шығарып, оқырмандарының қолына табыс етті. Ағаның атына айтылған аманат-уәдесін орындады. Бұл– рухани адалдықтың белгісі.
Мәуелі бәйтеректің саясында тынысың ашылып, тымырсық дүниенің ғапылынан өзіңді сақтап қаласың. Осындай алапат сөздер мен ойлардың туындауына Әбіш руханияты себепкер болып тұр.
Міне, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – алыптар мен алғырлардың рухани қарашаңырағы – өзінің бауырынан тараған нартұлға биіктерін ешқашан ұмытпайды. Осындай ұлағаттылығымен Ұлттық университетіміздің мәртебесі әлемдік деңгейде ұлылардың есімімен қатар аталады.
– Бүгінгі күнде ұлттық көсемсөзге жаһандану үдерісі қалай әсер етуде? Артықшылығы мен кемшілігі туралы айтып өтсеңіз.
– Рухани адасушылықтан аулақ болу – кешегі ата-бабаларымыздың арман-мұраттарына адалдығымыз бен ілтипаттығымыздың белгісі. Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой. Әр адам өз ұлтының дәстүрлі құндылықтарымен өсіп-өнеді.
Бойында шығармашылық қабілеті бар, жастар талдап, қаузап жазудан қашқақтайды. Өзіне деген сенімі аз. Себебі, қоғамдық құбылыстарды тек ақпарат деп қана қабылдайды да, оның негізіне, себеп-салдарына баса назар аудармайды. Бұл біріншіден, ақпарат ғасыры деген желеуге жегіліп кеткендіктен болса, екіншіден, білім алуға деген ынта-ықыласының төмендігі. Келешекке деген құштарлықтың, ұмтылыстың аздығы, тіпті, рухани сараңдығы. «Жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін – рухани ерлік керек, жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін – рухани байлық керек»,-дейді Әбіш Кекілбаев. Оқу-білімге деген сүйіспеншілігіміз болмаса, кешегіге құрмет, ертеңге ізет кімдердің бойынан табылмақ. Келешектің жетістігін адамгершілік пен жауапкершілікке жетелейтін ұрпақты қалай тәрбиелейміз деген сұрақ Қазақстанды елестей кезіп жүр. Абайтанушы Омар Жәлел деген азаматтың «Оқыған монстрлар, интеллектуалды монстрлар», – деген сыни сөзін естіп, есім шығып кете жаздады. Құдды маған айтып жатқандай намыстандым. Бірақ, шындықтың байлауы – біреу, – ол мойындау. Бұл әр қазаққа айтылған сөз деп білемін. «Шын жазушының көзі көкірегінде болады»,-деп Шерхан Мұртаза айтпақшы, жастарымыздың белсенділігін білімінен танимыз. Рухани шеберлігін шешендігінен танимыз. Бірақ, бұл қасиетті өнерді жетілдіру үшін ілім үйреніп, білім алуға ұмтылғанымыз жөн. Сондықтан, «Қазір көкіректі рух кернеуі керек», – деген Нұртөре Жүсіптің сөзіне әбден қосыламын. Жазу өнері мен мәдениеттің майшамын білімнен іздеуіміз керек. Сонда ғана жастарымыздың арасынан көсемсөзгерлер, замансөзгерлер шығады. Білім тәрбиесімен кемшіліктің орнын толтыра аламыз. Әйтпесе, өзге елге жалтақтау синдромына ұшыраймыз. «Мәдениеттің мәйегі – кітап» деп Шераға да шегелеп кеткен жоқ па.
Ал, жаһандану төңірегінде әңгіме мүлде басқада. Жаһандану деген – өркениеттілік ұмтылысы. Біз неге өз кемшілігіміз бен салғырттығымызды өзгелерден көруіміз керек. Бұл осалдық емес пе! Бізге кім кедергі келтіруде. Әр ел, әр ұлттың мүдделестігінен неге қайшылық іздеуіміз керек. Тек таңдауымыз бен талғамымыз жетпей жатады. Ешкім біздің жағамызды жыртып, жалпағымызды созып жатқан жоқ. Тасада тұрған таңсықты көрмей, алыстағы асылды іздейміз, – деген мағынадағы Әбіштің сөзі бар. Сол айтқандайын, өзгенің шылауында кетпей, өзіміздің шыңырау тереңдеріміз бен серке сөзгерлеріміздің еңбегін оқып, дәстүр құндылықтарымыздың парқын айыра білгеніміз жөн. Аз ғана табысқа малданып тоқмейілсу жалқаулық пен бойкүйездікке ұрындырады. Ал, жаһанға қарап бас шұлғи беру деген құлдықтың бір түрі. Орыстарда «я сомневаюсь» деген сөз бар. Жаһандық дүниелердің бәрі бірдей деп айта алмаймын. Талғам бар жерде таңдау бар болғандықтан, мәдениетіміздің мәйегін қашырып алмайық деп айтқым келеді.
– Әбіш Кекілбайұлы көсемсөзін талдай келе былай депсіз: «Публицист көзбен көріп, көңіліне түйгенін әңгімелейді. Соның ішінен қоғамдық қимылдың бағытына, уақыт талабына мән береді». Қазіргі күнде осындай мәнге ие болып жүрген көсемсөзгерлердің ішінен кімдерді атар едіңіз?
– Мырзатай Жолдасбеков, Сауытбек Абдрахманов, Қуаныш Сұлтанов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Жанболат Аупбаев, Аманхан Әлім, Нұртөре Жүсіп, Қали Сарсенбай, Берік Бейсенұлы сынды, тағы басқа қаламгерлер – мемлекет және қоғам қайраткерлігімен қатар, журналистиканың абыройын көтеріп тұрған көсемсөздің көкнояндары. Олардың дәуірнамалық еңбектеріндегі әлеуметтік көзқарастың сыршылдығы – өмір диалектикасымен қабысып жатыр. Ел бірлігі мен тыныштық мұратын дүниетанымдылықпен өрбітіп жазады. Жазған еңбектерінің тағылымы бар, мығым айтады. Ой мен шығармашылық бірлігі жарасқан жандар. «Көркем сөз жанның сәулесі»,-дейді Ғабит Мүсірепов. Дүлдүлсөздің дүрмегін, қоғамдық сынның күрмеуін табатын, жақсы менен жаманды, жақын-алыс ғаламды танитын елжанды азаматтар. Олардың шығармаларын жіктеп жатудың қажеті жоқ шығар, бірақ оқыған адам ақыл-парасаттың жылы сәулесін сезінері анық. Ендігі ақиқат айнасының ақжелкендері солар болмақ. Көсемсөзде қаламы қайық, қағазы теңіз көкдөнендер де, көсіліп айтып, көркем жазатын тереңдер де осы сөзгерлер.
– Заманалы қазақ көсемсөзінің қазіргі тенденциясы турасында не айтар едіңіз?
– Сіз онлайн, журналистика, интернет журналистика жөнінде айтқыңыз келіп тұр. Түсіндім. Ендігі кезекте «бұқаралық» дегеннен гөрі коммуникациялық ақпарат құралдары дегеніміз жөн. Сіздің сауалыңызға орай, интернет желісіндегі жапатармағай өріп жүрген өресіз ойлар мен жүгенсіз жүктемелер есіме түсіп тұр.
Әлеуметтік ой мен сөз тапшылығы сезіліп жатады. Мұны рухани жұтаңдық дейді. Дұрыс сөйлеуді айтпағанда, қазақша сөйлейтін кейбір жастарымыздың тілі басқаша сияқты болып тұрады. Демек, түсінік пен ұғым сәйкестілігі жоқ. Тәуелсіздігімізді қорғау, ел іргесін нығайту, жастар тәрбиесіндегі олқылықтарды жою, тағы басқа халықтық, әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі өзекті ойлар талқысы – көсемсөздің басты ерекшелігі болса, желіге байланған жеткіншектер сөз мәнісін түсініп алмастан «менің ойым, менің пікірім», – деген сияқты қойыртпақтарға малтығып жатады. Айтыс-тартыс пен айыр-шалыстар қазақ көсемсөзін көгертпейді. Балағат пен қорлау сөздерден, демогогиялық көзқарастардан арылуымыз қажет. Коммуникациялық байланыс құралдарындағы мәдениеттілікті меңгеру мәдениетін қалыптастырып алмайынша, заманалы қазақ көсемсөзінің мәртебесін көкжиекке тарта алмаймыз. Бұл кемшілігімізді мойындауымыз керек және соған барынша атсалысқанымыз жөн. Бұл тұрғыда идеологиялық тәрбие мәселесіне барынша күш жұмсау қажеттілігі бар. «Идеологиясыздықтың артында идеология тұрады»,-дейді профессор Намазалы Омашев. Осындай мәселе төңірегінде ойлана білеміз бе. Оның сыртында жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіру қитұрқысы бар.
Кешегі мен бүгінгі көсемсөзгерлеріміздің еңбектерінде біреудің көзін шұқып, бетін тырнамайды. Майдалап, мақтамен бауыздап, тіл мен ой орамын тауып, тізгіндеп отырады. Мәдениетті жазады, өте жоғары деңгейде сөйлейді. Астарлап асық жіліктен ұстап, байсалдылықпен май ішкізіп басыңды ұстатып қояды. Шешендік пен шеберлік те тең тізгіндесіп, талма тұсыңды тауып береді.
– Монографияңызда «сана теориясын қалыптастыру», «сана бірлестігі», «сана тәуелсіздігі», «ілгері шегініс» сияқты идеяларыңызды алға тартқан екенсіз. Осы ойларыңызды әрі қарай тарқатсаңыз.
– Сана дегеніміз – философиялық категория. Сол философия ілімінде гносеология деген ұғым бар. Яғни, таным теориясы дегенді білдіреді. Ал, таным – диалектикалық құбылыс. Неге? Себебі, сана-сезім, ақыл-ой, парасат-зейінді тудыратын адами капитал (человеческий ресурс) жиынтығы. Оны руханиландыру, өрістендіру кемелдендіру үрдісі де қоғамдық кезеңдермен қатар өрбиді. Яғни, біз тәуелсіздігімізді ақылға сыйдырғанда ғана оның қадыр-қасиетін түсінеміз. Ол үшін патриоттық сілкініс керек қой. Ілгерінің адамдары тәуелсіздік үшін бел буынып, білек сыбанды емес пе? Ал, бүгінгі жастарымызға қолыңа қару ал демекпіз бе! Ол апат қой. Демек, шегініс жасап, өткенді ойлап, соны ақыл қоржынына салуды үйрету біздің парызымыз. Тәуелсіздігімізді алдық, енді оны қорғап, ұстап тұру үшін рухани күш-қуат пен еркін ойлай білетін сана қалыптастыру міндеті тұр. Стратегия деп күрделендірудің қажеті жоқ. Қарапайымдылықпен ұлтжандылықтың теориясын жасап, бүгінгі физиологиялық күш – білім мен ақыл-ой мансабында екендігін айқын сезіндіруіміз мақсат болмақ.
– «Жазу өнері, айту өнері, оқу өнері, бұл – үлкен идеология. Ал, идеология деген – тәртіп. Тәртіп деген – тәрбие. Ал, тәрбие неден басталады? Тәрбие ошақ басынан, отбасынан басталады. Бұл дегеніміз – ежелгі жұрттың бүгінгі ұрпақпен дәстүр жалғастығы, сабақтастығы. Міне, сондықтан да, көсемсөздің ерекшелігі, оның халықтық, ұлттық қасиетінде» деген тұшымды ой айтқан едіңіз. Дәл осы қазіргі жаһандану үдерісінің белең алған жағдайында бұны қалай түсініп, жүзеге асырса болады?
– Біз жаһандасуды үнемі жағаласу деп түсінбеуіміз керек. Халық деген – тұтас бір организм. Ал, ұлт дегеніміз сол тұтастықтың өлшем-бірлігі. Яғни, өмір сүру үшін қоғамдық, әлеуметтік қатынас түсіністігі туындайды. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды»,-деген өлеңді барша жұртшылық біледі. Мағынасын түсіндірсеңіз өзге ұлт өкілі де қосылып, теңселіп тұрады. Неге? Бәрінің анасы бар, анадан туылған. Іздеушісі мен сұраушысы болғандықтан, ананың жүрегі де қартаймайды. Сол сияқты мүдделестік формасын сақтау өзгелерге жұтылмау жолын көрсетеді. Қалай? Жасандылық пен жалғандық – ұлттық өркендеуіміздің, мәдени көркеюіміздің қас жауы. Біздің елдік, халықтық, ұлттық ұлағатымыздың ерекшелігі – адами адал қасиетімізде. Ұрпақ тәрбиесіндегі философиялық ой-пішініміз – дініміздің құран-аяттарымен үндес. Неғұрлым дәстүрлі құндылықтарымыздың ғажайып үлгі-өсиетін меңгерген сайын, әлеуметтік аяушылықты сезінген сайын, оқу-білімнің кәусарына қаныққан сайын жаратушыға жақындай түсеміз. Бұл жалғастық, сабақтастық емей немене! Ендеше, кінәратты жерлерімізді түзеп отыру үшін де көсемсөзділіктің атқарар міндеті ұлан-ғайыр. Кешегі бәйтеректеріміздің «жұқа жүректерімен» жазған аялы аманаттарының жалғастығы – бүгінгі көсемсөзгер, дәуірсөзгер, замансөзгер қаламгерлеріміз бар, соларға сенеміз.
Жазу, айту, оқу тек білім ізденісімен келетін ғаламат нәрсе. Кімді, нені іздейміз? Кешегіні іздемесек неге аталарымызға ас беріп жатырмыз. Ол дегеніңіз өткенімізді түгендеу тәрбиесі. Әбіш те бізге көп дүниені түгендеп беріп кетті ғой. Жанрлық қырларына үңілсеңіз тұлғалық, портреттік очерктерінде кешегісі мен бүгінгісін ардақтап, «Әйтеке биден», бастап, «Ботасын сағынған аруанадаймын кейде мен»,-деп күрсінеді.
– Диссертациялық зерттеу жұмы-сымда көсемсөзді ЖОО-ның басқа мамандықтарына арнайы элективті пән ретінде оқыту мәселесін көтердім. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Көсемсөзді оқу – ұлт тағдырын, ел өмірін тану деген сөз. Ұсынысыңыз өте салиқалы екен. Оқу, білім игілігіне жарап тұр. Ойымыз бір жерден шыққандай. Рухани ағайындастық деген осы болса керек, әбден құптарлық, мәртебелі ұсыныс. Өзгелер де қолдайды деген сенім білдіремін. Мұныңызды көптеген ұлттық мұратымыздың бірі – жастарды оқытып, тәрбиелеудегі орасан еңбек деп білемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Гаухар АЙТБЕКҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың PhD докторанты

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.