Тұлғатанушы ғалым

  • 24.06.2019
  • 152 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Көпжасар Нәрібаев,

ҚР ҰҒА академигі

Көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ұлағатты ұстаз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асылбек Мәлік-Айдар Хантемірұлының туғанына 90 жыл толып отыр. Ол ғылымға өмірлік тәжірибе жинап, білім саласында біраз қызмет атқарып, азамат ретінде жетіліп, ғылымның болашағын, маңызы мен мәнін толық түсініп барып келді. Сондықтан да, болар академиялық ғылым жүйесінде ешқайда мойын бұрмай, 60 жылға жуық абыройлы қызмет атқарды. Тіпті, ұсынылған басшылық қызметтен де (институт ректоры) бастартып, менің қалауым ғылым деп, ғылым жүйесінде қалғаны бар. Бұл оның қызметке қызықпайтын нағыз ғалым екенін көрсетеді. Осы саладағы ұзақ жылдарғы еңбегі босқа кеткен жоқ – тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланды. 400-ге жуық ғылыми еңбектердің авторы, олардың ішінде ірі-ірі 15 монографиясы бар. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Мәкеңнің ғылыми жетекшілігімен 12 ғылым докторлары, 50- ден аса ғылым кандидаттары дайындалды.
Өзінің ғылыми өмірінің алғашқы кезеңінде Мәлік-Айдар Хантемірұлы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын, азаттық қозғалысын, елімізде өнеркәсіп пен темір жол саласының даму тарихын, жұмысшы табының қалыптасуын, оның ішінде ұлттық кадрлардың өсіп-жетілу барысын зерттеді. 1974 жылы «Қазақстанда темір жолшы кадрларының қалыптасуы және дамуы (1917-1970 ж.ж.)» деген тақырып бойынша докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Осы жұмыстың негізінде көлемді және өте құнды ғылыми монография дүниеге келді. Бұл еңбектері тек өз республикасында емес, Одақ көлемінде жоғары бағаға ие болды. Қазақстан егемендік алғаннан кейін Мәлік-Айдар Хантемірұлы отандық тарихымыздың қазіргі өзекті мәселелеріне бет бұрады, атап айтқанда бүгінгі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, тарихи-демографиялық ақуалын терең және жан-жақты зерттей бастайды. Бұл бағыттағы қол жеткен ғылыми нәтижелері де айтарлықтай – бірнеше ғылыми монографиялары мен зерттеу кітаптары жарық көрді. Олардың ең бастыларын ғана атап өтейік: «Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық процестер» 1991 ж., «Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-демографиялық процестер» 1995 ж., «Қазақтар – 80-90ж.ж. демографиялық үрдістер» 2000 ж., «ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан халқы» 2001ж., «Егемендік жағдайындағы Қазақстан Республикасының демографиялық дамуы» 2001 ж., «Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы», 2005 ж., «Тәуелсіздік жағдайындағы Қазақстан халқының дамуы», 2010 ж.
Бұл Мәкеңнің осы мәселеге арналған еңбектерінің толық тізімі емес, соның өзінде демография саласының жан-жақты зерттелгені, бүгінге дейін ескерілмей келген біраз мәселелердің қамтылғаны көрініп тұр.
Кеңес Одағы кезінде бұл саланың көптеген бағыттары жабық тақырып болатын. Академик М.Х. Асылбек осы саясаттың бет пердесін ашып, еліміздегі демографияның ерекшеліктерін атап, олардың себептерін анықтап берді. Қазақтардың өз жерінде аз ұлтқа айналуын, үлкен өндіріс орындарында аздығын, қала тұрғындары құрамында төмендігін және олардың себеп-салдарын ашып берді.
Мәлік-Айдар Хантемірұлы тарихтың басқа да салаларына, көш-қон, Ұлы Отан соғысының тарихы, ұлт зиялыларының қалыптасуы, тарих пәнінің методологиялық мәселелері және тағы басқа өзекті тарихи нысандарға жеткілікті түрде көңіл бөлген ғалым. Мұның бәрін ашып жаза беру міндет емес шығар. Бірақ, Мәкеңнің өзіне ғана тән ерекшелігін, Қазақстан тарихын қызғыштай қорғап, оны зерттеуді және оқытуды жетілдірудің жолдарын ұсынып, үздіксіз пікір айтумен келгенін айтпауға болмас. Бұл жөнінен ол кісіні жаңашыл-новатор ғалым деуге болады.
«Егемен Қазақстан» газетінің 2013 жылғы 18 маусымдағы санында академик М.Х.Асылбектің «Отан тарихы туралы ой» деген көлемді мақаласы жарияланды. Осы жылғы «Қазақ тарихы» журналының 4 санында «Төл тарихымыздың абыройын асырайық» атты еңбегі жарық көрді. Осы жылдың соңында (24 желтоқсан) өткен Республикалық ғылыми конференцияда «Төл тарихымызды зерделеу жөнінде» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасады. Негізі осы еңбектерінде Қазақстан тарихын зерттеуді жаңа жолға қою туралы көптеген орынды ой-пікірлерін, тың ұсыныстарын айтты. Олардың ең маңыздылары мыналар:
1) Отан тарихы тәуелсіз Қазақстан халқын, әсіресе, жастарды патриоттық рухта, өз Отанын, туған ұлты мен жерін, оның өткені мен қазіргісін сүйіп, болашағына адал еңбек етіп, үлкен сеніммен қарауға тәрбиелеп, баулитын ең бір күшті құрал мен ғылым. Міне, сондықтан, Отан тарихына деген көзқарас біздің қоғамда әлі де өз деңгейінде емес» – дейді академик ағамыз.
Отан тарихына жаңа көзқарас қажет, барлық жоғары оқу орындарында, Қазақстан тарихы кафедрасын ашу туралы, оқылатын пәннің сағатын көбейтіп, мемлекеттік емтихан мәртебесін қайта енгізу жөнінде ұсыныс жасайды.
2) Қазақстан тарихы бойынша жазылатын оқулықтардың сапасын арттыру мәселесін көтереді. Оқулық жазатын авторлар маман болу керек, ал, қазір кездейсоқ авторлар жетерлік және авторлар ұжымына маман болмаса да, басшылар қосылып кететін жаман әдет бар дейді. Сондықтан да, оқулықтар орынсыз көбейіп, бір мәселе жөнінде әр түрлі, тіпті қарама-қайшы пікірлер айтылып жүр, оқулықтың мазмұны оқушылар мен студенттерге икемделмеген, әдістемелік деңгейі төмен дейді.
3) Болон декларациясына біз асығыс қосылдық, министрлік реформалау жұмысын жоғарыдан – жоғары оқу орындарынан бастады. Ал, негізінде реформа төменнен – мектептен басталу керек еді – дейді академик М.Х.Асылбек. Мәкеңнің бұл пікіріне біз де толық қосыламыз. Болон процесіне көшкеннен біздің ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болды. Білім беру сапасын күрт төмендетіп алдық. Барлығын техника мен технологияға тапсырып, ұстаздардың рөлін, педагогиканың қағидаларын жоққа шығардық. Мәлік-Айдар ағамыз айтпақшы, алдымен барлық мектептерді 12 жылдыққа көшіріп алуымыз керек еді. Сонда, университеттің 1-2 курстарында оқылатын, жалпы білім беретін және жастардың қоғамдық көзқарасын қалыптастыратын біраз пәндерді мектеп программасына кіргізуге болар еді. Қазір біз оларды мүлде жоғалтып алдық.
4) Отан тарихын зерделеуге сәтті бетбұрыс қажет, тарихи мәселесін кәсіби мамандар зерттейтін болсын және бұл процесс мамандандырылған ғылыми ұжымда өтуі тиіс, ал, мұндай ұжымды кәсіби маман ғалымдар басқарғаны жөн дейді. Осы ойын дамыта келіп, қазір ерінбеген тарихшы болып алды, тарихи кезеңдерді және тұлғаларды әркім өз ойынша өлшеп-пішіп, шынайы тарихқа орасан зор зиян келтіруде деп ренжиді.
5) Ғылым докторы мен ғылым кандидаты ғылыми дәреже алу үшін диссертациялар қорғауды тоқтатқанымызға да Мәкең тікелей қарсы болды. Бұл жөнінде жазып та, сөйлеген сөздерінде айтып та жүрді. Оның ойынша доктор PhD ең биік ғылыми атақ емес, оның беделі де, деңгейі де төмен. Сондықтан, докторлық және кандидаттық диссертация қорғайтын кеңестерді қайта ашуды, бұл мәселе шешілгенше жұмыстары дайын бірақ қорғауға үлгере алмай қалған азаматтарға шет елдерде қорғауға көмектесуді ұсынды.
6) Ғылым жүйесін шенеуніктердің басқаруына тікелей қарсы болды. Қазіргі білім министрлігінің Ғылым комитеті барлық жүйені басқаруға қауқарсыз. Жалпы ғылым жүйесін ғалымдар басқаруы тиіс, сондықтан, Ұлттық ғылым академиясына бұрынғы мемлекеттік мәртебесін қайтарып, барлық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарды Академияға беру керек деген ұсыныс айтады. Оның реті келмесе, Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар академиясын құрып, ғылымдардың осы саласын тікелей үкіметке бағындырса болар еді дейді ағамыз.
7) Сонымен қатар, академик М.Х.Асылбек Отан тарихының әлі де шешілмеген, әртүрлі дау-дамай, пікірталас, айтыс-тартыс тудырып жүрген көптеген мәселелері бойынша өзінің нақты пікірін айтып кеткен ғалым. Олардың негізгілері мыналар: Қазақ елі тарихында Отарлық дәуір болды ма; Алаш партиясы мен қазақ коммунистерінің арасындағы жергілікті күрес; 1931-1933 ж.ж. ашаршылықтың басты себептері, нәтижесі мен салдары; екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен мыңдаған қазақ әскерлерінің тағдыры; тың жерлерді игерудің жағымды және жағымсыз жақтары, жетістіктері мен кемістіктері; қазақ халқының демографиялық даму ерекшеліктері – өз жерінде азшылыққа айналуы; Кеңес үкіметінің және егеменді Қазақстанның көш-қон саясатының салдары және басқа да күрделі тарихи мәселелер.
Академик М.Х.Асылбектің зерттеген ғылыми мәселелері мен айтқан ой-пікірлері, ұсыныстары оны тек қана көрнекті ғалым ғана емес, сонымен қатар өзінің ерекше азаматтық позициясы бар қоғамымыздың белсенді мүшесі болғанын дәлелдейді.
Ғалым ретінде Мәлік-Айдар Хан-темірұлының тағы бір қырын аша түссек орынды болар еді, ол оның тұлғатанушылық өнері. Оның көптеген ірі тұлғалар туралы жазған зерттеулері, эсселері, естеліктері бар. Көрнекті мемлекет қайраткерлері Тұрар Рысқұлов және Мұхамеджан Тынышбаев, «Алаш» қозғалысының лидері Әлихан Бөкейханов, атақты ғалымдар, оның ішінде белгілі тарихшылар туралы өзінің ой-пікірін айтып, сыр шертеді.
Мемлекет қайраткерлері туралы зерттеуін ХХ ғасырдың басында Қазақстанның ұлттық интеллигенциясының қалыптасу тарихынан бастайды. Ол кездегі қазақ интеллигенциясының біркелкі емес, өздерінің идеялық саяси бағыттары және әлеуметтік негіздері бойынша үш топқа бөлінетінін талдап айтады. Бірінші топты демократиялық топ деп анықтайды. Оның өкілдеріне ауқатты қазақ отбасыларынан шыққан, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург және басқа орталықтарында жоғары білім алған, Батыс еуропалық прогрессивті ойларының және Ресей демократиялық идеалдарының ықпалымен тәрбиеленген азаматтарды жатқызады. Бұл топтың көсемі ірі ғалым, қазақ өмірі мен тұрмысының, мәдениеті мен тарихының білгірі Бөкейханның ұрпағы Әлихан Бөкейханов екенін айтады. «Батысшылдар» деп аталған бұл топқа аса көрнекті тұлға, ақын-жазушы, ғалым Ахмет Байтұрсыновты, инженер М.Тынышпаевты, заңгерлер М.Шоқай мен Ж.Ақпаевты, дәрігер Х.Досмұхамедовті, жазушы М.Дулатовты жатқызады.
Ұлттық интеллигенцияның екінші тобын олар мұсылмандық қозғалыс өкілдерінен тұрғандықтан түркіфилдер деп атайды. Бұл топқа тек молдалар, имам, қожалар ғана емес, сонымен қатар, бостандық үшін күрескен, патшалық Ресейдің отарлық езгісіне, қазақтарды орыстандыру мен күштеп шоқындыру саясатына қарсы шыққан ұлттық интеллигенция өкілдерін кіргізеді. Үшінші топ социалистік бағыттағы көзқараста болған, көбінесе қазақ кедей шаруаларынан шыққан тұлғалардан тұратынын айтады. Олар Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Әліби Жангелдин, Көлбай Төгісов сияқты азаматтар еді.
Академик М.Х.Асылбектің тұлғаларды зерттеуде өз көзқарасы, өз әдістемесі бар. Белгілі бір саяси, мемлекеттік, қоғамдық қайраткердің өмірі мен қызметін зерттегенде, оның кімдердің әлеуметтік-экономикалық, ұлттық және саяси мүдделерін қорғайтынын анықтау қажет дейді. Сонымен қатар, ғылыми объективтілікті сақтау үшін тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймай, олардың ортақ тарихи даму жолындағы еңбегін, әрқайсысының қазақ халқының әлеуметтік, саяси эконо-микалық дамуына қосқан үлестерін анықтап талдау маңызды екенін атап айтады. Осы өзі ұстанған қағидасына сүйене отырып, Әлихан Бөкейхановтың қызметін, саяси көзқарастарын, Алаш партиясын құрудағы орасан зор еңбегін жан-жақты талдайды.
Көрнекті қайраткер Тұрар Рысқұлов жөнінде біраз шежірелер айтады. Оның саяси, басшылық және ұйымдастырушылық қызметтерін жоғары бағалай келіп, Түркістан деңгейінде ғана емес, Одақтық және халықаралық көлемдегі қайраткер ретінде суреттейді. Т.Рысқұловтың қызметін үйездік совдеп жетекшісінен бастап, Түркістан ОАК-не, Түркістан АКСР-ы Халық Комиссарлары кеңесіне, Түркістан өлкелік Компартиясының Мұсылман бюросына төрағалық еткенін, Коммунистік Интернационалдың Моңғол халық Республикасындағы өкілетті өкілі болғанын, Ресей федерациясы Халық Комиссарлар төрағасының орынбасары қызметін 11 жылдан аса атқарғанын мақтанышпен баяндайды. Оның Түркістан-Сібір темір жолын соғудағы орасан зор еңбегін ерекше атап көрсетеді. Осы Түрксиб темір жолы құрылысына байланыстыра отырып, көрнекті қайраткер Мұхамеджан Тынышпаевтың тұлғасын, қызметін, еліне сіңірген еңбегін жоғары бағалайды. Екі ірі тұлға Т.Рысқұлов пен М.Тынышпаев бас қоса отырып, бір-біріне қолдау көрсетіп, сол заманның ұлы құрылысы Түрксибті бітіріп, іске қосқаны ел экономикасын дамытуға арналған үлкен шара болғанын баяндайды.
М.Х.Асылбек өзі ғалым болған соң өзі араласқан, қызметтес болған, кейбіреуін ұстаз тұтқан біраз ғалымдарды тұлғалық тұрғыдан зерттейді. Солардың бірі академик С.Зиманов. Ол кісінің Қазақстан ғылымына сіңірген орасан зор еңбегін, тұлға ретінде қоғамдағы орнын, ел-жұртынан көрген сый-құрметін және өз басының тұлғалық қасиеттерін жазады. Әсіресе, Салық ағамыздың желтоқсан оқиғасынан кейінгі басшыларға арнап айтқан батыл сындары мен ерлік көрсеткен мінездерін ризашылықпен көрсетеді. С.Зимановқа «асқан ғұлама ғалым, еліміздің ерен және батыл азаматы, халқымыздың қорғаны» деген мінездеме береді. Сол сияқты белгілі қоғам қайраткері, ғалым-ұстаз Әмір Қанапин, әйгілі азамат – ел ағасы Сағындық Кенжебаев, көрнекті ғалым Ғайрат Сапарғалиев, мемлекет қайраткері Сәдуақас Темірбеков туралы толғаулары да олардың тұлғалық болмыс-бейнелерін толық аша білген.
Тарихшы тұлғалардың тобын Анна Михаиловна Панкратовадан бастайды. Ол орынды да, өйткені, Қазақстанның нағыз объективті түрде жазылған алғашқы тарихы және тарихшылары (тек Е.Бөкейхановтың ғана емес) бұл кісіге белуардан қарыздар. Өкінішке орай, А.М.Панкратованың атын естігенмен, көпшілік оның Қазақстанға сіңірген орасан зор еңбегінен хабары аз. Қазақстанның жеке жазылған алғашқы тарихы «Қазақ КСР-ның тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты көлемді еңбек сол кісінің қамқорлығымен және тікелей басшылығымен 1943 ж. дүниеге келді және 1949 ж. жаңадан өңделіп, қайта басылып шықты.
Бұл еңбектің Қазақстан халқы үшін маңызы өте зор еді. Оның құндылығы қазақ халқының қалыптасуы, Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі және одан кейінгі кезеңдегі қазақ мемлекеттілігінің пайда болуы мен дамуы, жоңғар шапқыншыларына, патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күресі және басқа да тарихи кезеңдердің шынайы әрі жан-жақты баяндалуында. А.М.Панкратованың көрсеткен үлкен қамқоршылығы Қазақстанда тарих ғылымының әрі қарай дамуына үлкен серпін берді. Қазақстанға сіңірген ерен еңбегі үшін А.М.Панкратоваға «Қазақ ССР-ы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» құрметті атағы беріледі.
М.Х.Асылбек еліміздің көрнекті тарих-шы ғалымы Акай Нүсіпбеков ағамызға өзінің бірнеше еңбектерін арнады. Олардың ішінде: «Айтулы Ақаң еді. Академик Акай Нүсіпбеков туралы сыр», «Тарихшы – академик», «Академик Акай Нүсіпбековке – 90 жас», «Ақай Нүсіпбековтің өмір жолы мен ғылыми мұрасы», «Ақаңа жабылған жалған жала» және т.б. Осы еңбектерінде А.Нүсіпбековтің қазақ ғылымына қосқан үлесі, азаматтық тұлғасы, адами бейнесі жақсы көрініс тапқан. Оның тарих институтында 26 жыл бойы директор болып, ұжымды жоғары деңгейге көтеріп, толып жатқан ғылыми еңбектер жазып, көптеген тарих ғылымының докторлары мен кандидаттарын дайындағанын айтады. «Қазақ ССР-ы тарихының» 1957-59 жылдары шыққан екі томдығын және 1977-81 жылдары жарық көрген бес томдығын жинақтап, жазып шығарудағы академик А.Нүсіпбековтің еңбегін ерекше атап көрсетеді. Ол кісінің азаматтық позициясын да ашып жазады, Е.Бекмахановтың, Қ.Сәтбаевтың бастарына іс түскенде, ештеңеден қорықпай, оларға қолдау көрсетіп, қамқоршы болғанын айтады. Қазіргі кездегі тарих ғылымының көптеген белгілі ғалымдары Ақанның шәкірті болғанын, оның жақсылығы мен шапағатын көргенін баяндайды.
М. Асылбектің кеңінен тоқталып, жан-жақты зерделеп жазған келесі тұлғасы – Төлепбаев Байдабек Ахметұлы. Бұл кісіге:«Алып тұлға – Б.А.Төлепбаев», «Б.А.Төлепбаев – тамаша ғалым, академиялық ғылымның талантты ұйымдастырушысы», «Байдабек ағамыз қорғанымыз еді» сияқты еңбектерін арнады. Бұл еңбектерінде Байдекеңнің белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, өте сауатты басшы, көрнекті ғалым және қамқоршы ұстаз екенін баяндап жазады. Байдабек ағамыз заманның ағымын, уақыт талабын жақсы білетін жаңашыл ғалым – көшбасшы екенін дәлелдейді. Отан тарихының өзекті мәселелерін зерттеу барысында оның жаңа салаларының дамуына көп көңіл бөлгенін, әсіресе, тарихнама мен деректану, шығыстану, археология, тұлғатану бағыттарының дамуына жол ашқанын айтады. Ол кісінің жас тарихшы кадрларды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлгенін, соның арқасында тарих, археология, шығыстану мамандықтары бойынша көптеген ғалымдар докторлық және кандидаттық диссертацияларын уақытылы қорғауға мүмкіндік алғанын көрсетеді. «Байдабек Ахметұлы ағамыз ерекше тұлға еді, – дейді Мәкең – әсіресе, ол кісінің қарапайымдылығы мен қамқорлығына сай, жауапкершілігінің күштілігі, өз қарамағындағыларға әділеттілігімен қатар, орынды талап етуінің де көзге түсетіні әрдайым байқалып тұратын-ды».
Академик М.Х.Асылбектің тұлғаларды зерттеуі мұнымен шектелмейді. Өзінің ғылыми жетекшісі болған Григорий Федорович Дахшлейгер, көне мәдениет тарихын зерттеуші Әбусағит Жиреншин, Кеңестік Қазақстан мәдениеті тарихын зерттеуші Рамазан Сүлейменов, көрнекті тарихшы, белгілі қоғам қайраткері Манаш Қозыбаев, белгілі Алаштанушы және тұлғатанушы Кеңес Нұрпейісов, Қазақстанда антропология ғылымының негізін қалаушы Оразақ Ысмағұлов және тағы да басқа белгілі тұлғалар туралы жазған зерттеулері бар. Бұл жөнінен Мәкеңді тарихшылардың ішіндегі академик К.Нұрпейісовтен кейінгі екінші тұлғатанушы деуге толық негіз бар. Тұлғатану тарих ғылымының жаңа саласы болып енді қалыптасып келеді, сондықтан, бұл саладағы әрбір еңбек құнды.
Академик Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбек туралы естелігімізді қорыта келе айтарымыз – Мәкең артында мол рухани мұра қалдырған, қазақ ғылымында, оның ішінде Отан тарихында өзінің құрметті орны бар көрнекті ғалым, бір топ талантты тарихшы ғалымдар дайындаған ұлағатты ұстаз, қоғамда болып жатқан құбылыстарды қалт жібермей қадағалап, өзінің ой-пікірлерін, ұсыныстарын ашық айтып өткен үлкен абзал Азамат.

Алдыңғы «
Келесі »