Қытай – менің ғұмырымда

  • 24.06.2019
  • 100 рет оқылды
  • 0

Клара Хафизова,
тарих ғылымының докторы

Қытай менің тағдырымда үлкен орынға ие. Менің өмірімнің ең маңызды сәттері, қалай болғанда да, Қытаймен тығыз байланысты. Жарты ғасырға жуық уақытты мен Қытайды зерттеп, тануға жұмсасам да, Қытай мен қытайлықтарды жете білемін деп айта алмаймын. Оның үстіне, Қытай да, мен де, бүкіл әлем мен қоршаған ортамыз да ұдайы өзгеріп отырдық емес пе. Бірақ, Қазақстан қытайтанушыларының ішінде, тағдыры небір бел-белестерден өтсе де, жан-жақты қызметі өне бойы тура менікіндей Қытаймен байланысқандары аз-кем шығар. Қытай тілі, әдебиеті мен тарихынан орта мектеп пен университетте сабақ беру, Қазақстандағы қытайтану іргесін қалауға ат салысу, өз халқы мен Отаны туралы қытай дереккөздерін зерттеу, қытай мұрағаттарының есігін түңғыш ашқан қазақ ғалымы болу, қытай және Қытайдың басқа да ұлт өкілдерімен ресми және жеке деңгейде тығыз араласу – осының бәрі де өміріме сиып отырды.Бір таң қалатыным, мен Қытайды танудан әсте шаршаған емеспін, жылдар өте, менің қызығушылығым кемімек түгіл, арта түсуде. Қазір алдымда жайлы шетел курортында демалу мен Қытайдың әлдебір өлкесіне бару таңдауы тұрса, мен сөзсіз Қытай өлкесін таңдар едім. Мен үшін ең сүйікті қытай өлкесі – Ганьсу провинциясы. Ташкент университетінің студенті ретінде алғаш тәжірибені Науаи атындағы Мемлекеттік кітапханада өткізген шағымда, Дуньхуан туралы және Дуньхуаннан әкелінген әдебиеттерге аннотация жазғанмын. Тағдырдың жазуы дегенге осыдан кейін, қалай сенбеске! Осы кішігірім студенттік еңбегімнің өтеуі болар, Кеңестік Одақтың тарихшыларының ішінде Қытай Дуньхуан-Тұрфантану Қоғамы (敦煌吐鲁番学会 )Лоян мен Пекинде өткізген ғылыми конференцияларға тұңғыш қатысқан мен болдым, Чай Цзяньхун (Чжунхуа шуцзюй баспасы中华书局, Пекин), Дун Сицзю (қытай биі тарихы туралы керемет кітап авторы中国舞蹈艺术史图鉴。湖南教育出版社出版1997), Сюй Цзыцян (Пекин кітапханасының қызметкері) сияқты тамаша адамдармен таныстым. «Лоян университетінің Хабаршысында» Қытайда алғаш рет Егемен Қазақстан ғалымдары К. Байпақов пен К. Хафизованың Жетісу өңіріндегі (七河区) буддизм жәдігерлері жайындағы мақаласы жарияланды.
Мен үш мәрте Ланьчжоу сауда университеті мен Ланьчжоу университетіне сабақ беруге шақырылдым. Осы уақыт ішінде, Ганьсуды батысынан шығысына, Дуньхуаннан Тяньшуйға дейін аралап шықтым… Көз алдыма қыс пен күз кезінде таяз әрі тұнық, көктемде буырқанған сары лай болып ағатын Хуанхэ өзені елестейді. Хуанхэ дариясының жағасында бой көтерген мешіттер көрінісін де ұмытпаспын. Осы мешіттердің бірінде, мен Ланьчжоуда жүргенде дүниеден озған әкем марқұмды еске алып құран да оқыттым. Тура бір жыл өткен соң, сол ахун маған Алматыға телефон шалып, жай-күйімді сұрап, жақсы тілектер айтты. Сөйлесіп болғасын, ахунның мен үшін қайғылы сол бір күнді есіне алып, әкемнің жылына бағышталған құран оқығанын түсіндім. Менің әкем Қазақстанның ең алғаш жоғары оқу орны – Алматы мұғалімдер институтының (қазір Алматы Ұлттық педагогикалық университеті) түлегі болатын.
Хань дереккөздері Ганьсудағы Циляньшанның етегінде ежелгі «усунь» (乌孙) халқы тұрған екен деп, олардың аңыздарын баяндайды, одан біздің бір руымыздың аты шыққан. Ал Цзяюйгуань мен Юйгуань қамалдары арқылы Орталық Азия елдерінің елшіліктері мен саудагерлері кіріп-шығып, осында кедендік бақылау өтетін болған. Олардың ішінде қазақ хандықтарының елшіліктері мен саудагерлері де бар. Цин империясымен саяси және сауда қатынастарын орнатқан Абылай ханның ұлдарының бірі Ланьчжоудағы мұсылман бейітінде жерленген. Осы жердегі Хуанхэ жағасында Ұлы Жібек жолының поэтикалық символына айналған асыл жануарды дәріптеген «қарлығашты жаншыған тұлпар» қола мүсіні табылды. Өркениеттер диалогындағы жылқы тақырыбы мені ылғи да толқытады.
Отбасымыз Қазақстанның оңтүстігінде, Жібек жолының бойындағы ежелгі Тараз қаласына таман орналасқан бір ауылда тұратын. Мектепте оқыған жылдарым жаңа Қытайдың бой көтеруімен тұспа-тұс келді. Сол кездегі газет-журналдарда Қытайдағы оқиғалар, қытай қайраткерлері мен қытай балалары туралы кішігірім мәліметтер шығып тұратын. Этникалық қытайларды біраз уақыт өте келе ғана көрдім. Орта Азиялық Мемлекеттік университеті (қазіргі Ташкент Мемлекеттік университеті) шығыстану факультетінің қытай бөліміне оқуға түскенімде, КСРО жоғары оқу орындарында ҚХР студенттері оқитын. Ташкентке көбіне шыңжаңдық студенттер келетін, олардың әдет-ғұрыптары, тілі, киімі мен тамағының бізден айырмашылығы шамалы еді. Нақ Қытайдың өзінен келген студенттер өте аз болатын. Бірден көзге түсетіні – қытай студенттерінің қатаң тәртіптілігі, білім алу жолындағы қажырлылығы мен ыждағаттылығы еді.
Ташкент – Кеңестік дәуірде шығыстану әрі аймағымыздағы жалғыз қытайтану орталығы болатын. Бұнда алғашқы Жазушылар конференциясы, Азия және Африка елдерінің халықаралық кинофестивальдары өткізілетін. Бізді осы шараларға тыңдаушы және көрермен ретінде тартып отыратын, біз де қолымыздан келген көмегімізден аянбайтын едік. 1958 жылы Азия және Африка елдері жазушыларының конференциясы өткізілгені есімде, оған қытай жазушылары да қатысты, делегация құрамында шығармашылығын бізге 2 курста оқытатын жазушы Мао Дунның жесірі де болатын. Фестиваль басталардан бұрын, біз қытай тілінен тек алғаш сабақ ала бастаған едік, сондықтан, «ниньхао» мен басқа сөздерден бөтен ештеңе білмейтінбіз.
Ташкент университеті студенттеріне КСРО Білім министрлігі білімін жалғастыру үшін Мәскеу мемлекеттік университеті, Ленинград мемлекеттік университеті және де Қытай жоғары оқу орындарына жолдама беріп отыратын. Бағым жанып, мен 1962 жылдың қазан айында Пекин университетіне жолдама алдым. Өзімнің, менің туыс-жақындарымның қуанышын ауызбен айтып жеткізе алмаспын. Содан не керек, «Мәскеу – Пекин» пойызына да отырдым. Ұзақ апта бойы Қытаймен кездесуді қуана тебіренген үмітпен күттім.
Мен көптеген конференцияларда баян-дама жасадым. Баяндама тақырыптары тарих мәселелеріне де, қазіргі заманның өзекті мәселелеріне де, Орталық Азия республикаларының көнеден бүгінге дейінгі қатынастарына да арналды. Осы сапарлардың бәрі Қытайды, оның мәдениетін және қытайлар мен ҚХР аз ұлт өкілдерінің менталитетін түсінуге зор көмек болды. Университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен ғылыми қатынастар орнатылды. Олардың ішінде Үрімшідегі Археология институты, Тарих институты, ШҰАР қоғамдық ғылымдар Академиясының Орталық Азия институты, Шыңжаң университетінің тарих факультеті және тағы басқалар бар.
Кеңес-қытай қырғи қабақтығы 80 жыл-дардың соңына дейін созылғаны белгілі. Қытайға жүйелі сапарларым тек Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуынан кейін ғана жүзеге асты. Ауыл шаруашылығының, өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері, білім және ғылым қызметкерлерінің делегацияларымен, жеке ғылыми іссапар-лармен барып тұрдым.
Ланьчжоуда Қытайда аты шыққан Ма Маньли, Ван Силун деген тарихшылар, Ян Шу, Ван Цзиньго сияқты саясаттанушылар және олардың жас әріптестері жұмыс істейтін. Ма Маньли ханым қытай тіліне И.Я.Златкинның «Жоңғар хандығының тарихы» атты кітабын аударған, аталмыш кітапта Жоңғар хандығының патшалық Ресеймен, циндық Қытаймен, қазақ және Орта азиялық хандықтармен халықаралық қатынастары туралы бірегей орыс архивтері алғаш рет қолданысқа енген болатын. Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдары шиеленіскен көптеген мәселелердің тамыры осы біздің аймақтың топырағында жасырын жатқан болатын. Илья Яковлевич Златкин маньчжур тілінен аударылған жоңғарлар туралы көп томдық қытай құжаттарының қолжазбасын (平定准格尔方略) тапқан адам. Ресей және Кеңес қытайтануы ҚХР-дың солтүстік, шығыс және батыс аймақтарын қоныстанған халықтардың тарихын зерттеу жөнінен әлемдік ғылымның алдыңғы қатарында тұрғанын баса айтуым керек. Ван Силун профессор – атақты Юй Тайшанның редакциясымен шыққан «Сиюй тунши»(西域通史 ) атты ұжымдық еңбектің авторларының бірі. Ланьчжоуда мен солтүстік-батыс Қытайдың әйгілі зерттеушісі Вэй Лянтао, орыс-қытай сауда байланыстарының зерттеушісі Ли Шэн профессор, Цин империясының Қоқан хандығымен қарым-қатынасының тарихын зерттеуші Пань Чжипинмен, Ұлы Жібек жолы тарихын зерттеуші әрі менің монографиямның аудармашысы Ван Шанда деген Синьцзян университеті профессорларымен таныстым. Қазір де мен олармен және олардың Қытайдың басқа қалаларындағы шәкірттерімен қарым-қатынастамын.
Менің Қытайға екінші сапарым 25 жылдан соң – 1988 жылы Қазақ КСР Ауыл шаруашылық министрлігі жанындағы Агроөнеркәсіп комитетінің делегациясының құрамында орындалды. Ол кезде мен Қазақ КСР ҒА-ның Тарих және этнология Институтынан Ұйғыртану институтында жұмыс істедім. Қытайдағы қазақтар, ұйғыр қожаларының Цин билігіне қарсы қозғалыстары туралы мәліметтер жинап, мақалалар шығара бастаған болатынмын. Біз Қорғасқа дейін бірнеше машина болып бардық та, бізді сол жерде Мал шаруашылығы департаментінің жауапты қызметкерлері күтіп алып, Құлжаға алып келді. Қорғас, Ма Дачжэн әдемілеп айтқандай, қос елді шапанның екі етегін іліндіріп тұрған баға жетпес інжу ілгектей байланыстырып тұр. Сосын мен Талки (果子沟) асуынан асып, Үрімшіге бардым. Қорғастан кейін бізге қытай археологы Лю Эньго, Синьцзян мұражайында қызмет ететін жұбайымен қосылды. Осы бір іскерлік, ғылыми сапар әсерлері маған өзгеріс жолындағы Синьцзянның толық бейнесін ашты.
Қытай – әлемдегі ірі ауыл шаруашылық елі. Алғашқы реформалар ең алдымен осы салаға жақсы әсерін тигізіп, жағымды өзгерістерге әкелді. ШҰАР Іле-Қазақ автономиялық округының экономикасы, негізінен, мал шаруашылығы мен диқаншылыққа бағытталған. Округ 1954 жылдың 27 қаңтарында 24 уезден құрылған, оның 3 округы дәстүрлі түрде Қазақстанмен тығыз байланыста болатын. Округтың түпті тұрғындары саны 3 млн. 47 мың адамнан тұратын қазақтар еді.
Біз Құлжадан 180 км қашықтықта орналасқан Күнес мал өсіру фермасының жұмысымен таныстық. Ол 1939 жылы негізі қаланып, Шыңжаңдағы, Қытайдағы ірі шаруашылықтың біріне айналған екен. Іле-Күнес пен Текес бойындағы жерлер ежелден жайылымдарымен атағы шыққан жерлер, бұнда жоңғарлар мен қазақтар малын жайған. 1988 жылы бұл мал өсіру фермасының басқа елдермен сауда операцияларын жасап, асыл тұқымды мал алмасуға құқығы бар екен. Алыс Албанияға да мал апарып үлгеріпті.
Мені әсерлендіргені, біздің Құлжадағы бұрын Ресей империясы, кейін Кеңес Одағының Өкілеттігінің ішінде қонғанымыз болды. Бұнда ұзақ жылдар бойы тұрған болашақ Петербор университетінің профессоры, консул Иван Захаровты, Х1Х ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Шыңжаңның ахуалы жайлы керемет мәліметтер қалдырған басқа да өкілдердің тұрмысын елестеттім. Осындағы үйлердің бірінде орналасқан И.Захаровтың кітапханасындағы кітаптарды ақтарып отырған Шоқан Уәлиханов көз алдыма келе берді. Бұл жерге Шәуешектегі өкіл К.А.Скачков та келіп тұрған, оның Шыңжаң тарихы бойынша жинаған бірегей қолжазбалары қазір Мәскеудегі Ресей Федерациясы Мемлекеттік кітапханасының Қолжазба және сирек кездесетін кітаптар бөлімінде сақтаулы.
Қытай әріптестер Шыңжаң туралы мұрағат материалдарына қызығушылық танытуда, ал, бізге қажеті – Қытайдың қазақтар туралы мұрағат мәліметтері. Екі елдің мұрағат басқармалары арасындағы ынтымақтастық тұрақтанып келеді.
Көп ұзамай Қытайға тағы да жол түсті. Енді Қазақстан өнеркәсіпшілерімен бірге Қытайдың солтүстік-батысындағы Хэйлунцзян провинциясының орталығы Харбинге бардық. Шекараны қатал үскірік аязда Кеңестің Благовещенск қаласы мен Қытайдың Хэйхэ қаласы арқылы өттік. Сапарымыз Жаңа жыл мерекесі қарсаңында болғандықтан, қала саябақтарының бірінде соғылған Мұз қалашыққа бардық. Ондағы мүсіндер мен қамалдар қытай аңыздары мен тарихы сюжеттерін суреттеген екен. Бұндайды біз алғаш көрдік. 40 градус шамасындағы аязда қыз-келіншектердің жібек орамал тартып жүргені қатты таңдандырды. Базарда жаңа жыл суреттері, жақсы тілек пен сөзжұмбақтар жазылған қызыл қағаз сатып жатты. Кейін мен жаңа жылды Пекинде, Ланьчжоуда, Үрімші мен Гуаньчжоуда қарсы алдым. Әр қала оны өзінше қарсы алады. Гуаньчжоуда бұл кезде мандарин ағаштары жеміс береді, ол байлық пен молшылықты ырымдап, ой-пиғыл тазалығын білдіреді.
90 жылдардың аяғында Қытайдың Қазақстандағы елшілігі қытай әдебиетінің біртумалары «Қызыл үйдегі ұйқы» (红楼梦), «Үш патшалық» (三国演义), «Батысқа саяхат» (西游记) романдары бойынша қойылған теледидарлық фильмдер көрсетілімін ұйымдастырды. Маған осы романдарды көрерменге таныстыратын мақалалар мен осы фильмдерге пікір жазуға ұсыныс жасалды, мен оны қуана қабылдадым, оларды «Казахстанская правда» газеті жариялады.
1990 жылдардың басында Қазақ КСР Білім министрлігінің делегациясы Пекиндегі Солтүстік политехникалық университетке (北方工业大学) барды. Осы университеттің қытай тілін шетелдіктерге үйрету факультетімен келісім-шарт жасасты. Осы келісім бойынша, ҚазМУ-дың шығыстану факультетіне қытай тілінен сабақ беру үшін факультет деканы Ли Цзинь, профессор Ма Шуцин келді. ҚазМҰУ-дың Ланьчжоу университетімен жасасқан келісімі әсіресе ұзақ, әрі тиімді болды. Келісім 10 жыл қатарынан іске асты, жыл сайын 5-10 студент, 1 оқытушы Ланьчжоу университетіне жіберіліп отырды. Ланьчжоу университетінде, Сыртқы байланыстар бойынша проректор Ян Шудың бастамасымен, Орта Азия Институты құрылып, оған өзі басшылық етті. Кейінгі жылдары Қазақстан шығыстанушыларының, филологтарының, тарихшыларының, саясаттанушыларының осы университетпен қатынастары тереңдеп, кеңи түсті. Осы университет қазақ ғалымдарының ғылыми еңбектерін аударуды жалғастырып келеді, 2003 жылы бұнда менің монографиям да қытай тіліне аударылып жарияланды. Ланьчжоу университеті ҚазҰУ-дағы Конфуций институтына да жетекшілік етуде.
Қытай жоғары орындарындағы бір жақсы нәрсе – зейнет демалысына шыққан оқытушылар өз университетінің ішіндегі үйлерінде тұра беретіні. Оқу орнының асханаларына келіп, ауқаттанып, үйіне тамақ алып кетеді. Олар бір-бірімен, жастау әріптестерімен, оқушыларымен асханаларда, спорт алаңдарында, таңғы, кешкі серуен кезінде ұшырасып тұрады. Олардан кеңес сұрап, мерекелермен құттықтап, кездесулер мен дәрістерге шақырып тұрады. Бастысы, олардың университетпен байланысы үзілмейді. Академиялық қалашықтарда да солай. Қазіргі қытай жастарында Ұстазға деген құрмет сезімі сақталғанмен, біраз зейнеткерлер оны жеткіліксіз көреді. Біз жас кезімізде, ұстаздар мен үлкендерді әлдеқайда күштірек сыйлайтынбыз дейді. Бірақ, менің ойымша, жағдай ондай жаман емес. Ланьчжоу университетінде оқуға құнтсыздығымен қынжылтқан бір оқушым болды. Оның сабаққа себепсіз келмеу әдеті де болатын. Мен Отаныма қайтуға дайындалып жатқанымда, маған көпшілік келіп қоштаса бастады. Бір күні әлгі бала да келіп фотосуретін сыйлады. Екеуміздің сұхбатымыз әлі есімде:
– Суретіңді неге сыйладың? «Мынау менің Ланьчжоудағы жалқау оқушым» деп Қазақстандағы студенттеріме көрсетсін дегенің бе?
– Иә, айтуыңызға болады. Бірақ мен сізді, бар қытай Конфуцийды қалай сыйласа, солай сыйлаймын. Сізді ылғи өз ұстазым деп құрметтеймін. Сізге естелікке Конфуций суретін сыйлаймын.
Осы жігіттің айтқан сөздері қытай менталитетін дәл береді. Ал, Конфуцийдің темірден ойылған суреті менің үй кабинетімде әлі ілулі тұр. Қытайда «жаман шәкірт жоқ, жаңаға ұмтылмайтын шәкірт болады. Нашар ұстаз жоқ, жалқау ұстаз болады» деп айтады. Ал, Конфуций «келе жатқан үш адамның бірі – менің мұғалімім» деп айтқан екен. Қытай – ұшан-теңіз мұхит, ал, сенің білетінің – соның бір тамшысы ғана. Меніңше, адамның ең басты қасиеті – білімге құмарлық. Жас күніңде, ол қасиет ұшталып шыңдалуға итермелейді, қартайғанда жаныңды сергітеді.
ҚР мен ҚХР арасында дипломатиялық қатынастар орнап, Алматыда ҚХР елшілігі ашылғаннан кейін, олар бізге қажетті оқу құралдары мен арнайы әдебиеттер, сөздіктерді мол көлемде сыйға тартты. Біз, оқытушылар, студенттерімізбен бірге біліммен сусындадық. Қытай жағы ҚазҰУ-да қытай тілін оқыту орталығын ашты, оның техникалық және әдістемелік жабдықталуын өз мойнына алды. Әрине, бұған Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени, гуманитарлық қатынастардың жыл санап кеңейіп, қатаюы себепкер еді. Қытайда шыққан оқулықтарды қолдану көптеген қытайтанушылық пән-дердің оқу бағдарламаларының қайта қаралуына әкелді. Кейін, Қытай тілін оқыту орталығы Конфуций институты болып қайта құрылды, бұл институт қазір Астана, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында бар.
Экономиканың қозғағыш күші – сауда-саттық қарқындап өсіп келеді. Қытайға сауда жасау, емделу, демалу үшін бару қазақстандықтарға үйреншікті болып кетті. Түрлі әлеуметтік топтарға жататын азаматтарымыздың Қытаймен танысуы, мейлі ол базар, дүкен, ойын-сауық арқылы болсын, оң құбылыс. Тұрмыстық тұрғыда, мәдениеттердің өзара әсері мен өзара кірігу үрдісі іске асып жатыр.
Қытай халқы оларды түзетіп, даму мен гүлденудің жолында батыл келе жатыр. Қазіргі Қытай – әлемдік қоғамдастықтың абыройлы,белді мүшесі, оның үнін де, үнсіздігін де әлем ден қоя тыңдайды.

Орысшадан аударған
Қаламқас Есімова

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.