Зияткерлік меншік және мемлекет

  • 24.06.2019
  • 118 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өркен ӨСЕРБАЙ,

Алматы қаласындағы
М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның 9-сынып оқушысы

Әр заманның өз қаһарманы бар… Қаһарман – әрине, сол заманда өмір сүріп жатқан адам. Жаңа технологиялар қарқынды дамыған заманды жаңашыл адамдар құрайды. Қазіргі таңда өзіндік ойы, жаңа көзқарасы бар, бәсекеге қабілетті, білімді адамдар ғана көптеген игі бастамалардың ұйытқысы, тың жобалардың авторы бола алады. Мұндай адамдар – мемлекетіміз үшін қажетті, басты тұлғалар болып табылады. Біздер, мектеп қабырғасындағы жас жеткіншектер, қоғамға керек, жан-жақты дамыған тұлға болуға күні бүгіннен ұмтылуға тиіспіз.
Мектеп – біздің дамуымызға әсер ететін киелі орда. Мектепте өткен әрбір сәт біз үшін маңызды. Бүгін бізге сынып жетекшіміз: «Контрафакт» тақырыбында эссе жазатынымызды ескерткен болатын. Аталған тақырып аясында эссе жазбас бұрын ойыма мынадай сұрақтар оралды. «Контрафакт дегеніміз не?», «Бұл терминнің астарында не жатыр?»
Шынында, «контрафакт» термині күнделікті қолданыста болмағандықтан да, көпшілікке таныс емес… Көпшілік бұл сөздің астарында терең мағына жатқанын біле бермейді. Десе де, ғылыми сілтемелер арқылы түсінуге мүмкіндік бар. Жалпы, мен мақалаларды, публицистикалық саладағы мәтіндік мәліметтерді, өзекті тақырыптарға жазылған мақалаларды жиі оқимын, алайда дәл осы «контрафакті» жайлы мақала көзіме ілікпепті. Бәлкім, бұл жайлы қалам тартқандар саны аз болғаннан да шығар, әсіресе, оқушылар қауымынан бұл тақырыпта жазғандар жоқтың қасы… Сол себепті де, кешке үйге келгеннен кейін, отбасыммен осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбіттім. Ата-анаммен, аға-апаларыммен ақылдасып, ақыл-кеңес сұрап, аталмыш тақырыпта біраз мәлімет жинап, жазуды жөн санадым.
Осы орайда, контрафакт туралы толық-қанды мәлімет беріп өтейін. Контрафакт – түпнұсқалы өнім негізінде жаңадан жасалған өнім. Ал, контрафактілі қызмет болса – бұл зияткерлік меншіктің құқығымен қорғалатын өнімді, заңсыз қайта шығару және тарату. Кедендік тәркілеу мөлшеріне негізделген, контрафактілік сауда әлемде жылына $ 200-ден $ 360 млрд-қа дейін табыс әкеледі. Контрафакт сөзі ағылшын тілінен аударғанда, «counterfeit – жалған» деген мағынаны білдіреді. Контрафактінің жер бетінде кеңінен таралған типтері бар.
Ең алдымен, ол – тауар атауын қолдану. Көбінесе контрафакті жасаушылар өзге брендті мүліктің атауын сатып алушыны алдап, заңнан қашу үшін пайдаланады. Мәселен: «ADIDAS» – «ABIBAS», «SONY» – «SONN», «GUCCI» – «GUCHI» тағы сол секілді. Бұл сатып алушының түпнұсқалы тауар мен жасанды тауарды шатастырып алуының ықтималдығын тудырып, «негізінен бренд тауар атын қолданбадым» деген сылтау арқылы заң алдында өзін арашалайды. Екіншіден, тауардың сыртқы түрін қолдану. Жасанды өнімдердің сатылымда жақсы жүруі үшін, түпнұсқалы өнімнің дизайнерлік шешімі мен сыртқы пішінін ұқсатып, кейде тіпті бірдей қылып, көшіріп алады. Бірақ, әрқашан осындай жолмен жасалған, жалған өнімнің сапасы, шынайы өнімнің сапасынан әлдеқайда төмен екенін есте сақтауымыз қажет. Мысалға: декор, үй жиһазы, ыдыс-аяқ, аяқ-киім мен киім-кешек және әртүрлі аксессуарлар. Бұл тәсілдің айқын көрінісі жасанды, қолға тағылатын сағаттарда байқалады. «Swiss Watch Industry» федерациясының ақпаратына сәйкес, жыл сайын Швейцария сағатының 40 миллион жалған данасы шығарылады. Осының өзі 1 млрд доллар көлемінде табыс әкеледі.
Контрафакт, сондай-ақ, мультимедиа өнімдерін, кітаптар мен шығармаларды, өлеңдер мен компьютерлік бағдарламаларды ешқандай келісімсіз, рұқсатсыз, яғни, заңсыз түрде қолдану болып табылады. Мысалы, мен, бойымда ақындық қасиетім бар, жас дарынмын. Ақ параққа өз ойымды өлеңдетіп жазамын. Өз шығармашылығымның қатарына, менің авторлық кітабым «Шабытты шақты» кіргізсек болады. Егер, кімде-кім менің рұқсатымсыз сол кітап ішінен материал алып, өзіндік шығармашылығым десе, бұл – контрафакт болып табылады.
Келесі контрафактіге патентке ие материалдарды заңсыз түрде қолдану жатады. Бұл контрафакт – белгілі бір тұлғаның идеясы арқылы пайда болған өнімді, оның құрылысын немесе атауын өзіндік табыс үшін, ешқандай келісім мен рұқсатсыз ұрлау. не қайтадан жасап шығару, басқаша айтқанда – фальсификация. Фальсификация – қолдан жасау, яғни, нақтылы, шынайы мәліметті жалған, өтірікпен алмастыру болып саналады.
Егер, белгілі бір тұлға өз идеясы арқылы сапалы өнім шығарса, ол оның – зияткерлік меншігі. Өз өнертабысына әр өнертапқыштың авторлық құқықтары бар. Авторлық құқық – программалық бұйымды әзірлеуге қатысты автордың құқықтық жағдайын анықтайтын заң шығаратын нормалар жиынтығы. Зияткерлік меншікті біз интеллектуалды меншік деп те атасақ болады. Бұл термин сөздің ғылыми сілтеме бойынша анықтамасы – интеллектуалдық меншік, өнеркәсіптік меншік, сондай-ақ, өндіріс, ғылым, әдебиет, өнер және т.б. салалардағы шығармашылық қызметтен туындайтын әдеби, көркем, ғылыми шығармаларға, әртістердің орындаушылық қызметіне, дыбыс жазуға, радио-теледидар хабарларына, ғылыми ашылымдарға қатысты құқықтар.
«Қазақстан – 2050». Мемлекеттің сол жылдардағы моделі. Тәуелсіз, егемен мемлекеттің басты мүддесі – салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, болашақта мемлекетті экономикасы мықты, әлеуметтік тұрғыда деңгейі жоғары болатын ұлы державаға айналдыру.
Ал, осы мүдденің орындалуы үшін қазіргі кезден мемлекет барлық тұрғыда жоғары қарқынмен жарқын болашаққа жылжуы тиіс. Бұл үшін, әрине, дұрыс саясат пен елім деп туған, зейінді басшы болуы керек. Қазақстанның осындай саясатының атауы: «Қазақстан – 2050» стратегиясы. Бұл стратегияны экс-президент Н.Ә.Назарбаев 2012 жылдың желтоқсан айындағы Жолдауында таныстырған болатын. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы.
Бұл жердегі тиек болып тұрған сөз тіркесі, менің ойымша – жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. «Жалпыға ортақ еңбек негізінде», демек, әр азамат пен азаматша ең алдымен өзіндік табысы үшін емес, мемлекет табысы үшін еңбек етуі ләзім. Егер, әркім өз елінің мүддесінің орындалуы мақсатында өз үлесін қосса, Отанымыз алға қарай жылжи бермек. Осы жерде контрафактінің де қатысы жетерлік. Контрафакт кезінде бір тұлға, екінші тұлғаның өнертабысын заңсыз пайдалану арқылы, сол кісінің еңбегін жоққа шығарады. Себебі, дәл сол өнертапқыш секілді ол да, өзіндік өнертабысын жасамады, жасай алмады. Бұл мемлекетті дамытудың орнына, керісінше, дағдарысқа әкеліп соқтырады. Әр адам өз білімі мен ойлау қабілетінің деңгейіне қарай, мемлекетке өзгенің еңбегін жемей, сеп тигізуі қажет. Әлеуметтік-экономикалық саясаттың дамуы барысында негізгі рөлді реминисценция атқарады, яғни, бір процесті, келесі бір процесс дамытуы керек. Өзгенің еңбегін заңсыз түрде қолданғаннан гөрі, өзіңнің идеяңмен бөлісіп, белгілі бір ортақ келісімге келсең, бұл – таза прогресс.
Осы орайда, контрафактіге жол бермеудің аса маңызды екендігін түсіндім. Себебі, контрафактісіз өмір – шынайылыққа бастар жол, әркімнің жеке меншігіне қол сұқпау, бір сөзбен айтқанда, әділдіктің таразышысы. «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» дегенді ұлы ойшыл Абай атамыз бекер айтпаса керек. Расында да, әділдік -– ізгіліктің іргетасы. Олай болса, ізгіліктің мекені бола білген атамекенімізде контрафактіге жол бермеу – ұлт алдындағы басты парызымыз. Мен бүгінгі мектеп қабырғасындағы шәкірт – болашақ ел ертеңі ретінде контрафактісіз өмірді таңдаймын, әрі бұл барша адамзаттың ұраны болуы тиіс деп есептеймін.

«Халықаралық TIMSS зерттеуі» дегеніміз не?

Білім. Еңбек. Ізденіс. Осы 3 нәрсеге ие болған жайғдайда, сіздің болашағыңыздың жарқын болуы – заңдылық. Салиқалы, білімді, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – халықтың басты мүддесі. Бес арыстың бірі, сегіз қырлы, бір сырлы. Жүсіпбек Аймауытов: «Қалың бұқараны алға сүйреп, ел тізгінін ұстап, халық қасіретін түсінетін адамдар – оқыған адамдар» деген екен. Болашақ ел тізгінін ұстайтын жас жеткіншектердің білім сапасының жоғары болуы – өте маңызды мәселелердің бірі болып есептеледі. Әрбір елде жоғары немесе орта арнаулы оқу орнында тәлім алатын қауымның білім деңгейін тексеретін сан алуан сынақ тапсырмалары болады. Тест арқылы шәкірт оқуын әкімшілік бағалайды.
Ұлттық жүйе арқылы бағалау – жыл сайын өтетін оқу жетістіктерін ішкі бағалау мен Ұлттық бірыңғай тестілеу. Халықаралық бағалау жүйелері – ТІMSS (Trends in Mathematics and Science Study) іспетті зерттеулер. Зерттеуге негізделген ТІМSS жүйесінің халықаралық аренадағы орны орасан зор. Десе де, бұл жүйе жайлы қалың жұртшылықтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы орайда, алдымен, «ТІМSS дегеніміз не ?» деген сұраққа жауап алып, зерттеу тарихына көз жүгіртейік.
TIMSS – халықаралық білім сапасын бағалау жөніндегі зерттеулер аясында 4,8-сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыратын бағдарлама. Бұл бағдарламаны, оқу біліктілігі мен білім жетістіктерін зерттейтін халықаралық ІЕА ассоциациясы ұйымдастырған болатын. ТIMSS жобасының оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалау басыңқылығы үш бағыт бойынша жүреді. Олар: оқу біліктілігі, математика және жаратылыстану ғылымдарындағы біліктілік.
Халықаралық TIMSS зерттеуі ең алғаш рет 1995 жылы өткен болатын, сол кезден бастап зерттеу циклді түрде өтеді, яғни, әр жыл сайын бастауыш сыныпты тәмамдайтын 4-сыныптар мен орта буынды бітіретін 8-сыныптарға тестілеу жүргізіледі. TIMSS-2007-де әлемнің 45 eлінен 425 000 оқушы қатысқан болатын. Қазақстан атынан, өз білімдерін халықаралық деңгейде паш еткен, 141 мектептен 3990 төртінші сынып оқитын бүлдіршіндер бақтарын сынады. Қазақстандық бастауышты бітірушілердің математикалық сауаттылық деңгейінің орташа балы – 549 балды құрaса, жаратылыстану деңгейінің орташа балы – 533 болатын. Келесі кезектегі TIMSS-2011-де қатысушы саны ұлғая түсті. Бұл жолы, әлемнің 63 елінен 600 000 оқушы тестілеуден өтті. Еліміздің атынан 8775 шәкірт білім айдынында бәсекелестік көрсете білді. Олардың ішінде, 154 мектептен 4385 оқушы енді ғана орта буынға аттап жатқан болса, қалған 4390 оқушы осы орта буынды бітіріп жатқан болатын. 2011 жылғы тестілеуде 4-сынып оқушыларының орташа балдары: математика пәні бойынша – 501 балл, ал, жаратылыстану пәні бойынша – 495 балл болды. Сегізінші сынып оқушыларына тоқталатын болсақ, олардың математика пәні бойынша орташа балы – 487 ал, жаратылыстану пәні бойынша 490 балды құрады. Жоспарға сәйкес жүзеге асқан TIMSS-2015-ке Қазақстандағы 9 білім ордасынан 9 759 оқушы қатысты. Оның 4710-ны 4-сыныптар болса, қалған 4869-ы 8-сынып оқушылары болатын. Қазақстандық 4-сынып оқушыларының математика бойынша орташа балы – 544-ті, жаратылыстану бойынша 550-ді құрады. Ал, сегізінші сынып шәкірттерінің орташа балдары: математика бойынша – 528, жаратылыстану бойынша – 533 балл көрсетті.
Ал, биыл Халықаралық TIMSS -2019 зерттеуіне 19 мектеп (№140, 21, 68, 15, 8, 97, 126, 155, 186, 157, 180, 169, 41, 108, 107, 110, 85, 195, «Ақ ниет» жекеменшік) қатысты. Аталмыш зерттеу сәуір айының 11-ші жұлдызында, біздің М.Мақатаев атындағы №140 гимназияда ТIMSS-2019 тестілеуі өткен болатын. Біздің мектеп қабырғасында білім алып жүрген 2 000 шәкірт ішінен бас-тауыш сынып мұғалімі Уайханова Мақпал жетекшілік ететін 4 «А» сыныбы мен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Масимханова Жазира жетекшілік ететін 8 «В» сыныбы зерттеу қатысушылары атанды. Тестілеу кезінде оқушыларға география, химия, биология, математика, физика сынды пәндерден келген арнайы сұрақтардан бөлек, анкеталық және ситуациялық сұрақтар қойылған болатын. Бұл сұрақтар тек тәлім алушыларға ғана емес, сонымен қатар, тәлімгерлер мен мектеп басшысына да қойылды. Зерттеу жұмысының өткізілу стилі, әрине, халықаралық стандартқа сай болды. Зерттеудің ашылу салтанатын «Азамат» ұйымының оқушылары мен биылғы бітіруші түлектер бірлесіп өткізді. Тестілеудің алдында өткізілген бұл жиынға келген бақ сынайтын 4,8-сынып оқушылары және олардың ата-аналары қатысты. Салтанатты жиында ТIMSS зерттеуінің тарихы жайлы мәлімет беріліп, ән-шашу ұйымдастырған болатын. Мектеп оқушылары мен ата-аналарды, ұстаздарды TIMSS бағдарламасының тап біздің гимназияда өтуі – жауапкершілік жүгін сезіндіріп қана қоймай, қанаттандырды. Себебі, бұл – оқушының да, оқытушының да алған білімін тәжірибеде көрсетудің бір жолы.
Халықаралық деңгейде өткен бұл шара талапқа сай жүргізілді. Мақсат айқын болса ғана армандар орындалатыны баршамызға белгілі. Біз ата-ана, оқушы, ұстаз бір ғана мақсатта жұмыс жасадық, ол – білімді тереңдетіп, алынған білімді игілікке жұмсап, өз халқымызға адал еңбек ету. Бір сөзбен айтқанда, сенім биігінен шығу. Аталған мақсатқа қол жеткізу үлкен еңбекті қажет етеді. Олай болса, осы жолдағы еңбегіміз еш кетпес үшін бар білім, еңбек, ізденіс жолындағы күш-жігерімізді бір арнаға тоғыстырып, білім көкжиегінде жетістіктерге жол бастай берелік!

Алдыңғы «
Келесі »