ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ӘЛЕМ ТІЛДЕРІНДЕ

  • 28.05.2019
  • 766 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы қолға алынғаны белгілі. Бұл арнайы жобаның арқасында қазақстандық мәдениеттің үздік жетістіктерімен барша халықтың танысу мүмкіндігі туып отыр. Мұндай ауқымды жоба Қазақстанда бұрын-соңды іске асырылмаған. Елімізге танымал жазушылар мен ақындардың таңдаулы шығармаларын аударуға көптеген шетелдік аудармашылар, баспа ұйымдары тартылды. Бүгінгі күні аударма жұмысы кең көлемде жүргізілуде. Осыған орай жуырда БҰҰ-ның алты тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологияларының таныстырылымы өтті. Алматыдағы Достық үйінде өткен поэзия және проза жинақтарының таныстырылымына осы жобаға қатысқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай, Египет және Таяу Шығыс елдерінің аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының басшылары, шығармалары алғашқы антологияларға кірген авторлар қатысты.

«Жаһандағы заманауи қазақс-тандық мәдениет» жобасы Қаз-ақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аясында аударма сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерек-ше мән берілді. 6 тілде жұмыс іс-тейтін шетелдік аудармашылар мен баспагерлер Қазақстанға арнайы келіп, еліміздің тарихымен, мәдениетімен танысты. Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытай елдерінен келген аудармашылар мен әріптес баспа ұйымдарының өкілдері қа-зақ авторларымен жеке-жеке сұх-баттасып, аударма барысында туын-даған сұрақтарды талқылады. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, оның көркемдік сапасын қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Аударма жобасы, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына жалпы саны 70-тен аса маман жұмылдырылған. Жоба ҚР Мәдениет және спорт минис-трлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.
Шараның ашылу салтанатында Қазақстан Президенті Əкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева сөз сөйлеп, қазақ қаламгерлері шығармаларын əлем тіліне аударуда жасалған жұмыстардың барысынан хабардар етті.
«Қазақстандық мәдениетті әлемге танытатын алғашқы қадамды әдебиеттен бастадық. Əлемнің ең ірі алты тіліне аударылған 160 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары беделді баспалардан шығып, бес құрлықтағы 90-нан астам елдің жоғары оқу орындары, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына таратылмақ. Оның нəтижесінде əлемдегі екі миллиардтан астам оқырман қазақ əдебиетінің жауһарларымен таныса алады. Анто-логияның электронды нұсқалары ғаламтор желісі арқылы да таралатын болады» – дей келе, Аида Ғалымқызы Тəуелсіздік жылдарындағы қазақ əдебиеті мен мəдениеті, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино жəне театр саласындағы жетістіктерін əлемге танытуды мақсат ететін осынау жоба алдағы уақытта жалғасын таба-тынын жеткізді.
Поэзия мен проза бойынша 2 томдық антологияның әр жинағына 30 автор топтастырылған. 90-нан астам елде таралатын ағылшын, араб, испан, француз тілдеріндегі жинақтармен 2 миллиардтан астам адамның танысу мүмкіндігі бар. Антология әр тілде 10 мың данадан, жалпы саны – 120 мың дана басылады. Жинақтар 50 мыңдай ұйымға – кітапханаларға, ғылыми орталықтарға, жоғары оқу орындарына және т.б. мекемелерге таратылады.
Аударма басталмастан бұрын жобаға қатысушы шетелдік баспагерлер, аудармашылар елімізге арнайы келіп, Қазақстанның тарихымен, мəдениетімен танысып, шығарма авторларымен сұхбаттасқан болатын. Бұл кездесулерде аудармаға қатысты келелі мәселелер, әсіресе аударманың түпнұсқа мəтінмен сәйкес келуі жөнінде сөз қозғалды. Осындай тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеудің нәтижесі қомақты кітаптардан көрініс тапты.
Жиында Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай, Мысыр, Таяу Шығыс елдерінің аудармашылары, əдебиетшілері мен баспагерлер жобаға қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Қазақ əдебиеті жинақтарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару жəне тарату жұмысын Кембридж университеті мамандары жүзеге асырса, испан тілінде сөйлетуге Испанияның əдеби аудармаға маманданған «Visor» баспасы жауапты, француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы қолдау жасап, жинақтарды шығару «Мишель де Моль» француз баспа үйіне тапсырылған. Ал орыс тіліндегі аударма мен əдеби редакция жұмысын үйлестіруге Ресей Жазушылар одағының мəскеулік ұйымы, жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоносов атындағы Мəскеу мемлекеттік университетінің баспасы атсалысыпты. Қытай тіліне аудару, басып шығару жəне таратуға Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» тартылған.
Араб әлемі мен Таяу Шығыс елдеріндегі белді баспалардың бірі «MediaHub» баспа үйінің директоры Абдулрахим Абдулуахид осы жобаға қатысқандарына ризашылығын жеткізіп, бұл көрнекті жобаны екі ел арасындағы достықтың алтын көпірі деп бағалады. Аударма барысында бірнеше ай бойы қазақ елін аралап көрген директор мырза қазақ елінің болашағы жарқын екенін атап айтты. Ресей Жазушылар одағы Мəскеу қалалық ұйымы басқарма төрағасы Владимир Бояринов аударма ісінің егжей-тегжейіне тоқталып, əлем тілдеріне аударылған қазақ қаламгерлерінің шығармаларын миллиардтаған оқырман жоғары деңгейде қабыл алады деген сенімін білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз сөзінде: «Көркем әдебиет аудармасы ел мен елдің, халық пен халықтың достығы мен ынтымақтастығын дамытудың ең озық үлгісі болып табылады. Қазақстан жазушыларының туындылары жер жаһанға таралып жатқанын жоғары бағалауымыз керек. Әлемдік әдебиеттің шетсіз-шексіз кеңістігінен біздің әдебиетіміз де өз орнын тауып отыр. Осы аударма арқылы қазақ әдебиеті әлемдік мәдениетке өз үлесін қосу мүмкіндігіне ие болды. Әдебиет түпнұсқа мен тәржіманың арасындағы ұқсастық егіз туғандай туысқандыққа ұласып жатады. Сонымен қоса аударма аса жауапты да азапты жұмыс. Нағыз аудармашы осы ауыр азаптан ләззат алады, шабытты шақтарды бастан кешеді. Енді осы жобаның жалғасын табуын күтеміз» деді.
Сондай-ақ жиын барысында атал-мыш антологияларға шығармалары енген Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Есенғали Раушанов және басқа қаламгерлер сөз алып, игі шараға ризашылықтарын білдірді. Жиын соңында Қазақстан Президенті Əкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі А.Балаева «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы алдағы уақытта жалғасатынын, Аударма бюросының Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп тарихи-әдеби өлкетану жобасын ұйымдастыратынын, сондай-ақ ауыл қаламгерлерінің әдеби форумы өтетінін жеткізіп, жиынды қорытындылады.

Дина ИМАМБАЕВА
.

Алдыңғы «
Келесі »