ҰЛТТЫҚ МЕЖЕЛЕУ ЖӘНЕ СҰЛТАНБЕК

  • 28.05.2019
  • 205 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Көрнекті мемлекет қайраткері С. Қожановтың туғанына 125 жыл

Кеңестік Орта Азияны ұлттық тұрғыда жіктеп, мемлекеттік-территориялық аймақтарға межелеу науқанында Түркістан Республикасы басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанов өзіндік көзқарасымен ерекшеленді.
РК(б)П Орталық Комитетінің Ұйымдастыру бюросы 1924 жылғы 31 қаңтарда Түркістан Республикасын жеке-леген ұлттық-мемлекеттік құрылымдарға жіктеу жайында шешім қабылдап, соған байланысты Ташкентте арнайы мәжіліс шақыруды ОК хатшысы Я.Э. Рудзутакқа тапсырған еді. Большевизм көсемдерінің айдан астам уақыт мұқият әзірлеуінен кейін, Түркістан Компартиясының Орталық Комитеті, ТКП Орталық Бақылау Комитеті, РК(б)П Орталық Комитетінің Орта Азия бюросы (Средазбюро), Түркатком Төралқасы мүшелері мен мүшелікке кандидаттары және Ташкенттегі басқа да жауапты қызметкерлер қатысқан алғашқы мәжіліс 1924 жылғы 10 наурызда өтті. Күн тәртібіне Түркістанды ұлттық-территориялық тұрғыда межелеу мәселесі шығарылды. Біріккен жиында ТКП ОК хатшысы Абдулло Рахимбаев баяндама жасады. Ферғана басмашыларының негізінен жойылғанын хабарлап, соған байланысты, өлкедегі саяси ахуалдың тұрақталғанын айтты. Сосын, кей аймақтардағы аралас тұрып жатқан түрлі халық тұрғындары арасында қилы егестер бой көрсетіп қалатынына, өзара шағым жасап, талаптар қоюлары салдарынан, әрәдік ұлтаралық түсініспеушіліктер орын алып отырғанына тоқталды. Солардан туындатып, ұлттар араларында көрініп қалатын араздықтарды жоюдың жолы: «Орта Азия құрамында біртекті үкіметі бар ұлт республикаларын ұйымдастыру» болмағын айтты. «Егер, біз, Түркістан халықтарының мәдениет тұрғысынан дамуы үшін, Түркреспубликада Кеңес өкіметінің нығаюын қаласақ… Кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жол – Орта Азияны ұлттық белгілеріне қарай жіктеу», – деді. Сөйтіп, кеңес өкіметінің бекем орнығуын баяндамашы үлкен шанырақты жеке-жеке отауларға бөлумен байланыстырды. Әр ұлт өз алдына отау тігіп бөлініп шықса – Түркістан халықтары мәдениет тұрғысынан дамиды… Орта Азияны ұлттық сипатпен жіктеп, дербес отаулар тігу арқылы ыдырату – кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жол…
Осындай келешек ұлттық қай-раткерлердің ұлттық сезімін тез қайрады. Олар қара шаңырақ іспетті мемлекеттік құрылымды бөлшектеп, ұлттық отау тігу жолына түсті. Мәселенің РК(б)П ұрандарының алдамшылығында, шын пиғылының басқалығында жатқанын аңдамады. Революцияшыл пролетариат диктатурасы идеясының біртіндеп орыс билігіне теңгеріліп алғаны ойларына да келмеді. Большевизм көсемі В.И.Ленин 3-ші Коммунистік интернационалдың екінші конгресінде: «Орыс коммунистерінің бұрынғы патшалыққа тиесілі отарлардағы – Түркістан және басқалар секілді артта қалған елдердегі – практикалық жұмысы біздің алдымызға мынандай мәселе қойды: коммунистік тактика мен саясатты капитализмге дейінгі жағдайда қалай қолдану керек… Бұл елдерде өнеркәсіп пролетариаты жоқтың қасы. Осыған қарамастан, біз ол жақта да өзімізге басшы рөлін алдық және алуға тиіспіз де», – деген-ді. Ал, ұлт қайраткерлері «кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жолды» таңдау артында не жатқанын парықтамады. Кеңес өкіметін қара шаңырақты сақтай отырып та күшейтуге боларын, әрі оның ұлттар мүддесіне көбірек жауап беруі ықтималдығын ойламады.
Межелену салдарынан – Түркістан Республикасы тарайды, демек, қарашаңырақ жойылады. Жойылатын қарашаңырақ орнына Ленин айтқан «орыс коммунистерінің жетекшілік рөлі» бірінші орынға шығады. Дербестеніп, бірінен бірі оқшауланған ұлттық құрылымдарды оңашалап, жеке-жеке «пролетарлық рухта» тәрбиелеу мәселесі оңайлайды. Ал, жетекшілік рөлді өз мойындарына алған орыс коммунистері, қырға дендеп кірген империялық сауда капиталының айналымына халқы тығыз ілесулі болса да, Орынбор, Омбы іспетті орыс пролетариаты ошақтарының «капитализмге дейінгі қатынастар үстем, артта қалған елдің» құрамында қалуын қаламайды. Сонау астарлы саясатқа шебер жетекшілер, сондай-ақ, Ташкент тағдырын да өздерінше шешеді…
Баяндамашы «ұлттық мәдениетті дамыту» жайындағы алдамшы үмітті алға тартты. Большевиктер мәдениетті екіге бөлетін, сөйтіп, «ұлтшылдық уымен уландыруға тырысатын бур-жуазиялық мәдениет» емес, «өзінің мазмұны жағынан социалистік болған пролетар мәдениеті» үшін күресетін-ді. Ал, бұл – жеке-дара отау тіккен ұлттық республикаларда өркендейтін ұлт мәдениеттерінің бағытын большевиктер қатаң бақылауда ұстап, отаулардың бірін-бірі өзара байытуына жол бермей, «мазмұны жағынан пролетарлық, формасы жағынан ұлттық мәдениет» болатын «жалпы адам баласының мәдениетін» орнықтыруды ғана құптайды деген сөз. Яғни, большевизм ұлттарды жалпыадамзаттық ұмтылыс жолына түсіреді. Сөйтіп, ұлттық тамырдың үзілуіне апаратын жаңа тұрпатты рухани тіршілікті қалыптастыруға бет алады. Әйтсе де, мұндай болашаққа ешкім ой жүгірте қоймады, көпшілік көңіліне баяндамашының өлкедегі әр ұлыс өкілінің ұлтшылдық түйсігін қанағаттандыратын пайымдары жақты. Көздерін большевизм ашқан қайраткерлердің кеудесінде ешқандай күдікке орын қалған жоқ. Кеңеске қатысушылар тезірек ұлттық тұрғыда межеленуді қолдады.
Дегенмен, жиналысқа қатысу-шылардың бәрінің бірдей санасы уақытша ұлттық шаттыққа масайып, көздері қарыға қоймаған-ды. Ұлтын шын сүйгендер тар ұлттық мүддені күйттеумен шектелмейтін. Жиынның белсенді қатысушылары арасында – орталықтың межеленуді ұсынуы астарынан байырғы «бөлшектеп билеу» саясаты нәрлендірген жаңа коммунистік тәсілді аңдағандар, бір өңірде аралас-құралас мекендеп келе жатқан ұлттардың келешегін тереңірек ойлағанда, ұлттық дербестенудің залалдылығын түйсінгендер болды. Олар жарыссөз кезінде баяндамадағы ұсынысқа балама пікірлер ұсынды. Балама пікірлердің бірін Түркатком Төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшесі Сұлтанбек Қожанов көтерді. Ол өлкені ұлттық белгісіне қарай бөлшектеп жібермей, оларды алдымен экономикалық негізде, со-дан соң, Орта Азия Федерациясына біріктіру, сосын, экономикалық та, саяси-әкімшілік те тұрғыда қа-лыптасқан қуатты құрылым ретінде, Республикалар Одағына – КСРО-ға кіру бағытын ұстанды.
Оның бұл көзқарасын кеңестік тарихи әдебиеттің пантүркілік (түркішілдік) қателік ретінде бағалағаны мәлім. Мә-селен, біздің академиялық «Қазақ ССР тарихы» көптомдығы сол жиыннан: «С. Ходжанов пантүркистік қателерді қайталап, «түрік тайпалары бірыңғай түркі тілдес халықты құрайды», оны «жасанды түрде айыруға болмайды» дегенді жөнсіз дәлелдеуге тырысты», – деген хабар береді. Алайда, бұл – тарихи оқиғаларды түсіндіруде ке-ңестік идеология салдарынан жиі қолданылатын, әдеттегі большевизм бұрмалаушылықтарының бір парасы еді. Іс жүзінде С. Қожанов жалпы түркішілдікті емес, қазақ мүддесін күйттеді. Және оны жеке-дара бөлмей, бүткіл өлке халқының өмірімен тығыз байланыста қарап, сол жиында да, одан кейін де – межелеу жөніндегі территориялық комиссия мәжілістерінде, 1924 жылғы 14 қыркүйектегі ТКП Орталық Комитеті, ТКП Орталық Бақылау Комитеті және ТКП Тексеру комиссиясының біріккен Пленумында да жанын сала қорғады.Оның позициясы қазіргі идеологиялық шарттылықтан құтылған кездің көзқарасы түгіл, тіпті, сол кезгі ашық партия саясаты тұрғысынан да дұрыс болатын.
Ой жүгіртіп көрейік. РК(б)П ХІІ съезіндегі қорытынды сөзінде, съезде туған сұрақтарға орай, И.В. Сталин: «Тәуелсіз республикалар әуелі ша-руашылық негізде жақындасады… республикалардың жақындасу тәжірибесі оң нәтиже берген соң, келесі қадам – федерацияға бірігу жасалады», – деген концепциясын нақты практикада басшылыққа алатын реттілік сипатты аян еткен еді. Артынша оны кеңітіп түсіндірген: «Әсіресе, Закавказье секілді, ұлттық бітімнің арнаулы органынсыз оң жұмыс істеуге болмайтын орында осылай ету ләзім. Сіздер білесіздер, Закавказье патша кезінде татар-армян кескілесуі болған және муссавиттер, дашнактар мен меньшевиктер кезінде өзара соғысқан ел. Осы қырқысуды доғару үшін ұлттық бітім органы керек, яғни, өзінің кесімді сөзін айта алатын жоғарғы өкімет керек. Ұлттық бітімнің осындай органын грузин ұлтының өкілдерін қатыстырмай құру еш мүмкін емес. Міне, өстіп, шаруашылық күштерін біріктіргеннен кейін бірнеше ай өткенде, келесі қадам – республикалар федерациясы жасалады, одан бір жыл өткенде – республикаларды біріктіру жолындағы қорытынды кезең іспетті тағы бір кезекті қадам – Республикалар Одағын құру жасалады… Бұл – біздің ұлт саясатымыздың жүйесі».
Мәселе осы партияның «ұлт сая-сатындағы жүйені» өмірде қолданған шақта – большевизм қайраткерлерінің қос стандарт ұстанғандықтарында еді. Қаласын-қаламасын, Ресей им-периясының «бөлшектеп ал да – билей бер» формуласымен жүргізген саясатын іс жүзінде кеңестік негізбен жалғастырғандықтарында-ды. Соны – жаңа отаршылдықты – жүйенің түпкі мақсатын құпиялаған алдамшы ұранмен, «бұқараның өз тілегі бойынша» әрлеп өмірге енгізуге шеберленуінде жатқан-тын. «Бұқараның өз тілегі бойынша» жүргізілген Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық бөлшектеуді әлем демократиясының дұрыс қабылдай қоймағанын Сталиннің өзі де мойындап: «Буржуазия баспасөзі бұл межелеуде «большевиктік қулық» бар деп жүр, – деді де, оны былай деп жоққа шығарды: – …мұның «қулық» емес екендігі, қайта, Түркпенстан мен Өзбекстанның қалың бұқарасының өздеріне жақын және түсінікті өз өкімет органдарын құруға қатты талпынуы екені анық». Әйтсе де, сонау «Түркпенстан мен Өзбекстанның қалың бұқарасының… өз өкімет органдарын құруға қатты талпынуы» тәрізді «бұқараның өз тілегі» артында қандай қозғалтқыш күш тұрғанын да білдіріп алды: өлкені ұлттық белгілері бойынша бөлшектеу үшін «коммунистерге тек бірнеше ай түсіндіру-насихат жұмысын жүргізу ғана керек болды», – деп ұлттық межелеуді кім ұйымдастырғаны хақындағы шын сырын ашып қалғанын абайламады. Алайда, жаңа империялық идеологияны жүргізуші коммунистен жаңа отар коммунисінің айырмашылығы бар-ды: ұлт коммунисі өзінің саяси-насихаттық жұмысында жоғарыдан белгіленген шеңберден асуға хақысы жоқ болатын. Сондықтан да, Сталин айтқан «ұлт саясатымыздың жүйесі» түркі халықтары арасында орнықтырылуға келгенде сипақтатылып, жаңа империялық мүддеге бағындырылды. Жария етілген ұлт саясаты жүйесіндегі осынау баспалдақтан соң баспалдақ басып жоғарылау іспетті, кезеңнен кезеңге өту концепциясы түркістандық ұлттардың тағдырларына шын жаны ашыған күрескер көңіліне қонымды еді. Яғни, алдымен Орта Азия республикаларын экономикалық тұрғыда біріктіру, одан Орта Азия Федерациясын құру, ақырында КСРО-ға кіру – енді оянып келе жатқан кенже халықтар мүддесіне мейлінше дәл жауап бере алатын реттілік екеніне С. Қожанов сынды коммунистер мүлдем сенімді-тін.
Қазақ және Түркістан өлкелеріндегі қазақ қауымдарының экономикалық даму деңгейлері әртүрлілігін ескеріп, оңтүстіктегі қазақ аймақтарын әзірге терістікке қоспай, жеке республика ету арқылы – ортақ әрі тиімді ортаазиялық экономикалық бірлестік жасауға да болатын (Жекелеген саясаткерлерді біріккен алып Қазақстан болашағы шошытатын. Ондайлар Қазан, Қырым татарларының екі мемлекеттік құрылымы барлығына қарамастан, Дала өлкесі мен Түркістан өлкесі қазақтарының екі Қазақ республикасы болуына да қарсы-ды). Қысқасы, экономикалық бірлестік – өтпелі, бірақ аттап өтуге болмайтын, ұлттардың өркендеу келешегіне қажет баспалдақ екені айқын-тын. С.Қожановпен бірге мұндай көзқарасты қолдаған Орта Азия экономикалық кеңесінің төрағасы М.А. Паскуцкийдің позициясын партия тарихшылары «ол шын мәнінде, межеленуге қарсы шықты» деп бағалады. Дұрысында, осы қос қайраткер (Қожанов пен Паскуцкий) езілген ұлттардың шаруашылықтарында табиғи түрде орын алған интеграцияны өркендету ретімен, олардың әлеуметтік дамудағы теңсіздіктерін, саясаттағы, экономикадағы, мәдениеттегі кеміс-тіктерін теңгеруге ұмтылу, сөйтіп, ұлттық мемлекеттікке – бірден ірге бөліп дербестену арқылы емес, өзара тәуелділікті сезіне отырып, өзара жәрдемдесу жолымен жету мақсатын көздеген-тін. Алайда, бұндай пікірге ерік беру, РК(б)П үшін, – түркі елі халықтарының төте байланыстарын арттыру, өзара туыстықтарын түйсінту, соның арқасында орталықпен санаса қоймайтын күшті ұлттық мемлекеттікке қол жеткізу даңғылына әрқайсысын өз қолымен салып жіберу деген сөз болар еді. Ал, ол – коммунистік мұраттарды ту еткен жаңа отаршылдар мүддесімен еш үйлеспейтін. Сондықтан да, «партия жолын бұрмалаушыларға» саяси айырым-белгілер жапсыру амалы іс-дағды барысында кең қолданылды. Сол шақтағы идеологиялық штамп пен саяси құрсау мәжбүр еткен пайымдау жүйесінің ықтимал өрісін кеңес зерттеушісінің мына пікірі айқын көрсетеді: «Ауытқушы-ұлт өкілдері (национал-уклонистер) өздерін «өз» республикаларының «қорғаны» рөлінде көрсетіп, ұлт мәселесін өздерінше «шешуге» әрекет жасады. Олар «ұлы өзбек мемлекеті», «ұлы Қазақстан мемлекеті», «үлкен Қырғызия (Қазақия)», «автономиялы қалалар», «еркін тайпалық мемлекет» жасау жобаларын көтерді. Бұл «жобалардың» бәрі олардың авторларының Орта Азияны ұлттық-мемлекеттілік тұрғыдан межелеуді кеңес халқы мүддесіне қайшы дұшпандық мақсаттарға пайдаланғысы келетін ұлтшылдық ұмтылыстарын танытты». Бертінде, қайта құру зама-нының зерттеушілері одан да асып түсті. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жанындағы партия тарихы институтының ғалымдары 1989 жылы: «Қожанов – «Қазақстан қазақтар үшін» деген ұлтшылдық ұранды барып тұрған жанын салып жақтаушылардың бірі ретінде белгілі», – деген тұжырымын алға тартты.
«Национал-уклоншыларды» – ауытқушылыққа жол берген ұлт өкілдерін «әшкерелеудің» өтімді үлгісін, әрине, өз уақытында және бірінші кезекте Бас хатшының өзі көрсетті. Шығыс еңбекшілері Коммунистік университетінің студенттері алдында 1925 жылғы 18 мамырда сөйлеген сөзінде И.В. Сталин: «…Түркістанда жақында аяқталған ұлттық межелеуді советтерді бұқараға… жақындатудың үлгісі деп санауға болар еді», – дей келе, кеңестерді еңбекшілерге тақалту жұмысында «совет Шығысының белсенді қызметкерлерінің прак-тикасында екі уклон (ауытқу) бар екенін есте тұту керек, совет шығысы үшін нағыз кадрлар мен нағыз революционерлер тәрбиелеп шығару үшін бұл Университеттің ішінде ол уклондарға (ауытқуларға) қарсы күрес жүргізу қажет», – деп нұсқау берді. Коммунистік оқу орнында білім алып жатқан шәкірттерді белсенді қызметкерлердің іс-дағдысындағы ауытқушылықтарды ажырата білуге үйретті. «Бірінші уклон – жеңіл-желпі қараушылықта» болса, «Екінші уклон, мұның керісінше, жергілікті ерекшеліктерді асыра көрсетуде… өрісі тар және таяз ұлтшылдықтың міндеттеріне бейімделуде болып отыр», – деді ол. – Қайткенде көршісінен бір пұшпақ жерді артығырақ бө-ліп аламын деп, «Шығыстың кеңестік республикаларын Совет Одағының өнеркәсіпті аудандарымен байланыстыратын ортақ және басты нәрсені… социалистік міндеттерді» елеп-ескерместен, мұндай уклоншылар «өз республикасының шекарасын кеңейту, іргелес республикалармен кергілесу, көршілерінен үзіп-жұлып артық олжа түсіруге тырысу» ар-қылы «өз елінің буржуазиялық ұлт-шылдарына жағыну» мақсатын көздеді.
Межелеу тұсындағы күрделі пі-кірсайыстар палитрасын Сталин осынша қарабайырландыра, сүмірейте жіктеп, нәтижесі «кәдімгі буржуазиялық ұлт-шылдарға айналып азғындау» болатын ауытқушылықпен, яғни, «осындай ас-тыртын ұлтшылдықпен рахымсыз күрес жүргізу рухында» кадрларды тәрбиелеу міндетін алға қойды. Сөзін сөйтіп әдеттегі большевиктік көзқарасқа сай, қараңғы қалың бұқараны өздерінің көзі ашық азын-аулақ азаматтарымен өштестіру, таптық тұрғыда бітіспестей жауластыру рухында қорытты. Оған алуан реңкті пікірсайыстар, ортаға тасталған пайымдар байыбына бару тиімсіз-тін, сондықтан да, олардың бәрін «көлегейлеулі ұлтшылдық» (скрытый национализм) деп атады. Енді сонау «көлегейлеулі (астыртын) ұлтшылдыққа» жол берген қазақ қайраткерлерінің көз-қарасына тоқталайық.
Орталыққа ұлттық элитаның Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелерге бөлшектеу мәселелеріне көзқарастарындағы тұтастық ұнамаған еді. Ұлттардың дербес отау тігуіне байланысты пікір сайыстары РК(б)П ОК Орта Азия бюросы құрған ортаазиялық республикалардың аумақтарын белгілеп-межелеу жөніндегі Территориялық комиссия мен оның ұлттық дайындық комиссияларында мейлінше өрбіген-ді. Бес айға созылған талқылау, жобалау, дауласу, пікірлесіп-ақылдасулардың шарықтау шегін 1924 жылғы 17 тамызда болған Территориялық комиссияның пленумы көрсетті. Осы пленумның стенографиялық есебі «жалындаған пікірталастарды, жаңадан құрылып жатқан ұлттық кеңестік социалистік республикалар мүдделерін танытқан қызметкерлердің территориялық талаптарын барынша өткірлігімен біздің заманымызға жеткізіп отыр». Есіміне бертінгі тарихи әдебиетте «пантюркист», «ұлтшыл», «уклонист», «антипартиялық топшыл» іспетті күллі жаман, күйдіргі атақтар жамалған С. Қожанов аталған пленумда «біртұтас және бөлінбейтін Түркістан» тезисін қорғаған жоқ», – дейді зерттеуші Р.Я. Раджапова. Дұрыс айтады, байламына орнықты дәлелдер келтіреді. С.Қожановтың межелеу науқанында ұстанған көзқарасына байыпты талдау жасайды. Шынында да, алғашқы мәжілісте күллі Орта Азияны бір бірлестікке ұйыстыру жөнінде айтқан ұсынысына С.Қожанов бірнеше дәйек келтірген-ді. Біріншіден, мәжіліс өтіп жатқан шаққа дейін көпұлтты Хорезмнің ұлттық құрамына қарай бөлшектенуге келісім бере қоймағаны оның Федерация құру жайындағы ойын негіздей түсетін. Екіншіден, Орта Азия Федерациясында жүргізілмек әрбір шараны ол өлкедегі жекелеген ұлттардың тұрмысы мен ғұмыр кешу бітімі талаптарына жауап бере алатындай болуға тиіс деп есептеді. Бұл ретте ол Түркістан өлкесінің үш аймаққа – өзбек, қазақ, түрікмен облыстарына бөлінетінін айқын атап айтты. «Әрине, өлкедегі ұлттар мен ұлыстар санын кеміткені үшін Қожановты сынауға болады. Бірақ, С.Қожанов Түркістанның бірлігі туралы айта отырып, онда жекелеген ұлттардың бар екендігін жоққа шығарды, сөйтіп пантюркистік позицияда тұрды-мыс деген тезис біздің тарихи әдебиетте қалай пайда болып, орнығып кетті – мұның парқына жету мүмкін емес» – деп жазды зерттеуші Р.Раджапова. Дұрысында, Түркістан өлкесінің өзбек, қазақ, түрікмен облыстарына бөлінетіні жөніндегі пікір әуелде Р. Раджапова жазып отырғандай С.Қожановтан емес, РК(б)П Орталық Комитетінен, РК(б)П-ның көсемі, нөмірі бірінші большевик В.И. Лениннен шыққан болатын. Ол Түркістан өлкесіндегі болашақ мемлекеттік құрылымның Т.Рысқұлов пен Түрккомиссия ұсынған жобаларын қарай отырып, 1920 жылғы 13 маусымда партия-үкімет буындарына «Түркістанды Өзбекия, Киргизия (Қазақия) және Түрікменияға бөліп (этнографиялық және басқа да) карта жасау» жайында тапсырма берген-ді. Ал, РК(б)П Орталық Комитетінің Ресей Федерациясы мен Түркістан Республикасы арақатынасының негізгі принциптерін айқындаған 1920 жылғы 8 наурыздағы директивасында Түркістан «онда тұратын негізгі халықтар: түрікмендердің, өзбектердің, қазақтардың автономиялық республикасы» болып табылатындығы атап көрсетілген-ді. Содан, 1924 жылғы сәуірдің соңында, РК(б)П Орталық Комитетінің басшылық нұсқауларына сай, РК(б)П ОК ОАБ (Средазбюро) мен ТКП Орталық Комитетінің бірлескен мәжілісінде Орта Азияны бөлшектеп-межелеуді дайындайтын және жүргізетін комиссия мен оның үш әзірлік тобы – қазақ, өзбек және түрікмен комиссиялары құрылған еді.
Тәртіпке бекем коммунист-қайраткер С.Қожанов тек сол жоғарыдан түскен бағдар, қабылданған шешімді ғана қайталаған-тын. Артынан, межелеу шаруаларына тереңдей келе, ол өлкедегі ұлттардың бәрінің өздеріне тән мемлекеттік құрылымы болуын қолдады, өзі, әсіресе, тәжік автономиясының шаңырақ көтеруіне елеулі үлес қосты. Ал, оған жазықсыз айырым-таңбалар қайдан жапсырылды дегенді – тоталитаризм тарихшыларының саясат мүддесі үшін қол-дан жау сомдауға шебер болғандығымен ғана түсіндіруге болар. Мәселен, «Қазақ ССР тарихын» жазушылар межелеу мәселесі алғаш ірі көлемде көтерілген жиындағы С. Қожановтың сөзінен – өлкенің экономикалық бірлігі хақындағы ойларынан туындайтын, ғасырлар бойы қоян-қолтық аралас-құралас өмір сүріп келе жатқан түркі халықтарының іргесін «жасанды түрде ыдыратып-ажыратуға болмайды» дегенін ғана көзге іліп, С.Қожанов «пантүркистік қателерді» қайталады деп қорытқан болатын.
Территориялық комиссияның тамыз пленумы қарсаңында «Туркестанская правда» газеті «Ұлттық-мемлекеттік межелену» деген тақырыппен, «Туркестанская правда» анкетасы» айдары аясында, ондаған жауапты қызметкерді газет бетінде сөйлетті. Межелеу жұмыстарына қатысушылардың позициялары осы басылымдағы мақалаларында өте айқын қойылғандығы көзге ұрады. Олар бізге Терком пленумында болған ой-пікір шайқастарының өрістеген ауқымын аңдауға жақсы жәрдемдеседі. Аталған үнпарақта С. Қожанов алғашқылардың бірі болып сөйледі. Газеттің 1924 жылғы 15 тамыздағы нөмірінде, межелеу мәселесіне партияның мақтанышты ұлт саясаты рухында тоқталған мақаласына РК(б)П Орталық Комитетінің хатшысы ретінде қол қойған РК(б)П ОК ОАБ төрағасы Исаак Абрамович Зеленскиймен қатар, Турцик төрағасының орынбасары ретінде қол қойған Средазбюро мүшесі, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Сұлтанбек Қожановтың мақаласы басылған. Мұнда Сұлтанбек: «Орта Азияны ұлттық белгілері бойынша межелеу – кеңес өкіметінің азаттық әперуші ұлт саясатының ло-гикалық жалғасы және практикалық тереңдетілуі болып отыр», – деп ой түйеді. Межелеудің қажеттігін «жекелеген ұлттық топтардың ұлт-аралық ерікті байланысын, еркін бірлігі мен достық қызметтестігін қамтамасыз ететін шара» ретінде дәйектеп бағалайды. Сосын, «РКП ХІІ съезінің тұжырымы бойынша»– тузем еңбекшілерінің азаттық қозғалысы шет аймақтағы орыс отаршылдығымен күрес барысында ішкі қайшылыққа шалынысуы ықтималдығын, ал, ішкі қайшылық – күштірек ұлттың әлсіздеу ұлттарға қарсы бағытталған шабуылдаушы ұлтшылдығы (шовинизм) түрінде көрініс беретінін еске салады. Ел-жұртты ұлттық-аумақтық жіктері бойынша межелеу – жергілікті шовинизммен күрестің ең радикалды түрі дейді ол. Бұл күрес сонымен бірге, С. Қожановтың ойынша, әр ұлттың еркін түрде мәдени және экономикалық жағынан дамуын қамтамасыз етуінің шарты болып табылады.
Байқалып тұрғандай, саяси қай-раткер С.Қожанов РК(б)П-ның тұжырымдамаларын терең ұғынып, өз пайымдарына шығармашылықпен басшылыққа алған. С. Қожанов «кеңес өкіметінің азаттық әперуші ұлт саясаты» партиялық съездің қарарларын байыбына бармай теріс қолданатындар тарапынан орта жолда бұрмаланбай, түпкі көзделген адал да әділ мақсатына жеткізілуі үшін күресетінін осы мақаласымен де айқын көрсеткен. Компартия алға тартқан межелену іспетті күрмеуі күрделі мәселені шешуде кездесер қиындықтардың – қилы «ауытқушылықтар, елігулер, ой қақтығыстарының» шешімін табарына ол сенімді. Бірақ, сонымен қатар, оп-оңай шешіле салмайтын мәселе де бар. Осы ретте, Түркістан Республикасын басқарушылардың бірі болып отырған бұл коммунист-қазақ: өлкені ұлттық-мемлекеттік құрылымдарға бөлшектеуде кездесер «жалғыз ғана ірі қиыншылық – қазақтардың Орта Азиядағы жағдайы туралы мәселе болуы ықтимал», – деген шүбәсін ортаға салады. С. Қожановтың бұлай дүдәмалдануына негіз бар, себебі, «Орта Азия қазақтары мен жалпы Қазақия жайындағы мәселе әлі күнге дейін нақты ойластырылмаған». Ол Средазбюро төрағасының орынбасары О. Карклиннің ой-пікірлерінде қазақ аудандары қазіргі Қазақияға өтеді дегеннен өзге ештеңе жоқтығына назар аударады. Өлкедегі жер-суы 750 мың шаршы шақырым шамасындағы аумақты алып жатқан, екі жарым миллиондық тұрғындардың 70 пайызын құрайтын Орта Азия қазақтарының мәселесін оның мұндай жартыкеш тезистері ешқандай да шешпейтінін айтады.Одан әрі ол: «Саны жағынан аса зор осы халықтың мемлекеттік құрылысқа қатысуын қамтамасыз етудің неғұрлым нақты шарттарын және Кирреспубликаның (Қазреспубликаның) мемлекеттік единица ретінде Орта Азиядағы жағдайын анықтау» қажет дей отырып, мақаласында жаңадан құрылып жатқан республикалардың өзара қарым-қатынастарының жарқын келешегіне тоқталады. Сенімді болашақты ортаазиялық ауқымдағы, және әрине, Қазақиямен бірге, өзара келісіліп жүзеге асырылатын қызметтестік пен тығыз экономикалық байланыстарда деп білетінін түсіндіреді. Келешектегі дамудың дұрыс жолы – «әуелі экономикалық бірлестік, ал, содан соң, бәлкім, мемлекеттік федерацияландыру» болатынын дәлелдейді. Және бұл сатылар, Түркатком төрағасы орынбасарының сенімі бойынша, межеленудің мәні мен нәтижесін ешқандай да кемітпейді, керісінше, межелеуді табысты аяқтаудың ақылға қонымды көрінісі, тарихи акті болады. Мақаласының түйінді бір жерінде ол: «Әзірге мынандай ой айқын – өзбектер мен түрікмендердің тәуелсіз республикалары жарияланады», – дей отырып, өз ұлтының да өмірге жолдама алуға тиіс құқығын былайша жайып салады: «Жалпы саны бес миллионнан асатын, оның екі миллиондайы межелену үстіндегі Түркістанда тұратын қазақтар тап сондай құрметке ылайық және тап сондай жағдайды қалайды». Сонымен, алты миллиондық қалың қазақ оңтүстік өлкедегі бөлігінің миллионнан астамын революцияның алғашқы жылында большевиктік геноцид құрбандығы етсе де, бұрынғысынша, түркі халықтары ішіндегі ең саны көптігімен (мекендеген аумағының орасан алыптығы өз алдына) – өзбектер мен түрікмендер секілді тәуелсіз республика тәжін киюден үміттенеді. Және онысы, қазақтың ұлттық мемлекеттігін орнықтыру жолындағы күрестің алғы шебіндегі С. Қожановтың жүрекжарды пікірінше – орынды да әділ ұмтылыс. Алайда, Түркістан халықтары болашақ «халықтар әкесі» сызған жо-бамен бөлшектеніп жатқан. Сондықтан, Бас хатшы И. Сталиннің өзі басқарып-бағыттап отырған науқанда оның батасын алмаған істің оңға басуы неғайбыл-ды. Сталиннің ойынша, партияның сара жолынан ауытқуға жол беретін уклоншылар орталықтағы және «шеткері аймақтардағы» жағдайлардың бірдей емес екенін ұқпайды, тіпті, шығыстың кеңес республикаларының өздері біркелкі емес екенін білгісі келмейді: «бұлардың кейбіреулері, мысалы Грузия мен Армения ұлттық қалыптасудың жоғары сатысында тұрғанын, …екіншілері, мысалы Чечен мен Кабардин, ұлттық қалыптасудың төменгі сатысында тұрғанын, …үшіншілері, мысалы Киргизия (Қазақия), осы екі шеткеріліктің арасында орта қалыпта тұрғанын түсінбейді». Демек, осынау сталиндік классификация бойынша «ұлттық қалыптасудың орта сатысында тұрған» Қазақияға одақтық мәртебе әперем деп «жергілікті ерекшеліктерді асыра көрсету» арқылы ауытқушылыққа ұрынушылар танытатын «уклонның нәтижесі социализмнен қол үзу және кәдімгі буржуазиялық ұлтшылдарға айналып азғындау болады». Ондайға партия жол бермейді, сондықтан да, әлгіндей ерекшеліктерді елемеушілер де, керісінше, өз ұлттарының мұқтажын аспанға көтеріп асыра дабыралатушылар да Сталиннің «дана» басшылығымен, басқаша айтқанда қитұрқы саясатымен қалыпқа түсіріліп отырылатын болады. Алайда, оны әзірге біліп жатқан ұлт қайраткерлері жоқ. Олар партияның ашық та түсінікті қағидаларын, ұлттардың дамуына мүмкіндік беруді көздейтін шешімдерін басшылыққа алып, өлкедегі ұлттық-мемлекеттік межелеп-жіктеуді ел-жұртқа шынымен пайдалы етіп жасауға тырысады.
Орта Азияны ұлттық шектерге бөліп-межелеуді әзірлеу науқаны қазақ қайраткерлерінің халықты шынайы ұлттық мемлекеттілікке жеткізу жолындағы саяси күресінің маңызды белесіне айналды. Бұл шақта олар тек қазақтың емес, өлкені мекендейтін басқа да ел-жұрттардың тағдырына алаңдайтынын білдірді. Мәселені тиісті ресми жиындарда, баспасөздегі мақалаларында әр қырынан қозғап, кең де терең білім, парасат, мемлекет қайраткеріне ылайық кемелдік көрсетті. Осы істердің бел ортасында ТКП Орталық Комитетінің бір топ белсенді қызметкерлері жүрген еді. Олар Орта Азиядағы қазақтар проблемасын жете ойластырып шешу жағында болды. Қазақ республикасына Түркістан өлкесінің қазақ аудандарын қосуды түбегейлі жүзеге асыруды көздеді. Ташкент қаласы, Мырзашөл және Ташкент үйездері де қазақстандық аймақтар қатарында болуға тиістігін экономикалық және мәдени тұрғыдан дәлелдеді. Сондай-ақ, жалпы мемлекеттіктің іргесін нығайту мүддесімен, өлкенің өткен тарихымен дәйектеді. Күллі талқылауларда олар терең зерде, білікті парасат танытты.
Орта Азияны межелеп-жіктеудің қызу айтыс-тартысты мәжілістеріндегі С.Қожанов бастаған қазақ өкілдерінің позициясы Кирреспублика тарапынан қолдау тауып тұрған-ды. С.Қожанов РК(б)П ОКОАБ мүшесі ретінде Орынборға бірнеше мәрте келіп, межелену проблемаларын көтеріп отырды. Бөлшектеніп жатқан Бұхара Республикасындағы қазақтардың өкілдерін ертіп әкеліп, олардың Өзбек Республикасы құрамында автономиялық бірлік (единица) құру жайындағы тілегін РК(б)П Қазақ обкомына жеткізуіне қамқор болды. Сондай-ақ, жіктелуге түскен Хорезм қарақалпақтарының Амудариядағы қандастарымен бірге автономиялық облыс құрып, Қазақ Республикасына қосылмақ өтініштерін білдірген өкілдерді де Орынборға С.Қожанов бастап келген еді. Барлық ретте де түркістандық қайраткер С.Қожановтың қызметі оң нәтижеге жетіп отырды. Ол РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің екінші пленумында (26-28.09.1924) межелеу жайында қосымша баяндама жасады (пленум Орынборда өтті. Бұл – тоталитаризм жылдарында негізгі шешімдері бүркеулі қалдырылып, яки бұрмалап түсіндіріліп келген форум-тын. Қарарларының толық мәтіні 1931 жылы Ж. Садуақасовтың басшылығымен партиялық құжаттар жинағында шыққан. Бірақ олардың көпшілігі орындалмады). «Қазақстан Компартиясының тарихы мәселелерінің» 1971 жылғы шығарылымында: «1924 жылғы 26-28 қыркүйекте болған РК(б)П Киробкомы (Қазобкомы) пленумында Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу және Түркістанның қазақ облыстарын ҚАКСР-ге қосу туралы мәселеге айрықша көңіл бөлінді. Пленум Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өміріндегі осы тарихи актіні құптады», – деп жазылды. Пленум обком бюросының есебі мен Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы баяндамалар бойынша кеңейтілген қарарлар қабылдаған-ды. Онда қазақ елінің мемлекеттігін нығайтуды көздейтін қағидалар тұжырымдалды. Сонымен бірге: «Қазақ өкілдері экономика мәселелері бойынша енгізген айрықша пікір расталсын», – деген сөздермен, ұлттық межелеуге байланысты қабылданған қарардың 6-шы тармағында, түркістандық қайраткерлердің Средазбюро Террито-риялық комиссиясындағы пози-циясын, олардың шаруашылық тиімділік тұрғысынан білдірген ерекше көзқарасын Киробкомның құптайтыны арнайы нақтыланды. Осы орайда Түркреспубликадағы белсенді қазақ азаматтарының аталған партиялық шешіммен Қазреспублика қолдауына ие болған көзқарастарын қарастыру ләзім.
Оңтүстіктегі қазақ аймақтарын Орынборда шаңырақ көтерген Алаш автономиясына қосуды С. Қожанов пен өзге де ұлттық саяси қайраткерлер әуелде 1918 жылдың қаңтарында Түркістан қаласында өткен съезде: «Алашорда өз алдына автономия иғлан қылып болып, Түркістан автономиясына союз (одақ) болса, Сырдария қазақ-қырғыздары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіруге қарар қылады», – деп, жалпы түркі бірлігінен ажырамау шартымен қолдаған-ды. Содан кейін, алғашқы ұлт лидерлері сахнадан кетіріліп, тарих доңғалағы большевиктер ырқымен айналды. Сөйтіп, 1918 жылы – Советтік Түркістан автономиясы,1920 жылы Советтік Қазақ автономиясы шаңырақ көтерді. Түркі тұтастығын ыдыратуға мүдделі большевизм 1920 жылы Т. Рысқұлов делегациясының ұсынысын кері қақты. Содан, ұлт коммунистері оңтүстіктегі қазақ жер-суын Түркреспубликадан бөліп алып, Кирреспубликаға біріктіруді кеңес үкіметінің алдына жылма-жыл қойып отырған. Сол себепті, РК(б)П ОК Ұйымдастыру бюросының 1924 жылғы 31 қаңтардағы шешіміне сәйкес, Түркістан, Қазақстан, Бұхара мен Хорезм партия-кеңес ұйымдарында межелену мәселесі талқылана бастағанда, белді ұлттық қызметкерлердің бәрі де оны қолдады. Қолдау сөздерінде, қанша коммунист болғанмен, жәй ғана қанағаттанушылықпен шектелмей, алға тартылған ұлттық ірге бөлудің оң-солын, артықшылық-кемістігін, жіктеудің қалай жүргені жөн болмағын терең пайымдауға тырысты.
«Туркестанская правда» газеті 1924 жылғы 17 тамызда «Ұлттық-мемлекеттік межелеу» анкета-айдарымен кезекті пікір білдірушілерге мінбер берді. Сонда ТКП Орталық Комитетінің мүшесі ретінде қол қойған Санжар Асфендиаров (Аспандиаров) өз мақаласында: «Ұлттық тұрғыда межелеп-жіктеу – күштілеу халық езгісіне түсіп қалмауы үшін, дамуы кенжелеу халықтың мәдени және экономикалық өркендеу мүмкіндігі қамтамасыз етілетіндей тәртіппен жүргізілуге тиіс», – деген ой айтты. Өмір сүру салттарының заманға бейімделуі мен шаруашылық-қожалық тірліктерінің өсу дәрежелері әрқилы халықтардың болашақ тағдырына алаңдаушылығын осылай түйіндеп, межелендіру міндеттерін тарихпен байланыстырды. Орта Азия тари-хында, ежелгі ғасырлардан бастап жаңа заманға дейін, көшпенділер жер өңдеушілермен күрес жүргізіп келгенін айтты. Содан, «Түркістанды орыстар жаулап алар сәт қарсаңында, екі ұлт қалыптасты: а) Бұхара, Самарқан және Ферғана аймағында біржолата отырықшыланған, мұсылмандық пен парсы мәдениетінің күшті ықпалына түскен өзбектер мен б) бір бөлігі отырықшыланған (Ташкент үйезі), енді бір бөлігі жартылай көшпенді және көшпенді күйі қалған қазақтар». Бұдан бергі мезгілдерде қазақтардың отырықшыға айналу процесі үздіксіз жүріп жатқанын, олар қоныстанған жерлердің неғұрлым мәдениетті, экономикалық қуатты ауданы – Ташкент алқабы екенін дәйектеді. Одан әрі С. Аспандиаров жаппай отырықшы болуға бет алу және ұлттық қалыптасу процесін бастан кешіп келе жатқан қазақтарға арнап мәдени территория беру мәселесінің елді нақты жіктеп-межелендіру кезіндегі аса мұқият атқарылуға тиіс негізгі де жауапты жұмыс екенін еске салды. Бұл территория, ғалым-қайраткердің пікірінше, олардың экономикалық және мәдени түрғыда өркендейтін орталығы болуға керек. Қазақтардың негізгі бөлігі және неғұрлым отырықшы боп қоныстанған көпшілігі Сырдария облысында тұрады. Сырдария облысындағы Ташкент алқабы (Шыршық пен Ангрен өзендерінің шұрайлы аңғары) – мал-жанымен күллі аймақтың отын жеп, суын ішіп көшіп-конып жүрген қазақ халқының әрдайым иек артқан экономикалық тартылыс орталығы. Осындай дәйегімен ол өткен замандарда қазақтардың басқа халықтармен (өзбектермен, қалмақтармен және өзгелермен) Ташкентті билеу үшін жанкешті күрес жүргізгенін» түсіндіреді. Сосын, Ташкенттен өзге қазақ үшін маңызды қаланы – «болашақ қазақ мемлекеттігінің ұйытқы-өзегі боларлық, барлық жағдайы бар басқа орталықты табу қиын» болмағын алға тартады. С. Аспандиаров та, С. Қожанов секілді, «жаңа ұлттық республикалардың… болашақ жұмысы ең тығыз бірлікте және қызметтестікте жүруі тиіс, – деп санайды. – Жаңа республикалар… өз шаруашылық жүмыстарында сөз жоқ бірігулері керек. Орта Азия – экономикалық тұрғыда бөлінбейтін тұтастық. Түркістанның 2 млн. халықты құрап отырған қазақ бөлігінің Орта Азияның қалған жағымен экономикалық байланысын бөліп тастау – тиімсіз болып табылады».
Түркреспублика экономикалық кеңесінің төрағасы Н.А. Паскуцкий де қазақ халқының тең жартысы мекендеген Орта Азияның біртұтас экономикалық бірлестікте болуы жағында еді. Алайда, Орта Азияның қазақ бөлігінің қалған жағымен экономикалық байланысын бөліп тастауды орталық көздейтін. Себебі бұл байланысты үзу – қазақтың ұлттық мүддесі тұрғысынан тиімсіз болғанмен, орталықтың даралап билік жүргізуі үшін әбден тиімді де қолайлы еді. Мұндағы саяси тіршілікке сын көзін қадап отырған М. Шоқайдың түрлі мысалмен дәлелдеп қорытқанындай, большевизм «Түркістанда ұлттық тұтастық пен ұлттық мемлекеттің құрылуынан өлердей қорқады. Сондықтан, қайткен күнде де мұндай түтастықты болдырмауға тырысады». Тұтастықты бұзудың, жалпытүркілік тұтастықты сезіну беретін қуатты әлсіретудің төте жолы – Орта Азиядан алдымен Қазақстанды оның ортаазиялық бөлігімен қоса бір бөліп алу, сөйтіп бауырлас халықтардан қазақтарды ажыратып-алшақтатып жіберу еді.
Межелеу жұмыстарын әзірлеу қарқын алар 1924 жылғы наурызда, Мұхамеджан Тынышбаев Ташкент алқабының тарихына байланысты арнайы тарихи анықтама жазды. «Тарихи анықтама және Ташкент үйезі жергілікті халқының тайпалық құрамы» деп аталған сонау сындарлы зерттеуінде ол Түркістан өлкесінің, оның ішінде Шыршық пен Ангрен өзендері алқаптарының шежіресін Иса пайғамбардың өмірге келуінен әлденеше ғасыр әрідегі көне эпостарда ұшырасатын деректерден бермен қарай жүйелеп таратады. Халықтардың ұлы қоныс аудару кезеңіне, жаппай сапырылысқан көші-қон мен оның себептеріне, түркі қағанаттарына, олардан бергі белестерге шолу жасайды. Шыңғыс хан империясының құрылуына байланысты Түркістанда орын алған этносаяси оқиғалар өлкедегі этникалық жағдайды жаңаша қалыптастырып, этникалық араласуларды шапшаңдатқаны белгілі. М. Тынышбаев сол процестерді жүйелеп тарата келе, аймақ пен оның басты қаласының тарихын әңгімелейді.
ХІV ғасырдың басында Түркістанда «соңғы этнографиялық төңкеріс» болып, Жошы Ұлысына жататын көшпенді тайпалар, бірқатар қанды қақтығыстар нәтижесінде, Түркістанның отырықшы жұрты мен Жетісудағы Шағатайға тән көшпенділерін жеңеді. Содан, «Сыр-дариядан батысқа қарай өзбектер, шығысқа қарай – қазақтар орнығады. Сонау кезде бұл халықтар арасында этнографиялық айырмашылықтар бола қоймаған, өйткені, өзбектер де, қазақтар да Жошы Ұлысының бірдей тайпаларынан құралған-ды, сондай-ақ, өзбектер мен қазақтар өздеріне – оң қанатымен Түркістанды, сол қанатымен Жетісуды иемденіп алған халық ретінде қарайтын». Дегенмен, қазақ және өзбек хандары өзара жауласуын доғара қоймаған-ды. Өзбек мемлекетін 1500 жылы құрған, «Дешті-Қыпшақ жеріне өзінің ата-бабаларының жері деп қарап, оған қазақтардың орнығып алмауын әрдайым ойынан шығармаған» Мұхаммед Шайбани хан қазақ хандығына қарсы бір-неше жорық жасайды. Әйтсе де, шапқыншылықтарында жекелеген жеңістерге жеткенімен, «қазақ хан-дығын біржола жеңе алмаған еді». Керісінше, өлкеде қазақ хандарының дәуірлеген кездері болған. «Қазақтар 940-шы жылға (хиджра бойынша) дейінгі уақыт ішінде (1533-1534 жж.) Өзбекстанның басым бөлігіне билік жүргізді».
Шайбани ұрпақтары мен қазақ хандары арасында Ташкент үшін шайқастар ХVІ ғасыр бойы үздік-создық, толассыз, кезек жеңіспен жалғаса береді. Ақыры, қысқа мерзімде өлкенің Ташкент, Ферғана, Самарқан, Бұхара секілді көрнекті шаһарларын жаулап алған Тәуекел хан заманынан бастап, екі жүз жыл (1598-1798) бойы Ташкент қазақ билігінде болды. Әйгілі «Жеті Жарғы» атты заңдар жиынтығын шығарушы атақты Тәуке хан тұсында бұл өңір едәуір дәурендеді. Ол, Тәуке – «үш орда ханы (Үлкен Орда – Ұлы жүз – ханы да сол) әдетте Ташкент маңында, ал Орта және Кіші Ордалардың (жүздердің) уделдік хандары Түркістан маңында тұратын. Ангрен өзенінің жағасындағы Күлтөбе деген жерде, Тәуке ханның «Ханабад» ордасы жанында, жыл сайын күзде қазақ халқының атақты заң шығарушылары бір-бір жарым айға бас қосатын; сөйтіп, осында аса маңызды мемлекеттік және қоғамдық істер шешімін табатын». Сонау ХVII ғасырдың соңы, ХVIIІ ғасырдың басында, Тәуке хан тұсында, хан ордасы жанында жылына бір мәрте, айлап өтіп тұрған осы құрылтайлар халық жадында – «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген, қанатты сөзге айналған тіркес арқылы сақталып қалды. Ұлттық зерде төріне осынша терең ұялаған Ташкент үйезінің қазақ үлесіне межеленуі тарихи әділ шара болмағына сөз жоқ-ты. Өңірдің қазақ халқының тыныс-тіршілігімен тығыз байланысып жатқандығы ата-баба бейіттерінен де айқын көрінетін. Ташкенттің түбінде Ұлы жүздің аса әйгілі төбе биі болған атақты Төле би кесенесі бой түзеген. Одан үш-төрт көш әрідегі Нұратау жотасында – Кіші жүздің аса әйгілі төбе биі болған атақты Әйтеке би жатыр. Ташкент түбіндегі қасиетті баба мазарының алды басына тәу ете барған қазақтардан үзілмейді. Кезінде Төле бидің көп түйесі қала іргесінен басталатын Қарақамыс деген батпақты алқапта жайылатын. Болашақта ел басқаратын айбынды Абылай хан он алты жасында сол жерде Төле бидің түйесін баққан.
Ташкент үйезінің өткен замандағы қазақ мемлекеттігі тарихында аса зор орын алғандығына мысал ретінде М.Тынышбаев мынандай да ірі саяси оқиға жайында мәлімет келтіреді: «Қазақтардың «Алты-алаш» (алты алаш одағы) атауымен белгілі 6 бөліктен тұратын федерациясы дәл осы Тәуке хан дәуірінде жүзеге асырылғандығын көрсететін оң деректер бар, – деп жазды ол межелеуге орай әзірлеген анықтамасында. – Федерацияны құрайтындар: 1. Басында Төле би тұрған Ұлы жүз; 2. Қазыбек бимен – Орта жүз; 3. Әйтеке бимен – Кіші жүз; 4. Қырғыздар (кара-киргиз) – Қоқым бимен; 5. Қарақалпақтар – Сасық бимен; 6. Қият, қатаған, үз тобы және басқалар». Бастан кешкен қилы қасіреттерге қарамастан, сол федерация құрамындағы халықтар өлкеде де, үйезде де өзге ел-жұртпен шаруашылық ыңғайына қарай алыс-беріс жасап, сауда-саттық, тауар алмасу ретімен қоян-қолтық араласып, өмір сүріп келе жатқан-ды. Межелеп ірге ажыратуда сондай тіршілік қамының келешегін ойламауға болмайтын еді. Отырықшыларының қатары аз, демек жер өңдеуді емес, негізінен көшпенді және жартылай көшпенді өмір салтымен мал бағуды кәсіп еткен қазақтар үшін оның маңызы ерекше болатын.
«Туркестанская правда» газетінің бетінде Түркреспублика Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы Сүлеймен Есқараев қалыптасқан экономикалық байланыстарға, өлкедегі барша тұрғындарға ортақ өзендер Сыр мен Аму суын пайдалану мәселесіне, күллі елдің қан тамыры іспетті теміржол қатынастарына тоқталады. «Өзбек шаруашылығы, айталық, қазақ шаруашылығымен немесе керісінше, – қатыспай, дербес, оқшауланып өр-кендей алмайтынын» айтады. Соған қарамастан, «қазірдің өзінде Орта Азия республикаларынан Кирреспубликаны оқшаулау жөнінде дауыстар көтеріліп жатқандықтан», ондай «онсыз да үлесінен айрылған қазақтардың диқандық және малшаруашылық тірліктерін толығымен күйзелтіп-күйретуге апаратын» әре-кеттерге партия жол бермес деген үміт-сенімін білдіреді. «Орта Азия республикаларының экономикалық бірлестігі қажеттігіне» ол, облыс басшысы ретінде, жан-жақты дәйектер келтіреді. «Мұнсыз Орта Азияның экономикалық дамуы шабандайды, – дейді. – Біздің пікірімізді басқа ұлттық (Закавказье, Оңтүстік-Шығыс) республикаларының құрылу-жұмыс істеу тәжірибесі мейлінше айқынырақ растайды». Мақаласында, С.Есқараев та «тарихи қалыптасқан эко-номикалық тұтастық болып табылатын Сырдария облысы – қазақ мемлекеттігінің кіндігі болуға тиіс» деп тұжырымдайды.
Қазақтардың жаппай иек артып көз тігетін, тұрмыс-тіршілігінде икемделіп тартылатын орталығы мәселесіне «Тур-кестанская правда» анкетасына орай жазған өз мақаласында – экономиканы «қалпына келтіру кезеңінде Ташкентте шығып тұрған» және С. Қожановтың «идеялық ықпалында болған» «Ақ жол» газетінің жауапты редакторы Иса Тоқтыбаев та тоқталады. Ол: «Қазіргі Кирреспублика құрамында қазақ халқы тұратын ірі елді мекендер жоқ екенін ұмытуға болмайды», – деп, мақаласын сол ойын дәйектейтін деректермен өрнектейді. Сосын: «…Бұл цифрлар қазақ орталығы қайда ауыстырылуға тиістігін айқын көрсетеді, – деп түйеді. – Қазақ еңбекшілерінің бүтін-сау мәйек-өзегін құруға тек Сырдария мен Жетісу облыстары ғана үлкен мүмкіндік береді». Бұл сөздерді автордың үлкен сеніммен жазғанына, ұлттарға революция азаттық әперді, енді, компартияның басшылығымен оның дамуына жағдай жасайды деп иланғандықтан айтып отырғанына күмән жоқ. Осы орайда, большевизмнің мұрагер-тарихшыларының, қайта құру саясаты дәуірлеген заманның өзінде, ақиқаттан алшақ, бұрмалаулы жалаларын жандандырумен шұғылданғанын өкі-нішпен еске ала кетуге тура келеді. Олар интернационализм жалауымен бүркемеленген көне ұлыдержавалық пайыммен былай жазғырады: «Ақ жол» газеті, ұлтаралық шиеленісті ұлғайтуға шағыстырып айдап сала отырып, өзінің 1924 жылғы 24 қазандағы басмақаласында: «Қазақ республикасы өзінің төрт жылдық өмірінде шын мәніндегі қазақ мемлекеті бола алмады. Тұрғындардың көпшілігі – орыс отаршылдары. Орталығы – орыс туын тіккен Орынбор қаласы», – деп жазды. Газеттің бұл ойдан шыға-рылған жорамалдары Қожанов… кө-терген идеялардың жаңғырығы болып табылады». Бұл сөздер – КОКП-ның қайта құру саясаты жарияланғанына екі жыл толғанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтының ғалымдары В.К. Григорьев, Н.Р. Джагфаров, В.П. Осипов жазған еңбектен.
Өтірікті шындай етіп, қолдан дұш-пан бейнесін жасап қалыптастыруда алдарына жан салмаған партия-кеңес тарихшылары сол мақсаттары жолында – болған оқиғаларды да, тарихи құжаттарды да не бұрмалай салуға, не мүлдем елемеуге әбден машықтанған-ды. Жоғарыда келтірілген үзінді – соның бір мысалы. Олар «Қожанов көтерген идеялардың жаңғырығын» «әшкерелеуде» әдейілеп ескерусіз қалдырған бір құжат бар. Ол мынау. РК(б)П Қазақ обкомының 1924 жылғы қыркүйек пленумы «Ақ жолдағы» аталған бас мақала жарық көрерден бір ай бұрын былай деп қаулы алған еді: «Біріккен ҚАКСР-дің орталығы – өзінің географиялық орналасуымен және шылғи орыс тұрғындары ортасында тұрғандығымен қазақ астанасына сәйкес келмейтіндіктен, бұдан әрі де Орынбор қаласында қала беруі мүлдем мүмкін емес деп есептелсін». Демек, «Ақ жолдың» басмақаласы партиялық шешімді ғана қайталап айтып, ұлттық мемлекеттіліктің талаптары тұрғысында оқырмандарға түсіндірме жасаған. Тағы аз уақыт өткенде бұл мәселе 1925 жылғы сәуірде Ақмешітте өткен Бесінші Кеңестер съезіндегі үкімет баяндамасында да: «Орынбор қаласы… Киргизияның (Қазақияның) тек солтүстік-батыс бөлігінің және оның түгелге жуық орыстар қоныстанған бөлігінің… орталығы ретінде, өзінің қазақ астанасы етіп тағайындалған мақсатына жауап бермеді», – деп атап көрсетілген-ді. Алайда, ондаған жылдарғы тоталитаризм қамыты сомдаған құлдық сана жариялылық, қайта құру дәуірінің өзінде ой азаттығын бірден қабылдай қоймаған: партия тарихшыларына күрделі шындықты әділ талдаудан гөрі, «партияның сара жолына» залал жасаған «ұлтшылдардың дұшпандығын» қолдан қиыстырып «әшкерелеу» әлі де маңызды болып қала берген…
Ташкенттегі «Туркестанская правда» анкетасына» Орынбордан Қазатком төрағасы Сейтқали Меңдешев те қатысты. Ол мақаласында межеленіп-бөлініп жатқан аймақтардың қазақ мемлекеттігі үшін маңызын, сондай-ақ, Орта Азиядағы жаңа республикалармен экономикалық байланыстарды тиісінше келіссөздер жүргізіп, тікелей келісімдер жасап дамытуға болатынын абаймен айтты. Сосын: «Біз Қазақияның орталығы, басқа қаланы осы мақсатқа ыңғайлап алғанға дейін, Өзбекстанға өтіп бара жатқан Ташкентте уақытша болуы мәселесін көтердік», – деп бір сырдың ұшығын шығарады. Межелеу мәселесін алдын ала қараған РК(б)П ОК Саяси Бюросының 1924 жылғы 12 маусымдағы шешіміне көнбей өрбіген түркістандық дау-дамайларда таразы басы қайда ауып бара жатқандығын шамалағандықтан да, ол осындай сақ сөздер айтқан тәрізді. Әйткенмен оның да – С.Қожановтың РК(б)П ОК Орта Азия Бюросының ұлттық-аумақтық межелеу жөніндегі Территориялық комиссиясында қолқасын суыра айтқан: «Егер сіздер басқа ұлттардың да шамалап та болса жағдайластырылуы туралы жандарыңыз ашыңқырап ойлайтын болсаңыздар, онда Ташкент Киргиз (Қазақ) республикасының орталығы болуға тиіс», – дегеніне сабақтастығы хақ.
Түркреспублика совнаркомы төрағасының орынбасары Абылай Серғазиев «Қазақ Кеңестік Социалистік республикасы және Орта Азияны ұлттық межелеу» деген мақаласында өлкедегі межелеп-ажыратуға болмайтын экономикалық байланыстарды мол цифрлы мәліметтер келтіру арқылы суреттеп дәйектейді. Ең қажет шара ретінде: «…табиғи-одақтас осы республикалардың федерациялануының негізгі ережелерін дайындау керек», – деген пікір қорытады.
РК(б)П ОК ОАБ құрған Межелеу жөніндегі территориялық комиссия мен оның секцияларында, ұлттық дайындық комиссияларында бірнеше ай орын алған қызу саяси айтыстар мен пікірталастар ауқымын осы мақалаларда тұжырымдалған позициялар айқын аңғартады. Мәселені төте де өткір қойып, көтерген ойын табандылықпен дәлелдеуден тартынбауы салдарынан – әсіре коммунистер мен жаңа тұрпатты отаршылдар жапсырған саяси айырым-белгіден әлі толық тазартылып болмаған басты күрескер Сұлтанбек Қожановтың көзқарасын, бұдан ілгеріде атап айтқанымыздай, Р.Раджапова жап-жақсы талдаған. Ол Қожановтың Түркатком төрағасының орынбасары ретінде «Түркістан» газетіне 1924 жылғы 18 тамызда жариялаған «Орта Азияны ұлттық республикаларға жіктеп-бөлу туралы әңгіме» атты мақаласын арнайы қарастырады.«Туркестанская правда» газетінің анкетасына орай берген мақаласынан үш күн өткен соң «Түркістанда» шыққан С.Қожановтың бұл жарияланымына зерттеуші мынандай түсіндірме жасайды: «Ол Орта Азия мен Қазақстан қазақтарының мәселесі шешілмегендігіне назар аударды. Қазақ аудандарын Қазақ республикасына қосу жөніндегі Карклиннің ұсынысын қолдап, С.Қожанов, бірақ, осы республиканың саяси, құқықтық, экономикалық, мәдени жағдайын айқындауды маңыздырақ деп есептеді. Құрылып жатқан респуб-ликалардың келешек жолдарын ай-қындау орайында, бұлардың алдымен экономикалық бірлестік, содан соң, Федерация құру негізінде тұтастанып-бірігуіне ол ерекше рөл бөліп маңыз беруін қоймай жалғастыра берді. Осы біріктіру процестері, оның ойынша, ұлттық-аумақтық бөлініс мәнін төмендете алмайтын, оның үстіне, олар жаңа құрылған республикалар тарихында оң рөл атқаруға тиіс-тін: себебі болашақта бұлар толық құқықты мүшелері болып, кеңес республикалары Одағына енеді. Сөйтіп, Кеңестердің ұлт саясатының пәрменді, практикалық сипатын куәландыратын болады». Мұндай пайым, жоғарыдағы ой-пікірлерін шолудан байқалатындай, С.Қожановтың үзеңгілестерінің баршасына тән еді. Осылай, большевизм Орта Азияны ұлттық белгілері бойынша жіктеп, ғасырлар бойы араласып отырған халықтарды бір-бірінен оқшаулау саясатын жүргізгенде, қазақ қайраткерлері ұлттық шаңырақ түтінін бір-бірінен оқшауланбай, өзара қарым-қатынасты өрбіте отырып түтету жайындағы көзқарастарында кемел ортақтық таныта білді.
Осы жерде түркі халықтарының тұтастығын күйттеуші ұлы азамат, «өзі ішінде жүріп білім алған орыс өмірін тамаша түсінетін, сай-сүйегіне шейін Түркістандық, сонымен бірге аса жоғары білімдар Еуропалық» ретінде батыс демократиясына, орыс эмиграциясына танымал болған М.Шоқайдың мына пікірін еске алу жөн: «Түркістандағы ұлттық коммунистердің ұлттық сапқа өтуіне біздің насихатымыздың ықпалы шамалы болғанын мойындаймыз. Оларды ұлттық сапқа тұрғызған – Кеңес үкіметінің сатқындық саясаты. Олар Лениннің төңкерісшіл… кезіндегі «ұлттардың өз тағдырын өзі белгілеуі» туралы айтқандарына кейінгілердің түкіргенін, кеңестік үкімет орыстардың орыс емес халықтарға үстемдігін қамтамасыз етуге қызмет етіп отыр-ғанын көрген соң оянып, ұлттық сапқа өткендер».Өз тарапымыздан бұл пікірге қосарымыз: дегенмен, ұлт коммунистерін ұлт мүддесі үшін, ұлттық мемлекеттілік үшін белсенді күреске қосқан қисын ретінде – олардың жүректеріне терең ұялаған Алаштың елдік идеясы сол шақтағы билеуші партияның қарарларында ұлт мәселесіне орай тұжырымдалған әдемі де әділ ұрандарға үйлесе кеткендіктен де, межелеудің жариялы мақсатына құлай сенгендіктерін атау жөн. Ал, сенген өкіметінің жасаған «сатқындық саясаты» – тамыры тереңде жатқан озбыр отаршылдық пен орыс шовинизмі – оларды белсенді әрекет майданынан шеттетті. Дұрысында, ұлттық мемлекеттік құрылым құруды көздеген ұлт коммунистері біртіндеп кеңес платформасындағы белсенді күрес майданынан ығыстырылды. Ал, М.Шоқайдың «ұлттық сапқа өткендер» дейтін анықтамасына біз зерттеп отырған кезеңде – кеңестік арамза іс-дағдыдан безініп, 20-шы жылдары «басмашылық» атанған көтерілісшілер қозғалысы жағына шығып кеткендер мен соларға іштей тілектестікпен, астыртын байланыс жасағандарды қосар едік. Оның ішінде – Шоқайдың өзі оқыған, «Түркістандағы большевиктік билікке тән шовинистік, отаршылдық сипаттарды жасырып, ақтап қызмет көрсетіп келе жатқан… Дмитрий Фурмановтың Жетісудағы большевик ұйымдары мен Кеңес үкіметі хақында жазған «Мятеж» («Бүліншілік») романындағы» Түркмайдан өкілі Фурманов пен оның Айрықша бөлімдегі особист серіктері тарапынан қудалауға ұшыраған, ақыры кеңестен күдерін үзіп, басмашылар жағына шыққан Төреқұл Жанұзақов, Бұхарада азаттық қозғалысын ұйымдастыруды қолға алған Зәки Валидовке Орынбордағы ұлт зиялылары тапсырмасына орай байланысқа барған, аталған екеуімен бірнеше ай қызметтес болған Дінше Әділов секілді ұлттық қайраткерлер бар.
Территориялық комиссияның қызу пікірсайыс жағдайында өткен пленумынан кейін, 1924 жылғы 20 тамызда, большевиктік орталықтың Түркістандағы оң көздерінің бірі, РК(б)П ОК Орта Азия Бюросының мүшесі И.М. Варейкис Ташкент қалалық партия жиналысында Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы ретінде баяндама жасап: «Кирреспублика жаңа-ша рәсімделеді, – деп хабарлады, – оған Жетісу, Сырдариядан бірқатар аумақ, Амударияның белгілі бір бөлігі, басқа да жерлер кіреді. Осының бәрі Орынборда өз резиденциясы бар ұлы Кирреспубликаға бөлініп кетеді». Сосын баяндамасының «Кирреспублика туралы» деген тараушасында ол «экономикалық бірлестікпен қамтылатын мемлекеттік единицалар ауқымы жайындағы мәселеге» және сол мәселелерді тиянақтауда көрініс тапқан ой-пікір алауыздықтарына тоқталды. «Сібірмен де, Жетісу облысымен де көрші өмір сүретін Кирреспублика да экономикалық бірлестікке кіруге тиіс деген пікірді жақтайтындар бар. Сонымен бірге, Кирреспубликаны Орта Азиямен тіпті де біріктірмеген жөн деген кері пікір жағындағылар да бар, – деді баяндамашы бұл орайда. – Менімше, бұл мәселенің шешілуін біраз уақыт кейінге қалдыру керек. Себебі, біріншіден, әлі күнгі қазақ экономикасының негізгі тартылыс орталығы қайда екенін Кирреспубликаның өзі жеткілікті дәрежеде айқын білмейді. Екіншіден, Кирреспублика алып территория, бір бөлігі Амударияға тіреледі, Жетісуға кетеді, ал, екінші бөлігі Алтай мен Томскіге және тіпті Самараға да жетіп қалады. Сіздер түсінемісіздер, осындай орасан зор территориямен экономикалық бірлестікке бару – аса ұқыпты түрде алды-артыңды ойлап, сақтықпен қарауды талап етеді…. Сондықтан, экономикалық бірлестік алғашқы шақта Өзбек, Түрікмен республикаларын және… – қырғыз бен тәжік автономиялық облыстарын қамтиды».
Орта Азия республикаларының экономикалық бірлестігін Қазақстанды қатыстырмай ұйыстыруға ұйғарған большевиктік шешімді И. Варейкис осылай аян етті. Одан әрі ол баяндамасының «Орта Азия Федерациясы бола ма?» деген тараушасында өлкеде федеративтік құрылым жасаудың «пісіп-жетілмеген ниет» екенін «дәлелдеді»: «Егер, біз федерацияны бүгін құруға болады десек, бұл – мәселені түк те түсінбегендік болып шығар еді. Федерацияны бүгін құруға болмайды, өйткені, федерация – жекелеген мемлекеттер одағы. Ал, ондай мемлекеттер жоқ кезде, біз федерацияны қалай жасамақпыз? Әуелі сол мемлекеттерді құру керек – міне біз соларды құрып жатырмыз. Жаңа республикалар өз дамуында белгілі-бір тарихи кезеңді өткерсін, содан соң олардың өздері-ақ федерация жасау қажеттігіне сөз жоқ келеді. Сол кезде біздің партия, еңбекші бұқараның ерік-жігеріне сүйене отырып, осы идеяны өмірге енгізуге аялдамастан кіріседі».Большевиктер іс-дағдысында, орайы келгенде, қысылмай қолдана беретін қос стандарттың әдеттегі көрінісі осы сөздерден де байқалады: қазан төңкерісі жариялаған Ресей Республикасында – бұрынғы империя аумағында – бірде-бір «мемлекет» болмағанын, жоқ «мемлекеттердің» құрылуына кеңес өкіметі жариялаған халықтар құқтары декларациясы ерік бергенін, сөйтіп барып республиканың федеративтік сипатқа көшкенін орталық билік эмиссары «ұмыт» қалдырды. Түтін түтетіп тұрған Түркістан, Бұхар және Хорезм Республикаларын Орта Азия Федерациясына негіз етіп, Федерация ішінде, экономикалық байланыстарды бұзбай, ұлттық республикаларға межеленудің ұтымды болуы ық-тималдығын ол ауызға да алмайды. Және әрине, бұл республикалардың іс жүзінде бар екендігін, яғни, үш республиканың үш «жекелеген мемлекет» екендігін жоққа шығарып, «федерация – жекелеген мемлекеттер одағы. Ал, ондай мемлекеттер жоқ кезде, біз федерацияны қалай жа-самақпыз?» – деп аузын құр шөппен сүртеді. «Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» деп халық бекер айтпаған, Мәскеу сенетін қайраткер сөйлегенде, ұлттық отау тігу мүмкіндігі көздерін қарықтырған көпшілік оның сөзіне мүлги ұйыды. «Тек төркіні белгісіз және халқымыздың желкесіне қалай мініп алғанын да бір құдайдан басқа ешкім білмейтін Варейкис деген біреу ол кезде «Орта Азия партия комитетінде федерация идеясының тым күшті және үстем ағымға айналғанын» мойындаған еді, – деп жазды М. Шоқай Еуропада шығарып түрған «Яш Түркістан» журналында 1931 жылы. – «Кейбір сәттерде және кейбір уақыттарда саяси мәселелер мен ұғымдардың алға шығуы, экономикалық мәселелерді екінші, тіпті, үшінші дәрежелі мәселелер қатарына ығыстыруы әбден мүмкін» деп сәуегейсіген әлгі Варейкис деген көлденең көк атты Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеудің белгілі бір саяси мақсаттарды көздеу нәтижесінде болғанын мойындайды». Түркістан тұтастығының бірегей намыс жыртушысы эмигрант Шоқаев өзінің талдауларында – большевиктердің астарлы, жәдігөй саясатын іске асыру мақсатымен, әдетте бастарына құдайдай көтеретін Карл Маркс ілімінің өзін аяқ-асты етіп жүре беретін екіжүзділіктеріне нұсқады: «Осы бір жауапты қызметтегі кеңес әкімінің мойындауларын біз ешқашан есімізден шығармауымыз керек. Бұл мойындау – большевиктер Түркістанда өздерінің саяси мақсаттарын жүзеге асыру үшін Маркстің: «Әрбір саяси және әлеуметтік мәселелер экономикалық негізге құрылуы тиіс» деген теориялық тұжырымын ілікке алмай отырғанын көрсетеді. Демек, большевиктер Түркістанда біржола орнығып қалу үшін марксизмнің аяғын аспаннан келтірді».
Ташкент қаласы коммунистері алдында негізгі тұжырымдарын бір сынақтан өткізіп алған И.М. Варейкис араға айға жуық уақыт салып, 1924 жылғы 14 қыркүйекте, Түркістан Компартиясы Орталық Комитеті, ТКП Орталық Бақылау Комитеті және ТКП Тексеру комиссиясының біріккен пленумында – Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік жіктеу туралы баяндама жасады. Баяндамада Территориялық комиссия жүргізген қызу пікірталастарға толы жұмыстар қорытындыланды. Оның алға тартқан тұжырымдарын пленум мүшелері түсінушілікпен қабылдады. Мұнда РКП Орталық Комитеті атынан содан бірнеше күн бұрын үлкен мақала жариялап, қоғамдық пікірді алдын-ала қалыптастырған Средазбюро төрағасы И.А. Зеленскийдің де едәуір үлесі болды.«Туркестанская правда» газетіндегі «Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелерге бөлу» деген мақаласында Исаак Зеленский ұлттар құрамы жөніндегі статистика деректерін мол пайдаланып, әр ұлттық-мемлекеттік құрылымға жеке-жеке тоқталды. Сонан соң, «Орта Азияның Кирреспубликамен экономикалық бірлестік құруына – ерте» деген тақырыпшамен айқайлатып, өлкедегі түркі халықтарының туыс-қазақтардан іргесін ажыратуы керектігін «дәйектеді».
Ол, әрине, түркі халықтарының бірігуіне құлықсыз мәскеулік пікір-тін. Бірақ оның өрісі тар ұлтшылдық сезім құшағындағы шолақ белсенділерге жаға кеткені анық. Ондайлар өлке тұрғындарын шын өркендеуге апаратын шартты – Түркістанның тұтастығын ойламады. Көзбояушылық «дамуға», іс жүзінде жаңаша отарлануға қызмет ететін, алдын болжай алмайтын ұсақ ұлыс күйбеңін күйттеген, тәттілігі алдамшы пайымға малданды. Сол себепті, сырттан келіп төрелік айтқан И. Зеленскийдің мақаласындағы мына тұжырымдар іс басындағы, дара ұлттық отау тігуге құлшынулы көпшілікке оғаш көрінбеді: «Бізде Қазақ облыстарында Орта Азия республикалары үшін мал дайындалатыны жайындағы мәліметтер жоқ. Сол цифрлар елеулі бола қояр-ау деп болжау да қиын. Орта Азия республикаларының астық балансында Жетісу облысынан келетін астық мардымсыз рөл атқаратын… қазақ облыстарынан тасылатын малшаруашылық шикізаты – Орта Азиядан барлық шығарылатын шикізаттың 23%-ы. …Қазақ Республикасының тағы бірнеше экономикалық тартылу аймағы бар. Ташкенттен немесе Түркістаннан Қазақияның Сібірге, Приуральеге шектес шалғай аудандарымен экономикалық өміріне басшылық жасауды қазіргі қатынас жолдары кезінде ұйымдастыру – үмітсіз іс. Қазақияны Орта Азия республикаларымен экономикалық тұрғыда біріктіру беретін даулы-дүдәмал болашақ пайда көзі делінетін аспандағы алтын құс тәрізді тырнадан гөрі, қазіргі сәтте Орта Азиядағы ұлттық өсек-аяңды доғарудың қолдағы сарышымшығын артық көру қажет». Большевизм лидерлерінің бірі Зеленскийдің «көктегі тырна мен қолдағы шымшық» орайында ұсынған қарабайыр да қатерлі бұл таңдауын оның средазбюролық үзеңгілестері де табыспен жүзеге асыру үстінде-тін. Ташкент қалалық партия активі алдында, мәселен, «айлагер Варейкис: «Қазіргі күнде Орта Азия федерациясын құру мәселесі тек көзқарастарға ғана емес, сонымен қатар қаржыға да қатысты болып отыр», – деп мәймөңкелетті. Сөйтіп, М.Шоқай кесіп көрсеткендей: «Бүкіл жәмиғаттың, экономикалық жағдайдың, тіпті, Маркстың экономикалық тео-рияларының талаптарына қарсы шыға отырып, қызыл орыс империалистері ұлы Түркістанның ұлттық болмысын бөлшектеді». И.Зеленский жоғарыда аталған мақаласында Ташкент мәселесін құрдымға кетірудің де ұтымды тәсілін ортаға салды. Онда ол: «Ташкентке ең кемі үш ұлт республикасы (Өзбек, Қазақ, Қырғыз) таласады», – деген сөздермен, тағы бір жалғандықты алға шығарады. Сосын, әділет жағынан пайымдағансып, астана – шаруашылық және мәдени өмір ортасында тұруға керек деген дұрыс ойды – Ташкентті айнала қоршаған қазақ қоныстарына қатыстырмай, жалаң безеп, өзбек пайдасына бұрып сөйлейді.
Шамалы шегініс жасайық. Түркістандағы «ұзаққа созылған түркі және иран тайпаларының аралас-құралас өмір сүру процесі «сарт» ұлысын дүниеге әкелді, ол тұрпаты мен салты жағынан ирандықтарға көбірек тақалған, тілі бойынша – түркілерге жақын-тын». Иран тайпаларының отырықшы өмір салтын қабыл алып, жалғастырған сарттар бейбіт тіршілікке бейім болып, жер өңдеушілер мекендерін көбейтті. Қала халқы сарттардан, қышлақтар – уақыт өте келе отырықшы бола бастаған өзбектерден құралды: «осы жағдай қазірге дейін сақталып отыр, – деп жазды М.Тынышбаев. – Өзбекті сарттан оңай ажыратуға болады: «Сен кімсің?» – деген сауалға өзбек міндетті түрде шыққан тайпасын… атап жауап қатады, ал, сарт туған қаласын атайды: қалалықтарда тайпалар жоқ». Түркістанда XX ғасыр басында 960 мың сарт, 720 мың өзбек тұрған-ды. Алайда, большевиктік статистика есеп-қисаптан сарт деген ұлысты жойып, бәрін өзбек етіп жазды. Сондағы, межелеу кезіндегі Ташкент үйезінің ұлттық құрамына көз алсақ, Ташкент қаласында тұратындарды қоса санағанда, Ташкент үйезіндегі өзбектер (сарттар жеке есепте жоқ, олар өздерімен тілі және тұрмыс салты ұқсас өзбектерге біріктірілген) 1924 жылы барлық тұрғындардың 45,7%-ын құраған, ал, қазақтар – 25,8%. Бұл көрсеткіштер, Ташкентті қоспай есептегенде, былай өзгереді: үйездің тек қаладан, теміржол поселкелерінен тысқары жерлерінде өмір сүріп жатқан өзбек барлық ауыл, село, қышлақ тұрғындарының 32,7%-ы болса, қазақ – 42,0%.
Ал, егер, қазақтардың үлестік салмағын жоғарыда келтірілген «Алтыалаш» – Тәуке хан тұсында осы Ташкент өңірінде ұйысқан тілі, өмір салты жақын тайпалар одағы тұрғысынан қарар болсақ, онда қазақтар құрама, қарақалпақ, қырғыздармен бірге, ташкенттіктерді қосқанда – үйездегі халықтың 36,4%-ын, ауылдық жерлерде – 59,6%-ын құрайды. Бұл – революцияның алғашқы жылдарындағы большевиктік «аштық саясатының» (М. Шоқай) салдарынан ауылдардың талайының қаңырап босап қалғанынан кейінгі көрініс. Соның өзінде қазақтар және олармен тағдырлас «Алтыалаш» одағының мүшелері – қырғыз, қарақалпақ, құрамалар үйезде тұратын өзге жұрттан басым, әр жүз кісінің алпыс шақтысы еді. Өзге жұрт өкілдері (орыс, тәжік, басқалар) Ташкентпен қоса қарағанда – барлық үйез халқының 17,9%-ы болады, ал, тек ауыл-селода тұратындарын есептесек – 7,7%.Сонымен, тарихи әділеттілік тұрғысынан, Ташкент қаласы мен үйезі ұлттық дамудың қай жағынан да мұқтаж қазақтар пайдасына межеленуге тиіс болатын. Ал, өзбектердің ұлттық мемлекеттік құрылысын ұйыстыруға әзір, қалың өзбек ортасында жатқан қалалары (Самарқан, Бұхара, Қоқан, Ферғана) жеткілікті.
«Ташкент үйезін Өзбекстанға, яки Қазақстанға қосу мәселесін буржуазиялық ұлтшылдар құрама тобының ұлттық тиістілігін айқындаумен байланыстырды, – деп жазды 1957 жылы кеңестік зерттеуші А. Нүсіпбеков. – Олардың құраманы этникалық тұрғыда тек қазақтармен байланысты, өзбектермен байланысты емес деп дәлелдеуге әрекеттер жасауы түк негізсіз және зиянды болатын». Ал, ол меңзеп отырған «буржуазиялық ұлтшылдардың» бірі М. Тынышбаев «қазақтар мен өзбектер ішінде үйсін, қаңлы, жалайыр, арғын, керей, қыпшақ, қоңырат, найман, алшын және т.б. (қазақтікі); үш, қырық, мың, кенегес, барлас, дүрмен, барин, қатаған (өзбектікі) деген жекелеген тайпалар бар; ал, қазақ қыпшақтарының, наймандарының, қоңыраттарының, жалайырларының шашыранды-сынық-бөліктері өзбектерде де, өзбектердің шашыранды-сынық-бөліктері қазақтар арасында да бар» екенін айтқан. Сосын, «түк негізсіз және зиянды» дәлелдерін былай жалғастырған-ды: «Құрама» атымен белгілі ұлыстар тобының шыққан тегі мен құрамы жөніндегі мәселеге көше келе, тарихта тек: екі туысқан халық – өзбектер мен қазақтар аталатынын, ал, «құрама» деген жеке халық еш жерде еске алынбайтынын айту керек… «Құрама» деген сөз орысшаға аударғанда – жамау, жиынтық, қоспа және т.с.с. мағынаны білдіреді…. Егер, «құраманың» құрамдас бөліктерін алып қарасақ, оның шынында да әр тайпа, әр ру, тіпті әр атадан тұратынын… үш жүздің «жиынтығы» және миниатюрадағы қазақ халқы екенін көреміз. …Әлдеқашан отырықшыға айналған, мәселен, Самарқан яки Ферғана облыстарындағы өзбек (әсіресе, сарт пен тәжік те), өзін ешқашан «құрама» деп атамайды, қазақ екенін мойындаса жерден айрылып қалудан қорқатындықтан (ескі жер үлесі алым-салығы санақтары мен переселен ұйымдары жұмыстарында солай болды да), «құрама» атауын ресми қабыл алған отырықшы халық тіркеушілер алдында өзін қазақпын деп атамайды, әдетте керісінше айтады, сондықтан қазақ пен құрама арасында толқып тұрғандарды қазақ деп, құрама мен өзбек арасындағы толқушыларды өзбекке санаған жөн».
Тарихи сүйенішін өстіп дәйектеп, М.Тынышбаев Ташкент үйезі ста-тистикасынан өте тағлымды деректер келтіреді. Үйез халқының қазағы 1911 жылғы Сырдария облысын шолу мәліметі бойынша – 50,7%, 1917 жылғы ауылшаруашылық санағы бойынша – 48,5%, 1920 жылғы бүкілресейлік санақ материалдары бойынша – 44,3%. Межелеу тұсындағы үйез халқының қаладан бөлек құрамы (табиғи өсім мен көші-қонды қоса есептегенде): қазақ – 49,1%, құрама – 15,0%, өзбек – 30,3%. Қазақ пен «қазақ халқының кішігірім қорытпа миниатюрасы» іспетті құрама екеуінің үйездегі үлесі, демек, – 64,1%.
Бұл қисындарды «зиянды», «не-гізсіз» деу – еріксіздіктен, мәжбүр болған саясатшылдықтан шыққаны күмән тудырмайды. Ал, «зиян» мен «негізсіз» сөз, шынтуайтқа келгенде, И. Зеленскийдің Ташкентке ең кемі үш ұлт республикасы таласатындығы туралы жоғарыда келтірілген, «Мәскеу қызыл империалистерінің «бөлшекте де билей бер» деген ұраны» ойдан шығартқан өтірігі еді. Ол кезде іс жүзінде Қазақ Республикасы ғана бар, Өзбек Республикасы енді жасалмақ, ал Қырғыз – автономиялық облыс ретінде ғана рәсімделу алдында-тын.
Межелеу жұмыстарының қоры-тындысы қызу айтыс-тартыспен өріле отырып шығарылды. Және оны әділ болды деп айту қиын. Пікір таластырушылардың өзімшілдігі, әділетке жығылмауы, ортақ мүдде жолы емес, өрісі тар ұлтшылдық соқпаққа түсуі, айналып келгенде, өз еріктерімен-ақ, байырғы «бөлшектеп билеушілер» жеміне айналмағы көзге ұрды. Осы ретте – РК(б)П ОК ОАБ Теркомындағы талқылаулар кезінде орын алған пікірсайыстардың тәжік зерттеушісі Н. Табаров жұмысында келтірген мына бір парасы танымды да тағлымды…Терком төрағасы, Средазбюро төрағасының орынбасары О. Карклин межелеу мәселесін талқылаған екінші отырысты ашып тұрып, «Түрікмен және Өзбек республикаларын құру мәселесінің неғұрлым анық та айқын» екенін, ал, «Қазақ және Хорезм республикалары жайында әлі де пікірталасты жалғастыруға тура келетінін» айтты. Алайда, нақты пікірсайыс ауқымы төраға сызып беруге тырысқан шеңберден тез-ақ асып кетті. Түркреспублика ХКК төрағасы Рустам Исламов түрікмендермен шекара жөнінде келісе алатындарын, мәселенің онда емес, «қазақ жолдастардың жобасындағы алауыздықта» тұрғанын тілге тиек етті. «Біз – өзбектер мен түркімендер – тәуелсіз республикаларымызды құру туралы айтудамыз, – деді ол одан әрі, – ал, қазақ подкомиссиясы қазіргі республикаларға қосылып федерация құруды айтады, бұл, әрине, ағарту, сот ісі, т.с.с. салаларға кең өріс ашқаннан өзге ештеңе бермейді. Бірақ, ұлттық мүддені қорғау негізіндегі дау-дамайдан біз арылмаймыз, олар қала беретін болады. Міне, сондықтан да, біз былай ойлаймыз: өзбек тұрғындары басым тәуелсіз Өзбек республикасын, түрікмен тұрғындары басым тәуелсіз Түрікмен республикасын құру жобасына тоқтау керек…»
ТүркОАК төрағасының орынбасары, Средазбюро мүшесі Сұлтанбек Қожанов оның пікірімен және жалпы алғанда – барша тар да саяз ұлттық шеңбермен шектелген ұсақ ұлтшылдық көзқараспен келіспейтінін былай мәлімдеді: «Мұнда тек қазақ, яки өзбек көзқарасы емес, – кеңестік, мемлекеттік көзқарас болуға керек… Сөз – не мына, не ана ұлттың тоғышарлық игілікке бөленуі жайында емес, – мемлекеттік тұрғыдан қойылуға тиіс. Жолдастар мынаны түсіну керек: бізге бірден жік айырудың ыңғайы келмейді, бұл істегі дау-дамай әлі талай мәрте өрт боп тұтанады. Бұл өте өткір мәселе, мұнда суайттық алдап соғу тәсіліне баруға болмайды… Мен тағы да мына ойды баса айтқым келеді: біз қаншама арамызды жарып межеленсек те, Орта Азиядағы экономикалық бірліктен ат-тонымызды ала қашып кете алмаймыз. Тәуелсіздік – жақсы нәрсе, бірақ ол басқалар үшін де аңсаулы болуға тиіс, әсіресе, іс жүзінде тәуелсіз еместерге; ал, іс жүзінде тәуелсіздер үшін, билеп отырғандар үшін – тәуелділік дегеніңіз қаңқ еткен бос дыбыс. Егер біз ұлттық межелеу мен әр ұлттың мүддесі жайлы айтып отырған болсақ, онда бұл тәуелсіздіктің – экономикалық жағынан онсыз да тәуелсіз өзбектерге қымбат екенін ғана айтпауымыз керек, оның экономикалық тұрғыда өзгелерге тәуелді республикаларға да қымбаттығын ойлауға тиіспіз… Егер, өзбек тезисі тек өзбектер, түрікмен тезисі тек түрікмендер туралы ғана сөйлейтін болса, онда бұл кеңестік көзқарас емес».
Өзімсінген ой-өріспен ғана шектелетін ұлтшылдықты С. Қожанов осылай, – сонау тізгіндеулі де басқарулы, бағдарланған ұлтшылдықты тұтандырушының өзін, яғни, түркі ұлыстарының жеке-жеке тайпашылдық сезімін астыртын қытықтау арқылы, өз уысында ойнататын ұлтшылдықты туғызып отырған кеңес өкіметін арқа тұта отырып мінеді. «Біз түрікмендер мен өзбектерден гөрі кеңпейілдірекпіз, – деп сабақтады ол сыншыл сөзін. – Кеңпейілдігіміздің нақты көрінісі сол, Ферғана облысында бес қазақ болысын, Маргеланда – екі, Қоқанда – екі, Наманганда – екі қазақ болысын қалдырып отырмыз. Біз ұлттық азшылықтың болуын жоққа шығармаймыз. Оның үстіне, Әмудария облысын Хорезм облысына қосу қажеттігін айтудамыз…. Мына қала – менікі, ана арық та – менікі, ал, сен табыныңды әйтеуір бір жерде жайып баға бер дейтін көзқараспен келісуге болмайды ғой…»
С. Қожанов Ортаазиялық Федерация құруды ғана болашағы бар іс деді. Алайда, Түркатком төрағасының орынбасары Абдулло Рахимбаев оның ұсынысына түбегейлі қарсы шықты: «Өзбек және Түрікмен тәуелсіз республикаларын ұйымдастыру – …Орта Азия ұлыстарын дамытудағы алға басқан бір қадам. Ал, федерация құру, бұл – түркістандық өсекті күллі Орта Азияға сонау Сібірге дейін жаю деген сөз».
Төрағалық етуші О. Карклин да-уысқа екі ұсынысты қойды: «Бірінші – өмір сүріп тұрған Орта Азия республикалары – Түркреспублика, Бұхара және Хорезм республикалары масштабында федерациясыз ме-желеп-жіктеуді жүргізу. Екінші ұсыныс: Орта Азия республикалары мен Қазақ республикасынан Орта Азия федерациясын құру». Басым дауыспен алғашқы ұсыныс өтті. «Біз аппеляция беру хұқын құзырымызда қалдырамыз», – деді С.Қожанов. Ол өз уәжінің дұрыстығына сенімді-тін. Алайда, науқан соңында, халық айтатындай, құқы молдың айтқаны ғана хақ болмағы тағы да расталады.
Бұл жәйт Ташкент жөнінде де қайталанады. «Жолдастар 1920 жылғы деректер бойынша өзбектердің Ташкент үйезіндегі мөлшері қазақтар мен өзге ұлттардан едәуір көп дегенді дәлелдегісі келеді, ал, бұл шындыққа мүлдем жанаспайды», – дей келе, С.Қожанов терком мүшелерінің тарихи парызын түйсінуіне үміт артқан. Егер осынау саяси қайраткерлер басқа ұлттардың да аздап та болса жағдайластырылуын жаны ашып ойлар болса, онда Ташкентті Қазақ республикасының астанасы етулері қажет екенін мейлінше екпін қоя айтқан-ды. Ол: «Ташкентке Түркістан қазақтарының орталығын жинақтау керек», – деген де ұсыныс білдірді. Сонда оның ойы Түркатком төрағасы Нәдірбай Айтақов тарапынан қолдау тапты: «Қалаларға ұлттық нышан таңуға болмайды. Хорезмде түрікмендер тұратын бірде-бір қала жоқ. Олар қалалардың сырт жақтарында өмір сүреді. Сондықтан, мен қалалар оны қоршап жатқан халыққа тиесілі деп санауды ұсынамын», – деді ол. Бұлардың көзқарасын Бұхара Республикасының қайраткері, Түркістан Республикасы ХКК-нің бұрынғы төрағасы Қайғысыз Атабаев тереңдете түсті: «Ташкент туралы айтудан бұрын, қала – рынок ретінде, экономорталық ретінде, – іс жүзінде кімге тән еді, өзбектерге ме, қазақтарға ма, – соны негіздеп алу керек, – деді ол айтыстың астарын ақтарып. – Міне мәселе қайда. Егер тарихқа тереңдер болсақ – онда Ташкенттің өзбек орталығы болмағанын көреміз…».
Алайда, тарихи дәйекпен санасуға бармай, А.Рахимбаев: «Ташкент қаласы өзбектердің мәдени орталығы болып табылады», – деп нығарлайды. Оның жағындағылар пікірлерін дәлелдеуге – большевиктік тәсілмен бұрмаланған есеп-қисапты қолданады. Сонда, Қожанов: «Егер, тек Ташкент үйезін алсақ, қазақтар мұнда 45,8%, ал, өзбектер – 28%, бірақ, оған ескі қаланы қосқанында – екеуі теңеседі де, содан пайыздардағы шатастырулар басталады, – деді. – Иелікті анықтағанда, мәселені Ташкент қаласының тұрғындарынан бастамау керек, ал, Исламов жолдас осы цифрларды құбылтамын деп, олардың ішіне күллі ескі қала тұрғындары кіріп кеткенін байқамаған». Оған Р.Исламов басқа мәліметтермен жауап қатты: «Мен ресми деректер бойынша анықтама беремін: мұнда, қышлақтарда – отырықшы тузем халқы – 96 мың ер, 86 мың әйел, бұлар өзбектер, ал, қазақтар: ерлер – 89 мың, әйелдер – 84 мың. Бұл ЦСУ деректері. Егер қаланы алсақ, басым көпшілігі – өзбектер, ал қазақтардан бар болғаны – 82 мың ер, 76 мың әйел боп тұр».Осындай анықтамалармен алмасудан кейін Средазбюро Теркомының төрағасы О.Карклин «Ташкент қазақ бірлестігіне кірсін деген Қожанов жолдастың» және «Ташкент өзбек бірлестігіне кірсін деген Исламов жолдастың» ұсыныстарын дауысқа салды. Тағы да тарұлтшылдық ұсыныс қабылданды. Әйтсе де, Терком материалдарын қараған РК(б)П ОК ОАБ мәжілісіндегі қазақ коммунистерінің табандылығы нәтижесінде, мәселе Мәскеу құзырына қалдырылды.
М. Шоқайдың айтуынша, «Мәскеу большевиктері сүйікті атамекеніміздің ұлттық бірлігін бөлшектеу мақсатында рулық республикалар мен автономиялы аймақтар құруды» өздерінің жаңа отаршылдық пиғылдарына жауап беретін оңтайлы да тиімді тәсілмен жүзеге асыруға батыл кіріскенде, межелеп-жіктеудің залалды салдарын түйсініп, «ұлттық намысы мен иманын жоғалтпаған түркістандық ұлттық коммунистер федерация идеясын көтерген» әрекеттерімен орталық пен оның эмиссарларын едәуір абдыратқан еді. Сондықтан да, Зеленский ТКП ОК газеті бетінде РКП Орталық Комитеті атынан сөйлеп, партияның ташкенттік эмиссарлары мен жергілікті ұлттар коммунистері арасынан шыққан шашбау көтерушілерді мәскеулік пікірмен жебеп-қанаттандырды. Ол мақаласының «Ауытқушылықтар туралы» деген арнаулы тарауында ұлт коммунистері пікірлерін екі жүйеге түйді. Екі жүйеде де қазақ қайраткерлерінің пайымдарын тілге тиек етті. Бірін: «егер таза экономикалық жағынан қарасақ, онда біз тек қана жер жыртып дақыл өсірумен және мал бағумен шұғылданамыз, ал, өзбектерді алсақ, олардың негізгі кәсібі сауда жасау болып табылады», – деушілермен топтады. Екіншісінің: «өзбектерде шариғатпен соттайтын қазилар бар, бізде әдет-ғұрып заңымен соттайды, одан соң, өзбектерде ишан көп», – дегендермен жүйеленетінін айтты. Мұндай пайымдардың «еңбекшілерді қандай батпаққа жетектеп апаратынын, ондайдың кімнен шығып жатқанын және кімнің идеологиясын көрсететінін» ескертуді ұмытпады.
Сосын, жағымсыз пікір білдірушілерді: «Бұл мәлімдемеге қол қойған коммунистер үлкен принципті қателік жасап отыр, сөйтіп өздері қарсы күресуге тиіс іске жәрдем беріп отыр», – деп айыптады. «Ұйымдастырылған республикалардың бәрінде де кеңестік құрылыс болады – бұл мызғымайтын факт. Ал, Кеңестік құрылыс ұлттық езгіні жоққа шығарады». Алайда, осынау «айқын да бұлжымас аксиомаға» қасақана, ұлт коммунистері бұрмалауларға жол беруде, яғни, И.Зеленскийдің ойынша: «Кейбір жолдастар межелеу жөніндегі комиссияға жолдаған мәлімдемелерінде: «ұлттық азшылық әмірдің немесе ханның кезіндегідей, басым ұлттар тарапынан езілуде» деп, «мүлдем құлақ естімеген өңін айналдырушылық» жасауда. Ол ондай мәлімдемелердің не нәрсеге негізделгенін, «ұлттық азшылықтың қаналуы» турасындағы ақиқатты, өмір шындығын нұсқап шырылдауға не түрткі болғанын білуге талпынбайды да. Кеңестік құрылыста езгі жоқ, себебі болуы мүмкін емес, ал, жаңаша қанаушылықты бар деушілер – барып тұрған бұрмалаушылар. Осылай дей келіп, ол ұлттық баспасөзді де ащы сынмен сөге кетеді: «Біздің мұраттарымызды өмірге енгізуге тиіс ұлттық пресса, өкінішке қарай, сенімді ақтамай отыр. Мақалалар сипаты мүддем төзгісіз». Мәселені идеологиялық жағынан өстіп жан-жақты қамдап-дайындап алудан кейін, межелеп-жіктеудегі негізгі жоспарларды жүзеге асыру – Мәскеудегі басшылықтың ойлағанындай жасалды.
Дегенмен, маңдайлары жарға соғыла берсе де, ТКП Орталық Комитеті құрамындағы С.Қожанов бастаған белсенді азаматтар қазақтың ұлттық-мемлекеттік мүддесі жолында, жоғарыда келтірілген позициялары тұрғысынан, үлкенді-кішілі билік буындарындағы жарты жылдай уақытқа созылған ой-пікір қақтығыстарынан тартынған жоқ. С.Қожановтың Ташкентті Қазақ Республикасына қосу талабы да, Орта Азия экономикалық бірлестігі мен Орта Азия Федерациясын құру жайындағы ұсыныстары да қабылданбады.Осы орайда – федерация жайында жоғарыдан қорытылған ойды бекем ұстанған РК(б)П ОК ОАБ көзқарасын білдіре келе, И.Варейкистің: «Қазір бәрі де бірігу емес, жіктеліп бөліну жағында», – дегеніне назар аударған жөн. Бұл сөздер РКП Орталық Комитетінің Түркістанда істеген сенімді өкілдері жұмысының жемісті нәтижесін байқатады. Бұған большевизм отаршылдығы ұлт коммунистерінің ұлтшылдық сезімдерін ОАБ (Средазбюро) атты саусақтарымен қытықтап жіберу арқылы қол жеткізген. Өз тізгініндегі белсенділер көкірегіне «бірігу емес, жіктеліп бөліну» ниетін сөйтіп жаппай ұялатқан болатын. Жалпы, межелеудің Мәскеу пиғылынан туғанын 1924 жылғы 14 қыркүйекте болған Бірлескен пленумдағы баяндамасында, И.Варейкис жеткілікті түрде ашып та айтты: «Қазірдің өзінде Орта Азия федерациясын құруды жақтайтындардың көптігіне қарамастан, жоғары партия органдары (яғни – РК(б)П ОК) федеративтік бірлестікке – әлі ерте, мезгілі келген жоқ деген қорытындыға келді. Экономикалық байланыстар жөнінде де соны айтуға болады».
Неге? Себебі партия, яғни, жаңа «қызыл империалистер» күллі айла-шарғылы саясаттарының күшімен бір-бірінен іргелерін ажыратқыза алып отырған түркі халықтарының қайтадан бірігіп кету ықтималдығынан қатты сескенеді. Сондықтан, «түркістандықтардың ұлыстық өмірден – ұлттық мемлекеттік құруға қарай жылжуына барынша кедергі жасайды». Бұл жайында 1926 жылы Ташкентте шыққан «Орта Азиядағы революциялық қозғалыстар тарихы» деген бір большевик автордың (Мурлевский-Лобохов) кітабында мейлінше ашық жазылған. Өйткені, дейді Шоқай, Тұрар Рысқұловтың басшылығымен мұсылман бюросы мұрындық болған 1920 жылғы партконференция шешімін еске алып, –«Түркістан коммунистері Мәскеудің «ұлттық шекараға бөлу» деген сұмпайы саясатынан бұрын «тәуелсіз Түркістан мемлекетін» құру идеясын көтерген еді». Сол жәйт «қызыл империалистердің» ұлттық тұрғыда межелеу сынды «сұмпайы саясатты» ойлап табуына түрткі болды.
Большевизмнің Түркістандағы көсем-дерінің бірі болған «айлакер Варейкис» түркілердің түбі бірлігін ұмыттыруға бағытталған пейілін былай білдіреді: «Біз – жаңа республикаларға және облыстарға өз «балдай тәтті» айларында саяси да, шаруашылық жағынан да, барынша бастамашылдық көрсетіп дамуларына мүмкіндік беруіміз керек». Ондай пиғыл орталықтың партиялық басшылық жасауына да қатысты болды ма? Әрине жоқ. Көз ғып тіккізген ұлттық «отауларға» иелік қылатын «қарашаңырақ»– сол «ақылгөй, дана» большевиктер партиясы: «Реформа партиямыздың ішінде кейбір ұйымдық өзгерістер әкеледі. КПТ екі бөлікке: басында орталық комитеттері бар түрікмен, өзбек коммунистік партияларына бөлінеді. Олардың жұмыстарын үйлестіріп отыру үшін бұрынғысынша РКП Орталық Комитетінің Орта Азия бюросы қала береді». Яғни, берілген «еркіндікті» айдаланып, «националдардың» тым еркінсіп кетпеуіне жақыннан тұсау салып қою мәселесі ұмытылмаған.
Тұсау қызметін атқаратын – кәдімгі Средазбюро. «Орта Азия бюросы –орыс пролетариаты диктатурасының Түркістандағы ең жоғарғы мекемесі, – деп жазды М.Шоқай. – Ол Ресей Коммунистік партиясы Орталық Комитеті тарапынан сол жердегі «Тәуелсіз Кеңес Республикалары» партия комитеттері мен үкіметтерінің іс-қимылдарын бақылап отыру үшін орнаған. Кеңес Одағының ешбір жерінде, мәселен, Украинада, Белоруссияда және Кавказияда мұндай ерекше оқшау тұрған аппарат жоқ. …Түркістанның Мәскеуге Орта Азия Бюросы арқылы байлануы, Зиновьевтің Коминтерн Атқару Комитетінің төрағасы болып тұрған кезінде айтқан «Кеңестік Орталық (яғни Мәскеу) Түркістандағы жергілікті партия ұйымдарына сене алмайды» деген сөзін еріксіз еске түсіреді».
Ұлттық жікке бөлу «сұмпайы сая-сатының» авторы РК(б)П көсемдері болғанын Варейкистің тағы былай деп ағынан жарылуы дәлелдей түседі: «Бізде жоғарғы жақтың (Мәскеудің) пікірі бар, партияның (Средазбюро төңірегіндегілердің) пікірі бар, бірақ, бізде алдағы жіктеп-бөлу шарасының диқан бұқарасы санасында қандай әсерге ұшырайтыны жөнінде пікір жоқ, оны біз дәл білмейміз». Осылай, межелеу – халықтың өз тілегі бойынша жасалды деп ұрандатқан большевиктер, сол «өз тілегі бойынша жасалған» межеленуді халықтың қалай қабылдайтынын білмейтінін де байқамай мойындап қалды.
Түркістан партия органдарының аталған бірлескен пленумында қаралып болғаннан кейін, мәселе кеңестік ретпен бекітілуге ұсынылды. 1924 жылғы 16 қыркүйекте Түркаткомның 3-ші Төтенше сессиясы Түркістан Кеңестік Социалистік Республикасын ұлттық-мемлекеттік межелерге бөлу жөнінде қаулы алды. Қаулының қазаққа қатысты тармағында мынандай сөздер жазылған: «Қазақ халқының жұмысшы және диқан бұқарасы білдірген жалпыға ортақ ерік-жігерін жүзеге асыру үшін, қазақ халқына –ТАКСР қазақ облыстарының Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасымен бірігуі мақсатында – ТАКСР құрамынан шығуға құқық берілсін». Сұлтанбек Қожанұлы осы шешімнен қазақтар үшін оң сипат табуға тырысып, Төтенше сессияда сөйлеген сөзінде: «Ыдыраған Түркістанның екі облысын Қазреспубликаға қосу – Қазақ Ұлттық Республикасын рәсімдеудің басы болады», – деп мәлімдеді.

Алдыңғы «
Келесі »