Әлеуметтік ахуал басты назарда

  • 28.05.2019
  • 124 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дина ИМАМБАЕВА,
«Ақиқат» журналының бөлім редакторы

Қазақстан тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келген 1990 жылдары еліміз нарықтық қатынастарға қадам басты. Елімізде кеңестік кезеңнен  мүлде өзгеше әлеуметтік жіктелу үрдісі басталды. Отбасылық табысы мен тұтынушылық көрсеткіштері әрқилы тұрғындар тобы пайда болды. Ауқаттылар, орта тап және табысы төмен отбасылар әрқайсысы өздерінің өмір салтын қалыптастырды. 2000 жылдардың басындағы ел экономикасындағы айтарлықтай өсімнің өзі бұл топтардың арасындағы айырмашылықты өзгерте алмады. Соған қарамастан еліміздегі әлеуметтік, саяси тұрақтылық сақталды. Ал, бүгінгі күні әлеуметтік сала мәселелеріне баса назар аударылып отыр.

Озық технологиялардың, зияткерлік әлеуеттің және ғылымның дамуы адам капиталының сапасына тікелей байланысты. Ал, адам капиталы тұрғындардың білімі мен денсаулық жағдайына тікелей тәуелді. Оған қоса қоғамның біртектілігі маңызды роль атқарады. Әлеуметтік алшақтық шектен шыққан әртекті қоғам бұл сұранысқа жауап бере алмайды. Сондықтан, тұрғындардың түрлі топтарын біріктіретін құндылықтар мен ортақ мақсат-мұраттар ғана қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады. Қоғам мүшелерінің басым көпшілігін біріктіруге ықпал ететін қағидалар: жеке тұлғаның қалыптасуы үшін бірдей мүмкіндіктерді қамтамасыз ету; қоғамның барлық жіктері үшін жағымды әлеуметтік перспективалардың айқындығы; халықтың басым көпшілігіне тән өмір салтын қалыптастыруға негіз жасау. Бұл жасанды өмір салты емес, әлеуметтік саясаттың әдіс-тәсілдері ар-қылы жалпықазақстандық өмір сүру салтының негізін құрайтын баршаға ортақ құндылықтар (олар бізде бұрыннан бар).
Жеке тұлғаның қалыптасуы үшін бірдей мүмкіндіктерді қамтамасыз ету дегеніміз ең алдымен әлеуметтік әділеттілікті білдіреді. Жекешелендірудің алғашқы кезеңінде қитұрқы жолдармен меншік иесіне айналған бір шоғыр адамдардың өзгелерден оқшаулана байып шыға келуі байлық туралы таптаурын пікірлерді туғызған еді. Бұған олардың еңбегі мен кәсіпкерлік қабілетіне сәйкес келмейтін өмір сапасына ие болуы себеп болды. Әлеуметтік әділдікке деген сенімсіздік те көбінесе осындай теріс көріністерден туындайды. Бұл қоғамдық даму мен тұрақтылық үшін де қауіпті үрдіс екені сөзсіз. Әділдік – бұл ең алдымен моральдық норма. Әлеуметтік мақсаттарға қаржы бөлу, зейнетақы мен бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру арқылы ғана әділдік орнату мүмкін емес. Мәселен, кеңестік кезеңде ғалымдар, зияткерлік сала адамдары қарапайым жұмысшыдан жоғары жалақы алды, сәйкесінше тұрмысы да жақсы болды. Өйткені, олар жылдар бойы көз майын тауысып оқыды, қоғамның дамуына ерекше үлес қосты деп есептелді. Яғни, сол кезде зияткерлік еңбек мәртебелі болды. Оған кез келгеннің қолы жетпейтін. Ал, кейіннен түрлі жолдармен миллионер атанғандар адал еңбек етпей-ақ та байлыққа қол жеткізуге болатынын көрсетті. Қарапайым халық маңдай терін қанша төксе де табысы күнкөрістен артылмайды. Бұл әлеуметтік әділдіктің айқын көрсеткіші.
Мұндай көріністер өтпелі кезеңге тән екені белгілі. Мәселен, қазір ірі байлық иелерінің өмір салты теледидардан көп насихатталады. БАҚ бизнесмендер мен әншілердің не ішіп, не қойғанынан бас-тап киім-кешегіне дейін көрсетуді мін санамайды. Сол арқылы қандай жолмен болса да байлыққа ие болуды көмескі түрде болса да насихаттап отырғандарына мән бермейтін сияқты. Бұл үрдіс тіпті қоғамдағы құндылықтардың құлдырауын білдіретін теріс үлгі екені қаперге алына бермейтіні өкінішті. Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру саласында да қалтаның қалыңдығына қарай сегрегацияның белең алуы қауіпті жайт. Әлеуметтік әділдік ең алдымен әлеуметтік мекемелерден басталуы керек.
Осыған орай қазіргі таңда ірі және орта бизнесті қайырымдылық, меценаттық сияқты шынымен де маңызды істермен айналысуға, нақты мәселелердің шешімін табуға бағыттайтын уақыт келді. Байлық тек басқалардан артықшылық емес, ол үлкен жауапкершілік те. Бұл ежелгі қазақтың табиғатына тән құбылыс. Ата-бабаларымызда бүкіл елге мәшһүр жомарт, қайырымды, мәрт байлар көп болғаны тарихта белгілі. Қазір енді ол жаңаша сипат алатыны түсінікті. Мәселен, көп балалы отбасыларға жәрдем беру, жетім балаларды қамқорлыққа алу, жаңа жұмыс орындарын ашу, мүмкіндігі шектеулі адамдарды оқыту, т.с.с. сияқты шараларға үн қосу ізгілікке апаратын қоғам құратын адамдардың ісі емес пе. Бұл жолда, әрине, мемлекет сыбайлас жемқорлықпен күресте сөзден іске көшуді басты орынға қоюы қажет.
Елдегі әлеуметтік әл-ауқаттың дең-гейін балалар үйлерінің санына, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайына қарап білуге болады. Өйткені, бізде әлеуметтік қамту түгелімен мемлекеттің, яғни қарапайым салық төлеушілердің мойнында. Әзірге жеке бизнестегі тұлғалар тарапынан қоғамдық проблемаларды шешуге араласу оң үрдіс ала қойған жоқ. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дәл осы салада қанатын кеңге жаймай отыр. Мәселен, мүгедектерді қоғамға пайдалы іске қосу, жетім балаларды қамқорлыққа алу кәсіпкерлердің қолынан келетін іс. Оларды жұмысқа тарту әрі экономикалық қайтарымы бар, әрі мемлекеттің жүгін жеңілдетері хақ.
Мемлекеттің әлеуметтік мұқтаж топ-тарға тиесілі жәрдемақыларды көтеріп қана қоймай, мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлерінің жалақысын көбейту жөніндегі іс-шаралары қа-зақстандық өмір салтының тиісті сапасына да елеулі әсер етеді. Лайықты еңбекақы – тұрмыстың жақсаруының бір шарты. Мұндағы «лайықты жалақы» деген ұғым екі фактордан құралады: ең төменгі жалақы жұмыскердің бір өзінің ең болмағанда «төменгі тұтыну бюджетін» қамтамасыз етуі тиіс (күнкөріс шегінен екі есе көп), ал, елдегі орташа жалақы – жұмыскер мен оның отбасын (кем дегенде әйелі мен бір баласы) бағуға жеткілікті болуы шарт. Ал, қоғам мүшелерінің лайықты өмір сүруіне мүмкіндік жасалмауы дәстүрлі отбасылық құндылықтардың құлдырауы, ертеңгі күнге сенімсіздік, жастардың материалдық жағдайының төмендеуі, алкоголизм мен нашақорлық, т.с.с. жайлап алуына әкеп соғуымен қауіпті.
Негізгі материалдық және рухани құндылықтардың тұрғындардың қалыпты өмір салтынан орын тебуіне мемлекеттің әлеуметтік саясат арқылы қамқорлық жасауы нақты нәтижеге жеткізетіні сөзсіз. Қоғамдағы барлық топтардың, жіктердің арасында тұрақты тепе-теңдікке қол жеткізу ұзақ мерзімдік әлеуметтік және саяси орнықтылықты қамтамасыз ету үшін маңызды. Бұл ретте қоғамның өзін-өзі реттеу тетіктері іске қосылып, ортақ мақсат-мүдделер төңірегіне жұмылу күшейе түседі. Әсіресе, тұрғындардың басым көпшілігінің орта тап айналасына шоғырлануы қоғамның тұрақтылығының бірден бір кепілдігі болмақ. Бұл кедейлердің неғұрлым азаюына ықпал етеді, тек еш әрекетсіз маргиналдар ғана кедейлік қамытын киіп қала беруі мүмкін.
Мемлекет өз азаматтарының еңбекке қабілеттілігін жоғалтуы немесе асыраушысынан айрылуы, қарттық, бала күтімі, уақытша жұмыссыздық жағдайларында арнайы әлеуметтік көмек көрсетеді. Бұл қазіргі заманғы әлеуметтік бағдарлы кез келген мемлекетке тән үрдіс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде жәрдемақы мәселесін қайта қарауды ұсынып, «Көп балалы отбасылардың жәрдемақысын әрбір балаға 21 мың теңгеге жеткізуді тапсырамын» деді. Осыған орай құзыретті органдар тарапынан мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша нақты іс-шаралар белгіленді. Жаңа әлеуметтік шаралар барысында оң өзгерістер көп: атаулы әлеуметтік көмек «Е-халық» ақпараттық жүйесі арқылы көрсетіледі. Жәрдемақы тағайындау кезінде құжат жинау рәсімдері жеңілдейді, яғни, отбасы мүшелерінің жеке бас құжаттарын ғана ұсыну жеткілікті. Көп балалы аналар мен мүгедек баласы бар отбасыларға кәсіпкерлікпен айналысу үшін шағын несиелер беру, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, сұранысқа ие мамандықтарға оқыту және басқа нақты шаралар жүргізіледі. Бұдан бөлек, көпбалалы және аз қамтылған, табысы төмен, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға мыңдаған жалдамалы пәтер салынады. Сондай-ақ, Қазақстанда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жүйесі арқылы төмен пайызбен баспана қарызын беру қарастырылған. Осылайша, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік қолдауларды күшейту шаралары кешенді түрде кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл аз қамтылған және көп балалы отбасыларын қолдау олардың әл-ауқатын көтерудегі айтулы қадам болмақ. Халықтың өмір қалпын, тұрмысын жолға қою – ел ішінің тұрақтылығы мен амандығының кепілі, уақыттың өзі осы өзгерісті керек қылып отыр.

Алдыңғы «
Келесі »