ШЫНДЫҚ ШУАҒЫ

  • 28.05.2019
  • 81 рет оқылды
  • 0

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
ақын, Қазақстан Жазушылар, Журналистер
мен Кинематографистер одақтарының лауреаты

Түу мөлдір бастауында кім тұрғанын түстеп, түгендеп бере алмасақ та әйтеуір ата тарих бізден басталып, бізбен бітпейді. Таңдайымыз ұзақ үзілістен соң ойда жоқта кеберсіп келіп, мейір қандыратын ботакөз бұлаққа тап болып, бас қойғандай күй кешіп жатырмыз. Нұрлы қайнарға қайырылып, үңілсе біраздан бері көп көкейін толқытып жүрген жай еді. Кеңістік пен көкжиек уақыт көшіндегі ұлы дала өмірі өзгелердің, әсіресе, астамшыл еуропаемексітушілердің (еуропацентристер) өзегіне өрт түсіріп, солардың көзімен жазылып келе жатқаны кешігіп болса да анда-санда күмілжіп айтылып жүретін. Енді, күте-күте тарих Тәңіриясы (муза) Клионы сағынып қалғандай екенбіз. Бекзат бетің мен бейнеңді ашып төрлет!

«Ұлы даланың жеті қыры» меңзегендей, жалпы адамзат өркениетіне көшпелілер мәдениеті аз үлес қосқан жоқ. Бәріміз шетімізден тарихшы болып кетпесек те сол ертелі-кеш айтылу керек болатын. Бірақ, сонша уақыт не қолбайлау болды? Әдетте, бізде тәп-тәуір басталған іс-шаралар бәрінің аяғы сұйылып сиырқұймышақтанып науқанға айналып кететіні бар еді. Сол даңғазаға ұштаспағай бұл жолы. Терең ой тербейтін мәселе мазасыз күй кешкізеді. Иә, қазақ тарихы әркімнің ыңайына жығыла беретін зат емес. Ол неге бұрмалана береді? Бұл саладағы мамандардың ұсақталып майдаланып кеткенінен бе, әлде басқалай себеп-салдары бар ма? Қош.
Тысқарыға таңсық түз тіршілігінде тағдыршешті кезеңдер көп. Соның бірі қазақ хандығының салтанат құру дәуірі. Әуелі Дешті Қыпшақ сұлтандарына Шу етегіндегі Қозыбасыдан жер берген Шағатай әулетінен шыққан Уәйістің кенже баласы Есенбұғы (ол 1462 жылы өлді) хан болатын. Сонда, жас жаңа мемлекеттің іргесін қалағандар соншама уақыт қол қусырып тек бақылаушы болып жүрді ме? Шүкір, даңғаза дабырамен әупірімдеп жүріп оның 550 жылдығы атап өтілді. Тарихшы-теміржолшы М.Тынышбаев, Қ.Қалиди (Аягөзи), ақын-жазушылар С.Сейфуллин, М.Мағауин, Ә.Сарай тағы басқалардың пайымдауынша 1456 жыл, Санкт-Петербургтіктер С.Г.Кляшторный, Т.И.Сұлтановтар 1460, Мұхаммед Хайдар Дулати тобындағылар 1467-1468 жылға тоқтайды. Сонымен даурыққан той өтті. Бәрі жылы жауып қойылды. Енді, бұл тақырыптан қашықтап қашқақтау басталды.
Ойсыл (Ойсын) ойыншық емес
Егер, бізге тән тарихнаманың орта ғасырдан бергі беттерін Майқыдан бастасақ былай: Ол – Шыңғысханның замандасы. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би (Майып)» осы болса, дау-дамай азаяды. (Әлде, түпатамыз неғұрлым ары болса бір нәрсе ұтамыз ба?) Алып бәйтеректің өнімді бір бұтағы Ойсылға дейін шамамен бір, Алтынорда соңғы хандарының бірі Жәнібек Мұхаммедке дейін екі ғасыр, қазақ хандығын құрысқан Жәнібекке (Әбусағит) келетін болса 300 жыл. Сіргелі ұғымы пайда болғаны да сол шама. Ендеше ағасы Тыныбек, інісі Қыдырбекті өлтіріп тақта екі жылдай отырған у төккен Жәнібектің бұл оқиғаға еш қатысы жоқ. Шынында да күштеп оған қосақтауға негіз бар ма?
Атасақ, біздің елімізде Сіргелілер туралы аз жазылмапты: Момбек Әбдікәкімұлы «Сіргелі шежіресі» (1997 ж.), бір топ автор «Сіргелі (Байжігіт-шалдар) шежіресі (2005 ж.), Н.Бегалыұлы «Сіргелі – ормандағы ел»(2015 ж.), «Ойсын (Ойсыл) баба – Сіргелі ұрпақтары» (2006 ж.), Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, В.В.Востров «Қазақ шежіресі хақында», 2000 ж., Т.Үсенбаев «Қазақ шежіресі», 2008 ж. т.т. Көрдіңіз бе, түк таппағандай қаптап кеткен шежіре. Алда да жазылатын түрі бар. Бұлар тек шежіре ширатып жүр ме деген ой келеді. Тескентаудың аржағында жарық бары қаперде болса қанеки.
Бір кездері қазақ сал-серілерінің соңғы бір тұяғындай көрінетін Кенен Әзірбаев та сәл сүрінсе де (жаңылысса да) шежіреге ден қойыпты:
Екі ата бұл арада Майқы, Қоғам,
Қоғамнан Сіргелі атты ру қалған.
Қоңырат пен Сіргелі көршілес ел,
Қаратауда жайлаған атам заман.
Майқыдан туған екен (?) Ойсын, Үйсін
Ата жөнін кейінгі жастар білсін.
Демек, атүсті болса да зерттеліп жүр. Олай болса, сол еңбектердің бәрін жоққа шығарып М.Қожа әлсіз ескек, түбі тесік қайықты асау ағысқа қарсы салғанына жол болсын. Парықсыз пікірге әлей болсын айтамыз ба? Ол атаған әкелі-балалы Айса мен Ахмет Ойсыл және Манап емес. Тарлан тарихты бытыстырып, бүйтіп шатастыра берсек санаткерлігімізге сын.
Өзін білдей тарихшы санайтын Мұхтар Қожа дәйексіз «Алтынорданың бекілер бегі ойсыл» мақаласында тақырыпты таяз тұжырып, ізденістің жаңсақ жолына түскенінің айқын мысалындай. Ол дереккөздерін мүлде елемей, мәселені терең қамтымай бетінен қалқып өте шығады.
Бір еңбекте былай топшыланады: «Қазақ шежіресінде Сіргелі – Ұлы жүз ежелгі тайпалардың бірі… Сіргелі Бақтиярдың немересі Үйсінге бауыр болып келетін Ойсылдың ұлы. Сөйтіп, қазақтың шығу тарихы Сіргелілерді Үйсін дәуіріне дейін апарады. Алайда, зерттеушілер көне дәуірден Сіргелі туралы мәлімет тапқан жоқ. Кеңес кезеңінде бір топ зерттеушілер Н.А.Баскаков пен С.К.Ибрагимов ХV-XVI ғасырларға жататын Рузбехан еңбектерінен Сіргелі руы туралы мәліметтер тапты.
Рузбеханның көрсетуінше, қазақтар жазда Еділ бойын жайлап, қыста Сырдария жағасында, Түркістан төңірегіне қарай көшіп жүрген… Басым көпшілігі жаңа құрылған Қазақ хандығының құрамына кірді… Ноғайлар ішінде Сіргелілердің Үштаңбалы руларының болуы көп жайды аңғартады… Жәнібек пен Керей сұлтандармен бірге келген рулар құрамында қалып кетуі де ғажап емес».
1977 жылы шыққан Қазақ Кеңес анықтамасы да қалыспай: «Қазақтың барлық шежіре деректеріне қарағанда Үйсінмен бірге туған. Ақарыс – Төле би (Төбей – А.Н.) – Майқы – Бақтияр, одан Ойсыл, Үйсін. Диханбай батырдан жазып алған Н.Аристов шежіресі бойынша Сіргеліден: Байжігіт, Қарабатыр, Батыр, Үштаңбалы, Айт-Бозым, Елубай, Төрттаңбалы, Жаңабай. Ал, Б.Бақтияровтың Спандияр шежіресінен жазған талдауында Ойсылдың 30 ұлынан қалған үш ата: Өтеп (Тутаңбалы), Байлы, Бораш. Байлыдан Рысби, одан Ақсиық, Қожасынан Құлыншақ, Қарасиық. Бұл төртеуі Сіргелі аталады. Бораштан Кеңірдек, Қайшылы. Өтептен Қарабатыр, Батыр, Айт-Бозым рулары тарайды. Бізге жеткен жазба деректерде С. атауы алғаш рет Рузбеханның «Михманнаме-и Бухара» шығармасында XV ғасырдың аяғынан XVI ғасырдың басынан ғана белгілі десе, «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» оны әрі қарай жалғастырады: «Бір айта кететін нәрсе – Сіргелідегі Айтбозым мен Албандағы Айт және Бозымды шатастырмау керек, ол тек аттас аталар. Осыған байланысты Аристовтың еңбектерінде біраз нәрсе бұрмаланған. Таңбаға қарап туыс бола бермейді. Қазақ ата-баба тегін, түбіріне қарап ағайын-туыс болады. Ойсынның отыз ұлының бірі – Сіргеліден (?) байжігіт, шалдар, айтбозым, қарабатыр, батыр, жайдақ, жаңабай, елібай, тұтаңбалы, қайшылы, қаракеңірдек, ақкөңірдек болып 12 ата тарайды. Соның өсіп-өнуіне Бәйдібек бабаның сіңірген еңбегі шексіз. Оның тарихын Қарашаби, Майып аталарымен қоса қарастыру қажет. Жазба деректерде С. атауы алғаш рет Рузбеханның «Михманнаме и Бухара» шығармасында айтылады. Кім кімнің аузына құм құйды? Ұялмастан көшіріп, бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай бәрі «Бұқара мейманының байқағандарына» сілтейді. Сол уақытты көзімен көріп, бар оқиғаларға куә болған парсы тарихшысы Абдул-Хайр Фазлаллах ибн Рузбехан әл-Жунджи әл-Исфани ал-Амини (1467-1524 жж.) көп жыл бойы Шайбанилер Ордасында болып, сарайға адал қызмет етіп, жылнама түзгені бұлтартпайды.
Аңыз айтады: «Ойсыл отыз ұлды болыпты. Жәнібек ханның уақытында әрі дәулетті, бай, әрі өте зорлықшыл екен. Олардың ішінде Бораш мырзаның домбырашылық өнері басым болыпты. Ол Жәнібек ханның қызына ғашық болып, сөз байласып, кездесіп жүреді. Бір күні қыздың екіқабат екені де білінеді. Бұл ұнамсыз жағдай Жәнібек құлағына шалынып, ашуланып, қыз шешесін шақыртып алады да:
– Сенің басыңды аламын, неге қызыңа ие болмайсың, – дейді.
Бәйбішесі:
– Алдияр, Сіздің қарауыңызда қаншама уәзір мен жасауылдар батыр да балуан Бораштың бетін қайтара алмағанда менің қолымнан не келеді? – деп сұрағына жауап беріпті.
– Бас уәзірді шақырыңдар! – деді хан терісіне симай.
Жәнібектің бас уәзірі Жағалбайлы руынан шыққан кісі екен. Ол Қырғиқабақ та хан қызына іштей ғашық болып жүреді екен.
Хан уәзіріне:
– Ел аузына қақпақ бола алмайсың. Бұдан да Борашқа қызымды беріп құтылайын ба қайтеміз? – дегенде ол:
– Үш күнге мәулет беріңіз. Ойланып жауабын берейін, – дейді. Үш күннің ішінде Бас уәзір өзінше бір жоспар жасайды да хан алдына кіріп:
– Тақсыр хан ием, Борашқа қыз беруге болмайды. Біріншіден, Сіз хан тұқымысыз, ол – қара. Екіншіден, зорлықшыл отыз ұлды Ойсылмен құдаласып, қандай ұшпаққа шығамын дейсіз. Одан гөрі оларды үрім-бұтағымен қоса көздерін құрту керек. Ол үшін қызымды беремін деп дәмелендіріп, өтірік той жасаңыз. Отауларды қатар-қатар бір-біріне тіркеп, қырық үй тіккізіп, олардың ішінен ор қаздырып, босағаларына екі жендеттен қойыңыз. Күтуші жігіттер құдаларды біртіндеп кіргізсін. Сол кезде екі жендет олардың басын кесіп тастай берсін, – дейді…
Екі жастың ынтызар сүйіспеншілігі ушығып одан сайын қасіретті бола түсті. Алда қанды қақпан құрылып тұр. Құрбандар кімдер еді?
Ойсыл оқиғасын үлкен қасірет жасаудың керегі жоқ. Қырға кеткен қазақтардан тұтас халық қалыптастырудағы бір қайғылы қадам бұл.
Бұл жерде барлық қырғынға себепкер болған Ойсылдың Борашы мен хан қызы Жанбикеден туған ұл тасада қалғандай. Негізінде М.Әбдіәкімұлы да тұлғатанудағы басты елеулі еңбек «Сіргелі шежіресінде» дұрыс бағытта, азаматтық ұстанымда келе жатады да кенет айнып, сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Немесе ХV ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Бораштың тұңғышы Құбасай (кейіннен Сіргелі) он төртінші ғасырдағы Ойсылдың інісі Үйсінмен қалай қауышады? Ұрпақ жалғастығын ешкім жоққа шығара алмайды.
Бұлардан байқалатыны, Жәнібек, аса күрделі қайраткер. Бір ұрты май, бір ұрты қан болатыны сол себепті. Оны ойрандалған Ойсыл оқиғасынан арашалаудың онша реті келмейді ешқандай. Алағай да бұлағай шапқыншылық заманның нәубәт бұлты олардың да басына үйірілді. Құрылған қанды қақпанның шүріппесі шаппай тұра ма? Алайда, аңыздың ақиқаты қайда? Тағы да айтамын, Алтынорда соңғы қаһарлы хандарының бірі у төккен Жәнібектің бұған еш қатысы жоқ. Бір ғасырдай бұрын өмір сүрген Айса мен Ахметті Ойсыл деу іргелі ізденістің жемісі емес, сандырақ салқыны. Халқымыздың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының дәлдүріш тарихшылар мен шежірешілерге күйініп «оттауизм» дейтіні сондықтан.
Неге екенін қайдам, ашық күні адасқандай М.Қожа мақаласында татар, ноғай жырларына сілтеме жасап, қашқақтап өзіміздің Мұрын жыраудың «Қырық батырын» құрайтын «Айсаның ұлы Ахмет» дастанына назар аудармайды. Онда ағайындарына өкпелеп, Еділдің бір қойнауына қоныс аударған Айсаны іздеп, Асанқайғының жұмсауымен Абаттың барып, бес батырдың бірігіп, жауды жеңіп елге оралғаны суреттеледі:
Елден кеткен бес батыр
Ата-анамен қосылып,
Отырыпты Еділде.
Әуелі алған малдарын
Ноғайлының аш-арығы,
Жетім менен жесірге
Үлестіріп беріпті.
Жарлысы байға теңеліп,
Ақ Еділдің бойында
Асанқайғы, Айсаның
Елдері дәурен сүріпті.
Абат пен Айсаның батыр баласы. Ахмет Асанқайғының ұлы тетелес, бір заманның төлдері. Енді, оларды қақпайлап тар аяға тықпалаудың қажеті не?
Анықтап кетейін, 1942 жылы сексеннен асқанда шақырумен Алматыға келген Мұрын жырау 36 дастанды жаздырыпты. Бұл әлемде болмаған жәйт. Тілегеннің аты (лақабы Мұрын жырау) марқұмдарға хатшы болған ақын Мариям Хакімжанова, академик Рахманқұл Бердібаев және дос-жаран замандастарының куәландыруы бойынша, асығыстық пен сауатсыздықтың кесірінен Сеңгірбеков емес, Сеңгірбаев болып құжатқа түсіпті.
Енді сол бейқамдық пен дәрменсіздік тарих дүниесін бірте-бірте жайлай бастағандай. Бұған кімнің жаны ашиды?
Жәнібек хандар жұмбағы
Бір мәмілеге келе алмай айта-айта жауыр болған жағдай. Қазақтың ортағасырлар тарихында бірнеше Жәнібек бар.
Сонша құрлықтарды (Египет, Ирак, Түркия, Византия) аралап, ұзақ жол михнатын тартып, діттеген ел шетіне шаршап-шалдықпай жеткенде Алтынорда аймағында жылқының қисапсыз көптігіне таңқалып, әйелдер күймелі көшінде Өзбек ханның төртінші қатыны, Сарайдың аса ықпалды ұлы әміршісі Исабектің қызы Уруджаны (Орынша шығар) көріп, көңілі тоғайған араб саяхатшысы Ибн Баттута билеушінің зайыптары мен Иткүшік жағынан көл-көсір игілік пен қошеметке бөленеді.
«Орасан киіз үй ортасында алтынмен апталып, асыл тастармен безендіріліп, жарқырап көз жауын алатын тақ тұрды. Аяқтары да нақыра күмістен жасалыпты, – деп жазды жиһанкез салтанатқа сүйсініп 1334 жылы мамыр айының басында Бестау (қазіргі Пятигорск) маңында Ордада болғанын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп. – Ортасында Өзбек хан, оңында бәйбішесі Тәттигли (бәлкім, Тәттігүл) мен Кебек қатын, солында – Баялун мен Араши (мүмкін жоғарыдағы Уруджа болуы да кәдік) отырды.
Тақ алдында Өзбек ханның балалары қаздай тізіліпті: оң қол жағында сүйіктісі әрі мұрагері Тыныбек, ортада қызы Иткүшік, солында – шайқы ибн Әбд әл-Хамидтің шәкірті Жәнібек».
Көкжалдың тісі енді шығып келе жатқан бөлтірігі моп-момақан болып көрінді. Аз уақыт өткенде ол өз ортасына да опасыздық жасайды. Егер Өзбек отыз жасында зорлықпен бұған тиесілі болмаса да хан тағына отырса, баласы да һәм онша алыс кетпегендей. 1342 жылы билікке келген Жәнібектің баласы да көзі сәл тая бергенде арандатушылар арасында болып, ажал құшады. Алып қағанат быт-шыт бытырап ыдырай бастағанда Еділден төмен құлдилап, ынтымақ-бірлігі кеткен ел-жұрттың басын қайта қосып, біріктіруге тырысса да алауыздықтан көз ашпады. Құдіретті әмірші әкесін де аямай бауырларына да қысастық қылып, ақыры өзі де қатыгездік құрбаны болды. Тақ кімге опа берді? Соңынан қолды болған Қажытархандағы құрылысты қызу жүргізіп, қызығын өзі де көре алмай кетеді. Сарайшықтағы жасанды көлге шекер төктіріп, еркетотай қызына алтын жалатқан қайық сыйлап, айдындағы маңғаз жүзген ару құсты құладінге ілдіретін де сол. Қарадан қатын алсаң тұқымың тастаққа жайылатын болды деп Асанқайғының шенейтіні де содан.
Қазіргі Тәуелсіздік өз аяғымен келген жоқ. Бұл ғасырлар бойғы ата-баба-ларымыздың арманы еді. Қазақ хандығы құрылу жолының да кедір-бұдыр болатын себебі көп. Әбілқайырмен тұз-дәмі жараспаған Керей мен Жәнібек өз жерінен жеріген жоқ. Аңсағаны оңаша бұзау да емес шығар. Оларды болашақ шақырды. Бұл той өткеннен кейін жылы жауып қоя салатын тақырып емес. Қайта-қайта оралуды қажет етеді.
Жазушы М.Мағауиннің ертеректе басқалардан қалыспай жазған «Қазақ та-рихының әліппесінде» өзінше көсемсіп көсілгені бар: «Жәнібектің қазақ тарихында айрықша тұлға екендігінің белгісі – ол халық санасында әулиеге пара-пар, ақылды әрі әділетті әмірші ретінде таңбаланған (?) (таңбаланып ол мал ма еді?), ұлттық тарихымызда жәй ғана Жәнібек хан аталмайды, әз-Жәнібек хан деп аталады. Әз-Жәнібек – қазақ жұртының іргесін бекітіп, ордасын орнықтырған ұлы хан ғана емес, сол халықтың бар игілігіне ұйытқы болған асыл ұрық, ұлы әулеттің де негізін салушы. Қазақ Ордасының құдіретті әміршілері. Қазақ халқының ұлы перзенттері Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Абылай хан, ең соңғы Кенесары хан, ұлы ғалымымыз Шоқан, Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан – барлығы да осы әулие әз-Жәнібек ханның тікелей ұрпақтары» («Қазақ хандығы», «Аруна» Ltd, ЖШС, 2006 жыл, 20-бет).
Туған және өлген уақыты белгісіз деп өте шықпай жорамалдасақ, Жәнібек (азан шақырып қойған аты – Әбусағит) 1415 жылы дүниеге келсе, қырықтың үстінде қазақ хандығын құрысқан болып табылады. Өйткені, әкесі Барақ Ноғай ордасының мырзалығымен соғыста 1426 жылы өлген жоқ па еді.
Әбілғазы баһадүр де «Түркі шежіресінде» қаһан мен біраз хан әулетіне сыпаттама бере келіп, бір тұста тоқтап кетеді: «Әбілқайыр ханның екінші ұлының аты – Қожа. Мұхаммед Өзбек оны «қожығым тентек» дер еді. Оның ұлы – Жәнібек хан, ол ақылсыз кісі» (Астана, «фолиант», ІІІ том, 200 бет).
Қазақ тарихының талмауыр тұстарын жазуға жүрек қалауымен үңіліп, қалам тартқан теміржолшы Мұхамеджан Тынышбаевтың «Ұлы зұлмат» кітабында: «1476 жылы Қырымды Ахметтің баласы, ал, 1477 жылы Жәнібек хан биледі… Жәнібек хан Қажытарханда да қатар өмір сүрді. Қалай дегенде де Алтынорданың Ахметіне өзіне жақын ықпалды жан әрі қолбала ханды ұстау қауіпті болғандықтан Қырым хандығын сылтауратып сонда жіберуі мүмкін. Вельяминов-Зерновтың көрсетуінше, Жәнібек Қырымға 1475 жылы келіп, 1480 жылдары шамасында Ресей ұлы кінәзі Иван ІІІ Васильевичке мойынсұнып, Ковнода өлді делінеді. Әркімнің тұжырымына иланып, қазақ ханы осы деп С.Сейфуллин де қателеседі.
Тағы бір еңбекте Қазақ жас мемлекетінің тарихында (1456-1730 жж. арасында) 16 билеуші болып, солардың ішінен отыз жылдан астам «тақта отырғандардың алғашқысы. Бұрындық болса, одан кейінгілері Ақназар, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар ғана. Оның өзі көп нәрсені аңғартса керек» деп те қисыңдайды.
Біз білместіктен бірінің бойындағы жақсы қасиеттерін біріне жамайтын әдеттен әлі арылған жоқпыз. Бас-басына лайық баға беру уәжіп, Құлдырау мен қылбұрау, шың мен шыңырау арасында күн кешіп жүрген жан зердесінде тоқып, зәру қажетін алатынына тіпті күмәнданбаймын. Көкжиек әлі ашыла береді. Қаншама қапасқа тұқыртып тыраштағанмен күнді көлегей алмайды ешкім. Ой түңдігі түріліп, лебіз лебі еседі. Бірнеше ел Ғылым академиясының құрметті мүшесі, академик, тамаша тарихшы Анна Михайловна Панкратованың (1897-1957жж.) жобалап айтуы бойынша «Орыс патшалары мен гүржінің кінәздары мұқым мінсіз екен де, қазақ хандары шетінен әлжуаз, ноқай болып келетіні қалай?»
Нысанаға дөп тиіп жатқандай. Көптен бері тісін қайрап жүрген И.В.Сталин мен оның жәдігөй жандайшаптарына атылған оқтай. Осындай ұтқыр да тапқыр сөзден кейін де біз өз батырларымыз бен бағландарымызды бағалауда неге қорқасоқтай береміз.
Өмір өзегі
Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы! Ол бізге бейтаныс та, таныс та тұлға! Тәуіп әрі этнограф-тарихшы. Бейтаныс болатыны бұдан бірнеше жыл бұрын шыққан «Шипагерлік баяны» (1996 ж.) шаң баса бастады. Мамандар мен біліктілер тарапынан оның еңбегі ден қойылмай елеусіз қалды. Таныстығы оның қырнаған сайын, жауһардай жарқырайтын сан қырлы шығармашылығы қазақтың марқайған мәдениетіне зор үлес қосты. Кезбе күнін кешіп жүріп, ұрпақтарына асыл мұра қалдыру нағыз жүрек жұтқандық еді. Одан шындық шуағы шашырайды. Өзін тарихшы санайтын Ертай Жомарт (шаласауат деуге ауыз бармайды) бірнеше басылымда шыққан («Жас қазақ», 30 қараша, «Қазақ үні», 28 желтоқсан) былтырғы бір мақаласында оқырманды алдарқатып, астана Құзорда – Ақорда Баласағұн болған-мыс деп солай қарай жетелейді. Ал, Өтейбойдақ өзі Жәнібек ханға Жиренше шешеннің қолқалауымен барғанын былай тәптіштеп тәпсірлейді: «Былтыр Жиренше шешен науқастанып, сырқатына шипа ем дарым заруатын дарымдап, сауыққан соң ой тапсырғы айтып қайтқалы жатқанымда Жиренше шешенге хан әз-Жәнібек тақай шақырғыш жасауылын жіберіп, шешенді шақыртыпты. Жиренше:
– Сен қайда бармақсың, бірге жүр, егіздеп барайық, – деген соң мен оған ілесіп Ақордаға барсам Жәнібек хан тағында уәзірлері мен шенді-шекпенділері екіге жарылып, ортасын бос тастап отырыпты. Біз хан тақсырға амандағыш жөрелгі аяқ жоқ еш.
Жәнібек хан:
– Ей, Қарабас! Көз мұрын жербет қайсы, – деп Жиреншеге оқты көзімен ата қарағанда, мен ішімнен бір сұмдық болмас па екен деп Жиреншені ханның «Қарабас» дегені қалай деп аң-таң болып тұрдым да қалдым. Бірақ, Жиренше зымырғай:
– Күлкі жербет, ұйқы жербет, тамақ жербет, талақ жербет көз құлақ еді, ауыз кем ғой, – деп еді, хан жымиып қойды да:
– Көз мұрын сағымған қайсы? – деді. Ойлану ешкізнек бермейін дегендей тықсырғала, Жиренше іркіліссіз:
– Ажал сағымған, несіп сағымған, неке сағымған, толғақ сағымған, қонжат сағымған оң қол еді, көзді өтей тастақа отырсыз ба? – деді Жиренше. Оған жауап бермеген хан тағы да Жиреншеге: «Бишеқор қаншаға?» – деді. Жиренше:
– Бастармақсыз шопан табын бишақор, түйіні жоқ ой бишақор, қараүзген шипагері жоқ ел бишақор, лықсып малы, толықсып елі жатпаған бел бишақор, өңгеріп елі қадірлемеген ер бишақор, оң қол екен, – дей бере хан:
– Бізде қараүзген шипагер бар ма? – деп сұрады Жиреншеден, Жиренше:
– Тақсыр, өзі білгі алдыңызда, білмесеңіз қарызыңызда тұр, – деді. Хан аз-кем бөгеліп:
– Ол кім, – деді. Жиренше мені сұқ қолымен нұсқап көрсете тұрып:
– Мұның сүйегі Ұлы жүз, Зарман, Зарман ішінде Албан. Лұқман хакімнен тәлім алған. Аты Өтейбойдақ, шипагерлікпен өтерден мормақы әлі жақ деді. Менің төбем көкке жеткендей болды. Жәнібек хан көзін менен алмастан, басын изей ойланып алды да:
– Жарайсың, Қарабас! Басың нағыз алтын бас, тілің нағыз гауһартас екен. Әкең атынды тауып қоя алмапты «Қарабас» деп, екі ілікке алуға жарымас деп, әттең, қойса жөн екен «Алтынбас» деп, – деді Жиреншеге бұрылып. Кенет Жиренше езгі тағзым жасап ханға:
– Әкем менің атымды жағалап қойыпты, Сіз бағалап қойдыңыз, жұрт ағалап атайтын шығар. Бірақ, тақсыр, менің атым «Қарабас» емес Жиренше. Азан айтып қойған аттан айырылып босқа күйгенше, басымды шауып тастаңыз қара жерге кіретін ғазиз басты игенше, – деді де езгі тағзым жасап тұра берді.
Хан бедірейе қарап бірсыпыра отырды да кенет түсін жылытып:
– Жасың қаншаға? – деді сұрап Жиреншеден. Жиренше:
– Жылым айбар, қырық беске келдім. Біле алмадым мәнін, мен қалайша өлдім? – деді. Хан:
– Сен онда Қанай шешенмен тумалас екенсің, сол айтқан еді, – деді.
Қанай шешен осы орайда Жиреншені жеңіп алғысы келді ме, тұтқиыл дүрсе қоя беріп:
– Білсең, айтшы, дүниеде не өлмейді? – деді. Жиренше:
– Әділдіктің заты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді, – деп зымырағай жауап беріп тұрса да ханнан көз айырмай Қанайға қайырылмастан. Қанай:
– Жиренше! Өтірік айттың. Күннің көзі өлмейді, ағынды су өлмейді, аспандағы ду өлмейді, – деді. Жиренше:
– Қанай, қаңғып кеттің, тапа-талтүсте қалғып кеттің. Қара жердің өлгені үстін қардың жапқаны, ағын судың өлгені бетіне мұз қатқаны, Күн көзінің өлгені қызарып барып батқаны, аспанда дудың өлгені көктің айық тапқаны. Ажал келіп тиген оқ Алланың көздеп атқаны, – дегенде Қанай үндей алмай қалды. Жиреншеден басқамыз хан бастап ду күлістік. Қанай жер болды.
Жәнібек хан:
– Қанай шешеннің бас жағындағы бос орынға отыр! Тумалдастың құдайы бір, дүрдүн тауар түйіні бір, – деді Жиреншеге қарап жымия. Сонда Жиренше отыруға асықпастан:
– Қасымдағы қандалмамды қайтемін? – деді ханға қарап.
– А, не дейсің? – деп Жәнібек хан опырыла шорт сынардай, шатынай Жиреншеге оқты көзімен ата қарады. Менің зәре-құтым ұшып кетті. Жиренше қаннен-қаперсіз, аспай-саспай тағы да мені нұсқап тұрып:
– Алдияр, тақсыр! Қасиятты хансыз, жасай алмайсыз өмірлеуде раһит жансыз, сырқаттанып науқас атансаңыз, шипагер сырқатқа қандалмадай қадалмаса, науқасты бейнеттен айықтырып ала ма? Жардың ауған жүгін басқан арманбол кейде тайып тұра алар ма? – деді.
Ханды жан тәттілігі сергітті ме, болмаса Жиренше шешен қайта ескерткен соң есіне түсті ме, не сөз төркінін ұғынбағаннан тәп-тартып өзінен өзі именіп қалды ма белгісіз, сабасына қайта түсе:
– Жиренше деген атыңды да алдың, шешен ділмар затыңды да алдың. Ханзадамның аты да Жиренше еді, Қанай шешен қарашаға ханзаданы теңей алмай айтқан болды ғой. Ордамда ханзада Жиренше, шешем жиренше пар болса, қор болмайды екенмін, – деп жырғап, қарқылдай күлгенде уәзірлері мен шенді-шекпенділері де қарқылдасып күлісіп, қау-қауласын мақтасып жатысты.
Мен де Жиреншенің жүлдесіне қуана күле бердім».
Ұзақ болса да бұл үзіндіде қал-қадырынша алғыр хан, кемақыл уәзірлер мен ақылман Жиреншенің бейнелері жасалады. Оны көркемдігі сәл аздау шеберлік деп атауға неге құқымыз бен қақымыз жоқ.
Бұл 1467 жылы болған оқиға. Жәнібектің уәзірлері Жандамер, Шәркеш, Қанай, Жармана және басқалардың кейпі андыздап алдан шығады. Керей хан хақында да бір ауыз сөз жоқ. Кеп Құзорда-Ақорданың қайда екендігінде емес. Сол қарама-қайшылыққа толы қоғамның құпиясын ашқанда қандай құнды болар еді. Тарихшы оқиғаны баяндайды да қояды.
Көп ұзамай Жәнібектің «Шипагерлік баянның» толық нұсқасын оқи алмай, жау қолынан қаза тапқаны өкініш тудырады. Бұндағы Темір кім? Ойрат-жоңғар қонтайшысы ма, Ноғай Ордасының бір билеушісі ме, жоқ әлде Әмір Темір әулетінің мұрагер біреуі ме? Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ашып көрсетпейді. Керісінше, қан тазалығы үшін қазақтар ішінде жетіатаға дейін қыз алыспауға Жәнібектің көзін жеткізіп, елге таратуға ықпал етеді. Соларды жіліктеп, бүге-шігесіне дейін ақтарудың орнына қазақ хандығының астанасы қай жерде болғаны сонша маңызды ма? Ең бастысы, біздіңше, «Шипагерлік баян» арқылы халық даналығының нышанындай Жиреншенің Айбар (Барыс) жылы (1420 жылдар шамасы) мен сол дәуірдің күрделі ортасы анықталып айқындала түсті.
Бұнда келгеннен кейін «8-9 жылдай уақыт Моғолстанға қарап тұрды» деген не? Аума-төкпе заманда аңысын аңдаған болар-ау, бірақ, ешкім ондайда қол қусырып қарап отыра алмайды. Жаңа хандық құру түгілі үйдің уығын шаншып, шаңырағын көтергенде керегесін кеңейтіп, босағасын бекітуді ойламай ма? Егер, шын тарихшы болса одан әрі қазбалап, ақиқатты анықтау керек еді. Ертай жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүру жолын таңдапты. Анау еді, мынау еді деп жақаурату бұл ғылымға жат. «Түркілерде Бураны, Арыстанды титулды (лауазым, мансап сөзі ауызға түспегені ме?) ету үрдісі Х-ХІІ ғасырлардағы Қарахан мемлекетінің дәуірінде болған». Тұтас хандықтың шығыс бөлігін Боғыра (Бура), Батыс жағын Арыслан (Арыстан) билеген болатын. Оны апарып Есенбұғыға телуі онша қисынға келмейді. Есенбұғы 1429-1462 жылдары Моғолстанды билеген жоқ. Әкесі Шағатайлық Уәйіс 1428 жылы өлгеннен кейін ағасы Жүністі Ферғана жаққа ығыстырып, қиян-кескі күрестен кейін дулат билеушілерінің көпшілігінің қолдауымен 1434 жылы кенже бала таққа қол жеткізді.
Қалай болғанда да біз Ө.Тілеуқабылұлының туындыларына әлі талай ораламыз. Оның сөйтіп жүріп өлең жазуы өз алдына, қазақ хандығы тұсындағы тіл қорының інжу-маржанын түзуінің өзі үлкен тәлім түйгізеді. Мәселен: Ашжаз (парақ), әужал (азық-түлік), гүршік (Темірқазық жұлдызы), дерқайнама (қазан), ду (бұлт), жербет (арсыз), зіңгіт (ағаш діңі), құлғана (лепіре), құйылтөгіл (шүмек), миғұла (маймыл түрі), мүңк (мұрын), сағымған (ғайып), уәжіп (заң), шөнтек (тұлып) шонтай (дорба), шижамалағыш (хатшы), ширама (әл-қуат), анда (дос, Одақ, тамыр), андағай (бөкен бұқасы), азынама (айғыр), бая (нар інгені), томпайма (мола), кенерекөк (көкжиек), кежігу (кедей), қосқұл (құлақ), лып (оқжылан), милау (ақымақ), ноқтаған (жасырын), орама (шұлғау), сусақ (суық), тантал (көз), түккөрмес (мысық), уғарақ (ащы, удай), үйірлік (маһаббат), шижал (қалам), айырым (тақырып), баттал (жексенбі), жұмба (жұдырық), көкілет (ұятсыз, бетсіз, арсыз), сабаз (сауын сиыр), сұлға (сұлтан қызы), тектеліс (зерттеу), ығыс (желтоқсан), барбан (бүйі), дидарғайып (дидарласу), жөрелгі (салт), қадыр (мақал), мысқыл (шықшыт), сапсалғы (ысқы), қамбаршы (жылқышы), шемен (асқазан, бауыр обыры), айсыз (өлара), құндыздық (түбір, түп), мәнзіл (мезгіл), сушақ (шуақ), шошымалы (тез еритін қар), ақар (алақан), борсаң (борсық), дөңгелеме (жұмыртқа), бадырақ (үкі), жабырай (жапалақ), зарапар (түйекиік інгені), зыпылдақ (қабылан), күркіреуік (арыстан), лыпылдақ (мәлін), сағым (ажал), сылтың (күзен), сыпылдақ (бөдене), ығыр (ілбіс), дүлше (теміреткі), жансерік (ерлі-зайыптылар), милық (таз), сойқан (усойқы), түгіл (жебе басы), шаншыма (біз), шажан (шаян), т.т.
Бұлардан тіркес, сөз, орам, тілдің қалай дамып-өркендегенін байқауға болады. Тұтас таным емес пе?
Қазақтың қанаты
Біздің дала, жылқы – бәріміздің кіндігіміз бір сықылды. Дала десе делебе қозады. Азбан айғыр азынап, құйғытып барады. Айға қарап көк бөрінің ұлығаны құлағыма келеді. Тұяғымен жер тарпыған тарпаң тұлпарлар неге жиі-жиі түсіме енеді. Сабылып өткен жұлдызды жолдар қиылысып жатқандай. Қазақ жылқыжанды, жылқымінез деседі. Бұл сол қанатты жануармен бірге біте қайнасып өскендіктен шығар. Алақайласа ерсілігі жоқ еш. Қазіргі оқтау жұтқандай болып, ерсілі-қарсылы жүйткіген темір тұлпар, такси, трамвай, троллейбус, автобус мінген ұрпақ шыжыған күн астында көзіне көк шыбын үймелеп, ыңыршағы айналып, қамшы тиген ат мініп, мала басып, мақта шабықтаған қаршадай бала сезімін қайдан түсінсін. Өйткені, олардың тақымы қатып кеткен мүлдем. Заман болмаса оған кім кінәлі?
Бұны алпауыт АҚШ, алакөз Алмания, ұғымтал Ұлыбритания, реуішті Ресей, перуайсыз Франция, дүмбілездеу Дания, қыңыр Қытай, кіді Литва елдерінің жер жыртығын жамауға дайын ғалымдары амалсыз мойындауға тура келді. Таным мен тәжірибе тоқайласты. 1990 жылдардан бері Ботай бөктерінде ашылған қазба мен дереккөздеріне сүйеніп жазылған бұл тақырыпта Дэвид Энтони, Доркас Браун, Норберт Бенеке, Анжелофан дон Дриш, Марша Левин, Сандро Олан, т.т. оқымыстылар зерттеулерін зерделеп, жаһан жұртшылығына жария етті. Солардың арқасында байырғы қазақ мәдениетінің ошағы маздап, елең еткізді. Бұған Голливуд пен Болливудтың тамсандырған талай киносына түсіп жүрген жігіттер атынан сөйлеген каскадер Ардақ Қадырханның жер бетінде қазақтан басқа ат құлағында ойнайтын халық жоқ дейтіні отқа май құя түскендей.
Жас қазақ мемлекетінің бұғанасы бекіп, көкжиегі кеңея бастағанда таққа отырып, халық бақыты үшін қас қақпаған қағылез Қасым хан («Қасымның қасқа жолы») жырақ және жақын дос-жарандарына масаттанып: «…Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз,
Ләззат алатынымыз – ет,
Сүйетін сусынымыз – қымыз,
Қызық көретініміз тебіндегі жылқымыз, – дегенде төрт түліктің төресін бірінші атауы еріккеннен емес.
Ежелгі адамдардың да тасқа суреттерді ермек үшін шекімегені аян. Олар ым, ишара мен құр сөзден ығыр болып, ызасы келіп, жалығып, бойындағы және бір қырын ашып, тілсіз тасты сөйлетті деп ойлаймын. Оған бәдіздеп қашаған бейнелердің өшпейтінін білді, әрине. Тылсым табиғаттан сыр тартып, аңсау арманын шекіді: арқар, бұғы, таутеке, барыс, қос доңғалақты арба, садақты аңшы, жылқы неге жиі ұшырасады? Сөйтіп аң айшықтары («звериный стиль») қалыптасып, өнер өлкесіне төңкеріс әкелді. Алма пішіндес болып келетін көзе-құмыралар, түрлі ыдыстар мен тұтыну тұрмыстық заттары бүйірі һәм табанынан гүлдер және қызғалдақтардың табылуы кездейсоқ па? Осындайда олқы түсіп жататын тұстарымыз да ойға орала береді. Бізде салт атты ескерткішкері сәтсіз шығып жүр. Наурызбай, Райымбек, Қарасай батыр тұлғалары өздеріне сай ма? Оларға қандай белгі қойып жүрміз? Астына тұралаған ат мінгізіп, қолына шошайған найза, не шоқпар ұстату лайық па? Алматыдағы Амангелді ескерткіші де елеусіз. Өфедегі Салауат Жолай, Еревандағы Дәуіт Сосунци, Бішкектегі Манас, Санк-Петербургтағы І Петр ескерткіштерін айтса ауыздың суы құриды. Оларда іштей жігер-қайратты қайрап, қырандай қанаттандыратын рух бар. Ал, біздегілер әншейін асқақ сезімді жербауырлатып алғандай біртүрлі.
Жазатайым жылқы тағдыры жер мен адам тағдырына ұласып кеткендей. Әлі күнге бір оқиға маған мәңгі өмір жырындай естіліп, қайта-қайта мазалап, еске түсе береді. 1941 жылы 19 маусымда белгісіз ақсақалдар Әмір Темір зиратын ашып жатқандарға әруаққа тимеңдер, үлкен қантөгіс болып кетеді деп ескертсе де жоғарғы биліктен рұқсат алған әпербақандар оған құлақ аспайды.
Артынша батыста соғыс өрті бұрқ ете қалады. Майданға ер азаматтармен бірге іріктеліп аттар да алына бастайды. Біздің кішкентай ұжымшарда да жүйріктер көп болушы еді. Солардың домжарған біразы көзі жәудіреп кете барады. Эшелонға тиелген бір топ жылқы Сарытау (Саратов) тұсынан Еділден өтіп, Сталинградқа жете бергенде жау ұшағы бомбалап, содан аман қалған бір айғыр ешкімге қайыру бермей, арып-ашып арса-арсасы шығып Досан-Қарабастағы елге келеді. Ит өлген жерден ол туған жерге қалай жетті? Оны жетелеген қай сүйіспеншілік пен түйсік? Ел аузында әскерторы атанып аңызға айналған жануар көп ұзамай сақаумен ауырып тулап мөңкісе де қылбұрау салыныпты. Жазылғаннан кейін үйіріне қосыпты. Мен өзін емес ұрпақтарын көрдім. Сұлулық, сымбат пен жүйріктік сақталынып қалыпты. Қайран қылқұйрықтар!
Ұзақ уақыт ертегі мен жыр-дастан-дардағы Керқұла, Шалқұйрық пен Тай-бурылдарға қиын-қыстау кездерде неге тіл бітіп, қаһармандарды құтқаруға қалай ықпал етеді деп ойлап жүргенім бекер екен. Олар бәрінен де зият.
Қазақта Толыбай сыншыдан бастап атпаздар көп еді. Ақын-жазушылар арасында да жетеді. Мен білетіндерден Ғабит Мүсірепов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Қажытай Ілияс айрықша топ құрайды. Әсіресе, Асекең жылқы десе ішкен асын жерге қоятын еді. Есігінің сыртына таға іліп, замандастарына: «Сендердің бәрің маймылдан, мен шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрік жылқыдан жаралғанмын» деп құлаққағыс ететін әзіл-шыны аралас. «Қыз Жібек» фильміндегі Ақбозатты ел аралап жүріп сол таңдады деседі. Мен жылқы жайын кәдуілгідей білемін деп айта алмаймын (Бірақ, сізге өтірік, маған шын). Абай мен Жамбылдың туғанына 125 жыл толу мерейтойында бәйгеге кеткен аттардың қайсысы топ жарып келеді деп бәсекелескенімде ұтқаныма өзім де қайран қаламын. Соған қарағанда жылқыға деген ыстық ықылас, сәулелі сүйіспеншілік әр қазақтың қанында бар шығар.
Біздің елімізде, өкінішке қарай, жылқытанушылар тым сиреп кетті. Тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабайдан басқа ешкімнің үні естілмейді.
Жылқы туралы жыр басталса жуғарамда аяқталмайды әлі. Аңыз ақыры – ақиқат. Алламен ұшырасуға Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа көлік емес қанатты ат пырақпен барып қайтуының өзі неге тұрады.
…Жылқы біз үшін бәрі сияқты. Қызық та, шыжық та соған байланысты. Еуропадан елді сағынып келгенде ана бір жылы Тәкен аға екеуміз (Әлімқұлов) бір апта бойы Қаратауды армансыз аралағанымыз кеудені күйдіріп, отаудағы ойды әлсін-әлсін оятып естен кетпейді. Ауыш болғандай қос аттылы тау-тасты кезіп жүргендейміз әлі. Жұлдызды шақ туып еді. Шіркін! Жылқы дәурен көзден бұлбұл ұшып, алыстағы ат жалында кетіп бара жатқандай. Уақыт желімен жарысқым келетін. Қанат бітіп шаңқылдаған қырандарға қол созғандай. Тұлпар тұяғымен жазылған жылқы жыры естіледі. Белдеудегі мама ағашқа байлаулы арғымақ ауыздығын қарш-қарш шайнап шаңды шаңға қосқан шабыс тілеп тұрғандай.
Шыбынсыз жаз басы еді. Ер Едігенің туған жері ХХІ ғасырмен тыныстап жатыр. Армысың, арайлы таң!..

***

Әлқисса, тамат-тамамды айту әлі ерте. Уақыт үнін өшіру мүмкін емес. Оның алтын күймесі күллі шешілмеген күрделі мәселелерді жиып-теріп, бөктершегіне тиеп, арман айлағына соқпай заулап алға тартып барады. Меніңше, бар саладағыдай тарих ғылымы да тығырыққа тіреліп тұр. Көбіміз жайбасар мимырт күйбеңгершілікке етіміз өліп үйреніп кеткендейміз. Азамат, көтер басты! Алқын-жұлқын өмір өзгерістерді күтеді. Сол құтты күні кездескенше!

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.