ҚҰПИЯСЫН ҚОЙНЫНА ЖАСЫРҒАН ҚОЙНАУЛАР

  • 28.05.2019
  • 158 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жексен Алпартегі,
журналист

Жасы 80-нен асқан өлкетанушы, этнограф, Алтынбек Қонаев қария телефон соқты. «Уақытың болса, атақты Шалкөде жайлауына барып қайтсақ. Бұрын өзіңе айтқан үйсін қызының балбал тасын саған көрсетемін. Тас өз орнында болу керек. Жазда ол жаққа тек малшылар ғана барады, қалған мезгілде ешкім аяқ баспайды.Соған жол түсіп тұр. Одан кейін Қарағайлыдағы Жанпейістің шамкөріне соғып, Кегеннің Сарытауындағы Жұмбақ тасқа соғамыз. Қарабөлтектегі сым тастарғды және сол маңдағы арқардың суреті салынған тасты да көрсетемін. Балам Қанаттың көлігімен  үшеуміз барамыз» – деді.  Қарияның бір ауыз сөзін жерге тастамай Талғардың Талдыбұлағынан  ерте жолға шықтық. Балбал  тас туралы Алтынбек қария бұдан  біраз  жыл  бұрын   Кеген өңірінде сапарлас болғанда айтқан еді.  Онда қария өзі көрген біраз  тарихи   жерлерді көрсетіп,  екеуміз бірге аралаған едік. Көксайдағы үңгір, Қызыл арасандағы ертегі жазу, Мыңжылқыдағы сардар балбал тас, Ақтастағы қазылған төбелерді  көргенбіз. Ол жолы Шалкөдеге жолымыз түспеді.  Жол түссе, бір көрерміз  деп қайтқанбыз.  Енді,  міне,  соның сәті түсті. 

Шалкөдедегі үйсін қызы

Біздер түс ауа атақты Шалкөде жайлауына жетіп, қария айтқан Қараршаға жеттік. Батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Ұзынқара тауына бұлт үйіріліп, біздің артымыздан қалың нөсерлі жауын шығысқа қарай жауып келеді. Қарсы алдымыздағы Айғайтасты да бұлт басып, түнере түскен. «Жауын жаумай тасты тауып алсақ, жақсы болар еді, келіп қалдық» деп, Алтынбек қария мінген көлігімізді бір отар қой жайылып жатқан жазыққа қарай бұрғызды. «Міне, осы маң. Қараршадан Шалкөденің суынан өтіп, Ұрының сайындағы Өтегеннің үйіне қарай бет алғанбыз. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Қасымда қарасаздық мұғалім Мұқаметқали болған. Екеуміз екі-үш атты кісінің артында келе жатып, бір төмпешіктен сопақшалау келген көк тасты көріп тоқтаған едік. Аттан түсіп, тасты екеулеп аударғанда әйел бейнелі балбалды көрдік. Қос анары дөңгелек етіп ойылыпты. Түп жағынан сынып құлаған тас жерге етпеттей жатыпты. Екеулеп жатып, әрең дегенде орнына қойдық. Айдалада жалғыз тұрған балбал бізді таңқалдырды. Кейін, Мұқаметқали әлгі тастың бейнесін ақ қағазға сызып, суретін берген. «Содан бері қанша жыл өтті. Оған ешкім тимеуі мүмкін. Өйткені, ол Айғайтастан асатын жолдың бергі жағындағы Шалкөденің суынан өткен қабақтан сәл алыстау жерде, жолдан жырақ» деп, қария жан-жағына қарап іздеумен болды. Бізде көліктен түсіп, біраз жерді жаяулап айналамызға көз салдық. Бірақ, көзімізге ешнәрсе түспеді. Күн тамшылағаннан кейін қатты жауынның астында қалмайық деп, өзіміз келген жолдың жоғары жағында отырған екі малшының біреуінің үйіне келдік. Үй иесінің келіншегі жылы қабағымен қарсы алып, дастарқан жайды да қымыз құйды. Әңгімені өзіміз бастап, осы маңнан балбал тас іздеп жүр едік дегенімізде, келіншек «сіздер іздеген апа, мына екі үйдің ортасында тұр, дәл келдіңіздер» дегені. Бірақ, біз іздеген балбал Алтынбек қарияның айтқанына тура келмегеніне қарай, «бұдан басқа да тас барма» деген сұрағымызға,«өздеріңіз келген жақта тағы бір тас бар. Бірақ, оны мен көрген емеспін. Есік алдындағы ағып жатқан сумен төмен бойлап жүргенде оның күншығыс жағында дегенді естігенмін» – деді келіншек. Күн күркіреп, жауын басылғаннан кейін біздер екі үйдің ортасындағы тасқа бардық. Жазық жерде қаққан қазықтай болып тұрған шағын балбал, онша үлкен емес екен. Бір қарағанда келбеті әйел адамға ұқсайды. Көрген көзге расында да апаның бейнесіне келеді. Бетін құбылаға қаратып, екі қолын кіндік тұсына ұстап тұр. Бірақ, әйел адам емес, ер адамға жақын. Қос қолын қарын тұсына қойған. Саусақтары анық көрінеді. Балбалдың жанында бір кіші тас жатыр. Оның тұрған жері кезінде шағын төбе болған секілді. Бірақ, ол жербеттеніп тегістеліп кеткен.Түсі сұрғылт, екі қолының саусақтары аппақ болған балбал, сірә, батыстан әлдекімді күтіп тұрғандай көрінеді көзге. Біз балбалдың бойын өлшегенімізде биіктігі 68 см, ені 34, қалыңдығы 27 см болды. Орнында нық тұр, қозғалмайды. Түбі тереңде жатқан сияқты. Артын күншыстағы Айғайтас шоқысына қаратыпты. Алтынбек қария: «бұл мен көрген тас емес, төменге барайық» деп, қайта көлікке отырдық.
Келген ізімізбен суды бойлап, бір шақырымдай жүріп, судан өтіп, жаяу өтіп айналаға көз салдық. Қария алдымызға түсіп, аз жүргенде бір жерге еңкейді де қолын бұлғады. Қанат екеуміз жүгіре басып қасына барғанымызда, «Мен жаңылмаппым. Жаңа тура келіппіз. Судан өтіп, осында келгенімізде тура үстінен түскендей екенбіз. Мұқаметқали екеуміз тұрғызған тас осы. Тағы да жерде жатыр. Құлатып, біраз жерге апарып тастапты» деп, киіз үйдің орнындай төмпешіктегі көк тастың орнын көрсетті. Балбал өз тұрған орнынан екі метрдей жердегі ойпаңда шалқалап жатыр. Түсі көкшіл, сопақтау келген. Әйел бейнелі балбалдың кеуде жағындағы қос анары дөңгеленіп ойылыпты. Тасты әлде біреулер әкетпек болып, ойпаңға әкелген тәрізді. Себебі, оның өз орнынан алыс жатуы бізге осындай күдік туғызды. Балбалды үшеулеп жылжытып, өз орнына әрең әкелдік. Оны сынған жерімен қиюластырып қою да оңайға соқпады. Бұл балбалдың да келбеті күнбатысқа қарап тұр. Артында Айғайтас. Балбалды орнына қойғанымызда сынған жері қиюласып, дәл түсті. Тіптен, сынғаны да білінбей кетті. Бойының биіктігі 95 см болса, ені 35, қалыңдығы 23 см екенін де анықтадық. Жерден сынған жері 20 см, сынған бөлегі 75 см болды. Бетінің жалпақтығы 30, иегінен төбесіне дейін 27, бастың қалыңдығы 25 см. Түбінің айналасы шағындау келген малта тастары бар. Біз орнына қойған балбал тағы құлап қалмасын деп, түбіне тас үйдік. Іздегеніміздің табылғанына Алтынбек қария қатты қуанды. «Егер, сол кезде бұл балбалды біз тұрғызбаған болсақ, оны осы күнге дейін шөп басып жатқан болар еді. Бізден кейін мұны талай адамдар көргеніне көзім жетеді. Бұл үйсін қызының балбалы. Мен Кеген мен Нарынқолдан және Ұйғыр ауданынан дәл осындай балбалды көрген емеспін. Көбі ер адамдардыкі. Бұл әйел бейнелі балбал өте ертедегі үйсіндерден қалған жалғыз мұра. Біздің арғы ата-бабамыз осында мекендеген жер екенін анықтап тұр. Екі балбалдың да күнбатысқа қарап тұруы бекер емес. Ең бастысы ойымда жүргенді сендерге көрсеттім, көңілім тыныш тапты. Енді, екеуің де бұл балбал Алтынбек қария көрсеткен деп айтып жүресіңдер» – деп, бір күліп алды. Қанат та әкесінің өтінішін орындағанына риза. Себебі, ол жол алыстығына қиналмай осында біздерді әкелуі де оңай шаруа еместігін түсінген. Оның үстіне жеңіл көліктің мұнда келуі де екіталай. Жол қиындығы артта қалып, іздегеніміз табылғанына үшеуміз де қуандық. Әсіресе, Алтынбек қарияның иығынан бір жүк түскені анық. Қанша жылдан кейін өзі көрген балбалды бізге көрсетуді өзіне парыз санаған. Оны біз де түсіндік. Және де осы маңда тағы да бір балбал тастың бар екенін осы жолы көзіміз көрді. Ол балбалды сарыбастаулық малшының әйелі Сайрагүлдің бізге көрсеткеніне іштей рахметімізді айтып, олжалы болғанымызға көңіліміз күпті болып кері қайттық.
Құпиясын ашпаған тас қорым
Жолай келе жатып, Шалкөде жайлауының жол бойында үйсін төбелерді көзіміз шалған. Жап-жасыл болып жатқан жайлауда, батыстан шығысқа қарай тізбектелген шағын төбелер жол-жөнекей кездескен еді. Көбі жербеттеніп кеткенін де байқағанбыз. Бәрі де бірімен -бірі қарайлас төбелер бір ара қашықтықтарды сақтаған тәрізді. Ұзынқарадағы Кетпен асуымен Алтынкен тұсына келгенімізде бір төбеден қорым тастардың көп үйіндісін бара жатып көргенбіз. Оның басқа төбелерден ерекшелігі, қалың малта тастардың мол үйіндісі назарымызды аударған. Қайтарда сол жерге тоқтадық. Аумағы бір отарлы мың қойдың қорасынан үлкен қорымның дәл ортасында көк шөпті төбе тұр. Төбенің айналасы тасты қорым болып, дөңгелектеніп жатыр. Қорымның жатқан жері жазық жерден аз да болса да сәл биіктеу. Жазық пен қорымның арасы 3-4 метрдей жазық болған болса, сол жазықта төрт бұрышталып қазылған арықтың сұлбасын да байқауға болады. Оның ұзындығы 20-30 метрдей төрт бұрышталып қорымды айналып кетіпті. Тас қорымның кей жерлерінде дөңгелектенген шұңқырлары да бар. Олардың көлемі әрқалай. Мұндағы тастар да біркелкі. Тастар Шалкөде өзенінен әкелген бе деген ой болды бізде. Себебі, тастар ағынды суларда кездесетін домалақ пішінді малта тастар. Таудың қожыр тастарына ұқсамайды. Басқа төбелердің бәрі топырақты болып жап-жасыл болып жатыр. Өзім осы өңірде өскендіктен мұндай тасты қорымды бұл жақтан бұрын-соңды кездестірген де емеспін. Барлық төбелерден бұл қорымның ерекшелігі осы. Бұған Алтынбек қария да таңданыспен қарады.Тас қорым Шығыс Қазақстандағы Берел қорымына ұқсайды. Бала кезімде Ақбұлақ пен Шәкірамбалдан және Түзумен Қарағайлыдан және Қарасаздың шығыс жағынан, Шибұт ауылының жазығынан, сондай-ақ, Елшенбүйрек тауының етегіндегі Қызылбұлақтағы көп төбелерді көрген едім. Оларда мұндай тасты қорым кездеспеген. Түзу мен Қарағайлыдағы қатар төбелер басқалардан қарағанда үлкен болып келеді, ал, басқалары олардан сәл ғана кішілеу. Біздер тас қорымды көріп, қайта жүрдік. Күн еңкейіп, күн ұясына таяған кезде Ақбұлаққа келгенімізде қария: «енді, Жанпейістің шамкөріне барып, басына құран оқиық» деді. Сөзді Қанат бұзды; «машина жарамайды ата, оның үстіне кеш болып барады» деді. Мен де: «Ол Шалкөде суының арғы жағында. Судан көлік өте алмайды» дегенімде, қария «неге өте алмайды, байқап көрелік» деді. Расында біздер судан өте алмадық. Оның үстіне күнде кешкіріп бара жатты. Жанпейістің шамкөрін бала кезімде үлкендерден естігенмін. Және де сол маңда біздің әке-шешеміз мал баққан еді. Тарихи маңызы бар шамкөрде көп адамның сүйегі бар деп еститінбіз.

Жұмбақ тас жұмбақ болып қалды

Біздің екінші күнгі сапарымыз Кегеннің солтүстік шығысындағы Сарытауда жалғасты. Бұдан 4-5 жыл бұрын Сарытаудағы қария екеуміз «Жұмбақ тасты» іздеп келгенбіз. Сол сапарда қария: «менің өмірім Кеген ауданында өтті. Қолым бос кезде көп жерді араладым. Біздің тарихқа керек-ау деген кейбір тастағы жазуларды ауданның өлкетану музейіне өткізгенмін.Сарытау – көп құпияны жасырып жатқан тау. Таудың сай-саласынан ертегі сақ пен үйсіннің қонысы болған мекендерді көргенім бар. Көбі жербеттеніп кеткен. Олардың орындарын әлі де кездестіруге болады» деп, Ақтас ауылы маңындағы қоныстарды көрсеткен. Ал, «Жұмбақ тасқа» келетін болсақ, 1985-1986 жылдары қария қасында Кеген аудандық өлкетану музейінің директоры Тұрар Бүйенбаев екеуі Сарытаудағы Айтақын деген шопанның үйіне келіп, таудың сай-саласын жаяу аралапты. Сонда, таудан етекке құлаған үлкен бір тасқа көзі түскенін айтқан еді. «Беті тегіс, әрі жылтыр тасты көргенде бір нәрсенің болуы мүмкін-ау» деп зер салыпты. Көзімді бір жұмып, бір ашып, қайта үңілдім. Тастың беті тегіс сурет болып шықты. Таңқалғаным сонша, көзімді айырмай ұзақ қарадым. Тастың үстіңгі жағына тау салыныпты. Ал, оның астыңғы жағы қырғын соғысты бейнелеген. Астыңғы жағында атқа мінген адам. Қолында ұзын құрығы, қасына ит ерген. Алдында айдаған малдары бар. Мен суретті тамашалап жүрелеп отырғанымда Айтақын келіп, «тасқа құран оқып отырсың ба?» – деді. «Иә, Құран оқып отырмын. Мына қызықты қара, тастан суретті көрдім» дегенімде, Айтақын «қайсы, қайсы? Көріп тұрған жоқпын» дегенде Тұрар да келді. Мен таста сурет барын айтқанымда Тұрар да сеніңкіремеді. «Көздеріңді үйретіңдер» деп, сұқ саусағымен тастың жоғарғы жағынан жылжыттым. «Көрдім, көрдім» – деді Тұрар. Айтақын да көргенін айтып, «мен бұл жерде көп жылдан бері мал бағып жүріп, қалай байқамағанмын. Сенің көрмейтінің жоқ» деген. Біздер тасты біраз тамашаладық. Осыдан кейін, мен оны «Жұмбақ тас» деп атап кеткенмін» деген. Біздер сол жылы ол тасты іздеп, таппай кеткен едік. Енді, қайта келіп, жұмбақ тасты тағы іздеуге кірістік. Таудың сай-саласын жаяу аралап, біраз тастарға үңілдік. Сай-сайын бұлақ ағып жатыр. Алтынбек қария осы жер деген жерді де араладық. Табылмады, таппадық. «Мен жаңылмас едім» деген жерлерге барып, көп тастарға үңілдік. Бірақ, Жұмбақ тас табылмады. Отыз жылдан астам уақыттан бері бұл маңдағы қора да өзгеріп кеткен. Ал, Алтынбек қариямен бірге көрген Айтақын мен Тұрар қазір жоқ. Екеуі де өмірден ерте өтіп кетіпті. Жұмбақ тас табылмады, салымыз суға кетіп, көлікке отырғанымызда, қария «енді, бір жерге барамыз да қайтамыз» деді. Сарытаудың етегіндегі Қарабөлтекке келдік. Тау етегіндегі жазықтағы тізбек тастарды алғашқы сапарда Алтынбек қария маған көрсеткен. Онда кеш болып, машинаның жарығымен тастарды әрең тапқанбыз. Сонда, қария: «мен көргенде сым тастардың жетеуі бар еді. Бәрі тік тұрған. Кейін ауданның үлкен тойы болып, осында ат шабысы болыпты. Сонда, ол тастарды құлатып тастаған сияқты. Қазір солардың біреуі қалыпты» деп түн болса да көрсеткен. Біз көрген сол сым тас әлі тұр екен. Қалғандары әр жерде домаланып, дөңкиіп жатыр. Біздер Қарабөлтектегі қара тұмсықты айналып, Рысбектің қорасының жотасына шықтық. Жотаның екі жерінде екі тізбек тасты көрдік. Аралары қырық-елу метрдей. Біріншісінде бес тас. Олардың ұзындықтары да әр түрлі. Екеуі екі метрдей қара қошқыл үлкен тас, қалғаны бір жарым мен бір метрдей. Кезінде жерден тік тұрғызған тастар сияқты. Екіншісінде де бесеу. Оның бірі тік тұр. Бойы 120 см-дей. Оның шығысындағы тас жалпақтау. Екіге қақ бөлініпті, ұзындығы 150 см. Қалған үшеуі кішірек, көлемі 90-70 см-дей. Бұдан кейін Алтынбек жотаны өрлей жүріп, биіктеу дөңге келіп отырды. «Мен осы тұстан анау қарсы беттегі жалпақ тастан арқардың суретін көргенмін. Екеуің сонда барыңдар. Осы жерде тұрып, оны көрген едім. Қазір көзім жетпей тұр» деді. Қанат екеуміз жотадан түсіп, қарсы беттегі жақпар тастарға үңіліп жүргенімізде бүркіттің шаңқылдаған дауысы естілді. Сірә, бүркіттің ұясы бар секілді. Ол айналып, шаңқылдап ұшты да жүрді. Біздер жоғары жақтан етекке құлаған тастарды да көріп шықтық. Ешқайсысында да суреттің белгісі байқалмады.Таудан құлаған үлкен қара қошқыл тастар табиғаттың әсерінен қақ бөлініпті. Беттері жылтыр, әрі тегіс. Кейбірлеріне түзу сызат түскен. Бірақ, сурет салынған тас табылмады. Қарияның өзі де келіп, етектегі тастарды қарап шықты. Суреті бар тас табылмады. «Бұл тасты да Тұрар Бүйенбаев көріп еді» деп, қария терең демалды.
Үйден шыққанда Шалкөдедегі үйсін қызына баруды жоспарласақ, оны таптық. Ол әлі орнында екен. Одан кейін Қарағайлыдағы Жанпейістің шамкөріне барып, құран оқимыз деп ойлаған едік, бірақ, жете алмадық. Сарытаудағы «Жұмбақ тас» пен Қаратұмсықтағы тастағы арқар бейнесін көреміз деп шыққанбыз, оны да таба алмадық. Мүмкін, оны білетіндер алып кеткен болар, не болмаса табиғат өз қойнына жасырып қалған-ау деген оймен біздер Сарытауды артқа тастап, Кеген мен Алматының үлкен күре жолына түстік.

Алдыңғы «
Келесі »