БАРЛАУШЫ

  • 28.05.2019
  • 132 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айтқали Нәріков,

Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі, ақын,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
ҚР мәдениет саласының үздігі, Тасқала ауданының Құрметті
азаматы

…Әскери эшелонның жүрісі, яғни, жүйткуі жойқын. Міне, үшінші тәулік, үлкен станцияларда он-он бес минуттай аялдайды да ары қарай заулай жөнеледі. Құдды, өрт сөндіруші машина сияқты.
Вагон ішінде кілең өндірдей жастар. Майданға жол тартқан бозбалалар бұлар. Бірі ойдан, бірі қырдан дегендей, эшелонға ірілі-ұсақты станциялардан топырлай мінеді де вагондарға жайғасып, беймәлім бағытқа кете барады.
Шөкімдей ғана ауылда туып-өскен Михайл (шын аты Бимағамбет кейін осылай атанып кетті) мынадай нөпір көпшілікке үйренісе алмай келеді. Кілең шаштарын тықырлап алдырып тастаған жігіттер бір тектес болып көрінеді. Тек көздеріне қарап қай рассадан екенін байқауға болатындай. Вагонда қазақ жігіттері де баршылық. Орынбордан орыс жігіттерімен бірге біраз татарлар мінді вагонға. Татарлар баяу сөйлесе, Бимағамбет тәп-тәуір түсініп отырады. Ал, тез сөйлегенде, ештеңе ұқпай қалады. Орысша сөйлеуге шорқақ болса да көп сөздерді жақсы түсінеді. Аудан орталығы мен Жайық жағалауындағы станицаларға әкесіне ілесіп барып жүрді. Орыс балаларымен бірге ойнамаса да тіл қатысып қалушы еді. Ол жүгірмектер қазақ тілінде жақсы сөйлейтін.
Үш тәулік бойына тынымсыз заулаған әскери эшелон қалың орманға кіре беріп тоқтады. Күн кешкіріп қалған болатын. Вагондардың есігі ашылды. «Выходи!» деген бұйрық естілді.
Михаил Абдолов бір айдың ішінде отделениедегі қаруластарымен жақсы танысып алған еді. Олар бір-бірінің аты-жөндерін, қай жерде туып-өскендерін, құпия лақап аттарын, бәрін-бәрін жаттап алғандай, құдды.
Қараңғы түсе, селдір орман ішінен шағын хутор көрінді. Хутор деп бір қожайынға қарайтын үй, қора-қопсыны айтады Украинада. Моншасы, құдығы бар, өз алдына өмір сүруге болатын мекен-жай иесіз болып шықты.
Танктер түсірілген разъезді торыды барлаушылар. Әрі-бері зулаған поездардан енді танктер түсірілген жоқ. Әдетте, темір жолда эвакуацияға кетпей қалған жергілікті адамдар жұмыс жасайтын. Ал, мына разъезде неміс солдаттары барлық жұмыстарды атқаруда. Үш-төрттен дрезинаға мініп темір жолды, рельстерді қарайды. Тіпті, жүз метр сайын сақшы қойылған. Демек, бұл разъезд тегін таңдалмаған сияқты. Үлкен стратегиялық маңызы барға ұқсайды. Не себептен? Жақын маңда үлкен село, қалашық жоқ. Разъезден екі-үш шақырымдай жерде шағын хутор бар. Ол теміржолшы солдаттардың казармасы ролін атқаратын сияқты. Себебі, тапсырмадан қолы бос солдаттар хуторға қарай кетіп бара жатады.
Келесі күннің таңы атты. Берілген уақыттың бітуіне жиырма төрт сағат, яғни, бір тәуліктей уақыт қалды. Осы мерзім ішінде бүкіл шаруаны тәмамдау керек. Ең қиыны «тіл» алу еді. Бұл басты мақсатқа айналды.
Сарыла күту өз нәтижесін беретіндей сыңай байқатты. Хутордан мотоцикл шықты. Екі адам. Рульде біреуі. Пулемет орнатылған бесікшеде екіншісі. Рульдегі солдат сияқты да, бесікшеде отырған офицер екені сөзсіз. Мотоциклшілер бір шоқ қалың шыршаның жанына тоқтапты. Солдат шылым шегіп, мотоцикл төңірегінде жүр әлденені түртпектеп. Офицер көрінбейді. Аға сержант екі жауынгерге маңайды қадағалап отыруды тапсырып, өзі шоқ шыршаны айналып, әрі қарай еңбектеп кетті. Көп кешікпей қайтып оралды.
– Ана жерде үлкен блиндаж бар екен. Сірә, кішігірім әскери бөлімнің штабы болар. Біз аңдыған офицер сонда, – деді отделение командирі, – күтеміз оны, бірақ бұл арада тиіспейміз, қауіпті.
Барлаушылар мотоциклшілердің келесі сапарына дайындалды. Аға сержант төрт жауынгермен мотоциклшілердің жолын тосты.
Орман ішінде мотоцикл еркін көсіле алмайтыны белгілі. Барлаушылар ағаш тасасынан шыға келіп, бассалуға тиіс болды. Мотоциклдің жүрісін баяулату үшін өрлеу жер таңдалды. Рульдегі солдатқа екі барлаушы, бесікшедегі офицерге аға сержант бастаған үшеуі тап бермекші болып келісілді. Михаил өзіне-өзі таңданғандай еді. Ол өте салқынқанды жағдайда болды. Көңілін алабұртпай, өзін қалыпта ұстады. Міне, мотоцикл көрінді. Өрге көтерілгенде жүрісі баяулай бастады. Бәрі санаулы секундтар ішінде болды. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, мәселе тез шешілді. Жолбарысша атылған Михаил офицердің басын тұқырта үнін шығармай бесікшеден суырып алып, шөп үстіне ауната салды. Басқаларға жұмыс қалмады. Рульдегі солдат жүрегіне сұғылған қанжардан ажал құшты.
Барлаушылар тапсырманы мінсіз орындады. Пішен маялары астында жасырылған «Тигрлерді» жедел ұшып барған біздің штурмовиктер жаңғақша шағып тастапты, жанармай құйылмаған танктер қозғала алмаса керек. Осылайша, он бір барлаушы жүздеген жау танкісін құртуға себепші болды.
…Отделение командирі аға сержант Григорьев майдандық барлау басқармасы оқу-жаттығу базасына нұсқаушылыққа шақыртылды. Ол өзінің орнына «оң қолы» Михаил Абдоловты ұсынған еді. Жоғары жақ мұны қолдады. Сөйтіп, Михаил Абдолов «бір отбасы мүшелеріндей, яғни, бір денедей» болып кеткен отделениені басқаруға кірісті.
Шегіне ұрыс салған дұшпан әлі де қуатты болатын. Әскери техникасы бұрынғыдай қара құрттай қаптамаса да, жетілдірілген түрлері майданға келе бастағаны байқалды. Мұны алдымен барлаушылар білді. Жау ұшақтары түнде, қалың бұлтты күндері, нөсер жаңбырда, ұйтқыған боранда тоқтаусыз ұшатын болды. Қалайша? Бір құпия бар мұнда!
Жоғарыдан түскен бұйрық қысқа да нақты болды. «Барлаушылар анықтасын!».
Ну орман. Карта бойынша жау шебіне өте жақын. Бір тәулік із жасыра алса, отделениенің алға жылжуға мүмкіндігі болады. Әзірге тыныштық. Дұшпан орманды өз жағынан сүзе бастаса, түс әлетінде осы жерге келіп жетеді. Асығу керек! Михаил Абдолов қасындағы жауынгермен біраз жерді шолып шығып, келісілген нүктеге келгенде, барлаушылар тобы да жиналыса бастады.
Бір шақырымдай жүргенде, өзен жылғасы кездесті. Ол біраз ағып барып, селдір ағаштар өскен төбешікті екі арна болып айналып өтеді екен. Барлаушылардың бір тобы осы нүктені картаға түсіріпті. Осы жерді отделение командирі аға сержант Михаил Абдолов қолайлы деп тапты. Жауынгерлер дереу іске кірісті.
Иә, фашистер ақымақ емес-ті. Олар барлаушылардың бері өткенін біліп қойған боп шықты. Қай бағытта барлаушылар?
Жан-жаққа торушылар мен ізкесушілер жіберілді. Жетектерінде – алға атылған иттер. Олар барлаушылар жасырынған жерге қарай келе жатты. Жүз шақты ізкесушілерді капитан шеніндегі офицер бастапты. Онға жуық абалаған иттері және бар. Бір кезде иттер қатты үріп, қарғыбауға байланған шынжырды жұлқып, алға ұмтылды. «Итбегілер» шынжырды қанша кері тартса да, қарулы иттерге ие бола алмай, алға емпеңдеуге мәжбүр болды.
Жерді иіскелеп әрілі-берілі жүгіріскен иттер, бір сәтте күншығысқа қарай абалай ұмтылды. Отделение командирі Михаил Абдоловтың алдын-ала қолданған амалы нәтижелі болды.
Отделение командирі Михаил Абдолов жергілікті тұрғындармен байланыс жасау керек деп шешті. Шаруа адамдарының киімдерін жолқапшықтардан шығарып, екі барлаушыға киіндірді командир. Олар орманда саңырауқұлақ тергендер сияқты болып жергілікті жұртпен кездесуге мақсат етті. Енді немістер себепсіз орманды сүзбейтіні анық болатын. Солай болса да, Михаил Абдолов барлаушыларды екі-екіден топтап, жан-жаққа шолғыншы етіп жіберді. Сәске кезінде «саңырауқұлақ терушілер» аман-есен оралды базаға. Бес-алты шақырымдай жердегі деревняның тұрғындары орман алаңқайларында жаудан жасырған аздаған қой-ешкілерін бағады екен. Екі шал «саңырауқұлақшыларды» көргенде, біраз сескеніп қалса керек. Әккі барлаушылар кімдермен қалай сөйлесуге болатынын жақсы біледі ғой. Шалдармен тез тіл табысыпты. Құпиялықтан қариялар да хабардар болып шықты. Балалары майданда екен олардың. Өлі-тірілері белгісіз. Жау тұтқиылдан келіп қалып, қозғала алмапты орындарынан. Шалдар біраз ақпарат беріпті. Ұсақ деревняларға немістер келе бермейді екен. Анда-санда келген солдаттар тауық жұмыртқасы мен самогон талап етеді екен. Ал, село-қалашықтарда фашистердің ірілі-ұсақты гарнизондары иін түйістіріп тұрса керек. Барлаушылар «Н» қаласына қалай баруға болатынын сұрапты қариялардан. Әрине, аэродром жөнінде әңгіме қозғалмайды ғой. Өздері туып-өскен, кәсіп іздеп, сан рет шарлаған жерлері емес пе? Шалдар алақанға салғандай етіп айтып берсе керек.
Отделение орманнан шығып, деревняны уақытша база етті. Шеттеу тұрған көне моншаны паналап, сырт көзге түспеуге тырысты олар. Әйтсе де, жергілікті партизандар барлау-шыларды «індетіп», байланыс орнатты. Бұл барлаушылар үшін күтпеген жақсы жаңалық болды. Ал, шынында, партизандарға барлаушыларды қамқорлауға жоғарыдан бұйрық берілген болатын.
Партизан отрядының командирі мен Михаил Абдолов оңаша кездесті. Нақты жоспар дүниеге келді. Қандай? Барлаушылар өзенмен түнде ғана жүзеді. Жау кеме қатынасы жоқ елеусіз өзенді күзетпейтін. Десе де, күндіз балық аулаушылар мен суға шомылушылар болып тұратын. Сондықтан, тек түнде ғана әрекетке көшу керек деп шешілді.
Барлаушылар қаладан қашықтағы қираған әлдебір завод ғимаратын уақытша база етті. Бір ғажабы ауыз су колонкалары қалыпты жұмыс істеп тұр екен.
Аэродромнан ұшып-қонған самолеттердің мотор үндері анық естіледі. Мүмкін бір емес, бірнеше аэродром қанаттас орналасқан болар. Себебі, бомбардировщиктер, штурмовиктер, истрибительдің мотор үндерін барлаушылар анық ажыратуда. Жау самолеттері үздіксіз ұшып-қонуда. Аэродром мұқият күзетіледі екен.
Михаил Абдолов қираған заводтың аман қалған зәулім мұржасын өзіне бақылау нүктесі етті. Өте сапалы қызыл кірпіштен қаланған мұржаның сыртында да, ішінде де темір баспалдақтар бар. Ішіндегі баспалдақтар мұржаның күйесін тазалайтындар үшін арнайы жасалған сияқты. Ал, сыртындағы баспалдақтар жайтартқыш орнату үшін, сондай-ақ мейрам күндері қызыл жалау желбірету үшін жасалған болатын. Михаил мұржаның ішінен жоғары өрлеп, ұшар басынан өзіне «ұя» жасап алды. Ешкім тасталқаны шыққан заводтың мұржасында барлаушы отыр деп ойламас еді. Барлаушылар осылайша іске кірісіп кетті.
Жағдай анықтала бастады. Дұшпан аэродромы өте көлемді болып шықты. Самолеттер ұшып-қонатын бетон жолдың өзі он қатар. Тұтас авиадивизия орналасқан екен бұл жерге. Самолеттерде кідіріс жоқ. Бірде аспанды қою қара бұлт бүркеп, артынша нөсер төгіп, найзағай от қамшыларын оңды-солды сілеп, айнала әлемтапырық болып кетті. Көк тәңірі мына соғысқа шегіне жете ашуланғандай, адамдардың қатыгездігіне көңілі қалғандай мінездер байқатып, біраз уақыт адуынды айбат көрсетті. Жер мен аспан астасқандай болған осындай қаһарлы кезде фашист самолеттері ештеңе болмағандай, яғни «мыңқ» етпей ұшып-қонып жатты. Демек, мұнда бір гәп бар. Соны біліп, қолға ұстайтын нәрсе болса, иелену керек неде болса!
Аэродромға атойлап шабуыл жасай алмайсың. Осал жерді табу керек.
Жау ұшқыштарының казармасы қалада еді. Мұны барлаушылар бірден анықтады. Жау офицерлері ұшудан қолдары бос уақыттарында, көбіне кешкілік мейрамханада бас қосатын. Ал мейрамханада жергілікті адамдар жұмыс жасайды. Отделение командирі Михаил Абдолов егделеу екі барлаушыға мейрамхана қызметкерлерін бақылауға алуға тапсырма берді. Күндіз қала ішінде біршама еркін жүріп-тұруға болатын. Ал, түнде коменданттық тәртіп орнап, құжат тексеру басталады. Көнетоз киім киген екі барлаушы мейрамхананы төңіректей жүріп, біраз нәрсеге қанықты.
Аспаздар жұмысқа ерте келеді екен. Ал, даяшылар, буфетшілер, әкімгерлер сәске шамасында төбе көрсетеді. Осылардың бәрін «зерттеп» екі барлаушы көрген-білгендерін Абдоловқа жеткізіп отырды. Ақылдаса келіп, мейрамхана қызметкерлерінің бір-екеуімен тілдесу қажет деген тоқтамға келді барлаушылар. Орта жастағы бір әйел адамға «шөп түсті». Оның үйіне нартәуекел деп Михаилдың өзі барды. Жұмысқа жиналып жатқан әйел қақпа есігін ашқанда әжептәуір сескеніп қалғандай болды. Келген кісінің азиялық бет пішіні тосын әсер етсе керек. Жан-жағын көз қиығымен тез шолып өткен Михаил рұқсат па деп аулаға зып беріп кіріп кетті. Үй иесі әйел кейін шегініп үлгерді. Ұзақ әңгіменің орыны емес еді. Михаил турасына көшті. Ішкі бір сезім бұл әйелге сенуге болатынын хабарлағандай еді. Михаил өзінің барлаушы екенін айтты. Нені білгісі келетінін де жасырған жоқ. Иә, барлаушылық қызметте кейде осылайша көзжұмбайлыққа баруға тура келетін. «Сен, сене тұра, тексер» дегендей, әйелдің соңынан аңдуға барлаушылар бөлінген болатын. Бұл әйел мейрамханада әкімгер екен. Яғни, ішкі қызметті реттеуші болатын. Соғысқа дейін орта мектепте неміс тілінен сабақ беріпті. Тіл білетін болған соң жұмысқа алған ғой. Күйеуі ерте қайтыпты. Балалары болмаған екен. Әйел өз жайынан мәлімет берді. Неміс тілінің маманы екенін білген Михаил ерекше қуанып кетті. Міне, сәттілік! Михаил әкімгер, яғни, администратор әйелден мейрамханаға келетін неміс офицерлерінің не туралы айтатындарын сұрай бастады. Әсіресе, ұшқыштардың өзара әңгімелері қызықтыратынын айтты әйелге. Бұрынғы мұғалім құймақұлақ боп шықты. Көп нәрседен хабардар екен ол. Пенденің аты пенде ғой. Аздап шнапс жұтқаннан кейін неміс офицерлерінің «тілі шыға бастап» әскери құпия тақырыпты қозғайтын болса керек. Әкімгер әйелдің айтуына қарағанда, фашист ұшқыштары соңғы кездері әлдебір жаңа прибор туралы лепіре айтады екен. «Түнде күндізгідей көрсетеді. Жаңбыр, найзағай, боран, дауылың кедергі емес. Ұша бер самғап, большевиктердің сазайын береміз енді» деп көпіреді екен өзара. Міне, гәп қайда! Дұшпан ұшқыштары құпия приборға ие болған. Соның көмегіне сүйеніп біздің әскерлерге үлкен мазасыздық келтіруде еді. Көмескі нәрсе анықтала келді. Енді құпия приборды қолға түсіру керек.
Екі қатардағы солдат, бір капрал ымырт үйіріле қаладан микроавтобуспен жеткізіледі. Аэродром аумағынан жүз метрдей қашықтықта шағын будка бар. Аэродромнан шыққан үшеу будкаға кіреді. Оларды алмастыратын үшеу келіп жеткенде, іштегілер шығып, екі-үш ауыз тілге келіп, микроавтобусқа қарай қадам басады. Жаңа келген үшеу будкаға кіреді. Будка ішінде он минуттай болып, бірінің артынан бірі қаздай тізіліп аэродромға адым созады.
Операция былайша өрбіді. Отделение тас-түйін жиналды. Уақытша базадан біржола кетпек. Аэродромдағы күзет ауысуға жақындағанда бұлар еңбектеп баудкаға таяды. Ымырт қараңғысы қолайлы болды. Бес барлау-шы жан-жақты шолып отырды. Ал, Михаил Абдолов бастаған алты жауынгер ық жақтан будкаға елу метрдей жақындады еңбектеп. Аэродром жақ ию-қию. Үлкенді-кішілі самолеттер мотор үндері құлақ тұндыра ұшып жатыр, қонып жатыр. Әркім өз шаруасын істеуде. Бір-біріне кеселдік жасап жатқан жоқ. Барлаушыларға керегі осы ғой. Қаладан шыққан микроавтобус будкаға жетіп тоқтады. Үш солдат түсіп, ілгері қадам басты. Будка ішінен шыққан үшеу қолдарын алға сермеп сәлемдесудің ишарасын жасап, микроавтобусқа беттеді. Мұның бәрі бар болғаны төрт-бес минуттай уақыт алған болатын. Микроавтобус қалаға бет түзеді. Қасқағым сәтте алты барлаушы будкаға кіріп барды. Екі солдат, бір капрал оң жақ қарларына повязка байлап жатыр екен, бұларды көргенде естері шығып кетті. Екі солдат қолдың қырымен соққы алып сылқ ете түсті. Ал, капрал судан шыққан балықтай аузын ашып, екі қолын ербеңдетті. Оны соққыға жығуға болмайтын еді. Тіл қатысу керек қой. Барлаушылар сұлап жатқан неміс солдаттарын шешіндіріп, формаларын өздері кие бастады. Екі жауынгер күні бұрын бұған даярланған болатын. Барлаушылар арасында неміс тіліне «судай» аудармашы бар-ды. Сол арқылы Михаил капралдан қысқа жауап алды. Будкадағы телефон арқылы күзеттің келгені хабарланады екен. Алқымына қанжар тірелгенде, капралдың есі кіргендей болып, біреуге күзет келді деп қысқаша мәлім етті. Капралды бір нұқып есінен тандырған соң, оның да формасын шешіндіре бастады. Михаил әп-сәтте фашист капралы болып шыға келді. Енді, неміс формасын киген үш барлаушы күзететін нысанға күдік туғызбай жетулері керек. Қараңғылық қоюлана түсті. Үш барлаушы аэродромға қарай адым созды. Бұлар таяп келгенде, шлагбаум автоматты түрде көтерілді. Будка ішінде отырған неміс солдаты оң қолын көтеріп сәлемдескендей болды. Күн сайын, тіпті, сағат сайын үйреншікті болып қалған жайлар ғой бұл. Капрал формасын киген Михаил да қолын алға сермеп жауап қайтарды будкадағы солдатқа. Қараңғыда неміс солдаты Михаилдың бет әлпетін, әрине, анық көре алған жоқ-ты.Үш барлаушы ұзақ бақылап, көз үйренген ғимаратқа жақындады. Іштен шыққан лейтенант сымдай тартыла қалған үшеуіне менсінбегендей сыңай байқатып, міндетті істеріне кірісе беруге рұқсат етті. Бір қалыпты қызметтен зеріккен лейтенант күзетшілерді қарсылап алып, қалаға баруға асыққан сияқты. Осылайша, үш барлаушы «армандаған» ғимаратқа жетті. Көп кешікпей сирена үні естілді. Бұл ұшқыштарды штапқа шақырған белгі болатын. Мұны барлаушылар бақылау арқылы әбден біліп алған еді. Өте жауапты сәт туғанын Михаил Абдолов жақсы түсінді. Екі серігіне аса сақ болуды тапсырып, күзететін ғимаратқа кірді. Шағын стол жанында отырған кексе капрал атып тұрды. Михаилдың жүзін көргенде, таңданыс танытып, қындағы қанжарына жармасты. Михаил қолының қырымен құлақшекеден сарт еткізді. Капрал тіл тартпай кетті. Санаулы секундтар ішінде болды бұл іс. Темір есік жақтауындағы кнопканы басқанда, ол сырғи ашылды. Әжептәуір кең бөлменің қабырғаларына тақастырыла қойылған ұзынша сәкілерде бір тектес қара қорапшалар жатыр. Михаил солардың біреуін алып қақпағын ашты. Ұшқыштың кәдімгі шлемі. Тек маңдай тұсында электр шамы сияқты прибор бар. Қораптың түп жағында жылтыр қағаз кітапша бар екен. Онда прибордың схемасы көрсетілген. Кейін белгілі болғанындай, бұл неміс инженерлерінің ойлап тапқан жаңалығы болып шықты. Приборға қол жетті. Енді мұны аэродромнан қалай алып шығуға болады? Алдынала ойластырылған амалдардың біріне қоларту керек. Ғимаратты жарып, соның салдарынан болатын у-шуды пайдаланып, аэродромнан із суытуға бел буды Абдолов. Осылайша, алдынала дайындалған мина қойылды прибор қоймасына. Михаил өз қолымен жарылыс уақытын дәлдеді. Он минут! Барлаушылар осы қысқа мерзім ішінде аэродромнан шығып үлгеруге тиіс.
Жау тылындағы барлаушылар таң сібірлей бастағанда алдында аялдаған деревняның тұсына келіп жағаға шықты. Төңірек жым-жырт. Бұл арадан жау шебі он шақырымдай ғана еді. Алаң-көбеңде барлаушылар белгіленген үйге бой жасырды. Төрт-бес шал қайықты жайғастырды. Әккі балықшылар қақсып қалған қайықты қалыпқа келтірді әп-сәтте.
Кейін белгілі болғанындай, алғы шепке майдандық барлау басқармасының басшысы генерал-майордың өзі келіп, операцияны басқарыпты. Операция былайша жүзеге асырылды. Атқыштар полкінің төрт батальоны таңсәріде түгел тік көтеріліп шабуылға шықты.
Қарсыда дұшпан батальоны шеп құрып жатқан болатын. Батальонда шамамен 650-700-дей қару ұстаған адам болады. Ал, полкте үш мыңдай! Айырмашылығы жер мен көктей ғой. Бұл барлаушылар атқарған істің қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек.
Иә, таңсәріде нағыз шайқас басталды. Алғы шеп ию-қию боп кетті. Барлаушылар мен партизандар фашистерге ту сыртынан тап берді. Бұл жау жақ үшін тосын жайт болды. Дұшпан екі оттың ортасында қалды. Тұтас полк жау батальонын тасталқан етті. Тездік өз нәтижесін берді. Дұшпанға көмек келіп үлгермеді. Барлаушылар шабуылдаған полк қатарына келіп қосылды. Өздеріне жүктелген тапсырманы орындаған партизандар лезде жоқ болып кетті. Олардың тактикасы солай еді.
Атқыштар полкінің шабуылы қалай шұғыл басталса, солай тез аяқталды. Бұл операция аса маңызды тапсырманы мінсіз орындаған барлаушылар үшін майдан қолбасшысының бұйрығымен жүзеге асырылған болатын. Он бір барлаушының өмірі үшін тұтас полкты ұрысқа салу соғыс тарихында өте сирек кездесетін құбылыс деп ұғыну керек. Мұның сыртында барлаушылар қол жеткізген нәрселердің құндылығы жатқандығы өзінен-өзі түсінікті ғой.
Шайқас ап-сап болып, полк өз шебіне оралды. Барлаушыларға жеке блиндаж беріліп, әдеттегідей күзет қойылды. Апта бойы «сухой паекті» талғажау еткен барлаушыларға ыстық тамақ жеткізілді. Демек, олар ерекше қамқорлыққа алынған болатын. Осынша қиындықпен қолға түскен үш прибор Михаилдың жолқапшығында. Көзден таса етпейді оны.
Майдандық барлау басқармасының басшысы генерал-майор полк штабында болатын. Ол жауапты тапсырмадан ұрыс салып оралған барлаушыларды өз-өздеріне келсін деп мазалаған жоқ. Генерал отделение командирі аға сержант Михаил Абдоловты өзіне шақыртып алуына болатын еді. Генерал кім? Аға сержант кім? Олай істемеді. Отделение орналасқан блиндажға өзі келді. Бұл барлаушылар үшін зор құрмет балатын.
– Қырандар, қалайсыңдар! – деп саңқ етті генерал блиндажға кірген бойда.
– Саулығыңызды тілеймін, жолдас генерал! – деп Михаил Абдолов честь берді үлкен бастыққа. Ол рапорт бергелі сөздерін жалғастыра бергенде, генерал «вольно» деді қысқа қайырып. Сымдай тартыла қалған барлаушылар бойларын босаңсытты.
– Кәне, аға сержант, әкелген құпияңды көрсет! – деді генерал жұмсақтау үнмен. Михаил жолқапшығынан қораптардың біреуін алып генералдың қолына ұстатты. Генерал қораптың қақпағын тез ашып, приборды айналдырып көре бастады. Аударып-төңкеріп, біраз қарады да, схемалы кітапшаға үңілді.
– Түсінікті болды! – деді генерал қысқа қайырып, – аға сержант, дайындал, майдан штабына барамыз.
– Құп болады! – деп честь берді Михаил. Отделениені уақытша ефрейторға тапсырып, Михаил Абдолов генералдың соңынан ерді.
Орман ішіндегі алаңқайда «По-2» самолеті тұр екен. Алыстан қарағанда, инеліктен аумайды. Үріп қалғанда, ұшып кететіндей сондай нәзік. Жақын келгенде байқады, ұшқыш көрінбейді.
– Отыр артқы орынға, аға сержант! – деп бұйырды генерал.
Генерал басқарған титімдей самолет екі сағаттай ұшып, «Н» қаласы іргесіндегі әскери аэродромға қонды. Самолет қанаты астына жеделдете жеткен «Эмка» жеңіл машинасы генерал мен аға сержантты қалаға ала жөнелді. Машина руліндегі сержант жанында отырған генералға мойын бұрып, сұрақты жүзбен бетіне қарады.
– Майдан штабына! – деді генерал көңілді үнмен. Михаил Абдоловты майдан командашысы қабылдады. Әскери Кеңестің мүшелері жау тылынан жауапты тапсырманы мінсіз орындап келген барлаушылар отделениесінің командирі аға сержант Михаил Абдоловтың атына біраз жылы сөздер айтып, әскери училищеге оқуға түсуге кеңес берді.
– Сен табиғатыңнан барлаушысың, аға сержант! Арнаулы білім алсаң, отделение емес, дивизия, армия барлаушыларын басқарасың, бер келісіміңді, – деді майдан штабының бастығы қартаң генерал-полковник.
– Жау жеңілгенше сапта болуға рұқсат етіңіз! – деп Михаил Абдолов майдан қолбасшысы армия генералына бетін бұрды.
– Барлаушының меселін қайтармайық. Дегені болсын! – деп майдан қолбасшысы Михаил Абдоловтың қолын қысты.
1944 жыл. Қарашаның тас қараңғы түні. Венгрия жері. Таяқ тастам жерде Дунай өзені буырқана ағып жатыр.
Блиндаж есігі алдындағы кезекшінің «тоқта, пароль» деген дауысы естілді. Біреу «Дунай» деп тақ етті. Іле-шала ішке жас лейтенант кірді. Михаил бастаған бөлімше жауынгерлері орындарынан тұрып, бойларын тіктеп алды.
– Жолдас лейтенант! Бөлімше Дунай өзенінен өтудің жолдарын қарастырып жатыр, – деп рапорт берді аға сержант Абдолов.
– «Іздегенге – сұраған». Мен де осы мәселемен келіп тұрмын полк штабынан, – деді лейтенант, – шұғыл түрде жиналып, арғы бетті барлап, плацдарм алуға бұйрық бар.
Айтты – болды! Бұйрық талқыланбайды, орындалады. Аға сержант бастаған барлаушылар бөлімшесі балықшылар қайығымен Дунайдың оң жағасына аман-есен өтті. Бұл Мохач қаласының тұсы екен. Еділдегі, Днепрдегі, Днестрдегі сияқты жау Дунай өзенінің жағалауын мықты бекініске айналдырғаны мәлім болатын. Бірақ, нақты дерек жоқ. Соларды барлаушылар анықтайды. Олардың жандары үнемі шүберекке түюлі. Жаумен бірінші рет бетпе-бет келетін де солар. Дұшпан әскерлерінің орналасу тәртібін, байланыс жүйесін, күшін, әскери техникасын, қысқасы, командованиеге қажетті құпияларды дәл анықтап, жеткізетін осы барлаушылар ғой. Демек, олар үлкенді-кішілі штаптардың көзі мен құлағы болып есептеледі.
Сталинград үшін болған қиян-кескі ұрыстар кезінен барлаушылар сапында келе жатқан Михаил Абдоловтың тәжірибесі мен ерлігі полктен асып, дивизия түгел, армия көлеміне белгілі болатын. Оған ең қиын тапсырмалар жүктелетін. Міне, Дунайдан да бөлімшесімен бірінші болып өтті.
Он бір жігіт қараңғы түнде еппен жылжып келеді. Кәнігі барлаушылар жаудың бекініс шебін мұқият зерделеуде. Михаил Абдолов сулығын басына бүркеніп, қолшамын іске қосып, картасына белгілер соғып қояды. Келісілген мерзімде полк Дунайдан өте бас-тайды. Әскерлер бергі бетке жетті-ау деген тұста барлаушылар бөлімшесі фашистердің траншеясына тосын шабуыл жасап, барлық назарды өздеріне аударулары керек.
Аға сержант жаудың осалдау деген жерлерін шамалап алып, «ураға» басып, бөлімшесімен траншеяға секіріп түсті. Фашистер мұндайды күтпеген еді. Қарсы келген екі адам сығылысып өтетін тар траншея барлаушылар үшін өте қолайлы еді. Автоматтан оқ жаудырып, немістерді баудай түсіріп жатты. Ал, фашис-тер болса, кімнің қай жақтан атып жатқанын білмей, бірін-бірі итеріп, қорадан шыққан қойдай ұйлыға берді. Нәтижесінде Михаилдың бөлімшесі отыз шақты гитлершілерді жер жастандырды. Осының өзі аға сержанттың «үлесіне» тиген болатын. Мұның сыртында он екі солдат пен офицерді тұтқынға алып, бағалы құжаттарды қоса қолға түсіріп, полк штабына жөнелтті.
Михаил Абдолов полктың өзеннен өтіп жатқанын сағатына қарап шамалады. Енді бір 30-40 минутта жаппай шабуыл басталады. Жау есін жиып, қарсы ұрысқа дайындалып үлгеруі мүмкін. Ол бөлімше жауынгерлерінің жартысын жеткен жерлерінде ұрыс жүргізе беруге қалдырып, өзі бес жауынгермен жаудың ажал оғын төгіп тұрған дзоттарына қарай еңбектеді. Бұларды тез арада жоймаса, шабуылға шыққан біздің әскерлерге зор шығын әкелмек.
Михаил бес жігітпен алға ұмтылып, гранатамен ұрымтал жерде орналасқан екі дзоттың күлін көкке ұшырды. Өздері әзірге оқтан аман. Сірә, тез қимыл, шұғыл шешім жаудың дәлдеп атуына мүмкіндік бермей тұрған сияқты.
Алты жігіт келесі траншеяға секіріп түсті. Қолма-қол ұрыс басталды. Фашистер анағұрлым көп болғанымен, тар траншея ішінде еркін қимылдай алмай әлек. Ақыры тағы взвод мөлшеріндегі жау ажал құшты. Алты жауынгер миномет батареясын және екі кіші калибрлі зеңбіректі қолға түсірді. Фашист солдаттары қашып-пысып, келесі траншеяға барып бас сауғалауда. Мұның бәрін дұшпан полкінің командирі көріп тұрса керек. Алты адамның бір ротаны тас-талқан еткеніне қаны қайнап, тұтас батальонды алты арыстанға қарсы салды. Михаил Абдолов жігіттерімен жаудың минометтері мен екі зеңбірегіне оқ жаудырды. Дұшпанның өз қаруы өзіне жұмсалды. Осы ұрыста аға сержанттың бір өзі немістің тағы он бір солдаты мен офицерін жойып, төртеуін тұтқынға алды.
Көзсіз батыр деп осындай адамды айтар болар! Бұл Михаил Абдоловтың бір ғана шабуыл кезіндегі ерлігі еді. Ол қаншама кескілесте болды десеңші!
1945 жылдың 24 наурызында ержүрек барлаушы аға сержант Михаил Абдоловқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол Ленин, Қызыл Ту, І-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталды.
Батыр барлаушы соғысты қаруластарымен бірге Берлинде аяқтады. Қиырда жатқан Бітік ауылынан майданға аттанған жігіт Рейхстаг жанында суретке түсті.
***
Михаил Абдоловты Венгрия елі жақсы біліп, құрмет тұтады. Секешфехервахер қаласында батырдың мүсіні орнатылып, мәдениет үйі мен мектепке оның аты берілген. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Михаил Абдолов зұлым жаумен шайқасқан жерлерде болып, көгілдір Дунайдың суын ішті.
Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдолов соғыстан соң, бейбіт еңбекке араласып, қоғамдық қызметте де үлкен белсенділік танытты. Ол Ақжайық ауданы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Бұлан ауылында 2006 жылы 88 жасында дүниеден озды.

Алдыңғы «
Келесі »