Азамат туралы сөз

  • 28.05.2019
  • 102 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мен аға ұрпақтың өкілі ретінде, Шөженов Нығметұлы Жұмағұл інімізді көргенде, өткен тарихтан белгілі Жанқұтты шешен, Боранқұл батырларды елестетемін. Оқымыстылығын көргенде, кешегі Қаныш, Әлкей, Мұхтар ағаларымыздың сарқыты сияқты көрінеді. Жұмағұл қаршадай күнінен елгезек, титтей болса да біреуге көмек көрсетсем деп тұрушы еді. Бойына біткен сол қасиет есейе келе ұлғайды, енді халқына пайда келтіруді айқын мұрат тұтты. Заңгерлік ғылымының тұтқасын ұстады, сөйтіп жүріп мұқтаждыққа ара түсті. Сөз өнерін игерді, елдің бәрінің өресі жете бермейтін «Саржан-Кенесары-Наурызбай» бастаған, қазақ халқының бодандыққа қарсы XIX ғасырдың ортасында жүргізген ұлт-азаттық соғысының қаһарманы, кейінгі ұрпаққа батырлықтың бейнесі, символы ретінде жеткен Ақжолтай Ағыбай батыр туралы «Ақжолтай Ағыбай батыр», «Ақжолтай Ағыбай батырдың биліктері» деген айтулы деректі кітаптар жазды. Жұмағұл одан басқа «Бегалы би», «Көпбай қажы», «Есберген болыс», «Боранқұл батыр», «Дарабоз күйші Әбікен Хасенов» деген тарихи очерктердің де авторы.
2010 жылы «Арғын-Қаракесек-Кәрсөн-Аралбай» тарихи-шежіре жазды. 2013 жылы жарық көрген Қарағанды облысы, Шет ауданы энциклопедиясының редакция алқасы болды. Биыл «Аңызға айналған ақиқат» деген тарихи еңбегі шықты.
Арқа өңірінен шыққан дуалы ауыз би-шешендер, сот-құқықтық саласындағы реформалар, сот жүйесіндегі түбегейлі проблемалар туралы тұрақты түрде газет-журналдарға мақалалар жариялап тұрады. «ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кенесары хандығының саяси құрылымы және Ақжолтай Ағыбай батырдың қазақ әскерін басқаруы мен жүргізген биліктерінің қазақ мемлекетін қалыптастырудағы саяси-құқықтық маңызы» атты зерттеу жүргізді. Екі мақаласы академик С. Зимановтың басқаруымен жарық көрген өте құнды, терең зерттелген, теңдесі жоқ, он томдық ғылыми жинақ «Қазақтың ата заңдарының» ІX-X томдарына кірді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Сот-құқықтық саласындағы проблемаларға арналған бірнеше ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады.
Әрине, біреу біліп, біреу білмес, кешегі Кеңес дәуірі де біздің тарихымыз, одан ешқайсымыз да қашып кете алмаспыз, сол Кеңес дәуірінің ақырына дейін күрескен, Арқа елінде ардақты Боранқұл батыр деген кісі болған. Кеңес өкіметінің аямас қуғынына ұшыраған, бұл кісінің есімін кешеге дейін айтуға қатаң түрде тыйым салынып келді.
Осы Боранқұл батырдың есімін бала күнімізден әкемізден естіп едік. Жұмағұлдың бойындағы туа біткен қасиеттер, сол заманда Арқа жұртының аяулылары, ардақтылары болған, Қаракесек елінің бір бұтақтары Есберген Садырбаевтан, Көпбай болыстан (өзі қазы), жоғарыда айтқан Боранқұл батырдан қалған болар, өйткені, Жұмағұл осылардың тікелей ұрпағы ғой. «Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, бүгін Жұмағұл інімізге Алла ғұмыр берсін дейміз, өзінің тәуелсіз Қазақстаны, туған халқы үшін тер төгіп, адал қызмет атқарып жатыр.
Тағы кішкене шегініс жасайын, Жұмағұл жасынан халқының ән-күйлерін тыңдап өсті. Ауылдас аталастары -­­ Қыздарбек, Мақаш, Әбді, Сембек, Әбікен, Бегімсал, Дәулетбек күйлерінің ерекше сарыны, ағасы Сыдық Мұхамеждановтың өресі жоғары әндері мен симфониялары өсіп келе жатқан жас азаматтың жүрек тебіренісін тудырып, өзгеше баурап, ерекше әлдилейтін еді. Өзі де ағаларына еліктеп, елімізге белгілі сазгер, досы, әрі ауылдасы Наурызбай Бейсекеевпен Наурызбаймен бірігіп «Тасарал вальсі» және «Ақ әже» деген әндер шығарды. Әулие Балқаш көлінің жағасында туып-өсіп, текті ортада ержетіп, қасиетті Сарыарқада қызмет жасап, халқының жақсылығын бойына сіңіріп өскен Жұмағұл бүгінде кемел азамат. Бұқар жырау атындағы қазақ-түрік лицейін және Шанхай университетін (Қытай) үздік бітіріп, қазір Астанада жауапты қызметтегі ұлы Даниар бес тілде, ал, Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебін үздік бітірген, қазіргі уақытта Шанхай университетінде оқитын қызы Ағжан төрт тілде еркін сөйлеп, қазақ күйлерін шебер орындайды және бұл құбылыс, өзі қатарлас азаматтардың көбіне үлгі боларлық жайт.
Жақсы адам күнде кездеспейді, жақсы туралы айтпақ болып отырып, жамандық туралы сөз қозғамай-ақ қойғым келеді. Ал, енді жақсы туралы сөз айтуың да оңай емес. Тіпті, жақсылық деген үлкен ұғымның өлшемі не өзі? Соғыстың аяғын ала туған, бүгін алпыс жастарға ілігіп қалған аға ұрпақ өкілі ретінде айтарым: жақсылық деген өз халқын үлкен жүрекпен сүю дер едім. Ол өзі заңгер бола тұра, өз халқының этнографиясын, салт-дәстүрін, ғұрпын, тарихын, әдебиетін, саз-күй өнерін бойына сіңірген азамат.
Осы уақытқа дейін Жұмағұлдың атқарған, нәтиже шығарған жұмыстары жетерлік. Ол әртүрлі қамқорлық акцияларына да қатысады, қазақ халқының өткені мен бүгінгісіне қатысты нәрселердің ешқайсысы да, оны бей-жай қалдырмайды. Қаржы (салық) полициясында, әділет-сот мекемелерінде істеп жүріп, қазақ халқының асыл мұраларын зерттеуге зор үлес қосты.
Жақсылардың ұрпағы, текті азамат Жұмағұл Шөженов туралы қысқа дүниеде көп айта алмаспыз, бірақ «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген ғой, елі үшін жүрегі сыздайтын ерлердің бірегейі екенін жұрт білсе екен дейміз.

Нұрлыбай Омаров,
«ЗАҢ» басылымының тілшісі

Алдыңғы «
Келесі »