Ғалым. Ректор. Азамат

  • 28.05.2019
  • 133 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жақсы адамдардың өлген күні болмайды,
туған күні ғана болады. Өмекеңнің – ғұлама ғалым әрі
айтулы қоғам қайраткерінің артында қалған мәңгі
өшпес мол мұрасы туралы әлі ұзақ айтатын боламыз.
Академик Зейнолла Қабдолов.

Өмірбек Жолдасбеков 1970-1986 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры болды. Алатау баурайынан университет қалашығының негізін қалады. Бүгінде бұл білім ордасының оқу жайлары, студенттер мен аспиранттардың сәнді жатақханалары, тамақтандыру комбинаты, стадион, кинотеатр, спорт кешені, Студенттер сарайы оған ерекше көрік береді. Бәрі бір жерге шоғырландырылған мұндай жоғары оқу орны Орта Азияда бұрын-соңды болмаған. Бұрынғы Кеңестер Одағында Мәскеу мен Киев университеттерінен кейін үшінші орында тұрды. Мұнда студенттер мен оқытушылардың ғылыммен айналысуына толық жағдайлар жасалынған. Тағы бір айта кететін жай, Жолдасбеков университетке жергілікті ұлт жастарын тоқсан пайызға дейін қабылдатып, таза ұлттық жасады. Бұл – сол тоталитарлық заманда асқан ерлікпен бара-бар іс еді [1].

…Зәуде жас бала таңның атысы, күннің батысы бір тыным таппай, кешқұрым үйге титықтап келіп, тырапай асатын әкесін аяушы еді. Әсіресе, алдаңғыш бала көңіл кейде «әкемдікі неткен өлермендік» деп таңданатын да. Рас, атышулы Шымкент қорғасын заводының жұмысшысы Арыстан тумысынан бейнетке белшесінен батып, зейнетінен бақи үмітін үзбеген салмақты да салиқалы азамат болатын. Күндердің-күнінде Ұлы Отан соғысы бұрқ етті. Бала-шаға боздап қалды. Ел басына, ер басына күн туды. Бұл сол жылы үшінші класта оқитын. Оңтүстіктің қасиетті қаласына іргелес қонған Қызылсу аулынан қорғасын заводының мектебіне ауысқан-ды. Оныншы класс оқушылары өз өтініштері бойынша соғысқа аттанды…
Әкесі болса қайта-қайта соғысқа сұранудан жалықпады. Жауға атылған он оқтың тоғызын шығарып отырған Шымкент қорғасын заводының қарапайым жұмысшысы Арыстан дәл сол сәттерде соғысқа қыруар көмек көрсетіп жатқанын білмеп еді. Кешқұрым, күні бойғы жұ-мыстан соң, майданға кетпегені жанына батып, жиі оқтын-оқтын күрсініп отыратын…
Болашақ ғалымның балдәурен балалығы соғысқа тап келген ұрпақ өкіліне жатады. Халықтық қантөгістің зілбатпан салмағы мұның да буыны бекіп үлгермеген балауса денесіне түсті. Сонау сұрапыл таңдарда да осы бір қараторы жасөспірімнің білімге деген құштарлығы мұқалмады. Қайта қиыншылық көбейген сайын бұл жігеріне жігер қосты.
Рас, жас бала күллі пәндерді тек бестікпен оқыса да, аракідік артығырақ пейілденіп ден қоятын ерекше пәндері де болмай қойған жоқ. Мәселен, математика мен әдебиет. Орыстың ақиық ақыны А.С. Пушкиннің «Узнигін» қазақшаға тәржімелегені есінде. Оның дараланып санасында сақталу себебі, бұл оныншыны тәмәмдар тұста, «Узниктің» қазақшасын сегізінші кластықтардың хормен орын-дағаны бар… Жеңіс дәмін татқан толқыма сәттер қалай ұмытылсын!..
Сосын… сосын сәйгүлік өмірдің тек болат тұяқтарының дүбірі естілді де тұрды. Сәйгүлік жеткізер емес…
Онжылдықты алтын медальмен бі-тіргені де, Мәскеу университетіндегі студенттік шақ та, Одақ астанасындағы еңбекпен ұштасқан аспирантура жыл-дары да, Шымкент технологиялық институты механика факультетінің деканы қызметіндегі уақыт та, Қазақ политехника институтының кафедра меңгерушілігін атқарған кездері де лезде артта қалыпты [2].
«Адам – бір жұмбақ, оны да ойла» деп Абай атамыз айтқандай, жұмбақтың шешуі неғұрлым қиын болса, ол соғұрлым қызық.
Маған Өмағаң, Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков, сондай күрмеуі мол, күрделі жұмбақтай көрінеді. Оны бір білсе, ішектің қырындысына дейін білер дейтін, қаршадай бала күнінен бірге өсіп, елу үш жыл «ойда да бірге, қырда да бірге» болған жан досы, белгілі қоғам қайраткері Сәдуақас Темірбеков ағамыздың да аша алмаған сыры, айтқыза алмаған жыры ол кісінің өзімен бірге кетті-ау, сірә. Ең сезімтал, аңғарымы мол деген жанның өзі жалт-жұлт етіп алуан шұғыла шашатын алмастың тек бір қырының ғана сәулесін көріп үлгереді екен. Сегіз қырлы, бір сырлы Өмағаңның кім қанша қырын танып, қай сырына қаныққандай?! Ғұламаның есімі төрткүл дүниеге мәшһүр болғанмен, ғұмыры жұмбақ қалатыны да содан шығар.
Қараңызшы, Өмірбек Арысланұлы алмаған асу бар ма?
– Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі,
– Халықаралық Инженерлік акаде-мияның академигі,
– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
– В.Г.Шухов атындағы (Ресей), әл-Хорезми атындағы (Ирак) халықаралық алтын медальдардың лауреаты,
– Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері…
Екінің бірі бөлене қоймаған абырой, атақ осындай-ақ болсын! Өмағаңның өкшесін басып, ізін қуған ардақты інісі Мырзатай Жолдасбеков айтқандай, дүние жүзіне аты мәлім, инженер-механик, ғалым, жоғары мектепті ұйымдастырудың талантты шебері, даңқы асқан, дарыны бөлек дара тұлға.
Ал, қалдырған ізі қандай?
Енді, соған зер салыңыз:
– 400-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде:
– 18 монография, 3 оқу құралы, 120 авторлық куәлік пен шетелдік патент бар;
– ол машинатану жөніндегі тұңғыш терминологиялық сөздік жасады;
Ол университеттер мен басқа да жоғары мектептер үшін механизмдер мен машиналар теориясы туралы және теориялық механика жөнінде қазақ тілінде тұңғыш оқулықтар жазды;
– ол 24 ғылым докторын, 100-ге тарта ғылым кандидаттарын даярлады.
Бағалай білсек, қадіріне жете алсақ, осынау ұлан-ғайыр еңбек – елдің өлшеусіз байлығы. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» Өмірбек Арсылан­ұлы, «шідер үзген шын сүлей» деп таныған эпик суреткер Әбіш Кекілбайұлы жазғандай, ол – «Қазақ рухының нағыз Геркулесі еді. Оның қалдырған мұрасы әрідегі әл-Фараби мен берідегі Қаныш Сәтбаевтар асқақтатқан асқар биіктер сеңгірін аласартпай жалғастырып, оның көрсеткен өнегесі келешек ұрпақтар алар асқар асуларға қарай қаймықпай қанат қағар арман құсы боп алға самғай бермек». Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалдырған, біліммен бірге біліктілікті, іскерлікті, қайтпас қайсарлық пен қажырлылықты қажет ететін еңбек жолын бір шолып шығыңызшы.
«…Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ зиялыларының арасынан Өмекеңдей көксеңгірді жыға танымау таусыла таңғалмау, айрықша бағаламау мүмкін емес. Сонау Оңтүстік Қазақстанның шалғай бір ауылында туып-өскен, арқа сүйер ешкімі жоқ жетім бір құдайға сосын өзінің біліміне сеніп, Ломоносов атындағы Мәскеу тоқыма институтының аспирантурасын тәмамдаған соң, сол институтқа қалдырылуы ондағы оқытушылар мен профессорлардың жас ғалымға деген үмітінің бөлек бол-ғандығын көрсетеді. Өмағаңның өзі еске алып отыратынындай, кісі еліндегі сұлтандықтан, өз еліндегі ұлтандық ілгері еді. Оны ол іспен дәлелдеді. Оған мына жолдар күә:
– Қазақ политехникалық институтының доценті, кафедра меңгерушісі, декан, оқу ісі жөніндегі проректоры;
– әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің 1970-1986 жылдардағы ректоры;
– Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының механика және машинатану институтының директоры;
– Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының тұңғыш президенті;
– Алты дүркін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты;
– Республикалық Саяси еңбек пар-тиясының негізін қалаған әрі тұңғыш төрағасы;
– Халықаралық Инженерлік академия-ның бірінші вице-президенті…»[3].
– Әлі күнге дейін менің есімнен шықпайтын қарапайым шешімді Өмірбек Жолдасбековтің тауып, бүкіл қазақ еліне, әсіресе, оқу-білім саласына абырой-бедел сыйлағанын айта кетейін. Мен журналистика факультетінің соңғы курсында 1950 жылы оқып жүргенде үкімет мүшесі болған ректорымыз Төлеген Тәжібаевтан Қазақ университетіне жаңа корпус салуға шешім қабылданды деген қуанышты хабарды естіген едім. Өмірбекке дейін болған бірнеше ректорлардан осы тақырыптағы әңгімені талай қисындармен естігеніміз және бар. Салынуы жақындап қалды, университет ғимараты түсетін көшеге аты берілді деп те даурықтық. Қазіргі политехника университетінің корпустары салынып жатқанда жан-жаққа қуана көз тастадық. Өйткені, мен Ботанический бульварда, бір кезде Біржан, қазір Бұқар Жырау атанған көшеде тұратынмын. КазГУ көшіп келсе, қол созым жерде тұратын болдым-ау деген ой да ұйытқып соғатын.
Өмірбек келгенге дейінгі 20 жыл бойына талай саққа жүгіртілген уни-верситет қалашығын салу мәселесі күн тәртібіне қойылып, жаңа аймақ таңдалды. Қалашықтың бұрыңғы жоспарларында профессорлардың сәнді үйлері мен сән-салтанат нысандары құрылыс қаржысын тым шарықтатып, Мәскеудегі мемлекеттік жоспарлау комитетінде санатқа еніп, ақша бөлінбей келген екен. Құрылыстың осы көргеннің көзін тойдыратын артық-ауыстары мен профессорларға арналатын коттедждерін құрылыс жоспарынан шығарып, республика қаржысына салуға бейімдепті. Оның үстіне ректорымыз басқа да әрекеттің жөнін тауыпты. Мәскеуде бір кезде оқып, анда-санда кездесіп жүретін Асқар Қонаев арқылы Димекеңе жолығып, бұл мәселенің шешімін тездетуге жағдай жасады. Иә, Димекеңнің қабылдауында болғанда республиканың маңдайына басқан жалғыз университеттің жай-күйін Мәскеу университетінің деңгейіне көтеруге жағдай жасау мәселесін жан-жақты түсіндіріп, ол кісіні республика абырой-беделін өсіре түсуге бұның өте ыңғайлы қадам болатынына сендіріп, әрі ықыласын аударып, қаржыны молырақ бөлдіруге қол жеткізіпті дегенді естіп жүрдік.
Ешбір айғай-шуға ілікпей Тимирязев көшесіне қарайтын беттен көсілтіп төрт қабатты заң, одан өте 15 қабатты әкімшілік ғимаратын, онан әрі филология, тарих, журналистика, одан әрі бес қабатты биология факультетінің корпустары пайдалануға берілді. Бұдан соң әл-Фараби даңғылын жағалай студенттердің он бес шақты жатақханалары салынды. Оқу корпустары мен жатақханалардың батыс жағында шаруашылық ғимараттары жұмыс істей бастады. Осының бәрін Өмірбектің өзі басы-қасында жүріп прораб сияқты өз көзінен өткізді. Мұндай «шаруақорлыққа» достары қуанса, қайсыбірі іштерінен тынды. КазГУ-дің даңқы бұрынғыдан да асқақтай түсті [4]. Егер осы тұста әңгіме желісін әлемдік өркениет дамуына ерекше үлес қосар техника ғылымының бір ғана тармағы мәшинетану жағынан өрбітіп, оның ішінде мәшинелер мен механизм теориясын жасауға бұрар болсақ, өткен ғасырдағы сол отандық ғылымның басында Өмірбек Жолдасбековтің тұрғаны хақ. Мұның өзі ғалымның көрегендігімен қатар, әлемдік деңгейдегі оқымысты екенін де дәйектейді. Ол: «Бүгінгі таңда әлемдегі кейбір алдыңғы қатарлы елдерде техниканың барынша дамығаны соншалық – оған жер жүзі ғалымдарын елең еткізерліктей, назарын аудартарлықтай аса құнды жаңалық енгізу мүмкін емес» деген пікірді өзінің жоғары класты механизмдер теориясын жасау арқылы жаңа ілім ашып, практика жүзінде жоққа шығарды. Бұл бүкіл дүниедегі осы саланың марқасқаларынан қолдау тауып, абырой-беделін өсірді [5].
Өмірбектің басшылық, ұйым-дастырушылық, ғалымдық – ең бастысы азаматтық бітім-болмысы, тұлғалық қасиеті осы университетте істеген жылдары жетіліп шыңдала түсті. Жұбайы Майя Михайловнаның естелігінен:
– Ол кісіге, ол кісінің адамдық, жұбайлық келбетіне алғысым шексіз, тіпті, қарыздармын. Өз-өзін аямайды. КазГУ қалашығы салынып жатқан кезде, іссапардан оралғанда, әуелі үйге соқпайды, «Мен жоқта қанша кірпіш қаланды? Жұмыс қалай жүріп жатыр?» деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, бірден КазГУ қалашығына тартатын. Құрылысты өз көзімен көргеннен кейін ғана барып, үйге оралатын. Ғылымның игілігі үшін, қазақ жастарының келешегін ойлап, өз мамандығы бойынша механика терминологиялық сөздігін жасады, оқулықтар аударды. Өйткені, ол кезде Кеңес өкіметінің тұсында жоғарғы оқу орындарында дәріс тек орыс тілінде жүретін еді ғой. Экзамен қабылдағанда да орысша білмейтін қазақ жастарына жеңілдік жасап, пікірлесу сияқты жеңіл-желпі түрмен қабылдайтын.Өмірбек ұлттық кадрды қалыптастыруға да өзіндік үлесін қосты. Әрбір зиялының міндеті, тіпті, зиялылықтың үлгісі, белгісі – шәкірт тәрбиелеуде! Ұстаз деген ардақты атқа ие болуда! Өмірбек – ұстаз![6].
Мен оны жуырда ғана теледидардан көрген едім. Бұйра шашты, палуан денелі, келісті келген кісі екен. Университеттің болашақ қалашығы туралы сөйледі. Қызыққаным соншалық, «Шіркін, соның құрылысын жүргізер ме едім» деген ой туған еді. Енді, міне, сол Жолдасбековтің өзі шақырып отыр. Мұндай мүмкіндіктің екінші рет қайталанбасы анық.
Жолдасбековке өзімді таныстырдым. Жылы қабылдады. Тұла бойымды көзімен бір шолып шықты да, алдындағы орындықты ұсынды. Менің қайда оқығанымды, қандай қызметтер атқарғанымды алдын ала біліп алса керек. Ол жағын тәптіштеп сұрап жатпады. Әңгімесін университетке жаңадан қалашық салуға Мәскеуден рұқсат алғанын, қала басшылары тау бөктерінің етегінен жүз гектар бөлгенін, жаңадан «Университетстрой» тресінің құрылғанын айта келіп:
– Ал, Тарас бауырым, менің құрылыс жөніндегі орынбасарым болуға қалай қарайсың? – деп жүзіме қадала қарады. Қос жанары от шашып тұр.
– Өмірбек Арысланұлы, мұндай қала-шықты салу әр инженердің арманы ғой, – дедім езу тартып.
– Айлық еңбек ақыңның қанша болғанын қалар едің?
«Сыны ма, шыны ма?». Ішкі ойыммен арпалысып аз ғана кідірдім.
– Оны өзіңіз біліңіз.
– Екі жүз елу сом берсем жете ме? Егер өз міндетіңді мінсіз атқарсаң, университеттің ғылыми жұмыстарға бөлінген қаржысынан тағы елу сом қосамын.
Мен жақ ашпадым. Оның бір сөзді жан екені көрініп тұр. Сол кезде үш жүз сом еңбек ақыны министрдің орынбасары алатын. Өмекең сөзін жалғады.
– Әзірге астыңа қызмет көлігі беріл-мейді. Бірақ, кейіндеу болады. – Ол алдындағы қағазын столдың тартпасына салды. Әлдене есіне сап ете қалғандай басын шұғыл көтерді. – Пәтерің бар ма?
– Екі бөлмелі жайым бар.
– Университет қызметкерлеріне үй де саламыз. Содаң отбасыңа қанша бөлмелі пәтер тиесілі болса, соншасын аласың.
«Жақсы сөз – жарым ырыс». Ішім жылып қалды.
Ел басына күн туған 1986 жылы Колбин де Жолдасбековті «халық жауы» еткісі келді. Бірақ, оның айла-әрекетінен түк те шыққан жоқ. Қайта Жолдасбеков халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Парламентке депутат етіп сайлады.
«Бұл – Жолдасбеков салдырған уни-верситет! Ел санасына осы сөз әлдеқашан сіңіп кеткен. Санаға сіңгенді енді өшіру мүмкін емес. Таулар алыстаған сайын биіктей түседі». [7].
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Көлбай А. Арыстан жүрек ағаның асқақ бейнесі. Бірінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумы. «Түркістан» газеті. – 2011. – №9.
2. Жаманқұлов М. Қолда бар алтынның қадірі жоқ….«Өркен» газеті. – 1990. – №12.
3. Әбдірайымұлы С. Жақсының бір кісіге дегені – мың кісіге. «Алматы ақшамы» газеті. – 2001. – №24.
4. Кәкішев Т. Өмірбек өнегесі. «Егемен Қазақстан» газеті. – 2011. – №62.
5. Б. Жұмағұлов. Тұлғаның ғұмырлық формуласы. «Қазақстанның ғылымы мен жоғары мектебі» журналы. – 2003. – №6.
6. Жалғабаев А. Тұлғаны тану – халық міндеті. «Заман Қазақстан» газеті. – 1999. – №12.
7. Көлбай А. Бұл – Жолдасбеков салдырған университет. «Дөңгеленген дүние» газеті. – 2009. – №39.

Асел Әлім,
әл -Фараби атындағы ҚазҰУ,
аға оқытушы.

 

Алдыңғы «
Келесі »