ҰЛЫ ДАЛА – ҰЛТТЫҚ ТАРИХ ТІРЕГІ

  • 01.05.2019
  • 823 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық

зерттеулер орталығының жетекшісі,ҰҒА академигі

Дала және методология

Адамдарды, халықтарды жақын-дастыратын немесе алшақтататын, бірлігі мен бірегейлігіне дәнекер болатын құдірет бар. Ол – тарих. Тарихқа қызықпайтын, өз тарихын қорғамайтын жан жоқ. Жаппай қызығушылық тарихты баяндаудың, ақиқатын ашуға тырысудың бұрынғыдан өзгеше әдіс-тәсілдерін дүниеге әкелді. Бүгінде химия, биология, физика, геология сынды ғылымдардың араласуынсыз тарихтың қыр-сырын ашу мүмкін емес. Бұрын дәуір-дәуірмен (алғашқы қауымдық құрылыс, антикалық кезең, орта ғасырлар, жаңа заман, қазіргі заман) зерделеу басымдыққа ие болса, енді, ақпарат көзіне қарай айдарлау (ауызша тарих, айтылған тарих, күнделікті тарих, интеллектуалды тарих, тарихи информатика) кең қолданылуда. Танымда шек жоқ. Деген-мен бір мәселенің басы ашық: тарих ақиқатына апаратын ғылым жолын анықтамай іс бітпейді. Мұнда жаһандық, құрлықтық заңдылық пен байланыс қаперімізде болғанымен, әр халықтың, мемлекеттің өзіне тән ерекшелігі шешуші рөл ойнайтынын түсінудің маңызы зор. Осы орайда Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылы жа-риялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен жүзеге аса бастаған «Туған жер», «Сакралды Қазақстан» жобалары тарих пен жер арасындағыықпалдастыққа назар аудартты.
2018 жылы Елбасымыздың қаламынан туған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ниеті дұрыс әрбір қазақстандықты мақтаныш сезіміне бөледі, ел мен жердің өткені, тағдыры, келешегі жайлы қалың ойға жетеледі. Мұндағы: «Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», деген жолдар қоғамтанушы ғалымдарға аса жауапты міндет жүктегені ақиқат.
Мақаланың атауынан-ақ ойға оралатын бірінші сұрақ ‑ Ұлы дала дегеніміз не? Оның адамға, қоғамға, тарихқа ықпалы қандай? Осы және басқа сұрақтарға жауап іздегенде сүйенетін методологиямыз бар ма?
Даланы әркім – орыс, қытай, араб, т.б. өзінше түсінеді. Мұхиттың ортасындағы арал мемлекетте тұратындардың тарихы мен тағдырына даланың әсері, мұхиттан ең алыс қашықтықта орналасқан Қазақстандағы даланың тарихтағы орны бірдей деуге еш негіз жоқ. Жыл он екі ай қар мен мұз құрсанған даладағылар тарихы туралы да осыны айтуға болады. Қазақ үшін дала – ұшы-қиыры жоқ әрі жер бедерін көрсетпей тастайтын табиғи кедергіден ада, Абай сөзімен айтсақ, «айналасы теп-тегіс, жұмыр» кеңістік. Дала, тау, өзен-теңіз, орман-тоғай – бәрі жерге қатысты физикалық географиялық нысандары. Даласыз мемлекет болмаса керек. Аумағының дені (90%) таулы болып келетін Ауғанстанда да, Арменияда да дала бар. Бірақ Еуразия құрлығында даланың ең әсерлісі, үлкені бізде, Қазақстанда. Ол жайлы ғалымдар ғылыми еңбектерін жариялады, ақындар өлеңін арнады. Әнұранымызда да дала мен жерге мадақ бар. Мамыр-маусым айларындағы дала нағыз жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем. Тынысыңды ашады, қиялыңды шарықтатады, самалы желпиді. Ал, осының тарихтағы орнын, қадір-қасиетін ұғынуға кілт ұстататын зерттеу методологиясы дегеніміз – ғылыми ақиқатқа жол бастайтын, ізденісті тиімді ұйымдастыратын, зерттеу нысаны мен пәніне тән заңдылықтарды, қисынды, қайшылықтарды сан-салалы диалектикалық байланыс пен өзгеріс динамикасында дәйектейтін ақыл-ой әрекетінің әдіс-тәсіл жиынтығы.Ғылымның қарымы, ақиқатқа қол жеткізуі бірінші кезекте оның методологиялық ұстанымымен анықталады. Табиғаттың, қоғамның, адамдар қауымдастығы мен сананың тарихи болмыс-бітімін, өзгерістерін және беймәлім құпияларын ашу үшін әрқашан қатпары қалың деректер мен қисапсыз ақпарат қажет бола бермеуі мүмкін, есесіне олардың шығу тегін, өзара байланысын, ықпалдастығын, ілгерілеу мен іркілісті бейнелеуін жазбай тану зерттеушіден биік кәсіби даярлыққа қоса миқазанында қайнату үстіндегі құбылыстың әрбір «клеткасына» сергектікпен, тіпті күдікпен қарауды талап етеді. Бұл – озық методология арқылы қол жететін нәтиже.
Дала – ықылым заманнан бергі байлығымыз, атамекеніміз, бәріне тірек діңіміз. Сақтардың ұлан-ғайыр жері болғанын біздің жыл санауымызға дейін-ақ тарихтың атасы Геродот та жазып кеткен. Ана шетінен мына шетіне дейін, қиналмай демейік, бөгесінсіз жүріп өтесіз. Сарыарқаны Жетісудан, Алтайды Атыраудан бөліп жатқан асу бермес тау, өткел бермес су, ит тұмсығы батпайтын ну орман, аяғыңызды тұңғиыққа тартқан батпақ алдыңыздан шықпайды. Шөлі де, шөлейті де бар. Қиырдан қиырға дейін құшағын жая адам шақырып тұрған ашық кеңістік. Даланың бұл да бір ұлы қыры. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстанмен қатар тұруға Моңғолия ғана таласа алар. Алайда, оның жер көлемі әлдеқайда аз ғой.
Көсілген даламыздың өңірі мен аймақтарына қар-жаңбырымен, өсімдіктер әлемімен, аң-құсымен бірін-бірі толықтырған тұтастық, ал, адамдар үшін өмір сүруге жайлылық тән.Жыл мезгілдеріне – жазға, қысқа, көктем-күзге рет-ретімен ауысатын табиғаты, ауа райы да мінезге бай. Ежелгі және ортағасырлық жазба деректерде Ұлы даланың бақуатты өмірі туралы аз айтылмаған. Алғашқы ең-бек бөлінісінен кейінгі дәуірде мұнда мал шаруашылығы мен жер шаруашылығына қатысты барлық алғышарттар қалып-тасқандықтан адамдардың құтты мекеніне айналды.Жылқы малын қолға үйрету адамның өндіргіш күш ретіндегі қабілет-қарымын еселеді. Қолөнер мен сауда үлкен табыстарға жетті. Соған сай қала мәдениеті өркендеді. Отырықшы және көшпелі шаруашылық-мәдени кешен сұраныс пен ұсыныстың тамаша үйлесімін көрсетті. Соңғы уақытта «қазақтар көшпелі халық болмаған» дегенге саятын пайым жиі айтылуда. Өз басым қарсымын. Көшпелі болмасақ киіз үйді мыңдаған жылдар бойы несіне сақтап келдік? Көштің жүре түзелетінін қағидаға айналдырудың қандай қажеттілігі бар еді? Көш қызығын ән-жырға қосқан рухани әлемі жалпыадамзаттық биікке көтерілгені бабаларымыз қалыптастырған аң стилінен, жазба мәдениетінен, тәңірлік сенім-нанымынан анық көрінеді. Есте жоқ ескі замандардан-ақ Батыс пен Шығысты жалғап жатқандықтан түрлі мәдениеттер мен өркениеттерді тоғыстырды.
Қилы тағдыр мен заман даланың ұлы мүмкіндіктерін жарқырата ашты. Олардың қалың қатпарлы қазынасы, тіпті, Бетпақдалада да бар екенін Ұлы Отан соғысы жылдары аграрлық ғылымның ірі өкілі К.Мыңбаев айтып, соғыстан кейін шығарған «Бетпақдала» кітабында жан-жақты негіздеді. Шексіз кеңістік адам баласын ізденіс пен қозғалысқа шақырмай тұрмайды. Өзара ықпалдастық пен ынтымақ баянды болғандықтан әралуандықтың бірлігі қалыптасады. Шыққан тегі бір бола тұра, кең дүниеге сиыса алмағандықтан, жер бетінен жоғалып кеткен халықтар аз ба, тәйірі.
Ұлы дала алға тартқан ұлы мүмкін-діктің жасампаз мәні мен мазмұны еңбек өнімділігіне келіп тіреледі. Адамды адам еткен еңбек дейді ойшылдар. Сөз жоқ, еңбектің пайдасы ұшан-теңіз. Бірақ, санамен анықталған интеллектуалды мазмұны мен қыры бар еңбек қана адамды жануарлар дүниесінен бөлектейді. Әйтпесе, инстинктпен тынымсыз еңбектенетін ара мен құмырсқа баяғыда-ақ адамнан асып түсер еді. Сонымен, еңбекке жұмсалған күш-қайрат, ақылдың, құрал-сайманның, заттың шығыны табыспен оралу үшін жоғары еңбек өнімділігі қажет. «Неолиттік революциядан» кейінгі қазақ даласында тікелей өндіруші мал бақса да, жер баптаса да, өзінің отбасын ғана емес, қоғамның ондаған, жүздеген мүшесін азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ететіндей өнім ала алды. Мемлекет пайда болған соң да Ұлы даланың мүмкіндігі артпаса, кеміген жоқ. Дала өркениеті мен демократиясы салтанат құрған ортада адамды адамның қанауы, әлеуметтік теңсіздік, тап күресі, көтерілістер тағдыранықтағыш маңызға ие емес. Әрине, қиыншылықтар мен сын-қатерлер, әлеуметтік, экономикалық қақтығыстар мен жанжалдар болмай тұрмайды. Сөйте тұра Ұлы дала тасытқан молшылық пен тоқшылық адамдарды басқа елдердегідей жердің бермесін алуға, әлсізді аяусыз қанауға итермелеген жоқ. Қайта жердей дархан, кең, жомарт болуға жетеледі. Еңбек өнімділігі төмендеп, орынсыз шығынның артқаны кеңестік дәуірде ғой.
Жердің сегіз қырлы, бір сырлы қасиеті тап осы топырақтан жаратылып, табан аудармастан 40 ғасырдан бері этникалық болмысын шыңдап келе жатқан байырғы тұрғындары – қазақтың бойына, тарихына молынан дарыған. Каспий мен Балқаштың жағасында, Алатау мен Алтайдың баурайында, Қазығұрттың басында, Сыр мен Аралдың бойында, Кенесарының Бурабайында мінезі сан алуан адамдарды – қожалар мен төрелерді, батыры мен ақыны көп албанды, жау түсіруге әзір адырайған адайды, әр сөзіне қарауыл қойып сөйлейтін арғынды, бетпе-бет келсе аюмен алысатын найманды, Шыңғыс ханды жиені санайтын қоңыратты, қолбасшысы Мұқалимен қайта табысқан жалайырды кездестіруге болады. Осылардың бәрі ежелден Ұлы даланың бірінші байлығы. Бұларды жерден кейін халық мәртебесіне жеткізген шешуші фактор – тілі, мемлекеттілігі.
Этногенезі мен этникалық тари-хында түркілер басты орында тұрғандықтан алғашқыда түркіше, қыпшақша, XV ғасырдан беріде бір тілде – қазақша сөйлеуде. Мұндай көпқырлы бірегейлік әр этностың маңдайына жазыла бермеген. Жер көлемі Қазақстаннан бес есе үлкен Қытай халқы жеті тілде сөйлейді екен. Алақандай Қавказ анау: қырдың бергі жағындағылар арғы ауылдағыларды түсінбейді. Тілдік тұтастық қазақтың шешен әрі бай тілде сөйлеуін қамтамасыз еткеніне қоса дәуірлер мен уақытты жалғауда. Қазақ VIII ғасырдың тұлғасы Күлтегінді, бүгінгі түркілік халықтарды қиналмастан түсіне береді. Даланың құдіретті ұлылығын осыдан да байқаған абзал.
Ал, мемлекеттілігінің тамыры тереңде жатыр. Қазақ хандығы өзіне дейінгі кем дегенде 20 мемлекеттің заңды мұрагері болып табылады. Оның саяси құрылысы мен элитасында, экономикалық өмірі мен әлеуметтік қатынастарында, заңы мен мәдениетінде сақ пен ғұн, үйсін мен қаңлы, қимақ пен қыпшақ, Алтын Орда мен Ақ Орда дәуірлерінен үзілмеген сарын мен соқпақ бар.
Халыққа мекен, тілі мен мем-лекетіне тірек болған даланың тарихындағы нағыз ұлылықтың белгісі оның мәңгілігінде. Жердің мәң-гілік болу-болмауы халқының бар-жоғымен, аз-көбімен анықталмайды. Керісінше, халықтың мәңгілік болу-болмауы жерінің бар-жоғымен, жерін қорғай алуымен шешіледі. Міне, осы тұрғыдан келгенде 2014 жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ресми түрде жария еткен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеямыздың тағдыры бірінші кезекте жерге байлаулы. Оның бастау-бұлағын іздесек байырғы түркі заманына кетеміз. Елбасымыз бабалар мұрасына заманауи мән беріп, оны XXI ғасырдағы қазақ қоғамының басты идеясы биігіне көтерді.

«Мәңгі Елден» «Мәңгілік Елге»

Байырғы түркілерден жеткен «Мәңгі Ел» нені білдіретінін, мәні мен мазмұнын анықтау жер мен тарих туралы ғылыми танымның методологиясын дәйектеу бағытындағы маңызды қадам болып табылады.Біздің ойымызша, Күлтегін, Тоныкөк, олардың үлкен-кіші замандастары бұл ұғым-түсінікке кеңістік пен уақыттың, түпжаратушы мен табиғаттың, соғыс пен бейбітшіліктің, тарих пен болашақтың, халық пен тұлғаның, билік пен мемлекеттің пайда болғаннан өз заманына дейінгі диалектикасы мен эволюциясын, тағдыр-тәлейін сиғызды. Демек, ол танымдық тұрғыдан бірер ғалымдар айтып жүрген идеядан да, манифестен де әлдеқайда ауқымды. Өйткені, идея дүниетанымның, ғылыми, көркем, т.б.с.с. ақыл-ойдың сүйенетін іргетасы, тірегі болса, манифестің мәнін жоғары билік немесе танымал күш тарапынан жарияланған бағдарламалық мәлімдеме құрайды. Орхон мұраларынан бұл екеуінің де белгілерін көруге болады. Дегенмен, «Мәңгі Ел» сөзтіркесін бірінші кезекте тұжырымдама (концепция) мәртебесімен қабылдағанымыз жөн деп білемін. VIII ғасыр биігінен келгенде, концепция дегеніміз – уақыт пен кеңістікке, үдеріс пен құбылысқа, бар мен жоққа, көк аспанның астындағы, қара жердің үстіндегі тыныс-тіршілікке тұтас көзқарас жүйесі.
«Мәңгі Ел» тұжырымдамасы дү-ниеге келген VІІІ ғасырда байырғы түркілер саяси, экономикалық, әлеуметтік, өркениеттік дамудың биік шыңына көтерілген еді. Бұған Күлтегін тасындағы: «Тәңірі жарылқап, құтым бар үшін, нәсібім бар үшін өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым. Ығыр (болған) елдікті, ығыр (болған) қағандықты игі қылдым. Төрт тараптағы халықты бағындырып, бейбіт қылдым. Жаусыз қылдым. Бағынып менің қоластыма кірді. Ісін-күшін берді. Осындай төрді басқарып інім Күлтегін өзі бұл дүниеден өтті» деген жолдар айғақ-дәлел бола алады. Империялық шалқыған көңіл 753 жылы орнатылған Тариат (Теркін) мәтінінде де тұр. Онда: «Алдыңғы күн шығыстың [елі], одан соң ай туар жақтың халқы, [дүниенің] төрт бұрышының халқы күш-қуатын берер, [ойы] бөлек жауым болмады. Жайлар жайлауым, егін алқабым сегіз Селеңгі, Орхон, Тоғла суы (дария бойы), Телдү, Қарға, Борғу ол жерлермен, сулармен көшіп-қонып жүрдім» делінген екен. Осындай пайым-тұжырымды Тоныкөк тасындағы жазудан да оқуға болады: «Бұл түрік халқына жарақты жау келтірмедім. Шұбырған аттыларды жүргізбедім. Елтеріс қаған иелік етпесе, оған еріп мен өзім иелік етпесем, ел де, халық та жойылар еді. Иелік еткендіктен, қасиетті еліме иелік еткендігім үшін, ел де ел болды, халық та халық болды».
Сонымен, тағдыр анықтағыш ұлы идеологема геосаяси факторлардың мемлекет мұратына жегілген немесе дөп келген дәуірінде, халықтың әл-ауқаты жоғары ортада, елішілік бірлік пен татулықтың салтанат құруымен түзілді. Өз кезегінде ұлттық қауіпсіздігі бекем, сыртқы саясаты мен халықаралық байланыстары көрегендікке, парасатқа жүгінген, әскері сақадай сай мемлекетте оның қоғамға, мемлекетке, азаматтарға қуат беруші артықшылығы да, мүмкіншілігі де зорая түседі екен.
«Мәңгі Елді» ұлықтаған Орхон ескерткіштерінде, яғни, Бумын, Күлтегін, Тоныкөк замандарында мемлекеттің, тіпті империяның тағдыры халықаралық ахуалдан, экономикалық, сауда-саттық, дипломатиялық қатынастардан гөрі соғыс қорытындысымен шешіліп жататыны көзге түседі. Алайда, Күлтегін жазуындағы: «Қаракөлде соғыстық», «Ізгіл халқымен соғыстық», «бір жылда бес жолы біз соғыстық», «төртінші рет біз Чүш басында соғыстық», Тоныкөк жазуындағы: «сары алтын, ақ күміс, қыз-қырқын, иір түйе, ақық қазына есепсіз келіп жатты. Елтеріс қағанның білік иесі, алып иесі болғаны үшін Табғачпен он жеті рет соғыстық. Қытайға жеті (рет) аттандық. Оғызға бес (рет) аттандық» деген мәліметтерден соғысқұмарлықты, бөтеннің жерін жаулап алу саясатын емес, елді сақтаудың, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, бәсекеге қабілетті биіктен көрінудің қам-қарекетін көргеніміз жөн. Соғыс пен мәңгілік ешқашан қабыспайды. «Бейбітшілікті аңсасаң, соғысқа даярлан», деген емес пе халық даналығы.
«Мәңгі Ел» – арғы бабаларымыздың ұлы интеллектуалды серпілісі. Күлтегін жазуында «Мәңгі» сөзі бес рет қолданылған. Қандай жағдайға байланысты қолданылғанына назар аударумен де мәні мен маңызына көз жеткізе аламыз.
1. «Өткен жерінде отырып, керуен жіберіп отырсаң, онда мұңың жоқ. Өтікен жынысында отырсаң, мәңгі ел тұтып отырар ең сен» делінген ескерткіште. Осы тектес қағидатты Білге қаған, Теркін мәтінінен де оқимыз. Мұндағы Өтікен – түркілердің астанасындай қасиетті жері. Байырғы түркілер өз мемлекетінің астанасын да, жерін де ерекше құрметтегенін әсте кездейсоқтыққа балауға болмайды. Ол – мемлекетшіл сана мен рухтың ажырағысыз серігі. Ендеше, мәңгілікке тірек боларлық жер мен орда керек екен. Ең кереметі – «Мәңгілік Ел» идеясы да Қазақстанның жаңа Елордасы – Астанада паш етілді ғой.
2.Күлтегін жазуы былай дейді: «Нендей бір айтар сөзім болса, мәңгі тасқа бастым. Мұны көріп біліңдер, түрік халқы, бектері, бөдке (таққа) кіріптарсыңдар ғой, жұртыңмен бірге жаңылғышсыздар ғой сіздер». Бұл қағидаттан екі қорытынды шығаруға болады: бірі – билік пен билеуші мемлекеттің даму стратегиясын, ішкі және сыртқы саясатын анықтағанда қателікке жол бермеу керектігін, екіншісі – билік пен халық арасындағы ынтымақ, түсіністік мәңгіліктің кепілі екенін баса көрсету. Осынау ұстаным қазіргі Қазақстан үшін бейтаныс емес.
3.Көреген Күлтегін былайша тол-ғанады: «Мен мәңгітас тіктім (тұрғыздым). Табгач қағаннан бедізші келтірдім. Бедіз еттім. Менің сөзімді бұзбады». Демек, мәңгіліктің негізінде материалдық, геосаяси, әскери фактор ғана жатқан жоқ екен. Бұрмалаудан, әсірелеуден ада, ақиқатқа суғарылған тіл мен сөз, руханият пен идеология, тұжырым мен теория мәңгілікке жетелейтініне бабаларымыздың күмән-күдігі болмаған. Бұл қағидат бүгін де өз күшінде. Елбасымыз қабылданатын барлық шешімдердің прагматизмі мен өмірлік қажеттілігін талап етуде. «Мәңгілік Ел» идеясын жариялаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы», – дегені бәріміздің есімізде.
4. Күлтегін жазуында мынадай жолдар бар: «Көңілдегі сөзімді (бастырттым) … […] он-иелік ұрпағыңа, кірмелеріңе дейін бұны көріп біліңдер. Мәңгі тас тоқыттым». Бұл тұжырымның мәнісі, біздіңше, мынада: ұрпақтар жалғастығы қаншалықты маңызды болса, этникалық, рухани, идеологиялық, тілдік, т.б. құндылықтардың сабақтастығы одан бір мысқал кем емес. Бұлар мәңгіге айналғанда халықтың ғұмыры ұзарады, әркімнің және баршаның бәсекеге қабілеттілігі шыңдалады. «Біз» және «оларды», жақсы мен жаманды айыра білетін елдің мәңгілігі негізделеді. Осы орайда, тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан ұлттық тарих, мәдениетті қолдау жылдарының, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының, қазіргі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының маңызына тағы да тәнті боласың.
5. «Мәңгі Елге» қатысты аманатталған Күлтегіннің соңғы өсиеті: «Бұл киелі жер еді. Қазір де киелі жер. Осындай киелі жерге мәңгі тас тоқыттым, жаздырдым. Бұны көріңдер, осылайша біліңдер». Тобықтай түйіні, біздің ойымызша, мемлекет үшін де, халық үшін де мәңгіліктің қасиетті көзі – жер дегенге саяды. Жер – бұл табиғат, экономика, байлық, өмір салты, геосаясат, руханият. Осылай болған және бола да береді.
Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жерге тағзыммен басталып, жерді ұлықтаумен тиянақталған «Мәңгі ел» тұжырымдамалық идеологемасының жаңа әлемдегі, жаңа тарихи дәуірдегі заңды жалғасы, Ұлы даланың қасиеті мен киесін қайта жаңғыртуға бағышталған бастама.

Даланың қилы тағдыры

Бұл даланың басынан қандай тағдыр өтпеген. Империя биігіне көтерілді, империялар қоластындағы отар өлкеге де айналды. Қай дәуірде болмасын маңғаз қалпынан, сыйға сыймен жауап беруден, биік талап қойғыштығынан айнымады.Қасиеті мен киесі осылай білінді. Артық туған ұл-қыздары атамекенінен қоныс аудармағандықтан ұлттық кодын жоғалтпастан адамзат өркениетіне материалдық, рухани, имани, интеллектуалды олжа салуды тоқтатпады. Бөтеннің зорлық-зомбылығымен қынадай қырылып, жоғалуға шақ қалғаны да рас. Бірақ, Ұлы даланың ашықтығы, тұтастығы, жылдың қай мезгілінде болмасын тұрғындардан ұтқырлықты (мобильность) талап етуі адамдарының бойында құрыштай бекем мәдени-генетикалық кодпен, салт-дәстүрмен, әділ әлеуметтік қатынастармен көмкерілгендіктен жалқаулықты, зұлымдықты, ынжықтықты айыптап, өміршең құлшынысты еселеді.Даланың мәңгілігінен күш алған әлеует тағдырдың тезінен аман-сау алып шықты. Бұл туралы Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінде: «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға қақымыз жоқ» – дейді.
Соның бәрі сайын даланың төсінде-гілер тағдырымен бірге өрілгендіктен, табиғат пен тарихтың көзге көріне бермейтін ішкі байланысы ретінде ұлттық тарихнамамыздан лайықты орнын табуы керек. Алыс-жақын елдерде білуі керек. Ақиқатын айтсақ, әрісі отарлық, берісі кеңестік Қазақстанның қуанышы мен қасіретінен басқалар хабардар бола бермеді. Білмегендіктен ақиқатқа қиянат жасаумен Борат туралы кино түсірушілер, қазақты қырғызбен шатастыратындар табылды. Енді ғана ақиқат алдындағы ғасырлар қарызын қайтарудамыз. Басқа түгілі тарихқа өзіміздің көзқарасымыз саяси, теориялық, методологиялық, деректік жағынан түбегейлі жаңғыруда.Тәуелсіздікпен қайта өрлеп, Мәңгілік Ел орнатуға бет алған жайымыз бар. Мың өліп, мың тірілген қазақтың, қиянатқа жасымаған даланың ұлылығына айғақ-дәлел осындай-ақ болар.
Ұлы даланың қасиеті мен киесі арқасында халқымыз жаһандық деңгейдегі екі апаттан аман қалды, жоғалып кетпеді. Оның бірі – миллиондаған қазақтың өмірін жалмаған ашаршылықтар мен экологиялық дағдарыстар. Ашаршылық жерді сан ғасырлық иесінен тартып алумен, яғни, иесіз қалдырумен, жердің сәні, этножүйесінің драйвері, берекесі төрт түлік малды аяусыз қырумен келді. Халық құрамындағы қазақтың үлесі 29%-ға дейін құлдырады. Демографиялық қысымнан жұтылып кетуі керек еді. Жұтылмады. Бүгінде 100 том көлемінде жарияланған бабалар сөзі, мыңдаған ән-күйі, қасиетті, киелі нысандары, аштықтан жер қойнына кірген аруақтар – әке-шешелері, бауырлары, солардың аманаты жұтқызбады. Жетімсіреген жер, құлазыған ен жайлау үнсіз қала алмады. Көреген бабаларымыз жердің қамқоршыл қасиетін XIV ғасыр бұрын Күлтегін тасына қашап жазуы бекер емес:
Көкте түркі тәңірісі,
Түркінің қасиетті жері-суы,
Былай депті:
«Түркі халқы жоқ болмасын», – дейін.
Халық болсын, – дейін.
Сталиндік-голощекиндік гено-цидтен кейін де қасиетті жері-суы қазақты бауырына басты, қалаға шұбыртпады. Өйткені, талайғы Тараздың, төрт қақпалы Түркістанның, мың бояулы Алматының, Бозоқтың, Сарайшықтың орнын басқан кеңестік қаладағы басым көпшіліктің, бірінші кезекте биліктің тілі мен діні ғана емес, жер туралы түсініктері де қазақтікімен жанаспайтын. Олар жерді сакралды нысанға жатқызбады, табыс көзі, құрылыс алаңы, уақытша тұтынатын зат деп қабылдады. Мұндай психология қазаққа мүлде жат еді. Қалада қазақ өзін өгей баладай сезінді. Менталитеті жат ортада өскен екінші буын қазақ баласы ұлтсыздану қаупімен бетпе-бет келді. Міне, тап осы жылдары қасиетті қара жер қойнын ашып, ғасырлар бойы бойтұмардай сақтап келген Бесшатырдың, Беғазы-Дәндібайдың, Отырардың, «Алтын адамның», көне металлургияның құпиясын паш етті. Ұлы дала әлемдік тарихи үдерістерден сырт тұрмағаны, кеш қалмағаны айдай ақиқатқа айналды. Қазақ ежелден надан еді дегенге саятын жаланың арты ашылды, болашақ желтоқсан қозғалысының дәні құнарлы топыраққа себілді.
«Абай жолымен», «Қаһармен», «Қыз Жібекпен» сілкінген ұлттық сана республика басшысы Д.Қонаевтың кеудесіне тағылған әрбір алтын жұлдызбен күш жинап, 1979 жылы қазақ жерінде неміс автономиясын құрғызбаған наразылықпен сыртқа шықты.Төніп келе жатқан апат қаупін 1986 жылғы желтоқсан, бес жылдан кейін жарияланған мемлекеттік тәуелсіздік тарқатты. Қысқасы, жердің тағдырына жеңіл-желпі қарау қасірет шақыратынын XX ғасыр әбден дәлелдеді. Ол тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін жерді сатуға наразылық білдірген 2016 жылғы оқиғалар, 2017 жылғы Конституциялық реформа және көрсетті.
Қазақстанның минералды ресурстарын жыртқыштықпен тонаудан, табиғат заңымен есептеспеуден Аралдың тартылуы, топырақтың, судың, ауаның бұзылуы, ядролық жарылыстармен, жойдасыз тың игерумен Ұлы даланың асты-үстін талқандау, яғни, Жер-ананы қорлау – тоталитаризмнің барша адамзатқа қарсы жасаған қылмысы. Бір ғана Семей атом сынақ айлағы орнатқан тозақ тарихтың тірегі жер екенін қапысыз куәлендіреді. 1949 жылдан 1990 жылға дейін мұнда 456 ядролық заряд жарылыпты, оның 116-сы әуеде. Қуаты жағынан 1945 жылы Хиросимада жарылған атом бомбасынан 2,5 мың есе асып түседі екен. Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарына қарасты 18500 шаршы км жер қорғаныс қажетіне тартып алынып, қазақтың қасіретіне айналды. Бәрін көріп-біліп отырған мәскеулік билік, оның Қазақстандағы өкілі селт етпеді. Колбиннің тұсында 35 ядролық жарылыс ажал отын сеуіпті. Айналып келгенде, асқанға тосқан, зауал бар екен. Ұлы даланың обалын мойнына артқан большевиктік кеңестік билік қылмыскер ретінде ресми танылмаса да тарихтың қоқыр-соқырынан орын тепті. Осының бәрі аграрлық, әлеуметтік, өлкетанулық, саяси-экономикалық, яғни ұлттық тарихнаманың методологиялық қағидатына айналғанда өткенді дәлме-дәл танимыз, тарих тағылымы, миссиясы мен қызметі тәуелсіздік ұрпақтарының жерге тағзым ету үдесінен шығады.
Жаһандық апаттың екіншісі – саяси қуғын-сүргін мен аз халықтарды орыстандыру. Ол да алғашқыда патшалықтың, кейінде тоталитаризмнің зорлықшыл саясаты мен теориясынан туындады. Көп адам қуғын-сүргінді сталинизммен байланыстырады. Мүлде олай емес. Кенесары, Исатай-Махамбет, Амангелді көтерілістерін аяусыз басып-жаншу – қуғын-сүргіннің нағыз өзі.
Үздіксіз қуғын-сүргін ұлттың мәйегі – зиялыларды, қалың қазақты қорқақтық, үрей, жағымпаздық, парақорлық сынды жағымсыз қылықтарға соқтырып, дүниетанымдық, сандық және сапалық дағдарысқа ұрындырды. Бұған қазақ мектептерінің жабылуы, бабалар тілінің қолдану аясын тарылту қосылып, қазақтың ұлтсыздануы елес берді. Дегенмен ұлттық сәйкестігімізді (идентичность) жаппай жоғалтпағанымыз ақиқат. Халық санағының мәліметі бойынша, тілі орысша шыққан кеңестік қазақтардың бәрі дерлік (95-97%) «ана тілім» деп қазақ тілін көрсеткені осыған дәлел. Орыстандырудың шарпымаған саласы қалмады. Дүние есігін ашқан сәбиге есім беруден марқұмды жерлеуге дейін ұлттық сипатынан айырыла бастады. Тілдің дамуына қажетті функциялардың бар болғаны 10-15%-ы ғана қазақ тілінде атқарылды. Халқымыздың рухани-өркениеттік көзқарастары мен құндылықтары тым ұсақталып һәм алшақтап кетті. Өкініштісі – тәуелсіздік тұсында ақпараттық қауіпсіздікті тиісті деңгейде ұстап тұра алмағандықтан, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу ісін босаңсытқандықтан, ең бастысы, ауыл жастарының жерді тастап, жермен байланысын үзіп, қалаға көтеріле кетуімен ескі дерттен айығу қиынға соғып тұр. Мұның Ұлы далаға да қатысы бар. Жерге мол еңбек сіңбегені, тер төгілмегені, азық-түлік өнімдерін сырттан тасумен әшкереленуде. Жерін аялай алмаған халықтың ұлттық өніммен тамақтанбағандықтан тәнінің саулығы әлсіреп, ішкі бірлігі бұзылуы бек мүмкін. Жаһандану осалдықты кешірмейді. Бұдан шығатын қорытынды біреу: жерге, ауыл шаруашылығына қатысты заңнаманы, саясатты, практиканы шұғыл оңалту қажет.
Қазірдің өзінде адам мен жердің өзара ықпалдастығы бұзылғандықтан, басқа да себептері бар, әрине, аты да, заты да бір қарға тамырлы қазақ қаншаға бөлініп жүргенін санап көрейікші: 1.Бар болмыс-бітімімен нағыз қазақ қалпындағы қазақтар бар. Домбыраның күмбірі, жылқының кісінегені, Тайқазанның Түркістанға оралуы бұлар үшін шексіз бақыт. 2. Кешегі өктем империяның, яғни, Ресейдің сойылын соғып жүрген қазақтар аз емес. Мұндайларды Шер-ағаң: «Ұлы империяның улы жемісі» деген еді. 3. Тілі, ділі орыстанып кеткенмен, жүрегі халқымен бірге соғатын қазақтарды қаперден шығармағанымыз, бағалай білгеніміз жөн. Бұлардың бір бөлігіне ұлтжандылық тән. Қазақша сыңар жол өлең жазбаса да, О.Сүлейменовты кім орыс ақыны дей алады? 4. Жаһанданудың салмағына жаншылып, шекарадағы темір перде ысырылғаннан кейін, Америкаға, Батысқа шыбындап бас изейтін, рухани кембағалдықпен өзінікіне мұрнын шүйіретін қазақтар шықты. 5. Басқа діннің ықпалына түсіп адасқан, не ол емес, не бұл емес қазақтар саны өсіп келеді. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұлардың қарасы жарты миллионнан асып жығылады. Деструктивті діни ағымға ұрынғандар ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. 6. Тарихи Отаны Қазақстанға сағынышпен жеткен, бірақ, бұрынғы тәрбие мен мәдениеттің ықпалынан шығуы тым созылғандықтан, мұндағылардың өзін де, сөзін де түсінбей, айран-асыр күйге түскен оралмандар үлкен қауым. 7. Жүзге, руға, жерге бөліну сияқты дерттен айықпаған «ортағасырлық» қазақтар арамызда жүр. 8. Жекешелендіру мен нарықтан қарқ болған «жаңа қазақтар» ел мен жердің табиғатына жат істерге жол берумен этникалық сәйкестілігімізді әрлендіре бермейді. Біріншісін есептемегенде, қалған жеті «дерт» жеті басты айдаһармен пара-пар. Осының біреуін ғана асқындырып алғандықтан, мемлекеттілігінен, тәуелсіздігінен айрылған халықтар бар. Егер, бірінші апаттың қасіреті XX ғасырдың басынан асқынса, екінші апат қазақтар үшін Ресейге бодандықты қабылдағаннан 1991 жылдың 16 желтоқсанына дейін созылды.Батыр бабаларымыз күндіз отырмастан, түнде ұйықтамастан, қорғаған жер революцияға дейін-ақ мемлекеттік меншік саналғандықтан, шекарамыздан әлденеше мың шақырымда жатқан Кремльдің ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалды. Талапайға түсті, асты-үстіндегі байлық тоналды. Ономастикасы шұбарланды. Жерді жатсындыру оның тарихтағы орнын методологиялық, деректік, теориялық тұрғыдан бағалау мүмкіншілігін тарылтты. Шовинистік өктемдікпен, зорлықпен миллиондаған басқа халықтар осында көшірілгендіктен, демографиялық дамуымыз ғана бұзылған жоқ, ұлттық кодымыз әлсіреді, әсіресе ең ұлы байлық – тіліміз мүшкіл халге түсті. Демек, қоғамдық санаға, ұрпақтар сабақтастығына қатер төнді.
Әрине, орыс билігіне өткенге дейін де үлкенді-кішілі қайғы-қасірет даланы зар еңіреткені белгілі. Мәселен, XIII ғасырдағы Шыңғыс ханның жаулап алуы, XVIII ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды», XIX ғасырдағы қоқандықтардың зорлық-зомбылығы. Алайда, бұлардың бірде-біреуі Ұлы даланың табиғатын, ішкі табиғи-ырғақты даму заңдылықтарын, билік жүйесін, дінін, тіпті шекарасын бұза алған жоқ. Болу немесе бордай тозу XX ғасырда алдымыздан шықты.Сыртқы дүлей күш әкелген осыншама зұлматты, әділетсіздікті қара жер мен оның топырағынан жаралған қазақ халқы ғана көтерді. Өйткені, адамзатқа жылқы мәдениетін, алма мен қызғалдақты, көне металлургия мен сына жазуды, мал шаруашылығындағы қалдықсыз технологияларды сыйлаған, ең бастысы, барша адамзатты бауырындай сүйген, таспен атқанды аспен атуды құптаған. Ұлы далада басқаша болуы мүмкін емес. Қазақы жасампаз менталитет мезеттік саяси-идеологиялық адастырудан, жымысқы отарлау практикасынан үстем түсті. «Орнында бар оңалар» деген ғой. Тәуелсіздігіміз жер-ананың құрсағынан, Ұлы даланың бауырынан өрбіген бақыт, он сегіз мың ғаламның иесі түпжаратушының бізге тартқан сыйы, тәңірінің «қазағым жоғалмасын, Мәңгілік Ел болсын» деген тілегі. Аққан қанның, төккен тердің өтеуі.
Ендігі міндет – қазақ трагедиясын техника мен технологиялардың жетістіктеріне сүйенумен, гуманитарлық ғылым табысымен, суреткерлік асқан шеберлікпен әлем халықтарының жүрегіне, санасына жеткізу. Образды түрде айтар болсақ, О.Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабы түркі әлемінің рухын қалай асқақтатса, Қазақстандағы ашаршылық немесе қуғын-сүргін тарихы туралы шығармалар әлемдік ақпараттық кеңістікті дүр сілкіндіруі тиіс. Өзіміздің жылауымызбен емес, басқаларды жылатумен де емес. Жаһанда жылауға зәрулік жоқ. Адамзатқа жетпей тұрғаны адамгершілік, адамның адам болып қалуы. Осыған қазақ тарихымен септескенге не жетсін! Ал, біздің тарихымыздың әр парағы оптимизммен, гуманизммен, сеніммен көмкерілген ғой. Ол дүниетанымдық, пәлсапалық, педагогикалық, әдеби-көркем ұстанымдарымызда да тұр.Оптимизмді, гуманизмді, сенімді методологияның объективтілік, жүйелілік, детерминизм тәрізді қағидаттары қатарына қоя алсақ, жеріміздің де, тарихымыздың да қасиетті құдіреті ақыл-ой көкжиегін кеңейтер еді.

Қасиеті құдіретті жер мен тарих

Қазақ оптимизмінің негізінде жақ-сылықтан, ілгерілеуден үмітті үзбеу жатыр. Үміттен сенім, сенімнен ерлік туындайды. Мақсатты да нысаналы іс-әрекетті, ардың тазалығын бәрінен жоғары қояды, үмітсіздерді шайтанға теңейді. Ұлы дала әзіл-қалжыңның отаны іспетті. Мұнда ойын арзан, күлкі қымбат. Ауызында әзілі жоқты ұрда-жық санайды. Туғаннан жер қойнына кіргенше жан баласы өлеңнен ажырамайды. Нәтижесінде тарихы да оптимизммен суғарылған.
Қазақ – гуманист халық. Кісі ақысын жемеуді, обал-сауапты ұмытпауды, екі дүниенің сынағынан адал жандар ғана өте алатынын баланың құлағына жастай сіңіреді. Ауыз әдебиетіміз бен музыкалық фольклорымыз тұнып тұрған ізгілік, қайырымдылық, қанағат, ынсап, бейбіт өмір идеясы. Гуманизмнің құқықтық асқар шыңы – Тәуке ханның «Жеті жарғысы» шегінде өлім жазасын құн төлеумен алмастырғаны. Дәстүрлі қоғамды жер дауы, жесір дауы, барымта мен сырымта алаңдатты. Абақты, түрме салынған жоқ. Билікті асыра пайдаланған ханға да қырын қарағаны саяси мәдениеттің кемелдігін, «судың да сұрауы бар» деуімен табиғатты аялауы, көк шөпті таптамауға шақырған тыйымдары Ұлы даланың гуманизмін айшықтайды.
Оптимизм мен гуманизмнің қайнар көзі – сенім. Дәстүрлі қоғамдағы қазақ табиғатпен біте қайнасып кеткен халық болғандықтан, жыл мезгілдері сөзсіз ауысатынына қалай сенсе, адамгершілікке, имандылыққа, билікке, үлкендердің, ел ағаларының, қадірлі адамдардың айтқанына солай сенді. Әрине, сақтықта қорлық жоқ екенін білді. Дегенмен, түсі игіден түңілмей, тілінен бал тамызғандарға сеніммен қарағандары рас. Табиғаты таза даланың ақыл-ойы, жан-дүниесі таза жандары сеніммен өмір сүрді, еңбек етті, ұрпақ тәрбиеледі. Сана мен өмір салтында дархан далаға, оның фаунасы мен флорасына ұжымдық жауапкершілік басымдыққа ие болғандықтан, адам мен табиғаттың, адамдардың арасындағы қарым-қатынас сілкіністен, антагонизмнен бұрын тұрақтылықты, толеранттылықты талап етті. Бірдің кесірі мыңға тиетін ортада бас-басына би болуды қоғамдық сана қабылдамады, ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені деп білді. Сан ғасырлық дәстүрді, дәстүрге негізделген заңды – «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», «Жеті жарғыны» бұзу ауыр қылмыс саналды.
Гуманизм, оптимизм, сенім ұлттық жә-не тарихи құндылық ретінде тоталитарлық өктемдікпен лайықты бағаланбаса да, қазақ топырағынан тамырын үзбеді. Оларды коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексі де алмастыра алмады. Бұдан былай да халқымыздың мәдени-имандылық қасиеттеріне методологиялық мән бере алсақ, төл тарихымыздағы әттеген-айлар мен жұлдызды сәттердің шынайы баянын айта аламыз. Мәселен, М.Шоқай Еуропада жүріп, Түркістан мұхтарияты тарихын қозғағанда, 1917 жылы орыс демократиясына тым сеніп қалғанын өкінішпен жазған еді. Ұлы дала перзентінің отарлаушыдан артықшылығы да, ерекшелігі де осында ғой. Ең кереметі, осы айтқандарымыздың бәрі ұлттық тарихнамамызда елеусіз қалса да, қазақ жеріне келіп, дәм-тұзын татқан, тарихымыздан алыс шетелдіктер байқай алыпты. Қазақстанда 2011 жылдан бері тұрып жатқан ауғанстандық студент Димрал Саид Сабер былайша ағынан жарылыпты: «Мен Қазақстанға келген алғашқы кезеңде: «қазақтардың бойында қандай ерекше қасиет бар? Оларға құдай неліктен осынша бай жер мен әдемі табиғат берген? Олардың қандай құпиясы бар?» деп жиі ойланатынмын. Қазақстанда бірнеше жыл өмір сүргеннен кейін мен бұл сұрақтың жауабын таптым: қазақтар өте қарапайым және мейірімді жандар, – дейді ол. – Адам баласы үшін кек сақтамау өте маңызды қасиет және ол қазақтардың бойынан табылады. Олар адамгершілікті жоғары бағалайды. Үлкенмен де, кішімен де, өз туысымен де, тіпті бөтен адамдармен де бірдей сыйластықпен араласады». Ауғанстандық азамат қазақтың жақсы қасиеттерін жерімен байланыстырған: «Қазақ жері – бақ қонған мекен… басқа елдермен салыстырғанда, өз ұрпағына кең-байтақ даланы мұраға қалдырып кеткен. Ол кез-келген халықтың қолынан келе бермейді».
Ұлы даламен тұрғындарының ажы-рағысыз тұтастығы қоғамның бірлігі мен бірегейлігін қалыптастырумен қатар, игі шарапатын жаһанға тигізді. Оны адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келе жатқанын мақтанышпен ауызға алған Ұлт көшбасшысы жеті құбылысқа ерекше тоқталды. Бұлар ғайыптан пайда бола қалған жоқ. Құдіретін тануға әлемдік ғылыми ақыл-ойдың алыптары жегілді. Дат ғалымы В.Томсонның Күлтегін жазуын алғаш оқығанына 130 жылға жуық уақыт өтіпті. «Аң стилі» термині Ресей ғылымында XX ғасыр басында орнықты. Түркілердің атты әскері, қазақ жеріндегі көне металлургия, алма мен қызғалдақ әлемдік тарихнамадан ғасырлар бойы түспей келеді. Әрине, бұдан Ұлы даланың жеті қыры ғана бар деген пайым-тұжырым тумауы керек. Ол 37 немесе 77 де болуы мүмкін. Хронологиясы туралы да осыны айтуға болады. Археологиялық қазба жұмыстары алғашқы адамдар мұнда 1 млн жыл бұрын өмір сүргенін дәлелдеп отыр. Осының өзі оның айшықты қыры. Ертең питекантроп пен синантроптың заманында, одан да ертеде өмір сүрген адамның қаңқа сүйегі біздің жерден табылмайтынына кім кепіл болады. Ешкім. Кейбір құрлықтар мен мемлекеттерде адамның пайда болғанына 100 мың жыл өткен жоқ. Ұлы даланың жартастағы суреттері, қола дәуірінен белгілі домбырамыз, киіз үйіміз оның қайталанбас интеллектуалды қырының нышаны болып табылатынын сырттағы білімпаз мамандар толық мойындады.
Елбасы ұлықтаған қырлардың мерзімдік шегі неолиттен басталып, орта ғасырлармен аяқталады. Мәселен, Қазақстан аумағында қола дәуірге дейін-ақ жылқы малы қолға үйретілсе, Ұлы Жібек жолы XIV ғасырға дейін жұмыс істеп тұрды. Содан кейінгі 6-7 ғасыр аясында Ұлы дала жаһандық әлденеше ілгерілеу мен өзгерістің бесігі болғаны сөзсіз. Америка құрлығы әлі ашылмаған XV ғасыр ортасында, Француз, Испан, Ағылшын халықтарымен бір мезгілде ұлттық мемлекетіміз – Қазақ хандығын құрғанымыз төл тарихымыздағы жұлдызды сәт. Демек, Ұлы даланың қырларын анықтағанда, «пәлен саннан, түген ғасырдан аспасын» деген методологиялық шектеу қойылуы мүмкін емес. Ол адам адам болғаннан бергі тарих пен жердің өзара ықпалдастығын, байланысын жоққа шығарады. Бұдан да маңыздысы, Елбасының мақаласы, біріншіден, ғылыми ізденістің іргелі бағыт-бағдарын көрсетіп, шығармашылық еркіндікті кәдеге жаратудың тама-ша үлгісін паш етті, екіншіден, ұлт тарихын танудың кілті ұлттық мето-дологияда екенін қысқа да нұсқа дәйектеді, үшіншіден, тарихты зерттеу методологиясында жер мәселесін негізгі тіректердің бірі ретінде бағалады.
Қысқасы, отандық қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар алдына қыруар міндет қойылды. Н.Назарбаевтың: «Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ, біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгіні және болашағының негіздеріне тікелей қатысты» деуінің сыры да сонда. Міндет үдесінен шығу үшін алты ірі жоба жүзеге асырылады: 1. Архив – 2025. 2.Ұлы даланың ұлы есімдері. 3. Түркі әлемінің генезисі. 4.Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі. 5. Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы. 6. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі. Бірден айтайық, бәрі өзекті, бәрі керекті жобалар. Бұл миссияны атқару барысында тарих ғылымы асыра сілтеусіз, әсіре бояусыз, әр затты өз атымен атағанда, өткеніміздің бары мен жоғы, тапқаны мен жоғалтқаны түгенделмек. Тарихи ақиқатты табудың алғышарттары көп. Солардың ішінде зерттеудің методологиясын қапысыз түзудің маңызы ерекше. Бұл орайда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының берері, әкелген серпіні мен ұсыныстары көңілден шығуда. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы жайын қозғағанда, Елбасымыздың былай дегені бар: «әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ».
Ғалымдар төл тарихымызды зерттеудің методологиясын түзгенде, бөтеннің моделіне, Батыстың ойшылдарына жөн-жосықсыз жүгінудің реті жоқ. Иә, оларды оқиық, білейік, сөйте тұра түркі әлемінің ғұламаларына баса назар аударайық. Бізге түркі өркениетін, көшпелілер тарихын мойындамаған А.Тойнбиден гөрі, әрбір сөзі алтындай әл-Фараби, М.Қашқари, Төле би, Ататүрік қымбат емес пе. Бұрындары мызғымас аксиомадай қабылданған өндіріс тәсілі, меншік түрі, товар, ақша, капитал, формация, қондырғы ұғым-түсініктеріне ревизия жасамай-ақ, қазақстандық экономистер, философтар жаңаша пайым-тұжырымдамаларын алға шығарулары қажет. Шоқанның, Ә.Бөкейханның экономикалық көзқарастары мен зерттеулерінен тартып, Ә.Марғұлан мен А.Сейдімбектің ғылыми мұрасына дейін ми қазанында тағы бір қорытып, еуропацентризмнен қабылдайтынымызды қалдырып, керексізін анықтап шығуымыз керек-ау, сірә. Бұл – бір. Екіншіден, ірі оқиғаларды, экономикалық, саяси жүйелердің ауысуын, халықаралық байланыстарды, әскери-соғыс факторын әспеттей бермей, басты ұстаным ретінде Ұлы даламызды, яғни, жерді тарихтың базисі, субстраты, ірге тасы мәртебесімен кемел де кешенді дәйектейтін уақыт келді. Жерді бәрінен жоғары қойып отырғанымыз кездейсоқтық емес. Түптеп келгенде, жер адамнан миллиардтаған жыл бұрын пайда болған. Адамның дене бітімі, өмір салты, кәсібі, табиғатты тануы, азық-түлігі, барша болмыс-бітімі жерге тәуелділігімен қалыптасты.
Жердің заңын – күнді айналуын, жыл мезгілдерінің ауысуын, басқа планеталарға алыс-жақын орналасуын адам қылаудай өзгерте алмайды. Иә, бүгінгі адамзаттың қолында жерді төңкеріп тастайтындай қуат бар. Бірақ, жерді төңкеру жерді жазалау емес, адамзаттың өзін-өзі жазалауы ғой. Қысқасы, жарық дүниеде шалқайып жүргенін көп көрген есерсоқ қана жермен алысады. Тіпті, жер бетіндегі өзен-көлдердің ағу бағытын бұру, топырақтың құрамын өзгерту, ол түгілі, жеті қабат жер астына әсер ету ауыр зардап әкелетінін мойындауымыз керек. Жер ешқашан адамға табынған емес, жер бар болса, адам да бар. Соғыстардың, жаулап алудың, отарлаудың, халықаралық қатынастар мен дипломатияның бастау-бұлағын жерден, жер мәселесінен іздеген жөн.
Жер – тарихтың материалдық тірегі. Хронологиялық тұрғыдан алғашқы адам пайда болғаннан сына жазуы шыққанға дейінгі дәуір ұлттық тарихымыздың 99%-ын қамтып жатса, соның шежіресін археология ғылымы тарқатады. Демек, материалдық тірек болғандықтан, ақпараттық қазынаны бауырына басуда. Жерден бір клеткалы амеба мен туфелкадан тартып ең дамыған тіршілік иесі адамға дейін жаралған, нәр алған, әлі алуда. Жерге мәңгі қарыздар екенімізді Күлтегін тасы да еске салады:
Жоғарыда көк тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасында адам баласы,
Адам баласын басқаруға ата-бабам
Жаралды.
Өз кезегінде қазақтың жерге деген шексіз сүйіспеншілігін айна-қатесіз екі құбылыстан – онымен тірі адаммен коштасқандай қоштасқанынан және әр ғасырдағы демографиялық үдерістен байқауға болады. Қоштасудың түрлі нұсқасын белгілі түрколог В.Радлов, Алаш қайраткерлері А.Байтұрсынов, Т.Шонанов әр өңірден жазып алған екен. Ал, демографиялық көрсеткішке келсек, жер жау қолына түскенде ғана қазақ сыртқа кетті. Қазақтан басқалар көші-қонға келгенде, материалдық-тұрмыстық себептерге басымдық берді.
Тарихтың адам жаралғаннан кейінгі екінші тірегі – тіл мен сөз. Адамның ақыл-ойы, қабілет-қарымы тілмен, сөзбен сыртқа шықты, тарихының интеллектуалды негізі, әрі шежіресі рөлін атқарды. Адамдар қауымдастығы белгілі бір даму белесіне аяқ басқан сәттен тарихи үдерістің үшінші тірегі, саяси тірегі, мемлекет пайда болды. Бұлар жайлы байтақ зерттеу қажет.
Ұлттық тарихқа қатысты қоғамдық сананы жаңғыртуда болжамды межеге тез арада, жылдам жетуге тырысу әрқашан өзін ақтай бермейді. Жеті рет өлшеп-пішіп, бір кескен ұтады. Асықпайық дегенге бөгеліп те қалмайық.Тарихи сананы жаңғырту жалпыға бірдей міндетті тарихи білім беру науқаны емес. Оның көздегені – қазақ тарихына қазақ көзімен қарауды қалыптастыру. Қазақтың бәсекелік қабілетін арттыру. Ең дамыған елдер қатарына қазақтың қазақ қалпымен енуіне қызмет ету. Ұлттық тарих әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі болғанымен, оның өзіне тән ерекшеліктері, дәуірлері, тұлғалары, тапқаны мен жоғалтқаны бар. Әлемдік тарихпен үндес ортақ қырлары мен заңдылықтарын ашуға ғылыми танымның әмбебап табыстары және методологиясы қолданылса, ұлттық мазмұны мен бастау-бұлақтарын зерделегенде, өзгенің субъективті пайымдары емес, өзіміздің мүддеміз, көзқарасымыз сөйлеуі керек. Ұлттық методологияны түзудің нәтижесінде, біріншіден, табиғи-ырғақты дамудың артықшылықтарын ұғынамыз, екіншіден, отарлық және тоталитарлық дәуірлерден қордаланып қалған біліми, ғылыми, мәдени қарыздарды, құндылықтарды, бабалар аманатын иесіне – халыққа саф алтындай таза күйінде қайтару, үшіншіден, ғасырлар мұрасының жасампаз әлеуетін тәуелсіздік мүддесіне әлемдік деңгейде кәдеге жарата білу, табыс көзіне айналдыру жүзеге асады,төртіншіден, әрбір қазақстандықтың тәуелсіздікті нығайтуға, яғни, қасиетті де киелі ортақ іске жұмылуына септесу атқарылады. Елбасымыз айтқандай, «өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы».

Алдыңғы «
Келесі »