ОТЫРАР МЕН САЙРАМНЫҢ САҢЛАҚТАРЫ

  • 01.05.2019
  • 777 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Р.Б.Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының директоры, ҚР Жоғары Мектеп ҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

ҚР-ның мемлекеттік хатшысы 2013 жылы Елбасының тапсырмасымен «Халық – тарих толқынында» атты бағдарламаны қолға алды. Арнайы комиссия құрды. Астанаға еліміздің бірқатар тарихшы-ғалымдарын жинап жиналыстар өткізді. Ақылдасты. Осы іске Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты арқылы біраз қаржы бөлінді. Біздің Шығыстану институтының ғалымдары да одан тыс қалған жоқ. Содан, шығыстанушыларымыздың бірқатары Монғолия, Қытай, Индия, Иран, Түркия, араб елдерімен қатар, Еуропа жұртына да жіберілді. 2013 жылдың жазында мен де Түркияның Стамбұлында болып, атақты Сүлеймания, Баязит, Миллет, Нури Османия және тағы басқа да кітапханалардан бірнеше мың беттей материал алып қайттым. Осы іс 2014 жылы тағы да жалғасты. Бұл жолы Марокко мен Испанияны таңдадым. Өйткені, өткен ғасырдың 1975-1976 жылдары Рабаттағы V Мұхаммед атындағы университетте біліктілік арттырудан өткенмін. Дін қызметінде, жүргенде бірнеше рет Испанияда да болғанмын. Осы жұрттардың кітапханалары мен қолжазба қорларында біздің орта ғасырлардағы тарихымызға қатысты біраз құнды дүниелер бар екендігін білгендіктен де тағы да сол елдерге барғанды жөн көрдім.

Сонымен, 2014 жылдың 12-21 қыркүйегінде Испания Корольдігіне аттандым. Сол елдегі атақты Эскуриал қаласына зиярат еттім. Ол Мадридтің батыс жағында 60 шақырым жердегі Сьерра де Гвадаррама тауының етегінде екен. Шаһардың негізі 1557 жылы қаланған деседі. Ондағы XVI ғасырдан бері дін және білім ордасы һәм кітапхана да қызметін атқарып келе жатқан даңқты кітапхананың бай қорымен таныстым. Ол Ватикан кітапханасынан кейінгі екінші орында көрінді. Мұнда әлемдегі ең көп араб қолжазбалары сақтаулы. Папа Григорий XIII Эскуриал кітапханасынан кітап ұрлаған жан діннен шығады деген. Сол себепті ондағы дүниелер жақсы сақталуда.
Директоры «Қазақстан елшілігінің хатын алғанбыз. Көмектесеміз. Бізде ескі қолжазбалар өте көп. Бірақ, Орта Азияға байланыстылары аздау-ау деймін. Испанияның Андалусия өлкесін 711 жылдан 1492 жылға дейін арабтар биледі. Олар ғылым мен мәдениет бойынша үлкен із қалдырды. Испан елінде Кордова халифаты болған. Кордовада 830 жылдары салынған зәулім мешіт қазір де тұр. Севильядан да қамал, мешіт пен олардың биік мұнараларын көресіз. Гренада ше? Ол туралы ұзақ әңгімелеу керек. Осындай қалалардан көптеген Гарнати-Гранадалық, Ишбили-Севилиялық, Қуртуби-Кордовалық, Тулайтили-Толедолық секілді, т.б. ғалымдар шыққан. Олар қалдырған сандаған жазба мұраларды әлем ғалымдары әлі зерттеуде. Біздің қолжазба қорында Орта Азиялық ғұламалардан гөрі Мағрибтық (Тунис, Алжир, Марокко) және Андалусиялық ғалымдардың дүниелері көп. Мен араб тілі мен әдебиеті және исламтанудың маманы емеспін. Ол жайлы Қазақстандық қонақ менен жақсы білетін болар. Іске сәт. Бізден еш кедергі болмайды» деді.
Эскуриалдан әуелі ислам мәдениеті мен біліміне қатысты қолжазбалар каталогын парақтап шықтым. Нәти-жесінде ортағасырлардағы Қазақстан мен Орта Азияның кемеңгерлері: Әбу Насыр әл-Фараби (870-950), Әбу Йакуб Сирадж ад-дин Йусуф бин Әбу Бакр бин Мухаммед бин Әли әл-Хорезми ас-Саккаки (1160-1299), Сағад ад-дин Масуд бин Умар ат-Тафтазани (1322-1390), Әбу-л Қасым Махмуд бин Умар бин Ахмед аз-Замахшари әл-Хорезми (1075-1144) секілді т.б. ойшылдардың еңбектерін көрдім. Мені қуантқан Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) бабамыздың теріге жазылған 10 трактатының табылуы еді.
Әбу Насырдың жинағы 612 санмен беріліпті. Қолжазбаның бастапқы беттері ескіріп сарғайған. Жыртылған тұстары да бар. Санмен басталған беттегі шығарма атауынан кейін 16 жол тіпті көрінбеуге айналыпты. Оқылуы қиын болды. Одан кейінгі беттердегі жазуларды айқынырақ деуге болады. 5-беттен әрі қарай көптеген сөздердің асты қызыл-қоңыр сиямен сызылып отырған. Оны трактаттарды көшірген хаттат сызды ма, жоқ па, білмедім. 5-бет басмаламен басталған. Одан соң пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айтылған. Одан кейін «Тағлиқ ли-Әби Бакр Мұхаммед бин Йахия бин ас-Саииғ рахимаһу Алла ала китабиһи Әби Наср бин Мұхаммед әл-Фараби радиа Аллаһу анһу фи Исагуджи» деген жолдарды оқыдым. Қолжазба 126 бет. Сондай-ақ, Эскуриал кітапханасынан Шымкент қаласының шығысындағы 12 шақырым жердегі ежелгі Исфиджаб әл-Байда-Сайрам қаласында орта ғасырларда туылған ағайынды екі ғалымның [Ала ад-дин ас-Сайрами – XIVғ.] мен [Сайф ад-дин ас-Сайрами әл-Масри әл-Ханафи] трактаттарының табылуын да үлкен оқиғаға балауға болады.
Ала ад-дин ас-Сайрами (Әли ибн Ахмед ибн Мұхаммед ас-Сайрами әл-Ханафи (?-1388) Орта Азиялық ортағасырлық ас-Саккакидің «Мифтах әл-улум» атты трактатының бір бөлігіне 1342 жылы түсіндірме жазыпты. Көлемі 139 бет. Әр бет жолы 23 қатардан тұрады. Ал, [Низам ад-дин] Йахия бин Йусуф ас-Сайрамидің (?-1429/1430 ж. қайтыс болған) дүниесі “Китаб Хашия әл-Мутаууал ли-шейх… Йахия бин Сайф ас-Сайрами” деп аталған. Сөйтіп оның еңбегінің Орта Азиялық кемеңгер Сағад ад-дин ат-Тафтазаниге қатысы бар. [Низам ад-дин] Йахия бин Йусуф жоғарыда айтылған Сайф ад-диннің баласы. Кейбір деректерде оның аты-жөні Абд ар-Рахман ибн [Низам ад-дин] Йахия ибн Йусуф ибн Мұхаммед ибн Иса шейх аш-шуйух Адуд ад-дин ибн шейх аш-шуйух әл-аллама Сайф ад-дин ас-Сайрами әл-Ханафи деген ұлы да болғандығы айтылады. Сондай-ақ, оның есімі Әбу-л Аббас Таки ад-дин Ахмед бин Мұхаммед бин Мұхаммед бин Хасан Әли бин Йахия әл-Қустантини аш-Шумунни әл-Мисриге (1398-1468) байланысты да аталады. Деректерде аш-Шумунни дәріс алған ғұламалар ішінде [Низам ад-дин] Йахия бин Йусуф ас-Сайрами де бар.
Әбу Насыр әл-Фараби әлемге бел-гілі болса, ал, қазақ жерінің ежелгі шаһарларының бірі Сайрамнан шыққан парасат иелерін жұрт түгілі ғалымдар да әдетте біле бермейді. Сол себепті де осы ретте орайы келіп тұрған соң, еңбектері Испанияның Эскуриал кітапханасынан табылған, XIV-XV ғасырларда өмір сүрген ағайынды Сайрамилер мен олардың ойпаз, қайраткер ұрпақтары туралы да араб тіліндегі бұлақ көздеріне сүйеніп сөз ете кетейін.

Ала ад-дин Әли ибн Ахмед ибн Мұхаммед ас-Сайрами
Бадр ад-дин әл-Айни (1361-1451) «Иқд әл-Джуман» атты еңбегінде Ала ад-дин (Әли ибн Ахмед ибн Мұхаммед) ас-Сайрами жайлы: «[һижраның] 788 жылының 3 раджабында – 1386 жылдың 31 шілдесінде ас-Сұлтан әл-Малик аз-Захир Барқұқ [Каирдегі] екі сарай арасындағы ғимарат құрлысын бітірді. Сұлтан оған сол жылдың 12 раджабында бейсенбіде зиярат етті. Онда оған қант пен лимон шырыны толтырылған үлкен шыныаяқ берілді. Ол әлігі ғимаратқа (төрт) мазһаб үшін де мұдаррис (оқытушы) мен шейх аш-шуйух лауазымына лайық әл-имам әл-алим әл-аллама Ала ад-дин Әли Сайрамиді тағайындау үшін де келді. Ала ад-дин, сондай-ақ, Ханафи мұдаррисі лауазымын да алды. Сол күні шейх хұтба оқыды, ол онда өлеңмен сұлтан аз-Захир Әбу Саид Барқұқты (1382-1398) Құраннан көп дәйектеме келтіре отырып мадақтады, бата берді. Бұл жиында әмірлер, қазылар, ғұламалар арасында маңызды кісілер де болды. Шейхқа сол күні сұлтан тарапынан оған дейін ешкім лайық болмаған көңіл аударылды. Сұлтан оның жайнамазын өзі тазалады, оған киімдер мен қашыр сыйлады. Мұнда шейх аш-шуйух және Ханафи шейхы ретінде бірінші болып Ала ад-дин ас-Сайрами және әл-хадис шейхы болған Маулана зада ас-Сайрами қызмет етті. Сонан соң аталмыш шейх Ала ад-дин медресе біткенше әл-Құдыс аш-шарифке [Иерусалимге] барып келуге сұлтаннан рұқсат сұрады. Сұлтан оған рұқсат берді. Ол әл-Құдысқа жеткенде мен де қажылық жасау үшін сонда бардым. Мен [Умар] Шукри, ол шейх туралы естігенмін, бірақ, оны көрмеген едім. [Сол себепті] мен онымен кездесуге ынтық болдым. Ұшырасудан соң оның ғылымды жақсы білетін, таңдаулы кісі екеніне көзім жетті. Кездесу кезінде ол маған өзімен бірге Мысырға барып, оның қызметінде болу жайлы ұсыныс жасады. Бірақ, олай ету менің жоспарымда жоқ болатын. Қажылық жасаған соң отаныма қайтқым келді. Әйтсе де ол, бұлай ету [үлкен кісілер] үшін керек деді. Соңыра бірақ мен отанымды және жақындарымды да қалдыруға шешім қабылдадым. Сөйтіп, онымен Египетке аттандым. Біз Құдыста 10 күн болған соң, ұзамай Египетке келдік. Ол әлгі медресені тауып алды да, сонда жайғасты. Мен басқа жерге орналастым.
[Һижраның] 788 жылының 1 рамаданында – 1386 жылдың 29 қыр-күйегінде ол маған хадим әл-худдам (қызметшілікті) ұсынды. Ол жұмыс маған лайық емес дедім. Ол бұл қызмет (оған) лайықты кісілер үшін [қажет] деді. (Ал) ол қызмет жеке мен үшін (ләзім). [Өйткені] Сен менің орынбасарым (наибымсың), медреседе менің атымнан хадиске қатысты барлық пәндер бойынша сабақ бересің деген соң осы шартқа мен келістім. Өйткені, онымен қызметтестіктен көп пайда көрдім. Шейх қайтыс болғанға дейін міндетімді атқардым. Сонан соң кетейін деп едім, бірақ шеркес әл-Халили уақытша бұрынғы қызметімде қалдырды,» – дейді.
Бадр ад-дин әл-Айни «Иқ әл-джуманын» [һижраның] 784-801 жылдар оқиғасымен баяндауды әрі қарай жалғастырған. Иман Умар Шукри «790/1388 жылы қайтыс болғандар» деген тарауында:
«Біздің шейхымыз әл-Мадраса аз-Захирийа әл-Барқуқияның шейх аш-шуйухы [Из-ад-дин ас-Сайрами] Ала ад-дин Әбу-л Ала Ахмед ибн Мұхаммед ас-Сайрами әл-Ханафи қайтыс болды.
Ол әл-фиқһ және әл-усул бойынша илм әл-мағани уа-л баянның ерекше білгірі болатын. Ол ұлы шейхтарды тікелей танитын. Герат, Хорезм, Сарай, Қырым, Тебриз, Мысыр қалаларында пәтуа шығарып, сабақ берді», – дейді.
Умар Шукри әрі қарай Ала ад-дин ас-Сайрамидің шығыс уалаяттарынан (Сайрам жақтан) келгенін айта отырып, оның біраз уақыт Мардинде тұрғанын, сонан кейін Шамға (Дамаскіге) қоныс аударғанын, одан Халабқа орныққанын, Халабтан оны Сұлтан әл-Малик аз-Захир Әбу Саид Барқұқтың Египетке, сарайлар арасына салынған медресеге шақырып, шейх аш-шуйух қызметіне тағайындағанын, содан оның дүниеден өткенше қызмет еткен деп еске алады.
Умар Шукри, сондай-ақ, оның Каирде [һижраның] 790 жылының жұмада әл-аууал айының 3-де – 1388 жылдың 10 мамырында 70-тен өте қайтыс болғанына тоқталған. Оған жаназа намазы Каирдегі ан-Наср қақпасының сыртында оқылыпты. Намазды сұлтанның наибы Судун аш-Шайхуни оқыған. Ала ад-дин ас-Сайрами сонымен Қубба ан-Наср жолындағы Йунус ад-Дауадар зиратында жерленген,» деп еске алады.
Ол дүниеден өткен соң оның лауа-зымын інісі аш-шейх Сайф ад-дин ас-Сайрами (?-?) атқарады. Ол бұдан бұ-рын біраз уақыт Тебризде тұрса керек. (Табризді) Ақсақ Темір қиратқан соң, ол қаланы талақ тастап, жанұясымен Халабқа (Сирияға) келген.
«Мен одан «әл-һидайаның» үлкен бөлігін, «әл-Кашшафтың» бас жағын, Сағад ат-Тафтазанидың «Шарх ат-танкихын» «Баб әл-қийас» бөліміне дейін, сондай-ақ оның «Шарх ат-талхисын» тыңдадым.
Медреседе мен онымен алғашқы күннен ол қайтыс болғанға дейін бірге болдым. Бұл хрониканы көшірген – Египетке бауыры шейх Бадр ад-дин Махмудқа келген (катиб) Ахмед ибн Ахмед ибн Мұса әл-Айнтаби.
Оның орнына бұл лауазымға шейх Сайф ад-дин ас-Сайрами ие болды. Ол оған дейін біраз уақыт Тебризде тұрған еді. Ақсақ Темір (Тимур Ланг) шаһарды құлатқан соң, ол қаланы тастап, жанұясымен Халабқа келді.
Енді Махмұд ибн Сүлеймен әл-Кафауидің Сайрамилер жайлы жазбасына үңілейік:
– Әл-Маула әл-Фадил әл-аллама уа-л ұстаз әл-камил әл-фаһһама шейх әл-ислам Ала ад-дин Әли ас-Сайрами. Иә, ол жайлы деректі Қырымдағы Кафа, (Кепе – қазіргі Феодосия) қаласының тумасы Махмұд ибн Сүлеймен әл-Кафауидің (?-1582/1583) «Катаиб аълам әл-ахйар мин фукаха мазһаб ан-Нуғман әл-мұхтар» еңбегінен көрдік. Ол Ала ад-дин білім алған деп бірқатар Орта Азияның көрнекті ғылымдарын атаған. Солардың ішінде әуелі ас-саййд Джалал ад-дин әл-Гурланиді ауызға алады. Гурлани шейх әл-имам Хұсам ад-дин ас-Сығнақиден, ол шейх әл-имам Ала ад-дин Абд әл-Азиз әл-Бұхариден, ол «Кашшафтың» авторынан [Әбу-л Қасым Замахшариден], ал, ол шейх әл-кабир Хафиз ад-дин әл-Кабир әл-Бұхари Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Насрдан, ол шейх имам Шамс әл-аимма Мұхаммед ибн Абд ас-Саттар әл-Кердериден, ал, «Әл-һидаяның» авторы шейху-л ислам Бұрһан ад-дин (ибн) Әбу Бакр әл-Фарғаниден дәріс алған. Оның «әл-Һидаясынан» имам, ұстаз Ибн әл-Каттани оқыған. Ол туралы ибн әл-һумам «Фатх әл-қадир шарх әл-һидаяда» былай деген: «Мен «әл-һидаяны» әл-һидаяның қариы деген атпен белгілі мырзам, шейх әл-имам Сирадж ад-дин Умар әл-Каттаниден, ол ұлық шейхтардың бірі Ала ад-дин ас-Сайрамиден, ол өзінің шейхы, осы кітаптың түсіндірушісі Саййд ас-Сайрами, сондай-ақ әл-аллама Уаджиһ ад-дин ад-Дили және әл-аллама аз-захид әл-кабир Шамс ад-дин әл-Хатиб ад-Дилиден оқыдым. Алла оған рахым етсін, ол [һижраның] 790//1388 жылы қайтыс болды», – дейді.
Ал, Тақи ад-дин Абд әл-Қадир ат-Тамими ад-Дари әл-Газзи әл-Мисри (?-1546-1547) Ахмед ибн Мұхаммед Ала ад-дин ас-Сайрами туралы: «Ол отанында [Сайрамда] білім алды, сонда фиқһ, методология, әл-мағани, әл-байан бойынша бір топ ғалымдардан кемеліне келгенше тағлым алды. Ол бірнеше қалаларда дәріс берді: Маридинге келіп, біраз сонда күн кешті. Сонан соң Халабқа барып, сонда тұрды. Аз-Захир Барқұқ [екі] сарай арасына медресесін салған кезде, оны өзіне шақырды. Ол [һижраның] 788/138-1387 жылы [Каирге] келді де сонда софы шейхы, Ханафи мұдаррисі болып тағайындалды. Бұл [һижраның] сол жылы раджаб айының 12-де – 1386 жылдың 9 тамызында болған еді. Сонда ол өзінің Жаратушысының: «Айт, О Алла патшалық иесі» деген сөзін айтты. Сонан соң «әл-Һидайа» және өзге де кітаптар бойынша фиқһ пен методологиядан сабақ берді.
Ибн Хаджар (әл-Асқалани – 1372-1449): «Біздің шейхымыз Изз ад-дин ибн Джамал оны суреттеу бойынша түсініктілігі мен кемелділігі үшін көтермелеп, жоғары бағалады. Ол одан өзге кітаптардан таба алмаған жайттерді тапқанын айтты» деген.
«Ол әрқашан діндар, құдайдан қорқатын, көпшіл, кішіпейіл, өзіне-өзі риза емес, Жаратушының алдында өзін пақыр санағаны сонша, тіпті астмамен ауырып қалды. Сол аурудан ол [һижраның] 745 жылының джұмада әл-ула айының 3-де – 1393 жылдың 17 наурызында дүние салды. Алла оған рахым етсін» деп жазған.
– Ала ад-дин (Ахмед ибн Мұхаммед) ас-Сайрами әл-Ханафи туралы «Зайл әл-джауаһир әл-мудийасында» ибн Тулун (?-1546) да жазған. Ол «Ахмад ибн Мұхаммед ас-Сайрами әл-Ханафи, Ала ад-дин Сарай, Қырым, Хорезм, Герат, Табриз, Каирде және басқа да қалаларда пәтуа шығарды. Ол және інісі Сайф ад-дин ас-Сайрами Сайрам қаласында туылған» дейді.
*Ортағасырлық тарихшылар Низам ад-динді бірде Ала ад-диннің, енді бірде оның інісі Сайф ад-диннің баласы деп көрсеткен – Ә.Д.
Низам [ад-дин] ас-Сайрами (?-1430) жайлы деректі ортағасырлық оқымысты Зайн ад-дин Әбу-л Фадл әл-Қасым ибн Құтлубұға ас-Судуни әл-Джамали әл-Мисри әл-Ханафидің (1399-1474) атақты «Тадж ат-тараджим» атты еңбегінен кездестірдік. Фиқһ бойынша дәріс алған ұстаздарының бірі ретінде ол Низам [ад-дин] ас-Сайрамиді атаған. Низам [ад-дин] ас-Сайрамиден ибн Құтлұбұға орта ғасырлық үлкен ғалым Бұрһан ад-дин әл-Марғинанидің (?-1197) «Китаб әл-Һидайа» атты еңбегінің бір бөлігін және ат-Тафтазанидің (?-1390) «әл-Мутаууал» атты шығармасын тыңдапты.
– Бадр ад-дин әл-Айни «Иқд әл-джуманда» «Низам [ад-дин] Йахия ибн аш-шейх Сайф ад-дин (Йусуф ибн Мұхаммед ибн Иса) ас-Сайрами Каирдегі әл-Мадраса әл-Барқуқияның шейхы болған. Ол джумада ас-сани айының 17-де (1430 жылдың 13 наурызында) қайтыс болды. Оның жаназа намазы [Каирдегі] ан-Наср қақпасы маңында оқылды. Ол Каирге әкесімен бірге келген еді. Ал, оны әкесі Ала ад-дин ас-Сайрамимен бірге сұлтан Барқұқ шақырған. Ол кезде ол жас болатын. [Һижраның] 810 жылының раби әл-аууал айында (1407 жылдың тамыз-қыркүйегінде) әкесі қайтыс болған соң, ол әкесінің орнына медресеге [басшы] болып тағайындалды. Ол дүниеден өткен соң біліміне қарап емес, аш-шауқа (кейбір кісілердің қалауы) бойынша, орнына баласы Адуд ад-дин Абд ар-Рахман тағайындалды», – деп жазған.
– Абд ар-Раззақ Қармұт былай дейді: «Медресе әл-Барқұқияның шейхы Низам ад-дин Йахия ибн аш-шейх Сайф ад-дин (Йусуф ибн Мұхаммед ибн Иса) ас-Сайрами [һижраның] 833-1429-1430 жылы қайтыс болды. Жұмада ас-сани айының 17-де сейсенбіде – 1430 жылдың 13 наурызынан ол дүниеден өткеннен кейін [Каир] сыртындағы ан-Наср қақпасы маңында жаназа намазы оқылды. Каирге ол әкесі Ала ад-дин ас-Сайрамимен бірге келген. Әкесін Сұлтан Барқұқ өз медресесіне шақырған еді. Ол онда жас еді. [Һижраның] 810 жылының раби әл-аууалында – 1407 жылдың тамыз-қыркүйегінде әкесі қайтыс болды. Әкесінің орнына ол тағайындалды. Низам ад-дин қайтыс болған соң оның орнына баласы Адуд ад-дин Абд ар-Рахман ие болды. Бұл оның білімінің емес, соны қалаушылар арқасында болған еді.
Абд ар-Рахман ибн Йахия ибн [Низам ад-дин] Йуcуф ибн Мұхаммед ибн Иса шейх аш-шуйух Адуд ад-дин ибн шейх аш-шуйух әл-аллама Сайф ад-дин ас-Сайрами әл-Ханафи (1314-1475-1476).
Ол жайлы деректі Таки ад-дин әл-Газзи ат-Тамимидің «Ат-Табақат ас-санийа фи тараджим әл-ханафийа» атты еңбегінен оқимыз. Ол Абд ар-Рахман жайлы деректе әуелі оның қайтыс болған мерзімі деп һижраның 880//1475-1476 жылын көрсеткен. Бұл мерзімді ол Джалал ад-дин ас-Суйутидің (1445-1505) «Ағйан әл-аъйан» деген шығармасынан кездестірген.
Абд ар-Рахман туралы мағлұмат сондай-ақ Ибн Тулунның (?-1546) «әл-Гураф әл-алайа фи тараджим мута’аххири әл-ханафийасында» да бар. Ибн Тулун Абд ар-Рахманды «һижраның 713 жылы шаууал айының басында 1314 жылдың қаңтарында туылған» дейді де фиқһ бойынша әкесі әл-аллама Әбу-л Аббас Таки ад-дин Ахмед аш-Шумунниден (1399-1468) дәріс алды. Қасиетті Құранды жаттап алды. Ғылыммен айналысып, әкесі дүние салған соң жоғарыда аталған шейхтардан оқыды. Медреседе жүріп сабақтарға деген құштарлығы оянды, фиқһ, методология, араб тіліндегі пәндер, әл-мағани, әл-байан бойынша кемелділікке жетті. Зеректігі, таланттылығы, керемет жады, ептілігі, ақылы, көңілділігінің арқасында ол көптеген ғылым іздеушілерге (студенттерге) пайда келтірді. Ол діншіл де тақуа, құдайдан қорқатын, өте керек кезде болмаса, билік басындағылармен сирек кездесті. Ол ханафит ғылымдар арасында атақтылардың бірі еді. Жылдар бойы пәтуа берді, одан көптеген ұлы ғұламалар дәріс алды. Жоғарыда көрсетілген мерзімде кенеттен қайтыс болды» деп жазады.
Маулана зада ас-Сайрами жайлы деректер жоқтың қасы. Ол туралы Бадр ад-дин әл-Айнидің “Иқд әл-джуманында” ғана бірер жол бар. Онда Бадр ад-дин әл-Айни Маулана Заде ас-Сайрамиді (XIV ғ.) тек атап қана кеткен. Кейбір деректерге қарағанда, ол хадис саласының білгірі болған [История Казахстана в арабских источниках III том. Алматы, 2006], [126-132, 145, 165-168, 179-180 беттер].
Ала ад-дин ас-Сайрами, [Низам ад-дин] Йахия ибн Йусуф ас-Сайрами және Адуд ад-дин ас-Сайрами де ислами әдебиеттерде аталады. Мысалы Ала ад-дин Садуд ад-дин Масуд бин Умар бин Абдулла әл-Ханафи ат-Тафтазанидің (1322-1390) шәкірттерінің бірі болса, [Низам ад-дин] Йахия бин Йусуфтан Әбу-л Аббас Таки ад-дин Ахмед бин Мұхаммед бин Мұхаммед Хасан бин Әли бин Йахия әл-Қүстантини аш-Шумуни әл-Қаһири әл-Мисри (1399-1468) ілім алған, Адуд ад-дин ас-Сайрами Әбу-л Йуср Бадр ад-дин Мұхаммед бин Мұхаммед бин Мұхаммед бин Халил (әл-Гарс) әл-Қаһири әл-Мисриден (1429-1489) тағлым үйренген.
Бадр ад-дин әл-Айни, Тақи ад-дин Абд әл-Қадыр әл-Мысри, Ибн Тулун, Ибн Кұтлубұға, Махмуд ибн Сүлеймен әл-Кафауи секілді араб пен түріктердің білгір де білікті, көрнекті тарихшы, шежірешілері қазақ елінің ежелгі қаласы Сайрамнан шыққан Сайрамилер мен олардың ұлдарын да жоғары бағалап, көтере сыпаттай еске алуы тектен тек емес.
Бадр ад-дин Ала ад-дин Сайрамиді Мыср сұлтаны Барқұқтың өзі салған медресесінің шайқылар шайқы, мұдаррис етуге басқа-басқа емес, тек соларды таңдауы, оларды фиқһ пен усул және пәтуа һәм өзге де ғылым түрлері бойынша үздік деп тануы көп жайдан хабар береді. Тіпті, Ала ад-дин қайтыс болғанда, оның жаназасын сұлтан орынбасарының оқуы ше? Ала ад-дин қайтыс болған соң, оның орнына інісі Сайф ад-диннің тағайындалуы да жайдан жай емес. Яғни, Ала ад-диннің інісі де ілім, білімі жағынан ағасынан кем болмаған. Сайф ад-дин атақты Әбу-л Қасым аз-Замахшари, Сағад ат-Тафтазани секілді ұлағатты ілімгерлердің шығармаларын басқалардан гөрі жақсы білген.
Араб қаламгерлері Орта Азиялық тарихшы, ірі ғалымдар Джалал ад-дин Гурлани, Сыр бойының шынары Хұсам ад-дин Сығнақи, Бұхаралық Хафиз ад-дин әл-Бұхари, имамдар шамшырағы деп танылған Мұхаммед Абд ас-Саттар әл-Кердери және т.б. атай отырып, осы тізімнің бас жағына Ала ад-дин ас-Сайрамиді бостан-босқа қоймаған.
Сайрами бабаларымыздың ізбасарлары Низам ад-дин ас-Сайрами мен оның баласы Абд ар-Рахман (Адуд ад-дин) ас-Сайрамилер де ата, әкелеріне тартып, білімді, парасатты азаматтар болған.
Ала ад-дин ас-Сайрами жайлы айтқанда, арабтың аталмыш тарихшылары оған әл-алим (ғалым), әл-аллама (даңқты ғалым), мұдаррис әл-ханафийа (ханафи мазһабының ұстазы), шейх әл-хадис (хадистің шейхы [білгірі], әл-байан (сыпаттау), әл-фиқһ (мұсылман заңы), әл-усул (ғылым негізі) деген эпитеттер беріп, оларды сондай құрметті эпитеттермен атауы, олардың сондай құрметтерге лайық болуынан деп ойлаймыз.
Осыған қарап, қазақ жері қалаларының моңғол шапқыншылығынан соң XIV-XV ғасырларда да өз маңызын жоғалтпаған деуге болады. Осындай бабалармен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ұландары мақтануы керек.
Сайрамилер демекші, орта ғасырларда мамлюктер және ислам білім, ғылымы, мәдениетінің орталығы болған Каирге 2000-2013 жылдары халықаралық діни конференцияларға барған сайын жиын арасында атақты әл-Азһар университеті маңындағы ескі махаллаларды аралап, кезінде Бейбарыс бабамыз (1217-1277) салдырған мешіт пен медресені, ханакаларды көріп, бабалар ізімен талай жүрдім.
20 млн-дай халқы бар Каирдың бір ауданы қазір Сұлтан ағзам аз-Заһир Бейбарыс атамыздың атымен аталады.
Бейбарыс медресесін XIII-XIV ғасырларда Тараздық үлкен ғалым Һибатулла ат-Тарази (1272-1333) басқарғаны белгілі. Сөйтсек Тарази, Түркістани, Иқани, әл-Фарабилерден басқа, мұнда Сайрами атты бабаларымыз да тұрған екен және олардың бәрі де халық пен биліктің де үлкен құрметіне бөленген.
Каирге Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) де ат ізін салған деген деректер бар.
Сайрамилердің жаназа намаздарының Наср қақпасы маңында оқылғандығын айттым. Насыр қақпасы қазір де бар. Ол кездері қақпа Каирдың солтүстік шеті болса керек. Қазір қақпаның ту сыртынан даңғыл жол өтуде. Оның арғы беті үлкен зират. Һибатулла бабаның сол зиратта жерленгенін білген соң, оны сол жақтан іздегенмін. Сөйтсек онда Сайрами бабалар да жерленген екен.
Жалпы ортағасырларда Египет пен Шам жұртында өмір сүріп, онда ізгілікті із қалдырған қазақ жерінің перзенттері аз емес.
Бейбарыс (1217-1277) мешітінен онша қашық емес әл-Худайри көшесіндегі ас-Сұргамишия медресесіне бір кездері Түркістан маңындағы Иқан селосының тумасы Қауам ад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357) де басшылық еткен.
Сөйтіп Египет пен Шам елі және Бағдад пен Басра шаһарларын да ежелгі мәдениет ошақтары десек, ол мәдениетте біздің Сайрами, Тарази (1272-1333), әл-Фараби (870-980), Түркістани, Сығнақи (1240-1317) Женди бабаларымыздың да қосқан мол үлесі бар.
Сонымен Испаниядан табылған бабалар мұрасымен таныстыру үшін Мадридтегі елшілігіміздің 1-хатшысын шақырдым. Ол аталған шығармаларды көзімен көріп, қолымен ұстады. Кітапхана директорынан маған олардың көшірмелерін жасап беруді өтінді.
Ал, Эскуриал және Мадридтің ұлттық кітапханасында да Әбу Насыр әл-Фарабидің “Музыканың үлкен кітабы” атты белгілі еңбегі және Отырарлық тағы бір оқымысты әл-Джауһари әл-Фарабидің (?-1003) (Әбу Наср Исмайыл бин Хаммад (?-1003)) «Ас-Сихах» («Тадж әл-лұға уа сихах әл-арабийа») атты араб тілі мәселесіне арналған еңбегінің қолжазбаларын көрдім.
Бұл екеуінің аталмыш дүниелерін 2013 жылы Стамбұлдағы Сүлеймания кітапханасынан алып келгендіктен және олардың менде кітаби нұсқасы болғандықтан, көшірмесін жасатуды қажет етпедім.
Есесіне Мадридтегі ұлттық кі-тапханадан Голландия астанасы Амстердамда 1966 жылы жарияланған неміс шығыстанушысы-арабист, библиограф Морис Штейншнейдердің (1816-1907) «Әл-Фараби» атты монографиясының көшірмесін түсіртіп алдым. (Moritz Steinschneider, Al-Farabi `(Alpharabius) des Arabischen Philosophen Leben und Schriften, Amsterdam 1966).
М.Штейншнейдер ортағасырлық Ибн Саид әл-Қифти мен Ибн Әби Үсайбиғаға сүйене отырып, Әбу Насырдың 103 трактаттарының атын атаған. Ол осысымен де құнды.
Шынында да, Испанияның Андалусия өлкесінде ислам өркениетінің үлкен ізі қалған. Ол жерде ислам мәдениетіне де қызығушылық, құштарлық биік деңгейде еді. Ол жайлы академик И.Ю. Крачковский (1883-1950): «Арабтардың Испанияны жаулап алуының нәтижесінде араб тілі осы елдің дәулеттілер ортасының әдеби тіліне айналды. Бұл ретте айта кетер жайт – Испанияны арабтар алғанға дейін дүнияуи әдебиет онда болған жоқ. Қолданыстағы латын тіліндегі кітаптар тек діни сарында ғана еді. Сауаттылық діни ортаға ғана тиесілі-тін». Сол себепті де арабтардың жаулап алуынан кейін 100 жыл өткенде, IX ғасырда, Кордова қаласының епископы былай деп жазды: «Менің діндестерімнің көпшілігі арабтардың өлеңдері мен ертегілерін оларды жоққа шығару үшін емес, керісінше осы тілде дұрыс та шебер сөйлеу үшін зерделейді. Латын тілінде оқып, қасиетті жазбаларға түсіндірме жасай алатын бірер адамның өзін табудың өзі қиын болып барады. Олардың арасында «Інжілді», елшілер мен сахабаларды оқитындар бар ма? Өкінішке орай, христиан жастарының ішінде таланттылығымен көрінгендер тек қана арабтардың тілі мен әдебиетін ғана біледі, араб тіліндегі кітаптарға қызыға қарап зерделегені, өз тілдерін ұмытқаны сонша, латын тілінде аз-мұздап досына хат жаза алатындардың жүзден біреуі табылар ма екен? Керісінше араб тілінде жоғары деңгейде сөйлей алатындар мен осы тілде әдемі өлең жаза алатындар арабтардың өздерінен де көп» деп күйіне айтқанын келтіреді.
Арабтар Испанияға үлкен өркениет, мәдениет әкелген, кезінде испандықтар ислам мәдениетіне қатты қызыққан. Арабтар Андалусияға қалалар, қамалдар, ғажайып ғимарттар салып, елді көркейтті, сонымен қатар, көптеген жазба дүниелер қалдырды. Өкінішке орай, испандықтар Андалусияны (Гренаданы) арабтардан тартып алған соң (1492 ж.), араб тіліндегі 20 мың қолжазбаны өртеді деген де жазба дерек бар. Оны испандық оқымыстылардың өздері де жасырмайды.
Эскуриал кітапханасынан «Ислам энциклопедиясының» соңғы басылымын да көрдім. Оның толықтырылған жаңа нұсқасын шығару 1977 жылы басталып, 2007 жылы аяқталыпты. Барлығы 12 том. Кейбір томдар 1000 беттен асады. «Ислам энциклопедиясы» Голландияның Лейден-Брил қаласында әрбір 30 жыл сайын ағылшын, неміс, француз тілдерінде шығып тұрады. Ескірді деп есептелген мақалалар жаңа зерттеулермен толықтырылып отырылады. Оған автор ретінде белгілі ғалымдар ғана тартылады және басуға ұсынылар дүниелер тың материалдарға сүйеніп жазылуы талап етіледі. Тексеріс, сүзілістен өтпеген мақалалар кітапқа кіргізілмейді. Энциклопедияның бұрынғы басылымдарында Қазақстанға жеке мақала берілмейтін. Бұл жолы тәуелсіз жұртымызға жеке мақала арналыпты. Авторы жапон тарихшысы Уяма Томокихо.
«Ислам энциклопедиясындағы» бізді қызықтырғаны Фараб және Отырардан шыққан ғалымдарға арналған материалдар еді. Энциклопедияда Отырарға (авторы W. Bazthold [B. Spaler]) және одан шыққан Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабиге (R. Walzer), Әбу Насыр Исмаиыл бин Хаммад әл-Фарабиге (L. Kopf), Әбу Ибраһим Исхак бин Ибраһим әл-Фарабиге (H. Fleisgh) және Жетісулық Жамал Қаршиге (P. Jaokson), қалалардан Тараз (G.E. Bosworth), Женд (G.E. Bosworth) секілді шаһарларға да жеке-жеке құнды да тың материалдар пайдаланылып жазылған мақалалар беріліпті.
Айта кетер жайт, «Ислам энци-клопедиясы» кез-келген ел кітап-ханаларында бола бермейді. Оны алу үшін көлемді шет ел валютасы қажет.
Испаниядан Әбу Насыр әл-Фарабидің төмендегі 10 трактаты, екі Сайрамидің шығармалары мен аталмыш М. Штейншнейдердің (1816-1907) де неміс тіліндегі әл-Фараби атты зерттеуін елге жеткіздім:
1.Китаб тағлиқ Исагуджи ала фурфуриус;
2.Ард Әби Наср фи китаб Барир-минийас;
3.Китаб әл-ибда;
4.Китаб Әби Наср фи-л қийас;
5.Иртийа фи Китаб ат-тахлил;
6.Калам ала аууал китаб әл-бурһан ли Әби Бакр бин Йахиа;
7.Қаул Әби Бакр Мұхаммед бин Йахия Китаб әл-Бурһан;
8.Шарх Садр әл-мақала әл-аууал бин китаб Иқлидис ли-Абу Наср Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Фараби;
9.Шарх әл-мақала әл-халлис минһу ли-Аби Наср айдан;
10.Китаб әл-мақулат;
11.[Низам ад-дин] Йахия бин Йусуф [Сайф ад-дин әл-Мисри әл-Ханафи] ас-Сайрами. Китаб Хашия әл –Мутаууал ли-шейх;
12.Ала ад-дин ас-Сайрами. Ас-Саккакидің «Мифтах әл-улумына түсіндірме»;
13.Moritz Steinschneidez. Al-Farabi (Alpharabius) des Arabischen Philosophen Leben und Schriftin. Amsterdam 1996, 268 p.
Ал, Испанияның ұлттық кітап-ханасындағы 627 қолжазба атақты Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) (поэзиясына) қатысты боп шықты.
Іссапардың нәтижелі болуына көрсеткен көмегі үшін Қазақстанның Мароккодағы да төтенше және өкілетті елшісі Берік Сақбайұлы Арынов пен Испаниядағы төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Амангелдіұлы Дүйсенбаев мырзаларға ризашылық білдіргім келеді.
Қазақ жері рухани, мәдени жазба және материалдық мұраларға бай болған. Орта ғасырларда еліміздің әсіресе оңтүстігінде Баласағұн, Тараз, Шелжі, Жікіл, Исфиджаб-әл-Байда-Сайрам, Манкент, Отырар, Сүткент, Түркістан, Баладж, Сауран, Сығнақ, Қыпшақ, Аркөк, Асанас, Женд секілді үлкенді-кішілі шаһарлары, қорғандар мен қамалдары болды. Олар қадери халінше мәдени, ғылыми орталық қызметін де атқарды. Онда талай ойшылдар, кемеңгерлер, даналар, ғылымдар тұрып, құнды шығармалар туындатты. Өкінішке орай, түрлі жылдар мен ғасырлар, кезеңдерде ол дүниелер жан-жаққа шашырап кетті немесе жоғалды.
Мен тауып әкелген, көрсеткен жазба дүниелер солардың қаламынан туған, солардан қалған немесе солар жайлы жазылған еңбектер. Олар орыс, қазақ тілдеріне аударылып, зерттелсе, ұлтымыздың шынайы тарихын байытуға және 2015 жылы қазақ мемлекеттілігінің құрылғанына 550 жыл толуына байланысты жазылар, зерттелер жобаларға көмегі тиері сөзсіз. Сол үшін оларды ғылыми айналуға кіргізе беру қажет. Сондай-ақ, мұндай дүниелер:
– Қазақстанның ортағасырлық кезеңдеріндегі тарихын жаңа материалдармен байытады.
– Жоғары және арнаулы орта білім оқушыларына арналған оқулықтар мен оқу құралдарына Қазақстанның осындай ортағасырлық ғұламалары мен олардың еңбектерін кіргізе беру ләзім.
– Даланың ортағасырлық ғұламалары мен ойшылдарының шығармаларынан антология құрастыру керек.
– Олардың шығармаларын насихаттау және зерттеуге арналған халықаралық ғылыми теориялық және ғылыми-практикалық конференциялар өткізу ләзім.
– Магистрлер мен Phd докторларына үміткерлер жазатын ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға олардың өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптар ұсыну керек.

Алдыңғы «
Келесі »