Инклюзивті білім беру – уақыт талабы

  • 01.05.2019
  • 193 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бүгінде инклюзия және инклюзивті білім беру туралы жиі айтылуда. Ол жөнінде ғалымдар бас қосқан алқалы жиындарда, ғылыми тәжірибелік конференцияларда өзекті мәселелер талқыланып жүргенінен де хабарымыз бар. Өйткені, мүгедек және кемтар, дамуы шектеулі балалар саны жылма-жыл артып келе жатқан бүгінгі таңда мектепке дейінгі балалар мекемелерінен бастап, жалпы білім беретін мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беруді жаппай енгізуді әрі бұл істі тездетуді уақыттың өзі талап етуде.
Жалпы, оқырман қауымға түсінікті болуы үшін инклюзия деген не, ол қайдан пайда болды, оның қазіргі жағдайы қалай? Осы сұрақты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Университет дамуын психологиялық қолдау орталығының директоры, психология ғылымдарының докторы, профессор Жәмила Намазбаеваға қойған едік.

– Әңгіме мынада, инклюзия мәселесі әлемде бірінші болып Ресейде жетекші ғалым Лев Семёнович Выготскийдің бастамасымен арнайы қарала бастаған. 1931 жылдың өзінде ол қазіргі кезде біз ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балалар деп жүрген кемтар балаларды «дамуы тежелген» (аномальды) және «ақыл-есі кем» (дебилик) деп атап, оларды оқытудың жайын қарастырады. Ол ақыл-есі кем балаларды дамуы тежелгендердің барлық типімен қосып оқытуды ұсынды. Біздіңше қазіргі кезде кемтар жеткіншектерді «дамуы тежелген» немесе «ақыл-есі кем» деп бөлгенше, ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балалар деп атау гуманизмге, адамға деген жанашырлық пен құрметке сәйкес келетін сияқты. Ғалым Л. С. Выготскийдің айтуынша, мақсат мынада: егер, соқыр баланы жеңіл олигофрені бар кеміс бала әжетқанаға жетектеп барса, бұл рухани адамгершілік тәрбиесінің бір көрінісі. Ал, енді, үйінде, отбасында өзіне-өзі сенімді, әрдайым табысқа жетуге ұмтылатын жігерлі баланың бойында ата-анасының қанымен берілген қайырымдылық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттер кемтар балалармен бірге оқығанда ашыла түседі. Ондай оқушы церебрельді сал ауруына немесе басқа да ауру-сырқауға ұшыраған өз қатарларына көмек беруге дайын тұрады. Осы арқылы оның өзінің де адамгершілік-рухани құндылықтары арта түсетіні белгілі. Сөйтіп, инклюзия жөніндегі алғашқы жаңалық Л.С.Выготскийдің есімімен тығыз байланысты екенін ерекше атап өткім келеді.
Екінші мәселе, бүгінгі таңда инклюзия жан-жақты зерттеліп, зерделену үстінде. Біз инклюзия деп атап жүрген нәрсенің бәрі жан-жақты дамуда. Ол туралы түсінік кеңейіп, іс жүзіне асырыла бастады. Осы арада айта кетерім: инклюзивті білім беру дегеніміз – барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беру үдерісіне толық қатыстыруға, әлеуметтік жағдайына қарамай балаларды айыратын кедергілерді жоюға, олардың ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждарын арнайы қолдауға, қысқасы, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Инклюзия туралы сөз еткенде, міне, осы тұжырымды еске алуымыз қажет.
Мен Мәскеуде Л.С.Выготскийдің зертханасында өсіп-жетілдім десем де болады. Осында тағылымдамадан өттім, аспирантура мен доктарантураның зерттеулерін жүргіздім, ақыр аяғында оқуларымды осы зертханадан аяқтадым. Мұнда үйренген салыстырмалы ғылым маған дефектологияны, педагогиканы, философияны,методология мен дидактиканы терең меңгеруіме жол ашты.
– Бүгінгі таңда инклюзияны жүзеге асырудың қиындығы неде?
– Өйткені, әр елдің ғалымдары инклюзия проблемасына әр түрлі көзқараспен қарауда. Қоғам дамуының тарихы, дамуы тежеулі балаларға қатынас тарихы, оның деңгейі мен гуманитарлық сипаты әр елде әртүрлі. Қай ел болса да, кемтарлық балалардың кінәсі емес, олардың қасіреті екенін дұрыс бағамдауы және түсінуі қажет. Себебі, ХХІ ғасыр әр алуан аурудың өршу ғасыры болып тұр. Бүгінде норма проблемасы мен патология проблемаларына көзқарас түбегейлі ауысқанын ұмытпағанымыз абзал. Қазіргі кезде мұның шекарасы өшіріліп, инклюзия проблемасы күрделене түскені байқалады. Дифференциалды диагностика бүгінгі таңда үлкен рөл ойнайды. Осылайша қалыпты білім беру кеңістігіне енді қажет ететін балалардың үлкен тобы пайда болды. Бұл инклюзияны жүзеге асырудағы бірден-бір қиындық.
Белгілі оқымыстылардың айтуынша, инклюзия кеміс балалардың ғана мәселесі емес, ол бүтіндей қоғамның проблемасы. Сондықтан, ең алдымен, осы қоғамның инклюзия туралы түсінігі мен мәдениетін қалыптастыруды уақыттың өзі талап етуде. Қалың елдің инклюзияға көзқарасы өзгергенде ғана мектептерде инклюзитивті білім беру кедергісіз дамитынында сөз жоқ. Олай болса, дифференциалдық диагностика бұл орайда нөмірі бірінші проблема болып табылатынын ұмытпауымыз керек.
Келесі мәселе мынада. Тарихы, этномәдениеті, этникалық сана-сезімі әртүрлі елдер инклюзияға келгенде өз дәстүрлері шеңберінен шыға алмай қалады. Сондықтан, күні бүгінге дейін әлемде инклюзияның анық та қанық біртекті айқындамасы қалыптаспағаны анық. РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесіннің 1918 жылғы қаулысында жазылған «барлық дамуы тежеулі балалар толық мемлекет қамқорлығында болады» деген сөзді еске алып көрейік. Бұл кезде жаңа құрылған жас кеңсе мемлекетінің қазынасы жұқа, елдің әлеуметтік- тұрмыстық жағдайы тым төмен болғанына қарамай, кемтар балаларды далаға тастамай мемлекет өз қарамағына алды.
1975 жылы мен, психологиядан еліміздегі тұңғыш ғылым кандидаты, Қазақстанда сабақ үлгерімі нашар оқушылар үшін «Теңестіру сыныптарын» ашу туралы ұсыныс жасадым. Мұндай балалар, әсіресе, кеміс балалар, Алматы қаласының түріктер мен әзербайжандар көп қоныстанған «Кіші станица» ауданының аумағында көп болатын. Біз мұның себебін анықтауға кірістік. Ақырында біз дефектологияның клиникалық зерт-ханасының қызметкерлерімен бірге бұл мәселені түбегейлі зерттеп, істің жәйін анықтадық. Сөйтсек, «Кіші станица» тұрғындары өз туыстарының қыздарына үйлене береді екен. Ал, мұндай некеден дені дұрыс ұрпақ өрбімейтінін ежелден білген атамыз қазақ жеті атаға жетпей қыз алыспауды қатаң ұстанғаны белгілі. Мұндағы тұрғындардың гендік және тілдік проблемалары және басқа да мәселелері сабақ үлгермейтін балалардың көбеюіне әкеліп соқтырғанын анықтадық. Содан соң, Алматы қаласы мектептерінде 12 «теңестіру сыныптарын» ашуға қол жеткізген едік. Бұл сыныптардың міндеті нашар оқитын оқушылар мен жеке-жеке жұмыс істеу арқылы олардың сабақ үлгерімін жақсартып, одан әрі жалпы сыныптарға қайта қосу еді. Міне, бұл да инклюзияның бір түрі болатын. Бірақ, ол кезде «инклюзия» термині қолданыла бермейтіндіктен, біз бұл үдерісті бұлай атай алмадық.
Қазақстанда бар нәрсені қайта ойлап табудың қажеті қанша? Сол айтқандай, біздің елімізде инклюзияның негізі бар. Алайда, сонау бір тәуелсіздік алған жылдарымызда инклюзивтік білім беруді дамытуға қаржы бөлінбеді, барлық күш шағын жинақты мектептерді көтеруге жұмсалды да, арнаулы мектептердің көбі жабылды. Сөйтіп, біз қыспақта қалдық. Еліміз ес жиып, етек жапқалы бері инклюзивті білім беруге арналған жеке сыныптар ашылуда. Алайда, бізде бұл мәселе әлі талқылаудан, пікір алмасудан әрі аса алмай жатқанын айта кетуім керек шығар.
Осы күндегі басшылардың ішінен инклюзивті білім беруге шындап көңіл бөлген бір-ақ адамды көрдім. Ол бұрынғы ҚР Білім және ғылым Вице-министрі Асхат Аймағамбетов болатын. Мен соңғы рет мұғалімдердің тамыз кеңесінде қазіргі таңдағы балалық шақ туралы мәселе көтерген едім. Ғалым ретінде менің пайымым бойынша, инклюзия осы мәселелерді шешудің бірден-бір жолы. Егер, біз іс жүзінде мектеп пен жоғарғы оқу орындарының, отбасы мен мектепке дейінгі мекемелердің кешенді іс-әрекеті арқылы ертерек коррекция, диагностика жасайтын болсақ инклюзия мәселесі алға жылжыған болар еді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аталған мәселені ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын атап өткім келеді. Халықаралық сипатқа ие болып отырған бұл бағдарламаның екі негізгі бағыты бар. Оның біріншісі адамгершілік-рухани аспектімен байланысты болса, екіншісі қоғамдық сананы өзгерту мен әр азаматтың рухани жаңғыру мәселесі. Осының ішінде мені адамгершілік-рухани мәселелер ерекше толғандырады. Адамзаттың бүкіл құндылықтары арқылы біз биік адамгершілік қасиеттерге қайта оралуымыз керек. Және де біз қоғамдық сананы қандай жолдармен қалыптастырамыз деген сұрақтың төңірегінде көп ойланғанымыз жөн. Шын мәнінде қоғамдық сана толық жаңарғанда ғана инклюзия мәселесі дұрыс шешіледі деп ойлаймын.
– Жәмила Ыдырысқызы, қоғамдық сананы қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы қандай болады деп ойлайсыз?
– Қоғамдық сананы жаңғыртуда және қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіншілігі де, әлеуеті де зор. Бұл үшін телебағдарламалар адамгершілік, рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған жаңа мазмұнға ие болуы тиіс. Теледидарда жас ұрпақты қатыгездікке, арсыздыққа итермелейтін шетелдік кинофильмдер қаптап кеткен қазіргі таңда оларды ығыстыратын ұлттық тәрбиеге, адамгершілік құндылықтарға бағытталған отандық туындыларды алға шығару керек. Жұртшылық көбірек көретін арнайы бағдарламалар мен тақырыптық ток-шоуларды адамгершілік мәселелеріне арнап жатса нұр үстіне нұр.
Газет-журнал мақалалары да дәл осы мәселені терең қамтып жазатын болса, ұтарымыз мол болмақ. Әлеуметтік желілерде де рухани құндылықтарды жүйелі жазып тұрса қане? Бүгінде бірде-бір ақпарат құралында инклюзивтік білім беру мәселесі туралы арнаулы бағдарламалар, тұрақты рубрикалар болмауы мені қатты толғандырады. Шын мәнінде бұқара халықтың инклюзивтік мәдениетін қалыптастыратын БАҚ екенін ұмытпағанымыз абзал.
– Жәмила Ыдырысқызы, өзіңіздің қызмет істейтін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика-психология институтында (факультетінде) инклюзия жөнінде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор Ақбота Аутаева басқаратын арнаулы педагогика кафедрасында инклюзия жөніндегі жұмыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Соңғы жылдары бұл кафедра сонау 70-80-ші жылдардағы атақ-даңқына қайта оралды. Шын мәнінде бұрынғы кезде жастардың дефектология (арнаулы педагогика) мамандығына деген ынта-ықыласы, қызығушылығы өте жоғары болатын. Кейінгі өтпелі және аумалы-төкпелі кезеңде бұл қызығушылық біраз төмендеп кеткені рас. Қазір бізде арнаулы педагогикада 700 студент білім алады. Сонымен бірге, инклюзия бойынша жұмыс істейтін болашақ мамандарды мамандандыруға, инклюзивті білім беруді интеграциялау үшін мұғалім дайындауға ерекше көңіл бөлінуде. Енді бұл жұмыстың тиянақты атқарылуы, тиісті нәтиже беруі үшін табанды жұмыс жүргізілуі керек. Инклюзияға арналған жаңа пәндер, арнаулы курстар енгізу қажет деп ойлаймын. Қазіргі кезде оқу үдерісіне 2 кредит көлемінде инклюзивті білім беру курсы енгізіліп отыр. Бірақ бұл аздық етеді. Ең бастысы, біз жоғары оқу орнында практикамен логикалық байланысқа жаңаша көзқараспен қарауымыз керек. Әсіресе, мектептегі тәжірибенің жөні бөлек. Кез-келген мұғалім кәсібінде арнаулы мектептер болуы керек.
– Бүгінде біздің елімізде инклюзивті білім беруге арналған мектепке дейінгі мекемелері мен мектептер ашылып жатыр деп естиміз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Бұл іске өте сақтықпен қарауымыз қажет. Ондай мектептер мен балабақшалар жасақталып жатыр. Бірақ, олар тиісті ғылыми негізде емес, өз білгендерінше әрекет етуде. Бұл мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің нақтылы мақсаттары мен міндеттері айқын емес. Республика бойынша инклюзивті білім берумен айналысатын сыныптардың, мектептердің саны да белгісіз, тиісті базасы да жоқ.
Сіз журналист болғандықтан, айта кетейін, бірде-бір маңызды істі, үлкен жұмысты бұқаралық ақпарат құралдарының насихатынсыз өздігінен жүзеге асыру қиын нәрсе. БАҚ болса, бұқарамен диалог жүргізе отырып, инклюзияны дамытуға үлес қосады деп сенеміз.
– Ректор Такир Балықбаевтың қолдауымен оқу орнында «Уни-верситетті дамытуды психологиялық қолдау» орталығы ашылып, оны өзіңіз басқарып жүргеніңізді білеміз. Бұл құрылым қандай жұмыстармен айналысады?
– Ректор Такир Оспанұлының қолдауымен және қамқорлығымен өмірге келген бұл орталықтың негізгі міндеті университет оқытушылары мен қызметкерлеріне білім беру үдерісінде психологиялық қолдау көрсету, олардың психологиялық мәдениеті мен құзіреттілігін көтеру болып табылады. Біз жаңа орталықтың жұмысын былай құрдық: алдымен, құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен студенттердің пікірін тыңдап, оларға қандай психологиялық қолдау қажеттігін анықтадық, мони-торинг жасадық. Екіншіден, біздің университетіміз республика мектептеріне психологиялық қолдау көрсетудің іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Қазіргі кезде Қапшағайдағы «Балдәурен» оқу-оңалту орталығын қамқорлыққа алып отырмыз. Бұл орталықтың орналасқан жері, мате-риалдық-техникалық базасы Кеңестік дәуірдегі «Артектен» аумайды. Біз мұнда оқып, әрі емделіп жүрген балалармен, тәрбиешілермен сөйлесіп, мониторинг жүргізіп, көптеген проблемалардың бетін аштық. Енді біз осы бағыттар бойынша бұл орталыққа көмек көрсететін боламыз.
Ал, өзіміздің университетімізде атқаратын жұмысымыз да ұшан-теңіз. Оқытушылардың біліктілігін арттыру кезінде олардың психологиялық құзіреттілігі мен психологиялық мә-дениетін көтеруге көңіл бөлеміз. Студенттермен көбірек сөйлесіп, пікірлесіп, олардың коммуникативтілігін қалыптастыру басты назарымызда болатын мәселе. Осы мақсатта оқытушыларға арнайы дәріс оқимыз. Оқуға жаңа түскен студенттерді университет өміріне бейімдеумен айналысамыз. Сонымен бірге, оқытушыларға психология бойынша кеңес беру, көмек көрсету де біздің жаңа орталығымыздың міндеті. Басқа бағыттар бойынша атқарылатын жұмыстар да жеткілікті. Қысқасы, жаңа орталық өз жұмысының тиімділігін көрсетеді деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұқбаттасқан:
Құралай МЫРЗАХАНҚЫЗЫ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің
PhD докторанты

Алдыңғы «
Келесі »