Жаңа емледегі И мен У-дың әлегі

  • 30.04.2019
  • 465 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бижомарт ҚАПАЛБЕК,
филология ғылымдарының
кандидаты

Емле ережелері қайта-қайта өзгертіліп, ұсынылып келе жатқанына біраз болды. Тарқатып айтсақ, 2018 жылы 3-10 шілдеде Ақмола облысы Зеренді кенішіндегі «Тұмар» оқу-сауықтыру орталығында емле ережелерін әзірлеу бойынша «Орфографиялық әдістемелік жұмыс тобының бірлескен семинар кеңесі өткізіліп, оның нәтижесі бойынша Ереженің жобасы жасалды. Содан бір ай өткенде, 22-24 тамызда Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық жұмыс тобының бірлескен семинар кеңесі өткізіліп, нәтижесінде ереженің жобасы ғылыми көпшілікке ұсынылды. Емленің бұл мәтіндерінде де әлі жетілдірілетін тұстары бар екен, сондықтан, мына тұстарын ойлану керек деп ұсынысымды емленің басы-қасында жүргендерге жазбаша тізіп бердім. Бірақ 6 желтоқсан күні «Қазақ тілі әліпбиін латын орфографиясына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия» емленің әлгі шикі жобасын мақұлдап жіберді. Иә, оның бір қайнауы емес-ау, үш қайнауы ішінде кетті…
Мақұлдау деген бекіту емес, әлі толықтырамыз ғой деп жүргенде, емлешілер анау-мынау ескерт-пелерімізді жамап-жасқап, «жаңа ережелеріңіз мынау» деп оның мәтінін 2019 жылы 18 қаңтарда «Егемен Қазақстанға» жариялап жіберді. Бұлар қатты асығыс еткен. Енді, бекітіліп кетпей тұрғанда, ереженің көп дау туғызып тұрған И мен У-ға қатысты тұстарына білгенімізді қосқанды жөн көріп отырмын. Оның үстіне, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының базасында кеңейтілген орфографиялық ғылыми-сараптама тобы құрыла қалғаны оң болды. Бұл ойларымды сол жердегі ғалымдардың тезінен өткізіп алатын болдым. Осы уақытқа шейін ғылыми талқылауға тек қана белгілі бір мамандар ғана қатысатын еді. Емлемізді кеңінен отырып, еркін талқылау үшін ғылыми көпшіліктің қатысуына мүмкіндік жасап отырған институт директоры Ерден Қажыбекке мың алғыс. Бұдан ережеміз тек ұтады.
Емле түзушілер емленің И мен У-ға қатысты тұстарын жол бойы жөндеумен келеді. Бірақ, қанша тырысқанымен бәрібір бұл жөнделмейді. Өйткені, олардың И мен У-ға қатысты ұстанымдары қате. Олар ережені тілдің табиғатынан, тілдің грамматикалық, фонетикалық заңдылығынан шығарып отырған жоқ. Олар кеңес дәуіріндегі тілбұзар, ескі ережеге жабысып отыр. Талдап көрейік, алдыңғы мәтіндерде И мен У-ға қатысты алғашқы параграфтың мәтіні төл сөздерде дара дауыссыз ретінде таңбаланады деп басталатын. Енді төл, дара деп қате қолданылған сөздер алынып тасталып, былай берілген: §6. I, Ý ӘРІПТЕРІ ДАУЫССЫЗ ДЫБЫС РЕТІНДЕ ТАҢБАЛАНАДЫ: AI, ÚI, OISHYL, IAĞNI, QOIAN, SAIA, IOD, FAIL, AIKIDO, MEZOZOI, ÝAĞYZ, ÝAQYT, AÝ, SÁÝKELE, DEMEÝSHI, QAÝYN, AIÝAN, KEIÝANA.Байқап отырғанымыздай, әлгі екі сөз алынып тасталғанымен, ереже дұрысталып кеткен жоқ. Ереже толық емес. 2 сұрақ жабылмай, ашық тұр. Қай кезде дауыссыз дыбыс ретінде таңбаланады? Неге… ретінде таңбаланады? Өзі дауыссыз дыбыстың таңбасы емес пе? Әй-шәй жоқ, бірден I, Ý әріптері дауыссыз дыбыс ретінде таңбаланады деген ереже бола ма? Төл сөздерде десек, астындағы параграфтағы төл сөзге жататын мысалдар (IGILIK, IMAN, KIIM, TIYN, SIA, SIAQTY, BI, TARIHI, INSTITÝT, KINO, GRANIT) онымызды жоққа шығарады. Яғни, үнемі дауыссыз дыбыс ретінде таңбалана алмайды. Кеңес дәуірінен қалған ескі ережені тастай алмай, тілдегі жүйені өзіміз қолдан бұзып отырмыз. Содан ережеміз кесімді болмай, қатар тұрған екі параграфтың екеуі бірін-бірі жоққа шығарып, екі жаққа қарап тұр. Бұны сұрақ туындамайтындай, қолданушыға түсінікті етіп, қайта жазу керек. Ол үшін тілдегі дыбыс, тіркесім заңдылығын қайта қарап, зерттей түсу қажет. Ал, оған уақыт қажет. Ал, біз жын қуғандай асығамыз.
Латынға толық көшуге әлі жеті жыл бар. Әзірлігіміз шала, ал, енгізуге сонша ынтықпыз. Сандық технологияның қарыштап дамыған заманында енгізу ешқайда қашпайды. Меніңше, қисық әліпбиден қисық емле шығатындығын ескеріп, әзірлігімізді әлі де пысықтай түсуіміз қажет.
§7. YI (ЫЙ), II (ІЙ) ДЫБЫС ТІРКЕСТЕРІ СӨЗДІҢ БАРЛЫҚ БУЫНЫНДА I ӘРПІМЕН ЖАЗЫЛАДЫ: IGILIK, IMAN, KIIM, TIYN, SIA, SIAQTY; BI, TARIHI; INSTITÝT, KINO, GRANIT.
Бұл жерде де Неге, қандай заңдылыққа сүйеніп уı (ый), іı (ій) дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында I әрпімен жазылады деген сұрақ туындайды. Ережеде оған жауап жоқ. Еш қисын болмаса, бүкіл тілдің табиғатын белден басып, тек үнемдеу үшін деп ашық айтылуы керек қой. Екіншіден, келтірілген мысалдардың барлығы алдыңғы, 6 ережені жоққа шығарып тұрғандығын не істейміз? Яғни, бұл жерде И әрпі дауыссыз дыбыстың таңбасы деген түсінік жоқ. Сонда бізде бұрынғыдай екі И болды ғой. Иә, кез келген ереженің терминдері анық, стилі жатық, берілген ойы нық болуы керек қой. Енді, жетінші параграфтың ескертуіне келейік. Е С К Е Р Т У. ҚОСАР УI (ЫЙ) ӘРІПТЕРІ ТЕК SYI (СЫЙ), TYI (ТЫЙ) ТҮБІРЛЕРІНЕН ЖАСАЛҒАН СӨЗДЕРДЕ ЖАЗЫЛАДЫ: SYILYQ, SYIYMDYLYQ, SYIÝ; TYIYM, TYIYLÝ, TYIÝ.Меніңше, ЫЙ, ІЙ әріптерінің тіркесін қосар деуге болмайды. Бұл сөздер табиғатынан үш дыбыстан тұрады, қандай қосар? Оны қолдан үнемдеп отырған біз емес пе? Екіншіден, қосар деп бірдей, біртектес заттарды атайды. Егер, етістікке айналдырсақ, қосарлану, яғни, бір нәрсенің екі рет қайталануы деген мағынаны береді. Сонда ЫЙ мен ІЙ дыбыс тіркестерінің құрамындағы бірдей екі дыбыс тең болғаны ма? Бірі жуан (жіңішке), қысаң дауысты, бірі үнді дауыссыз. Екі түрлі нәрсені қосып, қосар әріп деуге келе ме? Тіпті, лингвистикалық термин ретіндегі мағынасы да бұл ережеде қолдануға үйлеспейді. Қосар деп бір дауыссыз дыбыстың түбір сөздерде қосарланып келуін айтады. Мысалы: ашшы, тұшшы, қатты, тәтті және т.б. (Ғ.Қалиев. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2005 ж.).
Қосар демей-ақ, сый, тый сөздері толық жазылады десе болды ғой. Егер олардағы қысаңдарды үнемдеп, түсіріп жазатын болсақ, си, ти болып, өзге мағына беріп кетеді. Сондықтан, бұл сөздерге келгенде, үнемдеуіміз жүрмей, амалсыздан ескерту беріп отырмыз ғой. Қысаң Ы сөз басында 19 дауыссыздың (қ, ғ, т, с, ш, п, к, г, д, з, ж, б, р, л, м, н, ң, и, у) санаулысымен ғана тіркеседі екен. Сый, тый дегенде түсірілмеген Ы дыбысын қый, шій, кій, тый, бій, мый деген алты сөзде үнемдеп жазады екенбіз. Ы дыбысы 19 дауыссыздың сегізінен басқасымен сөздің басқы бітеу буынында кездеспейді де екен. Мәселен, қазақта ғый, пый, гій, дый, зый, рый, лый, ный, ній, уый, йый деген мағыналы сөздер жоқ.
Жетінші параграфта IУ, IІ ӘРІП ТІРКЕСТЕРІНЕ АЯҚТАЛҒАН ЕТІСТІККЕ КӨСЕМШЕНІҢ I (-Й) ЖҰРНАҒЫ ЖАЛҒАНҒАНДА, ЕКІ I ӘРПІ ҚАТАР ЖАЗЫЛАДЫ: BAIY – BAIIDY, KEII – KEIIDI деп азатжолдан басталған сөйлем бар. Бұның жетінші параграф ескертуінің жалғасы, әлде өзінің жалғасы екендігі түсініксіз. Параграфтың өзінде ЫЙ, ІЙдыбыс тіркесінің үнемделіп, қысқарып, бір таңбамен И арқылы ғана жазылатындығы айтылған, ал ескертуінде сый және тый сөздерінде әлгі дыбыс тіркесі толық жазылатындығы баяндалған. Ал, мына азатжол ана екеуіне мүлдем қатысы жоқ, аспаннан түскендей ИЫ, ИІ әріп тіркесіне аяқталған етістікке көсемшенің жұрнағы жалғанғанда, екі И қатар жазылатынын ескерткен. Меніңше, бұны бұл жерден алып, қосымшалардың жазылуы деген жаққа апару керек. Орыс тілінің ережесін қараңыз, дыбыс, әріп содан кейінгі тарауларын әр сөз табына және түрлі предлог, союз, частицаларға бөліп тастаған.
Бұрынғы кеңестік орфографияда көсемше жұрнақтары мен тұйық етістікке қатысты бірқатар тілбұзар ережелер болған. Жаңа емле ережемізде оларды жөнге келтіру қажет болатын. Мәселен, бұрынғы ережеде қой, ой, той, жой, жай, тай, құй, түй, сүй және т.б. дауыссыз Й-ға аяқталатын етістіктердің қимыл атау тұлғасын Ю таңбасымен (қою, ою, тою, жою, жаю, таю, құю, түю, сүю және т.б.), ал, көсемше тұлғасын Я таңбасымен (қоя, оя, тоя, жоя, жая, тая, құя, түйе, сүйе және т.б.) таңбалап келдік. Бұл нағыз сорақылық болатын. Көріп отырғанымыздай, Й дыбысына аяқталған барлық етістіктерді тұйық етістік тұлғасында Ю әрпімен таңбаласақ та, көсемшеге келгенде, бұл жасанды әдіс жүзеге аспай қалған. Жіңішке түбірлердің көсемше тұлғасын Я әрпімен таңбалау мүмкін болмай, тілдің төл табиғатын сақтауға мәжбүр болдық (қой – қоя берді ꞊ сүй – сүйе берді). Бір жұрнақтың жуан, жіңішке нұсқаларын екі түрлі таңбалауға болмайтынын біле тұра, қазақ сөзінің ішіне Я, Ю әріптерін күштеп кіргізу үшін үнемдеуді сылтау етіп, тілдің табиғи жүйесі күштеп бұзылып, жазуда осындай жасанды ережелер жасалды.
Ахмет Байтұрсынұлы Түркілердің алғашқы сиезінде мүйізі қарағайдай орыс тіл білімі мамандарының алдында олардың әліпбиін, әліпби жасаудағы ұстанған принциптерін, жалпы тілінің жүйесін сынай келе, былай дейді: “Я хорошо знаю из наших языков киргизский и казакский. Эти языки – самые стройные. Здесь звуковые законы очень строги, каждый звук в конце слова дает такую же реакцию, какую дает химический элемент. Это самый совершенный, самый стройный язык”.
Қазақ тіліндегі көсемше жұрнақтары да тіліміздегі басқа қосымшалар сияқты осы темірдей қатаң тәртіпке бағынады. Орыс ықпалынан құтылып, ендігі әліпбиімізден Ю, Я әріптері жоғалып, тілдің төл табиғатына енді бұрылғалы жатқанда, жаңа тәуелсіз емлемізде IУ, IІ ӘРІП ТІРКЕСТЕРІНЕ АЯҚТАЛҒАН ЕТІСТІККЕ КӨСЕМШЕНІҢ I (-Й) ЖҰРНАҒЫ ЖАЛҒАНҒАНДА, ЕКІ I ӘРПІ ҚАТАР ЖАЗЫЛАДЫ деген жарымжан ереже шығару үлкен қателік. Көсемшелердің түбірге жалғануындағы қатаң жүйені неліктен бұзып отырмыз? Көсемшенің -ып, -а жұрнақтары дауыссызға аяқталған жуан түбірлерге (қой+ып, қой+а),-іп, -е жұрнақтары дауыссызға аяқталған жіңішке түбірлерге (сүй+іп, сүй+е),-п, -й жұрнақтары дауыстыға аяқталған жуан, жіңішке түбірлерге (байы+п ꞊ байы+й, кейі+п ꞊ кейі+й) талғамай бірдей жалғанады емес пе?! Ал, ереже жазушылар көсемшенің бір жұрнағын былай, бір жұрнағын олай жазып, баяғы «ұлы» орыстың теріс бағыттаған жолынан шыға алар емес. Егер, анау жасанды ереже бойынша жазсақ, екі буынды байы, кейі етістіктерінің соңғы дыбысы жоғалып, түбірдің тұрқы бұзылады. Осыны жазғандар қазақ тілінің жалғамалы тіл екендігін, онда түбірге не негізге жалғанатын қосымшалардың қалыптасқан қатаң иерархиясы болатындығын, сөздің морфемдік жігі айқын сақталатындығын және қосымшалардың бір-біріне жалғанғанда өзгеріске ұшырап, кірігіп кетпейтіндігін біле ме екен деген ой келеді. Әлде олар біздің тілдің табиғатына келмейтін жалпы тіл біліміндегі жалпақ теориялармен уланып, менбілемдікке салып, типологиясы бөлек тілдердегі ішкі флексия құбылысын қазақ тіліне де қолдан енгізіп, тілдің жүйесін кешегідей әрі қарай да бұза бермекші ме? Бұл қай елдің ережесі өзі? Түсінбедік…
§8 UÝ (ҰУ), ÚÝ (ҮУ) ДЫБЫС ТІРКЕСТЕРІ CӨЗДІҢ БАРЛЫҚ БУЫНЫНДА Ý ӘРПІМЕН ЖАЗЫЛАДЫ: ÝYLDYRYQ, ÝYZ, ÝILDEÝ; TÝYS, QÝYRSHAQ, GÝIL, TINTÝIR; OQÝ, SÝ, JAZÝ, KELÝ, BARÝ.
Біріншіден, бұл параграфтың екі мысалы ережеде айтылған тұжырыммен сәйкеспей тұр: оқу – оқы – оқыу, тінтуір – тінт – тінтіу (ір). Яғни, оқыу және тінтіуір сөздеріндегі У әрпі ҰУ, ҮУ дыбыстарының тіркесін беріп тұрған жоқ. Бұндай етістіктерге қимыл атау тұлғасы көсемше жұрнақтарының үлгісімен жалғанады: ып (ыу), іп (іу),п (у).
Ғылыми көпшілік У дыбысының алдындағы қысаң дауыссыздарды үнемдеп жазуды ұйғарған күннің өзінде етістік түбіріне тұйық етістік жұрнағын жалғау жүйесі мына кестедегідей сақталуы тиіс:
Жаңа емленің 9 параграфы мынадай:  «Ю ӘРПІ IÝ ӘРІП ТІРКЕСІ ТҮРІНДЕ ЖАЗЫЛАДЫ: AIÝ, BAIÝ, OIÝ, JAIÝ, SÚIÝ. Е С К Е Р Т У.  I ӘРПІНЕН КЕЙІН ТҰРҒАН Ю ӘРПІНІҢ ОРНЫНА Ý ЖАЗЫЛАДЫ: QIÝ, JIÝ. Бұл Ю әрпі кириллицада болған, ал, қазіргі әліпбиімізде жоқ қой. Егер, логикаға салатын болсақ, әліпбиде жоқ әріпке ереже арналмауы керек. Ереже негізінен тіліміздегі бар дыбыстың жазылуының типтік сипатын, ішінара болып жатса, ерекшеліктерін көрсетіп беруі тиіс. Кезінде тіліміздің дыбыстық заңына томпақ келгеніне қарамастан, зорлықпен алынып, төл дауыстылардың қатарына орналастырылған бұл жат дыбыс ескі әліпбимен бірге кетті. Енді оны түсіндірудің қажеті жоқ. Біз қазір бұрын ю арқылы бұзылған тіл заңын қалпына келтіруге тиіспіз. Яғни, ЕРЕЖЕ Ю ӘРПІ… ДЕП ЕМЕС, ДАУЫССЫЗ Й-ҒА АЯҚТАЛАТЫН ЕТІСТІКТЕР…деп басталуы тиіс. Ережедегі сөйлемнің тема-ремасын өзгертуіміз керек. Жаңа емленің 9 параграфы қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық заңдылықтарына негізделіп, осы дыбыс тіркестерінің жазылуындағы нұсқаларын мысал арқылы көрсетіп беруі тиіс.
Біздің қазіргі кирилл әліпбиімізде 42 таңба бар, ал, біздің тілімізде небәрі 28 төл дыбыс бар. Оны кезінде бізге Ахмет Байтұрсынұлы анықтап берген. Бір ғасырда тіл түк те өзгермейді.Лексикалық құрамы (сөздік қоры) толығуы мүмкін, ал, дыбыс жүйесі мен грамматикасында елеулі өзгерістер бола қоймайды. Мына есепке қараңыз: 42-28=14, яғни, біздің бүгінгі әліпбиімізде 14 таңба артық. Бұл таңбалар кезінде орыс тіліндегі сөздерді сол орыстың орфографиясымен бұзбай жазу үшін алынғаны белгілі. Кейбіреуін жасанды норма ретінде зорлап, қазақ сөздерін таңбалау үшін де енгізіп жібердік. Байқап отырғанымыздай, ережедегі мысалдар аю-дан басқасының бәрі тұйық етістік тұлғасы. Бұлардың ендігі жазылуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесімен 1-сыныптан бастап таныс бастауыш мектептің баласы да біледі. Мәселен, ой, жай, сүй, қой, сой және т.б. Й дыбысына аяқталатын етістіктерді тұйық етістік тұлғасына қою үшін ешқандай ереженің қажеті жоқ. Ал, етістікке жатпайтын АЮ сияқты бірді-екілі зат есімге ереже арнау артық. Жалпы типтік емес, жеке құбылыс болғандықтан, АЮ деген жалғыз жарым сөздің жазылуын сөздікте берсе жеткілікті. Қараңыз: қой+у, ой+у, сүй+у деген сөздердің жазылуында дауыссызға аяқталған басқа тұйық етістік тұлғаларынан қандай ерекшелік бар: ат+у, жат+у, сал+у, ал+у. Бұл бір-біріне жалғанатын түрлі морфемалардың аражігі айқын көрініп тұратын қазақ грамматикасына тән заңдылық. Бірақ, емле түзушілер қазақ тіліндегі барлық қосымшалар түбірдің немесе негіздің дауыстыға немесе дауыссызға аяқталуына қарай түрленіп жалғанатындығын ескермейді.
Осы параграфта байы деген дауыстыға аяқталатын екі буынды етістік пен жай деген дауыссызға аяқталатын бір буынды етістіктің тұйық етістік тұлғасы бірдей деп танылған. Бұл қате. Мұндай жасанды норма енгізу арқылы біз жалғамалы тілдерге тән бірнеше заңды бұзамыз. Таны, байы, кейі етістіктеріне тұйық етістік жұрнағы таны+у, байы+у, кейі+у түрінде жалғанады. Бізде түбір мен қосымшаның аражігі орыс тіліндегідей сіңісіп кетпей, айқын көрініп тұруы тиіс.
Осы параграфтың ескертуінде берілген qiу, jıy дегеннің сүйіу мен жайыу-дан түк айырмасы жоқ. Тілдің табиғатында жай, сүй, қый, жый деген етістіктер бітеу бір буынды түбірлерге жатады. Оларға да қосымша морфемалар қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық заңдарына сәйкес жалғанады. Жай+ыу (жай+ып), сүй+іу (сүй+іп), қый+ыу) (қый+ып), жый+ыу (жый+ып) және т.б. Біздің ойымызша, бірдей заңдылыққа бағынатын мысалдарды ескерту арқылы бөлектеу мыйды ашытумен бірдей.
Емленің авторлары емленің алғы сөзінде «ЖАҢА МАЗМҰНДЫ ҚАЗАҚ ЕМЛЕСІНІҢ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕРІН ТҮЗУ БАРЫСЫНДА ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНДА ҰЛТТЫҚ ТІЛДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ АЙҚЫН КӨРІНІС ТАБАДЫ» деп қойыпты. Бірақ, оны өздері сақтамай отыр. Бұл қалай?
§10. Я ӘРПІ IA ӘРІП ТІРКЕСІМЕН ЖАЗЫЛАДЫ: QOIAN, IAǴNI, SAIA. Е С К Е Р Т У. И (I) ӘРПІНЕН КЕЙІН ТҰРҒАН Я ӘРПІНІҢ ОРНЫНА А ЖАЗЫЛАДЫ: QIAR, SIA, JARIA.
Ереже қазақтың жаңа әліпбиінде жоқ дыбысты тема етіп қойып, соны түсіндіруден бастайды. Бұл қате. Ереженің тема-ремасын ауыстыру керектігін ю-ға қатысты параграфты талдағанда айттым. Сондай-ақ, ереже сайын ескерту беру айтылған тұжырымның кесімді емес, екі ұшты екендігін білдіреді. Иә, қоян мен аюдың ендігі қалай жазылатындығы жөнінде жеке-жеке параграф кіргізгеніміз күлкілі-ақ…
Меніңше, емленің И мен У-ға қатысты әр жаққа қарап тұрған параграфтарын қайта қарау керек. МЫНАУ – ҰЯТ.

Алдыңғы «
Келесі »