ЖАҢАДАН ЖАСАЛҒАН «ҚАЗАҚ ТІЛІ ЕМЛЕСІ ЕРЕЖЕЛЕРІНДЕГІ» ОЛҚЫ ТҰСТАР

  • 30.04.2019
  • 321 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Байынқол Қалиев,
филология ғылымдарының
докторы, проффессор

«Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесі ережелерінің» «Егемен Қазақстан» газетінде басылған 3-ші нұсқасының (ары қарай – Ереже) жетістіктерімен бірге, оның кемшіліктері де жоқ емес, бар. Төмендегі әңгіме сондай кемшіліктер жайында болмақшы.
Баса айта кететін нәрсе, бұған дейін біз қолданып келген 42 әріптің құрамына кіретін, бірақ, қазақ тілінің табиғатында жоқ, кириллицаға көшірілгенде тілімізге зорлықпен ендірілген 14 әріптің ішінде ерекше тұрған екі әріп бар. Олар – И мен У. Бұл әріптер орыс тілінен қазақ тіліне «термін» деген сылтаумен тағы да зорлықпен ендірілген орыс сөздерін дұрыс айтқызып, дұрыс жазғызу үшін арнайы қабылдатқан әріптер болатын. Жаңа қазақ-латын әліпбиінде бұл әріптер І және ý түрінде таңбаланыпты. Бұлар туралы біз бұған дейін талай рет айтқанбыз. Елге түсінікті болу үшін осы жерде солар туралы тағы да қайталап айтқымыз келіп отыр.
Ереженің 7-ші бабында: «ЫЙ, ІЙ дыбыс тіркестері сөздің барлық буынында И (латынша I) әрпімен жазылады», – делініпті. Мыс., k1im, s1a, b1… Бұл сөздердің кійім, сыйа, бій болып жазылғаны жөн емес пе еді?! Олар неге И әрпімен жазылуға тиісті? Одан әрі қарай: Ескерту. «Қосарлы ЫЙ әріптері тек сый, тый түбірлерінен жасалған сөздерде жазылады», – делінген. Мыс., sy1lyq, ty1ym,1y,1i… Тағы да: Неге? Бұл жоғарғы ережеге қарсы болып тұрған жоқ па?
Сұраққа біздің берер жауабымыз: И – бір дыбыс емес, ол – қосарлы дыбыс. Өйткені, И әрпі ый (қый), ій (кій), ұй (бұлтұй), үй (мөлүй) деген жуанды-жіңішкелі, еріндік-езулік болып келетін 4 түлі түрпетті (вариантты) дыбыстарды белгілейтін екі дыбыстың қосындысын таңбалайды. Мыс.: сый/сій (си емес), тый/тій (ти емес), мый (ми емес), т.б.
8-ші бапта: «ҰУ, ҮУ дыбыс тіркестері сөздің барлық буындарында ý әрпімен жазылады», – делінген. Мыс., ýyz, týys, sý… Неге? Сүйсіністен гөрі сұрақ көп.
Қазақ тіл «мамандарының» айтуынша, бұған дейін «У-дың өзі екі дыбыс: бірі – дауысты (бу), екіншісі – дауыссыз (бау)» делініп келді. Бұған таңданбасқа болмайды. Өйткені, дүниежүзінде қазақ тілінен басқа ешбір тілде бір дыбыстың әрі дауысты, әрі дауыссыз дыбыс болғандығы кездеспейді. Шындыққа жүгінсек, ол екі дыбыс емес, бір-ақ дыбыс. Дыбыс болғанда, ол – дауыссыз.
Дауысты делініп жүрген У-ымыздың өзі – ұу (жұл+ұу), үу (күл+үу), ыу (қыр+ыу), іу (кір+іу) деген 4 түрлі түрпетті екі дыбыстың тіркесін (қосындысын) белгілейтін таңба ғана. Басқаша айтсақ, У әрпі ҰУ/ҮУ деген екі дыбыстың қосындысынан тұрады. Бұлардың соңындағы У – дауыссыз, оның ішінде – үнді. Мыс.: бұу (бу), сұу (су), күлүу (күлу) т.б. Ал, «бау» деген сөздегі У дыбысын 18 дауыссыз дыбыстардың қатарына қосып, олардың санын 19-ға жеткізуге болады. Өйткені, ол – біріншіден, дауыссыз, үнді дыбыс, екіншіден, жеке дыбыс болғандықтан, оған латын әріптерінің ішінен балама іздеуге тура келеді. Бұл дауыссызды ý деп емес, оны латынның W әрпімен таңбалаған орынды болар еді дегенді баяғыдан айтып келеміз. Қысқасы, бұл екеуі (У мен И) – дыбыстар емес, екі дыбыстың қосындыларынан жасалған әріптер. Олай болса, бұларды (ұу/үу, ый/ій-лерді) біздегі 28 дыбыстың қатарына қоса алмаймыз. Қоспағаннан кейін оларға латын әрпінен балама іздеп әуре де болмаймыз.
Ереженің 9-бабында: «Ю әрпі 1ý әріп тіркесі түрінде жазылады», – делінген. Мыс., a1ý, o1ý, ba1ý… Ескерту. «Й әрпінен кейін тұрған Ю әрпінің орнына ý жазылады», – дейді. Мыс., q1ý, j1ý. Жоғарыдағы «Ю әрпі жаңа қазақ-латын әліпбиінде Iý түрінде таңбаланады» деген ереже қайда қалды?…
Біз 9-шы баптың негізі дұрыс емес деп есептейміз. Ю әрпі үш дыбыстың 4 түрлі түрпетінен тұратын қосындысы: йұу (ою>ойұу), йүу (үю > үйүу), йыу (аю > айыу), йіу (ию > ійіу). Ол ереже екі әріптің емес, жоғарыда көрсетілгендей «төрт әріптің қосындысынан тұрады» деп белгіленуі керек.
Біздің ұсынысымыз: Бұл әріптерді (и, у, ю) мысалдарда көрсетілгендей жеке-жеке дыбыстарға ыдыратып жіберу керек те, ол дыбыстарды біз айтқандай жеке-жеке әріптермен белгілеу қажет. Сонда ғана олар өздері қатысқан сөздердің қазақша айтылуын дәл таңбалай алады.
«Қазақ тілі емле ережелеріндегі» 6-10 баптардың бесеуінде де бір ғана I, ý (кирилицада И, У) әріптерінің емлесі туралы айтылған. Бар гәп олардың жеке дыбыстар емес, қос дыбыстың, айталық, И – ый/ій, ұй/үй дыбыстарының, У – ұу/үу, ыу/іу дыбыстарының қосындысы екендіктерінде ғана. Басқаша айтсақ, «Ережені» түзушілердің ұлттық тіліміздің ерекшеліктерін білмеуінде, білсе де оны мойындамауында. Егер, орыс тілінің (сөздерінің) қамын ойлап, соның ырқынан шыға алмай, қазақ тіліндегі ЫЙ/ІЙ, ҰЙ/ҮЙ дыбыстарын латынның бір ғана І таңбасымен, ал, ҰУ/ҮУ, ЫУ/ІУ дыбыстарын латынның ý таңбасымен бергеннен гөрі осы тіркесті дыбыстарды жеке-жеке дыбыстарға таратып жіберіп, оларды біздің ұсынысымыз бойынша tуі/týі (тый/тій), uiyw/u’iýw (ұйыу/үйіу) деген сияқты таңбалармен белгілесек, Елбасымыз айтқандай, «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталған» болар еді, жазуда қазақ тілінің заңдылықтары ескерілген болар еді. Қайталап айтамыз, егер, бұлай еткен болсақ, «Ереженің» 6-10 баптарында көрсетілген қи, ки, ми, си, баю, сүю сөздерінің жазылулары осы жерде көрсетілгендей емес, біз ұсынғандай, дыбысталуы бойынша қый, кій, мый,жый, сій, байыу, сүйіу деген түрде жазылар еді. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, қай қазақ қый сөзін – қи, мый сөзін – ми, жый сөзін – жи деп жіңішкертіп, іймійтіп, әрі аузы-басын қыйсайтып айтады?!
11-бапта: «Төл сөздер бірыңғай жуан не жіңішке үндесіммен жазылады. Ал, кейбір кірме сөздерде тіл үндестігі сақталмай жазылады» дей келіп, оған мұғалім, қадір, кітап, т.б. сөздерді мысал ретінде келтірген. Баяғыда жіберілген бір кәтені/қатаны өмір бойы арқалап жүре береміз бе?! Бұл сөздерді мұғалым, қадыр немесе кәдір, кітәп деп жазуға неге болмайды? Ұлт тілінің ерекшеліктерін сақтағанымыз осы ма?
Ереженің 12-бабында баспасөз бетінде айтыла-айтыла әбден жауыр болған шегара, көгөніс сөздерінің жазылуын Ереже түзушілер тағы өзгертіп, қайтадан шекара, көкөніс деп, кекештендіріп жазуды ұсыныпты. Талқылау үстінде Тіл білімі институтының өкілінен бұл өзгеріске «не себеп болды?» деп сұрадық. Ол: «Жұрналистер қайта-қайта өзгерте бересіңдер деп қарсы болды» деп жауап берді. Сонда, біз «Қазақ тілі емле ережелерін» әркімнің қалауы (талап етуі) бойынша жазуымыз керек пе? Онда қазақ тілінің өз заңдылығы қайда қалады?
Егер, осы шешім Ережеде осы күйінде қалатын болса, онда жүздеген жыл бойы Ботагөз, көгет, жарғанат, күнбағыс, қолғабыс, қолғанат, қолғап деп жазып келген сөздерді ендігі жерде Ботакөз, көкет, жарқанат, күнбақыс, қолқабыс, қолқанат, қолқап деп жазатын сияқтымыз. Құдай оның бетін ары қылсын.
27-баптың ескертпесінде «Да/де шылауымен келген ұрда-жық, аста-төк, уда-шу тәрізді лексикаланған тіркестер бірге әрі дефис арқылы жазылады» делінген. Ұрда деген екі тілдік элемент неге бірге жазылуға тиісті? Ұрда-жық деген сөздерді неге дефис арқылы жазамыз? Бұл бап қазақ тілінің қай заңдылығына негізделген?!
Мүлде түсініксіз. Біздің пікірі-мізше, бұлар – фразеологизмдер. Фразеологизмдердің құрамындағы сөздер бөлек жазылмаушы ма еді?
35-бапта «терминдер бірге жазылады» деп, алабұлбұл, ақшабақ, бозбетеге, қызылбидай деген тәрізді біраз сөздерді мысал ретінде беріпті. Біріншіден, бұлар терміндер емес (Сонда термін мен термін емес сөздерді бір-бірінен ажырата алмағанымыз ба?). Екіншіден, бірге жазылатындай олар туыс атаулары да емес. Түр атаулары. Сондықтан, мұндай сөздер орфографиялық сөздікте бөлек жазылуы керек. Неге десеңіз, бұлардың ала, ақ, боз, қызыл деген алдыңғы сыңарлары бұлбұл, шабақ, бетеге, бидай деген соңғы сыңарларды анықтап тұрған сөздер (анықтауыштар).
38-бапта: «Күрделі сөзге айналған фразеологизмдер бірге жазылады» деп, оған мысалға ержүрек, атүсті, атсалысты, ақниет, ақкөңіл дегендерді келтіріпті. Бұлар күрделі сөзге айналған фразеологизмдер емес, нағыз фразеологизмдердің өздері (Академик І.Кеңесбаевтің «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіне» қараңыз). Фразеологизмдерді біріктіріп жазуға болмайтындығын Ереже түзушілер білмей ме?!
85-бапта «Айыру белгісі (ъ) ескерілмей жазылады. Мыс.: сүбект, обект…» делінген. Біздің ойымызша, Ережедегі «ескерілмейді» деген сөзден кейін, «оның орнына ІЙ дыбысы қосылып жазылады» делінсе, қазақ тілінің айтылу заңына әрі сәйкеспейтін, әрі ұсқынсыз сүбект сөзі > сүбійекті деп, обект сөзі > обійекті болып жазылған болар еді ғой.
98-бапта «Ағылшын тіліндегі түпнұсқада W әрпімен басталатын кейбір сөздер ý әрпімен жазылады: Мыс., ýatsap, ýikipedia (қазақ тілінде осындай сөздер бар ма?), ýeb-sait» делінген. Бүйтіп жоқтан бар жасап, жалған ереже шығарғанша, қазақ тіліндегі У дыбысына, жоғарыда біз айтқандай, неге латынның W әрпін таңба етіп ала салмаймыз. Сонда ý әрпі босап қалып, ол қазақ тіліндегі І дыбысына (іні сөзіндегі і-ге) лайықты таңба болар еді.
100-бапта: «Буын Й мен У да-уыссыздарынан басталғанда, да-уыс (дау-ыс емес), са-уат (сау-ат емес), да-йындық (дай-ындық емес), құ-йын (құй-ын емес) түрінде тасымалданады» делініпті. Бұл бап оқырмандарға мүлде түсініксіз. Мыйға кірмейді, ақылға сыймайды. Көрсетілген сөздерді тасымалдаудың ең дұрыс жолы – жақша ішіндегі «емес» деп көрсетілген тасымалдаулар емес пе?!
Біздің ойымызша, «Ережеге» бұлардан басқа тағы да бірер бап қосу керек сияқты. Ақыр шетел сөздерін қазақшаға икемдегіміз келеді екен (Мұны мен дұрыс деп есептеймін – Б.Қ.), ендеше, сондай ережелердің бірінің былайша болғаны жөн: «Шетел сөздерінің соңында қатар тұрған екі дауыссыздың арасына жуан-жіңішкеліктеріне қарай Ы/І қысаңдарының бірі қосылып жазылады». Егер, осылай етсек, ең дұрысы сол болған болар еді?! Мыс.: әнсәмбіл, ресурыс, сыйфыр (78), сіліндір, лүкіс (82), дүбіл (84), т.б.
Қорыта айтарымыз: Латын гра-фикасына өтуімізге байланысты қазақ-кирилл әліпбиіндегі И (кино) мен У (бу сөзіндегі) әріптерінің (бұлар дыбыстар емес) мәселесін дұрыс шешпей, жаңа қазақ әліпбиі ешқашан дұрыс шешілмейді. Өйткені, жоғарыда айттық, И – ый/ій, ұй/үй деген біреулері жуан, екіншілері жіңішке 4 дыбыстың, ал, У – ұу/үу, ыу/іу деген 4 дыбыстың қосындыларынан тұратын дифтонг дыбыстар. Жаңа қазақ әліпбиінің құрамынан бұл екі әріпті алып тастап, оларды жеке-жеке дыбыстарға ыдыратып, әрқайсысын жеке-жеке әріптермен таңбалау керек. Сонда «Ереженің» 6-11 баптары аралықтарындағы 5 ереже керек болмай қалады да, қазақ сөздері қи, ки, ми, си, ти, ою, үю түрінде емес, қый, кій, мый, сій, тій және қыйыу, кійіу, ойұу, үйүу болып жазылған болар еді.
«Сіз айтқандай, жаңа әліпби құрамынан И мен У әріптерін алып тастасақ, шетел (орыс) сөздерін қалай жазамыз?» деген сұрақ қоятындардың табылатындығына күмәнім жоқ. Оларға берілетін жауап:
Шетел сөздерін дұрыс жазу үшін қабылданған жаңа әліпбиге толып жатқан өзгерістер енгізіп, созылыңқы И мен дауысты У-ды әліпби құрамынан алып тастап, кирилл әліпбиіндегі қысқа Й-ді латынның İ әрпімен, дауыссыз У-ды латынның W әрпімен, іні сөзіндегі І-ні латынның Ý (Ы-ның жіңішке сыңары) әрпімен, Ш-ны латынның С әріптерімен таңбаласақ, соның өзі жетіп жатыр. Егер, осылай еткен болсақ, біріншіден, шетел сөздері қазақ тілінің айтылу заңы бойынша kýino, institwt, fwtbol, reswrуs, macyina түрінде жазылады, екіншіден, жаңа әліпбиіміз қазақ тілінің барлық заңдылықтарына сәйкес келеді.

Алдыңғы «
Келесі »