СЫРТҚЫ БАРЛАУ ТАРИХЫ

  • 30.04.2019
  • 754 рет оқылды
  • 0

Қайыржан ТӨРЕЖАН, журналист

БАҒАЛАНБАҒАН БАРЛАУШЫЛАР

Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқан Германияны сол кездегі «ЕуроОдақ» тым төмендетіп, барлық құқығынан айырды. Қатты соққы жеп, бейшара күйге түскен неміс халқы фашистер партиясы билік басына келгеннен кейін ғана аздап ес жинай бастады. Адольф Гитлер Антантаның неміс ұлтына көрсеткен зәбір-жапасын ұмытқан жоқ. Халықты есе қайтаруға шақырып, жаңа соғысқа дайындады. Негізгі ғылыми және техникалық әлеуетін сақтап қалған Германия енді әскери саланы нығайтуға күш салды. Саясатты ұлтшылдық бағытта жүргізген фашистер партиясы халықтың рухын көтеріп, І дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткендердің мысын басты. ІІ дүниежүзілік соғыстың басталуына дейін бірнеше жыл бұрын Гитлер жан-жаққа көз жүгіртіп, барлаушылары арқылы құнды мәліметтер жинай бастады. Ал, ағылшын, француз, АҚШ, КСРО агенттері де осы кезде Германияда жұмыс істеп жатты. Бұл да соғыстың бір түрі еді.
КСРО мен Германияның арасында 1939 жылы 23 тамызда екі ел сыртқы істер ведомстволарының басшылары Молотов пен Риббентроп қол қойған нейтралитет келісім болғаны белгілі. «Гитлер Кеңес Одағына соғыс ашқанда, Сталин осы құжатқа сеніп қапыда қалды», деген сөз шындыққа жанаспайды. Өйткені, жиырмасыншы жылдардың аяғынан бастап, кеңестік барлаушылар фашистердің әр қадамын қадағалап, Мәскеуге баяндап отырды. Германиядағы ең бірінші астыртын барлау резидентурасын, КСРО-да Дзержинскийден кейін Біріккен мемлекеттік саяси басқарманы (ОГПУ) 8 жыл басқарған, Вячеслав Менжинскийдің 1927 жылы өзі барып құрды. Ертемен пойыздан түскен бухгалтер Пахомовты Берлин вокзалында ешкім қарсы алған жоқ. Шамаданын көтерген жолаушы енді оянған қала көшелеріндегі қалың нөпірдің арасына сіңіп кете берді. Кішігірім асханалардың бірінен оразасын ашқаннан кейін, жаяулап КСРО елшілігіне келді. Мұндағылар елшіліктің есеп-қисабын тексеруге Мәскеуден келе жатқан ревизорды күтіп отырған. Шын мәнінде бухгалтер Пахомов деп жүргендері 17 тілді білетін сақа барлаушы, ОГПУ төрағасы Вячеслав Менжинский болатын. Оның мұнда жүргенін азын-аулақ қызметтестері мен Сталин ғана білді. Германиядағы саяси ахуалды біліп отыру үшін Сталин мұндағы резидентураға қатты назар аударды, Менжинскийдің мұнда келуіне Сталиннің тікелей тапсырмасы себеп болды. Осы кездерде әскери салада және фашистік партия басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жүрген итальяндық аристократ граф Ансельмо мен уругвайлық коммерсант Умберто Фереро арасында ортақ идея, жақын қатынас орнап, бұлар Берлин мейрамханаларының бірінде жиі кездесетін болды. Уругвайлық коммерсант болып жүрген Дмитрий Быстролетов және Германияда оның әріптесі ролін атқарып жүрген Ольга кеңестік барлаушылар болатын. Ольга Дмитрийдің заңды некелескен әйелі болған. Агенттер итальяндық достары арқылы Италиядағы және оның одақтасы Германиядағы әскери, саяси құпиялардың барлығын біліп, орталыққа хабарлап отырды. Бірақ, құнды ақпараттар ерлі-зайыпты барлаушыларға тым қымбатқа түсті. Ансельмо Ольгаға құлай ғашық болады. Бұл жайында орталыққа хабар беріледі. Мәскеу көп ойланбай, Ольгаға келісімін беру туралы тапсырма береді. Өйткені, жоғары лауазымды тұлғаның қойнына әйелді салып беріп, сол арқылы ұзақ жылдар бойы КСРО үшін өте құнды, құпия мәліметтерге қол жеткізу керек болды. Менжинскийдің жасап кеткен резидентура желісі Еуропада кеңінен жайылып, Гитлердің әрбір қадамын бақылап отырды.
Отызыншы жылдардың ортасында Бүкілодақтық халық шаруашылығы кеңесінің жоғары лауазымды шенеунігі Александр Добров Карлсбадқа демалуға барады. Жолда Берлинге аялдап, революцияға дейін білетін танысымен кездеседі. Ол Кеңес үкіметіне өзінің қарсы екенін және жоғарғы эшелонда антисталиндік көзқарастағы адамдардың көп екенін айтады. Мәскеуде коммунистерге қарсы партия құратын ойы бар екенін, сол үшін Германияның Ұлттық социал-демократтық партиясы басшыларымен таныстыруды өтінеді. Карлсбадта екі апта демалған Добров қайтарда тағы Берлинге тоқтайды. Мұнда оны неміс барлаушысы Карел Зиберт қарсы алып, бірнеше күн бойы оның тамырын басып, тексеріп көреді. Сенімінен шыққаннан соң, Добровқа Гитлермен кездестіруді ұйымдастыруға уәде береді. Бірақ, уәделескен жерге Гитлер емес, партия белсенділерінің бірі Альфред Розенберг келді. Осылайша, Германияға жиі іссапармен шығып тұратын ол фашистердің сеніміне кіріп, басшылармен тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Германия КСРО-да фашистік партияны құратын өз адамы болғанына мүдделі екенін Добровтан жасырмады, сондықтан, оған барлық жағдай жасауға тырысты. Оған толықтай сенді, өз адамы ретінде аса маңызды саяси ақпараттарымен бөлісті.
Шетелде инженерлік білім алған Добровты кеңестік контрбарлау қызметі де назардан тыс қалдырған жоқ. Оның ОГПУ қызметкері, барлаушы екенін КСРО-да бірақ адам білді – ол арнайы тапсырма жүктеп Германияға жіберген Сыртқы барлау бастығы Артузов еді. Бірнеше рет оны қарсы барлау қызметінің тырнағынан аман алып қалған да осы Артузов болды. Әрбір барған сайын, Добров Германиядан біздің барлауға қажетті тың деректер жинап әкелді, ал, бұл жақтан құпия құжаттары бар папкаларды Германияға жеткізіп отырды. Ол құжаттардың барлығы Артузовтың қолымен жасалатын. 1935 жылы Германияға барған кезекті іссапардан кейін, Мәскеудегі конспиративтік пәтерлердің бірінде Артузовпен кездескен Добров жақын арада Англияның сыртқы істер министрі лорд Саймонның Германияға астыртын келіп кеткенін жеткізді. Бұл Еуропадағы саяси жағдайдың нағыз шиеленісіп тұрған кезі еді. Артузов Еуропадағы барлық резиденттеріне Саймонның неге келгенін білуді тапсырды.
Ең бірінші болып мәлімет жіберген нелегал барлаушы (уругвайлық) Дмитрий Быстролетов болды. Бұл кезде ол Парижде жүрген. Француз коммунисі Жан Маридің көмегімен ол ағылшын агенті Арномен танысып, өз жағына тартады. Арно арқылы Быстролетов ағылшын елшілігінің кодына, шифрына қол жеткізеді. Лорд Саймонның келу хаттамасы да осының ішінде болған. Бұл құжаттар Еуропа елдері Германияның қарулануына рұқсат беретіндігінен хабардар етті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін әскер жасақтап, қару жасау құқығынан айырылған Германия, енді, қайта тірілгендей болды. Мұндай хабардан кейін Артузов Добровты тапсырмамен қайта Германияға аттандырды. Бұл жолы ол Кеңес Одағы өзінің әлсіздігін жасырып, «Кремль әскерін жаңа қарулармен жабдықтап жатыр» деген жалған ақпарат жіберді. Добровты Берлинде жақсы қарсы алып, қатты көтерді. Добров бұл жолы Германияның құпия полигонында болып, қару-жарақтардың қалай сынақтан өтетінін көреді. Ең бастысы, инженер Бернер фон Браунның жаңа қару түрін, сұйық отынмен алыс қашықтыққа ұшатын ракета жасағаны туралы мәлімет алды. Алайда, Берлинде Добров деген сатқын пайда болғаны туралы Мәскеуге де хабар жетті. Оны жіберген Криминалдық полицияның комиссары, гаупштурмфюрер СС Брайтенбах еді. Ол агент А-201 деген шартты атпен 1929 жылдан бастап ОГПУ-ға қызмет еткен. Алдында қарсы барлау қызметінде болған, 1933 жылдан бастап Гестапоның Шығыс бөлімінде істеген. Бұл жолы да оны Артузов қорғап қалды.
1937 жылғы сталиндік толқын шетелдегі барлаушыларды да шайқады. Ұзақ жылдар астыртын жұмыс істеген тәжірибелі барлаушыларды бірінен кейін бірін елге шақырып алып, соттай бастады. Артузов та репрессияға ұшырады, Добровқа да «отанын сатқан» деген айып тағылды. Ол КСРО-да фашист партиясын құруға әрекет жасады деген айыппен, өзінің барлау ісіндегі «аңызы» бойынша сотталды. Өлгеннен кейін КСРО Батыры атағы берілген Рихард Зоргені де бірнеше рет Мәскеуге шақырып келтіре алмаған. Егер, ол елге оралған жағдайда басқа барлаушылар сияқты атылып кетер ме еді? Отан соғысының алдында Бас барлау басқармасы (ГРУ), Сыртқы барлау (КГБ) қызметтерінде үлкен тазартулар болды. Осы кезеңде көптеген барлаушылар нақақтан күйіп кетті.
Сталин соғысқа осылай дайындалды. 1940 жылға дейін Аралов, Стигга, Никонов, Берзин, Уншлихт, Урицкий, Ежов, Проскуров сияқты тәжірибелі басшылар атылып кетті. Әскери барлаудың басшылары жойылған кезде, әрине, барлық құпияны білетін, бір жіпке байланған олардың орынбасарлары, кеңесшілері, басқарма, бөлім бастықтары бірге қосақталып кетті. Бөлім бастығы ұсталған жағдайда ол басқарған жедел уәкілдерге, агентураға көлеңке түседі. Сондықтан, барлау басшысының орнынан алынуы екі-үш рет қайталанып, бүкіл барлау желісінің құруына әкеп соқтырды. Осылайша шет елдердегі агентуралық жұмыс қатты ақсады. Германиядағы ең құнды мәліметтерді беріп отырған СС гаупштурмфюрері Брайтенбах біраз уақыт мүлде байланыссыз қалды. 1941 жылы маусымда КСРО-ға шабуыл басталатыны туралы нақты мәліметтерді Брайтенбах кеңестік агенттері Александр Коротков, Борис Журавлевтер арқылы жіберді. Одан басқа Кузнецов, Зорге сияқты Германияда жүрген кеңестік мықты барлаушылар құнды құжаттарды бері жөнелтіп отырды, бірақ, бұл барлаушылардың ақпараттарына Сталин көп сене қоймады.
Ертең соғыс басталатын 1941 жылдың 21 маусымында, Кремльдегі кабинетте Сталин мен Молотовтың алдында Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссары Меркулов, Сыртқы барлау қызметінің басшысы Фитин Гитлердің КСРО-ға шабуыл жасайтынын баяндаған екен. Әртүрлі дереккөздерден алынған мәліметтерді алдарына жайып тастайды. Алайда, Сталин оларға «Мен бір ғана неміске сенемін. Ол – Фильгелм Пик. Бара беріңдер» деп шығарып салады. Бұл кезде әскери эшелондарға аузы-мұрнынан шыға тиелген, бақайшағына дейін қаруланған вермахт әскерлері КСРО шекарасына таяп қалған.
Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында қазақстандық барлауға көрші Қытай еліндегі Шыңжаң өлкесі басшылығының арасына адамдар жіберуді тапсырды. Онда баратын адамдарға Шыңжаң билігімен тығыз байланыс жасап, Қытайдың осы аумағында тұрып жатқан ақгвардияшылар ұйымдарының жоспарларын, мақсаттарын анықтау жүктелді. Кеңес Одағындағы Азамат соғысы кезінде Қазақстаннан Шыңжаң өлкесіне кеңес үкіметіне белсене қарсы шыққан бай-құлақтар, көпестер, атты-казактар мен ақгвардияшылардың қарулы отрядтары көптеп өтті. Осы тұста Қытай жеріндегі антикеңестік элементтерді залалсыздандыру бойынша қазақстандық чекистер арнайы тапсырмалармен арғы бетке астыртын өтіп, бірқатар оперативтік шараларды ұйымдастырды.

«ЯРЦЕВ» БАЙЛАНЫСҚА ШЫҒАДЫ…

Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО ІІІ рейхтың одақтасы Жапония Қытайдың Шыңжаң өлкесі жағынан шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптенді. Сондықтан, сыртқы барлау қызметінің «нелегалдары» гоминьдандық Қытай елінде астыртын ақпарат жинаумен айналысты. Ұлы Отан соғысы кезінде Шыңжаң өлкесіндегі бейресми барлау желісі бойынша Т.Айдаров, Ғ.Естаев сияқты тәжірибелі қазақстандық барлаушылар жұмыс істеді. Өкінішке қарай, астыртын барлау жұмыстары үнемі сәтті аяқтала бермейді. Кейде барлаушылардың тілімен айтқанда «провалдар» болады. Мысалы, нелегал барлаушы капитан Ғани Естаев, нелегал барлаушы Эмилия Романовалар Шыңжаң абақтысында гоминьдандықтардың қолынан қаза тапты. Олар өмірінің соңғы минутына дейін мемлекеттік құпияны ашқан жоқ. Солармен бірге, «көпес Ярцев» деген бүркеншек атпен Шыңжаңда жұмыс істеген жерлесіміз Абдулла Тұрсынов болды.
Кезінде әлем екі лагерьге бөлініп, әрқайсысы әлемге үстемдік жүргізу үшін ІІІ-ші дүниежүзілік соғысқа дайындала бастаған тұста жан-жағын мұқият қымтап алған Кеңес үкіметі сыртқы барлау қызметін күшейтті. Әр елдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайды білу үшін кеңестік барлаушылар ақпараттар жинауға қатты кірісті. Қандай соғыс болмасын, барлаусыз басталмаған, алдымен қарсыластары туралы астыртын ақпараттар жинайды, жаудың осал тұстары анықталады. Ұлы Шыңғыс ханның, Македонский, Наполеондардың әрбір шабуылы барлаушылар әкелген мәліметтердің негізінде жүзеге асырылатын болған. Барлаушылар жинаған құнды ақпараттардың нәтижесінде ұлы жеңістерге қол жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында Рихард Зорге сияқты кеңестік сыртқы барлау қызметкерлері басқа бір елде жүріп, үшінші мемлекет туралы ақпарат жинаған. Сыртқы барлау қызметі арқылы алынған құпия ақпараттар әсіресе қырғи-қабақ соғыс тұсында аса қажет болды.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында Кеңес үкіметі ұлттық мүддені қорғау үшін және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көрші Қытай еліндегі Шыңжаң провинциясымен тату-тәтті, достық қатынас орнатуға тырысты. Сол кезде Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң провинциясын басқарып отырған губернатор Шэн Шицаймен достық келісімге отырды. Өйткені, дәл сол кезде фашистік Германиямен одақтас жапондықтардың Кеңес үкіметіне Шыңжаң жағынан шабуыл жасауы мүмкін деген қауіп болды. Алайда, Кеңес Одағына батыстан Гитлер соғыс ашқаннан кейін, бұл келісім ақырындап күшін жоя бастады. Сөйтіп, 1941 жылдың аяғы, 1942 жылдың басына қарай КСРО мен Шыңжаңның арасындағы саяси жағдай кері бағыт алып, арадағы қарым-қатынас мүлде нашарлады. Оған бірден-бір себеп – Ұлы Отан соғысының алғашқы кезеңіндегі Кеңес Одағының әлсіреп, әскери күш-қуатының кетуі болды. Соғыстың алғашқы айларында-ақ КСРО жерінің батыс бөлігін фашистер басып алды. Өндіріс орындары шоғырланған ірі қалалардың жау қолына өтуі сол кезеңдегі көптеген қытай саясаткерлері арасында «Кеңес Одағының санаулы-ақ күні қалды», деген пікір қалыптасты. Солай ойлағандардың бірі Шыңжаң провинциясының губернаторы Шэн Шицай болды. Ол осы кезден бастап бізбен қарым-қатынасты азайта бастады. Провинция губернаторы Кеңес үкіметінен теріс айналу саясатын жүргізіп, орталықтағы Гоминьдан үкіметімен арасын неғұрлым жақындатуға тырысты. Осылайша, 1942 жылдың екінші жартысында губернатор Шыңжаңдағы кеңестік мекемелерге, Кеңес азаматтарына қарсы қатыгез террор ұйымдастырып, аяусыз қудалай бастады. Қырқыншы жылдардың басында Шыңжаңдағы Үрімші, Құлжа, Қашқар, Шәуешек, Шара-Сумэ, Хотан қалаларында кеңестік консулдықтар жұмыс істеп тұрған. Бұлардың бәрі қысқартылатын болды. Шэн Шицайдың Кеңес үкіметіне қойған талабы бойынша, Шыңжаңда қызметте жүрген, бізден барған оқытушылар, кеңесшілер, медицина қызметкерлері, техникалық мамандар кері шақыртылып алынды. Шыңжаңда тұрған Қызыл Армия бөлімі де кері қайтарылды. Ал, 1943 жылдың көктемінде кеңестік үкімет Шыңжаңдағы өндірістік кәсіпорындарды да эвакуациялап, Қытайдағы барлық мамандарын кері шақыртуға мәжбүр болды. Осыған байланысты, Кеңес Одағының құзырлы органдары жергілікті биліктің жаугерлік-арандатушылық саясатына қарсы бірқатар шаралар қолдану туралы шешім қабылдады. Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктік) партияның Орталық Комитеті (ЦК ВКП (б)) 1943 жылдың 4 мамырында Шыңжаң провинциясындағы хань емес тұрғындар: ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар және моңғолдардың ұлт-азаттық қозғалысына жан-жақты көмек көрсету туралы қаулы шығарды. Осы қаулыға сәйкес, Қаз КСР мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариатының (НКГБ) Бірінші барлау бөлімі «КСРО мұсылмандары орталық діни басқармасына және дүниежүзі мұсылмандарына үндеу» парақтарын 5 мың данаға көбейтіп, қысқа мерзімнің ішінде өте тиімді операцияны ұйымдастырып жіберді. 1943-1945 жылдары Ұлттық мәртебе тобы мен Алтай көтерілісшілері атынан Қытайға қарсы үндеулердің 16 варианты дайындалды. Оларда провинцияның тұрғындарын «..қытай колонизаторларына қарсы жаппай қарулы көтеріліске шығу және жаңа демократиялық үкімет құруға» шақыру жазылған. Кеңестік үгіт-насихат жұмыстары ұйғыр тіліндегі «Шығыс шындығы» және қазақ тіліндегі «Іле қазағы» атты журналдар арқылы таралды. Бұл нағыз «бомба» болды. Барлау қызметкерлерімен атқарылған жұмыстар бұған дейін де қытайға қарсы болып отырған мұсылмандарға қатты әсер етті, сөйтіп аз уақыттың ішінде қарулы көтеріліс бұрқ ете қалды. Бұл туралы сәл кейінірек айтылады.
Гоминьдандық қытай жағымен арадағы саяси жағдай шиеленіскен осы тұста КСРО басшылары саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты арнайы дайындалған орталықтың және Қазақстан мен Орта Азиядағы мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің офицерлерінен құрылған астыртын жұмыс істейтін агентуралық желіні Шыңжаңға енгізу керек деген шешімге келеді. Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанның сыртқы барлау қызметі Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі кішігірім бөлімнен ғана тұрды. Бөлім бастығы іріктеп алған бірнеше кандидатураның ішінде Алматы облыстық ішкі істер халық комиссариаты басқармасының (НКВД) жедел уәкілі Абдулла Тұрсынов та болды.
Әр істі тыңғылықты, байыпты орындайтын, орыс, қазақ, ұйғыр тілдерін жетік білетін, тапсырманы орындау барысында барлаушыға аса қажетті басқа да факторлар бойынан табылған Абдулла Тұрсынов сұрыптаудан мүдірмей өтіп, арнайы тапсырмамен Шыңжаңға баратын болды. Орталық осылай шешті. Жас офицер арнайы дайындықтан өтті, оның өмірбаяны толықтай өзгертіліп, ол үшін жеке басына «аңыз» құрастырылды. Сөйтіп, 1942 жылы «Қорғас» шекара бекеті арқылы Абдулла Тұрсынов «Ярцев» деген псевдониммен гоминьдандық Қытайға кіреді. Біраз уақыт адаптациядан өткеннен кейін «көпес-саудагер Ярцев» орталықтың тапсырмасын орындауға кіріседі.
Екінші дүниежүзілік соғыстың шарықтау шегіне жетіп, нағыз өршіп тұрған кезі. Оның үстіне, екі мемлекеттің арасындағы жағдай шиеленісіп тұрған шақта кеңестік барлаушыға жұмыс істеу оңайға түспегені белгілі. Дегенмен, «қызылдардың қас жауы, орыс көпесі» ретінде Ярцевтің Шыңжаңды еш кедергісіз, ерсілі-қарсылы аралап, сауда жасауға мүмкіндігі болды. Абдулла Тұрсыновтың архивте жатқан «жеке ісіндегі» жазуларға қарағанда, ол Шыңжаң мемлекеттік құрылымдарынан маңызды құжаттарды алып шыққан. Ақпараттарды алып, сараптама жасағаннан кейін барлаушы маңызды құпия құжаттарды Алматыға жіберіп отырған. Ярцевке бірнеше байланысшы жұмыс істеген және оған арнайы бекітілген радисі болған. Бірде, Ярцев-Абдулла Тұрсыновқа орталықтан: «сенің аумағыңда «агент-двойник» пайда болды, тез арада көзін жою керек» деген суыт хабар келеді. «Двойниктің» көзі қалай жойылғандығы туралы нақты деректер ешқайда көрсетілмейді. Бірақ, тапсырма сол күні-ақ орындалған. А.Тұрсыновтың төсіне тағылған орден, медальдерге қарағанда, «көпес Ярцевтің» істеген ерліктері көп болуы тиіс.
Көпестің кейпінде гоминьдандық қытайлармен жұмыс істеген кеңестік барлаушы екінші дүниежүзілік соғыс Ұлы жеңіспен аяқталып, бейбітшілік орнағаннан кейін елге бірақ оралады. Табаны күректей төрт жыл бойы басқа атпен бөтен елде жүрген барлаушының еңбегі елге келгеннен кейін жоғары бағаланды. 1942-1946 жылдары еліміздің мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін Абдулла Тұрсынов сол кездегі ең жоғарғы марапат – Ленин орденін кеудесіне тағады. Бұдан басқа да КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің және Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әртүрлі дәрежедегі 14 медальдарымен марапатталды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғынан жетпісінші жылдарының басына дейін Абдулла Тұрсынов Қаз КСР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші басқармасында қызмет істеді. Өзінің бай тәжірибесін жас қызметкерлерге үйретіп, ҚР ҰҚК академиясында (бұрынғы КСРО МҚК Жоғарғы курсы) жиі дәріс оқып жүрді.
Жалпы, сыртқы барлау қызметі мемлекеттің қауіпсіздігіне, тұтастығына негізделгенмен, оның қызметкерлерін халық көбіне біле бермейді. Бүркеншік атпен жұмыс істейтін олардың шынайы есімдері ұзақ құпия сақталып, артынан ғана белгілі болып жатады. Осыған орай айтылса керек, қауіпсіздік қызметіндегілердің арасында: «барлаушы бірінші болып ұрысқа кіреді, бірақ марапатқа ең соңынан ие болады» деген сөз бар. Халық олардың есімдерін білмеуі мүмкін, бірақ олардың істеген ерліктері ұмытылмауы тиіс. От пен оқтың, қауіп-қатердің ортасында жүріп, халқына қалтқысыз қызмет еткен батыр ағаларымыздың ерліктері кейінгі ұрпақты отанын сүюге шақырып, патриоттыққа тәрбиелейді. Төменде шет елде аса қауіпті де жауапты жұмыстарды атқарып, сыртқы барлау қызметінде ұмытылмас ізін қалдырған осындай жерлесіміздің бірі, КСРО барлаушысы Абдулла Тұрсынов туралы осы күнге дейін жұртшылыққа «жабық» болып келген құжаттар бірінші рет жарияланып отыр.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сыртқы Барлау қызметі барлаушыларының көзге көрінбейтін соғыстағы ерліктері, осылайша араға 50-70 жыл салып халқына белгілі болып жатады. 2013 жылдың мамыр айында Қазақстан «Сырбар» сыртқы барлау қызметі Ұлы Отан соғысы кезінде шет елде аса жауапты жұмыстарды атқарып, КСРО сыртқы барлау қызметінде ұмытылмас ізін қалдырған жерлесіміздің бірі, ерліктері үшін Ленин орденімен, ондаған медальдармен марапатталған, Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақстандық сыртқы барлаушы Абдулла Тұрсыновтың туғанына 100 жыл толған күнді атап өтті. Сол жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы Достастық елдері көлемінде кеңінен тойланады. Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен салтанатты шеруге сапқа тұрған соғыс ардагерлерінің қатарынан тылда еңбек еткендер де орын алды. Барлығына сый-сыяпат жасалды. Бірақ, сол кездерде шет елдерде, соғыс жағдайында екі оттың ортасында жүрген сыртқы барлау қызметіндегілердің есімдері мұндай кездерде аталмайды. Өйткені, құпия қызметтің заңы солай.
Қазақстандық барлау тарихында аттары алтын әріптермен жазылып қалған аға буын барлаушыларға құрмет көрсету, олардың істеген ерліктерін жастарға өнеге етуді Қазақстан Сыртқы барлау қызметі дәстүрге айналдырған. Бір кездерде шет елдерде астыртын барлау жұмыстарын атқарған марқұм Тоқтажан Садықовтың, Мүнажидин Баратовтың тоқсан жылдық мерейтойлары, Ахметжан Қасымның 100 жылдығы, КСРО заманында Мәскеу бағалаған, қазақстандық беделді барлаушылардың бірі Абдулла Тұрсыновтың 100 жылдық мерейтойы барлаушылар арасында кеңінен аталып өтті.

* * *
Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында Кеңес Армиясы мықты қаруланған, толықтай техникаландырылған вермахт әскерлерінің тегеурініне төтеп бере алмай, шегінуіне тура келді. Қызыл Армияның әлсіз жағдайын байқаған көрші елдердің кейбір саясаткерлері «Германияның күші басым, КСРО-ның күйрейтін күні алыс емес» деген болжамдар жасады. Енді, бұлар жеңіліс табатын елмен араны ашып, жеңімпаз мемлекетке қарай бейімделуді ойластыра бастады. Фашист әскерлері Сталинград түбіне келіп, құрсауға алғанда, «Қызыл армияның саудасы бітті» деген болуы керек, Шыңжаң өлкесін басқарып отырған Шэн Шицай Кеңес Одағына қатысты саясатты күрт өзгертті. Оның бұйрығымен провинцияның билік органдары КСРО азаматтарын «жаппай қамауға аламыз» деп қоқан-лоқы жасап паспорттарын полицияға тапсыруды және қытай азаматтығын алуды талап етті. Шыңжаңдағы жергілікті көпестер мен алыпсатар-коммерсанттар Кеңес кәсіпорындарымен сауда жасайтын болса, мүлкі тәркіленетін болды, ал, КСРО-ға жанашыр көзқараспен қараған адамдар қатал репрессияға ұшырады. Осы кездерде Кеңес Одағының дипломаттары мен сауда қызметіндегілерге қарсы арандатушылық акциялар ұйымдастырылды. Қысқасы губернатор Шэн Шицай КСРО-дан теріс айналып, іргесін аулақтай бастады. Осыдан кейін, екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды үзуге тура келді. Сол жылы мамыр айында Алматыда Қытайда жасырын барлау жұмыстарын орындайтын кадрларды дайындайтын арнаулы қызметтің мектебі ашылды. Онда коммунист жастардың арасынан таңдап, барлық жағынан тексеруден өткен сенімді жігіттер оқыды. Чекистер арнаулы мектебінің алғашқы түлектері 1943 жылдың қыркүйегінде бітіріп, тапсырманы орындауға дайын болды. Арнайы дайындықтан өткен 28 курсант барлаушы Мәскеудің тапсырмасымен Моңғолия және Кеңес-Қытай шекарасы арқылы Шыңжаң жеріне астыртын өткізілді. Олар шекарадан өтісімен Шыңжаңдағы «Совсиньторг» делдалдық пункттеріне жұмысқа кіріп, сондағы қызметкерлердің арасына еш қиындықсыз сіңіп кетті. Бұлар өте сақ, бірақ, жіті қимылдап, жергілікті тұрғындар мен Ұлт азаттық тобының басшылығын өз жағына тарта бастады.
Шекарадағы учаскелердің бірінде белсенді жұмыс істеген Алматыдағы арнаулы мектептің түлегі Арысбек Зәуірбеков 1944 жылдың жазында жергілікті тұрғындардың арасында көтеріліске шақыратын әдебиеттерді таратып, үгіт-насихат жүргізетін 250 қазақ, ұйғыр, моңғолдардан тұратын топ құрды. Арнаулы мектепте диверсиялық жұмыстар бойынша дайындықтан өткен екінші лектің Мүслімов (бүркеншік есімі «Ғазиз») басқарған курсанттар тобы 1944 жылдың тамызында Шыңжаңның Іле аймағында арнайы тапсырманы орындау үшін шекарадан жасырын өткізілді. Мұнда олар көтерілісшілер топтарын басқарды. «Ғазиздың» жинаған көтерілісшілері сол кездерде Шыңжаңда «Кольцо» деген лақап атпен танымал болған орыс иммигранты Александровтың қарулы тобымен бірігіп, үлкен күшке айналды. 1944 жылы қарашада бұлар Құлжа қаласын басып алып, оның айналасындағы елді мекендерге өз ықпалын жүргізе бастады. Артынша көтерілісшілер өздерінің әскери құрылымдарын жасақтап, Шыңжаң билігіне қарсы қарулы операциялар ұйымдастырды. Провинцияның басқа аймақтарында да осындай ұлт-азаттық қозғалыстар бой көрсете бастады. Олардың басты идеялары, мақсаттары – Шыңжаң өлкесінде Шығыс Түркістан мемлекетін құру еді.
1943 жылдың мамыр айында Алматыда Қытай аумағындағы астыртын жұмыстарға пайдаланылатын кадрларды дайындайтын арнайы мектеп ашылды. 1943 жылдың қыркүйегінде 28 курсант-барлаушы Моңғолия арқылы Шыңжаң шекарасынан өткізілді. Ол жақта бұлар «Совсиньторг» мекемесін бүркемелеп жергілікті азаматтарды және Ұлттық жаңару тобының басшыларын бері тартумен айналысты. КСРО және Қаз КСР НКГБ оперативтік жоспарлары бойынша 1944 жылдың мамыр-маусым айларында комсомолдар мен коммунистер қатарынан «Байланысшылар» деген атты әскерлер жасағы құрылды. Құрамында 115 атты жауынгері бар отрядты майор Дүйсембеков басқарды. Арнаулы мектепте біржылдық дайындықтан өткен отряд 1945 жылдың жазында астыртын Шыңжаң өлкесіне өтті. «Байланысшылар» 1946 жылдың шілдесіне дейін гоминьданшыларға қарсы жауынгерлік операцияларға қатысты. Барлаушылардың сәтті атқарған операциялары Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында Шығыс Түркістан республикасының жеке құрылуына қолайлы жағдайлар жасады. Сонымен қатар, Қаз КСР мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің Бірінші бөлімі аталған аймақтарда ресми (легалды) резидентура және үкімет органдарындағы, діни қайраткерлер мен ұлттық игі жақсылар, сондай-ақ орыс иммиграциясы өкілдері арасындағы агентуралық желілерді белсендіру арқылы барлау жұмыстарын күрт күшейтті. Қазақ барлаушылары Кеңес шетелдік мекемелерінің қызметімен бүркемеленіп, сырттан агенттерді тартты, солар арқылы құнды құпия ақпараттар алды. Бұл шараларға белсенді атсалысқандардың ішінде Әубәкір Арыстанбеков, Петр Евсеев, Әли Мұхамедшин, Ахмет Әбузаров, Григорий Марченко, Қажы Авасбақиев, Әмин Әмірбаев, Иван Иванов, Иван Кузнецовтардың аты ерекше аталады. Осы тұста оқырманды екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Кеңес Одағының сыртқы саясатынан хабардар ете кету керек шығар. Фашистік Германия жеңіліс тапқаннан кейін, КСРО Қиыр Шығысқа, сондай-ақ Қытайға қызығушылық танытты. 1945 жылы Квантун армиясын талқандағаннан кейін, жапондықтар басып алған Солтүстік-Шығыс Қытай азаттық алды. Қытайда осы кезде Мао Цзэдун бастаған коммунистер мен Чан Кайши басшылық жасаған гоминьданшылардың арасындағы кикілжің шарықтау шегіне жетіп, елде азамат соғысы басталды. Қытайдағы 1945-1949 жылдарда лап ете түскен азаматтық соғыс шын мәнінде өз жақтастарын саяси, әскери және экономикалық жағынан көтермелеп, қолтығына су бүріккен АҚШ пен КСРО-ның арасындағы әскери қақтығыс болды. Кеңес Одағы Мао Цзэдунды, АҚШ Чан Кайшиді жақтады. Қытай коммунистерінің жеңуі осы аймақтағы КСРО-ның ықпалын күшейтті. Ал, АҚШ болса, гоминьдандық Қытаймен қоса өзінің ең мықты одақтасын жоғалтты. 1949 жылдың 1 қазанында Қытай Халық Республикасы деген социалистік жүйедегі мемлекет пайда болып, 1950 жылдың ақпанында КСРО онымен одақтық, достастық және өзара көмек көрсету жөніндегі келісімге қол қойды. Коммунистердің Қытайдағы жеңісі Азия құрлығындағы халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарына дем берді. Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және оңтүстік Азиядағы елдердің көпшілігі социализмге өтуге бет бұрды. Қытайдан басқа бұл жолды Солтүстік Корея мен Солтүстік Вьетнам таңдады.

* * *
Кеңес Одағынан қалған сыртқы барлау тарландарының соңғы тұяқтарының бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше шетелдерде құпия тапсырмаларды орындаған «нелегал барлаушы», Ұлттық қауіпсіздік қызметінің отставкадағы полковнигі Мұқажидин Баратов тоқсанға қараған шағында, 2014 жылдың ақпан айында өмірден озды. Өзінің өнегелі ғұмырында Мұқажидин Дарынұлы небір қиын-қыстау заманды бастан өткерді. Ұлы Отан соғысының нағыз қызған шағында қан майданның ортасында жүріп, Сталинград сұрапылынан аман шықты. Соғыстан кейінгі өмірін ол мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне арнады. Мәскеудің арнайы тапсырмаларымен Сауд Арабиясы, Пәкістан, Қытай сияқты елдерде дипломатиялық қызметтерді атқарды. Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерліктері үшін және шетелдерде атқарған мемлекеттік маңызды жұмыстары үшін Мұқажидин Баратов КСРО-ның «Маршал Жуков медалі» бастаған 17 медалімен, «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев берген ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен наградталған. Алған бұл марапаттардың барлығы да оның кеудесіне жоғарыдағы лауазымды тұлғалардың қолымен қадалған. Қауіпсіздік қызметінің ең жоғары атағы «КСРО мемлекеттік қауіпсіздігінің құрметті қызметкері» деген белгіні де оның кеудесіне Мәскеу тақты. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көру, қан майданда бірге болған көзі тірі қаруластарымен қауышып, қуаныш пен қайғысы қатар осы бір айтулы мерекені атап өту Мұқажидин Баратов арманы еді. Қария бұл күнге жете алмады. Қаңтардың соңғы күні көз жұмды. Ұлы Отан соғысының, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің құрметті ардагерін туған-туыстары, жора-жолдас, қызметтес бауырлары арулап, соңғы сапарға шығарып салды.
Мұқажидин Баратов Алматы облысы Шелек ауылында туып-өсті. Мектепті бітірген соң, Ташкентке барып, оқуға түспек ойы болды. Алайда, соғыс оның жоспарын бір сәтте өзгертті. Ол 18-ге толған жылы Алматыда екі жылдық әскери-жаяу әскер училищесі ашылды. Бұл 1942 жылдың басы еді. Кеңес Одағы шегініп, фашистердің алға ентелеп келе жатқан кезі. Мұқажидин Баратов осы әскери училищенің бір курсын бітірген соң, әскери комиссариаттың шешімімен бір топ курсантты майданға әкетті. Бұл кезде алғы шептерде соғысатын адам жетіспей, елдегі 18 бен 45 жас аралығындағы ер-азаматтардың барлығын майданға алып жатқан болатын. Бұларды да аяқ астынан жинап алған командирлері әскери атақ беруге де мұрашалары келмей: «кіші лейтенант шенін бірінші шайқастан кейін аласыңдар, егер аман қалсаңдар…» деп бір топ курсантты Сталинград майданына аттандырды. Содан бұлар қан майданның нағыз қызған ортасынан бір-ақ шықты.
Соғысты көргендер Сталинград шайқасының қандай қасірет әкелгенін біледі. Шашылған сүйек, адамның өлі денелері, темір-терсек, аман қалғандардың қанды көз жасы… бәрі араласып мипалау болған аласапыраннан Мұқажидин Баратов тірі шықты. Әрі қарай ол Украина майданының 168-атқыштар полкінде бөлімше командирі болып соғысты жалғастырып кете берді. Лейтенант Баратов соғыстың ауыртпалығын бір адамдай көрді. Бірнеше рет жараланып госпитальде емделді. Бірінші рет 1943 жылдың қарашасында жараланып, Днеп­ропетровск облысындағы Бугаево поселкесінде госпитальде емделіп шыққаннан кейін, офицерлер курсына оқуға жіберілді. Одан кейін гвардиялық Сталинград армиясының құрамында тағы алғы шепке аттанды. Яссы-Кишинев бағытында шайқасқан 74-атқыштар дивизиясының 240-шы полкінде атқыштар взводының командирі болды. Кезекті шайқастардың бірінде сол аяғын оқ талқандаған Мұқажидин Баратов тағы госпитальге түсті. Жарасы жазылар-жазылмастан қайта майдан шебіне келді. Осылайша бір жығылып, бір тұрып жүріп І Украина майданының 74-дивизиясындағы 40-шы атқыштар полкінің құрамында ол Венгрияға дейін жетті.
1945 жылдың ақпаны. Жан алып, жан беріскен арпалыста Балатон көлінің жағасында орналасқан венгрдің ежелгі қаласы Секешфехерваром біздің қолға өтті. Осы қиян-кескі ұрыста Мұқажидин Дарынұлы қатты жарақат алды. Жұлдыздары жарқыраған түнгі түпсіз аспан ғана есінде, одан кейін санасын қара түнек басты. Есін госпитальде жинады. Жеңісті гопитальде жатып тойлады. Жұрттың қуанышында шек жоқ, біреулері билеп, екіншілері күліп, енді біреулері жылап жүрген халық. 1945 жылдың 26 мамырында ІІІ топтағы мүгедек болып госпитальден шыққан Баратов таяққа сүйеніп, ақсаңдап елге қайтты.
Соғыстан кейінгі жылдарда басшы кадрлар тапшы болды. Майданнан келген офицерге аудандық комсомол комитетінің хатшылық қызметін ұсынды. Мұнда біраз істеген соң, партия басшылығы оны ішкі істер органына жіберді. Бұл кезде оны дәрігерлер мүгедектер санатынан шығарған болатын. Ішкі істер халық комиссариатының Алматыдағы аймақаралық мектебін бітіргеннен кейін, Баратов Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасында жедел уәкілдің орынбасары қызметін, бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 1952 жылдың мамырында Мұқажидин Баратов Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне ауыстырылып, Мәскеудегі арнайы мектепке оқуға жіберілді. Барлау мектебінде ол жан-жақты кәсіби дайындықтан өтіп, қажетті мамандықтарды игерді, араб тілін меңгерді. Мәскеуден елге оралған чекист Баратов көп ұзамай, алыс шетелдік іссапарға аттанатынын білді. Бұл кезде барлаушы-чекистің зайыбы тұңғыш балаларына жүкті болатын. Мамандығы дәрігер-педиатр Софья Мәжитқызы ешқашан ерінен жұмысы жайлы сұраған емес, өйткені, жауап біреу ғана: «Солай болуы керек!». Сонымен әңгіме бітеді. Барлаушының әйелдері артық ештеңе айтпай, аузына ие болуы заңды нәрсе. Олар күйеулерінің не істеп жүргенін білмесе де, аса маңызды тапсырмаларды орындап жүргенін іштей сезіп, толықтай сенім білдіретіні де сондықтан. Софья Мәжитқызы да осындай жандардың бірі болатын. Әрі қарай барлаушы Мұқажидин Баратовтың өмірі басқа аты-жөнмен, арнайы жасалған «өмірбаян-аңызбен» Мәскеудегі Орталық жасаған сценарий бойынша жүре бастады. Орталықтың тапсырмасы бойынша, КСРО барлаушысы Сауд Арабиясына баруы керек болды. Ол жақта белгілі бір байланыстар орнатып, ол жақтан Пәкістанға жету және одан әрі атқарылатын жұмыстардың соңғы деңгейіне дейін жету еді.
Барлаушылардың өмірі туралы баяндау оңай емес, ал, олардың істеген жұмыстары жайлы жазу, тіпті, қиын. Бұл адамдар әлдебір құпиялылық пен тұңғиық тылсым шымылдығымен тұмшаланған сияқты болып тұрады. Сондықтан, болар, бұл тақырып өте ұзақ жылдар бойы жабық болып келді. Қазір ескікөз барлаушылар қызмет еткен Кеңес Одағы деген мемлекет әлемнің саяси картасында жоқ. Сондықтан, кейбір «нелегал» барлаушылардың мемлекетке сіңірген еңбектері аздап ашылып, жарық көріп жатыр. Әрине, кейбір кинофильмдер мен басылымдардан жұмбақ барлаушылар туралы біліп жүрміз. Бірақ, бұл ережеге сай келмейді, ондағы кейіпкерлердің аты-жөндері немесе оқиға орындары қашан да өзгертіліп алынады. Ал, қазіргі әңгімеге арқау болып отырған ақсақалымыз, полковник Мұқажидин Баратовтың КСРО барлаушысы екенін, оның қай елдерде жұмыс істегенін ол қайтыс болғаннан кейін де білмейтін адамдар бар. Конспирацияның басты шарттары дегеніміз – осы.
«Нелегал» болып тумайды, қалыптасады. Кейбір кезде барлау қызметіне – жеке басының қасиеттері, іскерлік сапасы, өмірлік тәжірибесі орындалатын тапсырмаға, тапсырма орындалатын жақтағы барлық жағдайға, барлық жағынан сай келетін нақты адам қажет болады. Осындай талаптарға сай болғандықтан, таңдау Баратовқа түскен сияқты. Оның соғыс тамұғындағы көргендері, бастан кешкен жан, тән ауыртпалықтары, өмірден жиған тәжірибесі Отан алдындағы маңызды тапсырмаларды орындап шығуда үлкен тірек, көмек болғаны сөзсіз. Ол тапсырмаларды Орталық берген құпия тапсырмаларды толығымен орындап, елге абыроймен оралды. Елге сіңірген ерен еңбектері үшін Мұқажидин Баратов 4 орденмен, 17 медальмен марапатталды.
Мұқажидин ақсақалдың артында атасының өмірін, игі істерін жалғастыратын ұлы, немере, шөберелері қалды. Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің құрметті ардагері, даңқты барлаушы Мұқажидин Баратов тоқсан жасқа сәл жетпей дүние салды.

* * *
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, бұрынғы Антанта одағы екіге жарылып, «қырғи-қабақ соғыс» деген жаңа ұғым пайда болды. Сол жылдарда мемлекеттік шекараның арғы бетінде қазақстандық барлаушылар еліміздің қауіпсіздігі бойынша күрделі операцияларды ұйымдастырып, лыпылдаған ұстараның жүзінде жүргендей болды. Солардың бірі Әбдіғани Байғаринның есімі кеңестік барлау қызметінің тарихына ертеректе жазылған. Қазақстан сыртқы барлауының қалыптасуы да оның есімімен тығыз байланысты. Қызмет сатысы бойынша, Әбдіғани Байғарин Қазақ ССР МҚК Бірінші басқармасы бастығына дейін жетіп, полковник әскери шенін алған. Оны барлау қызметінің алғашқы басшыларының бірі. Әбдіғани Ахметқалиұлы мемлекеттік қауіпсіздік органдарында 40 жылдан астам, ал, оның 21 жылын сыртқы барлау бағыты бойынша қызмет атқарды. Ол ҚазКСР МҚК барлау қызметінің аяққа тұруына орасан зор жеке үлесін қосып, тікелей осы бағытты 15 жыл басқарды. 1960-1961 жылдары ҚХР-да вице-консул, одан кейін 1979-1982 жылдары КСРО МҚК өкілінің орынбасары ретінде Монғолияда табысты жұмыс істеді. Көрнекті барлаушы, қазақ халқының даңқты ұлы Әбдіғани Ахметқалиұлы Байғарин туралы Қазақстан Республикасы сыртқы барлау қызметінің ардагерлері жазған естеліктер негізінде «Память сердца» атты кітап жарыққа шықты. Ресей Сыртқы барлау қызметінің отставкадағы генерал-лейтенанты Болатбек Қошқарбекұлы Жетпісбаев «Память сердца» кітабындағы Әбдіғани Байғарин туралы естелігінде ол кісінің еңбегіне, адамгершілігіне былай деп баға береді:
«Біздің танысуымыз 1966 жылдың наурыз айында болды. Ф.Э.Дзержинский атындағы КСРО МК жанындағы МҚК Жоғары мектебінің түлегі ретінде сол кезде Ә.Байғарин басқарған Алматы қаласындағы ҚазССР МК жанындағы МҚК 1-ші бөліміне жолдама бойынша келген едім. Мен бұл адаммен өшпейтін әсер қалдырған алғашқы сұхбатымды әлі күнге дейін жадымда сақтап келемін. Ол мені өте ізгі ниетпен қабылдап, әңгімесін қызықты рухта жүргізді. Сол кезде жас қызметкермен жүргізген сұхбат барысында оның әкелік мейірімін байқадым. Ә.Байғарин іскерлік, ауызбіршілік пен бір-біріне көмекке дайын принципті ұстанатын ұжымы жөнінде оң баға берді. Менің ұзақ мерзімді іссапарға шыққанға, яғни, 1969 жылдың қаңтар айына дейін 1-ші бөлімдегі қызметім Әбдіғани Байғаринның ұжым туралы айтқан сипаттамасының шындығын толығымен растады. Аталған бөлімге келген уақыттан бері әріптестерімнің назары мен жылы ықыластарын байқадым, әр күн сайын олардың практикалық көмектерін және қандай да болмасын жұмыс пен тұрмыстық сұрақтар бойынша қолдауларын сездім. Бөлім қызметі мен оның нақты нәтижелері Мәскеудегі басшылықтың жоғары бағасын алды. Әрі қарай 1-ші бөлім ҚазССР МҚК Бірінші басқармасына өтіп, оны да Ә.Байғарин жемісті басқарды. Бүгінгі Қазақстан барлауының табысты қызметі мен құрылуындағы Ә.Байғаринның қосқан үлесі мен рөліне баға беру мен үшін қиын. Менің ойымша, Ә.Байғарин кәсіби барлаушы және білікті басшы ретінде, сондай-ақ оның адамдарға бағытталған нағыз мейірімді қатынасы мен Отанға деген шексіз махаббаты Қазақстан, ҰҚК және «Сырбар» тарихында үлкен орын алады. Қазақстанның барлаушылар ұрпағы республикадағы сыртқы барлау қызметінің құрылуының басында тұрған Әбдіғани Ахметқалиұлы Байғаринды мәңгі естерінде сақтайды және әрқашан үлгі тұтады».
Сол кездерде Иран Ислам Республикасының Шахиншах Риза Пехлеви өзінің КСРО-ға қатысты достық қатынасын күрт өзгертіп, АҚШ-қа қарай бет бұрған. Нәтижесінде КСРО-мен басқа социалистік лагерь елдеріне «бүйректері бұратын» барлық ұйымдар астыртын жұмыс режиміне көшкен болатын. Ирандағы осындай ішкі саяси ахуалдың соңы (жүргізілген репрессиялар нәтижелері) айтарлықтай агентуралық желілердің жоғалуына, ал, аман қалғандары біздің барлаумен байланыстардың үзілуіне әкеп соқтырды. Алайда, өткен ғасырдың 60-шы жылдары Шахиншах КСРО-ға бағытталған саясатын жұмсартуға және достық қатынастар мен іскерлік байланыстарын қайтадан орнатуға мәжбүр болды. Осындай қадамдардың бірі Тегеранда ұйымдастырылған Халықаралық өндіріс көрмесі болды. Ирандағы саяси ахуалды және Тегеранда өткізілген шараны барлау қызметі ұтымды пайдаланды.
Ә.Байғарин арнайы барлау тапсырмасын орындау үшін Иранға іссапармен барды. Сол кезде Алматы ауыр машина жасау зауытының кейбір экспонаттары орын алған Тегеран қаласында Халықаралық машина жасау көрмесі ұйымдастырылған болатын. Басқа жұмыскерлер ішінде ААМЗ жабдықтарына қызмет көрсететін техник ретінде Әбдіғани Ахметқалиұлы да арнайы тапсырмамен Иранға баратын болды. Ол осы мақсатта сандық басқару станоктармен жұмыс үшін арнайы курстан өтті. Көзге түсе бермейтін қарапайым техник ретінде шет елге барған Ә.Байғарин астыртын негізде агентуралық желімен жұмысты ұйымдастыра білді. Арнайы тапсырмамен барған Ә.Байғарин өзінің барлық арсеналын, бұрынғы шетелдегі барлау тәжірибесін пайдалана отырып, ертеректе агентуралық қатынаста болып, репрессиядан аман қалғандармен байланыс орнатты. Ирандағы агентуралық желімен жұмысты жаңғыртты. Бұл тек қана Ә.Байғаринның ғана емес, мемлекет үшін де нағыз барлау табысы болды. Осы еңбегі үшін ол жауынгерлік орденмен марапатталды. Әбдіғани Байғаринның бұдан басқа да «өте құпия» деген грифпен ұзақ жылдар архивте сақталған еңбектері бар. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары барлау бағыты бойынша Ә.Байғарин тарапынан кеңес-қытай шекарасындағы ахуалдың ушығуына байланысты ақпарат алынып, аталған материал Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа баяндалуының арқасында КСРО мен ҚХР арасындағы ірі масштабтағы қақтығыстың алдын алды.
1961 жылы ол вице-консул ретінде Шыңжаңға жіберілді. Әрине, дипломатиялық қызмет Әбдіғани Ахметқалиұлының шынайы қызметін бүркемелеу үшін қажет болды. Зайыбы Татьяна кіші ұлымен бірге еріп барды. Үлкен балалары Бекболат пен Марат әжелерінің қолында қалды. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында осы кездерде үлкен толқулар болады деп күтілген болатын. Шекарадағы қарулы қақтығыстар жиі қайталанатын болды. Даманскінің жаңғырығы әлі басылмаған, алдыда әлі Жалаңашкөл оқиғасы болатын кез. Екі ірі держава – КСРО мен Қытай ядролық соғыстың табалдырығында тұрды… Қытай шекарасына тым жақын орналасқан Алматы халқы, шұғыл түрде жертөлелерден бомбадан қорғану орындарын жасап жатқан әскерилердің қарбаластарына аса мән бере қойған жоқ, күнделікті күйбең тіршіліктерін жасап, алаңсыз тыныш өмір сүріп жатты. Бұл кезде жүздеген шақырым жерде ғана тұрған шекараға Қытайдан босқан халық келіп тіреліп тұрған. Құдай сақтап, бомба жарылған жоқ. Қытайдан келген соң Әбдіғани Байғарин бейбіт кезде жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.
«…Оның басшылық талантының, өзінің ұстанымдары мен көзқарастарын әр түрлі сатыларда қорғай білуінің арқасында қазақстандық қауіпсіздік қызметінің бірінші желісі жұмысында нақты перспективалар ашылды, көп ұзамай, КСРО МҚК Бірінші бас басқармасының аумақтық құрылымдар жүйесіндегі ірі барлау орталығына айналды. Ол басқарып тұрғанда, барлау басқармасының беделі әрдайым жоғары болды. Байғаринның пікірімен әрқашан санасты, оның барлық ұсыныстары мұқият зерттелді, әдетте, олар бойынша оң шешімдер қабылданды…» – деп Қазақ КСР МҚК-нің және Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің құрметті ардагері генерал-майор Жүкен Марденов есіне алады.
Генерал Жүкен Марденовтың айтуынша, Байғарин қызметтік сатымен оп-оңай көтеріле салған жоқ, оның өмір жолында біраз қиындықтар да болған. Сексенінші жылдардың басында Мәскеудегі орталық оны белгісіз себептермен Бірінші басқарма бастығы қызметінен босатып, Моңғолияға жіберген. Орталықтағылардың көпшілігі бұған қарсы болған екен, оны басшылық қызметтен алып, алысқа жіберуге бәлендей себеп те болмаған. Әбдіғани Байғарин кеткеннен кейін, қазақстандық барлау қызметінде жылдар бойы тірнектеп жинаған тәжірибе біртіндеп көмескілене бастаған. Алайда, Байғаринның қызметі уақытша төмендегенімен, қызметкерлер арасындағы абыройын жоғалтқан жоқ.
– Ол барлау жұмысын өте қиын саналатын оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыттар бойынша ұйымдастырды. Оның ерен еңбектері бірнеше үкіметтік наградалармен еленді… Оны жұмысты өте жақсы ұйымдастыра білу қабілеті, ақкөңіл, тазалығы, адамгершілігі, сыпайылығы және адалдық қасиеттері үшін көпшілік сыйлап, бағалады. Біз Әбекені, оны құрметтеп осылай атайтын едік, оны әлі күнге дейін еске аламыз. Ол, тіпті отставкада болғанда, елдің істеріне қатысы барлығын көрсетіп, жауапкершілік сезімін жоғалтқан емес, бізбен үнемі байланыс жасап, жас қызметкерлер алдында өзінің бай практикалық жұмыс тәжірибесімен, білімімен бөлісті, – деп жазады өзінің естелігінде «Барлау» қызметінің бұрынғы басшысы генерал-майор Өміртай Бітімов.
Әбдіғани Байғарин 2000 жылы 20 қарашада 73 жасында қайтыс болды. Әбдіғани Ахметқалиұлы өзінің ішкі эмоциясын жұмыс барысында сездіре бермегенмен, көптеген нәрселердің жүрегін сыздатқаны белгілі. Ауыр инсульт алып, өмірден ерте кетуіне де себеп болған осындай соққылар болуы керек. 2000 жылы 12 тамызда Баренц теңізінде Ресей Федерациясының «Курск» атом сүңгуір қайығы апатқа ұшырап, теңіз түбінде қалды. Бұл оқыс оқиға Байғаринның отбасына үлкен трагедия әкелді. Опат болған сүңгуір қайық экипажының құрамында Әбдіғани Ахметқалиұлының немере бауыры 3-ші дәрежелі капитан М.Байғарин болды.
Ресейдің Солтүстік флотындағы 7-ші дивизиясына қарасты электромеханикалық қызметтің бұрынғы бастығы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 1-ші дәрежелі капитан Виктор Бурсук өзінің естелігінде былай деп жазады: «М. Байғарин «Курскіде» стапельден түскен кезден бастап болды. Жоғары білікті кәсіби маман. Мінезі педант, барлық нұсқаулықты нақты дәлдікпен орындады, сондықтан апатқа БЧ-3 кінәлі емес екендігіне сенімдімін. Ол теңізге аға лейтенант Иванов-Павловқа көмек көрсетіп, демеу үшін шықты, өйткені ол өзі торпеда атудан үнемі «өте жақсы» деген баға алатын. 3-ші дәрежелі капитан М.Байғарин сол жолы «Курскіде» болмауы керек еді, ол 2000 жылдың жазында әскери-теңіз академиясына оқуға түсіп, керек құжаттарын жинап, отбасын Питерге алып кету үшін Видяевоға келген. «Курск» теңізде үш күн ғана жүретін болған. Ондағы міндеті тек торпеда ату ғана болды. Тәжірибелі торпедист М.Байғарин қолбасшылықтың сөзін жерге тастай алмады, теңізге шығып кетті».
Бұл оқиғаға Әбдіғани Ахметқалиұлы қатты қайғырды, осы жағдайдан кейін арада үш ай өткенде өмірден озды.

* * *
Қазақ барлаушыларының алдыңғы легінде жүрген, еліміздегі барлау қызметін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан даңқты барлаушылардың бірі Қабдолла Байжанұлы Байжанов. КСРО тұсында, қазақ барлаушыларының ішінен алғашқылардың бірі болып шет елге ұзақ мерзімдік іссапарға шыққан осы кісі болды. Қабдолла Байжанов, 1922 жылы 13 мамырда Қостанай облысы Жетіқара ауданында дүниеге келген. 1941 жылы орта мектепті мақтау қағазымен бітіргеннен кейін, Қарағанды қаласына қоныс аударған Мәскеу тау-кен институтының электромеханика факультетіне оқуға түседі. 1942 жылы студент болып жүрген Байжанов Алматы қаласындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариатының (МҚХК) аймақаралық мектебіне оқуға жіберіледі. Ол бұл оқу орнын мерзімінен бұрын аяқтап, мемлекеттік қауіпсіздік органдарында табаны күректей 45 жыл қызмет атқарды. Жоғары кәсібилік, ұйымдастырушылық қабілет, сараптамалық ой, өзіне және қарамағындағыларға талап қоя білу қасиеттерінің арқасында Қ.Байжанов қызмет сатысымен тез өсті, Қазақстан МҚК жүйесінде бірқатар жауапты лауазымдарды атқарды.
Ол алдымен Қарағанды облыстық басқармада жедел қызметте болды. 1947 жылдан бастап республикалық аппаратқа ауыстырылды. Бұл бөлімде жұмыс істеген уақыттарында Қ.Байжанов өзін сауатты, мақсатқа ұмтылғыш, ынталы офицер ретінде көрсете отырып, барлау және қарсы барлау бағыттары бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізді. Жұмыс тәжірибесі мен жеке және іскерлік қасиеттерін ескере отырып, Орталық аппарат Қ.Байжановты 1951 жылы ұзақ мерзімдік іссапарға жібереді. Бұл сапар барысында Қабдолла Байжанұлы өзіне жүктелген арнайы тапсырмаларды табысты жүзеге асырып, елге абыроймен оралды.
1955 жылы ұзақ мерзімдік шетелдік іссапардан оралған соң, Қазақ КСР МҚК аппаратында бірнеше жыл басшы лауазымдарында болды, ал 1961-1965 жылдары Ақтөбе облысы бойынша МҚК басқармасының бастығы және Батыс Қазақстан аймағы бойынша МҚК басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Аймақ жабылғаннан кейін, жаңадан құрылған Қазақ КСР МҚК Бірінші басқармасына (барлау) ауысып, жиырма жылдай бөлім бастығы және басқарма бастығының орынбасары лауазымдарында жемісті жұмыс істеді. Осы жылдарда ол Қазақстан МҚК барлау қызметінің қалыптасуына сүбелі үлес қосты. Ғылыми-техникалық барлау бағытын тікелей өзі жүргізді және Қазақстан аумағынан сыртқы барлау жұмысын ұйымдастырады. Қабдолла Байжанов Қазақстан барлау кадрларын тәрбиелеу жұмысына белсене араласты. Қ.Байжановтың көптеген шәкірттері тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жылдарында еліміздің кәсіби-барлаушыларының негізін құрады.
Қабдолла Байжанов мінсіз әскери қызметі және жедел тапсырмаларды табысты атқарғаны үшін Қызыл Жұлдыз ордені, он бес медаль, «Мемлекеттік қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері» төс белгісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасы және басқа көптеген мекемелік марапаттармен марапатталды. 47 жыл отасқан зайыбы Деляфруз Ақметқалиқызымен бірге үш баланы тәрбиелеп жеткізді.

* * *
Көріп отырғанымыздай, кеңестік кезеңде мемлекеттік қауіпсіздік жүйесі айтарлықтай ұйымдастырушылық-құрылымдық қайта құрулармен ерекшеленген. Осы тұрғыда И.Сталин 1951 жылдың қазанында «Чекистің алдында тек екі жол ғана бар – басшы қызметке жоғарылау немесе түрмеге қамалу» деп бір сөзінде айтқандай, шынымен 1930-1940 жылдардағы қуғын-сүргін толқыны қауіпсіздік органдарын да айналып өтпегені байқалады. Әсіресе, бұл жаппай қуғын-сүргін жылдары орын алған басшыларды қамауға алу және ату жазасына ұшыратумен ерекшеленген «ішкі тазартулардан» анық көрінді. Қауіпсіздік органдарының басшылық құрамы әр кездері түбегейлі өзгерістерге ұшырап отырды деуге болады. Мекеменің ел ішіндегі рөлі мен саяси беделі де әр тарихи кезеңдерде ауысып отырған.
Бүгінгі таңда тәуелсіздікке қол жетіп, тарихқа деген көзқарас өзгерді. Қазақстандық ұлттық қауіпсіздік органдарының қазіргі қызметкерлері саяси қуғын-сүргін құрбандарының шектелген құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруді, жариялылық пен қоғаммен арадағы байланысты кеңейтуді өздерінің борышы деп санайды. Сонымен бірге, кеңестер мемлекетінің құрылған сәтінен бастап, қауіпсіздік органдарының көптеген қызметкерлері Қазақстан тарихының қаһарман парақтарының да жазылуына арқау болғанын атап өткен жөн. Ел үшін қатаң сындар кезінде чекистер тыңшылық, террорлық диверсия, зиянкестік, саботаж, үкіметке қарсы үгіт-насихат, секталық ұйымдарға қатыстылығы, мемлекеттік шекараны және валюталық операцияларды бұзу, жалған ақша жасау, контрабанда, мемлекеттік құпияны жариялау, құжаттарды жоғалту, пара алу, орын алған қылмыс жайлы біле тұра хабарламау, сонымен қатар, қауіпсіздік қызметкерлерінің өздерінің де заңнаманы бұзуы және басқа да көптеген қылмыстармен аянбай күресті.
Екінші дүниежүзілік қырғын аяқталғаннан кейін, басталған қырғи-қабақ соғыс кезіндегі басты фигуранттар сыртқы барлау қызметінің құпия агенттері (нелегальная разведка) болды. Капиталистік елдерде барлау жұмыстарын КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің Бірінші бас басқармасына (БББ – сыртқы барлау басқармасы) және оның географиялық бөлімдеріне бағынатын резидентура жүргізді, сондай-ақ БББ «С» басқармасы дайындайтын құпия агенттер жұмыс істеді. «КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы КГБ қызметі туралы» 1968 жылға берілген есеп бойынша, КСРО КГБ агентуралық аппараты 260 000 астыртын қызметкерлерден құрылды, ал әртүрлі істер бойынша оперативтік есепте 10 008 адам болған. Агентура аппараты кеңестік азаматтардан, сондай-ақ, шетелдіктерден тұрды. Агентуралық аппарат бюджеті 1991 жылы 4,9 – 6,5 млрд рубльді құрады.
Резидентура қырғи-қабақ соғыс кезінде саяси қарсы бағыттағы капиталистік елдерде бір команда болып астыртын ақпарат алу бойынша жұмыс істеді. Ал, «нелегал» барлауына жан-жақты дайындықтан өтіп, әбден шыныққан, ақылы мен қайраты бірдей ұшталған, сонымен қатар, аса көзге түсе бермейтін офицерлерді дайындайтын. Алайда, сырт пішіні көзге қораштау көрінгенмен, бұлар шетінен сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» жігіттер болатын. Өйткені, олар жекелеген операцияларға жалғыз баратын. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің полковнигі Тоқтажан Садықов марқұммен көп жылдар араластым. Оны үлкен-кішінің бәрі сыйлайтын. Құрдастарымен қалжыңдары жарасып, әзілдесіп жүретін. Жұрт жиналған жерде әріптес құрдастары «жігіттер, Тоқтажан оң қолын неге ылғый беліне қойып ұстап жүреді, себебін білесіңдер ме?», деп сұрайтын. Тоқаңды қағытқысы келіп тұрғанын байқап «жоқ, білмейміз» дейміз. «Білмесеңдер, біліп жүріңдер, Тоқаң ұзақ жылдар шет елде керуенші болып, бір мемлекеттен екінші мемлекетке кіре тартқан. Үнемі түйе жетелеп жүрді. Сол кезден бері оң қолын арт жағында ұстап жүру әдет болып кеткен» деп қалжыңдайтын. Оған бәрі күледі, орынды қалжыңға Тоқтажан аға да күлетін. Оның ұзақ жылдар бойы шет елде астыртын жүріп, маңызды тапсырмаларды орындағанын онымен қатарлас әріптестері жастарға осылайша жеңіл әзіл-қалжыңмен білдіруші еді.
Расында, Тоқтажан Садықов арнаулы қызметке берген 43 жылының 34 жылын «нелегал» болып шет елдерде өткізген. Керуенші болғаны да рас. Кеңес үкіметін Иосиф Сталин, Никита Хрущевтер басқарып тұрған тұста Азия мемлекеттерінің бірінде ЦРУ-дың (америкалық орталық барлау басқармасы) құпия барлау мектебі жұмыс істеген. Онда Кеңес үкіметіне нелегал барлаушы етіп жіберу үшін Орта Азиядан шыққан жігіттерді дайындайтын. МХК Бірінші барлау басқармасы Тоқтажан ағаны осы мектепке амалын тауып кіріп, онда ЦРУ қандай оқуды оқытып жатқандарын біліп келуге жіберген. Бұл құпия тапсырманы орындау үшін біздің барлаушы бұл елге басқа мемлекет арқылы өтіп, ЦРУ мектебіне қалай да оқуға түсуі тиіс болған. Сондықтан, бұл операцияның дайындығы өте жоғары деңгейде болды. Шет елдің әскери базасына жансыз болып бару үшін барлаушының өмірбаянына құрылған «аңыз» да ерекше, ешкім шәк келтірмейтіндей мұқият жасалды. КСРО МХК Бірінші Бас Басқармасы (ПГУ) бұл операцияға қатты көңіл бөлді. Егер, құпия операция аяғына дейін жүргізілгенде сыртқы барлау қызметі тапсырмамен кеткен өз адамынан екі лагерьге қатар жұмыс істейтін барлаушы (двойной агент) шығарар еді. Бірақ, қаншама еңбек, қаншама уақыт зая болды. Кейіннен КСРО-ның әлемдік саяси ұстанымдары өзгеріп, Никита Хрущев сыртта жүрген «нелегалдардың» барлығын бір күнде бұйрық шығарып, кері шақыртып алды. Солардың ішінде біздің Тоқтажан ағамыз да болды.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші бас басқармасының (ПГУ) ардагері А.Мұхамедшин Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасына жазған ресми хатында Тоқтажан Садықовты былай деп көрсетеді:
«Я в курсе о нелегальной деятельности разведчика Т.Садыкова заграницей. Он за сравнительно короткий срок оперативно грамотно решил основные вопросы легализации в стране пребывания, и находясь в особо сложных условиях, успешно выполнил порученные ему задания. В этом ему способствовали разумная выдержка и инициативность, высокая дисциплинированность, честность и правильное понимание складывающейся обстановки».
Тоқтажан Садықов кейіннен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі мұражайды жасауға үлкен үлес қосты. Қауіпсіздік қызметінің полковнигі құрметті зейнеткерлікке шыққаннан кейін де, өмірінің соңғы жылдарына дейін осы мұражайда қызмет етті. Тоқтажан Садықов 2008 жылы Алматыда қайтыс болды. Ақсақалдың көзі тірі кезінде (1999 жылы) екеуара отырып сөйлескен әңгімемізді таспаға жазып алған едім.
– Тоқтажан аға, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Сыртқы барлау қызметінде ұзақ жылдар бойы жұмыс істедіңіз. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлем екі лагерьге жарылып «қырғи қабақ» соғыстың ширығып тұрған шағында сіз осы қауіпті де, құпия қызметте болдыңыз. Өміріңіздің ең қызықты, жас жылдарын отбасыңыздан жырақта өткізіп, туған елден алыс шет елдерде бүркеншек атпен, басқа адам болып өмір сүрдіңіз. Үнемі «екі оттың ортасында», әрбір басқан қадамы қауіп-қатерге толы барлау қызметіне келуіңізге не себеп болды?
– Мен ұлттық қауіпсіздік органына 1944 жылы келдім. Ол кезде жасым жиырмаға жаңа толған. Оқу оқитын, мамандық таңдайтын заман емес, соғыс уақыты. Бас көтерер азаматтардың барлығы майданда, ел ішіндегі буыны қатайған балаларды мектепте 2-3 класс қана оқытып, хат танығаннан кейін әртүрлі жұмысқа тартатын. Ол кезде Бүкілодақтық комсомол ұйымы (ВЛКСМ) Коммунистический интернационал молодежи (КИМ) деп аталатын. Мені осы КИМ-нің нұсқауымен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметке шақырды.
– Мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы алғашқы қызметіңіз қандай болды?
– Мені алдымен Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданына жіберді. Өзім туып-өскен Зайсаннан алғаш ұзап шығуым. Аудан орталығы Ақжардың тұсынан ағатын «Алқабектің суы» деп аталатын өзен бар. Соның жағасында шекарашылардың комендатурасы тұрды. Алғашқы кездерде Иван Иванов деген әскери прокурормен бірге жұмыс істедім. Екеуіміз бір кабинетте отырамыз, шет елден бері қашып өткен адамдардан жауап аламыз. Оның ішінде неше түрлі адамдар болады, арасында «жансыздар» кездеседі. Соғыс кезі емес пе, арғы беттегі гоминданшылардың ақпарат тасушылары – «информаторлар» бері қарай өтеді. Олармен жұмыс істейтін шекарашылардың барлау бөлімі, ал ішінара «маңызды информаторлары» болса, Алматыдан біздің адамдар арнайы келіп жауап алатын. Мен Қытайдағы Шәуешек қаласынан келетін «информаторлармен» шекарашылар отрядындағы комендатурада кездесемін. Ол кезде шекарашылардың жасыл формасын киемін. Комендатурада қамауда ұстайтын арнайы орын жоқ, сондықтан, оларды бізге береді. Мен ол жерде қызыл погон тағып, милицияның киімімен жүремін.
Сонда жүріп, алғашқы әскери атақты алдым. Жұмыс өте қиын болды. Бірақ, аз уақыттың ішінде чекистердің қызметіне кәдімгідей төселіп, ысылып қалдым. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін, Қытай социалистік режимге өтті де, бұл жақтан келер қауіп сейілді. Сөйтіп, соғыс біткен жылы қысқа қарай Ақжардағы біздің мекеме жабылып, мен Зайсанға қайттым.
Зайсанда сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дәукеевтің қарамағында істедім. Енді өзімнің бұрыннан атқарып жүрген жұмысыма партия қызметі қосылды. Түнгі сағат он екі-бірлерге дейін жұмыста отырамыз. Сталиннің тұсында барлығы солай жұмыс істейтін. Зайсан шекарашылар отрядымен үнемі байланыста болдым. Партия жұмысын атқара жүріп, арғы беттен келетін «тоқылдақтарым» арқылы маңызды ақпарат алып отырдым. 1949 жылдың аяғында Өскемен қаласына бөлім бастығы болып келдім. Сол жерде қарсы барлау жүйесін құрдық.
– Тоқтажан аға, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі Сыртқы барлауға кез-келген адамды ала бермейді және бұл жұмыс әркімнің қолынан келе де бермейді. Жасырын барлау (нелегальная разведка) қызметіне таңдаған кезде басшылар сіздің бойыңызда ерекше қабілет барын байқаған болар?
– ВЧК ішіндегі Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы ол кезде дербес басқарма болатын. Соның бір тармағы – Сыртқы барлау (Нелегальная Р) қызметінің орталығы Алматыда орналасқан, Мәскеуге қарайды. Сол жақтан келіп сұрыптап, жарамды деп тапқан адамдарды ғана сыртқы барлауға таңдап алатын. Барлау қызметінің бастығы болып сол жылдары Қиыр Шығыстан келген Мирошкин деген істеді. Өзі екі рет шетелге «ұзақ іссапармен» шығып келген. Мені сыртқы барлау қызметіне бірден алған жоқ. Ол кезде кадр мәселесін КОКП Орталық Комитеті шешетін. Алдымен арнайы мектептен өттім. Бұл қызметке іріктеген кезде, әрине, бірінші кезекте адамның «басына», логикасына қарайды. Менің онжылдық мектепті жартылай латын, жартылай кириллицамен оқып, үздік тәмамдағаным, қиындықтарды жеңе білетін қабілеттілігім, дене дайындығым, денсаулығымның мықты болуы, шаруаның отбасынан шыққанымның бәрі есепке алынды. 1953 жылы барлық тексерулерден өтіп, Мәскеудегі барлаушылар мектебіне оқуға кеттім.
– Барлау мектебінде нені үйретті?
– Алдымен бөтен жерде қалай жүріп-тұруды үйрендім. Шет тілдерін оқыдық, еріндердің қимылына қарап түсіну, физиогномиканы оқытты, қорғаныс әдістерін меңгердім. Із кесу, ізіңді жасыру, соңыңа ерген тыңшылардан құтылу жолдары сияқты әрбір барлаушы міндетті түрде игеруге тиіс ілімдермен таныстық. Төзімділікке, адамдармен тіл табысуға үйретті. Қосалқы мамандықтарды оқыдым, жеңіл автомашинадан жүк таситын полуторкаға дейін жүргізуді үйрендім. Атыс құралдарын қолдану, дене шынықтыруға көп көңіл бөлінді. Әртүрлі жаттығулардан, сынақтардан өтіп, емтихан тапсырдық. Шет жақта жұмыс істеп жүргенде, барлау мектебінде үйренгендерімнің көп пайдасы тиіп, кәдеме жарады. Соның арқасында бірнеше мәрте ажалдан аман қалдым.
– Өзіңіз өткен, құпия емес сынақтардың бірін айтып бере алмайсыз ба?
– Болады. Мәселен, арақ беріп сынаған кездері болды. Мәскеудегі «сынақ алушылар» мені Маяковскийдің ескерткіші жанындағы қонақүйге дастархан жайып, шақырды. Қай жерде, кімдердің сынағынан өтетініңді білмейсің, сондықтан, қашан да әр қадамыңды ойланып басып, ширақ жүруге үйренесің. Мен ол жерге кірмес бұрын айналаны, барлық есік-тесіктердің қайда апаратынын тексеріп алдым. Дастархан басында жігіттер мені мас қылуға тырысты. Бірақ, мені мас қыламын деп өздері қызыңқырап қалды. Өйткені, мен арасында сыртқа шығып, ішкенімді құсып тастап отырдым. Біраз, уақыттан кейін, мен олардың арасынан қосалқы есік арқылы сытылып шығып, бір-екі сағаттай көшеде қыдырып жүрдім. Түнгі сағат екіге жуық бөлмеме келсем, кураторым Иван Григорьевич телефон соғып жатыр. «Қайда жүрсің?» дейді. «У вас свое, а я свое задание выполнял» деп едім, кураторым «жарадың, Тоха!» деп, күліп жіберді. Кезекті сынақтан мүдірмей өткенімді сездім.
– Барлау мектебін бітірерде «диплом жұмысы» деген болды ғой…
– Болғанда қандай. Оқуым аяқталып қалған. Бір күні кураторым Виктор Шлюков шақырып алып, «жаттығу жұмысына дайындал, жасырын барлаушы ретінде «нелегал» болып, Алматыға барасың. Ол жақтағыларға «объектіміз кетті» деп хабарлаймыз. Контрразведка сені тосып отырады. «Провал» болса, аямаймын» деді. Қысқасы, мен Алматыға жасырын барып, соңыма түскен «тыңшылардан» құтылып шығуым керек. Сынақтың шарты сондай. Алматыға келісімен «агенттер» мені тоқтаған үйден бастап аңдыды. Бірден ізімді жасыруыма болмайды, сондықтан, мен халық көп жүретін базарға қарай тарттым. Оларды сол жерге «тастап» кетудің мүмкіндігі көп. Ол кезде қазіргі Орталық стадионның орнында кірпіш дуалмен қоршалған базар болатын. Қазіргі аялдаманың орнында үлкен әжетхана тұратын. Соның жанына келгенде, бейтаныс біреулермен өтірік шүйіркелесіп тұра қалдым. Байқап қарасам, мені аңдушылар төртеу екен. Іштерінде бойы бір қарыс Капа дейтін әйел барын білемін. Басшылары Терентьев деген жігіт, кейіннен генерал шеніне дейін өсті. Олардың мәскеуліктерге қарағанда, тәжірибелері аздау болды. Мен әңгімелесіп тұрған соң, олар да аялдап, өзара сөйлесіп тұр. Ондай тыңшылар, әдетте бірден көзге түседі. Түскі уақыт еді, шамасы қайсысы жұмыс істейді, қайсысы тамаққа баратынын келісіп жатқан болулары керек. Мен сол сәтті пайдаланып, әжетханаға кіріп кеттім. Артқы жағында бір ағаш босап тұр екен, содан шығып, ізімді суыттым. Абай көшесін кесіп өткен бойда, үй-үйдің арасымен екі-үш көше төмен түсіп, автобусқа мініп, Қаскелеңнен бірақ шықтым. Ондағы шартты адаммен жолығып, аман-есен кешкісін қайтып келдім. Осылайша жүктелген тапсырманы орындадым. Ал, менің ізімді аңдыған Терентьев бастаған «тыңшыларға» бұл «минус» болды. Артынан оларды жиналысқа салып, сазайларын берді.
– Араларыңызда сынақтан өтпей қалғандар болды ма?
– 1954 жылдың наурыз-сәуір айларында сынақтың бәрінен өтіп болып, елге қайтатын болдым. Қоштасатын кезде оқытушыларымның бірі Сахаровский: «Сіз жарадыңыз! Барлық жағынан да біздің қызметке келіп тұрсыз. Біз сізге ризамыз! Сіздермен бірге дайындықтан өткен үш жігіт НР-ға жарамай қалды» дегені есімде. Мен оларды түстеп тану тұрмақ, аты-жөнін білуге тиісті емес болатынмын. Оларға қандай тапсырма берілді, оны да білмеймін. Жеме-жемге келгенде, барлаушылар жалғыз жұмыс істейді емес пе, сондықтан, олар туралы білуге құлшынбадым да.
– Тоқтажан аға, «сырт» жаққа «ұзақ іссапармен» алғаш шықаныңызды ұмыта қойған жоқ шығарсыз, соны айтыңызшы?
– Ол күн, әрине, кеше ғана болған сияқты, естен кетпейді. Алматыдағы қазіргі Абай атындағы опера театрына қарама-қарсы бетте «Қазақстан» қонақүйі тұратын. Соның артында телефон стансасы болатын. Алдын ала келісім бойынша сол жерге келсем, машина күтіп тұр екен. Кураторымнан негізгі тапсырмадан басқа «үстіңе ескі киімдеріңді ки, тіске басатын бірдеңелер мен бір шөлмек арақ салып ал. Басқа ештеңенің қажеті жоқ» деген нұсқау алғам. Айтқандарын алып, келісілген жерде жолықтық. Әлгі жерде менің алған шөлмегімізді екеуміз қақ бөліп іштік те, екі жаққа тарадық. Сөйтіп ың-шыңсыз алғашқы «заңсыз шетелдік сапарыма» шықтым. Мінген көлігім мені Пішпек арқылы Пржевальскінің тұсына дейін апарып тастады. Әрі қарай тау арасымен жаяу кеттім.
– Сіз тау асып барған көрші мемлекет ол кезде социалистік режимде болды. Ал, сіздің діттегеніңіз сол мемлекет арқылы үшінші елге шығу болды ғой, солай емес пе? Оны қалай жүзеге асырдыңыз?
– Иә. Бұл оңай тапсырма емес еді. Үшінші елге шығу үшін мен бірқатар варианттарды қарастырдым. Солардың ішінен керуенмен кіре тартуға тоқталдым. Барлық мұсылман өмір бақи түйемен керуен тартып, сауда жасаған. Керуенмен шығу мен үшін ең қауіпсіз жол болды. Онда көп адам болмайды. Сені кім бақылауға алғаны, кімнің кім екендігі мұндай жерде бірден белгілі. Ал, өзің көзге көп түспейсің. Базардағылар бәрін бақылауға алады – қай ұлттың өкілі, түп-тамыры қайдан шыққан, бәрін біліп отырады. Сондықтан, мен «аңыз» бойынша (легенда – барлаушылардың ойдан шығарған лақап өмірбаяны, тарихы) Шыңжаңның қазағымын, қазақша сөйлеймін, молданың баласымын, тағысын тағылар… Онымды дәлелдеу үшін бес уақыт намазды қаза қылмай, дауыстап оқимын. Көзге түспес үшін көпес сияқты емес, қарапайым кірешіге ұқсап, нашар киініп жүрдім.
Қалыптасқан интеллигенттік әдеттерді байқаусызда көрсетіп алудың өзі өліммен пара пар еді. Маған денемді босатпай, үнемі «формада» ұстау керек болды. Көпе-көрнеу спортпен айналысып, жаттығулар жасауға болмайды, көзге түсесің. Дене шынықтырумен адам жоқ жерлерде, түйелердің арасында жасырын айналысып жүрдім. Осы жасқа дейін бала-шағамның болмауы да сырт көзге күдік тудырды. Үйлендірмекші де болды, «қалыңмал төлейтін шамам жоқ» деп құтылдым. Айналамдағыларды осыған барынша сендіруге тырыстым. Бұның бәрі оңай жұмыс емес. Ол үшін мен сонау Шәуешектен бастап, барлық ой-шұқырды, тау, су аттарын, қай жайлауда кім отыратынын бәрін білуім керек. Мұсылман елдерінде дінге үлкен көңіл бөлінеді. Сәл басқаша істедің, бітті, күйесің де кетесің. Шариғаттың заңдары бойынша адам не істемесін, оң жақтан бастайды – оң жақ кебісін бірінші киеді, атқа оң жақтан мінеді, ерттейді. Алғашқы кезде дәрет алсаң да қарап отырады, түйені жүктесең де, қап артсаң да, айыл тартсаң да, тамақ ішсең де, оң қолмен жасалуы тиіс. Осының бәрі ұсақ-түйек болғанымен барлаушы үшін маңызы өте зор. Жүйкеге осындай ұсақ детальдар қатты әсер етеді, сондықтан, ешқашан босаңсуға болмайды. Менің алдымда барған бір қырғыздың жігіті осындай ұсақ-түйектен ұсталып, күйіп кетті. Түрмеге түсіп, кейіннен Кеңес үкіметі емес, «легенда» жасаған мемлекеттің елшілігі арқылы әрең шығарып алды.
– Сонымен, керуенші болдыңыз…
– Бірнеше түйе сатып алып, керуеншілерге қосылдым. Базардан тауар сатып алып, әрі өткіземіз. Қасымдағылар не сатып алса, мен соны аламын. Өтетін тауарларды олар біледі. Сөйтіп, мен діттеген «конечная точкаға» бірнеше рет барып-қайтып жүрдім. Керуен басы өзбек «тоқылдақ» болды. Американың контрразведкасына жұмыс істеді. Оны бірден сездім, ол мені қаншама бақылауға алғанмен, көзге түсетіндей ешбір қылығымды байқай алмады. Менімен байланысқа «бергі жақтан» әзірбайжан, тәжік, чешен жігіттері шығып тұрды. Байланыс құпия арна арқылы жасалады. Сол жерде өзімнің «тоқылдағым» болды. Ол бірер жылдан кейін ұшақ апатынан қаза тапты. Ақпарат алу үшін маған Кузнецов ара-тұра келіп тұрды. Кез келген ақпарат біз үшін керек, сондықтан, елдің әдет-ғұрпы, салты, саясаты, географиясы, ықпалды тұлғалары туралы көбірек деректер жинауға тырыстым. Өзіме керегі болмаса да, менен кейін келетіндерге көмегі тиері сөзсіз. Бұл ақпараттар толықтырылып, тексеріліп отырады. Бірден басты тапсырмаға кірісу өте қауіпті болды. Осылайша күдік тудырмас үшін, көздерін үйретіп, кіре тартып біраз жүрдім.
– Сіз білетін құпиялардың кейбіреулері 50 жыл, тіпті одан да көп жылдарға дейін жабық екендігін білемін. Одан бері талай жылдар өтті, еліміздің ішкі-сыртқы саясаты бір емес, бірнеше өзгерді емес пе… Егер, сол жолғы барған тапсырмаңыз бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған «жабық құпия» болмаса, әңгімелеп берсеңіз қайтеді?
– Айтайын. Кашимирдің арғы жағында Американың Орталық барлау басқармасы ашқан (ЦРУ) арнайы барлау мектебі (спецразведшкола) жұмыс істеді. Арнайы мектеп негізінен КСРО-ға қарсы бағытталған. Бұл арнайы барлау мектебі отыз-қырық жылдай жұмыс істеді, кейіннен саясаттың өзгеруіне байланысты, қажеттілігі болмай, жабылып қалды. Қырғи қабақ соғыс кезінде шет елдерде өмір сүріп жатқан қазақтарды осы мектепке тартып, олардың ішінен іріктеп, Кеңес үкіметінің аумағына астыртын жіберетін «жансыздарды», диверсанттарды дайындады. Мен қандай бір жолын тауып, осы мектепке оқуға кіруім керек болды. Маған Мәскеуден берілген тапсырма осындай еді.
– Қырғи қабақ соғыс кезінде Сыртқы барлаудың жеткізген құнды мәліметтері КСРО Бас хатшысының алдында жататын. Сіздің талай «справкаңыз» ол жаққа жеткен шығар. Жалпы өзіңізге жүктелген тапсырманы толықтай орындай алдыңыз ба?
– Орындай алмасам, оны әңгіме етудің өзі бекер. Бірақ, соңғы 4-5 жылғы еңбегім толықтай ақталмады. Никита Хрущев билік басына келгеннен кейін, сыртқы саясатта түбегейлі өзгерістер болды. Соған байланысты, Хрущевтің тікелей жарлығымен бұл барлау «точкасы» жабылды. Кураторларым да, мен де бұған қарсылық көрсетіп, «протест» жазғанмен, жоғарғы жақ келіспеді.
– Жоғарғы жақтағылардың қабыл-дауында талай болып, нақты мәлі-меттерді ауызша жеткізгеніңізді білеміз. Лауазымды адамдардың қайсысы сізге үлкен әсер қалдырды?
– Юрий Андроповпен кездесуімді айтсам болады. Ол кісі сыртқы барлау жұмыстарымен жақсы таныс, аузыңды ашсаң арғы жағын біліп отырады. Сондықтан болар, әңгімеміз жарасты. Менің берген мәліметтеріме өте жоғары баға берді. Өз қолынан сыйлық алып, марапатталдым.
– Тоқтажан аға, сіз Отанымызға қызмет еткен 43 жылдың 34 жылын шет елдерде өткізген екенсіз. Елден жырақта жүргенде, жұбайыңыз сіздің немен айналысып жүргеніңізді білді ме?
– Жоқ, менің жұмысым туралы әйелім ештеңені білмеді. Ол кісінің мамандығы журналист еді, барлық шындықты білуге оның құқы болмады. Іссапармен кеткенімді ғана біледі. Қайда, не үшін кеткенімнен бейхабар болды, оған басқаша «легенда» айтылатын. Менің осы жақта жүргенде, алдын-ала жазып кеткен хаттарымды уақыт аралатып, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметіндегі достарым оған жеткізіп отырды. Ұзақ уақыт шетелде жүріп келгенімде, әйел адам ғой, жылап қарсы алатын. Оған қосылып, кейде менің де көңілім босай бастаса, «сенің көзің неге жасаурап тұр, үйдің иесі емессің бе» деп маған өзі жұбату айтушы еді. Ақылдылығы ғой. Артымда балаларыма қарайтын мықты тірегімнің бары маған үлкен қуат беретін. Алты баламды дүниеге әкелген жұбайым 1996 жылы қайтыс болды. Қазір қызымның қолында тұрып жатырмын.
– Үнемі шетте жүріп, бала тәрбиесіне көп көңіл бөле алмаған боларсыз. Балаларыңыздың ішінде ізіңізді басқандар бар ма?
– Алты балам да жоғары білім алды, жұбайымның берген тәрбиесі деп айтқым келеді. Бір қызым медицина ғылымдырының кандидаты, доцент, тағы бір қызым фармацевт, бір қызым госпитальде бастық. Екі ұлым да ізімді басып, әскери қызметте жүр. Ұлым Бақытжан қазір полковник. Ауған соғысына қатысқан. Құдайға шүкір, балаларымның бәрі халқына қызмет етуде.

(Басы өткен сандарда)

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.