БОЯУ ТҰНҒАН БАР ӘЛЕМНІҢ БЕЙНЕСІ

  • 30.04.2019
  • 220 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айгүл Кемелбаева,
жазушы, «Дарын» мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты

2000 жылдан беріде суретшілер туралы жұқалау жинаққа жүк боларлық біраз мақала жазыппын: Нұрбұлан Өтепбаев, Мұратбек Жоламанов, Ерболат Төлепбай, Камила Жапалова, Мақаш Әлиакпаров, Күләнда Есекина, Гүлмира Телғозиева, Жеңіс Кәкенұлы, Никас Сафронов, Зұлқарнай Қожамқұлов, Мұхтар Байбосын. Бұдан бөлек суретшілер мен фотосуретшілер туралы қос мақалам жарық көрді: «Сурет тілі – тілсіз тіл». «Кітап патшалығы», №2.2014; «Жұмыр жердің жүрегі мен тілегі». «Кітап патшалығы» журналы, №1. 2014.
Қызымның кәсіби суретші боларын осы жарияланымдар шыққанда білген де, аса ойлаған да жоқпын. Назерке кішкентайынан шимайлап сурет сала беретін. Олар маған керемет әсерлі көрініп, әліпті таяқ деп білмейтін баланың сызба-шимайы болса да құнды дүнием қылып, шетінен жинай бергемін.
«Хан Шатырда» өткен көрмеге қойылған 40 сурет Faber-Castell қарындаштарымен салынды. Алматы Гете-Институтының стипендиясымен «Әдеби маршруттар» атты жазушылардың халықаралық жобасында Берлинде 2017 жылы бір ай болып қайттым. Сонда, қызым аттай қалап, түрлі-түсті Faber-Castell қарындаштарын алдырған. Телефонға хабарласқан сайын «Мама, бояу қарындаштар алдың ба?» – деп сұрайды. Елге қайтарда Faber-Castell қарындаштарын іздеуге өзбек ақыны Азам Абидов пен келіншегі Надира үшеуміз аттанып, арнайы дүкеннен тауып, 100 евроға 70 қарындаш сатып алдым. Азам бауыр ағылшын тіліне жетік, Берлинде Ташкентте жүргендей жол табады, оның көмегі болмаса қызымның тілегін орындай алмас па едім. Әдемі қаңылтыр құтыда жыл құсындай тізілген қарындаштарды көргенде, Назерке керемет қуанды.Faber-Castell қарындашына 110 жыл болыпты. Сыртқы әдемілігі сондай, бейнелеу өнеріне түк қатысы жоқ адам да сурет салғысы келіп, әсіре қызығып кетеді.
Назеркенің сурет өнеріндегі тұсауын кескен белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек шығар деп қазір ойлап отырмын. «Ақжелкен» журналының №4. 2018 жылғы санында «Берлин күнделігі» туралы жол сапар эссем жарық көрді. Сонда, алғаш рет Назеркенің 9 жаста салған «Қызыл телпек», «Етік киген еркек мысық» және Астанада «Балалар сурет мектебі. ЮНЕСКО клубы» атты мектепте қосымша сурет өнерін оқи бастағанда, ұстаздары үйреткен, бағалы металды қорытып, кесіп жасаған «Аю» күміс мүсіні жарияланды. Бұл суреттердің Германия тақырыбына қатысы бар, ағайынды Яков пен Вильгельм Гриммнің қос ертегісіне салған иллюстрация және Берлиннің логотипіне арналған аю бейнесі мен үшін шығармашылық тартылыс күшін танытқандай болды. Ұқсас құбылыстар бірін-бірі тартады. Жер бетінде көзге көрінбес рухани байланыс үнемі салтанат құратынына күмәнсізбін. Гете-Институтының неміс мәдениетін танытатын отансүйгіштік идеологиясының жарқын энергетикасы Түркия руханиятының дүниесіне ұласты деп қабылдадым. Өнер біртұтас құдірет. Қазір біздің қазаққа шетелдерде Абай-Институтын ашып, басқа озық халықтар сияқты дүниежүзіне төл мәдениетіміздің асылын жүйелі түрде көрсету әрі уағыздау дәуірі шындап туған заман.
Назеркенің тілшілерге берген сұхбатында: «Әсем тәтемнің айтуымен Юнус Эмре институтында бір жарым жыл бұрын түрік тілін оқи бастадым. Каппадокияның peri bacalari мен Ыстамбұлдағы Сұлтан Ахмет мешітінің суретін кәсіби түрлі-түсті Faber-Castell қарындаштарымен графика техникасында салып, ұстазым Ахмет бейге көрсеттім. Ол маған ары қарай түрік әлеміне қатысты суреттер сериясын салуыма идея беріп, келешекте көрме аша алатынымызды айтты. Сөйтіп, мен үшін бұл таза шығармашылық үрдіске айналды» – дейді. Міне, өзі туралы осылай толғаған қызымды Юнус Эмре институтына түрік тілін үйренуге ертіп барған аламан айтыста жұлдызы жарқырап жүрген қазақтың айтулы ақын қызы Әсем Ережеқызы. Бір жыл бұрын әлі студент қызымның жеке сурет көрмесі өтеді деген ой миыма кіріп те шықпас еді. Құдайдың қызыма абырой бұйыртқанына ризамын. Көрмені Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының басшылығы ұйымдастырып, Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык мырза ашып берді. Назерке Түркия әлемін бейнелейтін 40 суретті салуға 9 ай жұмсады, студенттік оқуымен қоса түн ортасына, кейде таңға дейін табанды, тиянақты жұмыс істегені бөлмесіне кіре қалған сәтте көз алдымда өтті. Кезінде суреті көркем балаларға арналған кітаптарды үйіп-төгіп алып беретінмін. 3 класта «Қазақ ертегілерінің» 6 томын алып бердім. Екі қызым ертегі кітаптарды оқып өсті. Қай томы ұнады деп сұрағанымда, «3 томы өте қызық!» деп Балнұр айтқанда қуандым. Кинорежиссура факультетінде 4 курста оқитын қызым Балнұр уақыт өткізбей, Назеркенің сурет көрмесі туралы фейсбукке пікір жазып беруім қажеттігін айтты. Ақпарат дәуірі, жарнама уақытын өткізіп алмауды қазіргі жастар бізден гөрі жақсы біледі. «Біздің исі қазақтың алтын баласы Димаш Құдайберген бастаған талантты жастардың дүниежүзілік кеңістіктегі – үлкен өнердегі биік шеруі басталды деп ойлаймын. Құдай ұзағынан сүйіндіріп, ең дарынды, ең білімді, ең ақылды жас-тарымыз тіл-көзден аман болып, туған елінің абыройын асыра берсін!» – деп бастадым. «Ей, тәкаппар дүние! Маған да бір қарашы, / Танисың ба сен мені? / Мен қазақтың баласы!» деп Қасым ақын армандап кеткен дәуір туды.
Нобель сыйлығының лауреаты түрік жазушысы Орхан Памуктың «Менің атым – Қызыл» атты романы бейнелеу өнері, шығыс миниатюрасы туралы тұңғиық таным-дерекке құрылған. Әл-Бұхаридің хадисында айтылған сөз: «Қиямет қайым күні пұт жасаушылар жазаға тартылады».Суретшілер емес, пұт жасаушылар делінген. Пұтқа табыну зор күнә саналады. Пұтқа табыну мен сурет өнерінің арасы жер мен көктей, өзара қабыспайтын ұғымдар. Бейнелеу өнері ғажап биік өнер! Ислам дінінде сурет өнеріне еш қарсылық жоқ. Орхан Памуктың романының лейтмотиві осы. Кейінгі кезде өз прозама иллюстрация салуға көңілім ауып, есім кетіп жүр. Сурет салу қолымнан келмесі анық. Бекзат, Гюстав Дорэ, Латиф Қазбеков сияқты ұлы суретшілердің шығармашылығын талдап, көркем эссе жазсам, өз стихиям! Назерке менің балалық кезде жазған ең алғашқы повесіме иллюстрация салып беремін деп айтты. Бұйырса!
Ұлы суретшілердің әрбір карти-насының құдірет күші таңдаулы жа-зушылардың әрбір туындысына тең! Бейнелеу өнері әріп танымайтын сауатсыз жанның жан-дүниесін қозғай алады. Кітапты адам таңдап оқиды, көп уақыт жұмсайды. Ал, қос өнердің интеллектуалдық-эстетикалық қуаты бір-бірінен асып түседі немесе бір-бірін толықтырады.
P.S. Назерке 4-5 жасында суретті әліппеден су перісін, құйрығы балық мифологиялық бейнені көре сала, жерден жеті қоян тапқандай қуана дауыстағаны ойымда: «Мен білемін, мұның аты – Қызбалық!». Баланың логикасына жетер бұл дүниеде не бар! Балаларды бақылап отырсаң дап-даяр көркем әңгіме шығады. «Ұя» атты әңгімем екі қызым туралы жазылған.
Балалық шақта көркем әдебиеттің қасиетін біліп, оқып өскен балалар өмірде өз жолын адаспай табарына сенемін.

Алдыңғы «
Келесі »