ПОЭТИКАЛЫҚ СӨЗДІК

  • 30.04.2019
  • 180 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аталған сөздiк дер кезiнде шыққан көмекшi құралдардың бiрiнен саналады. Онда жиi кездесетiнi бар, сирек кездесетiнi бар жетпiске таяу поэзияда қолданылатын терминдерге анықтама берiлген. Әр термин әр дәуiр ақындарынан терiлген мысалдармен нақтыланып, сөздiк құндылығын арттырып тұр. Бұрын таза поэзияға арнап арнайы сөздiк шығарылмағандықтан, еңбек авторларының алғашқы талпыныстары құптауға тұрарлық жұмыс.
Сөздiкте поэзия жанрын әдеби талдауда қолданылатын ең қажеттi деген ұғымдар мен терминдер берiлiп отыр. Ұғымдар мен терминдi меңгеру – әдебиеттану ғылымының әлiпбиiмен жете танысу деген сөз. Сөздiк студент – филологтың сөз өнерi ғылымының табалдырығын именбей аттауына септiгiн тигiзетiн көмекшi құралы ретiнде жазылды. Орыс тiлiнде 1966 -1996 жыл аралығында шыққан әдебиеттану сөздiктерiмен қатар, отандық ғалымдардан Қ.Сыдиқов, З.Қабдолов және С.Негимов еңбектерi басшылыққа алынды. Тiлiмiзде Қ.Жұмалиев пен З.Ахметов шығарған екi сөздiк қазiр зәру дүниеге айналды. Бiз қамтыған кейбiр терминдер бұрындары тiлiмiзде мүлде анықтама берiлмеген атаулар болып табылады. Бiз осы тұрғыдан, қазақ тiлiндегi поэтикалық терминдердi топтастырып жинақтауда, негiзiнен отандық ғылыми-зерттеу еңбектердi, оқулықтарды, поэзиялық туындыларды, бұрындары шыққан сөздiктердi басшылыққа ала отырып, көбiне шетелдiк терминдерге иек арттық.
Сөздiк студенттерге, оқушыларға, мектеп мұғалiмдерiне және жалпы әдебиет сүйер қауымға арналды.

А

1.Автология – (гректiң автос – өзi және логос – сөз дегенiнен құрылған. Сөзбе-сөз аудармасы «өздiк сөз») – поэтикалық туындыларда сөз бен сөйлемшелердiң өз мағынасында қолданылуы. Көркем автология – троп пен фигураға қарсы тура мағыналы сөздердiң өлең шумағында шынайы көрiнiс табуы.
Бiр үйге көп қараймын тамаша етiп,
Ұстаға соны салған көңiлiм кетiп.
Алыстан анадайдан көзiм түсiп,
Қасына шыдай алмай бардым жетiп.
Мәшһүр – Жүсiп
Қандай шайтан келсе де,
Алдауына көнбеймiз.
Өлер жерден кеттiк бiз,
Бұл заманға жеттiк бiз!
Жасайды алаш, өлмеймiз!
Жасасын, алаш, жасасын!
Сұлтанмахмұт
Егемен елдiң еркiн азаматы ретiнде ақын уақытша үкiмет сыйлаған уақытша қуанышты азаматтың лирикасында автологиялық тәсiлмен патриоттық пафоста асқақтата жырлаған. Өлең жолын таратып баяндар болсақ, мұнда тұтастай халық ғұмырының жинақталған тарихы жатыр.
«Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелiлiк» монографиясында белгiлi әдебиет зерттеушi ғалым Қ. Мәшһүр-Жүсiп қазақ поэзиясындағы Абай дәстүрiн реализм дамуында жалғастырушылар қатарына бiз сөз етiп отырған шайырларды кең көлемде бағалай отырып, әрқайсысының ерекшелiктерiн орынды атап көрсете бiлген.
Қорыта айтқанда, әдебиетiмiзде өзiндiк қолтаңбасын қалдырған екi ақын да осы бiр тиiмдi тәсiлдi орынды қолдану арқылы көңiлдерiне жұптаған айтар ойларын асқан шеберлiкпен жеткiзе бiлген. Оған бiз төл әдебиетiмiзде метафорасыз да әдемi де, өрнектi тiл кестесiн сомдауға болатынына жоғарыда келтiрген мысалдар арқылы көз жеткiзе алдық. Бiрақ та, автологиялық стильдi проза тiлiнен айыра бiлген ләзiм. Онда да өлеңге тән сыртқы ұқсастық кездескенiмен, поэзиялық сұлулық- тан ада.
2.Акромонограмма (гректiң шеткi (үстiңгi) жалғыз жазба деген үш сөзiнен құрылған) – лексика – композициялық тәсiл. Өлеңдегi бiрiншi шумақтағы сөздiң келесi шумақ басында кездесу түрлiлiгi. Үш түрi бар:
1. Бунақтық А.,
Еркектiң көбi қайтқан жоқ,
Жолдан кешу, жорықтан.
С.Сейфуллин
2. Лексикалық А.,
Жалғанның тозақ пенен бейiшi бар
Бiр күн тыныштық, кей бiр күн кейiсi бар.
Кейiсi тозақ болғанда, тыныштық – бейiш,
Мiне, осындай муафық келiсi бар.
Мәшһүр-Жүсiп
3. Ұйқастық А.,
Тiршiлiк, тұрмыс, менiкi!
Әуп! Ауаны жұтайын!
Жұтайын!
Кеудемдi керiп жұтайын!
Бар ауаны құртайын!
С.Сейфуллин
Осы бiр лексика-композициялық тәсiл орыс әдебиеттану ғылымында бұдан басқаша да үш түрлi аталады: анадиполсис; Брик А. оны «стык»-түйiсу десе; Г.Шенгели «подхват»- қапсыру деп атайды.
3. Аллегория – астарлы сөз; таразы – сот; жүрек – махаббат; зәкiр – үмiт т.т. Еуропа ескiлiгiнiң әлемге белгiлi үлгiлерi.
Төл әдебиетiмiзде аллегорияға көп жүгiнген М.Көпейұлы, шығыста Әлiшер Науаи.
А. Символдан айырмашылығы ол белгiлi бiр нақты зат пен ұғымды метофоралы тiзбекпен бередi.
Сөзi бар замананың терiс қақпай,
Жараспас бiр-бiрiне айтқан назы.
Тұйғынға күшiгендер ауыз салып,
Жем болып – қарға ұзаққа қоңыр қазы.
Мәшһүр-Жүсiп
4. Аллитерация – стилистикалық тәсiл. Бiрыңғай дауыссыздан басталатын тармақтар тiзбектерiнiң бiрiншi дыбысы бiрдей әрiптерден құрылуы. Жыраулар поэзиясында дауыссыздардың iшiнде қатаңдардың басқы тармақтарда шегелеп айтар ақыл, нақылды, тепсiне толғар тегеурiндi жырдың қуаты мен әсерiн жан-жақты сездiру үшiн қолданылады.
Тал шарбаққа мал сақтап,
Тас қалаға жан сақтап,
Тасқан екен мына хан.
Жиембет жырау
Иса поэмаларында ұяңдардың А. қатар түзуi – жиi кездесетiн құбылыс.
Айдынның аққуындай басын иiп,
Сыр кiлтiн сылдыратпай iшке түйiп.
Жарқ еткен назарының отыменен,
Жанына махаббаттың уын құйып.
Мәшһүр-Жүсiпте замана адамның психологиялық портретiн сомдауда үндiлердiң А.қатар түзуi өте жиi кездеседi.
а) Бiреудi пана қылып, сүйсiнгенсiп,
Мәз болып, отырғанда саумал iшiп.
Мырзасы қасына ерген нашарына
Шығынды баса салар сырттан пiшiп.
б) Тұл болды ерiк алумен қыз бен қатын,
Мiне алмай әркiм баптап бiр-бiр атын.
Меншiктеп мекенiңдi крестьян,
Не деймiз, қорлық демей мұның атын?!
5. Аллюзия /латынның allusio – тұспал, қалжың деген сөзiнен шыққан әдеби термин/ – стилистикалық тәсiл. Белгiлi фактiнi (тарихи не тұрмыстық) көркем шығармаға өзек ету. Мысалда көбiрек қолданылады. Мәшһүр-Жүсiп Iнжiл мен Құрандағы белгiлi оқиғаны «Қазақтың осы күнгi әңгiмесi» топтамасына сәтiмен пайдаланады.
Бiр туар тiрi болса күн мен айы,
Болысар оның аққа бiр құдайы.
Зындан жаман жер емес ақ кiсiге
Жақып ұлы Жүсiптiң жатқан жайы.
Құл қылып бауырлары сатпады ма?
Зынданда он екi жыл жатпады ма?
Мысырға ақырында патша болып,
Жарқырап таңдай болып атпады ма?
6.Алогизм – /ақылға сыйымсыздық/ стилистикалық тәсiл. Көбiнесе сатирикалық шығармаларда әдейлеп, сөз мағыналылығын бұзу. Алогизм сирек кездесетiн тәсiл түрi.
… «Егер мен
момын болсам,
жасындай..,
Егер мен кiшiк болсам,
Ұлығ мұхиттай..,
(В.Маяковский)
7. Амабейлiк композиция /гректiң алмасу, кезектесу деген сөзiнен шыққан/ – кеңейтiлген анафоралық негiздегi композициялық параллелизмнiң ерекше түрi. Синтаксистiк қатардың не өлең бөлiктерiнде, не тұтас өлең композициясында кезектесiп отыруы. В.Журминский А.үшке бөледi.
Бiрiншi түрi – синонимдi амабейлiк. Осы бiрiншi түр көбiне-көп Мәшһүр-Жүсiп стилiне тән.
Патшаны көрмесiн деп қазақ барып,
Жүрсiн деп қолымызда болып ғарiп.
Жол тауып бас бiлетiн ерiмiздi
Тiрiдей көмбедi ме көрге салып?!
Көрсетiп сол баяғы зорлық күшiн,
Қорлыққа көнiп қазақ қалуы үшiн.
Айласы адастыру бiрдi-бiрдi,
Болмаса iс қылған жоқ тауып iсiн.
Ағайын егiз туған ұрлық, зорлық,
Зорлығы – ағасында, iнiде – ұрлық.
Бiрi қойса, бiр де қояр едi,
Тауып тұр, қоймағаннан, тегiс қорлық.

Зорлығы қоймай өзi, жаппай мiнiн,
Iнiге алғыза алмай аға тiлiн.
Қасқырдай өз күшiгiн талаған жан
Түзетiп тыныш ұстайды қалайша елiн?!
Екiншi түрi – Амабейлiк композиция адам көңiл-күйi мен табиғат құбылысын қарсы қоя суреттейтiн психологиялық параллелизмде көрiнедi.
…Мың гүлдер солмасын деп,
Гүлдей жастық күнiмдi бердiм.
Мың ақын толғансын деп,
Мың бiр жырымды бердiм.
С.Мәуленов
Үшiншi түрi – сұраулы және жауапты интонацияның кезектесе селбесуiнен құралады. Сұрақ-жауап түрiнде келетiн өлеңдер қазiргi әдебиетiмiзде М.Әлiмбаевта көбiрек кездеседi:
– Не жомарт?
– Жер жомарт.
Адамзатты асыраған
– Не жомарт?
– Күн жомарт.
Жерге нұры шашыраған.
«Аяз бидегi» хан мен шал жауаптасуы ауыз әдебиетiнiң классикалық үлгiсi болса, оны жаңашылдықпен жетiлдiрген М.Көпейұлы болды. Ақынның «Алтын табақ» рауаятында Аллаһ сауалы:
«Көңiлiңе басқа ниет алма!» – деңiз,
«Дұшпанның өсегiне қалма!» – деңiз.
«Алтыннан көркем, қылдан жiңiшке?
Дүниеде балдан тәттi бар ма?» – деңiз.
Әбубәкiр жауабы:
«Алтыннан көркем бiлдiм Иелам нұрын,
Балдан тәттi көремiн – зәмзәм суын.
«Намазда дүниенi ойлаймын ба?» – деп,
Қылдан нәзiк жiңiшке – менiң көңiлiм.»
Ғұмар жауабы:
– Құдай нұры көркем дүр алтын тастан!
– Осы балдың тәттiлiгi тең болмай ма;
Иа, Расул, сiзбен бiрге iшкен айан?!
Ғибадат – ақыреттiң азығы едi,
Бес намаз – ислам дiнiнiң қазығы едi.
Екi кiсi жүгiнiп отырғанда,
Жүрегiм жалғыз қылдан нәзiк едi, – деп, бұдан кейiн Ғұсыман, Ғалы және Фатима жауаптарымен тiзбектелiп А.К. құрайды.
8. Амплификация /латынша Amplificatio – өрiстеу, кеңею, ұлғаю/ –
1) Шешендiк және стилистикалық тәсiл. Оқырманға тыңдарманға сөзбен әсер ету үшiн фразада эпитеттi, образды синонимдердi, теңеудi т.т. ұлғайтып суреттеу. Алпамыстағы Ұлтан бейнесi (қазақ фольклорындағы);
2) Әдеби туындыға қажетсiз сөйлем мен сөз тiркестерiн орынсыз қолдану. Ондай жағдайда, А., тәсiлi өз көркемдiгiнен айрылды. Оған портреттiк А. болса, Сәкен ақ өлең үлгiсiн пайдалана отырып, өршiл романтизмнiң үгiттiк үрдiсiн А. арқылы бередi.
«Сендерге, қарындастар!
Сендерге, iнiлер.
Сендерге арналады бұл әндер!
Дүниенiң құлдық шынжырын қиратып,
Әдiлдiк, теңдiк iздеген,
Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып,
Еркiндiк, кеңдiк iздеген.
Көкiрегi жанып, бақыт iздеген жастар,
Сендерге арналды бұл әндер!»
Мысалға, С.Мұқановтың ХХ ғасырдың 20-шы жылдары орынды сыналған «Сұлушаш» поэмасының әрiн кетiрiп тұрған саясаттанған екi тармақ.
Бесiктен-ақ маған тап белгi таққан,
Тапты шаққан бесiкте менi шаққан.
9. Анадиплосис /гр. қайталау/ – Акромонограмманы қара.
10. Анаколуф /гр. Тиянақсыздық, келiспеушiлiк/ – автор тарапынан байқаусызда жiберiлген сөйлем мүшелерiнiң байланыспаушылығы немесе сөйлемге ерекше әр беру үшiн қаламгердiң /әдейi мәселен ауызекi сөйлеуде не толқыған адам сөзiн беруде/ жасаған әрекетi. Сәкен өзiнiң саяси қарсыласы деп тапқан М.Жұмабаевты:
Жанмын!
Мен!
Блок, Бальмонт жастығының астында,
Ақ орамал күңгiрттендi басында
«Дай компресс, сал компресс»
Састы доктор қасында, – деп сынайды өзiнiң «Ұлтшылдың сандырағы» өлеңiнде.
11. Анафора /гр. Жоғарыға енгiзу, қайталау, немесе бiрiздiлiк/ – стилистикалық тәсiл. Аралас өлеңдердiң не шумақтардың басында кездесетiн ұқсас дыбыстар, сөздер не болмаса, синтаксистiк және ырғақтық ұқсастыққа негiзделген түзiлiмдер.
Дыбыстық А. аллитерациялық өлең ерекшелiгi болып табылады.
Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бiр қолымды бердiм.
С.Мәуленов
Лексикалық А.
– Сөзге – сөз келiп қалса – сөз атасы,
«Сөз – сөзден туар» – деген жоқ қатесi.
Мәшһүр-Жүсiп
Синтаксистiк А. (анаформалық параллелизм):
Екi күн бiрдей болып тұрмайды еш,
Бiр күн ыстық болғанда, бiр күн – суық.
Мәшһүр-Жүсiп
Шумақтың А.,
Аурусыз жанға айла жоқ,
Аурулы жанға дәрi бар
Аурусыз адам қайда жоқ
Аурудың онда бәрi бар
Аурусыз жандар – мисыздар
Мисызда ауру бола ма?
Тәнi сау, миы науқастар,
Ондайға дәрi қона ма?
Шәкәрiм
Бұдан басқа: шумақтық-синтаксистiк А., ырғақтық А., паузалық А. сияқты түрлерi де бар.

Серiк Негимов былай бөледi:
1. Әуендiк анафора:
Балдырғанды бiлектей,
Балаусасы жiбектей,
Бүлдiргенi көпектей.
Ерейменнiң тауында.
Егiзқызыл бауырында.
/К.Әзiрбаев/
2. Синтаксистiк – ырғақтық анафора:
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегiн бер жолбарыстың!
Қ.Аманжолов
3. Әуендiк – лексикалық анафора:
Шаңқылдап бiрде аспанда тау қыраны,
Күрпiлдеп бiрде бие саудырады.
Майдалап бiрде қоңыр самал соғып,
Бұрқ-сарқ нөсер жаудырады.
Осылай Ақан зарлап жылап жатты,
Қайтсiн ол, жыламасқа жанға батты.
Күйiндi ол, күңiренiп Құлагерге
Айрылды ол, аттан жақсы, достан тәттi.
I.Жансүгiров
4. Лексикалық анафора:
Қызыл тулы елiң үшiн,
Қызғалдақты жерiң үшiн,
Қызыл дәурен өмiр үшiн
Қызсын сенiң жiгер күшiң!
Қ.Аманжолов
12. Антиклимакс /гр. қарсы сатылау/ –стилистикалық фигура. Өлеңдегi сөздер мен сөйлемшелердiң интонация мен мағыналық негiзде белгiлi бiр тәртiппен орналасуы.
Зат есiмдiк негiздегi А:
Ой құмар, өлең құмар, малға құмар.
Бұл үш құмар қоя ма менi көмбей.
Ермегiм жоқ, өлiмнен үмiтiм жоқ,
Қайтейiн осындаймен көңiл бөлмей.
(«Махаббат пен Құштарлық») Шәкәрiм.
Етiстiкпен берiлген А:
Жар киесi атқан соң,
Сепкiл түстi бетiне.
Асылық айтып шатқан соң,
Қаяу түстi шетiне.
Күн сайын кеттi шегiнiп,
Кетiле бердi, кетiле.
Ұялып, әбден жеңiлiп,
Жете алмады ниетiне.
Шәкәрiм
Сын есiмнен берiлген А:
Шынды бiреу жақтаса,
Жазасызды ақтаса.
Адалдықты мақтаса,
Арсылдап оны қамаса.
«Әлемдi түгел көрiп мен»
Балалық, тазалық өлдi
Жүректiң ақ нұры сөндi.
Амалсыз осыған көндi
Дұрыс деп тыңдаған көңiл!
Шәкәрiм
А. Дамытудың бiр түрi.
13. Антитеза /гр. қарама-қарсылық/ –стилистикалық фигура. Ұғым – түсiнiк, образ, жағдай т.б. қарама-қарсылықта контраста суреттеу, шендестiру.
Сен – алтынсың, мен – бұлмын,
Сен – жiбексiң, мен – жүнмін.
Шалгез
14. Антифразис /гр. Сөздi қарама-қарсы мәнiнде қолдану/ – стилистикалық фигура. Белгiлi бiр сөздi, сөйлемшенi қарсы мәнiнде, көбiне ирониялық сипатта суреттеу.
Сымбатты сұлу тамашам,
Шашыңнан жұлып сабасам…
Сымбатты сұлу тамашам,
Құсқым келер қарасам…
Сұлтанмахмұт
Осы бiр стилистикалық фигура – астетизм деп те аталады.
15. Антоним /гр. Қарсы атау/ сөз жұбының қарсы мағынада қолданылуы.
Тiршiлiкте жетпесек те мұратқа,
Ақыретте бiр боламыз бiрақ та.
Iшiн көрмей,
Ғашық болып сыртына.
М.Шаханов
16. Антономасия /гр. Қайыра атау/ –метонимияның бiр түрi, поэтикалық троп.
1) Белгiлi тұлғаның оған қатысты зат, оқиғамен аталуы.
Халайық, жалғаны жоқ сөзiме нан,
Құдайдың құдiретiне қаларсың таң.
Мұқабарат дәргаһына болғаннан соң,
Бәрiне перiштенiң сайланды (Әзәзiл) хан
Мәшһүр-Жүсiп.
2) Жалпы атауға айналған жалқы есiмдердi қолдану.
Қозы болып не керек Баян болып,
Әңгiмемiз ел-жұртқа аян болып.
Мәжнүн болып не керек Ләйлi болып,
Бiрiмiзге бiрiмiз қайғы болып.
О.Әубәкiров
Сондай-ақ, бұл троп түрi латынша прономинация (pronominatio) деп те аталады.
17. Апокопа /гр. кесiп тастау/ – сөз мағынасына кесiрi тимейтiндей болып, құрамындағы бiрдi-екiлi әрiптiң өлең жолдарына түсiрiлiп қолданылады.
Мұсылманнан басқаның бәрi иттей боп,
Өшпес от, бiтпес бейнетте қалу деген.
С.Торайғыров
18. Апострофа /гр. басқа жаққа бұрылу/ – стилистикалық фигура:
1) Автордың жоқ адамға бар сияқты немесе аруақта тiрi кiсiдей тiл қатуы.
Бұл Шәкәрiмде мұсылман ақынның басқа дiннiң пайғамбарына:
Айсаны көрсем егер мен,
Тiрiл, – дер ем, – қайта сен.
Сенi құдай дедi де,
Айырылды халқың дiнiңнен – деп, шындық өмiрде болмайтын оқиға пайғамбарға үмбеттерiнiң қылығы үшiн ақынның арыздану ситуациясы романтикалық шарттылықпен кестеленген.
2) Затқа, құбылысқа тiрi жан сияқты тiл қату.
Толғамалы ақ сүңгiм,
Шанша алмасам маған серт!
Қанға тойсаң саған серт,
Былғары садақ, Бұқар жай,
Тарта алмасам маған серт!
Бел күшiне шыдамай
Белiңнен сынсаң саған серт!
«Қобыланды батыр» жыры.
19. Апофазия /гр. Айтылғанға қарамай/ – стилистикалық фигура. Өлеңдерiнде кездесетiн ақынның ой-пiкiр өзгертушiлiгi.
Болыстық салды жаман ой
«Ғылымды әзiр қума, қой,
Ұлықтық деген үлкен той», – деп осыған.
Ашылмас кесел болды бұл,
Iздеген ғылым қалды құл,
Азат басым болды құл,
Ерiксiз жемтiк шоқыдым.
Шәкәрiм
20. Аппликация /лат. Applicatio, сөзбе – сөз қоса тiркеу/ – стилистикалық тәсiл. Көркем шығарма мәтiнiне көпшiлiкке белгiсi /мақал-мәтел т.б./ сөз саптауларды тiкелей не өзгертiп қолдану.
«Кедейдiң ақылы жоқ мәңгi» деген,
Растыққа бай сөзiн дарытпады.
«Малға бас, бай баласы кеше» деген
Асанның мақал сөзiн анықтады.
Сұлтанмахмұт
Контаминацияны қара.
21. Аритмия /гр. ырғақ бұзылуы/ – өлең ырғағын ақынның не әдейiлеп, не байқамай бұзып алушылығы.
Нұрлы бейнең таңдай жарқын,
Арманысың қандай жанның.
Шынарым-ай,
Сен, мөлдiрсiң, еркем,
Тау бұлағындай.
Мұхтар Шаханов
22. Ассосанс / – дауыстылардың үндесуi.
Ұқпайсың өз сөзiңнен басқа фран. Assonance – үндестiк/ сөздi,
Өзiмдiкi дей алмай өз малыңды.
Өздерiңдi түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң ендi өз ырқың.
Абай
23. Астетизм /гр. қалжың/ – антифразистi қара.
24. Афоризм /грек сөзi/ – қанатты сөз деген мағына бередi.
Күнәдан адам қорықса,
Кiсi ақысын жемейдi.
Сұлтанмахмұт
Құдайдың құдiретiнен оза алмайсың,
Қолыңды жетпес жерге соза алмайсың.
Мәшһүр-Жүсiп
Биiктi десе аласа,
Жалғанды шыңға баласа.
Шәкәрiм
Қ.Өмiрәлиевтiң «Абай афоризмi» деген құнды еңбегiн қара.
25. Дискрипто /лат. Сипаттау, суреттеу деген сөз/ – табиғатты, жағдайы, тұрмысты т.б. суреттейтiн қосалқы стилистикалық тәсiл. Оқиғаға тiкелей қатысы жоқ нәрселердi сипаттау ретрацияны қара.
26. Диссонанс /фр. dissonance, лат, негiзi dissono – бiркелкi дыбысталмау/ – жүйесiз ұйқасқа құрылған поэтикалық тәсiл. Екпiн түсетiн тiлдерде көбiрек көрiнiс табады.
27. Дыбыстық қайталау – эвфониялық тәсiл, тармақ iшiлiк, шумақ iшiлiк бiрдей не ұқсас дыбыстардың қайталану. Эпифораны қара.
28. Дыбыстық метафра. Тимошевский енгiзген термин. Поэтикалық этимологияны қара.
З
29. Зевгма /гр. байланыс/ – стилистикалық тәсiл. Өлең құрамының бiр құрамдас баяндауыштардан түзiлуi.
Қимылда, тiл, қимылда,
Жорғала, тiл, жорғала,
Сорғала, тiл, сорғала,
Тақылда, тiл, тақылда,…
I.Жансүгiров
И
30. Изоклон /грек «мүшелi»/ – стилистикалық фигура. Изоклон аралас сөйлемдердегi сөз табылық параллельдi орналасу амалы.
Аспан көркем көрiнер күнiменен,
Ай да көркем көрiнер түңiменен,
Әйел көркем көрiнер ерiменен,
Басшы көркем көрiнер елiменен,
Елi көркем көрiнер жерiменен,
Жерi көркем көрiнер егiнменен.
К.Әзiрбаев

31. Ирония /гр. жеңiл, әжуа, кекету/ –
1) стилистикада жеңiл, әжуа, кейде антифразис деп те аталады.
Менiңше, сендей кеще молда болмас,
Тар кеуде, шымшық басқа оқу қонбас.
Берген перде бұзады – сол үшiн ғой,
Дәл сенi шын мақтаса, молда оңбас.
С.Торайғыров
2) Романтикалық ирония Сұлтанмахмұтта, С.Дөнентаевта өте көп кездеседi.
Таласпа, жаным-ау,
Қолыңнан келмеске.
Боларсың бақадай
Көп түссең егеске
Абай
К
32. Каламбурлы ұйқас /фр. тiлiнен аударғанда – сөз ойнату/ сөздi ойнатуға болатын омоним сөздермен тiркестерге құрылған ұйқас түрi.
Ақшамда жаққаның
Көк шам ба, ақ шам ба?
Мейлiң қайсын жақсаң да.
немесе,
Ақсатса жақсы атты
Кiм болар жақсы атты?!
М.Әлiмбаев
33. Климакс /гр. саты/ – градцияның бiр түрi боп саналатын стилистикалық фигура сөйлемдегi /өлеңдегi/ сөздердiң түйдектелiп мағыналық әселеуi.
Туған жерiм –
Сен бар жерде тiрiмiн.
Туған жерiм –
Сен жоқ жерде өлiмiн.
С.Мәуленов
34. Контиминация /лат. Шектеу, жалғасу/ 1/ басқа туындыдан оқиға, не өлең жолдарын пайдалану.
Еңлiк-Кебек зиратына.
«Тым болмаса аяңдар, – деп сәбидi!»-
Әулиедей ақбас шашын – шал идi.
Тыңдамады қарақшылар зар – күйдi,
Жiбiмедi қарақшылар қанқұйлы.
С.Мәуленов
2/ екi сөздiң қосындысы.
Ақшуақ болып аспаннан,
Құйылды жерге күлкiлер.
С.Мәуленов
Қ
35. Қайшы теңеу – теңеудiң ерекше түрi. Екi нәрсенi теңеуде қайшылықпен балау.
Л
36. Лирикалық шегiнiс – композициялық-стилистикалық тәсiл. Көркем проза мен поэзияда жиi қолданылады. Кейде сюжетке сай, кейде онымен байланыссыз болып келедi. Лирикалық шегiнiстiң екi түрi бар:
1) Сюжеттiң дамуын (өрiстеуiн) бәсеңдетедi;
2) Ортақ тақырыпқа не тiкелей, не жанама түрде өз ойын бiлдiру амалы.
37. Литото /гр. қарапайымдылық деген сөзi/ 1/ стилистикалық фигура ретiнде белгiлi бiр ұғымды қарама-қайшы мағынада жоққа шығарады. Ауызекi сөйлеу мен прозада: «Ол ақылды» деудiң орнына ол милау емес немесе ол ақылсыз емес деп қолдануға болады.
2/ затты кiшiрейте суреттеп көрсететiн стилистикалық фигура, басқаша атауы – керi гипербола.
Сонда маған көрiнер,
Шабақтай боп жайыны.
Сүңгiп қашқан қасқалдақ,
Сүңгуiр жау қайығы.
Қ.Бекхожин
38. Логориф /гр. сөз тармағы/ – стилистикалық тәсiл. Ақын өз өлеңiне арнайы iрiктеп алған сөздерiнiң дыбыстарын /әрiптерiн/ ары қарай азайтып қолданады. Ежелгi римдегi литографиялық сөз саптауға көз жiберелiк: «Amore, more, ore, re, sis mini amicus /махаббатпен, мiнезбен, дұғамен, iсiңмен маған дос бол/».
Екiншi жолы сөз ойнату (таңсәрi, сәрi, әрi, әр. т.т.)
Бұ мал –
Бұлан
Бұл аң деме. М.Әлiмбаев
39. Локальдi амал /лат. жергiлiктi/ – поэзияда эпитеттi, теңеудi және метафраны тақырыпқа сай ұлттық нақышта қолдану.
1) Ет жүрегiң түскендей-ақ бiр аунап,
Көргенiңде көз кетедi тұмандап
Гете туған, Гейне туған сол жерде
Кiм ақынды ұстады екен бұғаулап ?! С.Мәуленов
2) Жылқыша изеп басын ақылдасқан
Бiреудiң адасуын бiреу құттап,
«Пәлi, – деп, – бәрекелдi!» – мақұлдасқан
Мәшһүр-Жүсiп
М
40. Месостих /гр. өлең ортасында орналасқан/ – тармақ iшiндегi сөздердiң ұшырасуында не есiм, не географиялық атау оқылуына құрылған өлеңнiң ерекше түрi.
Выслушай мой ВопРОС СИЯющая императрица…
Сабакина ХIХ век.
Бiз қазақ ақындарынан мысал кезiктiре алмай, амалсыз орыс ақынының өлеңiне жүгiндiк.
41. Метаграмма /гр. белгi, әрiп арқылы (-1) өлеңдiк жұмбақ мыс:
им – Рим – грим
өзi – көзi
көзi – өзi /күн/
М.Әлiмбаев
2) Бастапқы буынның немесе бастапқы әрiптердiң орын ауысып орналасуы
Жақсы атты
Әп-сәтте Асқаттар
Ақсатты
Ақсатты,
Тоқсатты,
Жаза алмай бас қатты.
42. Метафора /гр. ауыстыру/ – әдебиеттегi негiзгi троптың бiрi. Ұқсас құбылыс пен затты бiрiнiң орнына, бiрiн алмастыра қолдану.
Академик Жұмалиев: Бес түрлi жолмен жасалады дейдi // «Абай поэзиясының тiлi» еңбегiнде. Бiз соның бiразына қысқаша тоқталайық:
а) Жiктелген сөз.
Ой, мен қарағайға қарсы бiткен бұтақпын,
Балталаса да айырылман.
Ақтамбердi жырау
ә) Тәуелденген сөз.
Сен әлi күн нұрысың шашылмаған,
Сен әлi жер гүлiсiң ашылмаған.
С.Мәуленов
б) – едiм, едiң, едi, екен, ем, ең көмекшi етiстiктердiң көмегiмен жасалады.
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киiктiң лағы ем.
Тiрi қалдым, өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың Абай
Аллегорияны қара.
43. Метонимия /гр. алмастыру/ – көп тараған троп түрi. Сөз бен түсiнiктi олармен байланысы бар ұғыммен ауыстыру.
Кимешектер кiтап оқып,
Малма тымақ мылтық алды.
Жалба шекпен жауға аттанды.
Жер түрленiп ел шаттанды.
I.Жансүгiров
44. Мотто /итал. Motto – кекесiн/ – кекесiн сөздер, итiл безеу.
«Жаман болып не керек тiрi болып,
Тiрi жүрген жаманның бiрi болып»
Сүйретiлген сүлдердiң несi жақсы,
Арың арзан, ұятың сiрi болып.

* * *
Тiрлiгiңнен бередi әрең хабар
Анда-санда күркiлдеп жөтелгенiң.
Ә.Тәжiбаев
О
45. Оксиморн /гр. тапқырда – ақылсыз/ – стилистикалық фигура. Оксиморн ерекше стильдiк айшықтау түрi ретiнде қарсы мағыналы сөздердi қабыстыра қолдануда пайдаланады.
Қазақ әдебиетiнде Мәшһүр-Жүсiпте заһарсыз у, шекерсiз бал: Шәкәрiмде «Азат басың болсын құл» т.т.
Ауызекi сөйлеуде адал ұры, еркiн құл т.т.
46. Омонимдiк ұйқас /гр. бiрдей аталу/ – каламбурлы ұйқас.
П
47. Палиндром, полиндромон /гр. керi жылжу/ – сөздi керi оқу. Тiлiмiздегi п қазақ, қызық, қырық т.б.
48. Параллелизм /гр. қатар жүрушi/ – композициялық тәсiл. Өлеңнiң екi-үш элементiнiң құрылымдық байланысы. Параллелизм аралас фразада, өлеңде, ұйқаста параллель орналасу арқылы ой жалпылығын бiлдiредi.
Үш түрi кездеседi: Синтаксистiк п, ұйқастық п, шумақтық п.
а) Синтаксистiк п (егiздеу)
Жақсы да келер бұ кепке,
Жаман да келер бұ кепке,
Түгел iс қойып болмас бiр кепке.
Шәлгез
ә) шумақтық п (егiздеу)
Құйшы, досым, күтпейiкшi тамақты,
Тартып-тартып алайықшы шарапты.
Көңiлiмiздiң тозаңы бiр басылсын,
Көзiмiздiң кiрбiңi бiр ашылсын.
Құйшы, досым, күңгiрт ойлар серпiлсiн,
Кеудемiзде аласапыран сол тынсын.
Қуанышым қыранша бiр сiлкiнсiн,
Тұман ойлар тұманша бiр жыртылсын.
Ә.Тәжiбаев
б) ұйқастық п (егiздеу)
Аспанды бұлт құрсайды –
Күн жауарға ұқсайды.
Көлдерде қулар шулайды –
Көкшiлден ол айуан
Соққы жегенге ұқсайды.
Шалгез жырау
49. Парцелляция /итал. parcella – бөлiк/ – стилистикалық тәсiл. Өлең шығармаларда фразаны бөлiкке, не жеке сөздерге жiлiктеп қолдану. Парцелляцияға ұшыраған сөз не нүктемен, не леп белгiсiмен жазылады.
Бiрдей бас, –
Аттап!
Жұп жазба! –
Сап-сап!
Нықтап бас, –
Тап-тап,
Тап-тап.
С.Сейфуллин
50. Перифраз /гр. қайта айту/ – 1) стилистикалық тәсiл. Сөз бен сөз тiркесiн сипаттама сөз қолданысында ауыстыра жырлау.
Жан екен бұл етiкшi құдай берген.
Құдайға қылған iсi ұнай берген.
Болса да малдан кедей, бастан шағын,
Барына ырзамын деп шыдай берген.
Бұл қызды құдай бұған қалай берген,
Сұлу қыз шашып талдай тарай келген
Ән менен егiз туып анасынан,
Бұл жұрттың думанына жарай келген.
«Майра» Ә.Тәжiбаев
2) Белгiлi әдеби туындының формасы негiзiнде қайыра шығарма тудыру.
О.Әубәкiров «Бойдақтар жыры»
Қозы болып не керек Баян болып,
Әңгiмемiз ел-жұртқа аян болып.
Ә.Тәжiбаев «Iтiң-iштiң, iштiң кеп»
Жаман болып не керек тiрi болып,
Тiрi жүрген жаманның бiрi болып.
51. Персонофикация /лат. жүз көрсетемiн/ – кейiптеу мен прозопопеяның терминдiк синонимi.
52. Плеоназм /гр. артықтық/ – көп сөздiлiк, сөйлемдегi басы артық анықтауыш сөз, кейде стилистикалық фигура ретiнде де қолданылады.
Келедi ертең жарқырап күндей жаңа адам,
Келедi бiзге – қуаныш шаттық көтерiп.
Ә.Тәжiбаев
Менiң әкемнiң кескiн-түрiн бiлмеймiн,
Ешбiр сырын бiлмеймiн.
М.Әлiмбаев
Қас дұшпанға қару жұмсап,
Атқан сайлап өлеңдi оқтай.
С.Мәуленов
Синонимиямен салыстыр.
53. Поэтикалық этимология /Г.Винокур енгiзген термин/ – екi не үш дыбыстық параллелизм. Томашевский дыбыстық метафора дегендi қолданған.
Шағаладай шаңқай түс,
Жатыр ерiп, жазғы аспан.
С.Мәуленов
Каламбурлы ұйқаспен салыстыр.
54. Прозопопея /гр. түр көрсету/ немесе кейiптеу – стилистикалық фигура. Жан-жануар мен заттарды адам кейпiнде сомдау.
Орман тұр жапырағын бүркенiп,
Сәждеге маңдайын қоярдай.
Амалсыз тағдырға тұр көнiп,
Жатыр жер сiлкiнтер оянбай.
Тұршы, жел, ұйқыңнан, қозғалшы,
Шулатшы орманды сiлкумен,
Жосылта тағы бiр айдашы.
Шаңдарды, бұлттарды iркiлген!!
Ә.Тәжiбаев
55. Прономинация /лат. орнына айтамын/ – метонимияның бiр түрi.
Судыр Ахмет – өтiрiкшi, Қарабай – сараң, Қара қатын – өсекшi т.б.
Антонимиямен салыстыр.
56. Пуант /фр. өткiр, өткiрлiк/ – стилистикалық тәсiл.
1) Анекдот пен мысалдың, эпиграмманың өткiрлiкпен тауып айтылуы.
Iрiмшiк жерге салп еттi.
Iс бiттi, қу кеттi.
Абай
2) Сюжеттiң аяқ астынан шешiлуi
(қолын созып)
Мiне қолым,
Қош болыңдар, достарым!
«Монологтар» Ә.Тәжiбаев
3) Қанатты сөзбен аяқ астынан жасалған түйiндеу.
Абай ата,
Қол ұшын бер,
Демеу бер.
Бiлесiз бе,
Бiз туралы не деуде ел?..
Болмысымыз күннен-күнге жаңарып,
Күннен-күнге ескiруде теңеулер!…
Ж.Әбдiрашев
Р
57. Реминисценция /лат. еске алу/ – әдейiлеп, не байқамай таныс шығармадағы сөз бен образды поэзияда қолдану.
Прощай, немытая Россия
М.Лермонтов
Қош бол, Қарқаралы, жуылмаған.
А.Байтұрсынұлы
Реминисценция автореминисценция немесе вариант түрiнде де кездеседi.
Мәшһүр-Жүсiпте кездесуiнен мысал келтiрейiк.
Орысты бiздiң қазақ күндемейдi,
Үстiне басып өтсе, үндемейдi.
«Аямас әлi жетсе» – деген дейiн
Жұрт қылып түзулiкпен жөндемейдi.
«Хал – ахуал»
Орысты бiздiң қазақ күндемейдi,
Үстiне басып өтсе, үндемейдi.
«Аямас әлi жетсе» – деген дейiн
Жұрт қылып түзулiкпен жөндемейдi.
«Қара өлең»
58. Ретардация /лат. баяулату/ – тiкелей фабулалық баяндауды табиғат суретi, философиялық ой-толғау арқылы тежейтiн стилистикалық тәсiл.
Discripto, лирикалық шегiнiстi қара.
59. Рефрен /фр. – қайырма/ композициялық тәсiл. Өлең жолдарының шумақ соңында қайталануы.
Көрдiң бе жарын аурудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Көрдiң бе оның көкесiн,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
С.Мәуленов
С
60. Сақина /кольцо/ – композициялық -стилистикалық тәсiл. Тармақ (шумақ) соңында басқа сөздiң немесе жеке дыбыстың қайталануы.
1) Дыбыстық С.
Қан ұялап жанарына,
Қалшындамай кегiм қайнап.
С.Мәуленов
2) Лексикалық С.
Бiрде ол қатты соғады,
Соғады ол бiрде әлсiз.
С.Мәуленов
61. Силлепс /қабысу/ – бастауыш пен баяндауыштың арасындағы стилистикалық байланыс.
1. Бастауыш көпше түрде, баяндауыш жекеше;
2. Бастауыш жекеше түрде, баяндауыш көпше;
3. Есiмдiктен болған бастауыш III жақта, баяндауыш бұйрық райда;
4. Есiмдiктен болған бастауыш I, баяндауыш II жақ бұйрық райда болып кездеседi.
62. Симполка /гр. тұтасу, ұласу/ – аралас өлеңдердегi синтаксистiк параллелизм фигурасы /айшықтауы/ симполка ортасы өзгеше басы мен аяғы бiрдей, не ортасы бiрдей басы мен аяғы өзгеше немесе басы, ортасы бiрдей аяғы өзгеше болып келетiн өлең құрылысы.
Сары жапырақ – күздiң оты жанатын,
Сары жапырақ – күздiң күнi сары алтын.
С.Мәуленов
Жүйткидi, поезд, жүйткидi.
Жүйткидi, желдi тұлпардай. Н.Байғанин
63. Симфора /гр. қосарлануы, өзара байланыс/ – тура мағынадағы сөздiң /адам, зат, құбылыс/ ауыспалы мағынада жаңа қырынан көрсетiлуi. Жұмбақталу.
Саусақ батпас түтiктен.
Сандуғаш құс сайрайды.
/Сырнай/
М.Әлiмбаев
64. Синедоха /гр. байланыс, меңзеу/ – стилистикалық тәсiл. Бүтiннiң орнына бөлшегiн жұмсау. Көбiнесе қимылды бiлдiретiн метонимикалық қолданыстың түр ерекшелiгi.
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзесең,
Тәңiрiнiң үйi кебенi,
Сұлтан ием алдыңнан жасапты!!
Шәлгез
65. Синонимия – стилистикалық айналым. Мағыналас сөздердi өлеңге арқау ету әдiсi.
– Торламасын мұң қайғы,
Қалыпты анаң ауырып.
Кiм ауырып тұрмайды,
Кетер ертең сауығып.
С.Мәуленов
66. Солецизм – әдеби нормадан
/грамматикалық, морфологиялық/ ауытқудың сөз мағынасын бұзбауы.
Шаршаған адамның ажарын
Көре алман қиналмай iшiмнен.
Ә.Тәжiбаев
67. Сфрагида /гр. мөр/ – туындыгердiң өз өлеңiнде өз есiмiн қолдануы.
30-хикмет
Қожа Ахмет, хикмет айт жылап тыңда,
Жарандар ықыласына құлақ сал да.
Хас гауһар – ішкі асылын ұнатқанға,
Сырт баққан сырғаққа сөз бекер, достар.
Немесе 42 – хикметінде:
Құл Қожа Ахмет, кәріп бол, міскіндерден пікір біл,
Дәруіштікті дәріпте, өмір мәні зікір дүр.

* * *
Неге жала жабысты саған, Мәшһүр?!
Мойнына алмай жаланы ақталып көр!
Атқа сенсең қаларсың жерге қарап,
Қонатұғын жерiне ұмтыла жүр!
«Хаятмақшы» Мәшһүр-Жүсiп
Яссауи Сүлеймен Бақырғанидiң сопылық үрдiсiнде жиi кездесетiн С. Мәшһүр-Жүсiп ХIХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында өз атынан сөйлеуде осылайша жалғастырды.
68. Тавтограмма /гр. бiр ғана әрiп/ – өлеңдегi сөз ойнату. Өлең шумағының бiр ғана әрiптен басталуы.
Шалғыншы шалғында шалғысын шыққа шылады.
Шалғысын шалғында шалғышы шыққа шылады.
* * *
Қырғи қылғи-қылғи,
Құмығып қалды.
Құнықты,
Құмықты…
М.Әлiмбаев.
69. Тавтологиялық ұйқас /бiр ған сөз/ – ұйқас соңында бiр сөздердiң қолданылып отыруы.
– Балталы-Бағаналы ел аман бол!
Бақалы-Балдырғанды көл аман бол!
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу»
Бұрылса оң жағынан ет беретiн,
Бұрылса сол жағынан су беретiн
К.Әзiрбаев
Ф
70. Фигура /лат. бейне, сұлба/ – ерекше стилистикалық айналым, айшықтау. Ф. – троп, түйдектеу, анафора т.б. енедi.
Х
71. Хиазм /гр. хи әрпi [ x ] тәрiздi орналасу/ – стилистикалық фигура екi сөйлемде /тармақта/ кезе десетiн синтаксистiк параллелизм.
Сырдан өтiп, суырғытып,
Шудан өтiп, шүйiлтiп,
Iледен өтiп, орғытып,…
К.Әзiрбаев
Э
72. Эвфония /гр. әсем әуездiлiк/ – дыбыс әуездiлiгiн зерттейтiн поэтика саласы. Э. Отандық тұңғыш зерттеушi – С.Негимов. Әзiрге қазақ әдебиетiндегi осы салада аталған ғалым жазған жалғыз еңбек «Өлең өрiмi» ғана бар.
73. Эпистрофа /гр. айналу/ – стилистикалық фигура. Бiр сөйлемнiң шумақ тармақтарында қайталанып келуi.
Кiм жеңiстiң таңын күтсе,
Соғыста болды сол адам,
Кiм адал жарын күтсе –
Соғыста болды сол адам.
Қара қағаз – қаралы жылдарда, –
Өмiрден үзбей үмiтiн,
Мал басында, қырманда
Еңбек етсе күнi-түн –
Соғыста болды сол адам.
С.Мәуленов
74. Эпифора /гр. қайталану/ – стилистикалық фигура. Қабдолов анықтамасы: «Өлеңнiң әр жолының соңында немесе әрбiр не бiрнеше сөздердiң сан рет қайталанып отыруы», – деп берiлген /З.Қабдолов. Әдебиет теориясының негiздерi, 248-бет./
а) Жай қайталау
Көше, қона бiлмеген
Қонса, көше бiлмеген
ә) Басқы қайталаулар.
Ақ түс
Сүйемiн түскi тауды аппақ,
Сүйемiн қысқы қарды аппақ,
Сүйемiн өзен жарына
Сүйенiп тұрған талды аппақ,
Сүйемiн селдiр бұлтты аппақ,
Сүйемiн мөлдiр сүттi аппақ,
Сүйемiн аппақ көңiлдi
Ақ жанымен құттықтап.
1962. С.Мәуленов

б) Соңғы қайталаулар
XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар мұрасының көркемдiк ерекшелiгiн көп қарастырған ғалым Қабидолла Сыдиқов эпифораны сегiз түрге бөледi.
1. Нәрсе мен болмыстың қорытынды басты қасиетiнiң өлең жолы аяғында бiрнеше дүркiн қайталануы.
Осы бiр қара көздерде
Мейiрiм жылы күлкi бар.
Атылар кейбiр кездерде.
Ашу бар, аспан бұлты бар.
С.Мәуленов
2-3 түрi есiмшенiң «ар», «ер», «с» жұрнағымен «дүр» және «де» көмешкi етiстiктерiнен келетiн Э.Қ.
4. Риторикалық сұраумен келетiн Э.Қ.
Дөңгелеткен,
Түк бiлiмсiз күш пе екен?
Тiптi мiнсiз
Кемшiлiксiз
Естi қылған iс пе екен?
Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Шын жоғалып сөне ме?
Жоғары өрлеп,
Дене жөндеп
Және мен деп келе ме?
Шәкәрiм
5, 6, 7, 8 түрiне Қ.Сыдиқов сұрақ арнау, бұйрық, райлы, себеп-салдар, мақсат-шарт, санамалап баяндау түрiндегi Э.Қ. деп жiлiктейдi. Сонысының мысалын келтiрсек:
Тегiмдi менiң сұрасаң,
Қалың Найман нуынан
Сөзiмдi менiң сұрасаң,
Сары алтынның буынан…
Дулат Бабатайұлы

Алдыңғы «
Келесі »