Қазақ этнопедагогикасының ғылым ретінде қалыптасуы және дамуы

  • 30.04.2019
  • 202 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серғазы Қалиұлы,
педагогика ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің професры

Адам баласы дүниеге келген күннен бастап өз ұрпағын өмірге, еңбекке икемдеп, тәрбиелеп келгені көпке аян. Бүгінгі қалыптасқан белгілі ғылыми-теориялық заңдары бар педагогика ғылымы өмірге келгенше де адамзат тәрбие ісімен айналысып бақты. Оның қағазға жазылып түспеген, бірақ, халық жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл-ақыл, өсиет-өнеге, қағида болып тарап келген білім-білік, тәлім-тәрбие беру тағылымдары бар. Ол халықтық педагогика деп аталады.
Халықтық педагогика салт-дәстүр, жол-жора, ырымдар, тағам дайындау, қонақ күту рәсімдері мен ауыз әдебиеті үлгілері, ұлттық ою-өрнек, өнер түрлері, спорт ойындары арқылы отбасылық тәрбиеден басталып, ауыл-аймақ, ел-жұрт, ру-тайпа, қала берді бүкіл халықтық қарым-қатынастан берік орын алған тәлім-тәрбиенің түрі, адам мінезін, іс-әрекетін қалыптастырудың белгілі нормасы болып табылады. Олай болса, халық педагогикасы қоғам дамуының (алғашқы қоғамнан бастап) белгілі сатыларынан өтіп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесінің бастау бұлағы, педагогиканың алғашқы құралы және тәрбие жүйесі қызметін атқарып келгенін байқаймыз. Яғни, осыдан келіп ғылыми педагогика мен халықтық педагогиканың тәрбие тәсілдеріндегі сабақтастығы, принциптік-идеялық үндестігі туындайды.
Бүгінгі әлемдік аренаға жеткен ғылыми педагогика халықтық педагогикадан бастау алып, оны ғылыми теориялар мен қағидалар тұрғысынан жан-жақты зерттеп қарастырып, өз қажетіне жаратты. Осы қажеттіліктен келіп халықтың эмпирикалық тәжірибесіне негізделген ұрпақ тәрбиелеу тағылымдары халықтық педагогиканы ой елегінен өткізіп зерттеп, тәрбие мен оқу ісінің өзекті құралы етудің жолдарын және оның шығу, даму кезеңдерінің өзіндік ерекшеліктерін, басқа ғылымдармен байланысын зерттейтін педагогиканың бір саласы этнопедагогика пайда болды. Бұл жөнінде тұңғыш анықтама беріп, термин ретінде ғылыми педагогикаға енгізуші көрнекті ғалым Г.Н.Волков болды. Ол өзінің «Этнопедагогика» атты еңбегінде халықтық педагогика мен этнопедагогика ұғымының айырмашылығын, зерттеу объектісі мен мазмұнын ашып көрсетті.
Г.Волковтың пікірінше, халықтық педагогиканың ерекшелігі: оның адам баласының дүниеге келген күнінен бастап бірге жасасып келуінде, еңбек тәрбиесінің алғашқы адамдар өмірінде басты рөл атқарғаны, тәрбиенің басқа түрлерінің кейін туғандығы, халықтың тәрбие жөніндегі қағидаларының өмірлік тәжірибеге негізделген эмпирикалық білім болып келуі, оның ұлттар мен ұлыстардың жазу мәдениеті шықпай тұрған кезінде пайда болып, халық арасында ауызша таралуы, сондықтан да, оны шығарушы авторларының аты-жөнінің халық жадында сақталмай бүкіл халықтық мұраға айналып кетуі, халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі озық тәжірибелері мен ой-түйіндерінің сол халықтың ой-тілегімен, арманымен ұштасып келгендіктен, озық үлгілерінің мәңгі сақталып, ал, тозығының біртіндеп тәрбие жүйесінен шығып қалуы, халық педагогикасы өнерге, еңбекке негізделгендіктен, үнемі жетілдіру, ұшталу үстінде болуы, сондай-ақ халық педагогикасының ғылыми жүйеге, теорияларға құрылмай, жекебастық тәрбиенің озық үлгілеріне және оның нәтижесіне құрылуы, тәрбие тәжірибесінің ғасырлар бойы жалғасып, үзілмей келуі (преемственность), алғашқы тәрбие түрлерінің қоғамда бөлінбей, синкретті тұтас түрінде берілуі (мысалы, қолөнер, би, музыка өнерлерінде ой еңбегі мен дене еңбегі, ақыл-ой тәрбиесі мен еңбек тәрбиесінің бірге ұштасып келуінде) деп саралай көрсете келеді де, «халық педагогикасы ру, тайпа, ұлттар мен ұлыстардың ұрпақты тәрбиелеу тәжірибесіне негізделген, халықтық тәрбие құралдары (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын түрлері, ауыз әдебиеті үлгілері) арқылы іске асыруға құрылса, ал, этнопедагогика теориялық ойларға, ғылымға негізделеді. Ол халықтың этнографиялық салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін педагогикалық, логикалық ғылыми ойлау жүйесі тұрғысынан зерттеп қарастырады. Яғни, халық педагогикасы ғылымға шикі материал даярлаушы мәліметтер көзі болып табылса, сөйтіп педагогика ғылымына қызмет етушінің рөлін атқарса, ал, этнопедагогика халықтың бала тәрбиелеу тәжірибесін, педагогикалық мәдениетін зерттеп, оның прогрессивтік үлгілерін бүгінгі оқу-тәрбие ісіне жаратудың жолдарын ғылыми тұрғыда қарастырады» (Г.Н.Волков, «Этнопедагогика», Чебоксары. 1974, стр.7),- дейді.
Халық педагогикасында тәрбие мәселесі бірінші орынға қойылып келеді. Ол заңды да еді. Себебі, халық педагогикасы ғылым мен мәдениеттің дамып жетілмеген кезінде пайда болғандықтан, тәрбиені еңбек пен өнерге, оның ішінде қолөнерге негіздей жүргізуді уағыздады. Бертін келе оқу-білім дамып, ғылым мен техника өрістей бастаған кезде, XVII ғ. славян педагогы Я.А.Коменский өзінің атақты «Ұлы дидактика», «Ағайынды чехтарды тәрбиелеу» атты еңбектерінде тұңғыш білім беру ісі мен тәрбие ісін біртұтас процесс деп қарау тенденциясын ұсынды.
Тәрбие әлеуметтік процесс, ал, адамның жеке басының өсіп, жетілуі, дамып, қалыптасуы – ол әрі әлеуметтік, әрі биологиялық процесс. Осы ерекшеліктен келіп, педагогикада қоғамтану мәліметтерін жаратылыстану мәліметтерімен кіріктіре қарастыру қажеттігі пайда болды. Оның себебі педагогика адам тәрбиесінің қажетін өтеуші, қоғамдық сұранысты іске асырушының рөлін атқарушы болып отыр. Ал педагогиканың жеке басты (индивидуумды) тәрбиелеп жетілдірудегі іс-әрекеті оқу-тәрбие орындары арқылы іске асырылады.
Адам тәрбиесінде білімнің теориялық жақтарының шешуші рөл атқарғанымен, оны (теорияны) жеке басты оқытып, тәрбиелеп, жетілдіруге пайдалану үшін тәжірибеде қолданудың әдіс-тәсілдері керек. Міне, осыдан келіп, теория мен тәжірибенің (оқытудың) байланысы, оны іске асырудың жолдарын қарастыратын педагогика ғылымының бір саласы – оқытудың методикалық қажеттігі туындайды.
Білім беру мен тәрбие ісінің теориялары өмір тәжірибесімен тығыз ұштасқанда ғана адам қажетін толық өтей алады. Ғылыми теориялар тәжірибеге негізделмесе, ол тиянақты ғылым болмайтыны сөзсіз.
Өткен ғасырдағы педагогика тарихына көз жіберсек, ұжымдық педагогикалық тәрбиенің мәні мен маңызына, халықтық тәрбие жөніндегі данышпандық ой-тұжырымдарына әл-Фараби, ибн-Сина, Фердоуси, Омар Хайям, Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, К.Д.Ушинский, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов, Л.Н.Толстой, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев сияқты ойшыл-оқымысты ғалымдардың бірде-бірі көңіл бөлмей өткен емес. Олар халықтың бала тәрбиелеудегі тәжірибесінің, педагогикалық ойларының прогрессивтік жақтарына ерекше мән беріп, халықтық тәрбиенің негіздеріне ғылыми талдаулар жасады.
Этнопедагогика ғылымы орыс, батыс елдерінде XVII-XVIII ғ. бастап қолға алынған болса, қазақ этнопедагогикасының зерттелу жайын және оның ғылым ретінде қалыптасу тарихын сөз етсек, оны үш кезеңге бөліп қарастырамыз.
Бірінші XIX ғ. екінші жартысында өмір сүріп, қазақтың ұлттық тәлімгерлік ой-пікірлері мен салт-дәстүрлері жайында тұңғыш зерттеу еңбектерін жазған Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты демократ, ағартушылары мен орыс, батыс саяхатшы, этнограф ғалымдарының (Э.С.Вульфсон, П.С.Паллас, А.Вамбери, А.Левшин, В.Радлов, А.Янушкевич, Н.Г.Потанин, Н.Л.Зеланд т.б.) қолжазбалары десек, екінші XX ғ. алғашқы 20-30 жылдарында бұл істі ғылыми тұрғыда арнайы қарастырып, сөз еткен Ә.Диваев, А.Байтұрсынов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, Х.Досмұхамедов, М.Дулатов, Н.Құлжанова, М.Әуезов, т.б. болды. Үшінші кезең 40-50 жылдық үрдістен кейін, 1970-80 жж. қазақ этнопедагогикасын зерттеу ісі қайта қолға алынып жандана бастады. Бұл кезеңде М.Ғабдуллиннің, Қ.Бержановтың, М.Әлімбаевтің, Ш.Ахметовтің, А.Көбесовтің, Қ.Жарықбаевтың, С.Қалиевтың, Қ.Сейталиевтың, Ә.Табылдиевтың, т.б. баспа арқылы жарық көрген зерттеу еңбектерін ілтипатпен атауға болады. Әсіресе, Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін (1991-2001 жж. арасында) этнопедагогиканың мәселелеріне арналған он докторлық, елуге тарта кандидаттық диссертациялар қорғалды.
Қорыта келгенде, айтарымыз, қазақ этнопедагогика ғылымы Шоқан, Ыбырай, Абай, Сұлтанмахмұттардан басталып, Ә.Диваев, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Н.Құлжанова, М.Әуезов еңбектерімен жалғасын тауып, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтар арқылы ғылыми жүйе ретінде қорытылып, белгілі бір ізге келтірілген ғылыми педагогиканың құрамдас бөлігі деп қараймыз.
50-70 жж. қайта жаңарған қазақ этнопедагогикасына Қ.Бержанов, М.Ғабдуллин, М.Әлімбаев, Б.Адамбаев, Қ.Жарықбаевтар келіп қосылып, бірнеше монографиялық еңбектер жазды.
80-90 жж. олардың қатары С.Қалиев, Ә.Табылдиев, Қ.Сейталиев, С.Ұзақбаева, М.Балтабаев, К.Бөлеевтермен толықты.
2000 ж. басында этнопедагогикалық зерттеушілер қатары К.Жантөриева, М.Құрсабаев, С.Сеңкібаевтармен толысып, қазақ этнопедагогикасында зерттеушілердің белгілі бір шоғыры пайда болды. Олардың қазақ этнопедагогикасына қосқан қомақты үлестері туралы өз алдына жеке бір ғылыми еңбек жазу келешектің ісі болмақ.

Алдыңғы «
Келесі »